Өлеңдер ✍️

  12.02.2022
  134


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ТОҚТАҒҰЛДЫҢ АНАСЫНЫҢ КӨРІСУІ

Өлкеге елім толсашы,
Өмір өтпес болсашы.
Қайран жанды қолменен,
Жасап алар болсашы!
Тоқтағұл
Тоқтағұл ақын сен едің,
Толғатқан анаң мен едім.
Омырауымнан беріп ем,
Ортаймас сүтін өлеңнің.
Толқысаң терең көл едің,
Тұңғышым – бұла өнерлім.
Тоғыз ай, тоғыз күн жүріп,
Толғатқан ұлым сен едің.
Даусыңды естіп қуандым,
Қайырмасындай ұлы əннің.
Шыққанда үні қомыздың,
Шырылдап жатып қуандың.
Бауырың бақша бел едің,
Байлығың елге берерің.
Басыңнан бұлт таймаған,
Батыр боп туған сен едің.
Бел емес, жатқан өр едің,
Берік бір қамал терегің.
Қайсарлығың қара тас,
Қасарысқан ер едің.
Өр емес, жатқан шың едің,
Өрбіткен қалың жыр елін.
Еменге біткен бұтақтың,
Иірі едің бір өзің.
Малдының бақтың түлігін,
Заманның көрдің шірігін.
Тектімен тексіз арбасты,
Сындырып жамбас, жілігін.
 Лай боп ақты тұнығың,
Қырғыздың көрді күні мұң.
Тыпыршып сонда сөйледің,
Тайбурыл болар құлыным...
Құртқаңда сенің болмады,
(Болғанмен жолың оңбады).
Қорқаулық көрдің қоғамнан,
Қомыз боп анаң толғанды.
Өн бойың толған талантқа,
Үн қосты біздің санатқа.
Шындықты айтқан жырларың
Шыбыртқы болды манапқа.
Сөзіңе болып құсалы,
Шеңгеліне алып қысады.
Шындықты айтқаның үшін,
Шынжыр боп байлап тұсады...
Наманганның түрмесі,
Əлегіңді алды күнде осы...
Өзіңді қолдап топтасты,
Қырғызың дағы жыр досы1
.
Осылай аман қалғансың,
Оспадарлығынан жалғанның.
Өлмеген соң жүрмін ғой,
Көтеріп Алла салғанын.
Таяғым менің майрылды,
Тағдырым болды қайғылы.
Тұяғың еді Топшыбай,
Топшысынан қайрылды.
Қанаты барда қаршыға,
Қанаттылардан қалмайды.
Топшысы кетсе тоғысай,
Тобына қаздың бармайды.

 Солай да солай сор басып,
(Сор басқанда мол басып).
Немеремнен айрылдым,
Жүре алман енді қолдасып.
Жүре алман енді қолдасып.
Жосылған алыс жол басып.
Топшыбай еді сенгенім,
Тұқыртты құдай сорлатып...
Айтарымды айтам ашына,
Қарамайды олар жасыма.
Тасқындап айтқан жырларың,
Тастүрме болды басыңа.
Қаралық айтып қаңырап,
Қарт анамменен аңырап.
Өзіңе қарғам қарап тұр,
Əкеңнен қалған шаңырақ.
Біреуге бүгін мал қайғы,
Ал біреуге жан қайғы.
Күлдіреуштер жабылып,
Көздерін сенен алмайды...
Ежелден елде сақтаған,
Еңбегі сіңіп ақталған.
Кереге менен киізде
Əкеңнің иісі сақталған.
Тұңғышым сенің үйің бұл,
Түрлентіп тартар күйің бұл.
Төріне өмір шығады,
Тоқтаусыз соққан құйын жыр.
Тоқтағұл деген ақын бұл,
Толғайтын жанға жақын жыр.
Тобышыңды жоқта енді,
Ақынға тəн ақыл бұл.
Арманым көп менің де,
Арманың көп сенің де.
Ұлыңның орнын басады,
Ұлы жырларың тегінде.




1 Тоқтағұл Сібірден айдаудан келіп, жалғыз ұлы Топшыбайдың өлгенін естиді
де, қайғырып, бай-манаптарға тілін безеп өлең шығарады. Бай-манаптар оны
Наманган түрмесіне қамайды. Қырғыз елі ақынын қорғап, ақша жинап, Тоқтағұлды абақтыдан босатып алады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу