07.02.2022
  204


Автор: Мұхтар Шерім

ТІРІДЕЙ ҰСТАҢДАР!

 


Қайдан қаңғып келгенін қайдам, рұхсатсыз кіріп кеткен егеуқұйрық қала әкімінің орындығы астында қақиып тұра қалды. Әкім бөлім бастықтарымен мәжіліс өткізіп жатқан, бір кезде жынды ғой деймін, ай-шай жоқ, тобығының үстінен қыршып тістеп алғаны! «Өлә-ә, бірдеңе тістеп алды!» дейтіндей, он бес жасар қыз емес, «О, шешеңнің! Бұл не пәле?» деп бұтының астына үңіле кететіндей ауылдың оспадар қазағы да емес, әкім ғой, әкім! Ауызы сәл ашылыңқырап, айқайлап отырғандағы аптығы басылыңқырап, бетіне кислота тамып кеткендей бозарып, орындығының астына үңілді. Үңілді де, астында албасты айран ішіп отырғандай, атып тұрды... Мәжіліске қатысып отырғандар да ұшып тұрысты. Әкім қайта отырды. Өзгелер де отырды. Әкім тағы ұшып тұрды. Өзгелер жағымпаздана орындарынан тұрысты.


--Сізге бірдеңе болды ма?—деп сұрады орынбасары.


--Не деген сұмдық!—деп айқай салды әкім,--бүгін менің қабылдауымда егеуқұйрық неге жүр?


--Егеуқұйрық дейді?


--Ол мұнда қандай мәселемен келіпті!


--Қаланы атжалмандар басып алды!


--Адамдарға шабуыл жасапты!


--Біздің қаланың санитарлық жағдайы осы енді...


Қала әкімі егеуқұйрықты бір тепті. Сол екен, мәжіліске қатысып отырғандар «бөтен қонақты» қуалай жөнелді. Әйелдер шыңғырып, столдың үстіне шығып кетті. Мәдениет бөлімінің бастығы Қатипаш ханымның қорыққаны соншалық, әкімді құшақтап алыпты.


--Сіз неғып тұрсыз?—деп сұрады әкім.


--Егеуқұйрықтан қашып...


--Егеуқұйрықты улап өлтіретін дәрі деп тұрсыз ба мені?


--Ой, кешіріңіз...


--Көмекші!—деп дауыстады әкім. Апыр-топырдың үстіне көмекші жігіт кірді.


--Шақырған екенсіз...


--Неге рұхсатсыз жібересіз?


--Кімді?


--Егеуқұйрықты!


--Кешіріңіз, олар сондай «наглый», менің кабинетімде ерлі-зайыптылары жүр...


--Қызметтен босатамын!


Ашуланған әкімнің өзі егеуқұйрықтың соңынан жүгірді. «Арыз-шағымдар» папкісімен ұрып өлтіргісі келеді, егеуқұйрық зымырап отырып, дәлізге шықты. Құрылыс бөлімінде қызмет істейтін әйел кетіп бара жатқан, соның бұтының арасынан зу ете қалды. Әкім әйелді қағып кете жаздап, алға ұмтылды. Орынбасары қуып жетіп, құлағына сыбырлады:


--Мыжбан Мәндірбаевич, сізге егеуқұйрық қуалауға болмайды... Ұят болады...


--Аяғыңды қыршып тістеп алса, көрер едім! Тірідей ұстау керек!


--Сізді танымай қалған ғой... Жаңадан келдіңіз...


--Былтыр қала егеуқұйрықтарын улап өлтіруге қанша қаржы бөлінді?


--Егеуқұйрықтарға жиналыс өткізіп, қаладан кетулерін өтінген болғанбыз...


--Сендер егеуқұйрықтан да жамансыңдар! Сендер атжалмансыңдар! Ішіп-жегендеріңе мәз боласыңдар! Мен сендерді құртамын! –деген әкімді «жедел жәрдем» дәрігерлері арқалап


 


әкетті. Көмекшісі де, орынбасары да егеуқұйрықты қуалап барады. Олар егеуқұйрықты емес, қызметтің құйрығын қуалап бара жатқан қулар ғой...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу