Өлеңдер ✍️
БЕЙНАЛА
Күн еңкейсе, көлеңкелер мүсіндей
Бой көтерер қызғылт дала төсінде.
Пенделердің жалғыздығын түсінбей
Фотосурет аңыраяр иесіне.
О, несіне... несіне мен егілдім,
Өткен шақтың елесімен көрісіп?
Мен әлемнен, әлем менен жеріді,
Жалғыздық пен жетімдіктің соры үшін.
Бір-ақ дауыс шығарғанда мың ауыз,
Бір қауыз да ашылмайды мың гүлден.
Бір-ақ сәтте тұңғиыққа құлармыз,
Жарылғанда жүректегі күмбірден.
Мұң өтінде жамау жөргек желбіреп,
Жетімдіктің сорын қосса әнге бір,
Жер-жаһанның жанарынан мөлдіреп
Бір-ақ тамшы тамар ма еді көрге бір...
Бір ақ жүрек мың жүректен безінді,
Бір-ақ тілек – тыныштықтың төсегі.
Бұлқыныс боп, күрсініс боп сезілді
Мың ауыздан шыққан дауыс кешегі!
Мың сәттердің қосындысы – өмір бұл,
Мың өкініш түйсік түбі өшеді.
Еске салма, еске салма, Тәңірім,
Маңдайдағы қасіретті бес елі!
Мың-сан сурет шеру жасап барады,
Түсім бе бұл, өңім бе бұл, кім білген?..
Мың жүректе сөздер жатыр жаралы,
Жалғыз қауыз ашылмады-ау мың гүлден...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter