Өлеңдер ✍️

  08.02.2022
  182


Автор: Шәмшия Жұбатова

* * *

Жүрегімнен булығып ән шығарда,
Жаутаң қағып қарадым тамшыларға.
Ақ жаңбырдың мен-дағы күйін кешем,
Қара бұлттан аспаным аршыларда.
Ақ жаңбырдың мен-дағы күйін кешем,
Күнді де ұзақ көрмейсің үйімде сен.
Аспанымды тұрмасам бұлттан аршып,
Мен күлмес ем жадырап, сүйінбес ем.
Менің жаным-кептелген мұң бұлағы,
Булығумен жатады үн бұлағы.
Талы сынып жатқанда қарашаның,
Жел билеткен секілді жынды бағы.
Тазарамын аршылып бұлт басқанда,
Сыңғырлайды дауысы кілтті ашқанда.
Күркірегім келеді бұлт боп ұшып,
Ойнап қалып найзағай, жылт қашқанда.
Шырқап-шырқап дауысым қарлыққанда,
Арманымды айтамын барлық таңға.
Аппақ жұлдыз ұшады бауырын жазып,
Қара түннің қойнауы қарғытқанда.
 
Найзағайлар дауысымда соғысады,
Аппақ жалын тарайды, шоқ ұшады.
Менің әнім құс болып барады ұшып,
Межесіне жеткен жоқ көбісі әлі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу