Өлеңдер ✍️

  12.02.2022
  154


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ЕЛ ҰРАНЫ

(Дастан)
Бұл дастанымды Райымбек ауданының айтулы
тойына арнаймын.
Автор
Тербелер ұлы есіммен көлі, талы,
Бұлаққа да құраққа толы бағы.
Көтерген ұран қылып Райымбекті,
Албан мен Суан Ата елі мəңгі.
Би-исми-л-лаһи-р-рахмани-р-рахим!
Ойыма оралта гөр жыр асылын.
Оңтайлап алшысынан түсіре гөр,
Үйірем оңды-солды жыр асығын.
Би-исми-л-лаһи-р-рахмани-р-рахим!
Беу, Баба!
Аздық етпес мың ақылың.
Тайқиған тəйке жатыс керек емес.
Омпы ғып түсіре гөр жыр асығын.
Үйірдім!
Үйірдім мен жыр асығын,
Сүйеніш етіп қазақ жыра, шыңын.
«Райымбек! Райымбек!» деп жауға шапқан,
Зулаған шабысын бер құр атының.
Тигізбей маңдайға тас кесектерін,
Шабытын бер Қабан мен Көсептердің,
Сүйінбай, Жамбыл менен Құлманбеттер!
Қалдырма қаңқуына өсектердің.
Ойымды болашаққа жолдаймын мен,
Толғауға келдім қазір толғай күткен.
Шындығын айтар болсақ табиғаттың,
Шын бұлбұл бола алмайды торғай біткен.
Өткізген үйге түнеп, қырға түнеп,
Əр күнді салмақтаған бір ғасыр деп.
 Дастанын «Райымбек!...» Мұқағали,
Бітірмей кеткен маған жырласын деп.
Тегінде жетектеуге үйренбегем,
Өзіме құдай берген күймен келем.
Шығамын неде болса биігіме,
Өзімнің мақсұт еткен сүрлеуіммен.
«Əуп!» десең болды, Баба, балаңа сен
Жыр жазам дəптер қылып далама кең.
Жетісу өзен суын сия етіп,
Орманын желкілдеген қалам етем...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу