06.12.2021
  1101


Автор: Смағұл Елубай

Ақ боз үй

роман


...Қаратаудың басынан көш келеді,


Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді...


("Елім-ай")


ҚҰДЫҚ БАСЫНДА


1


Елсіз жым-жырт бос жатқан құла түз. Көз байланып, қараңғы үйіріле бастаған. Қадау-қадау қалқиған сирек бұталар. Ымырт көрпесін үстіне тартып, жай созылған кең сахара бейбіт ұйқыға бой ұсынған шақ. Төңіректі қоршап, қоймалжың ұйыған осынау тыныштықты сәл дір еткізе елеңдетіп, әлден уақытта әрегірек қалтарыстан сыңғыр етіп тұншығып қоңырау үні естілді. Түн ішінен құмығып талып жетті. Көп ұзамай қоңырау ашық сыңғырлап, жақындай берді. Түйелері шұбап тізіліп, түн ішінде келе жатқан керуен шалынды, Ауыр жүк тиелген атан, нарлар. Үнсіз жолаушылар. Түйе мойындарындағы жез қоңыраулар жүріске бір ырғақ тербеліп сыңғыр қағады. Шертпе күйдей жаяуқоңыр әуен таратады. Тыныш кештің шырқын бұзбай, қайта осынау бейуақ сәттің тылсым кейпіне әдемі үйлесіп жарасады...


Керуен көп ұзамай жолдан шықты. Құмсақ шағылға іркілді. Түйелерін шағын алаңға айналдыра шөгеріп, ортаға қапшық, қоржын жүктерін түсірді. Сілесі қатып шаршаған алты-жеті кісі аздасын бастарына қоржындарын жастады да, киімшең қалпымен қисая кетті. Жамбастары жерге тиісімен жолсоқты жолаушылардың талайы "қор" етті.


Жалғыз Әзбергеннің ғана көзі ілінбеді. Әзберген анау, басына шапанын бүркеп жатқан Пахраддиннің інісі. Пахраддин - бәйбішеден, бұл тоқалдан туған. Әзберген өмірге өлердей ызалы. Әсіресе, "байлардың күні батуға таяу" деген, кеше жәрмеңкеде есіткен әңгімеден кейін ызалы.


Ұйықтай алмай басын көтерді. Қараса Пахраддин орнынан тұрып кетіпті. Жұлдызы жайнаған түнгі аспан астында, анадай жерде теріс қарап сұлбасы қарауытып тұр. Иығында шапаны. Кешеден бері бір оңашасын күтіп жүр еді бұл. Тиісудің реті келді. Түрегеп, бұған сырт беріп түн өлкесіне назар жіберіп тұрған мол денелі Пахраддинге таяу барды. Шырт түкірді. Пахраддин сәл ығысып бұған көз қиығын тастады. Бірақ тіс жармады. Әзберген де біразға шейін қасақана үндемеді. Қабағы қарс жабылып, түн өлкесіне бұ да қарады. Ауызын ашса іштегі ашу-ыза лақ ететін түрі бар. Ақыры шыдамады, талағы тарс айрылды:


- Сенсің, - деді дүңк етіп. — Сен кінәлісің! Баяғыда-ақ көшу керек еді! Кету керек еді! Енді міне...


Әзберген сөзге жоқ, істің, қимылдың адамы. Одан ары қарай не дерін білмей тұтығып, булығып тұрып қалды. Пахраддин үндемеді. Күрсініп, теңселгендей болып тұрды да, ләм-мим деместен қарауытып жатқан жүктерге қарай бұрылып жүре берді. Шапанын бүркеніп жатып қалды.


Көп ұзамай шығыс жиекті бозартып Ай туды. Батыс аспанды сызып, зырқырап жалғыз жұлдыз ақты. Жусан арасында заржақ шегіртке шырылдайды.


Әзберген құмсақ үстінде шалқасынан жатып, түнгі көктей түбі жоқ терең ойға шомды. Жел жағында көлбеп жатқан салпы ерін сары атанның шайыр иісі танауға келіп тұр. Тіздеулі түйелер ұрттары бұлтыңдап "күрс-күрс" күйіс қайырады. Теріс қарап шапанын басына бүркеніп Пахраддин жатыр. Әзберген осы ағасын түсінбейді. Би деген аты бар. Анау жатқан Мажандай мың-мыңдап мал айдамағанмен дәулетсіз де емес. Үкімет дегенде үні шықпай қалады. Сөйтсем, мандайымнан сипар дей ме?! Түсінсе бұйырмасын. Өткен жылы ғана қолына мөр тиген ауылдағы етікші жаман Шәріптің алдыңда бүгежектейтінін қайтерсің.


Сол Шәріптің азу тісі біліне бастаған әнебір Шеге деген "күшігінің де" жон арқасынан тіліп алар ме еді, таспаны. Ойы осы жерге келгенде зығырданы қайнап кетті Әзбергеннің. Ойбай-ау, артына қарамай өзі, әлгі етікшінің баласын айтады, Хансұлудан дәмесі бар... Қап, қылуасы өтті-ау, жаман шіріктердің. Хансұлу - Әзбергеннің қарындасы. Пахраддиннің маңдайына біткен жалғыз қызы. Тал шыбықтай бұралып бойжетіп қалған бүгінде. Өзі сұлу десең сұлу, ерке десең ерке. Оған жаман Шәріптің анау шікірейген немесінің саусағы тиді дегенше бұл намыстан буынып өлер. Содан, алакеуең таңменен жалғыз керуен атан, нарлары алшаң басып, жез қоңыраулары сыңғыр қағып, тағы да жолға түсті. Алда ел бар. Бұлар айға жуық бетін көрмеген ел-жұрт, қатын-қалаш, бала-шаға бар.


Керуен салдыртып тартып келеді.


2


Күзекте отырған ауыл. Жер реңсіз. Шөбі тозған. Әсіресе, құдық маңы жалаңаштанып шаңы шығып жатыр.


Жаман торы атын жайдақ мініп, солай қарай Шеге келеді. Төңірегі азан-қазан; қой маңырап, ит үріп, бота боздаған кешкі ауылдың даңғаза тірлігі. Мал, адам сапырылысқан қарбалас кезі. Шеге соның біріне көңіл бөлмей ойланады. Ойланған сайын еңсесі ауырлай түседі. Бұ да қызық. Әліне қарамай армандағаны — Хансұлу. Күн, түн демей көксегені -сол қыз. Ау, сонда жалғыз Хансұлу дәмегөй қалың бозбаланың қайсы біріне жетеді? Не көп, осы елде қыз көп. Солардың біреуіне неге көңілі соқпайды? Хансұлуда несі бар? Несі бар, аспандағы Айға қол созып? Білмейді.


Құдық жақта шығыр тартып жатқандардың "Тарт!, "Қайт!" деген айқайы бөліп жіберді ойын. Еңсесін көтерді. Күн еңкейіп көкжиекке құлапты.


Құдыққа жақындай бере, Шеге түйесін суарьп жатқан құрдасы Ждақайды көріп мырс етті. Осы ауылдағы сырласатын жалғыз досы. Екеуінің мұңы бір. Ол да — ғашық. Жәрмеңкеге кеткен Мажанның ауылда қалған жас тоқалы Балқияға ғашық. Бұның "кеселі" — Хансұлу. Екеуінің басы қосылса болды "жырлайтындары" Балқия мен Хансұлу.


Шегені анадайдан көріп сойған түлкідей ыржиды Ждақай. Төртбақ келген, шымыр, тарғыл бет бала жігіт.


Ждақай Шегені бүйірден түртті.


— Қасқа бала, анаң қара! Ары жағыңа қара! - деді. Шеге бұрылып Ждақай нұсқаған жаққа қараса, құдықтың күншығыс қапталын орағытып, Қаракерін сылаң-сылаң желдіріп, Хансұлу өтіп барады екен. Басында үкісі бұлғақтаған кәмшат бөрік, үстінде -қырмызы қамзол. Аш белін түрмемен қынай байлаған. Күміс ер-тұрман батар күннің жалқын нұрына малынып жарқ-жұрқ етеді. Астындағы сыйда бой кер құнан да иесінің мәпелі жас сұлу екенін білетіндей, аяғын лып-лып билеп басады.


Қыздың мойыл көз, қайқы кірпік, сәл түрік ернін елестетіп Шеге күрсінді.


— Саспа! — деді Ждақай досын иықтан сілкіп. — Тұмсығын қанша көтергенмен сенен артық кімге барады? Айтқаным келмесе қара да тұр, қасқалдақ, түбінде сенікі болады!


— Ал Ждеке... енді сен қарашы мына жаққа!


Күн астында аяқ жолдың күміс шаңын шұбалаңдатып келе жатқан Балқияны көргеңде Ждақайдың реңі бұзылып қоя берді. Онсыз да тікірейген кірпі шашы одан бетер тікірейіп кетті. Табан астында тықыршып бүлінсін де қалсын... Шеге қиқылдап күлсін кеп. Ждақай, мұрын ұшы тершіп, қызарақтап:


— Қасқа бала, ешкімге айтпа, бүгін бір қызық көрсетем саған! — деді, әңгіменің бетін бұрып, құпия сыбырлап.


— Ол... неғылған қызық?


Ждақай сұқ саусағымен ернін басты. Көз қиығымен қауға алып тұрған Бұлышты нұсқады. Шеге түсіне қойды. Демек, "қызықтың" Бұлыш турасында болғаны.


3


Кешкі астарын ішіп, ауыл әлдеқашан жатып қалған. Көзге түртсе көргісіз қараңғы. Ай тумаған.


Ждақайдың "қызық көрсетеміне" елігіп Шегенің Мажан ауылының түйе шаңдағында отырғанына біраз болды. Төңірегінде дуадақтай-дуадақтай теңкиіп жатқан түйелер. Кебеже қарын кәрі маяның ық жақ тасасында отыр екеуі. Баққандары — осы тұсқа жақын Балқияның отауы. Томпиып, қарауытып тұрған отау үй.


Шолпысы сылдырап үйге кіріп-шығып күйбеңдеп жүріп, шамды өшіріп Балқия ақыры жатып қалған.


Ждақай Шегені бүйірден түртті.


— Көрдің бе, күткені бар, жалғыз жатты. Қасқа бала, қазір көресің қызықты! — деді.


Одан кейін де біраз уақыт өтті. Отау үй әлі жым-жырт. Мүлгіп тұр. Ауыл үсті монтаны тыныш. Ит екеш иттердің де жақтары қарысқан. Қора жақтан күйегі алынып қызу науқан кешкен қошқарлардың ғана арсы-гүрсі қимылдары байқалады. Әрегідік сатыр-сұтыр сүзісіп те қалады.


Ауылдың желке тұсынан байғыз шақырды. Сұңқылдап жаман ырым бастап тұр. Жолдары болса жарар еді. Жас тоқалдың есігін ашады деген Бұлыш аңшы әлі жоқ.


— Көп ұзамайды. Келеді Ай тумай, — деп кояды Ждақай сыбырлап, қос өркештің арасынан мойнын созып қарай түсіп. Қарындары қампиып көлбеп жатқан түйелер марғау мүлгіп күйіс қайырады. Түйе шайырының күлімсі иісі келеді.


— Сол көргеніңді айта отырсай, Ждеке, қарап отырғанша!— деді Шеге. Ждақай көрген "қызығын" айтып беруге ынғайланды.


— Сен өз көзіңмен көрсін деп едім, әлгі ағамыз келмей қасқитқанын қарашы... Жарайды, айтсам айтып берейін...


— деп иығын қомдап қойды Ждакай. — Шалы қалаға


кеткесін... мен қасқайып кеш түсісімен Балқияның есігін аңдитын болдым, — деп бастады әңгімесін Ждақай.


— Өйдәйт дерсің!


— Дәмем күшті. Күйеуі шал. Өзі болса жас, сылқым келіншек енді осындайда серілік жасамағанда, кашан жасайды деймін. Күн батысымен бүкеңдеп осында тартамын. Бірақ есікке жеткен жерде мені Құдай ұрып қасқаямын да қаламын. Жабық есікке қол тигізу мен үшін бір ақырзаман. Қолым дірілдеп, демім бітіп, құлағым шыңылдап, жүрегім тарсылдайды. Күні кеше, тағы да сөйтіп, қаскиып есік алдында тұрсам, қараң-құраң етіп түн жамылып біреу келеді. Зәрем ұшып кетті. Есік алдынан жалт бердім. Үйді айналып бұға қойдым.


...Бір кезде есімді жисам үй ішінен сыбыр-күбір естіледі.


— Бері... бері жүр! - деген Балқияның үні шықты. —


Байқа жолында құман тұр! - дейді.


— Жалғызсың ба? — дейді Бұлыш күңк етіп.


— Немене жалғыз болмай, байыммен жатыр дейсің бе?


— Тек! Бала-шаға жоқ па дегенім ғой.


— Зәрең ұшпай-ақ қойсын!


Сөйткенше, ағаш төсек сықыр-сықыр етті.Одан әрі жөнді ести алмадым. Сыбырласып кетті. Мен үйге құлағымды тақай түсемін. Тысырым сезіліп қалса керек:


— Шік-әй! Өй, мүйізің сынғыр! Шік! — деп айқайлады іштен Балқия. Мен тұра қаштым.


— Қап, қимылдамай отыра бермедің бе?!- деді Шеге, әңгіменің дәл ортасында үзіліп қалғанына өкініп. - Қасқа бала, Ай туып келеді...— деді Ждақай өрекпіп.—Енді Бұлыш өлсе келмейді.


— Не істейміз енді?.. Құрысын, қайтайык онда, - деді Шеге де өкініп.


— "Қайтқаны" несі, қасқалдақ! Екі сомадай жігіт тұрып...келіншек жалғыз жатқанда... — деп дүңк-дүңк етті Ждақай.


— Ендеше бар! Күтіп жатқан шығар... сені... — деді Шеге танауынан күліп.


— Барамын! Несі бар? — деп өз-өзіне дем бергендей қоқиланды Ждақай.


— Е, бар! Бар!


— Ал, кеттім! Біреу көрінсе белгі бер! — деп Ждақай түйенің тасасынан шықты. Бұқпақтап бүкең-бүкең желе түсті. Желе түсті де бұрылып Шегеге қарады. Шеге "жүре бер" дегендей қол сілтеді. Ждақай шыбын ұстайтын кісіше сақ басып бүкшеңдеп алға жылжыды. Мүлгіп тұрған отаудың есігіне де жетті. Бойын тіктеп қарауытып есік алдында іркілді.


Шеге де толқып Ждақайдың орнында бейне өзі тұрғандай жүрегі дүрсілдеп кетті.


Ждақай дыбыс берсе керек, көп күттірмей есік ашылды. Ждақай ішке зып берді. Болды бір қызық деді Шеге өзіне-өзі. Орнынан қалай тұрып кеткенін білмейді, бір кезде қараса, бұл да бүкеңдеп жабулы есікке қарай ұшып келеді екен. Үй сыртынан Ждақайдың қызығын тамашаламақ. Сөйткенше болған жоқ, үй ішінде тулақ сабағандай әлдене "таңқ" етті де, іле леген даңғырлап есіктен Ждақай атқып шықты. Атқып шығып бет алды тапырақтап ышқына қашты.


Шеге де ойланбастан өкше көтерді. Екеуі безіп барады сай жаққа қарай. Бұлардың дүрсіліне желідегі түйе үркіп өре түрегелді. Иттер шу етті.


Шеге Ждақайға қапталдаса беріп:


— Не болды, сорықайнаған?! — деді ырсылдап.


— Қасқайтты, бала, қаш! — деп басы қайқайып зымғап барады Ждақай.


Екеуі сол қашқан күйі ауыл іргесіндегі терең сайға бір-ақ құлады. Бұ кезде бүкіл ауыл иті атойласып соңдарына түскен еді.


Сайға құласымен екеуі де кейін қарап жер бауырлап жата қалды.


— Ждеке, не болды?


— Несін сұрайсың? Қасқайтты! — деп Ждақай "қиқ-қиқ" күліп жатыр. Шегенің қолын алып басын ұстатты. Шекесі шодырайып ісіп кетіпті.


— ... Құтты болсын алған сыйың! Ал, айт!


— Есікті ашты. Кірдім, — деді Ждақай екі иығынан


тыныстап. Балқия көйлекшең, жұпары аңқып тұрды алдымда. "Не керек?" деді. Дауысы қатқыл. Сасып қалдым.Сөзім божырап "Жеңеше, ойнайықшы!" деппін... Тізем қалтырап аяғын құшып отыра қалдым. Жүрегін жібітейін дегенім еді. Сол екен, жеңешем: "Қағынғыр, мә, саған ойнаған!" деп төбеме әлденемен "таңқ" еткізді. Қатты ұрды. Қолында оқтау бар екен. Көзімнің оты жарқ етті. Есікке қарай секірдім. Леген бе білмеймін, бір нәрсені басып кеттім. Сөйт-


кенше, жеңешем жауырынымның ортасынан оқтаумен тағы қонжитты. "Ойнаған деген осы!" деп. Табалдырықтан аттай бергенде басым маңдайшаға соғылып... Әй, қасқайдым-ау!..


Шеге жерді құшып иығы бүлкілдеп жатыр.


4


Таңертең шаң-шүң дауыстан оянды Шеге. Әкесі мен шешесі екен, шай үстінде кикілжіңдесіп отырған. Сол баяғы әдеттері. Шеге түк естігісі келмей, көрпемен басын қымтап алды. Бірақ дастарқан басындағы керіс үдемесе толастар емес.


— Гүлжан! Бар!— деді әкесі.— Бар, Пахраддиннің үйінен бір шақпақ қант сұрап әкел! Ертең базаршылар келгесін береміз.


Гүлжан осы үйдегі бес қыздың ең кенжесі. Шегенің қарындасы.


— Бармайды! - деді шешесі. - Әй, қыз, тырп етпе! Ауылнай болдым деп етік тігуге сен арланғаңда, ауылнайдың қатыны боп үй арасында шекер сұрауға біз де арланамыз. Бармайды.


— Әй, кіспүрыш, сен емес, бала алып келсін деп отырмын! — Әкесінің әдепкі шырыл дауысы шыға бастады.


— Бармайды! — деді шешесі. — "Өкімет кедейдікі" деп кеңірдегіңді күнде кергілейсің. Тырқ етсе байға қарай жүгіресің. Сонда, пәтуаң қайсы сенің өкімет болғандағы?


Шешесі қара торы келген ірі сүйекті, мінезі салмақты кісі еді. Қоңыр дауыспен айтқан сөзі де салмақты шықты.


Шеге ішінен күліп жатыр. Дәл осы қазір аузына ұтымды сөз түспей қалған әкесінің ашудан қызарып кеткен түрін, шақырайған көзін, едірейген жебесін елестетіп жатыр. "Шырылдауық Шәріп" деп жұрт әкесінің осы шапшаң мінезіне қарап атап кеткен.


— Әй, көргенсіз! — деп шаңқ етті, әлден уақытта әкесі.— Не оттап отырсың! Сұрасақ кедей болғасын сұраймыз да!Кедей болмасақ бізді кім қолдар еді?


— Жарылқағаны сонда анау бір мөр ме? Шала туған баладай керегеге іліп қойған? Не қайыр көрдік сол мөрден? Әкім болдым деп сен жүрсің шелтеңдеп. Кәсібіңді тастап. Қара су ішіп біз отырмыз. Байымыз мөр ұстады деп мәз болып. Сол мөріңді тістеп іш, ендеше, қанттың орнына!


Шеге мырс етті.


— Қысқарт! Көргенсіздің нәсілі! Тарт! Тарт тілінді мөрден!— деп шақ-шақ етті әкесі.


Балалар шу етті. Шеге төсегінен ыршып тұрды.


Ойлағандай-ақ әлжуаздау әкесі, қолында - қобди, шешесіне қарай шатынап ұмтылған екен. Шеге екеуінің арасына түсті.


Шеге тысқа шықты. Қатқылдау ызғырық жел бар еді сыртта. Күздің қарасуық таңы. Күншығыс жақ аспан сірескен бұлт. Күн шықса да көрінбей тұрған сияқты. Бүрсеңдеп өріске түйелерін қуалап жүрген әйелдер. Құдық жақта біреу шелегін даңғырлатып су алып жатыр. Оның ар жағыңда қабаққа тырмысып ақ тазысын ертіп жалғыз атты кетіп барады. Аңға бара жатқан Бұлыш еді ол. Кешегі Ждақайдың әңгімесі есіне түсіп, ауыл сыртына қарай беттей беріп, Шеге өзінен-өзі күлді.


Бұлыш — жалпақ елге аты шыққан аңшы. Жасы отызға келіп қалған сақа жігіт. Оны сүймегенде кімді сүйсін Балқия. Оның үстіне Бұлыш қазір бойдақ. Осыдан екі жыл бұрын әйелі өлген. Рас, кедей. Жалғызілікті жігіт. Үйі анау ауылдың арғы шетінде оқшау тұрған шәукиген құрым үй. Қартайған жалғыз шешесі бар.


Ақ тазы ерткен қара арғымақ атты Бұлыш түстік беттегі қарауытып жатқан көлденең жотадан әрі асып көрінбей кетті. Бағыты — Сарыбай құмы.


Осы Бұлыштай жігіт болса ғой Шеге... Көрер еді Хансұлудың қалай кекірейгенін. Шидем күпісінің өңірін қаусыра түсіп ауыл шетінде тұрып Шеге күрсінді. Мынау Шегенің жаман қоңыр үйі. Анау ауыл ортасында айдыны шығып тұрған үлкен ақ боз үй — Хансұлудың үйі. Сыртта қазықта қаңтарулы Қаракер құнан тұр. Хансұлудың құнаны. Сол құнанға шейін асылдың тұқымы. Бүл елде жоқ ат. Әкесі Бесқаладан әкеліп берген түрікпеннің әйгілі ақалтекесі.


- Келе жатыр! Келе жатыр!— деген айқай шықты, ауылдың өріскей тұсынан. Сөйтсе, Қозбағар екен. Әлгінде өріске беттеген қой соңында бара жатыр еді. Етжеңді балажігіт аюдай қорбаңдап ауылға қарай далпылдап жүгіріп келеді.


"Бұ несі?" десе, сонау Қарауыл төбенің теріскей бөктерін қиып өтіп тырнадай тізіліп керуен келеді екен. Қалашылар керуені. Осы екі ауылдың Темірдегі жәрмеңкеге кеткен қалашылары.


— Хансұлу! Әй, әй, Хансұлу! Көкең келе жатыр! Көкең!— деп құдды өз әкесі базардан келе жатқандай әрпіл-тәрпіл жүгіреді Қозбағар. Табаны жарқ-жұрқ етеді. Өзі Пахраддин үйінің малын бағады. О, Жаратқан Ие, сөйте жүріп Хансұлудан бұ да дәмелі.


Қозбағардың айқайынан бүкіл ауыл құлақтанып, жұрт андыздап тысқа шықты. Бала біткен шуылдап керуеннің алдынан жүгірді.


Үйінен Хансұлу да шықты. Сымдай тартылып ықшам киініп алған. Күлгін түсті зәгран шалбар, қынама бел қырмызы пүліш қамзол. Биік өкше етік. Үкілі кәмшат бөрік. Қолында - қамшы.


Арсалаңдап жүгірген Қозбағарға көз қиығын да салған жоқ, атына қарай беттей берді.


Тықыршып тұрған құнанына қарғып мініп, келесі сәтте Хансұлу да ауыл балаларының соңынан Қарауыл төбеге қарай жосылтып шауып бара жатты.


Ат жалына сәл еңкейіп, қабағын түйіп алған. Қаракер құнаны бейне аяғы жерге тимей ұшып келе жатқандай. Қарсы беттен ысылдап соққан жел ашаң жүзді, әдемі бидай өнді, көз қиығының құйыршығы қайқылау сұлу қыздың көзінен жас парлатты. Кішкентай танауы қусырыла түсіп, сонда да, алдына тура қарап құйғытады.


Хансұлудың жүйрік құнаны көп ұзамай ауыл балаларын артқа тастап, сары беткеймен салдыртып келе жатқан мол жүкті, іркіс-тіркіс керуеннің алдын орады. Жақ жүндері үрпиіп, беттерін шаң басқан, көздері қызарып іскен жолсоқты жолаушылардың ішінен ә дегенде Хансұлу әкесі Пахраддинді іздеп еді, көре алмады. Керуен алдында — ағасы Әзберген. Батыр тұлғалы Әзбергеннің беті бұрынғыдан да қалындап кеткендей. Қалың бетін шанжаулап түк басқан.


— А, Хансұлу, амансыздар ма? — деді, қабағы салбырап.


— Аманбыз. Көкем қайда?— деді Хансұлу. Әзберген ағасының неге екені белгісіз, қанталаған көзі мүлдем ызғарлы еді. Жауар бұлттай түсі түнеріңкі.


— Лабақ ахундікіне қарай бұрылған... әлгіңде, — деді қою дауысы қоңырлау шығып. Керуен салдыртып жанынан өте берді.


Хансұлу енді тықыршыған кер құнанның басын Күн астына қарай бұрды. Қаракер жусанды жазықпен сарыжайдың оғындай зырқырап келеді.


Жосытып шапқан Хансұлу көлденең жатқан дөңге көтерілгенде алдынан бірі -түйе, бірі ат мініп қатар келе жатқан екі жолаушы көрінді. Қарақасқа айғыр мінген әкесін алыстан таныды. Қасындағы ақ түйе мінген, ақ шапанды, басына ақ шалма тартқан, әрине, Лабақ ахун. Лабақ ахун — осы елдің бала оқытатын ишаны. Жылыбұлақта мешіт ұстайды. Хансұлу осы кісінің қолынан хат таныған. Көп кітапты, оқымысты ғұлама, әрі өзі дүниенің толып жатқан дастан-жырын жатқа айтатын жырау.


Әкесі Пахраддин кең иықты, мол денелі, сақал-шашы көкбурыл тарта бастаған ат жақты, сұлу көзді, келбетті кісі.


Ат үстінен еңкейіп, жаяу келіп сәлем берген қызының бетінен сүйіп, ұзақ еміренді. Хансұлудан бұрын Әли, Қали деген екі ұлы болыпты әкесінің. Екеуі де шешектен қайтыпты. Солардан кейін туған жалғыз Хансұлуды әкесі ұлдан кем көрмейтін.


— Сұлутай! Амансындар ма?—деп қобалжып, дауысы дірілдеді.


Кең шаралы, аласы мол мейірбан көзіне жас іркілді. Жоталы


мұрны домбығып сәл іскендей. Тұмауратқан кісідей түрі.


— Көке, сыркаттан саусыз ба? - деді Хансұлу,


қарлығаштың қанатындай қасы дір етіп.


— Жок, Сұлутай, — деді әкесі. Бұдан бір сыр бүккен тәрізденді.


Екеуі ақ түйесін желдіртіп озып кеткен аққудай арық шал ахунға желе жортып қуып жетті. Шал бетін бұрмаған күйі термелеп:


— Уай, інім Пахраддин! "Бай-бағланды кем көрер, құл-құтанға дем берер, қарсы келген жайсаңды, ат көтіне өңгерер" деген едік қой. Өкіметтің жағадан осы алғаны алған-дүр. Темірде естіп-білгенің сол алапаттың басы-дүр. Лекин, көрер хикматымыз әлі алда-дүр, — деп бір қайырды.


Астындағы айыр өркеш ақ түйесі шудасы желпілдеп майпаң-майпаң желеді. Жол-жөнекей ахун термелеп көп сөйледі. Дүние-ғалам жаралғаннан бастап, осы күнге дейінгі болып жатқан хикметтердің бәрі де "Алла ісі, Алла бұйрығы-дүр" деп айтты. Хансұлудың бір ұққаны әкесі жәрмеңкеден жаманат хабар әкеле жатыр екен. Өкімет тағы да байларды тықсыра бастапты. "Жайындыдағы Шоша ұсталыпты, ертең кімді ұстайтынын Құдайдың өзі білсін" деп келеді үлкендер.


5


Ауыл іші бүгін кіші-гірім мерекедей көңілді. Жәрмеңкеге айдатқан малдары киім-кешек, қант, шай, астық болып қолдарына тиді.


Жұрт Пахраддиннің еңселі биік қонақ үйіне жиналып, Лабақ ахунның өсиет термесін тыңдап отыр. Ұйып отыр. Ортадағы шойын табада қоздаған шоқ. Сол оттың тілдей жалыны ерні сәл түрілген Хансұлудың қарақат көзінде де жылтырайды.


— Уай, садағаң кетейін, сөз-ақ! — деп лепіре айқайлап ахунды қошеметтеп қояды Шәріп.


Төрде отырған аққудай арық, сақал-шашы аппақ, қураған кәрі ахун домбырасын боздата түседі. Пахраддин еңсесін қорғасындай ауыр ой басып, мүлгіп тыңдап отыр. "Опасыз жалған дүние, кімдерден кейін қалмаған" деп әлсін-әлсін кайталап, сонау Адам атадан басталған адам ұрпағының небір асылдары, әлемді тітіреткен Сүлеймендей патшалары, Ескендірдей ерлері байыз таба алмаған бұл жалғаннан, ешкім де опа таппаған деп айтады.


— Әп бәрекелде! Аяма! Бас! — деп шырылдауық Шәріп атқа мініп отырғандай қопаңдап, ахунға таман итіне түсті.—Пах, пах, қайран бұрынғының сөздері-ай!


Түксиген Әзберген бұқакөзденіп шырылдауык Шәріпке жақтырмай аларып қарады.


Лабақ ахун одан сайын аруақтанып, домбыраға шүйлігіп терме сөзді нөсерше төгіп, бұршақша боратты. Шәріптің делебесі одан сайын қозып:


— Пах, пах! Бас! Аяма! — деп қиқулады.


Жыр бітіп кеш үйіріле ортаға тегене толы ас келгенде Хансұлу бой сергіткісі келіп сусып сыртқа шықты.


Кең тынысты сыңғыраған әдемі кеш түсіпті. Қара көк аспаңда самсап жұлдыздар жайнайды. Малын жайлаған шаруа ауылдың ошақтарында оттар жылтылдайды. Жан-жақтан түтін иісі, бықсыған тезек иісі келеді.


Осындай жайбарақат торғын кешті ду-ду сақылдаған күлкіге толтырып, ауыл арасында бір топ қыз, бозбала "соқыр теке" ойнап жүр. Хансұлудың балалығы ұстап кетіп топқа қарай беттеді.


— Хансұлу!


— Хансұлу келеді.


— Хансұлу "соқыр теке" болсын, — десіп қыздар жағы әсіресе шу-шу етті. Бозбалалардың ішінде Шеге, Қозбағар, Ждақайлар бар. Шегенің өзіне тете қарындасы Балжан келіп Хансұлудың көзін байлады. Қара орамалмен байлағаннан кейін Хансұлу түк көрмей қалды. Балжан Хансұлуды қолынан жетектеп ортаға әкелді де тұрған жерінде шыр айналдырып:


— Соқыр теке, соқ!— деп ыршып кетті. Хансұлу сыңқылдап күліп екі қолымен ауа қармап қалды. Кәмшат бөркінің үкісі ағарандап, шалбарлы, шоңқайма етікті сыйда бой, бұраң бел Хансұлу ақ тісі жарқырап күліп, төңірегін қоршап сықылык атқан жастарға әлсін-әлсін ұмтылып жүр. Жұрт ду-ду етіп қашады. Әсіресе, аю денелі Қозбағардың күлкісі рабайсыз қатты шығады. Қозғалысы жеп-жеңіл Хансұлу әлгінің толассыз күлкісін тұспалдап жүріп ақыры былқ еткен білегінен ұстап алды. Ырқылдап күліп бұлқынғанына болмады. Жібермеді.


— Болды! Болды!


— Ұстады. Ал, Қозбағар, сен "соқыр текесің!"


Қозбағар енді шиқ-шиқ күлді. Хансұлу қара орамалмен Қозбағардың көзін байлады.


— Соқыр теке! Соқ-соқ!


— Ойбай, бұл құртады! "Түйенің тулағанынан сақта!"


Қозбағар қорбандап қос қолын алға соза ұмтылады.


Ждақай лып етіп Қозбағарды өкшеледі. Қозбағардың жүрісін салып, дымын шығармай ере түсті. Анау түк сезер емес. Балалар қиқылдап күле бастады. Ждақай Қозбағарды май бөкседен шымшып алып, тұра безді.


— Ойбай, — деп Қозбағар бұрылып ауа кармады.


— Өй, арт жағыңнан тағы барды! — деді Шеге. Аузы күйген Қозбағар жалт бұрылды. Жұрт қыран-топан.Қолапайсыз жайбасар Қозбағардың қолына ешкім түсер емес. Желіккен қыз, бозбалаларға керегі де сол, аюдай ебедейсіз Қозбағарды түртіп қашып әбден ит сілікпесін шығарды.


Қозбағар борша-борша терледі. Күліп жүр. Көзі байлаулы,


түк көрмейді. Сықылықтаған күлкілерді тұспалдап ұмтылады кеп. Ақыры біреу ілікті-ау қолына. Қыздар шу етті.Әлжуаздау жіңішке білекті ұстай салып, өзіне тартқанда танауына нәп-нәзік әтір иісі ұрды. Қыз екен! Қозбағарға керегі де сол еді. Екіленіп кетті. Алыса жүріп:


— И-и-их! Их! — деп кісіней күліп қолға іліккен


талдырмаш қызды ұмар-жұмар құшаққа басты.


— Қасқа бала, көктен тілегенің жерден табылды, ай-


рылма!— деп арандата түсті Ждақай. Қозбағардың құшағындағы қыз бұралып ұрынып бұлқынады. Төңірек у-шу.Иығынан ұрып: "жібер!" деп төмпештеп жатқан қыздар. Оларды қайтсін. Құшағына қыз іліккесін.


— Е-е-ех! Ех! Ех! — деп күледі Қозбағар. Қыздың жұпары аңқыған алқымына тұмсығын тығып алған, сүйіп жатқаны, не тістеп жатқаны белгісіз.


— Жібер! — деп қатты шықты құшағындағы қыз дауысы. Тұмсығына жұдырық сарт етті. Сонда таныды. Хансұлу екен. Иманы тас төбесінен шыққан Қозбағар қызды жібере салды.


— Жарайсың, батырақ! — деп сақылдап мәз болып,


секіріп-секіріп түсті Ждакай.


— Оңбаған! — деді Хансұлу көзінің жасы бұрқ етіп. Осы арада аспаннан түскендей Әзберген жетіп келсін. Оң қолымен Қозбағарды, сол қолымен Ждақайды ұстады. Көзді ашып-жұмғанша болған жоқ, екі бала жігітті бір сілкіп тізерлетті. Темірдей тегеуріңді қолдар Ждақай мен Қозбағарды бір-біріне қошқарша соқтырды. Төңіректегі балалар тырым-тырақай зытты. Алысып жүріп Әзбергеннің шеңгелінен Ждақай сытылып шығып кетті. Кең даланы бетке алып тұра безді. Бұта тасасында бүғып жатқан Шегеге соктыға жаздады.


— Не болды? — деді Шеге.


— Оңдырмады, — деді Ждақай зыта беріп. — Ана қасқаны өлтіргелі жатыр.


— Жүр! Арашалайық!


— Қасқа бала, есің дүрыс па? Аямайды.


Ждақай сәйгел тиген сиырша безіп барады.


— Ағатай! Өлдім! — деп өкіріп жылаған Қозбағардың үні шықты.


— Бұ, жаман поқтың... құтыруын... Мә... мә! — деп


ұрады Әзберген.


Шеге ұшып жүгірген бетімен Әзбергенді жотадан түйіп өтті. Бұндай тұтқиыл соққыны күтпеген Әзберген серпіліп тәлтіректеп барып әрең тіктелді.


— Қап... көріңді... бұ қайсы? — деп ізінен тұра қуды.


Жеңіл аяқ Шеге түлкі бұлтаққа салып, ұстатпай кетті. Осы ойыннан от шығады деп Шеге, сірә, ойлады ма екен. Ол отқа өзге емес, Хансұлу екеуі күйетінін білсе ғой.


Сөйткенше ауыл арасынан шаң-шүң айқай шықты. Ап-ащы, әйел дауысы шықты. Әйел болғанда да ашуы ақпанның қара дауылынан жаман Торқаның дауысы. Қозбағардың шешесі ақсақ Торқаның ойбайы.


— Қайдасың, ойбай, адыра қалғыр, Әзберген!! Ойбай, қайдасын!? — деп айқайға басып келеді дауылдатып ақсақ Торқа. Өзі шүйкедей болса да мінезі шақар. Шәріптің жалғыз апасы. Әлгінде "Балаңды Әзберген сабап жатыр" дегенді естіп, көсеуді ала ұмтылған сыртқа. Күйеуі темір-терсек шұқығаннан өзге кәсібі жоқ Уәп дейтін зергер. Солымның нағыз өзі. Сондықтан жауымен жалғыз айқасуға аттандап ақсақ Торқаның өзі шыққан. Қараңғыда бұқпақтап тұра қашқан екеуді көріп Торқа кемпір одан бетер бұрқырады.


— Атаңа нәлет, Әзберген! Тоқта, қашпа! Кімді


басынасың!? Шық былай, қолыңда өлемін, ойбай!


Бірақ Әзберген кезікпеді жолында. Кәпір, қашқан сол болды-ау, Торқаның кәрінен қорқып. Ақсақ кемпір енді күшке мінді:


— Тұра тұр, бәлем, сәбетски бластың бары рас болса, түбіңе жетемін, сен бандиттің! — деп.


Шандақтың арасынан Қозбағарын тауып алды. Солқ-солқ жылаған баласын жетектеп Торқа кемпір үйіне қарай шолтаңцап келеді. Қауашадай үйінде сықсиған май шам. Шалы, ұзынтұра Уәп зергер шоқпыт көрпесінен жартылай шығып, шалғы мұрты салбырап, екі ұрты бүлкілдеп отыр екен. Ашуланғанының сиқы. Торқа кемпір шам жарығына әкеліп, баласының бетіне қарады да баж етті. Ойбайлап, сарнап қоя берді. Қозбағардың мұрны бұзылған, қабағы іскен. Танау қаны бүкіл омырауын жуып кеткен.


— Тұқымыңа сиейін ойбай, Әзберген, қайдасың?! — деп қайта тұлданып, босаға жақта тұрған өзінен үлкен келсапқа жармасты.


Қарақшыдай өңкиіп Уәп пақыр түрегелді орнынан.


— Қойсаңа, кімді қырармын дейсің! — деді екі ұрты бүлкілдеп, шашы бұрқырап есікке ұмтыла берген шынашақтай кемпірінің алдын кес-кестеді. Кемпірі одан жаман екіленді. Қолын шолтаң еткізіп:


— Адыра қал! Кет жолымнан, ойбай! — деп жұлқына, баласын сүйрелеп үйден айқайды басып тысқа шықты. Тура Әзбергеннің үйіне тартты, бүкіл ауылды дүрліктіріп.


Әзбергеннің үйінде жарық жоқ, жатып қалғаны байқалады.


— Атаңа нәлет, Әзберген, шық былай, еркек болсаң, тақа! Төбелесті көрсетейін, шық! — деп кеп ақсақ Торқа іштен ілінген қаусырмалы есікті келсаппен пергіледі. — Бүйткенше, өлтіріп неге тастамадың, мына баланы!? Адыра қалғыр! Мә, өлтір!


Торқа баласын сілкіп қалды. Қозбағар есікке соғылып, босаға сықырлады. Іштен Әзберген гүр етті.


— Ау, ағайын, аулақ! Үйді құлатарсыз!


— Адыра қалғыр, құлатпақ тұрмақ қиратам! — деп ашуға мінген кемпір лақша ыршып, секіріп, келсаппен үйді төмпештеуге кірісті.


— ... Қиратарсың! — деді Әзберген қырсығып.


— Адыра қалғыр, бетінен адам сүймейтін, ол не, ханның қызы ма еді?! О несі-ай кеп! Сүйеді ал! Сүймек түрмақ, одан да зорын істейді! Ал тақа!!! Қозбағарымның бармағына тұрмайтын ұрғашысын, о несі-ай кеп, соншама қалқелләзи кып! Әй, баспашы! Шық былай әкеңнің көрін... Қол- аяғыңды матап айдатайын! Өкіметтің бары рас болса. Батырақты сабасын деген зәкүн жоқ, білдің бе, аузыңа пәлен қылайын! Ойбай, қайдасың, Шәріп!? — деп енді Торқа кемпір долылық қысып дауыс ете бастады.


Торқа кемпірдің байбаламы бүкіл ауылды аяғынан тік тұрғызды. Ит екеш иттер дағы шабаланып үріп жатыр. Қорадағы қой, желідегі түйелерге дейін құлақтары ербиіп, күйістерін тоқтатып айқай шыққан жаққа мойындарын бұрады. Әзбергеннің үйі маңына бұ кезде ауылдың үлкен-кішісі түгел жиналып қалған. Текеше бақылдап, секіріп, ыршып үйді тоқпақтап жүрген Торқа кемпірді екі-үш әйел қолтықтап ұстап әрең тоқтатты.


— Сабыр! Шешей, сабыр! Бір ашуыңды бер! — деп.


— Бұ жанжал неден шықты? Ау, ұқтырындаршы! — десті жүрт.


Балалар жарыса жамырап әлгінде болған уақиғаны айтты. Жұрттың ұққаны Уәп зергердің баласы жалшы Қозбағар, ойын үстіңде күшке салып Пахраддиннің қызы Хансұлудың бетінен сүйген. Қыз жылап қалған. Қозбағардың қызда көңілі болған. Ерке қыз әдепсіз бала жігітті шапалақпен беттен тартып жіберген. Сол арада тап болған қыз ағасы Әзберген Қозбағарды жығып салып жұдырықтың астына алған. Бет-аузын даладай қан қылған.


Шуылдаған жұртты іркіп, Пахраддин көз жасын сүртіп тұрған Торқа кемпірге жақындады.


— Жеңеше, бір ашуыңызды беріңіз! Елміз ғой, бір тентекке әліміз жетуге керек, асасы! — деді. Мол денелі, мауыты шапаңды Пахраддин, енді інісінің үйіне қарай бұрылды:


— Әй, найсап, бұ не жатыс, елді шулатып, шығуға керек сыртқа! — деп зекіді.


— Ағайын, мазамды алмаңдар! Аулақ! — деп гүр етті іштен Әзберген. Жұрт тіксініп қалды. Әйелдер жағы беттерін шымшылады. Бұл ел, ел болғалы ауыл ағасы Пахраддинге қарсы келіп, бетінен алған адамды көрмеп еді.


Пахраддин ашуға тығылып, теңселіп:


— Найсап, ақылмен іс қылуға керек! Оңбассың, асасы! Оңбассың! — деп теріс айналып жүре берді.


Осы жермеңкеден Пахраддин мен Әзберген кикілжіндесіп қайтқанын бұ жұрт білмеуші еді.


Жұрт арасында Шәріп те тұрған. Ешкі құйрық сақалын қайыра тістеп үнсіз тұрған. Жұрттьң назары енді ауыл өкіметі — соған ауды. Әншейінде, дау-жанжалдың лаулаған өртіне елден бұрын қойып кететін Шәкең неге екені белгісіз, қазір үнсіз. Әйелдердің қолында жуаси бастаған Торқа кемпір өкімет інісінің мына можантомпай қалпын көріп:


— Жағың қарысып қалды ма, ойбай, сенің?! Өкімет


болғанда сенен не қайыр көрдім мен, ойбай! Жалғыз апаңды бүйтіп дос-дүшпанға таба еткенше, тақа, өкімет болмай өрем қап, ойбай! Жіберіңдер түге, қанғып өлемін! — деп қылғынды.


— Қойсаңа, кемпір! Жүрсеңе үйге! — деген үн шықты жоғары тұстан, мұрты салбырап үңіліп тұрған ұзынтұра Уәп екен. Сырықтай бойын иіп кеп құрықтай қолымен кемпірін қармап көтеріп иығына салды да, үйіне қарай бұрылып жүре берді. Торқа кемпір аяқ-қолы тарбандап шалын иыққа төмпештеп барады. Тулап барады.


— Жібер түге, адыра қалғыр! Жайпап салам... тақа! Жібер! — деп.


Жұрт дуылдап күліп жатыр.


Жуырда ғана ауылдық кеңес ағасы болып сайланған етікші Шәріп қана күлген жоқ. Мына даудың таптық астарына ой жүгіртіп, бір тұтам сақалын саумалаумен тұр.


6


Әзберген шай ішіп төрінде көлбеп жатса ертеңгісін үйге салаң етіп, қылышын сүйретіп мелиса кіріп келді. Келіншегі шошынып орнынан ұшып тұрды. Әзберген құс көпшікті шынтақтап жатқан орнынан конаққа сұсын тікгі. -Бұқабайсың ба, ей?! — деді Әзберген қорыққанын


білдіртпей, ескі танысын көргендей серпіліп.


— Сөзді қой, Әзберген! Тұр... киін! — деді кілбік көз, томпақ бет кеспелтек қара, үні қатаң, күркірегеңдей. Түсі ызбарлы. Әзберген, мелисаны Шәріп шақыртқанын ұқты.


— Ау, шай ішейік, жолдас! Отыр! — деді Әзберген төрді нұсқап.


— Тұр, бол! Шай ішетін жеріңе баратын болдың! Тәртіп солай!


Мелиса иығыңда шошайған мылтық, белінде қылыш, үсті-басын шандыған кайыс белбеу, жылтырауық түймелер, түсі зәрлі. Әзбергенді түтіп жеп барады. Қырыс қабақ Әзберген етігінің сірісін тепкілеп киді де, орнынан тұрды. Сол-ақ екен мелиса шап беріп қолын артына қайырды. Қайыс белбеумен екі қолын арқасына қайырып байлады. Әзберген қарсыласпады. Сыртқа шықса, Шәріп үйінің алды ығы-жығы адам. Жапа-тармағай бұрылып бұған қарады. Мелиса Әзбергенді солай айдады. Әзберген ызаға булықты. Осы ауылдың өңшең боқташақ, қатын-қалашы бұны табалау үшін жиналған. Әттең дүние-ай, қор болды-ау! Осы ауылды бір шыбықпен айдаған Әзберген емес пе еді бұл?!


Ауылдың бас көтерген ақсақал, қарасақалдары Шәріптің үйінде екен. Әзберген, қолы байлаулы өңкиіп есіктен кіргенде байқағаны: төрде көзі шақшиып жапалақтай бір тұтам боп шырылдауық Шәріп отыр, оның оң жағында — мандайы қасқайып Пахраддин, сол жағыңда — аруақтай аппақ, сақалын саумалаған Лабақ ахун. Олардан төменірек әйелдер арасыңда шүйкедей Торқа кемпір де көрінеді.


— А-а, келдің бе, кіспүрыш! — деді Шәріп қозғалақтап кекетіп. — Отырсын солай! Босағада!


Шәріптің сөзі Әзбергенді қамшымен маңдайдан тартып жібергендей болды. Не десін? Дымы құрып ернін тістеді. Жұрт көзі Әзбергенде. Мелиса арқасынан нұқыды. Әзберген түсі қабарып, түнеріп босағаға тізе бүкті. Ағасының кейпін көз қиығымен шолып еді, оның да меселі түсіп "салы суға кетіп" отыр екен.


— Ал жаз! — деп көтеріңкі дауыспен саңқ етті Шәріп, астынан су шыққандай қыбыжықтап.


Әзберген түксиген қабағының астынан назар жіберіп қараса әлгі ауылнайдың алдында жатқан ала қағаздар, еңді оның баласы Шегенің алдына жылжып барып қалыпты. Шеге қолында қаламы, әкесінің аузын бағып, жаланып қояды. "Қап, түнде қолға түспей кеттің, әттең..." деді іштей Әзберген ызаға булығып.


— Жаз! "Пртөкөл" деп жаз!!!


— Жаздым.


Үйдегі жұрт сілтідей тынды. Сыртта тұрғаңдардың гуілі басылмап еді. Торқа кемпір айқай салды.


— Әй, дабырламаңдар, тақа!


Су сепкендей тыныштық орнады. Тіптен бүкіл ауыл жым болғандай. Үйге ұсталған шидің ғана ызыңы естіледі. Арқадан сокқан азынау жел бар.


— Үшбу пртөкөлді жасау себебіміз: өткен күні Пахраддин ауылында таптық шайқас болды де! Бәйшікеш Әзберген Мұсаұлы, тамам жұрттың көзінше кедей-батырақ Қозбағар Уәпұлын... Ие, жаз! Қозбағар Уәпүлын соққыға жықты. Оған әмісе себеп: кедей-батырақ Қозбағар бәйшікеш Әзбергеннің


қарындасы Хансұлуға көңілі кетіп, ғашық-машық болады-мыс.


Шеге мырс етті.


— Әзбергеннің кедей-кембағалды жәбірлеп, зорлық-зомбылық жасауы жалғыз бұл емес де! Кеңес өкіметі келгелі айылын жиып еді де. Әйтпесе, арғы жерде ә десең, мә дейтін нағыз кіспұрыштың өзі еді де. Бұл зәнталақтың қорлығы өткен де. Баяғы Ыбырайдың асында ақсақалдар отырған үйден мені "етікшінің орны ошақтың қасы" деп дырылдатып сүйреп алып шығып, терідей торсылдатып сабаған кім еді? Үшбу осы Әзберген контрдың өзі еді.


— Ау, Шәріп! — деп Пахраддин осы арада кеудесін тіктеді.


— Ау, құрдас! Кезінде ақсақалдар ымырасымен біткен дау еді ғой ол. Қайта тірілтіп қайтесің, асасы?


— Қош, солай-ақ болсын. Әрі қарай кеттік. Жаз! Өкімет кедейдікі. Кедей кім? Кедей — Қозбағар. Ендеше, Қозбағарға Әзбергеннің қол жүмсағаны, өкіметке қол жұмсағаны. Солай деп жаз!


Осы арада көпшіліктен маза кетіп, қозғалақтасты.


— Жаз! Батырақты сабасын деген зәкүн жоқ. Ол


Мекалайдың заманы келмеске кеткен. Бүгінде батыраққа қол тигізгенге статья бар.


Жиналған жұртшылық араның ұясындай гуілдеп кетті.


— Жаз! — Шәріптің дауысы осы арада ширығып шаңқ етті. — Сол батырағын жәбірлеген байларды сотты ететін статьяға жатқызылсын Әзбергеннің ісі. Өзі Сібірге айдалсын. «Барса келмес» түрмесіне.


Пахраддин түсінде үрей, көзшарасы ұлғайып қасындағы сақалын уыстап қалғып-мүлгіп отырған ахунға қарады.


Пахраддиннің өзінен бір уәж күткенін сезіп ахун жүзін көтерді. Сақалын тарамдады:


— Ей, Шәріп... райдан қайт! — деді әуезді тақуа дауысына салып.


Шәріптің түсі өрт сөндіргендей, жалынып-жалбарынғанға құлақ асар түрі жоқ. Қазықтай қақшиып алған. Шалының мына қаталдығы қытығына тиіп кеткен Жайбасқан:


— Әй, Сібірден басқа жерді жау шауып па? Жөндеп жаз ана пртөкөліңді! Шаш ал десе бас алмай! — деп бұрқ етті.


— Жазылмайды. Бітті. Шеге, мөрді әкел! — деді, Шәріп одан бетер шақшия түсіп. — Барсын, кіспүрыш! Тапқан екен ойнайтын кісісін!


"Сібірден" қырыс қабақ Әзбергеннің де көзі атыздай болды. "Шыны ма, ойыны ма мынаның?" дегендей еңсесін көтеріп ажырайып қарады. Торқа кемпір де шолтаң етіп:


— Адыра қалғыр, осы көрсеткен қорлығы да жетер,


барсын Сібіріне! — деді. — Түу, шешей-ай, ауыл-үйдің арасына осы от салғаныңыз да жетпей ме? — деп бір әйел күңк етті.


Мөр колына тигенде Шәріп арқаланып, ұшатұғын бүркітше екі иығын қомдап алды. Бота табан мөр қолында. Әйелдер жағы зәрелері ұшып, шектерін тартты.


— Шәріп, ей, Шәріп, асасы, аңдап іс қылмаққа керек! — деп ыңыранды Пахраддин, ауыр денесін қозғай түсіп.


Шәріп тас керең. "Пртөкөлді" алдына жайып қойып, мөрді ауызына тақап үрлеп "дем салды". Жүрт тырс етпей сіресіп, үркіп, шошып қарап қалған. Содан Шәріп әй-шәйға қараған жоқ, жерүстел үстінде жатқан табақтай қағазға бота табан мөрді құлаштап әкеп "тоңқ" еткізді. Жұрт селк етті. "Әй" деп шыңғырып қалды әйелдер.


— О, шебер Құдай!


— Мә! — деді Шәріп, мөр басқан қағазды мелисаға беріп жатып. — Дүкеңе берерсің! "Дүкеңі" болыстық кеңес ағасы Дүкенбай еді.


Шүйдесі қалындау Бұқабай мелиса қағазды бүктеп асықпай жан қалтасына салды. Ықтияттап калтасының аузын түймеледі. Сосын Әзбергенге сүзеген бұқадай кілбие қарап:


— Марш, түс алға! — деді.


Әзбергеннің қалың беті қабарып, сүметіліп орнынан тұрды. Есікке беттей беріп, Пахраддинге тағы көз тастады. Ағасы назарымен жер шұкып отыр екен.


Жұрт "арыстыбай1 болған Әзбергенді шығарып салуға сыртқа лап қойды.


— Ау, халайық, ешқайда тарамаңдар! Қонақасыларың бар! — деп дауыстады Шәріп. — Әй, Шеге, тұр, ана қызыл токтыны әкеп сой!


— Қонақасыға, асасы, тойдық қой, құрдас!— деді Пахраддин, ренішін жасырмай орнынан ауыр қозғалып тұра беріп.


— Құрдас, сен өкпелеме! Өкімет ісі өз алдына, ағайындық өз алдына. Солай емес пе, ахун аға? Шақырса келмейтін өңшең жақсылар себеппен есік ашып қалған екенсіздер, енді қонақасыларыңызды жемей кетпейсіздер! — деді Шәріп, шын ықыласымен...


Пахраддин мен Лабақ ахун бір-біріне қарады. "Бұнысы да жол екен-ау" дескендей.


Мезгіл сәске тұс еді. Сырттағы үлкенді-кішілер шығыс қабаққа тырмысқан жалғыз қасқа жолға карады. Сол жолда көлденең белге қарай атты кісі бір жаяуды алдына сап сүргітіп айдап барады. Емпеңдетіп қатты айдайды. Жаяудың аяқ шаңы бұрқ-бұрқ етеді. Жаяу - "арыстыбай" болған Әзберген еді.


Күн көзін торлаған кіреуке бұлт бар. Мазаны алып арқадан қатқыл ызғу жел соғады. Қолдарында жез құман, шапандарының шалғайын қаусыра түсіп ауыл сыртындағы жусан арасына таман балпаң-балпаң басқан Пахраддин мен сырықтай ұзын арық шал Лабақ ахун барады. Ренжулі. Пахраддин тамағын кенеді.


— Ахун аға! Қалай ойлайсыз? Бұның арты, асасы,немен тынбақ?


— Алла білсін, лекин, заман жаман өзгерген-дүр, інім! Әгерки, біреулер бахаслық жасап жүрмесе, тергер-тергер де жіберер!


— Олай болмаса керек. Бұл іс соңы, мен білсем, асасы, насырға шаппаққа керек. Кешегі жәрмеңкеде сөйлеген өкіл сөзі есімде. Айтқаныңыз бек келді. "Бай-бағлаңды кем көрер,


құл-құтанға дем берер" дегеніңіз бек келді. Қазір ана


сорлыны болыстық кеңсеге апаруға керек. Онда бардым дегенше орным түрме болды дей бер.


— Заман! Заман! Репетің жаман! — деді Лабақ ахун күңіреніп.


Әлден уақытта Пахраддин тағы тамағын кенеді.


— Әлгі шырылдауық та, асасы, соны бек біліп істеп отыр. Мынандай уакта, "түймедейдің түйедей боларын" біліп істеп отыр. Не істеуге керек, ахун аға! Әзберген ит те болса жалғыз тірегім еді. Заманның түрі мынау. Дауды ауыл арасынан шығармау керек еді... Бала ойынынан шыққан от қой!


— Бала ойыны... Иә, бала ойыны, лекин...


Лабақ ахун құманын жерге қойып бір уақ төсіне түскен қауғадай күміс сақалын қос қолдап саумалап ойланып тұрып қалды,


— Баланың бірі бойжетіп, бірі ержеткен-дүр, лекин, —деді, әлден уақытта.


— Солайы солай ғой!.. — деді Пахраддин күрсініп. Мықтап жадап, шаршаған түрі бар.


— Ымм... — деп ахун ойланып шағырмақтанған аспанға қарады.


Үйге кіргеннен кейін:


— Уай, Шәріп! — деді төрге озып тізе бүге беріп саңқ еткен аққудай Лабақ қартыңыз.


— Ләббай, құлағым сізде! — деп елп етті Шәріп.


— Тізеңді бүк! Торқа келін, сен де отыр! Уәп, сен де құлақ сал! Лекин кешелі бергі дау-далаба хәммәңізге баян-дүр. Жәмиғат! "Қанды көйлек кисе де, шыдамайды туысқан". Екі бала ұрысса, ұғыстырмақ лайқат. Екі ағайын ұрысса, туыстырмақ лайқат... Шәріп! Пахраддин! Уай, Торқа келін! Уәп, інім! "Дау мұраты біту-дүр, жол мүраты жету-дүр, қыз мұраты кету-дүр". Жаспен жастың тілегі бір. Торқа келіннің ұлы ержетсе, сенің, лекин, қызың бойжетіп отыр, Пахраддин! Құда болыңдар, азаматты қайтарыңдар. Осыған тоқтасаңдар, кәне қолдарыңды жайындар! — деді Лабақ ахун, бата жасайтын ниет білдіріп.


Тас төбеден жәй түскендей мына бәтуадан екі жақ та іркіліп дағдарып қалды. Мол денесімен Пахраддин ырғала түсіп, төмен қарап сыр шығармады. Шәріп болса қышып кеткен тамағын қайта-қайта кенеп, астынан су шыққандай қыбыжықтап Пахраддинге бір, ахунға бір жалтактады. Әлгінде, басы селтең ете қалған Торқа кемпір, енді дымы өшіп, "әліптің артын" бақты. Ұзынтұра Уәптің жағы сопайып екі ұрты бүлкілдеді.


Босаға тұста жаңа сойылған тоқтының терісін тұздап жатқан Шеге ышқынғандай оқты назарымен мына отырғаңдарды атып жіберердей сұрланып қарады. Сөйткенше, Шәріп елпең етті. Үлкен жапалақ көзі ойнақшып, шақалақтап күліп, орнынан ұшып кетердей қопаңдап:


— Пай, пай, бабам-ай! Тауып кеттіңіз-ау! Сөз бар ма? Уай, садағаң кетейін, көненің көзі-ай! Міне, ақыл! Міне, жөн! Уа, Торқа, жарылып кетпей неғып отырсың! Бағы бар екен боқмұрын балаңның! Жай қолыңды! — деп алдымен өзі елеуреп ербеңдетіп қолын көтерді. Торқа сықсың етіп


күліп, шалын шынтағымен түртіп жіберіп, қолын жайды.


Еңді тосылып отырған жалғыз Пахраддин еді. Қарт ахун енді солай бұрылды.


— Ал, інім Пахраддин, қолыңды жай! Патиха берейін!— Ахун орақ тұмсығын көтеріп биік маңдайшаға қарап сүйекті арық қолын алға созды. Пахраддин жұрттың соңын ала керсолқылау қозғалып қол жайды.


Осы арада Шеге есіктен ыта жөнелді. Шәріп:


— Уай, көргенсіз!.. — деп қалды.


Лабақ ахун нақысты дауысын әндей созып, көтеріңкі әуезді мақаммен дұға оқуға кірісті.


— Ағуз-зи бил-лаһи...


Жұрт сілтідей тынды.


"Пахраддин Қозбағарға қызын беретін болыпты. Әзбергенді сөйтіп құтқаратын болыпты" деген хабар дүңкілдеп ауыл ішін аралап кетті.


Үлкен ақ боз үй алдында сары самауырға от салып тұрған Хансұлу Шәріптің үйінде болған жаңалықты шулаған балалардан естіп, етегіне сүріне - аттап "апалап" үйге жүгіріп кірді. Босағада шешесі күмпілдетіп саба пісіп тұрған. Болған сұмдықты ол да балалардың айқайынан естіп, піспегі қолында, өңі шүберектей бозарып тұр екен. Сырттан жүгіріп кірген қызын құшақтай алды.


— Жасаған Ие-ай, ақылдасу деген де жоқ... Бұ сорлыға не болған? Жүр, әлгі алжыған әкеңе барайық! — деп қолын сүртіп есікке беттеді.


— Бармаймын! — деді Хансұлу жұлып алғандай. Көзінде жарқ еткен ыза. Безеріп алған.


— Жарайды. Өзім-ақ барайын, — деді шешесі байғұс. Жаулығын дұрыстап тартты да, майда басып сыртқа беттеді. Дүние күйіп жатса да сол бір биязы жұмсақ қалпынан танбайтын әдеті шешесінің. Әкесінің алған бетінен қайтпайтынын білетін Хансұлудьң қазір төбесіне аспан құлағандай. Дүниесін өрт шалғандай. Керегеге қыстырулы қамшысын суырып алды да, кермеде тұрған Қаракеріне жүгірді, неге екені белгісіз, жүгіре түсті де басына бір ой келіп, Қозбағардың үйіне бұрылды.


Қозбағар үйінде төсек тартып жатқан. Бет-ауызы ісік. Жаңа Шеге келіп зәресін жаман ұшырды. Жағасына жабысып әй-шәй жоқ төсектен суырып алды. "Иттің баласы, Хансұлуда нең бар сенің?" деді буыңдыра түсіп. Өзі жылауға жақын. "Өй, Шеге, не айтып тұрсың?!" деп бұл шыр-пыр болды. Шегені алжасқан дерсің. Бұны төсекке итеріп тастап, есіктен ата жөнеді. Әзірейіл өкшелегендей дүрсілдеп барады. О, тоба! Қозбағар сөйтіп әңкі-тәңкі болып отырғанда сырттан бір топ бала шулап өтті. Шегенің "алжасқан" себебін сонда түсініп, лажсыз езу тартты Қозбағар. Көз алдында — тал шыбықтай Хансұлу. Бұралып келіп мойнына асылғандай. Құшағына кіргендей. Тіптен ақылға сыймайды. Хансұлу Қозбағардың жары! Міне қызық!


Сөйтіп жатқанда есік шалқасынан сарт етіп ашылды да, үйге Хансұлудың өзі кіріп келді. Тура орыстың әписеріндей тіп-тік. Қарақаттай көзінде жарқ еткен ашу. Қайқы кірпік, түрік ерін. Қолында қамшы.


Қозбағар ойланбастан көрпені басына бүркей қойды. Бірақ қыз жетіп келіп көрпесін бір-ақ жұлқып үстінен сыпырып алды. — Сен бе, сонда, мені алатын? — деді. Қозбағар:


— Ойбай, мен емес! — деп көтерілген қамшыға қарап баж етті. Қамшы "шарт" етіп оң жамбастан осып өтті. — Ойбай-ай-и-и! — деп қалды Қозбағар.


Кекірейген тікбақай қыз, сол тіп-тік қалпы есікті сарт жауып, шығып жүре берді.


Бұ кезде Шәріптің үйінің сыртында — Пахраддин мен бәйбішесі кездескен еді. Бәйбішесі ә дегеннен:


— Жазған-ау, не болды? — деді, қаттырақ айтуға батылы жетпей. — Не көрінді саған?


Бурыл тарта бастаған сақал-мұртын жел козғап, келбетті келген саналы жүзі түнеріп, шалбарланып, қабақ шытып біраз ой сабылтып тұрды Пахраддин. Өңі тым жадау еді.


— Асасы... көзді ашып қарауға керек заманға, — деп баяу тіл қатты әйеліне. — Алтын басты бай-мырзадан, бүгінде бақыр басты кедей артық! Бұны көруге керек! Зерделеуге керек... Менің де ойлағаным қызыңның болашағы болуға керек!.. Соны үғуға керек!


1927 жылдың қара күзінде "Тасқұдық" басыңда болған бұл уақиға дүмпуі Жем өзенінің түстік жағы — Үш Оймауыт, Доңызтау далаларын жайлаған қалың табын еліне лезде-ақ дүңкілдеп тарап жатты. Байлығы тасып бара жатпаса да, ел арасында әділ билігімен, тілді, шешендігімен атағы шыққан сырбаз жан, ауыл ағасы Пахраддиннің мандайына біткен жалғыз қызын есігіндегі жалшысына өз еркімен бергелі жатқаны естір құлаққа ерсі жаңалық, тосын хабар болып тарап жатты.


ҮСТІРТ ҮСТІНДЕГІ КӨШ


1


Түнімен қар жауды. Сонау Самдағы жылы қора-қыстауларына енді бір екі жұма өткізіп көшерміз деп отырған шаруа ауыл қатты дүрлікті. Ерте жауған қар көші-қонды қиындатты.


Хансұлудың көзі ілінер емес. Жылы төсекте бүрісе түсіп, көзін жұмады. Ұйқы шақырады. Шарасыз, тұрлаусыз ағындаған ойдан дөңбекши береді. Суық желді түн әлемімен бетпе-бет қалғандай. Әлемді жапқан түн мәңгі серпілмейтіндей...


Таң ата талықсып ұйықтап кеткен екен. Үй ортасында дүрілдеп жанған оттың қызуынан оянды. Ашық түндіктен бозарып аспан көрінеді. Шешесі, жанында көмекші әйелдер бар, мықшыңцап үйдегі көрпе-төсек, киім-кешек, кілем-сырмақтарды тендеп буып жатыр.


— Сұлутай, тұра ғой! Ауыл көшкелі жатыр, — дейді,


шешесі бұның қыс киетін жылы тиін ішік, жарғақ шалбар,


түлкі тымағын алып беріп жатып, өздері де буынып-


тартынып киініп алыпты.


Тысқа шықса, дүние ақжабын аппақ. Түгел қар басып салған. Желіде жатқан қалың түйелердің мойыңдары сорайып қарауытады. Қотандағы қойлардың қылтиып бастары әрең шалынады.


Ас үй алдында көкесі бар, Әзберген ағасы, Бұлыш, шырылдауық Шәріп бар, төрт-бес кісі бір семіз биенің буын бұрқыратып, қарнын жалтыратып сойып тастапты.


— Ойхой, жануардың семізі-ай! Қазысы бес елі! Бес елі! Пах! Пах! — деп айқайлап жүр Шәріп.


Көрші-қолаңның қатын-қалаштары да сол төңіректе. Шарт киініп алған. Қимылдары шұғыл. Әзберген білекті түріп жіберіп балтамен етті боршалап шауып, табақтарға бөліп сылқ-сылқ тастап жатыр.


— Алыңдар — деп қояды әкесі, дауысы таңғы ауада саңқылдап. — Алыңдар! Садақаның еті!


Ас үйде асулы тай қазан. Астында лаулаған от. Әкесі жылқының қалған етін түгел сол қазанға салдыртты. Ет піскенше ауыл азаматтары үйлерді жығуға кірісті. Жүктерді тайлап, теңдеп түйеге артуға ыңғайлап, буып тастап жатыр. Ауылдың бүкіл қора-ағашын жинап, біріктіріп байлап жатқан Бұлыш пен Қозбағардың тірлігі тосындау. Жұрт сонда үймеледі. Пахраддин шолақ бұйрык етіп үйден білектей кендір арқан алдыртты. Бұлышқа "Нарды әкеле бер!" — деді. Ортада кебежедей дүңкиіп бума ағаш жатыр.


— Екі арқанды екі шетіне орап байла! — деді Пахраддин.


Бұлыш балпаң-башаң бастырып Шойынкараны әкелді. Жардай қара үлек тұмсығы шуылдап жұртқа төбеден қарайды. Жүндес қабағы астынан суық шегір көзі жалт-жүлт етеді. Бұлыш кестапаңдай Шойынқараны бума ағаштың алдына әкеп шөгерді.


Нар тісін қайрайды. Үстіне ашамай салып, екі жігіт екі жақтан тепкілеп айылын тартты. Бума ағашқа таңылған арқанның ұшын әкеп ашамайдың екі жағына тас қып байлап тастады.


— Кәні, тұрғызшы енді! Шу, Ойсыл-қара!


Шойынқара алпамсадай арбиып орнынан түрегелді.


Бұлыш жетектеп жүр. Түйе тізесінен келетін қар бар


еді. Ірі қара болмаса, майда мал жүре алмас күртік.


— Ал айда! Көрелік! Шығыр тартып машыққан Шойынқара әлгі кебежедей бума ағашты жұлқа тартты. Бума ағаш оппа қарды қарс айырып барады. Соңында, кеңдігі құлаш жарымдай жол ашылды. Шәріп шақалақтап мәз болды.


— Пах! Пах! Садағаң кетейін, жануарым-ай!


Боз ала таңнан ию-қию қимылдаған жұрт бұ кезде жүктерін түйіп, түйелерін жазылап үдере көтерілуге дайын болып қалған еді


Мезгіл сәске түс. Күн көзі бұлыңғыр. Бозамық, самсоз аспан ақ қар шымқанған сұлқ даламен ұзай барып астасып жатыр. Бірыңғай ақжабын әлемнің ортасында қазір алажабыр иірілген көш. Жүріп кете алмай тұр.


Бума ағашты сүйретіп көш бастайды деген Шойынқара қиқаңдап жетекке жүрер емес. Жұрт назары сонда. Бұлыш қиқар нарды қара саннан қамшымен тартты. Бірақ Шойынқара басын шайқап сілкіді де қасарысып тұра берді.


— Ұрма! Ұсылын табуға керек! — деп Пахраддин


желдірмелетіп Шойынқараны қапталдай берді.


— Бұл патшағарға бірнәрсе көрінулі, — деп Бұлыш аң-таң.


Қойдың шуынан дүние азан-қазан. Қарға омбылап қарға адым жер жүре алмай, маңырай береді. Қойшы байғүстар ешкі, серкелерді алға қуып әлек. Сонау қырдың басында Мажан бай ауылы да пері көшкендей ығы-жығы. Үйлерін жығып, жүктерін артып жатыр.


Қарды ашып жол салады деген нар жүре түседі де тісін қайрап, кейін қарап өңкиіп тұрып алады. Жұрт қатты дағдарды. Түйенің қомында бастары қылқиып отырған кемпір-сампырлар Шойынқараны қарғайды. Әйелдер, қыз-келіншектер көш қапталында бір топ атты боп ошарылып тұр. Кер құнан мінген Хансұлу да солардың арасында. Басында түлкі тымақ, қара пүліш тысты тиін ішіктің белін жалпақ күміс белдікпен шарт буған.


Пахраддиннің даурыққан үні шықты.


— Түу, пәдеріңе нәлет! Мына кәрі қыртыңның пиғылын ұқтым! — деп екі иығы селкілдеп күлді. — Уай, жігіттер! Анау келені алға шығарындар! Барлық гәп сонда!


Жігіттер көш соңында иірілген үйір түйені сүргітіп қуып, көш алдына шығарды.


Қабақ жүні салбыраған Шойынқара түксиіп сидаң-сидаң желген ши борбай аруана, інген, мая, құнаншаларға сүзіле қарайды. Бұл Шойынқараның үйірі еді. Сарыжазықты бойлап ұлан жаз шиырып айдап жүретін өз үйірі. Танауына жұмсақ үйіріліп күлімсі аруана иісі келді. Алпауыт нардың үйдей көкірек түкпірінде шым-шымдап бір зор гүркіл бас көтерді. Шыңғыртып азу қайрады. Ашулы бүркіт көзі бір жарқыл ұшқын шашып күпшек санын құйрығымен қамшылады. Бүл — іште булыққан өмірпаз тұма күштің, көп ұзамай жанартаудай сыртқа тебер жігердің дүмпуі еді. Шойынқара жауар бұлттай түнеріп келенің соңынан жардай құлап ұмтылды. Шөккен түйедей дүңкиген бума ағашты бұйым құрлы көрмей сүйрей жөнелді. Қалың оппа қардың таңы айырылып қос қапталға жарыла құлап жатыр. Ұйлыққан қалың көштің маңдай алдынан ұзынша көшеленіп жол шықты. Жұрт у-шу. Күлкі.


— Құдай тас төбеңнен ұрсын, Шойынқара!


— Шойынқара! Шойынқараның ойын қара!


— Ұялсайшы, қартайғанда! — деп әйелдер жағы беттерін сызды.


Көш тізіліп шұбырып Шойынқараның ізіне түсті. Көш соңынан үйір-үйір жылқы, одан кейін ай мүйізді, қоңыраулы серкелер бастаған қора-қора қой шулап-маңырап ілесті. Өстіп жарты айлық жолы бар, сонау ит арқасы қияндағы жылы жақ, сексеуілді, түлейлі құм — Ұлы Самға мыңғырған малды ауыл ырғалып-жырғалып қатар түзеп қозғалды.


Бүткіл тіршілігін ақ кебіндей сіреу астына жасырып, салқын томсарған ұшан-теңіз қарлы дала айдынында сүйретілген ала жіптей жіңішке шүбатылып коңыраулатып іркіс-тіркіс көш барады. Қыстауға бет алған малды ауыл.


2


Сүйменшот, күрек, кетпендерін бөктерген бір топ салт атты сар желіп, көштен сәске түсте-ақ озып кеткен. Қазір түс ауған. Аттарын қара тер етіп әлі сол екпінмен салдыртып келеді. Торы шолағы зірк-зірк желіп, ызғытқан топқа әрең ілесіп Шеге келеді. Әңгіме-қалжынды судай сапырып даурыға желген топтан көңіл күйі де бөлек. Қабағы жабық. Үні шықпайды.


Көңге ұлы бесін шамасында жетті. Жайпақ дала төсіңде бұлтиып тұрған домалақ төбенің түстік ықтасын жағы атам заманнан алыс қыстауға көшкен ел түнеп өтіп жүрген көң еді. Қазір қар астында жатыр. Жігіттер аттарынан сатыр-сүтыр түсе қалып іске қауырт кірісті. Жұмыстың ең ауыры — тоң ою. Үй тігетін, ірі қара байланатын жерлердің тоңын оюға Бұлыш, Әзберген сияқты жеті-сегіз қарулы сақа жігіттер кірісіп, қой жататын көңнің қарын аршуға Шеге, Қозбағар тәрізді бозбалалар қалды. Содан бұлар ақ тер, қара терлері шығып, күн батқанша тынбастан сілтеді.


Күн ұясына қона теріскей қабақтан шұбатылып қоңыраулатқан көш көрінді. Көш алдында — шоқтығы қарауытқан Шойынқара. Жалпақ елге жол ашып келеді.


Екі кештің арасында дүниені азан-қазан шуға толтырып ауылдың алды келіп көңге түйелерін шөгере бастады. Меңіреу жатқан суық өлке қапелімде жанданып сала берді.


Қары аршылған көңнің нақ ортасында буы бұрқырап алшайып Шойынқара тұр. Беліндегі арқанды жігіттер алас-қапас шешіп жатыр. Танауы шуылдап теңірекке биікген көз тастап алпамсадай алшайып түрған нар үлектің омырау, шабы ақкөбік тер. Сүйретілген шуда ішінен де тер сорғалайды.


Жұрт батар күнмен таласып жүріп тоңы аршылған орындарға қамашаулап жаппаларын тікті. Малдарын байлап, сауын сауды. Түйеге артып келген тезек, отындарын жағып қазан көтерді. Керегенің басын жауып қалқайткан жаппа күркелерінде тығылысып отырып ысымақ ішті.


Шайдан кейін мандайының қырыс-тырысы жазылып көңілі жошыған Шәріп кеудесіне кішкентай қызын отырғызып, тар күркенің төрінде шалжиып жатып әу деп те жіберді. Бір кезде селқос отырған Шегеге көзі түсіп кетіп,


жатқан жерінен басын көтеріп алды. Сирек жирен мұрты тікірейіп:


— Ау! — деді. — Ау, сақалды байтөбет! Бері қара! Саған айтып отырмын!


Шәріптің күрке толы қыздары сықылықтасып күлді. Шеге мойнын бұрды. Бірақ үн жоқ. Кішкентай өткір көзіңде бір ызғар бар.


— Ау, заңғардың баласы! Ау, салың суға неғып кетіп жүр сенің? Ал айт! Не көрінді?


— Ештеңе көрінген жоқ, — деді Шеге беті бүлк етпестен.


— Түу, бәдбақ! Бізді алдағысы келеді. Сөйле, тындайық!


— Әй, жайыңа отыршы! Нең бар қарап отырған балада?—деп жалт қарады қазан-ошақ жақта күйбеңдеп жатқан Жайбасқан.


— Қарап отырмаймын! Ау, бұны жұрт бір үйдің сойталдай азаматы дейді. Тыңдайық арызын! Неге кілтиеді екен?


Сол арада кішкентай Гүлжан жұлып алғандай:


— Сен жамансың! — деді сұқ саусағын шошайтып


әкесіне.— Хансұлуды неге бересің Қозбағарға! Шеге ағам Хансұлуды жақсы көреді... білдің бе?


Шақырлатып қазан қырып жатқан Жайбасқанның қолынан қырғышы түсіп кетті. Шәріптің де шапыраш көзі алақандай болды. Шай құйып отырған Балжан үркіп, тартынып қалды.


— Жап аузыңды!! — деп Шеге қарындасына ақырды. Гүлжан кішкентай алақанымен аузын жаба қойды.


Шәріп ешкі құйрық сақалын тұтамдап, әйеліне қарап басын біраз изеңдетті. "Көріп отырсың ба?" дегендей. Әлден соң Шегеге бұрылып:


— Пәтшағар... Білдік кеселіңнің төркінін... — деді сол басын изендеткен күйі.


Шегенің осы жерде шыдамы бітті. Талағы тарс айрылды.


— Не білдің! Түк те білген жоқсың! Біреуді біреуге зорлап қосып, заңға қарсы қылмыс жасап отырсың! Сол сенің білгенің! — деп Шеге ыршып тұрды.


— Әй, шошқа асыраған иттің төлі! Отыр, әкірендемей!— деді, Шәріп те ашу шақырып. Бірақ дауысы бәсең шықты.


Шеге әлі шақшиып тұр. Жігіт болып қалыпты-ау өзі.


— Отырмаймын! Кетемін! Керегі жоқ бүйткен... — деп, булығып есікке ұмтылып еді, шешесі алдын кес-кестеді.


— Әй, отыр! Бұрқырамай! Көрмей жүрген әкең емес қой!


Аязды, сіреу қарды шиқылдатып басып көш келеді. Сықай жүк тиелген шойтабан нарлар үскірік, ызғырық сияқты қыс кияпаттарын қаперге де ілер емес. Алшаң-алшаң басады. Киіз қоршау ішінде ақ жаулықтары ағараңдап түйе ырғағына итендей түсіп, кәрі шешелер келеді. Жылы киініп, жарау аттар мінген жігіттер, келіншекгер жағында әзіл-қалжың, ду-дабыр. Кешелі бері тістеріне талшық тимей шұбырумен келе жатқан қой-ешкінің шуылы бүгін үдей түскен.


Көш алдында майда бүлкілмен желістеген бір топ түйе. Ізін ала бума ағашты сүйретіп шоқыдай айдыны шыққан — Шойынқара. Тоңдай қатқан сіреу қарды сендей бұзып екі айырып дүйім көшке жол ашып келеді. Томар аяқ, күпшек сан алып тұлға Шойынқараның аш белі қаншырдай қатса да танауы шуылдап, суық жанары от шашады. Қар күміс шаңдатып, бауырында бұрқ-бұрқ етеді. Жігіттер жол-жөнекей қарды аршып баялыш, жусан шауып әкеп нардың аузына тосады. Аш үлек орып асайды.


Тағы, арада үш түнеп, төртінші күні көш Көлтабан арқылы Үстіртке көтерілді. Аш, арық-тұрық талай қой-ешкі бұратылып жолда қалды. Үстірттің тақтай жазығымен салдыртып отырып, көш араға апта салып Өкім-Қиықтың сорына құлап, екінші апта Самның құмына да түяқ іліктірді. Құмның қары жұқа, шөбі қалың еді.


Көзі қарауытқан мал қалқиған бұта көрінсе ұлардай шулап, қасқырша қаптайды.


Ауыл сексеуілді қалың түлейге ішкерілей кіріп жыл сайынғы қыстап жүрген көңді ықтасынды жылы қорасына қонды.


Хансұлу үшін қыстың көңілсіз, сұрқай күндері басталды. Маңдайынан кісі шертіп көрмеген ерке қыз басына түскен жайды сазарып үнсіз көтерді. Әкесіне "Неге өйттің?" деп тіс жармады. "Көке" деп еркелеуін доғарды. "Бұның не?" деген әкесі де болған жоқ. Әкесінің басы қатып жүргені басқа нәрсе. Кеш болса, Әзберген екеуі оңашаланып алып керілдеседі де отырады. Ауғанстан, Иран дегендерді жиі айтады. Шешесінде үн жоқ. Қыстауға қонысымен бұның жасауын дайындауға кірісті. Ертелі-кеш қол мәшинесін зыр-зыр бұрап тігін тігеді де отырады.


Қыс кеші бүгін де ерте түсті. Әлі шам жағылмаған бейуақ еді. Үй іші ала көлеңке. Ортада үш бұт темір ошаққа асылған қазан. Иісі бұркырап бүлкіп қайнаған соғымның еті. Қазан астында қоздаған шоқ. Сол оттан көзін айырмай, Хансұлу тыңқылдатып домбыра шертіп отырған. Бір түпсіз ой тұңғиығына бойлаған. Баяу қоңырлаған бейбақ домбыра, қаяулы қыз жанының жалғыз мұңшысындай күрсіне өксіп кейуана гөй-гөйлейді.


Сырға бәйбіше тігін мәшинесінің құлағын бұрауын доғарып жайлап түрегеп босаға жақтағы шамды жақты. Сұлу тұлғалы биязы мінез шешесі көлеңкедей жылжып тысырсыз қозғалады. Мына кешкі бейуақта домбырамен оңаша сырласқан қызының көңіл шырқын бұзғысы келмейді. Үй ішіндегі зілмауыр тыныштықты ауылдың арғы шетінен естілген шаң-шұң айқай бұзды. Сырға бәйбіше селт етіп сыртқа құлақ түрді. Хансұлу шапшаң қозғалып, сыртқа шықса ауыл ортасында лаулап жанған отқа көзі түсті. Жұрт төбе етіп үйілген қардың жел жағына сексеуіл өртеп, шыршыр /қар ерітіп ауыз су алу/ жасап жатыр екен. Әріректе жайдақ тайға мініп екпіндеген Ждақай. Даурығып, қырға қарай жүгірген Шәріпті айнала шабады. Әлгі айқай сөнікі екен. Жұрт шыршырды тастай сап ауыл артындағы қырға ұмтылды. Хансұлу да жүгірді. Ең алдымен көргені Мажанның қыстауы тұсынан жүгіріп келе жатқан әйел. Оны өкшелей қуып қамшының астына алып сабаған түлкі тымақты кісі. Әйелдің — Балқия екені, еркектің — Мажан екені әбзаматта қыр үстіндегі жұртқа аян болды. Балқияның шашы жайылып кеткен. Ішігінің етегі далақтап қарға сүріне аттап келеді. Екі қолымен басын қорғалайды. Қамшыдан басын, бетін қорғашгай береді. Мажан ұрып келеді.


— Өй, өлтіреме-ей, қайтеді!


— Жын қаққан шығар мына шалды!


— Еркелігін көтермейді екен, уыздай жасты алып несі бар? — десіп, қыр үстіндегі жұрт гуілдесіп кетті.


Сөйткешпе, жүгіріп келе жатқан келіншек ат қағып омақаса құлады. Балқияны арашалауға ұмтылған жұрттың алдында тайымен жалбақтап шапқан Ждақай, одан кейін қатты ұмтылып жаяу Бұлыш мерген барады. Жүгіріп кеп Балқияньщ қолтығынан сүйей берген Бұлышқа да қамшы сілтеді Мажан.


— Жә, жетулі! — деп түгігіп кеткен Бұлыш созыла түсіп, шалдың қолынан қамшысын жұлып алды да, сабын қақ бөліп, лақтырып жіберді. Мажанның бетіндегі қара қалға шыққан жалғыз қыл да тікірейіп кеткен екен. Токалына соңғы рет ақырып:


—Ал баратын өкіметіңе бар! Әй, бұзылған, атаңа нәлет!— деді де сары жорғасының басын кейін шапшаң бұрып, тайпалта жөнелді.


Екі ауыл арасын шұбарлап өрістен қайтқан мал келе жатыр еді. Малдың соңындағы қойшы, түйешілер де екі кештің арасында болған мына уақиғаға елеңдесіп шауып келеді.


Аяғын әрең басып солықтаған орта бойлы дембелше Балқияны Бұлыш қолтығынан сүйеп келеді. Хансұлу топ ішінен бөлініп келіншектің екінші қолтығынан демеді.


Балқияның әдемі ақсары жүзіне екі жерден қамшының ізі түсіпті. Төмен қарап көз жасын үнсіз шұбыртып, Бұлыштың қолтығына сүйене түсіп келеді. Өжет, сұлу Балқия жас Хансұлудың көзіне өр мінезді, еркін тұлғадай көрінетін. Енді міне, сол тәкаппар еркін сылқым Балқия, кісінің қоры боп келе жатыр. Өксігін баса алмай солқ-солқ етеді. Балқияны аяғаннан Хансұлудың да көзіне жас айналды. Мажанға, сол сияқты топас жандарға деген ашу-ыза қысты көкірегін.


Бұлыштың үйіне жақындай бергенде, Дәу апаның ашық зор үні естілді. Қапсағай қара кемпір қолында таяғы, жұлым үйінің алдында сорайып тұр екен.


— Әй, балам! — деді, дауысы өктем де қатқыл. — Өз сорым өзіме жетеді, менің түге! Дауды шешетін өкіметіңнің үйі анау ар жағында! Сонда алып бар, түге! Әкелме бұнда!


Бұлыш бебеу қағып:


— Апа-ау... — дей беріп еді, қара кемпір "жә!" деп


таяғымен жасқап тастады.


— Жә! Сөзді доғар! Көмейің белгілі! Айтқанды істе! — деді, әңгімені шорт кесіп.


— Бұлыш! — деді, сол арада Балқия енді есін жина-


ғандай.— Өкіметтің де, өзгенің де керегі жоқ. Маған еліме жететін көлік тауып бер!


— Түн болды ғой... Балым! — деп, көмірқара Бұлыш шарасы таусылып жан-жағына қарады. Хансұлу Бұлышты аяп кетті. Бұлыштың бұрынғы өлген әйелі Хансұлуларға жамағайын болып келетін. Содан бұл Бұлышты "жезде" деп ойнайтын.


Ымырт үйіріліп қалған шақ еді. Қой келіп, ит үріп ауыл үсті азан-қазан. Қой қоралап, түйе байлап жұрт сапырылысып сыртта жүрген.


— Жезде! — деді Хансұлу Бұлыштың алдына тұра қалып.


— Біздің үйге-ақ жүрсін! Біздің үйде-ақ түнеп шықсын!


Әкесі үйде жоқ еді, "Барақ ата" басына мінәжат етуге кеткен.


Балқияны Пахраддин үйіне дейін шығарып салып тұрып Бұлыш есік алдында әлдене деп күбір етті. Балқия үнсіз бас изеді. Хансұлу бұлардың не айтқанын ұқпай қалды.


Көп ұзамай бытпылдық құмдардың ар жағынан толықсып Ай туды. Сексеуілді қалың түлейдің басын қозғап уілдеп арқадан жел есті. Қора қорып маңқылдаған жүндес төбеттер дауыстары өшіп, ықтасынды жылы қуыстарға бөксе тығып, бүрісіп үйқыға кетті. Алыстан ауылды торып қасқырлар жортты. Аязды түнгі ауыл ұйқыға толық енген шақ. Қыстаудың алды жағы түйе жасырғандай ұйысқан ну сексеуіл. Соның кіре беріс тасасында Бұлыш тұрғалы бірсыпыра уақыт. Ай жылжып шекеге келді. Әлден уақытта үлкен ақ боз үйдің есігі болар-болмас қозғалып ысырылып бір көлеңке бөлінді. Көлеңке сексеуіл арасына қарай жылжыды. Бұлыш тынысы үзіліп, бұта арасынан сығалады. Ішік жамылып баяу басып келе жатқан жас әйелдің шағын сұлбасы. Басында ақ шарқаты, ішіктің жағасын қос қолымен қымтай ұстап келе жатқан Балқия.


Бұлыш сексеуіл тасасынан шықты. Балқия Ай сәулесі түсіп тұрған ақшаңқан қарлы алаңмен келеді. Жымиып күліп келеді. Өзінің кәдуілгі мол сәулелі әсем миық күлкісі.


Байпақ етік, малақай, қалың күпілі Бұлыш, еркелеп кеп кеудесіне маңдайын сүйеген келіншекті ебедейсіз құшақтап жьп-жылы шарқатынан иіскеп, самайынан сүйді.


— Әрірек кетейікші!.. — деп сыбыр етті Балқия. Аспан таза. Толық Айдың ақшаңқан сәулесі қарлы төңіректі сүт жарық етіп тұр. Аяқ басқан сайын қар сықырлайды. Аттам жер сайын ербиген сексеуіл. Шашын төгіп, ақ білектерін Айға созған түн сұлуларындай. Немесе бұралып үнсіз билеген ақ балтыр қыздардай. Сексеуіл арасында үп еткен леп жоқ. Ықтасын. Бұта түптерінде ұйыған қалың көлеңке. Ай сәулесі үнсіз құйылған шағын алаңдар. Жан-жағы сексеуіл, алақандай оңаша жазыққа келіп іркілді екеуі.


— Кәні, көрсетші! — деп Бұлыш келіншектің бетін Айға бұрып үңілді. Балқия көзін жұмып жас жуған дөңгелек жүзін Айға тосты. Бірі — кең ақ маңдайының ортасынан қиғаштап құлап сол жақ бетін сызып, екіншісі — әдемі шолақ мұрны үстінен оймақ аузының оң жақ құйрығын баса түскен қамшы ізі.


— Тілмепті, тек сызып қана өтулі... Бұйым емес. Жазылып кетеді, — деп Бұлыш келіншектің жас жуған көзінен, қамшы тиген бетінен асығыс құшырланып сүйді. Балқия көзін сол ашпаған күйі:


— Арысым... — деп, ыстық тынысы бетін жалындай шарпып, ұмтылып кеп жабысты. Жігіттің қарын қысқан уысы бүркіт шеңгеліндей. Мытып барады. Құшақтары табысып, жалғыз тұлғаға айналып Ай астында ұзақ тұрды.


Шытқыл аяз. Мүлгіген мол сексеуілді түлей. Аяқ астында сықырлаған қар. Соның бәрі сезілмей, ыстық аптапты жазға айналып кеткендей.


— Не деулі? Неге ұрды?


— Құрысыншы... соны айтпашы... — деп жалбарынды Балқия.


— Талақпын демеді ме?


— Оны қайтпексің? Үйлене қояйын деп пе едің? Табалдырығыңды аттатуға шамаң келмей тұрып...


Бұлыш сөзден ұтылып, тосылды.


— Балым, — деді әлден уақытта. — Мені сөге бермеші! Мен қайтсем де сені қор қылмаулы... Жаным бірге өзіңмен...


— Өйтіп бірге болмай-ақ қойсын! — деп Балқия жігіттің құшақтай берген қолын серпіп тастады.


— Не істе дейсің маған? Шешемді көрдің ғой. Бетін


қайтаруға Құдайдан қорқулымын. Төрт баласын жерге


берген. Жетімдіктің, жесірліктің тақсыретін одан көп шегулі пенде жоқ. Сөйтіп жүріп мені өсірулі.


— Қырсық кемпір... — Балқия көз жасын сілкіп тастады.— Менің жазығым не?..


— Балым! Дұрысы, бұндайда сабыр етулі...


— ... Сен... сен сабыр етерсің-ау!.. Мен бейбақ... Бүкіл елге... — Балқия қыстығып көзінің жасын төкті. Бүгіле берген Балқияны Бұлыштың қарулы қолы көтеріп алды қос қолтықтан. Сөйтті де жігіт келіншектің шарасына жас толған тостағандай сұлу көзінен сүйді. Сол-ақ екен:


— Бұлышым! — деп өксік атқан көкірегі қаяулы Балқия ышқынып кеп Бұлыштың мойнына асылды да, қарға шалқасынан тастады өзін. Оппа қардың үстіне екеуі ұмар-жұмар құлады. Бір-біріне ұмтылған қос жалындай шарпысып суық дүниені ыстық сезімдерімен күйдіріп, жандырып, буы бұрқырап жатты екеуінің...


3


Хансұлу көзі ілініп кеткен екен. Әлден уақытта, бір бүйірі мұздап оянып кетсе, қасында жатқан Балқия жоқ. Орны бос жатыр. Ұйқысы шайдай ашылып, жүрегі дүрсілдеп қоя берді. Мана кешкісін Бұлыш есік алдыңда Балқияға әлдене дегені есіне түсті. Кең дүние, кенет, тарылып бір уыс болды. Хансұлу Бұлыш жездесін пайғамбардай сыйлайтын. От тілді өсек Балқия мен Бұлышты бір-біріне таңып небір пәле-мәтерлерді суша сапырып жататын. Ондайда Бұлышқа іші салқын тарта қалатын. Бірақ, былай шыға бере, тазысын ертіп қаннен-қаперсіз аңға кетіп бара жатқан Бұлышты көргенде әлгі есіткеңдерінің бәрін ұмытып, жездесінің батыр тұлғасына сырттай таңдана қарайтын. Сол сәт Бұлыш бүның көзіне қара қасқа атты Қамбардай елестейтін.


Есік сыбдырсыз ақырын ашылып ішке Балқия кірді. Шолпысы сылдыр етіп, майда басып төсекке жакындады. Қаранғы үйде тынысы ғана сезіліп, сырт киімін шешіп жатты. Хансұлу қыбыр етпей ұйықтаған боп жатыр. Балқия жылы көрпеге сырттың суығын ала кірді. Хансұлу Балқияның тынысынан қарлы түннің, сексеуілдің және Бұлыштың иісін сезгендей болды. Балқия жастыққа басы тиісімен маужырап, есінеп, кең тыныс алды.


Таңертең Бұлыш үйінің дастарқаны жиылмай жатып, есігін томпиған бір қара кісі ашты. Жұмсақ дауыспен жымиып күліп сәлем берді. Мажанның Жорға Күреңі екен. Бұлыш орнынан ұшып тұрып жасы үлкен кісінің қолын алды. Қонақ төрге озды. Бүл кісінің аты Күрең, Мажанға жамағайын болады. Мажанның оң қолы. Аздап сауаты бар, қала көрген, көзі қарақты. Мажанға ақылшы, кеңесші тәрізді жан. Қала шыққанда байдың сауда-саттығын жасайтын да осы кісі. Соның арқасында қожалығы күйлі. Досқа да, дүшпанға да бірдей майда тіліне, үнемі жымсиып жүретін езу күлкісіне бола "Жорға Күрең" деген лақапқа ие болған кісі. Төрге шығып томпиып отырып Дәу апаға қарап сазды дауысын сырнайдай созып:


— Ие, жеңешетай! Ауыл іргелес десек те айда, жылда бір көреміз, күйлі қуаттысыз ба? Мал-жан аман ба?! — деді.


Қолында ожауы, қазандағы сүтті сапырып тұрған қара кемпір:


— Шүкір ғой, — дей салды. Емексіген Жорғаға оң


пейіл бермеді. Жорға Күрең езу күлкісін жимастан енді Бұлышқа бұрылды.


— Ие, Бұлышжан! Ие, биыл құмда киік көп, атқаның тиіп, қуғаныңа жетіп жатыр деп есітеміз...


Әрбір сөзді майпаздап сөйлейтін осы Жорғамен бетпе-бет келгенде қараптан-қарап отырып құты қашатын әдеті Бұлыштың. Соны сезген Дәу апа:


— Әй, Жорға, әңгімеңді білтелемей, келген шаруанды айт, түге! — деп қойып қалды.


— Түу, жеңеше-ай, кісінің көңіліне келеді деп те ойламайсыз-ау! Уа, келген шаруам былай, ендеше, жеңешетай! Кеше осында Мәжекем үйіндегі ерке жеңгем ат басын тіреген екен...


— Немене, бұл не сонда, түге, жұрттың қашқан-пысқан қатындары тұрақтайтын үй болып па?


— Ойбай, жеңешетай, қойдым. Қойдым!


Кеше Жорға бас боп, ауылдың бүкіл бас көтергендері, «балаңнан да кіші уыздай жас тоқалды, ізіне ерген азғантай сөз көтермейтін болсаң, неге алдың?» деп Мажанды қыспаққа алған-ды. Шынын айтқанда байғұс шал Балқиядан айрылғысы жоқ еді. Балаларының қот-қоттауымен сұлу тоқалын ауылдан қуарын қуып шықса да, іші удай ашып отырған. Тоқалды қайтарып әкеліп беріңдер деуге намысы құрғыр жібермей отырған. Жорға Күрең "Балқияны қайтаруды мен мойныма алайын" дегенде қуанып кетті. Тоқалының мінезі тіктеу еді, бір жібітсе енді тек осы Жорғаның тілі жібітер деп ойлады.


Ойлағандай-ақ, сәске түсте Жорға Күрең Балкияны алып, екі ауыл арасындағы құмсақ шағылдан бері асып келе жатты.


5


Хансұлудың ұзатылу тойының қамына әке-шешесі шындап кірісе бастады. Шешесі қыз жасауын дайындаумен, қат-қат көрпе-төсек, ондаған пар киім-кешек тігумен ұзақ күнді кеш қылса, әкесі қыс ортасы ауа сонау Ойдағы Бесқалаға /қарақалпақ қалалары/ базар шығатын болды. Тойдың керек-жарағын алуға базарға жарты үйір түйе, жылқы айдамақ. Хансұлуға тігетін отауды да сол қарақалпақ елінен әкелмек.


Базаршылар Бесқалаға кеткенде бұл ауылда тағы бір оқиға болды. Таң сыз бере Шырылдауық Шәріп жез құманын алып, дәрет алуға тысқа шыққан. Қараса Пахраддиннің ас үйіне жапсарлас отырған Әзберген үйінің орны жым-жылас. Дөңгеленіп жұрты жатыр. Кеште бар еді, бүгін таңда зым-зия жоқ. Көшіп кеткен. Қашып кеткен. Осы ауыл үшін өкімет алдында жауап беретін Шырылдауық Шәріп өз көзіне өзі сенбей сілейді де қалды. Қолындағы су толы жез құманы жерге түсіп кеткенде барып селк етті.


— Әй, кіспүрыш! Әй, контра! Әй, қылдың-ау қылықты! Әй, тұра тұр! — деп ащы дауысы шығып дедектеп қыр басына жүгірді. Жан-жаққа қарады. Таң қараңғысында алыс, жақын сексеуілдің бәрі Әзбергеннің көшіндей елестеді. Бүкіл ауылды аяғынан тік тұрғызып, Шәріп торы атқа міне шапты. Жайдақ міне шауып еді, бел аспай құйрығын алдырып атын жетектеп кейін қайтты. Ұйықтап жатқан Шегені жұлмалап оятып Көксеңгірдегі болыстың кеңес ағасына шаптырды. Содан, қылышын салаңдатып түс қайта Бұқабай мелиса келді. Ол да ауылды айналып олай бір шауып, бұлай бір шауып: "Өздеріңе со керек, өткен жолы көзін құрта салу керек еді, енді міне, бандит боп кетті" деп, қабағын шытты.


Содан көп ұзамай түстіктен қызыл жел соғып, күн жылып, қар шұрқ тесілді. Құралайдың салқыны өте қойлар төгіп коздай бастады. Шаруа ауыл үшін сүріне аттап жүгіретін төлдің ең бір қауырт, қарбалас айы басталды. Мал нобайлап туып, қозы аяқтана бастасымен, Самды қыстаған қалың ел козғалып ақырын жылжып сонау ит аркасы қиян теріскейдегі жаз жайлауы — Жем бойына қарай лықсыды. Жұрт қыс басындағыдай тізіле шұбырып емес, ендеп қанатын кең жайып, жапа-тармағай көшіп келеді. Қыстағыдай итініп асықпайды да. Қой-қозыларын ысырып айдап жайып, жылқы, түйелерін қарақұрым өрістете қаптатып асықпай көшеді. Қозылы қойдың маңырағаны шопан салған әнге ұласып, жасыл алқапта алабажақ қозғалған көштің сәнін келтіреді. Жүк тиелген балпаң басқан нарлар. Түйе ырғағына бір қалып сыңғырлаған жез қоңырау үндері. Нар үстіндегі кемшр, бала-шағалар, көш жетектеген атты келіншектер, қапталдаса жортқан атты бозбала, бойжеткендер — түгел көңілді. Жүздерінде кең жайлау жазды сағынған, ойын-тойлы, дырдулы өмірге асыққан, құлшынған іңкәр рай. Алдарында — көшпелі елдің арқасын кеңге салып сайраңдайтын ұзынсонар жаз. Тойлы, ойын-күлкілі, әсем айлы түңді, ыстық сезімге толы думанды, қызық жаз.


Сол жазға, өміріндегі тұңғыш зобалаң жазға асықпай келе жатқан — жалғыз Хансұлу. Анау жылқы қуып даурыққан Қозбағардың күлкісін естіген сайын қабағы шытыла түседі. Қозбағар байғүс бүгінде Пахраддиннің шаруасы дегенде төбесімен жорғалауға бар. Бірақ Хансұлудың көңілі одан сайын жылымақ тұрмақ, түршігіп мұздай түседі. Қозбағарға өлсем тимеспін деп Хансұлу іштей серт жасап, тастай бекінген.


Сынуға бар, бірақ иілуге жоқ, тік мінез қыз іштей солай қасарысқан.


Артқа бір апта салып көшкен ел Балғаның жазығына құлады. Сіркіреген селдір ақ жаңбыр таң атқалы үзбей себездеп тұрған. Жаңбыр шайған жусанды, бұйырғынды тегіс дала тазарып, жасарып, бояуы ашылған жасыл кілемдей құлпырады. Тынысты кеңейіп райыс лебі еседі... Қой-ешкісі маңырап, қозы-лағы дүркіреп шауып, бота-тайлағы қоңыраулатып ойнақ салған бұл көңідді көш дүрмектің ішінде көңілсіз тағы бір жан келеді. Ол — Шеге. Екі жағы суалып, сылынып арықтаған сылыңғыр арық қара Шеге еді. Әкесі мен екеуі үйдің 30— 40 ұсақ жандығын айдап көш соңыңда ілбиді.


Конып-көшіп, малдарын жайып айдап, қоңыраулатып көш келеді. Ойын-сауығы, қайғы-мұңы, әзіл-қалжыңы аралас. Жол ұзақ. Атам заманнан үйренген тірлік. Үйренген жол. Жер от. Аяқ басқан сайын көлкіген су. Су төңіректеп отырған ала қаз, үйрек. Көкке ауызы іліккен мал да қунақ. Шаруаға да керегі сол. Жұрт райы ашық.


Ырду-дырду көш артқа жөне екі апта салып, ауылдың жаз жайлауы Түгіскен көлінің түстік жағына жетіп іркілді. Айға жуық ауыл-аймақ, бота-тайлағымен кона жастанып көшкен ел бейне бір думанды саяхаггы бастан кешкендей бір сілкініп түлеп еді.


Жан-жағы тегіс ортада айнадай жалтырап жатқан көлдің түстік жағалауы — қалың изені мен жусаны, күйреуігі мен көдесі көлкіген жасьл жон. Ауыл сонда қонып жатыр. Бесінде жүктерін түсіріп керегелерін қалқитқан ауыл, кешкі күн сонау Хантөрткіл төбеден әрі асып ұясына шөккенде қатар-қатар тізілтіп үйлерін тігіп те тастаған еді. Сол қатардың ортасында кеседей төңкерілген ақшаңқан үлкен ақ боз үй тұр. Ол — Пахраддиннің өз үйі, оң жағындағы ақ отау — Хансұлуға арнап тіккен, кыста Бесқаладан әкелген жаңа отау.


Үйлердің алдында жер ошақтар қазылып жылт-жылт оттар жанады.


Түс әлеті еді. Ждақай мен Шеге көлдің құсын дүрліктіріп жыңғылды жағалауда үйрек атып жүрген. Ел жайлауға қонғалы бергі екі достың оңаша кездескені осы. Ә дегенде Ждақайдың оң қабағындағы көкталақ ісікті көріп Шеге шошып кетті.


— Қызталақ... Мажанның балаларының істегені, — деп иығын қиқаң еткізді Ждақай. Аудан келгелі жатқаны рас па? Байларды тұқымымен құртады деген рас па?


— "Аудан келмейді". Аудан құрылады, — деп, Ждақайдың қатесін түзетті Шеге. — Бұрынғы уезді байларға әлі келмейтін болғасын таратып, аудан жасайтын болыпты. Аудан шатақ дейді. Байларға: "Жетеді осы он жыл еркелеткеніміз,


енді табандарыңызды жалтыратыңыздар!" дейтін көрінеді.


— Е, бәсе, сөйтсе екен, қасқа! "Қашан келеді жаңа өмір?" деп-ақ мойынымызды соза-соза өлетін болдық қой...


— Бізде ғана ғой. Әйтпесе қайда! Басқа жақта жаңа өмірді баяғыда бастаған,— деп, Шеге көп білетін кісіше маңғазданды.


— Шеге, әкең өкімет қой, есіттің бе, айырплан, мәшине қашан келеді біздің жаққа? — деп Ждақай Шегеге қарай итіне түсті. Шеге бір танауынан күле түсіп:


— Сен де айтасың-ау! Айырплан тұрмақ шайтанарбаны көріп алсақ болмай ма, алдымен! — деді.


— Әттең, мен өкімет болсам!!! — деп, Ждақай өкініштен көкірегі қарс айрылып шалқалап жата кетті. Шеге күліп жіберді.


— Ие, не істер ең сен өкімет болсаң? — деді, кекеп.


— Қалжыңы жоқ, мен өкімет болсам, біздің байларды "тарс-тұрс" еткізер ем. Әкесінің... Аудан келгенше оларды бүйтіп алшандатып қоймас ем...


Ждақай мен Шеге құс атуды ұмытып әңгіменің қызығына түсіп кеткен. Ауыл жақтан Қаракер атын сылаңдатып келе жатқан Хансұлуды байқаған да жоқ.


Көз қиығының қайқылау құйыршығына жас іркіліп Хансұлу жалғыз келе жатты. Әлгінде, үйіне ауылдың бас көтергендері жиналған. Ішінде Шырылдауық Шәріп, ұзынтұра Уәп, Дәу апа, Бұлыш бар. Ақ түйесін желпілдете желдіріп Жылыбұлақтан Лабақ ахун да келді. Пахраддиннің қонақ үйі кісіге лық толды. Шешесі бұны ыммен сыртқа шақырып алып:


— Сұлутай, сен басқа үйге бара тұр! — деді. Қабағында кейіс. Қыз жүрегі бір жаманатты сезді. Желіде тықыршып тұрған Қаракеріне мініп, басының ауған жағына тартып отырды. Сөйткенше, ауылдан жирен қасқа мінген бір бала шауып шықты. Көл жанынан сыдыртып өте берді.


— Әй, зәнталақ, тоқта! — деп, су жағасында жатқан


жерінен бақырды Ждақай, — бері кел!


— Не? — деп желпініп алған бала атының басын әрең


іркіп, көлге қарай бұрды. Жирен қасқаның танауы делдиген.


— Өй, қасқа бала, қайда шаптың, әлем-жәлемің шығып?


— Тойға шақыруға. Келесі сәрсенбінің сәтіне той, Пахраддин қызын ұзатады, — деп бала анадайдан айқайлап атына қайтадан қамшы басты.


— Мәссаған, қасқалдақ! — деді Ждақай көзі атыздай боп, атын суарып тұрған Хансұлуға бір, өңі сұрланып кеткен Шегеге бір жалтақтап. Шеге өңі түтігіп төмен қарады.


— Шеге, ал қасқа бала, енді не істейміз? Шынымен


Қозбағарға кеткені ме Хансұлудың! Алып қашайық, әкесінің көрін! Көне ме өзі? Сүйеме өзі сені? — деп Ждақай едірендеп тұрып кетті орнынан.


Шегеде үн жоқ. Тістеніп алған. Назарымен жер шұқып, көзіне жас айналып отыр.


Жирен атты шабарман арқаға қарай жусанды, бетегелі тегіс даламен жұлдызша сызылып ағып, ұзап бара жатты.


МАЗАСЫЗ ЖАЗ


1


Тойға санаулы күн қалғанда құрбан айт басталды. Жұрт елең-алаңнан тұрып, қорадағы малдан соярлық бір-бір жандықтарын ұстап байлады.


- Айт құтты болсын!


- Айтқаның келсін!


Бүгін барлық үйдің есігі ашық. Пейілдері кең. Дастарқандары жаюлы. Осыдан үш күн ұдай жиылмайды ол дастарқан. Үш күн ұдай айттап қыдырушылар да толастамайды. Есігіңді кім ашса — сол қонағың. Бүгіндері жұрт ең таза киімдерін киеді. Кебеже, теңдер ашылып, дүние-мүлік, киім-кешек, кездеме маталар көрнекке ілінеді. Үй іші бай қызының жасауындай саусап жайнайды. Ата-ананың да қабағы ашық. Жастардың күні-түн ауыл, ел аралап, сауық-сайран жасауына тарлык жасамайды. Түске таман Жем жақтан құйында-құйын шауып болыстық кеңес ағасының шабарманы келді. Аты ақ тер, көк тер, тура Шәріптің үйіне тұмсық тіреді. Содан әбзаматта ауыл іші жаңа хабарға толды да кетті. "Өкіл келе жатыр екен", "Ауданның бастығы екен". Хабар дүңкілдеп алдымен естіген Шәріптің өзінен бұрын тарады ауылға. Кішкентай Шәріп аяғы маймаңдап үйден үйге жүгірді. Болыстық кеңес ағасының бұйрығын әр үйге жеткізіп тызаттап ауыл арасында жортақ қақты.


— Ау, халайық, ошақ бастарыңды реттеңдер! Аудан басы келеді. Халықтың хал-күйін білуге келеді. Қамданыңдар! Ау!!!


— Құдай безгелдек, қамданғанда не істейміз?— деді Торқа кемпір торсаңдап. — Жаз болса өкіл қаптап кетеді екен түге, іннен шыққан суырдай.


— Әй, ондай сөзді қойыңдар! — деп Шәріп шыр ете


түсті. — Бұл келе жатқан ойнайтын кісілерің емес сеңдердің!


— Ау, халайық, қамданыңдар! Жаңа басшы келеді! Қалаған есікті ашады! Қалаған үйіне түседі! Ау, халайық! — деп, үйден-үйге жортқан Шәріп, жұрттың бәрін әбігерге салып, дүрліктіріп жіберді. Пахраддиннің үйінің тұсына келіп бір тоқтады.


— Ал құда, сен де қамдан! Аудан басы келе жатқан көрінеді. Сенің үйіңе түсе ме, кім білсін! Бұл ауылда оңды үй де жоқ...


— Е, мейлі де. Қам жеме, құда! — деді, Пахраддин Шәріптің арқасынан қағып жұбауратқан боп. Үйде Хансұлу жоқ еді, әлгіңде жастарға ілесіп Көлқұдық жаққа айттап кеткен.


Мылтығы шошайған екі мелиса ерткен күткен қонақтары талма-тал түсте ауыл шетіне келіп аттарынан түсе бастады. Елден бұрын шәуілдеп ұмтылған иттерді Шәріп қолына таяқ ала қуып тоздырып жіберді. Сөйтіп, өзі майпаңдап келіп серек бойлы басына былғары кепка киген, иығына жамылған сұр кительді, ауылға шаршаған түрмен қабақ шыта қарап тұрған орыс жігітіне қос қолын ұсынды.


— Здрәсті! — деп дауысы шығыңқырап қалбалақтап сәлем берді. Бұған оң қолын ұсынған ұзын серек жігіт:


— Здравствуйте! — деп қоңыр дауыспен салқындау амандасты. Басшыны сырттан келген жас орыс жігіті деп естіп еді Шәкең. Қонақ Шәріпті танымай "бұның кім?" дегендей жанындағы көзәйнекті, шүңкиген арық, мосқалдау Апанасқа қарады. Апанасты Шәріп танитын. Апанас пат-


шаның қысымымен осы елге Мекалайдың кезінде жер


аударылып келген орыс. Темірде өкіметке дейін школда сабак, беріп, өкімет келгеннен кейін уезге қызметке ауысқан. Қазір осы ауданға РИК бастығы боп келе жатқан көрінеді. Өзі казақшаға судай.


Апанас Шәріпті арқадан қағып:


— Жолдас Қаспақов дегеніміз осы кісі. Қазақша айтсақ Шәріп аға! — деп таныстырды.


— Да, Қаспақов, Қаспақов! — деп Шәріп күлегештеп бас шұлғыды. Содан кейін қабақ шытып тұрған бірінші бастық түсі жылып, бас изеді. Апанас қазақтың жалпақ тілімен:


— Ие, Шәріп аға! Қоныстарың құтты болсын! Айт құтты болсын! — деп ілтипат білдірді.


— Жақсы. Жақсы. Айтқаның келсін, Апанас!


Қонақтардың касында болыстық кеңес ағасы Дүкенбай, баяғы Шәріпті ауылнай ететін Асан деген өкіл жігіт, содан кейін екі мелиса бар еді. Оның бірі осы елден шыққан, баяғы Әзбергенді айдап кететін палуан денелі Бұқабай мелиса да, екіншісі Шәріпке бейтаныс қатпа, қара сұр жігіт еді. "Жекей" деп таныстырды оны Апанас.


Осы арада қонақтарға Пахраддин бастаған ауыл кісілері келіп сәлемдесті.


Апанас аудан басшысына Пахраддинді таныстырып жатыр.


— Семен Харитонович! Бүл кісі әлгі мен өзіңізге айтып келе жатқан Пахраддин мырза. Кеңес ісіне қыруар көмегін тигізген осы ауылдың ақсақалы. Ал бүл кісі, — деп Апанас келген бас қонақка жұрттың назарын аударды. — Жаңа ашылып жатқан аудандық партия комитетінің бірінші


хатшысы жолдас Калашников Семен Харитонович. Ел аралап шыққан бетіміз. Семен Харитонович қазақ арасында түңғыш болуы. Сондықтан бұл елдің хал-күйін, тұрмысын, ауылдық жердегі кеңес ісінің барысын өз көзімен көріп жүр.


— Хош келіпсіздер! Көріңіздер! Аралаңыздар! Қонақ болыңыздар!— деді Пахраддин орысша. Калашников Пахраддиннің кең иықты зор тұлғасына, бір шекесіне сырма тақия қондырған күнқақты ашық мандайына, әдемілеп дөңгелетіп бастырған көк бурыл сақал-мұртына, ойлы, инабатты дидарына назар іркіп тұр еді. Еңді кеп бұ кулактың орысша сөйлеп, әлгі айтқан жылы лебізі тіптен таң қалдырды.


— Пахраддин мырза орысша да сауатты екен ғой, —деді бас шайқап, жымиып.


— Нан сұрап жерлігіміз бар, жолдас басшы, — деді,


Пахраддин мұртының ұшын ширатып.


— Ал жүріңіздер! Өздеріңізге арнап мына Пахраддин мырза дастарқан жайып қонақасы дайындап отыр! — деп Шәріп жортақтап қонактардың алдына түсті. Шәріптің ұсынысын Апанас орысшалап Калашниковке жеткізіп еді, ол "алдымен ауылды аралап көрейік" деді.


Калашников қай үйге бас сұқса да жайнатып керегеге іліп тастаған дүние, мүлік, зергерлік бұйымдар, әр түрлі аң терілері самсап алдынан шықты да отырды. Төрге төселген оюлы текеметтер. Ілінген кілемдер. Қат-қат жиналған көрпе, төсек. Сүйек кебеже. Адалбақан. Кілемнен тоқылған кермелер. Бір жақ қапталда керілген жібек шымылдық. Үйдің босағасында түрегеп ысырылып ізет білдіріп тұрған әйелдер, қыздар. Бәрі малынып киінген. Білекте, саусақта, құлақта, шашбауда сылдырап, күлдіреген алтын, күміс, асыл тастар.


Ошақ басы таза. Жаюлы дастарқан. Калашников көрмеген бауырсақ, құрт, ірімшік, майсөк, жент төрізді тағамдардан қайысып тұр әлгі дастарқандар.


— Кедейдің үйін көрсетіңдерші маған! — деді Калашников.


— Әлгі кіріп шықкан үйіңіз кедейдің үйі, — деп жауап берді Шәріп. Ол кіргендері Бұлыштың үйі еді.


— Қанша малы бар?


— Ойбай, түгі жоқ тақыр кедей. 20—30 қой-ешкісі,


ботасымен қосып есептегенде үш түйесі, жалғыз аты бар.


— Мырзаның қанша малы бар?


— Мырза малды азайтты ғой. Кезінде дәулетті еді. Өкіметке етке өткізді, сатты, сойды — бітірді ғой.


— Қалғаны қанша?


— Екіжүзге жуық қойы, қырық-елу жылқысы, оншақты түйесі қалды.


Калашников сөзге құлақ түре тұрып кездескен қыз-келіншектердің киім киісіне, жүріс-тұрысына қарайды.


Пахраддин қонақтарды ақ боз үйінің есігін өзі ашып кіргізді. Сыртта Бұқабай мелиса қалды.


Төрге өтіп отырған Калашников бейне бір музейге кіріп кеткеңдей ашық таңырқаулы еді. Әлгі бас сұққан үйлеріндегі байлық мына мырзаның үйіндегі сән-салтанатпен салыстырғанда қайыршының лашығындай екен. Бұл үйде жалғыз ғана малынған байлық емес, сырбаз талғам да байқалады. "Қу жапанда бұ не шіренген салтанат?" Оның үстіне "Бара жатқан жағың қазақ даласының ең бір артта қалған аймағы. Кеңес ісінің етек ала алмай, жандана алмай жатқан қаға беріс тұсы. Бәрін де нөлден бастау керек" деп Казкрайком секретары Филип Исаевич Голощекин қоштасарда айтқан сөзі есінде. Сырға бәйбіше сызылып басып, өз қолымен үлкен қара сабадан иісі бұрқыраған сары қымыз құйды. Ортада тұрған жатаған дөңгелек стол үстіне бірнеше керсен толы қымыз келді. Пахраддин өз қолымен екі шөлмек "чекушке" арақты ортаға қойды. Қонақтар су жаңа көлдей парсы кілемінің үстінде кең отырып асықпай қымыз сімірді.


— Чудесно! — деп бас шайқап кояды Калашников.


Бірінші рет ішуі еді қымызды.


— Пахраддин мырзаның үйінде бәрі бар, байлық та бар, тамақ та көп, но, әйел аз көрінеді, ол неге? — деп сұрақ қойды бір тостаған қымыздан кейін сусыны қанып, маңдайы жіпси қалған Калашников әзілге сүйеп. Апанас оны қазақшалап берді. Қонақтарға қызмет көрсетіп, тостағанды жалғап отырған Шәріп шақылдап қатты күліп жіберді.


— Сол ғой манадан бері бұл кісіні "үлгілі мырза" деп мадақтап отырғанымыз. Ол ол ма?! — деп әңгімеге киліккен Шәріп жұртқа дес берер емес. — Ол ол ма, тақсыр, бүл кісі есігіндегі малайына өз қызын беріп, осы айтқа жалғас той бергелі жатыр! Ол аз болса, қалыңсыз бергелі жатыр!..Мінекей әділетті кісі!


— Өз кызыңыз ба шынымен? — деп шұқшия қалды


Калашников.


— Ие, өз қызым... жалғыз қызым... — деді Пахраддин жасаурай қалған назары төменшіктеп.


— Қызық!.. — деп таңырқап бас шайқады Калашников.


Босаға жақта ас қамымен үнсіз козғалып жүрген ашаң тұлғалы Сырға бәйбіше бұрқылдап қайнаған самауырдың оң бүйірін ала, сызыла кеп тізе бүкті. Жаңа түскен келіндей бір тізерлей отырып шайсаңдықтан су жаңа орыс фарфорын шығарып, қытай жібегімен сүртіп, жұмыртқадай тізілтіп қойып жатыр. Әлден соң әдемі гүлді шыны аяқтарға құйылған хош иісті үнді шәйі дастарқанды жағалап кетті.


Бас қонақтың жіті назары соның бәрін қалт жібермей байқап отырды.


Кең жағалы ақ көйлектің сыртынан жасыл жібек шапанды желбегей жамылып малдас құрып кең отырған Пахраддин еңсесін көтеріп Калашниковке тіке қарады. Сөйлеуге ыңғайланды.


— Өкімет саясатын естіп жатырмыз. Түсініп жатырмыз, — деп Пахраддин тың әңгіме бастады. — Өкімет артық малды,мүлікті алады. Ортаға салады. Мақұл делік. Оған өз басым қарсылығым жоқ. Алсын. Кедей-кепшікке үлестірсін. Бірақ бір нәрсеге зердем жетпейді, ойлай келсем. Мал-мүлкін алып, өзін, бала-шағасымен тоздырып жіберетіндей не кінөсі бар сонда бай сорлылардың?


Калашников көпшікті іргеге таман ысырып, сәл ойлана түсіп басын көтерді.


— Бұл сұрақты беретініңізді білгем,— деді. — Бұл сұрақты жалғыз сіз емес, үстем таптың сойыл соғарларының бәрі береді. Біріншіден, сіздің халықта "мал — баққандікі, дүние — тапқандікі" деген мақал бар көрінеді. Бүл халықтың көкейтесті сөзі. Партияның бүгінгі саясаты халықтың осы арманын іске асыру ғана. Ыклымнан байдың малын батырақ баққан. Партия, енді сол батырақ өзі баққан малына өзі қожа болсын дейді. Рас, жалшы ұстаған ірі байлардың маңдайынан Совет өкіметі сипамайды. Өйткені, бай — бай, жалшы — жалшы болғалы бері өз жалшысының мандайынан бай да сипамаған. Өкімет кедейдікі.


Пахраддин анық жеңіліс тапты. Әңгіменің бетін бұрып жіберді.


— Жоқ, ә, жолдас! Мен қазіргі өкімет саясатына қарсы


емеспін, асасы. Қайта қосыламын деп отырмын. Өз еркіммен өкімет қажет етсе, мейлі, артық байлығымды алындар деп отырмын. Сұрап отырғаным — өкімет аларын алғаннан кейін өзімізді жүнін жұлған тауықтай бүрсендетіп, елден шығарып қаңғытып жібермей ме, асасы, деп отырмын, — деп Пахраддин маңдайы тершіп, қозғалақтап кетті.


— Жо-оқ...— деді жұбауратып Апанас— Бері заңға сәйкес әділ жасалады. Сіздің жөніңіз бөлек. Өкімет алдындағы еңбегіңіз ескеріледі!


— Би аға, шындай келсек, сіз ірі бай санатына да кірмейсіз ғой. Алып-қашпа сөзден қорқа бермеңіз! — деп Дүкенбай да басу айтты.


— Түз-дәмдеріңізге рақмет! — деп Калашников Сырға бәйбішеге қарап бас иді де серең етіп, әскери адамша шапшаң ырғып түрегелді.


Өзге қонақтар да оған іле-шала өре түрегелді.


Қара сұр мелиса Жекей үйден жұрттан бұрын шығып еді, мана қалдырған орнында Бұқабай жоқ. Сұржекей жүрегі зірк етіп "бұған не болған'" деп алақтап, үйді айналса Бұқабай үй артында екі жас жігітпен тәжікелесіп тұр. Жас жігіттің бірі — жуантық төртбақ келгені, үйге қарай елеуреп ұмтылады. Бұқабай зор денесімен оның алдын кес-кестейді. Сұржекей шапшаң адымдап қастарына жетіп барды.


— Бұ не тұрыс? — деді сұрланып.


— Өй, кезінде бірге қозы баққан таныс жігіттер ғой.


Байдың қызын құтқарамыз, бізді өкілмен сөйлестір дейді. Болмайды десем көнбейді, — деді Бұқабай мандай терін сүрткіштеп.


Ждақайдың екі көзі шарасынан шыға жаздады.


— Жолдас мелиса! Біз әділдік үшін күресіп жүрміз!


Өкілге арызымыз бар!


— Әй, қайдағы өкіл? Бұл ауданның хатшысы, — деп Сұржекей түсіне ашу жинады. — Көне тайыңдар! Марш!


— Ағасы, арызымыз бар еді айтатын! — деді Шеге, сұр жігітке оқтай қадалып.


— Қайдағы арыз?


— Пахраддин қызын еріксіз беріп жатыр...


— Сіздер кімсіздер?


— Кедей жастармыз.


— Ендеше тайыңдар! Зорлық көрсе арызды қыздың өзі берсін! Марш! — деді Сұржекей, Шеге мен Ждақайды кеудеден итеріп.


— Әділет үшін күресуге болмай ма? Кеңес өкіметі қайда?!


— Марш! — деп ақырып қалды мелиса. Ждақай мен Шеге жылыстап кейін шегінді.


Келген қонақтар атқа мініп жүріп те кетті. Бет алыстары Мажан ауылы. Ауылдан ұзап шыға бере Калашников:


— Шынында да бұл өлкеде әлі еш нәрсе болмағандай. Революция дауылы бұл төңіректі айналып өткендей. Эх, көп шаруа жасау керек. Көп шаруа! — деп күрсініп бас шайқады.


2


Өмірінде талай тойды көрген Хансұлу. Бірақ бұндай көңілсіз тойды көрмеп еді. Ол — Хансұлудың өз тойы болды.


Әкесі бар тапқан-таянғанын осы тойға рабайсыз шашуда. Ауылдың екі қанатын ала жүзден астам үй тігілді. Әлденеше жүз қой сойылды. "Той бастар" айтқан жыршыға ат мінгізді. "Ошақ бәйгенің" өзіне басын бір бие етіп талай мал шашты. Аламан бәйгеге екі жүздей ат қосылып, бас бәйгесіне өркеші тайқардай қос нар тікті. Палуан күрестің бас бәйгесіне бір бие қойды. Хансұлуды солардың ешқайсысы селт еткізбеді. Үйдің жартысын ала керілген шымылдык ішінде топ қыздың ортасында ұлы дүрмек, ырду-дырдуға кереге көзінен ғана жылаулы назар салып отыра берді. Тілден, естен айрылғандай халде. Әкесі бас болып, үлкені бар, кішісі бар, мыңғырған қалың ел, жер қайысқан көпшілік бұның жан шырылын есітпес тас керең қатал тағдырдай. Жалғыз Хансұлуды асау ағысқа түскен жаңқадай қанкөбелек ойнатып әкетіп барады. Әкетіп барады. Қарсы тұрып қимыл қыларлық қауқары жоқ. Ұзынша қайқы кірпігінен мөлдір тамшы әлсін-әлсін түсе береді.


Тойда өтіп жатқан өнер сайыстарының ішінен Хансұлуды елеңдеткен жалғыз-ақ жырау өнері болды. Алғашында оған да бармаймын деп еді. Бірақ жыр Хансұлу отауынан онша алыс емес шағын төбешік үстіңде жырланды. Содан, кешкісін әлгі төбешік үстіне, төңірегіне бүкіл ауылдың алаша, кілем, текеметтері жайылды. Ай туа тойға жиылған мындаған жамиғат сол төсек үстінен жапырлап орын ала бастады. Әлден уақытта Ай астындағы үйден ақ шапанды, ақ сәлделі, сақал-шашы аққудай, ұзын бойлы, сексеуілдей қураған тірі аруақ шал шықты. Қолында — домбыра. Лабақ ахун еді бұл.


Лабақ ахун қасында екі-үш кісі бар, Ай сәулелі алаңның ортасындағы кілем, көрпеше төселген төбешіктің басына шығып тізе бүкті. Сыртқа түгел ере шыққан жұртшылық дүрлігіп, жырау отырған алаңға ұмтылды. Тойға келген елдің тайлы-таяғы қалмай, ең азы бала-шағаға дейін ахун отырған төбешікті айнала қоршап жайғасып, көлге қонған аққудай сыланған күміс сақал-шашты, кәрі жыраудан көз алмай қарайды. Ел түгел жиналып, жүріс-тұрыс саябырлаған кезде Лабақ ахун домбырасын қолға алды. Мың сан жұрттың абыр-сабыры су сепкендей басылды.


Лабақ ахун кең құрсақ үлкен қоңыр домбырасын күмбірлетіп құлақ күйін келтіріп біраз созаландап отырды.


Хансұлудың қасындағы қыздар дүрк көтеріліп, әддеқашан үркердей тобымен жыр тындауға кеткен. Жалғыз Балжан қалған қасында.


Сөйткенше, шаршы топтың ортасында айдыннан ұшатұғын аққуша иығын қомдаған ахунның кәрі көкірегінен қоңыр боздау үн шықты. Сабырлы, есті сарын. Жемнің жазғы жылым ағысындай баяу шымырлап, ұзаққа сілтер ыңғай танытады. Қадым заманнан, түу тарих қойнауынан жеткен бағзы ата-бабалар әуезіңдей. Күңіренген абыз әуен. Жұрт сілтідей тынды. Кезінде Бұхар медресесінен дәріс алған ахун араб, парсы тілдеріндегі кітаптарды емін-еркін оқып-тоқып оларды жыр-дастанға айналдырып, осындай шаршы топқа ылғи шашу етіп отыратын.


Жырау толғап жатыр. Дастандарды көштей тізіп атап жатыр, қалағанынды тандап ал деп жатыр.


Лабақ ахун енді жырын іркіп, көшпілік қалауына құлақ түріп, алдыңдағы шайдан ұрттады. Көпшілік жамырап дауыстап гулеп кетті. Әркім керегін атап, отырған жерінен айқайлап даурығып жатыр. Дауласып, шауқымдаса келіп, әлгі аталған дастандардың көбін бұл ел жатқа білетін болғандықтан, әлі далаға көп таралмаған қалпақтың "Қырық қызын" тыңдауға ұйғарды.


Лабақ ахунның қоңыр домбырасымен қоса ызындап Ай астында көсілген сары дала сыңсыды. Ай астында көсілген көделі, селеу, сабанды ақ күміс жайқын жазық бетімен үздіксіз толқын жүгірді. Үйге ұсталған шилер сарнады. Лабақ ахунның сонау ықылымнан сыр тартқан кәрі мақамынан Ай асты әлемі түгел тебірене беймазаланып қозғау тапты. Әлсізді әлді басып алып, қатын-бала шулаған, жоқтау, сықтаудан құлақ тұнған зарзаман сесі келді құлаққа. Аспанда жұлдыз дірдекгеп, Ай жылжып ауыл үстіне еңкейді. Ақ шаңыт тозаңытып, "Құс жолы" жатты түтіңдеп. Дала дөңбекшіп, күрсініп, жел боздады ботадай. Желдей ескен жыраудың сөзін жұтып тамсанып қалың жұрт отырды. Әке менен бала, әже менен ата отырды. Қыз, келіншек бәрі отырды. Біресе күліп, біресе жылайды. Біресе айқайлап, біресе тынады. Күңіренеді, толқиды.


Қырық қыздың сардары, өзі батыр, өзі сұлу Гүлайымның тағдырымен тағдыры ұқсап та кетеді Хансұлудың. Одан сайын көкірегінде құйын ұйытқып, тебіреніп, кірпігінен жасы үзілді. Ай шалқайып батыс аспанға аунады.


Хансұлудың ақ отауы Қозбағар үйінің жанына тігілген екен. Сонда әкеліп кіргізді.


Қайып молда бір кесе суға дүға оқып '"дем салып", бөлек екі үйде отырған күйеу мен қалыңдыққа ризашылығын білдіріп, әлгі кеседегі дуалы судан бір ұрттам ішуге жіберді. Хансұлу кесені ерніне тигізді де ішінен "риза емеспін, екі дүниеде риза емеспін" деп қайтарып берді.


Жатарға таман, төрт күн ұдай қасынан бір елі қалмай жүрген қыз, келіншектер бірсін-бірсін азайып, ең жақын деген досы Балжанның өзі де бұны отауда жалғыз қалдырып "қарасын батырды".


Сөйтіп, тойдың ду-дабыры су сепкендей басылып, шымылдығы түсірілген, төсегі салынған оңаша отауда шошайып жалғыз қалды Хансұлу.


Енді қараса басында ақ жаулық. Некесі қиылған. Қозбағардың Құдай қосқан некелі жары. Қараңғы үйде отыр.


Көп ұзамай есік алдында күбір-сыбыр естіліп "Кір! Қағынды келгір!" — деп сықсындасқан жас әйел үндері естіліп, ішке біреуді итермелеп кіргізіп жіберді. Ішке кірген пенде есік алдында состиып тұрып қалды Үй іші қараңғы. Хансұлу бұл келгеннің Қозбағар екенін біліп отыр. Дәмесінің зорын! Сонда бұл өзін Хансұлуға тең көреме екен? Барлық пәле осыдан. Осыдан ғой. Осы тек жүргенде, баяғы ойыннан бүйтіп от шықпас еді". Хансұлу өлердей ызалы.


— Ие, сені кім шақырды? — деді есік алдында пыс-пыс тыныс алып тұрған Қозбағарға. Қозбағар жалт беріп, шыға қашпақ боп есікті итеріп еді, аша алмады. Ар жағынан жеңгелері басып тұрған. "Қағынды келгір, тырп етпе, өз үйің


ғой!"— деп сылқ-сылқ күліп жатыр. Қозбағар есікті әрі итеріп, бері итеріп шыға алмады.


Мына кеудесі аяққаптай Қозбағардың зердесіздігі Хансұлудың жынын одан бетер қоздырды.


— Тұра қашатының бар, үйлену не теңің еді? — деді дауысы ашулы шығып.


Қозбағар сөйлегісі келгендей теңселіп, тамағын қайта-қайта қырнады. Жөтелді. Сосын есікке бұрылып:


— Кетіңдерші, Құдай ақына! — деп жалынды, есік сыртында дымдары өше қалған жеңгелеріне. Жеңгелері сыбырласып күліп есіктен аулақ кетті. Қозбағар әзер дегенде сөйлей бастады.


— Хансұлу! Мен не істейім... Маған айтты... Үйленесің деді... Ұрысты...


— Сөзінің түрін! — Хансұлу осқырынып іргеге бұрылды. Ірге түрулі еді. Ауыл сыртында бақасы құрылдап, жалтырап көл жатыр. Жағалаудағы жыңғыл арасында су шалпылдады. Жылқы жүрсе керек. Бұта арасынан үркіп қанаттары сатырласып құстар ұшты. Көл жақтан судың қоңыр салқын лебі еседі. Жағадағы ызғар топырақтың иісі де үйіріліп танауға келеді.


— Хансұлу!


Хансұлу дір ете түсті. Үйде Қозбағардың барын ұмытып барады екен.


— Ух... Ие, не дейсің?


— Хансұлу... мен... мен... сені ренжітейін дегем жоқ, оллаһи!


— Және не айтасың?


— ... Жақсы көремін...


— Жақсы көрмей-ақ қой! — деді Хансұлу жұлып


алғандай. — Мен сені жақсы көрмеймін!


Қозбағар дыбыс шығармай танауы шуылдап біраз тұрды.


— Не кінәм бар менің, Хансұлу?..— деп бір кезде Қозбағар қорсыддап жылап жіберді. — Осылай боларын білгем, баяғыда-ақ. Бәрі ұрысты маған... Енді не істейім?!


Қозбағар еңкілдеп ал кеп жыласын.


Ашық іргеден әлгінде туған Айдың жарығы түсіп, үй іші ала көлеңкеленді. Шымылдық алдында бұратылып отырған Хансұлу сырға, шашбауы сылдырап түрегелді. Үстінде шұбатылған үзын етек ақ жібек көйлек. Көз жасын сүрткіштеп отырған Қозбағар Хансұлудың қозғалғанын көріп жүрегі жарылардай қуанып кетті. Осылай жылағанда шешесі Торқа байғүс жібіп кетіп, "Пошымыңнан-ау сенің!" деп келіп басынан сипайтын. Қазір де Хансұлу сөйтетін шығар, басымнан сипайтын шығар деп ойлады. Бірақ шолпысы сылдырап үй ішінде қозғалып жүрген Хансұлу келмеді қасына. Сипамады басынан. Босаға жаққа бір көрпе-жастықты лақтырып тастады.


— Ал, әне төсегің! — деді. Дауысы қатқылдау естілсе де Қозбағарға майдай жақты. Бұндай сөз естимін деп күтпеген ғой Хансұлудан.


Босаға жақтан өзі өзіне төсек салып жата кетті. Өз қасына жатқызбаса да Хансұлудың қолы тиген нәзік әтір иісі сезіліп тұр көрпе-жастықтан. Қозбағар жүрегі дүрсілдеп, осы сәт өліп кетсе де риза өмірге.


Шолпысы сылдырап, түн перісіндей биязы қозғалып басып, майда самал үлбіреткен торғын шымылдық ішіне кіріп кеткен айдай сұлу тәкаппар жарына мың мәрте риза. Осы сәт егер "күйеу" деген аты болмаса жалаң аяқ, жалаң бас анау көлге қарай тайраңдап жүгірер еді. Сақылдап күлер еді-ау, айқайлар еді-ау... бақытын айдай әлемге паш етіп.


Ай жылжып бұлтқа кірді. Ауыл шырт ұйқыда. Күйіс қайырып шандақта маңқиып түйелер жатыр. Ит дыбыстары баяғыда өшкен. Тек көл аңғарында ғана үздіксіз тірлік белгісі білінеді. Шегірткенің шырылы, бақаның құрылы, құс сыңқылы, көл бетінде ойнаған балық шолпылы.


Көл жағасында ерттеулі екі аттың сағағынан ұстап, жыңғыл арасында бір кісінің бұғып отырғанына бірсыпыра уақыт болған. Екі аттың бірі Әзбергендікі еді. Әзберген ауыл ұйықтады-ау деген шамада бұғып жатқан орнынан тұрып Пахраддиннің еңселі ақ боз үйіне қарай жылжыды. Пахраддиннің есектей төбеттері бастарын көтере түсті де, Әзбергенді танып, құйрықтарын бүлғады.


— Бұ кім? — деді Пахраддин есік тықырлаған соң.


— Менмін... — деді Әзберген дүңк етіп. Пахраддин


шапанын жамылып есік ашты. Сырға да оянып шам жақпақ болып еді, "Жақпа!" деді. - Бұ не жүріс? — деп Пахраддин киіздің шетіне тізе


бүккен інісінің сұлбасына қарады.


— Тойға келдік! Шақыртпасаң да! Сәбет өкіметімен құда болып, көңіліңді жайлапсың! "Құтты болсын" айта келдік!—деді Әзберген кекетіп.


— Сәбет өкіметімен мен құда болмағанда, сенің басың


түрмеде шірір еді бұ кезде! Не тантып отырсың! — деді


Пахраддин ашу шақырып.


— "Тантыған" мен емес, сенсің! — деді Әзберген


түксиіп.— Қызыңды, малынды түгел көгендеп беріп жатсың сәбетке. Сендей алжыған бұл елде жоқ. Жұрт қарсыласып өледі! Сен жағынып өлесің, білдің бе?! Көрерміз ертең мандайыңнан қалай сипар екен сол сәбет.


— Жә, естіген жырым! Хабарыңды айт! Қайда жүрсің?


— Қайда жүргенімді саған айтпағаным. Хабарым сол —


сәбет құлайды. Ана жақтан ағылшын, мына жақтан түрік


бас салады. Жылқы керек маған!


— Шырағым, сендей елеурегендердің талайын көргенбіз.


Өйтіп алжаспауға керек! Жылқы берілмейді.


— Ит те болсақ бір құрсақтан шықтық. Әйтпегенде,


жалғыз оққа жалынтар едім!..


Әзберген ұшып тұрып есікке беттеді. Табалдырықтан аттай бере іркілді де, әлдене дегісі келіп оқталып тұрды да, есікті тарс жауып шығып кетті.


Қозбағардың ұйқысы қатты еді. Есік қағылып, Хансұлу тұрып ілгішті ашқанын, одан үйге Әзбергеннің кіргенін сезген жоқ. Албастыдай зілбатпан біреу үстіне қона түсіп, алқымынан ұстағанда ғана апалақтап көзін ашты. Бұлқынып еді, үстіндегі албасты тырп еткізбеді. Содан кейін өңім бе, түсім бе деп көзі жыпылықтап үстіндегі кісіге бездиіп қарап аз-кем жатты. Үй іші ала көлеңке. Кеудесіне қонған албастының Әзберген екенін тани бастады. Бір қапталда Хансұлу жүр жүйткіп әлденені жинастырып.


— Таныдың ба?— деп бет-аузын түк басып түксиген Әзберген гүр етті— Дыбысыңды шығардың ба, мына пышақпен жатқан жерінде бауыздаймын, күшік! Пахраддиннің жылқысы қайда?


Әзберген Қозбағардың алқымын мытыңқырап жіберіп сәл босатты.


— Түгіскеннің... шығыс жағасы...— деді ентігіп Қозбағар.


— Шының ғой?


Қозбағардың табақтай беті талақтай боп, жөтеле түсіп, бас изеді.


— Мен тірі тұрғанда Хансұлудың енді маңынан жүрмейтін боласың! Мынаны көрдің ғой?


Әзберген пышағын жалаңдатты. Қозбағар шапшаң бас изеді.


— Әзеке, өлтірмеңіз! Бәрін істеймін... айтқаныңыздың!—деп еңкілдеп жылап жіберді.


— Өшір үніңді! "Талақпын" де Хансұлуға!


Қозбағар түсінбей қалып:


— Не дейсіз? — деді қырылдап.


— Хансұлуға "талақпын" деп айт, атаңның!..


Қозбағардың көз жасы бетін жуды.


— Айт, күшік!.. Әйтпесе...


— ... Талақпын! — деді Қозбағар жасын жұтып, әрең тілге келіп.


Аузына сүлгіні тығып, Қозбағардың аяқ-қолын домалантып байлады. Содан кейін, құйрықтан ыңқита бір тепті. Теріс қарап жатқан Қозбағардың көз жасы бірсін-бірсін ақты. Әзберген мен Хансұлу жүкті аударыстырып, төңкерістіріп жатыр. Аздасын үйді айналып жүріп кетті.


Орнынан тырп етуге қорықты Қозбағар. Содан, таң атқанша жатты. Ақыры таң ағарып атып, жұрт тысырлап сыртқа шығып, түндіктерін ашып, ауыл ояна бастады. Желі жақта боталарын емізген түйелер ыңырсиды.


— Келін-ау, келін! — деп шойнаңдап келіп Торқа кемпір, ашық есіктен ішке бас сүғып, аяқ-қолы байлаулы, көзі аларып жатқан баласын, түрулі шымылдық, келіннің бос төсегін көріп баж ете түсті. Қолын сермеп, бет алды


"ойбайлап" тұра қашты.


— Жау шапты! Жау! — деп бажылдап шынашақтай


кемпір шойнаңдап зытқып барады.


— Астаһпыралла! Тағы не тапты таң атпай! — деп ауыл


адамдары үрпиді.


— Адыра қалғыр, жау шапты! Ойбай, жау шапты!


— Шешей, қайдағы жау?


— Ойбай, бала жатыр байлаулы! Өлі-тірісі белгісіз. Келін жоқ, ойбай! Жау шаппаған несі қалды?!..


Жүрт дүркіреп отауға ұмтылды. Ең алдымен үйге Шеге кірді. Шымылдық түрулі тұр. Төсек салулы. Хансұлу жоқ. Үйдің бір қапталында аяқ-қолы шандулы Қозбағар жатыр. Ыңырсиды. Аяк-қолын босатқасын Қозбағар сықсыңдап жылап отырып түндегі болған уақиғаны айтып берді.


— Пошымыңнан-ау сенің! Қой, жылама. Құрсын... Қа-


тыны құрсын! Жаныңнан садаға! — деп Торқа кемпір бала-


сының басын құшақтап жылады. — Атаңа нәлет, бандит! Қарасы батқанға қуанып едік... Аш бөрідей айналып соққанын қарашы, имансыздың!


Ауылда ауылнай Шәріп жоқ еді. Жаңа ауданның жиналысы болады деп кеше сонда кеткен. Бұндайда, қуғын-сүргіннің төбесі көрінгенде, ауылдың бетке ұстары Бұлыш еді. Ол да жоқ. Аң аулап кеткен. Ауыл адамдары құр қауқылдасқаны болмаса, әрекетке бармады.


— Е, алып кеткен өз ағасы екен. Ашуы тарқаған соң әкеліп тастар қарындасын, — десті жиналғандар.


3


Жаз биыл ыстық болды. Күн шықса кілкіп көкжиек сағымға толып кетеді. Даланы бұралаңдап құйын кезеді.


Сондай бір күні, талма-тал түсте Торышолағын сүмірейтіп, жападан-жалғыз Жем жақтан шошайып келе жатқан Шәріп көрінді. Бөркі астында көлдей ақ орамал. Алқа бел торының үстінде жапалақтай жарбиып отыр. Жаман торы аяғын әзер алады.


— Алақай, көкем!.. Көкем келе жатыр! — деп Шәріптің


үй толы қызы шуылдасып алдынан жүгірді. Көрші-қолаң


түрулі іргеден сығалады.


Шәріп, о несі екені белгісіз, қорғасындай салмақты бола қалыпты. Ат үстінен еңкейіп ең кішкентай қызын алдына көтеріп алып, бетінен иіскеді. Қолына әлдене ұстатты. Кәмпит-сәмпит болуы керек.


"Мына жазғанның үні шықпайды, бір өзгеріс болды-ау шамасы" деп ойлады үйінде отырып Пахраддин.


Шәріп үйіне басын сұғар-сұқпастан ауыл ішін жаңа хабар шарлады да кетті.


— Ибай-ау, келіншек-ау, "Шырылдауық" қайнағаны


алып тастапты дейді ғой.


— Көтек, "алғаны" несі?


— Ибай, әлгі ауылнайлықтан да.


— Өш қасқа! Рас па?


"Басымның сақинасы үстады" деп қабағын шытып,


Шәріп үйіне кірген бойда теріс қарап бүркеніп жатып қалған. Шайға бір-ақ тұрды.


— Хансұлу келінің қашып кетті...— деп ақырындап ауыл жаңалығын айтуға кіріскен Жайбасқан. Шайдан ұрттай берген Шәріп әйеліне қарап бақшырайды да калды.


— "Қашқаны" несі?!


— Әзберген ағасы... ұрлап әкетті.


— Сауап бопты, — деді Шәріп жирен мұрт тікірейе


қалып. "Бір қатынның кесірі қырық есекке жүк болды"


демекші, Хансұлудың тойы еді басына пәле боп жабысқан.


Осы тойда рабайсыз мал сойылғаны үшін "таяқ жеді" Шәріп ауданда.


Шайды екі-үш ұрттағаннан кейін көпшікті шынтақтап жатқан Шәріптің маңдайынан шып-шып тер шықты. Сол-ақ екен, осы үйге қарай бұрқылдап келе жатқан Торка кемпірдің дауысы естілді. "Адыра қалғыр, тоқтай тұр, бандит! Үскен тау асырмасам ба сені! Торқа атым құрысын!" деп келеді. Шойнаңдап келіп табалдырықтан аттады. Апасының осы келісін ұнатпады Шәріп.


— Әй! — деді қып-қызыл боп шайды сораптай берген Шәріпке Торқа кемпір. — Ана бандиттің табасы әбден батты! Өкімет екенің рас болса... Аяқ-қолын байлап әкеліп бер алдыма, тақа!


Торка отыра қалып жерді төмпештеді.


Шәріп апасының шолтаңдап тулақты соққан жұдырығынан көз айырмай қарап, керең кісіше шайды сораптай берді. Торқа кемпір сабасына түсті-ау деген сәтте жамбасын сипалап шалбарының қалтасынан әлдене іздеді. Торқа кемпір де, Жайбасқан да тосылып қарай қалған. Әлден уақытта, Шәріп мыж-мыж болған бір шүберекті қалтасынан суырып алып, апасының алдына тастады. Кәдуілгі ішінде ботатабан мөр жүретін бүрме ауыз шүберек қалта.


— Көтек, мөрі қайда ішіндегі? — деді Торқа кемпір.


— Бәсе, мөрі қайда? — деді Шәріп те қырсығып. Сөзге Жайбасқан араласты:


— Е, оны арқалап жүрген сен білмесең, біз қайдан білдік?


— Білу керек... Білмегендерің жаман сол!.. — деп Шәріп саршекерден "қыт" еткізіп тістеп, шайын ұрттады. "Әңгіме осымен бітті'' дегендей сыңай танытты.


— Құдай тас төбесінен ұрыпты ғой... — деп ашу да


жоқ, айқай да жоқ Торқа кемпір сүйретіліп орнынан тұрды да, аяғын сылтып басып есіктен шығып жүре берді.


4


Пахрадцин үйде таң намазын оқып отыр еді. Текірекгеп шапқан ат дүрсілі дәл үй іргесіне дейін келді. "Бүл қай көргенсіз?" дегендей ажырайды Пахраддин бәйбішесіне қарап.


Сырға биязы басып сыртқа шықты. Пахраддин құлақ түрді тысқа.


— Маған Би ағаның өзі керек! Тез шықсын! Ауданнан


пркәз бар! — деп бір дауыс тақылдап алып барады.


Пахраддин жайнамазын жинап, дегбірі қашып намазын бұзды. Сырға кірді.


— Сені шақырып тұр. Жорға Күреңнің баласы. Ждақай


деген.


— Ау, үйге неге кірмейді!


— Белсенді білем... Мойнында сөмкесі бар...


Иығына шапанын іліп тысқа шықса, жирен қасқа аттың


үстінде шіреніп жуантық келген, жапалақ көз, шұбар бет бозбала отыр. Бала болса да көзқарасы өңменіңнен өтердей тік, өткір.


— Ассалаумалейкум, Би аға. Пркәз бар ауданнан! Салық


төлейтін болдыңыз!


— Айта бер!


— 120 кілә жүн. 60 кілә сарымай. 80 қой терісі. Срогі —


бір жүма.


— Сен кім боласың, бала?


— Салық жинайтын агентпін. Қилыбайдың орнына.


Есіңізде болсын, уақытыңда айтылған салықты тапсырмайды


екенсіз, ісіңіз КПУ-ге түседі, — деді Ждақай. Пахраддин


тықақтаған мына баланы көрінеу жақтырмай:


— Әй, Жорғаның баласы! Есіттік, жетер! "КПУ" емес


ГПУ деп сөйле! Мойныңдағы сөмкеңнен айрылып қалып


жүрерсің! — деді. Соны айтты да сыртын беріп үйіне бұрылды.


— Би аға! Сіз бекер ашуланасыз. Анау Жарасбай, Ұлман, Құлман, мынау Мажандардың көрген күнінің қасында сіздікі ойыншық! Нағыз қасқайып жатқан солар! — деп айқайлады Ждақай.


Пахраддин оның сөзін жүре тыңдап үйге кіріп кетті.


Ждақай кенет өз-өзінен сақылдап күліп жіберді де, дүрсілдеп шауып ала жөнелді. Ауылдың бүкіл итін шулатып ертіп ала кетті.


5


Пахраддин салықтан құтыла алмай жатқанда, ел шетіне "Қызыл отау" дегені келді. Мажан аулына орын теуіп күнде ойын, күнде той, кернейлетіп-сырнайлатып жатып алды.


Жастарды жинап билей ме, ойнай ма, әйтеуір, білгенін істеп жатыр. Күндіз-түні жиналыс. Дүниедегі жаңалықтың бәрін айтатын көрінеді. Кәзит-журнал оқитын көрінеді. Ауырғанды емдеп жатқан доғдыры да бар дейді. "Кәнцерт" дегенді бұрын қалада, жәрмеңкеде көруші еді. Бүлар сол "кәнцертті де" әкеліпті ел ішіне.


"Қызыл отаудың" басшысы баяғы Шәріпті ауылнай сайлап кететін Асан дейтін бәлшебек екен. "Қызыл отаудың" бірінші жиналысыңда-ақ сөзінің тоқетері "Жаңа өмірге барар жолдағы ортамыздағы басты кедергілер — бай мен молданы арамыздан аластау керек" депті.


— Ал бай мен молданы құрттық. Ары қарай не болады?—депті жүрт.


— Кәмпескеленген байдың мал-мүлкін кедейге бөліп


береміз. Серіктікке ұйымдасамыз. Бір атаның баласындай


бірлесеміз. Жер жыртып, егін саламыз. Үй салып, отырық-


шылыққа көшеміз. Оқу оқып білім аламыз. Үлкен қалаларда тұрамыз. Сөйтіп гүлденген жаңа өмірге, мәдениетке жетеміз!— деп Ұжмақты бір-ақ күнде орнатыпты. Жастар жағы қол шапаттап мәз болыпты. Ұзын тұра Уәп, қойшы Қауқаш,


жылқышы Жаңбырбай тәрізді кедейлер:


— Уай, інім! Бізді қайтесің, сол, қартайғанда жер


тырмалатып! Біз сол үйренген ата кәсіппен малымызды бағып, көшіп-қонып жүре берелік те! Әлгі айтқан "қала" дегенің де қазаққа жараспайтын нәрсе, біз осы мына жаман киіз үйде туғанбыз, сонда өлсек те ризамыз ғой! Қайтесің сол, бізді қалаға сүйреп! — десе, Ждақай:


— Өлгісі келген жұрт сол киіз үйінде өле берсін! Біз


тұрамыз қалада! — деп айқай салыпты. Оны жастар түгел


қол шапаттап қолдапты. Асан бәлшебек:


— Ақсақал ондай кертартпалықты койыңыз! Болашақ


жастардікі! — депті. Жиналыс соңында Асан:


Кел, кедей жастары. Үйымдас жалшымен! Бай менен молданы Қойдай қу қамшымен'—


деп ұран тастапты. Жастар ду-ду етіп оны сол заматта жаттап алыпты. Содан алгі тақпақ ауыл балаларының аузынан түссінші енді. "Ақсүйек" ойнап жатып та, "Айгөлек" ойнап жатып та:


Кел, кедей жастары, Үйымдас жалшымен! Бай менен молданы Қойдай қу қамшымен!—


деп түнгі аспанды бастарына көтеріп шуылдап жүргені. Тақпақ біртін-біртін құлаққа сіңіп жатталып, ел ішіне тез тарап кетті. Кемпір-шалдар күңіреңді. "О, жасаған ие, осынша жасқа келсек те, көрмегеніміз көп екен-ау!" деп. "Заман азды ғой!" деп.


Пахраддин сан саққа ой сабылтып іштей тыңды. Осылай боларын бұл әу баста-ак болжаған-ды. 18-19-шы жылы қазақтың ірі байлары ұсталды. "Өгізге туған күннің бұзауға да туарын" сонда-ақ сезген Пахрадцин.


Мінеки, сол зауалдың тықыры енді таянды.


Кел, кедей жастары, Үйымдас жалшымен! Бай менен молданы Қойдай қу қамшымен!


Іргесі түрулі керегеден алыс созылған тұлдырсыз құба далаға қарап, Пахраддин жанарына жас тұнып ұзақ отырып қалған екен. Сағымға батып бұлдырап бедері жидіп балқыған көкжиекте бұлындап шайқақтап жалғыз құйын өтіп барады. Қайдан шығып, қайда барары белгісіз. Бір парықсыз тірлік. Айдау желдің алдына түсіп қанкөбелек айналып дедек қаққан тағдырдай. Кай сайда қаларын Құдай білсін. Сол құйын, жел айдаған жалқы құйын емес пе бұл дағы? Қаңбақтай қуалап, келеді емес пе замана желі, тамырынан жұлып алып. Арқа сүйеген елі, табан тіреген жері қайда? Гулеп соққан дауыл, Құдай білсін, қай күні таптап өтерін!


— Көкесі! — деп Сырға ақырын үн қатты ту сыртынан.


Пахраддин өз ойымен өзі, үйде Сырғаның барын да ұмытып кеткен екен.


— Ау! — деді, дауысы дірілдеп. Бұрылмады. Көзінде


жас бар еді. Ғұмыр бойы бұның қас-қабағын ауа райындай


болжап дағдыланған жамағаты қазір де сергектік, сезімталдық танытып отыр. "Көкесі!" деген үнінде Пахраддинге ғана ұғымды тілмен мейірімі, махаббаты, үрейі түгел қоса айтылған еді. Сыңсыған ел ішінде отырып Пахраддиннің соңғы кезде жалғызсырап жабығып жүргенін сезеді Сырға. Қайран асыл жар. Өмірінің сәні Сырға. Ағайын кетті. Бауыр кетті.Қыз кетті. Кетпеген осы жалғыз жары Сырғасы ғана.


Үнсіз Пахраддин тұйық қалпын бұзбағаннан кейін үнсіз Сырға ысырылып басып келіп, иығына асыла отырды. Жібектей майда саусағымен арқасынан сипады.


— Саған қарап... мен де сырқатты болдым... Құрсыншы,


таусыла бермеші!.. Жазғанын көрерміз тағдырдың! — деп


арқасына маңдайын сүйеді.


Жалғыздықтың құлазыған жапан даласынан ұмтылып кеп ибалы, сұлу жарының құшағымен құшағы табысып, мейірім, махаббат шуағын сансырап сағынған жаны бордай езілді. Жарының жас жуған сопақша сұлу жүзіне бетін басып солықтап жіберді.


— Қойшы! Не болды саған? — деп шошып кетті Сырға.


Өмірде бүйтіп әлсіздік танытпаған ғой Пахраддин. Кең иығы толқын ұрған талдай дір-дір етеді. Сирек сөйлейтін, сөйлесе дауысы құлаққа күміс қоңырау үніндей жағымды, тәрбиелі жан еді Сырға. Кісіні есті, назды қылығымен табындыратын.Қазір де сөйтті. Жүзінен иман нұры төгіле отырып, күйеуін балаша аймалап жұбатты. Пахраддиннің басын тізесіне қойып, бейне сынықшыдай сипап, аймалайды.


Тұмсығы қоңқиып шалқасынан жатқан Пахраддин әлдене есіне түскендей езу тартты.


— Асасы, осы жұрт та ақымақ. Пахраддиннің байлығы деп күн құрғатпай өрістегі малын санайды. Әй, қандай ессіздер-ай! Әй, Пахраддиннің байлығы үйінде емес пе? Ол мына отырған бәйбішесі емес пе? — деді.


Монтаны пішін, бидай өңді Сырға бәйбішенің түндей тұнық қара көзі жарқ етіп, ақ тісі ашылып күлгенде бет ұшына қаны тепті. Күйеуіне еңкейіп сыңғырлап күлді.


— Бұнынды біреу естіп қалмасын! Онда бәйбішең де кетті дей бер, кәмпескеленіп... — деді.


6


Биылғы жаз бір ерекше жаз болды. Сағыздай созылып өтпей тұрып алатын баяғының жазы емес. Таң атса әне-міне дегенше Күн де батады. Әңгіме көп. Жүріс-тұрыс көп. Атқа мініп, селтеңдеп, ауыл-ауылдың арасын шандатып құйғытып жүрген белсенді жастар. "Комсомолмыз" дейді. Оның не екенін білмейтін сахра жұрты үрпие қалады. Әйтеуір, өкімет адамы ғой деп. "Қызыл отаудың" ойын, жиынынан қалмай, бәлшебек Асанды төңіректеп жүріп, ақыры, Шеге, Ждақай, Қозбағар, Балжан сияқты жастар да "комсомол" болып кетті. Қозбағар "комсомол" болғанда Торқа кемпір қуанғаннан шойнаңдап жортып, бүкіл ауылды айналып шықты. "Адыра қалғыр, ал керек болса! Ойындарың келген екен бадырақпен" деп. Ауыл көзінде жастардың беделі өсті. Кешегі жалшы бүгінгі "комсомол" Қозбағар келе жатқанда Пахраддин сияқты зиялылардың жүрегі зірк етеді. Комсомол жастар:


Қара табан бадырақ, Күнің туды жадырап. Егін салып, жер ексең, Бай боласың қазір-ақ,—


деп әндетеді.


"О, Құдай шебер! Жаңа заманның да жарапазанын есіттік-ау!" деп кемпірлер тамсанады.


"Қызыл Отау" меңгерушісі Асан бәлшебек жастардың ұйытқысы, етене жақыны болып алды. Дүниеде білмейтіні жоқ. 16-шы жылы окопқа алынып, орыс-герман соғысына қатысқан. Мәскеу, Петербор дейсіз бе, көрмеген жері жоқ. Асанның ықпалымен Шеге бір жиналыста түңғыш рет сөз сөйледі. Сөзін былай бастады:


— Ескіліктің түп-тамырына балта шабатын мезгіл жетті!— деді. — Онсыз біз жаңа өмірге аттап аяқ баса алмаймыз!


Аяғымызды шырмап отыр ескілік!


— Көтек, тағы бір Асан шыққан ба арамыздан? — деді бір шайпауыз келіншек, Шегені әжуалап.


Алажабыр жиылған жұрт қыран-топан күлді.


Жиылыс соңынан күн үзын қалғып отырған кілбік көз Бүқабай мелиса әукесі салбырап, орнынан тұрып мылтығы бар үйлердің тізімін оқыды. Онда аталынбаған үй қалмады. Мылтық әңгіме болғаннан кейін жұрт секем алып, дағдарып бір-біріне қарады. Бұқабай: "Орталықтан бұйрық бар, мылтық біткеннің берін өкіметке өткізу керек. Тәртіп солай", — деді түсін суытып. "Мылтықты жинаймыз" дегені ешкімге ұнай қоймады. Мылтығын тапсырмаған Мажан аулынан Мажанның үш баласы мен Пахраддин аулынан жалғыз Бұлыш еді.


— Бере алмаймыз мылтықты! — деп Бұлыш күңк етіп,


Бұқабайға сыртын беріп, кеше қақпанға түскен арлан көкшолақтың құлаш жарым терісін кергілей бастады.


— Бұлыш аға! — деп мән-жайды тәптіштеп айтуға кірісті Бұқабай.


— Тәртіпке қарсылығым жоқ. Бірақ аңшы екенімді күллі жұрт білулі. Астымдағы атымды, жетегімдегі итімді, қолымдағы мылтығымды кім сұраса да бере алман, — деді Бұлыш көмірқара өңі түтігіп.


— Бұлыш аға, тәртіп солай... — деп келе жатыр еді


Бүқабай, қараша үй жақтан:


— Әй, Игенсарттың баласы!— деп Дәу апа ақырып қалды. — Әй, өйткен тәртібіңнің ішіне сиейін түге! ... Аңшының қолындағы мылтығына жабысқан ол неғылған тәртіп?! Мылтық берілмейді! Дәу апа айтты де, түге, айтатын жеріңе! Шауып алатын жау келіп мені-ақ шауып алсын!


Әңгіме осымен бітті. Бұқабай мелиса ләм деп аузын ашпай атына қайта отырып жүріп кетті. Бұлыштың шешесі Дәу апаның кім екенін жалғыз Бұқабай емес, бүл төңіректегі дүйім ел білетін. Қыз кезінде шашты желкеге түйіп алып ерлермен бірге жауға қарсы шауыпты деп айтады жұрт. Төркіні — адайдың құнанорыс деген тайпасы. Бойжеткесін ағайынның ырқына көнбей табын арасында аңшылығымен аты шыққан Бұлыштың әкесі Арша мергенге қашады. Арша мерген 1916 жылы солдатқа алынады да, содан хабар-ошарсыз кетеді. Жетім бала, жесір әйел 21-дің аштығына ұрынады. Дәу апаның есі кіріп, адам болып қалған он екі, он үштегі екі ұлы шешектен шетінейді со жылы. Аштықтан малсыз, күйсіз шыққан Дәу апа кәсіп іздеп үлкен ұлы Бұлышпен базаршыларға еріп, Ойға /қарақалпақ жеріне/ түседі. Қоңыраттың базарыңда түрікпеннің бір байымен кездесіп, соған түйекеш болып жалданады баласы екеуі. Байдьң аты Пірімқұл екен. Пірімқұл жылына бір түйе аласың дейді еңбек ақыңа. Дәу апа жалғыз ұлы Бұлыш екеуі байдың түйесін екі жыл бағып елге қайтуды ойлап бір күні еңбек ақысын сұрайды. Сонда, бай бұларға келенің ішіндегі ең жаман қотыр тайлақ пен қатпа маяны береді. Жетім бала, жесір әйел есесін қалай дауласын, жұлым үйін қиқитып қотыр тайлаққа артып, өздері маяға мініп, сараң байды қарғап-сілеп қырдағы алыс елге қайтады. Күн жүріп Үстіртке көтеріледі. Әрі қарай қазақтың кең даласы. Дәу апа сол арада бір іске бекінеді. Шолақ көшті іркеді. Түйелерді шөгереді. "Жүкті түсір!" дейді баласына. Бұлыш таң қалады, бұл ыздиған қыр үстіне неге қонып жатқанын білмей. "Балам! — дейді Дәу апа. — Мені енді ана сараң байдан есем кайтпайынша, осы жерден қозғалады екен деп ойлама! Қотыр түйе мініп елге барғанша, менің осы арада өлгенім артық. Атаңа нағылет Пірімқұлдың бізге қылғанын, өзіне қыл, бар! Келесінің ішінен қос нарын таңдап тұрып бөліп ал да айдап кел, менен туған ұл болсаң!" дейді.


Бұлыш бір ауыз сөзге келместен шиті мылтығын қолға алып, қотыр тайлаққа қарғып мінеді де кейін қарай тартып отырады. Түн ортасы ауа жүрек жұтқан жас жігіт байдың сандық өркеш қос нарын сүргітіп қуып келеді анасы отырған жерге. Дәу апа, сонда: "Әп бәрекедді, міне енді үялмай елге де баратын болдық!" деп қабағы жадырап орнынан түрегелген екен дейді. Бұл хикая, батыр мінезді Дәу апаның көп ерлігінің бірі ретінде ел ішінде аңызға айналып кеткен.


Оны Бұқабай мелиса да білетін. Сондықтан Дәу апамен салғыласып жатуды бекер санады.


Бірақ "Хантөрткіл" ауыл советі бойынша өкіметке қару-жарағын тапсырудан бас тартқан азаматтардың тізімінің дәл ортан белінде бадырайып "Бұлыш Аршаұлы" есімі де кеткен еді.


7


Күздің басы бұл елге "кәмпеске" атты ұлы дүрбелеңін ала келді. "Кәмпеске" Бас Оймаут, Орта Оймаут, Сарыбай құм, Доңызтау жақтан басталып Хантөрткіл, Түгіскен төңірегіне жайлаған қалың елге қарай жағалап келе жатты. Бір күні Жарасбай, Тегінберді "кәмпескеленсе", бір күні Байтақ, Үлман, Құлман "сорлапты", малын, дүние-мүлкін солдат шығып сыпырып алып, өздерін "арыстыбай" етіп, Темірге айдатыпты деген дақпырттары жер жарып жатыр.


Сондай бір күні, көлеңке басы ұзарған кіші бесін шамасы еді. Әлгіндей хабарларды есіте-есіте тырс еткенге елендеп отырған Пахраддин аулына Мажан аулы тұсынан жалбақтап шауып жалғыз атты келе жатты. Ауыл өріп тысқа шықты. "Астапыралла" деп Тәңіріне сыйынып, "Және не хабар келеді?" деп жалпылдап шапқан жалғыз аттыны тосты. Жалғыз атты жау келе жатқандай айқайлай кірді ауылға. Ждақай екен кәдімгі.


— А-а-а... халайық! Бірің қалмаңдар! Шақырып жатыр, кәмисия! Шақырып жатыр митинг! "Кемпеске" болады!


Мажан "кәмпеске" болады! Көм-пес-ке-е-е! Бірің қалмаңдар! Митинг!


— О, жағың қарыссын! "Митыңы" несі тағы?!


— Соншама өрекпігені несі, жетпегірдің! — деп әйелдер


Ждақайды қарғап-сіледі. Бірақ "кәмпеске" дегеннің не екенін көзбен көруге бәрі де құмартулы еді. Аттысы — атты, жаяуы —жаяу тай шаптырым жердегі Мажан аулына қарай қатын-қалаш, бала-шаға түгел шұбырды.


Қарақасқа айғырын ерттеп мініп, жұрттың соңын ала Пахраддин де шықты ауылдан. Көлденең белден аса бере кең алапқа көлбей қонған бай ауылы көрінді. Ауыл үсті ханбазардай қайнап жатыр екен. Одағайлап ауыл шетінде тұрған қызылтулы "Қызыл отау" төңірегі ығы-жығы адам. Тізілген ат арба. Құмырсқадай бала-шаға. Ауылдың алды шаңытып иірілген қаптаған қалың мал. Мыңғырған қой. Үйір-үйір жылқы. Түйелер. Мал қайырып селтеңдескен аттылар. Ит үріп, қой маңырап, жылқы кісінеп, ауыл үсті ию-қию.


Ел шетіне тиген ланды көргендей, Пахраддин тітіркеніп кетті. Естуінше ірі қарасы 300-ден асатын байлар ғана ілігуте тиіс бұл науқанға. Сатты, сойды, қолды болды, әйтеуір, Пахраддинде бес-он түйе, жүз қаралы ұсақ жандықтан артық мал қалмады. Бұл есеппен қарағанда Пахраддин "кәмпеске" құрығынан құтылуға керек.


Жұртты жиып арбаның үстіне шығып Асан бәлшебек сөз сөйледі. Бай мүлкін көмпескелеу жайлы Каз.ЦИК-тің декретін оқыды. Асанның қасында бір топ адам. Ішінде жаңадан болған ауылсовет бастығы — Жорға Күрең. Жорға Күрең жымсиып күліп алға шықты. Қолындағы тілдей қағазына үңілді. Бастық болуға Шәріптен гөрі епті, оңтайлы екені көрініп-ақ тұр. Тілі де майда, жатық. Үні де жұмсақ.


— Жолдастар! Енді сөз кезегін тап жауымыз Мажан бай Ұлмановтың есігінде қой бағып өмірін өткізген жалшысы, жолдас Қауқаш Көшекбаевқа береміз! — деді. "Жолдас Қауқаш Көшекбаев" деп жұрт қайталап айтып жамырап күліп жатты.


— Ау, қайдасың, жолдас Көшекбаев?


— Уа, түбің түссін, бол тез! Теңдік тиді саған да, сөйле!


Жетегіндегі жарбай түйесінің бұйдасын қасындағы


біреудің қолына ұстатып, жапырайған кішкентай қатпа қара кісі аяғы маймаңдап арбаға қарай жүгіре түсіп келеді. Басындағы мақтасы бұркыраған ескі бөрігін бір қолымен басып-басып қояды. Көпшілікгің көңілді күлкісі толастар емес. Ортаға шығып арбаға жақындап тоқтаған Қауқаш батырақ бұрылып елге қарады. Бөркін басып, ыржиып қойды.


— Жолдас! Арбаға шығыңыз! Жұрт көрсін!


Арбаға шыға алмай тырбаңдаған Қауқашты Асан бәлшебек қолтықтан көтеріп алды. Биікте, бастықтардың қатарында тұрып, ескі терідей мыжырайған Қауқаш қаумалаған көпшілікке қарап тағы ыржиды.


— Ойхой, Қауқаштың да күні туды-ау!


— Ойындарың келмесін Қауқашпен! — деп гуілдеп жатыр жұрт.


— Ал, жолдас! Сенің сөзің халықтың сөзі! Каз.ЦИК-тің декретіне қалай қарайсың?! Соны айтшы!— деді Асан бәлшебек.


— Бас, Қауқаш, аяма! Көсілт! — деп қиқу салды Шәріп. Қауқаш иегін уқалап тосылып, басындағы бөркін біресе шекесіне, біресе желкесіне апарып, аузына сөз түспей састы.


— Ау, жөніне қойса, сорқайнаған бөрікті! Онсыз да ыдырап бітіпті ғой! — деп артқы жақтан ұзынтұра Уәп айқайлады.


— Кһа... кһа... жиылыста сөйлейсің деген соң... кһа... кһа... кеше осы бөркімді ең болмаса бүтіндейін деп... кһа...


Мажанның бәйбішесіне бардым... — деп жөткірініп сөз бастады Қауқаш.


— Әнеки, тағы жабысты бөрікке! Уа, ішің өтсін Қауқаш!


— ... Барсам Жамал бөйбіше кебежесін ақтарып жатыр екен. Бөркім қолымда. Келген шаруамды айтып, бір суыртпақ жіп сұрадым бәйбішеден... Кһм...


— Уай, сөзің бар болсын... Арғы жағын айтпай-ақ қой, түсінікті!


— Жоқ. Айтсын! Айтсын!


— Айта бер, жолдас Көшекбаев! — деп құптап қойды Асан Айтжанов. -Кһм... Сөйтіп бір суыртпақ жіп сұрадым. Бәйбіше "кәні, бере тұршы!" деп қолын созды бөркіме. Бердім.


Қайдан білейін ашулы екенін. Жітірді кеп бөрікті ашық есіктен далаға. Содан бөркім күлге барып түсіп...


— Пай, бөркің де құры, өзің де құры, Қауқаш! Лақпай "кәмпескені" айт! Өкімет саясатына қосыласың ба, жоқ па, соны айт! — деп күйіп-пісті Шәріп.


— "Кәмпескеге" қосылам-ау... тек... кһм... ертең осы... Мажан бай жіберген жақтарыңнан... қайтып келіп... бізді сорлатып жүрмесе неғылсын... Құрысын... сол байдың малы құрысын... Өзімнің он шақты қойым өзіме бұйырса да... жетеді.


— Жолдас Көшекбаев! Сабыр етіңіз! — деп оның сөзін бөлді Асан. — Сенің қорқуың бекершілік. Өйтіп жұртты үркітпе! Егер, осы жиналыс Мажан бала-шағасымен жер аударылсын деп тапса... Мажанды үрім-бұтағымен енді қайтып көрмейсіздер! Сен, жолдас Көшекбаев, сөзіңнің енді тоқ етерін айт! Мажан бай мал-мүлкі кәмпескеленіп, жер аударылсын ба? Әлде жоқ па? Кәні, соны айтшы!


Самсап тұрған қауым Күнге шекесі жылтырап мұрын ұшы тершіген бір жапырақ қара кісі Қауқаштың аузына қарады. Қауқаш койшы жаны иненің ұшында тұрғандай абдырап, аузына сөз түспей, өзіне қадалған сан алуан көздерден қашып құтылатын тесік таба алмай тығырыққа тірелді. Мажан мен бәйбішесі арба алдында көрнектеу жерде отыр еді. Олар да Қауқаштың аузына қарап қалыпты.


— Сөйле! — деп күбір етті Жорға Күрең арт жақтан нұқып.


— Аударылсын... Өкіметтікі жөн ғой!.. — деді Қауқаш байғұс тілі әрең шешіліп. — Кһм... өкімет білмей істемейтін шығар...


Жұрт гулеп кетті. Қолдап та жатыр. Қарғап та жатыр. Жамал бәйбіше дауыс салды. Екі қолымен бүйірін таянып, үрген местей етжеңді бәйбіше дауыс етіп теңселді.


— Тұз-дәмім ұрғыр Қауқаш! ... Тұз-дәмім ұрсын!.. Ой-бо-ой! Не жазығым бар еді?


Бір жапырақ Қауқаш көпшіліктің шауқымынан шошып кетіп "не істеп қойдым?" дегендей алақтап бастықтарға қарады. Ат жақты, сылыңғыр ұзын қара Асан бәлшебек күліп аркасынан қақты. "Жарайсын!" деп. Сонда ғана жүрегі орнына түсті байғұс Қауқаштың.


— Ал, енді сөйлеймін деушілер бар ма? — деп Жорға


Күрең дабырлаған қауымға жымсиып қарады.


— Мен! — деп Ждақай топты жарып, арбаға қарай тұра ұмтылды. — Мен сөйлеймін!


— Ал, енді сөз алатын — тап жауымыз Мажанның кішкентайдан қозы-лағын баққан бадырағы Ждақай Күрең баласы. Кәмпеске жөніндегі кәмиссия мүшесі.


Жуантық келген, тығыншықтай Ждақай анадайдан барысша атылып, секіріп мінді арбаға. Көзі шырадай жанып, шашы тікірейіп алыпты. Жұдырығы түюлі.


— Батырақ байғұстың... біз сияқты қасқиған... Әлгі


Қауқаш сияқты... байда кеткен кегін қайтарған... Жасасын революция!!! — деп қолын аспанға тік көтеріп айқай салды


Ждақай. — Жа-са-сын!!!


Арба үстіндегілер шарт-шұрт қол шапалақтады. Сендей соғылысып сөйлеушіге қарап тұрған көпшілік не істерін білмей бір-біріне қарады.


— Жасасын революция!— деп Шеге айқайлады арт жақтан.


— Жаратқан ием сақтай гөр!


— Жақсылықтың нышаны болса жарар еді... — десіп


күңкілдесті кәрілер.


— Кәмпескелеп тек мал-мүлкін алып қою аз!.. Жер аудару деген де түк емес! Байлар ана жақта тайраңдап жүреді деген сөз ол! Қауқаш айтқандай тірі жүрсе олар, оллаһи, қайтып келеді! Келеді де, біз сияқты байғұстарды қасқитады да салады (жүрт күлді). Оу, күлмеңдер! Осы айтқаным келмесе қара да тұрыңдар! Сондықтан бұл қасқалдақтарды қатыру керек! Аяқ-қолдарын матап мәңгі-бақи шыға алмайтын темір тордың ішіне тығу керек! Сол менің айтарым!


— Уа, аузың желкеңнен шықсын... Ждақай! Көктей сол!


Көктей солғыр! — деп Жамал бәйбіше жерді төмпештеді.


— Ал шуды тоқтатыңдар! Қаулы оқылады! — деді Жорға Күрең жымиып, қолындағы табақтай қағазға үңіліп.


— Оқы, оқы! Құлағымыз сенде!


— "Хантөрткіл ауылсоветіне қарасты, 5-ші ауыл кедей-батырақтарының жалпы жиылысы қаулы етеді: Бірінші. Біз өз жиылысымызда аулымыздың ең ірі байы, тап жауымыз Мажан Өтешовтің ісін қарадық. Мажан ірі бай. Жеті атасынан бері еңбекші халықтың қанын сорып, еңбегін пайдаланып келе жатқан жауыз. Сондықтан оның мал-мүлкі түгел кәмпескеленсін, өзі бала-шағасымен жер аударылсын және көзі тірісінде бұл жерге қайтып айналып келмесін.


Екінші. Осы ауылсовет қарамағында тағы бір тап жауымыз тұрады. Ол — бұрын патша заманында бай болған, билік құрған Пахраддин... Оның қазіргі қолда бар малы бай дәрежесіне жетпейтіндіктен ол "құлақ" деп танылсын. Мал-мүлкі кәмпескеленсін. Бірақ Кеңес өкіметіне өз еркімен жылқы берген, ет берген зиянсыз "құлақ"' болғандықтан ол "жер аудару" жазасынан құтылсын". Қаулы осы, жолдастар! — деді Жорға Күрең қағаздан тұмсығын көтеріп. — Жолдастар, айтпақшы және бір айта кететін жәйт бар. Ол бай да емес, "құлақ" та емес, Кеңес тілегіндегі кедей де емес, "құйыршық" мәселесі. "Құйыршық" деп кімді айтамыз? "Құйыршык" деп тап жауымыздың шашбауын көтеріп жүрген кейбіреулерді айтамыз...


— Ол кім ол? Бас! Аяма! Айт! — деп еліріп елпілдей түсті Шәріп.


— Айтсам ол — дәл сен, Шәріп! Өзіңсің! Тап жауымыз


Пахраддинге біраз құйыршық болдың, құда болам деп!


— Не дейсің, әй?! — деп Шәріп түсінбей қалды алғашында. — Әй, қайталап айтшы!


Араның ұясындай гуілдеп кеткен көпшілік бір жанжалды сезіп тына қалды. Жорға Күрең жымысқы күліп:


— Пахраддинмен құда болғаның, шапан киіп ауыз жаласқаның өтірік пе, Шәріп?! Сөйте жүріп өзіңді "белсенді кедеймін" деп төске ұрасың! — деді.


— Әй, әй, Жорға! Сен, сен, не оттап тұрсың, әй!— деп ышқынып қалды шырылдауық Шәріп. Дыз етіп елдің алдына жүгіріп шығып, басындағы бөркін жерге бұлғап ұрды. Жердің шаңы бұрқ етті. Жорға Күрең селк етті. Жұрт үрпиіп қалды.


— Мен екем ғой, сонда "құйыршық!" Уа, атаңның көрін...с...Уа, Мажан байдың базар сайын мініп жүретін жорға байталы! Сен қайдан кедей атынан сөйлей қалдьң? Терін саумай тілін сауған саудагер суқит! Мен Пахраддинмен құда болғаным рас! Бірақ ол бай емес — орташа! Оны неге жасырасың сен суқит!


— Сабыр... сабыр етіңіз, Шәріп аға! — деп Айтжанов тәртіпке шақырды. Жорға Күрең:


— Әнеки, бұл елге шындығын айтсаң жақпайсың, — деп беті бүлк етпей ырқ-ырқ күлді.


Екі мелиса бірі — Бұқабай, бірі — баяғы Сұржекей, Шәріпті қолтыктан көтеріп дедектетіп ала жөнелді.


— Жіберші! Көн табан қара бетінен бір ұрайын кіспұрыштың! Жіберші! — деп Шәріп бұлқынады.


— Жолдас, жиналысқа кесайт етпеңіз!


Шапшаң Шәріп қолтықта бара жатып-ақ етігінің бір сыңарын шешіп алып, мелисаның төбесінен асыра лақтырды. Арба үстіңдегі Күреңді жіберіп ұрды.


— Мә, саған "құйыршық"!


Ұлтаны ауыр қара етік қарғадай далпылдап ұшып барып Күреңнің оң жақ шекесін жанап өтті. Күрең сол жаққа, Асан оң жаққа құлады. Қыран-топан күлкі. Шәріпті "Қызыл отауға" апарып қамады. Шәкеңнің Жорға Күреңді сыбаған ащы дауысы бәрібір тынбай естіліп жатты.


Күн ұясына қарай еңкейген. Нарттай қызарып тегіс алапта отырған ауылға қырмызы нұрын төгеді. Бұл кезде жұрт жапа-тармағай Мажанның кең бүйірлі қоңыр үйіне қарай лықсыған. Ат арбалар да солай қарай қозғалды. Әудемде жиналыс болған алаңда шашын жайып батар Күнге қарап жылаған жалғыз бәйбішеден өзге жан қалмады. Жұрттан бұрын әлдене деп айқайлап атын қамшылап екпіндетіп жеткен Ждақай бай үйінің үзік, туырлық бауларын қиып жіберіп, киізді екпінмен сыпырып ала кетті. Үлкен қоңыр үйдің бір жақ шекесі уықтары ырсиып ашылып қалды. Оған іле атымен кидірмелетіп жеткен Шеге бауы кесілген үзікті шалқайтып сыпырып алды. Сүйек ағашы жалаңаштанып үйдің бір жақ қапталы түгел ашылды. Атынан қарғып түсіп жұрттан бұрын үйге жүгіріп Ждақай кірді. Үйдің бір бұрышында Мажан бай тұқшыңдап теріс қарап тұрып әлденені орап жан қалтасына тыққыштап жатыр екен. Ждақай барысша атылып кеп, Мажанның қолына жабыса кетті.


— Әй, көргенсіз! — деп Мажан шынтағын шолтаң еткізгеңде орамалға ораған бір бума ақша қопырап шашылып жерге түсті. Өңшең қызыл отыздықтар.


— Көрдіңдер ме! Сабатаж! — деп жиналған жұртқа қарап айқайлап, екі қолын көтеріп секіріп-секіріп түсті Ждақай. —Көрдіңдер ме, қасқалдақ, дүниесін қалай жасырып жатқанын! Мә саған! Мә саған ақша!


Ждақай қопыраған ақшаны уыстап, жынданып, шаңыракқа қарай лақтырып жүр. Мажан:


— Өй, ант атқыр! Ант атсын сені! — деп отыра қалып ақшасын жинауға кірісті. Мелисалар Мажанды қолтықтап алып арбаға апарып мінгізді. Мажан бүгіліп жылап әрең отырды. Біреулер бәйбішесін сүйемелдеп ертіп келеді.


Жаландаған жас жігіттер үй ішінің ойран-боткасын шығарып, кебеже, тең, сандықтарды ту-талақай тартқылап арбаға апарып тиеп жатыр. Керегеге ілулі түскиіз, кілемдердің бауын шешпей бырт-бырт үзіп арба үстіне лақтырады. Әп-сәтте кең үйдің іші қаңырап босап қалды. Ашық іргені қуалап, жылт етіп тышқан қашты.


— Үйді не істейміз? Үйді де кәмпескелейміз бе? — деп еліріп сақ-сақ күлді Ждақай.


Жалаңдаған кедей жастар өршеленген үстіне өршеленіп:


Кел, кедей жастары, Ұйымдас жалшымен! Бай менен молданы Қойдай қу қамшымен!— деп қосыла әндетіп, шапқылап жүріп уықтарды сыпырғаңда, шайқалып кеткен қара шаңырақ, бақанмен тіреуге үлгертпей үйдің ортасына келіп гүрс ете түсті. Күлдіреуіштерінің күлпаршасы шықты.


— Құдай бетін көрмегір! Көз жасым жібермегір! — деп аңырады бәйбіше.


Күлпаршасы шыққан шаңырақты көріп жиналған жұрт тіксінді.


— "Жайлауыңды — жау, қыстауыңды — өрт шалды" деген осы да!


— Кесапаты тиер! Қой, балам, кетейік! — деп, жаулығы дағарадай бір кемпір немересін сүйреп үйіне беттеді.


Шаңырақ әлгінде ортаға түсіп күлпаршасы шыққанда бейне өз ордасы құлағандай төбе шашы тік тұрып еді Пахраддиннің. Бүкшеңдеп ақшасын жинаған Мажан, оның қолына жабысқан төртбақ бала жіііт Ждақай — Пахраддиннің бұл өмірде көрмеген сұмдығы. "Бұл ел оңбас. Оңбас. Ендігі жердегі тірлігіміз осы болса, өз ұрпағымызбен өзіміз жағаласып өтетін болсақ, біткен екенбіз. Біткен екенбіз" деп іштей омырылды Пахраддин. Ары қарай беруге дәті шыдамай Мажанмен иек қағып қоштасты да, атына мініп аулына қарай жүріп кетті.


Қираған шаңырақты көріп, Ждақайға қатты ұрысты Асан бәлшебек. Ждақай безілдеп қоя берді.


— Асан аға-ау, бұл зәнталақтың шаңырағы қирағанға ұрсасыз, бұлар менің қабырғамды қиратты емес пе! Міне, қараңызшы! — деп, жейдесін түріп жіберіп қамшы ізі айшықтаған арқасын көрсетті.


— Давай, бұзақылықты доғар! Айтқанды істе! — деді Асан шолақ бұйырып. Арық қара, талдырмаш көрінгенімен өңі сұсты, ашуы қатты еді Асанның. Ждақай майпаңдап сала берді.


— Құп, аға, құп! Қасқа Ждақай екі айттырмайды ғой!


Екі айттырмайды.


Ымырт үйіріліп те қалды. Бұл кезде комиссияның Жорға Күрең бастаған бір тобы жалшыларға азын-аулақ малдарын бөліп беріп, халықтың нобайы үймелеген Мажан үйіне қарай беттеген. Жылап-сықтау, шаң-шүң айқай да осы манда. "Жер ауып, келмеске кеткелі" жатқан Мажанның үйін қоршаған ел кеш қараңғысын жамылып келіп тұрған жалғыз аттыны байқаған жоқ. Бұл — жалғыз атты аңнан қайтқан Бұлыш еді. Соңында — тазысы. Иығында — мылтық. Екі кештің арасында боздаған бәйбішенің дауысын алыстан құлағы шалып осылай бұрылған.


Ждақай, Қозбағар, Шегелер Мажанның үлкен үйіндегі дүние-мүлікті арбаға тиеп бола бергенде, бүйір қапталда түрған отау үйден шаң-шүң айқай шықты. Ышқынған әйел дауысы:


— Шық үйден! Шық! — деген Балқияньщ үні. Іле отаудың есігі сарт ашылып, бүрмелі ақ көйлектің етегі көлең етті.Жалаң бас, шашы тарқатылып кеткен Балқия, үн-түнсіз жабысқан бір еркекгі қараңғы үйден сүйретіп сыртқа ала шықты. Жеңсізінің өңірі ағытылып кеткен қайқы төс мықынды келіншекгің белінен ұстап алыпты Бұқабай мелиса.


— Жібер! — дейді Балқия жұлқына алысып.


— Әй, кәмпескеге қарсысың ба? Мына алтын- күмістерінді өткіз, тәртіп солай! — деп кілбік көз, әукесі салбыраған гүжбан қара Бұқабай қарулы келіншекке әлі келмей күле береді.


— Мә, мына қызықты қараңдар! — деп шу еткен бала-шаға, қатын-қалаш дүркіреп отауға ұмтылды. Сөйткенше, Балқияның білезікті ақ білегі жарқ ете қалды. Сақина, жүзікке толы ауыр жұдырығы, ебедейсіз құшақ жая берген күмпек қара Бұқабайдың тұмсығына сақ етті. Бұқабай танауын басып бүгіле қалды.


— Қағынды келгір, сазайың! ~ деп ашуға булыққан Балқия басын сілкіп тастап, шашын жөндеді. Омырауын түймеледі.


— Бұл не? — деп жүртты қақ жарып жүгіріп жетті нәшендік мелиса Сұржекей.


Бұқабай:


— Мажанның тоқалы... дүниесін кәмпескелейін десем... сабатаж жасап... алыса кеткені! — деп бастығына болған жайды баян етті.


— Ие саған! Қараңғы үйге кіріп кеп... "Кәні шешін, табарыш!" деп алыса кеткен кім? — дел Балқия да бет бақтырар емес.


— Е, "шешін" демей не дейін, үсті-басың толған байлық! Оны кәмпескелеу міндетіміз! Тәртіп солай!


Сұржекей:


— Дүрыс айтады. Кәнеки, өз еркіңізбен беріңіз мүлкіңізді! Әйтпесе, тартып алуға хақымыз бар! — деп дікектеді


Балқияға.


— Дүние керек болса ала бер ана байдың малын! Менің қолымдағы сақина-білезікте не әкелеріңнің құны бар? — деп қайтпады Балқия да. Көпшіліктің сыртында түн жамылып келіп тұрған Бұлышты көріп, әсіресе, батылданып кетіп еді. Балкияны баяғыдан сүйетін Ждақай не істерін білмей жаны кыдырып, осындайда арқа тұтар Асанды іздеп "Қызыл отау" жаққа ұмтылды.


— Асан аға! Асан аға! — деп айқай сала жүгірді. Асан алдынан қарсы шықты.


— Асан аға! Анау Бұқабай Мажанның тоқалымен шатысып... қиқу болып жатыр! Асан аға!


Бұлар жеткенше ақ отаудың есігі алдында опыр-топыр жағалас басталып та кетті. Ымырт қараңғысында ақ көйлегінің етегі ағарандап еркекпен алысып жүрген әйел көрінді.


— Иттің балдары! Бұ қайсың! Доғар! — деп қатты жекіп ұмтылды Асан бәлшебек.


— Ойбай! Көтек!


— Құрсын! Масқара!


— Мынау масқара ғой! — деп шу-шу етті қатын-қалаш. Шеге:


— Жәке! Бұ не сүмдық! — деп атылып кеп Сұржекейдің кеңірдегін жүлып алатын кісіше иек астына жетіп барды.


— Қаншай сабатаж! — деп Сұржекей кабурге жабысты.


Сөйткенше, Балқияның:


— Хайуан! — деп ышқынып жылап жіберген үні шықты.


Бұқадай көзі аларып алған Бұқабай асау келіншекті тақымын жарқыратып жығып салып тізеге басқан. Үстіңдегі асыл тас моншақтарын бытырлатып үзіп, қолындағы сақина, білезіктерін сыпырып жатыр. Төңірек у-да шу. Қызық көргісі кеп итермелесіп үймелескен бала-шаға.


— Көте-ек!!! — деп бір қатын баж етіп қапталға ыршып кетті. Ортаға екпіндетіп кірген атты кісі ысқыртып қамшы көтеріп келіншектің үстінде тұқшындаған бітіккөз Бүқабайдың аю жотасынан тартып-тартып жіберді. Бұл Бұлыш еді. Бұқабай қайқаң етіп ұшып тұрғанда жағасына жабысқан темір шеңгел ес жидырмай дірдектетіп, көкпарша сүйретіп ала жөнелді. Шегенің:


— Ойбай, Бұлыш аға, пәлесіне қаласыз! — деген жан дауысы шықты. Дүрсілдеп қуған адам.


— Сабатаж! Сабатаж! — деген айқай, оған іле тарс-тұрс мылтық атылды. Оқ ызыңдап Бұлыштың төбесінен ысқырып өтті. Бұлыш жібермеді Бұқабайды. Иттер қосыла қуып аты үркіп ауылдан оқшау шығып та кетті. Қырылдап, Бұлыштың қолына жабысқан Бұқабай кімнің тақымында келе жатқанын енді біліп, ауылдан ұзай бере: - -Жазығым не еді, Бұлыш аға?! — деп зар-зар жылады.


— Иттің баласы, осы елден шыққан боқмүрын емес пе


ең! Көзіңе шел біткен екен сенің, сыпырып алайын!


— Бұ-бұ... Бұлыш аға... Не жазығым бар? Б-байдың тоқалы...


— Тышқақ лақша бауыздайым... қазір... иттің баласы!


Ауылдан ұзап оңаша шыққасын атты іркіп, қапталда салаңдаған Бұқабайдың жағасынан көтеріп, алдына өңгеріп алды. Тұншығып онсыз да жалпақ беті қамырдай ісіп кеткен Бұқабай шалқасынан "қырр", "қырр" етіп алдында жатыр.


— ... Иттің баласы... Балқияға қолыңның ұшын екіншілей тигіздің екен өз қолыммен бауыздаймын! — деді Бүлыш.— Есіттің бе?


Бұқабай бас изеп "қырр", "қырр" етті.


— Есітсең... ұмытпа осыны! — Бұлыш тынысы тарылып әлсірей бастаған Бұқабайды жерге лақтырып тастады. Анау жаны жоқ денедей сылқ ете түсті. Ауыл жак азан-қазан. Бұлыш түнге сүңгіп жоқ болды.


Мажан аулындағы кәмпескенің аяғы былай болды. Мажан бәйбішесімен со түні Темірге айдалды. Одан әрі қайда кетерін Құдайдың өзі біледі. Балқия Асан бәлшебектің көмегімен байдан бас бостандығын алып, ермей қалды. Сұржекей мен Асан қатты қақтығысты сол түні. "Бұның солшылдық" деп ұрысты Сұржекейге Асан. "Ал сенікі барып тұрған "байшылдық" деп Сұржекей Асан Айтжановтың өзіне тарпа бас салды. Мажанның малы ауданға айдалды. Ертесіне ертелетіп Айтжанов басқарған комиссия бірнеше арбамен Пахраддин аулына қарай бет алды.


Пахраддин мен Сырға бәйбіше со күні түнімен ұйқы көрмей үйдегі дүние-мүліктің бәрін сыртқа, есік алдына үйді. Кеше кешке Мажанның ауылынан түсі бұзылып келген Пахраддин үйге кірер-кірместен:


— Көрпе, төсек, қазан-табағыңнан басқасының бәрін шығар үйден! Үйді босат! — деді. "Ошақ басымызды ойран етпей тұрғанда артык нәрсені, құрысын, өзіміз-ақ бөліп берейік" деді. Бұл ақылды Сырға бөйбіше де костай кетті.


— Құрысын... дүниесі құрысын... Басыңның аман қалғанын айтсай... — деп жүр Сырға бәйбіше.


Ауылға таңертең мал өре келіп кірген комиссия Пахраддин үйінің алдындағы үюлі дүние — қат-қат кілем, тең-тең мата, қымбат ішік, тондарды, ірілі-ұсақты жиһаздарды көріп қайран қалды. Есік алдына шығып құрметпен Пахраддиннің өзі күтіп алды комиссияны.


— Бір киер киім-кешек, көрпе-төсегіміз, қазан-табағымыздан өзгенің бәрі осы, жігіттер! Үйге кіріп көріңіздер!— деп Айтжановқа есік ашып ізет қылды. Құрамында Жорға Күрең, Шеге, Ждақай, Қозбағар және түндегі екі мелиса бар комиссия үйге кірді. Саудырап кіріп келген түсі суық конақтардан ығыса үркіп босаға жақта тұрған Сырға бәйбішеге комиссия мүшелері түтел сәлем берді. Есіктен кірген кезде іркіліп үй ішіне қарады бәрі. Басы артық дүние көре алмай таң қалды. Жалғыз ғана босағаға ілулі күміс ер-түрманды қолтыққа қысты Бұқабай.


— Бұ кісі жаяу жүрсін дегенің бе? — деді Айтжанов.


— Нешауа, жаяу жүрсін! — деді, Бүқабайдың орнына Сүржекей жауап беріп.


— Алсын! Алсын! — деп бәйек қақты Пахраддин. Жүк астында жалғыз қара кебеже тұр еді, Сырға іріктеп киім-кешегін салған. Оған ешкім тиіскен жоқ. Сөйтіп, есік алдындағы үюлі


мүлікгі алдымен тізімдеп, қағазға түсіріп, содан кейін арбаға тиеп комиссия сәске түсте ауылдан аттанып кетті,


Бұл ауыл, өстіп, көптен күткен "кәмпескені" де бастан кешті.


ҚАШҚЫН АУЫЛ


1


Жан-жағы шағыл құм, сексеуілді түлей ішінде бой жасырын бір ауыл отыр. Қоңыртөбел елу-алпыс үй. Елден жырақ осынау ит арқасы қияндағы құмайт арасына ойдан қырдан келіп бас қосқан бұл ауыл "кәмпескеден" үріккен елдің бір шеті. Үстірттің құс қанаты талатын сусыз қиян шөлінен өтіп бұнда келіп жатқан өкімет жоқ. Тыныш. Тағдыр желі қанкөбелек айдап әкеп Хансұлуды да осы ауылдан бір-ақ шығарған. Оған да бір жыл өтті.


Хансұлу ауыл сыртындағы құмаршық, селеулі бұйратқа қарай Қаракерін текіректетіп келеді. Үстінде қынама бел қара пүліш қамзол, белін қызыл жібек түрмемен таңып алған. Назары тұнжырап шаңыт көшіп буалдырланған көкжиекке қарайды. Кімді, нені күтеді, оны өзі де білмейді. Қозбағарға матап берген елдің қармағынан құтылып Әзберген ағасына еріп түн жамылып қашқан күн қуаныштан жүрегі жарылғандай еді. Бостандыққа қолы жеткендей еді. Бірақ ол қуанышы ұзаққа созылмады. "Ертеңіміз не болар екен?" деп қалың сексеуіл ішінде бұғып, қорқып-үркіп отырған қашқын ауылға тап болды. Иті екеш итіне шейін қаттырақ үруге жасқанатын сияқты бұл ауылдың. Балалары да елдегідей асыр салып ойнамайды.


Күн райы таң атқаннан бұзылулы еді. Дауыл боларға көрінген екен. Қазір, Қаракерін текіректетіп селеулі құмсақ шағыл үстіне шыққан Хансұлудың көзін суырған құм аштырмай тұр. Ызғып жортқан ақ шаң борасынмен қабаттасып қылт-қылт туындап арқа тұстан бір шолақ көш көрінді. Хансұлу атының басын ауылға қарай бұрып қамшыны басты. Сексеуілді ойпаң түлей арасында ұйлығысып отырған ауылдың бірсыпыра әйел, бала-шағасы шашырап сыртта жүр еді. Қатты екпіндеп келген Хансұлу:


— Жеңеше, — деп атынан дік етіп секіріп түсті.


— Ау, Еркежан! — деп Рәш жеңгесі (Әзбергеннің келіншегі) сасқалақтап қайын сіңлісіне қарсы жүгірді.


— Жеңеше! Мылтықты кісілер келеді! Әскер ме деймін!


Ел жақтан!


— Өш қасқа! Енді қайттік?!


Сөйткенше, қалтарыстан сау етіп төрт-бес түйеге жүк артқан көш, іле мылтық асынған төрт-бес қызыл әскер шыға келді. Әйелдер бықпырт тигендей шуылдап үйді-үйіне қашты.


— Ойбай! Ойбай!


— Құрыдық! Қасқайдық!


Әйел бала-шағаның дені Әзбергеннің үйіне кіріп кеткен. Зәре-құт жоқ. Кемпірлер немерелерін бауырына қысып зар-зар етеді. Балқия, Хансұлу да осы үйде.


— Ау, халайық, неге қаштыңдар' Жау емеспіз! Өкімет адамдарымыз! Тілдесіндер! — деген дауыс шықты сырттан.


Жұрт дір етті.


— Құрысын... мынау Асан ғой! — деп сыбыр етті, Балқия бетін сызып.


— Онысы кім тағы? — деп іргеге тығылып отырған бір кемпір күңк етті.


Ақ көйлегінің етегі көлең етіп ортадағы қоңыр үйден дембелше бойлы ақ сары келіншек жайнаңдап шыға келгенде Асан бастап келген топ — Сұржекей, Бұқабай мелиса, Шеге, Ждақайлардың көздері жарқ еткендей болды.


— Мінекей, іздеген жоғымыздың бірі алдымыздан шықты, — деп басында орыс кепкасы бар арық қара Асан ырсиып күлді. Беті шалбарланып кететін баяғы күлкісі.


— Ал Балқия, бұл ауылдың бөріктілері қайда?


— Келіп қалар...


— Сонда бұ... қайда кеткені... олардың?


— Оны келгесін өздерінен сұрай жатарсыздар! Үйге кіріңіздер!


Суырма желден мазалары кетіп тұрған Асан мен Сұржекей бір-біріне қарады. "Не істейміз?" дегендері еді. Асан шешімге келді.


— Қазір... Қазір кіреміз! — деді Балқияға ізетпен бас иіп.


Келіншек ішке кіріп кеткеннен кейін Асан мен Сұржекей ақылдасты. "Қырдың астында бұғып жатып, үйге кірісімен тарпа бас салмасын, әлгі келіншектің шайға шақыруы бекер емес" деді Сұржекей. Ауыл маңын шолып шығуға Шеге мен Ждақайды жұмсады. Бітік көз Бұқабай аттардың қасында қалып, Асан мен Сұржекей әлгі Балқия кіріп кеткен үйдің есігін ашты. Өңшең кемпір-сампыр, әйелдер өре түрегеп, кейін шегініп жол берді. Түстері қашып кеткен. Балқия ортада тұрған мосыға шәйнек іліп жатыр.


— Ау, неге қорықтыңыздар? Немене кепкі киген кісі көрмеп пе едіңіздер? — деп Асан төрге озып, көрпешенің үстіне тізе бүкті. Бесатарын керегеге сүйеді. Сұржекей де отыра беріп:


— О-го, және бір жоғымыз табылды! — деп босаға тұста үркіңкіреп тұрған үзын бойлы, шалбарлы қыз Хансұлу жаққа иек қақты. Асан киіктің лағындай көзі жалт-жүлт еткен бидай өңді бойшаң сұлуға бір ауық назар ірікті.Күйеуін менсінбей бүкіл елді шулатып қашып кеткен қайсар қалыңдықты содан бері көріп тұрғаны осы.


— Қорықпаңдар! — деді Асан, әйелдердің үрпиген түрлеріне қарап. — Сіздерге істейтін жамандығымыз... әрі кетсе... елге қосу ғана. Басқа мақсат жоқ бізде.


Кемпірлер суық демдерін алды. Тоңторыс үнсіз күйде бәрі. Үшбұт мосыға ілінген қара шәйнек қана зыңылдайды. Үйдің түндік бауларын ұрғылап сыртта жел гулейді. Ат тұяғының дүрсілі естілді.


— Асан аға! — деген Шегенің ащы үні шықты. Алдымен Сұржекей ытып кетті. Іле Асан да ұмтылды есікке. Үйдегі қатын-қалаш дүрлігіп қалды. Бірақ сыртқа шығуға қорықты.


Хансұлу Шегенің дауысын естіп елең еткен. "Анық сол ма?" деп Шегені өз көзімен көргісі келіп есіктің саңылауына еңкейді.


Кемпірлер сарнап жатыр.


— Иә, Жаппар ием!


— Иә, Барақ ата! Иә, Бекет ата! — деп.


Хансұлу есіктің жақтауына жабысып сыртқа көз тікті. Байлаулы тұрған аттарына қарай жүгірген әлгі екеуді, олардың қасында сары айғырдың басымен алысып шығыс тұсқа қамшысының сабын шошаңдатып тұрған Шегені көрді. Оның да басында былғары кепкі. Бірақ үстінде әлгілердікіндей қызыл әскер киімі жоқ. Белін белдікпен буған жүн шапан. Иығында — мылтық. Мынау баяғы "ақсүйекке" таласып жүретін қара сирақ Шеге емес, дегенмен. Түсі суық пышақтың қырындай таралып өскен естияр жігіт. Әнеки, ар жағынан далбақтап шауып Ждақай келеді. Асанның қасына жиналып жатыр. Күн желкем. Олардың не деп жатқаны естілмейді.


— Қаптаған қол... Асан аға... Қаптаған...— деп ышқынған Ждақайдың дауысы ғана үзік-үзік жетті құлағына.


— Біздің адамдар келеді білем... — деді Хансұлу.


— Иә, сақтай гөр! Ата-бабалар аруақтары жар бола гөр!


Сөйткенше ауыл алдындағы қалың сексеуіл арасынан шоғырланып топ атты ауыл адамдары шыға келді. Ақ түйесінің шудасы желпілдеп арасыңда ахун келеді. Ауыл шетіндегі әскерді көріп қалса керек, алғы шептен бір атты әжептарқы айқайлап жіберіп, жалт берді. Үркердей топ кейін серпіле түсіп іркілді. Қаруларын жалма-жан қолға алды. Ахун ғана сасқан жоқ. Түйесін алшаңдата желдіріп алға оза берді.


— Бауа, тоқтаңыз! Ауылда әскер бар! — деген айқай-ұйқайға көңіл бөлер емес. Әлдебір дұғаны танау астынан ыңылдаған күйі мылтықтары шошайып ауыл алдында иіріліп тұрған бес-алты аттыға қарай желпілдеп желіп келеді.


ЬІсқырған жел түйе табаны астынан бұрқ-бұрқ шаң алып қашып жатыр. Шалдың алдынан Асан бәлшебек атын тебініп қарсы шықты.


— Ассалаумағалейкум, ахун бауа!


— Уағалайкүм-ассалам, балам. Жол болсын!


— Айтқаныңыз келсін, бауа! Бірлік іздеп келдік.


— Лекин... Бірлікті қарудың күшімен іздемес болар, балам!


— Рас, бауа! Сұхбатқа көшелік онда!


Түйе үстінде отырған шал ойланып аппақ сақалын саумалай берді. Ақ кірпігінің астындағы нұрлы кәрі жанарында ой тұнған. Әлден соң түйесін бұрып анадайда иіріліп тұрған топқа қол бұлғады. Аналар не істерін білмей дағдарып тұр.Ахун: - Жүрсеңдер, әй, өңшең су жүректер! Елуі тұрып бес адамнан қорқады-ай! — деп бас шайқады. Бір-бірлеп тыста қатын-қалаштар бой көрсете бастады. Сұржекей,


Бұқабай мелисаларды көріп ит көрген мысықтай жиырылып келеді ауыл еркектері. Алда — Бұлыш. Ол да шық-шыты шодырайып, тістеніп, іштей шиыршық атады. Ортада


тұрған Лабақ ахун мен Асанға жақындай беріп іркілді.


Қалғандары алысырақ тоқтады.


— Ассалаумағалейкум, Ас-еке! — деді Бұлыш. Сұржекей мен Бұқабайды әдейі көрмегенсіді. Асан:


— Ал азаматтар, аман барсыздар ма? — деді ширақ дауыстап.


— Шүкір!


Сол-ақ екен қалың нөкер:


— Ау, өкімет сау болса, біз де саумыз! — деп жамырап қоя берісті. Асан:


— Ал, жігіттер! Жауласқалы емес, елдескелі келдік.


Өкімет атынан келдік. Айтар сөзіміз бар өздеріңізге!


Басшыңызды кім деп білеміз! — деді көпшілікке қарап.


— Басшымыз — Бұлыш, ақылшымыз — ахун! — деп топ аттының ортасынан қызыл бөрікті бүйрек бет жігіт шаңқ-шаңқ етті.


Түйе үстінен Лабақ ахун:


— Уай, Асан балам! Сұхбат дегенді үйде отырып айтар болмай ма?— деді сақалын салалап.


— Ахун бауа! Күллі жұрт естісін деген сөзіміз бар еді..!


— Ләббай, болсын айтқаның! Уай, жиналыңдар түге!


Лабақ ахун ырғайдай арық мойнын созып жан-жағына қарады. Бұ кезде көпшілік онсыз да анталап жиналып қалған еді.


Атын тебініп, түксиіп Әзберген жақындады Бұлышқа.


— Былай жүрші! — деді күңк етіп.


Әзберген мен Бұлыш екі атты болып жұрттан бөлініп шаңытқан далаға қарай шыға берді.


— Құлағым сенде! — деді Бұлыш Әзбергеннің түнерген қабағын жақтырмай. Бұлыш осы пәтшағарды о бастан суқаны сүймейтін. Кедей-кембағал, жетім-жесірге тізесін батырмаса ішкен асы бойына сіңбейтін осы әпербақанды көргенде бұның да арқасы құрыстап қоя беретін. Іштей тиіссе екен деп тілейтін. Тәубасын келтіріп жұдырық сілтегеннің не екенін көрсетер еді. Бірақ


Әзберген өлсе бұған жоламайтын.


— Сен, немене, анау алжығанға еріп шоқынған кәмөнесті тындағалы тұрсың ба? — деді Әзберген дүңк-дүңк етіп. — Оның жыры белгілі, одан да сөйлеттірмей басын қағып алу керек! Оның емі сол!


Бұлыш өңкиген шомбал қара Әзбергеннің түр, әлпетіне бажырайып тіп-тік қарады. Әзбергеннің түк басқан қалың беті бүлк етер емес.


— Сен не көкіп тұрсың?— деді Бұлыш та бұрқ ашуланып. — Бізді баңды етіп, бүкіл өкіметке қарсы коймақсың ба, сонда?


— Кәмөнестің басын алғың келмейді екен ғой... — деп қалың беті түтігіп, қанасына сыймай атын тебініп бір орында шыр айналды Әзберген. — Онда көр де тұр, сенің басынды ертең ол алады!


— "Елдесуге келіп тұрмыз" демеді ме!!


— Шоқынғанға сенім жоқ!— деп ақырды Әзберген, көзі қанталап. Бұлыш мына кәпірдің түрінен сескенейін деді.


— "Сенім жоқ" болғанда не істемек, небары бес-ақ адам?


— Сөйлемесін, керегі жоқ сөзінің! Ортамызда тұрып басынбасын! Бас керек болса кетсін! Жоғалсын!


— Әзберген! — деді Бұлыш ашуын ақылға жендіріп. —


Сен тек өзіңді ойлаулы... Ізімізге ерген ел бар, қатын, бала-шаға бар. Мен соларды ойлаулы...


Осыны айтты да Бұлыш атының басын жиылған топқа бұрды. Бұлыштың ту сыртынан окты көзімен ата қарап аласұрды Әзберген. Әзбергеннің қасына кәнпеске болған Мажанның үш ұлы Мотан, Шотан, Қапандар топ құрап шапшаң жиналып қалды.


Бұлыштың келуін күтіп тұрған Асан бәлшебек атын тебініп ортаға шықты. Жиылған қауым Асанның аузына қарады.


— Ау, жұртым! — деді Асан ашық дауысы саңқылдап.— Ал менің бір сұрамағым бар сендерден!


— Ай, бәрекелді, сұра!


— Сұра! Сұра!


— Ау жүртым, сендер елден қашқанда, өкіметтен қашқанда қайда бармақсыздар? Әлде бас құрап өкіметті төңкермек ниеттесіздер ме? Соны айтындаршы!


Көпшілік гуілдеп толқып кетті.


— Тоқтаңдар, біреуің айтыңдар! — деді Асан бәлшебек.


Ақ түйенің үстінде аппақ сақалын саумалап отырған аққудай ахунға қарады көпшілік. Ахунның сөзі дайын екен.


— Уай, балам! — деп Асанға бағыштап сөйледі. — Уай,


"Үйірінен қаңғыған тұлпар оңбас, тұғырына саңғыған сұңқар оңбас" деген. Біз хөкиматпен белдесіп береке табамыз деп айтпаймыз. Хөкимат алдымыздағы малдан, аузымыздағы дұғадан, көші-қонмен жүрген еркіндігімізден айырса қазаққа одан артық өлім бар ма? Елден безген бетіміз содан-дүр. Алдымызда не күтіп тұр? О жағы бізге қараңғы.


— Дұрыс айтады ахун!


— Бәрекелде... сөз-ақ! — деген қошемет айқайлар естілді.


— Ахун бауа! — деп тағы айқайлап сөз бастады Асан.—


Бұл ауылдың өкіметке деген үш өкпесін айттыңыз! Енді сол өкпе орынды ма, соны айтайын, ау, ағайын, аздап құлақ сал! "Өкімет малды алды" дедіңіз. Рас. Малды алғаны рас. Бірақ байдың малын алды. Алды да кедей-кембағалдың, жоқ-жітіктің алдына салды. Қалғаны мемлекет мүлкіне айналды. Айналып келгенде ол да халықтікі. Бір ме?! Екінші — "ауыздағы дұғадан айырды" дедіңіз. Халық аузындағы дұғасын тастасын деген заңды көргем жоқ. Екі ме? Үшінші —көші-қонмен жүрген ел едік, "еркімізден айырды" дедіңіз,ахун бауа! Бұныңызға айтар дауым бар! Заман алға озды.Ат жалын тартып мінген киіз туырлықты көшпенділер отарба, айырпланды замана жүйрікке жете алмады. Далақтап артта калды. Ең болмаса мына іздеріңе ерген шиеттей бала-шағаның обалын неге ойламайсыздар!


Осы жерде атымен екпіндеп кимелеп жұртты бұзып-жарып ортаға шыға келген Әзберген қамшымен Асан бәлшебекті қақ бастан тартып жіберді. Асанның кепкасы ұшып түсті. Мандайынан қан саулап берді. Опыр-топыр болды да кетті төңірек. Жаяу жұрт бытырап тұра қашты. Аттылар алысып араласып кеткендей. Тарс-түрс мылтық атылды. Көпшілік ішінде түрған Хансұлудың байқағаны Шегені біреу, шамасы, Шотан болуы керек ат үстінен сыпырып алып жатты. Сұржекей, Бұқабай мелисаларды жігіттер көзді ашып-жұмғанша мылтықтарын тартып алып, қолдарын қайырып байлап тастады. Ждақайды біреу топыраққа аузын былғап бақыртып тепкілеп жатыр. Әзберген Асан бәлшебекті көкпарша сүйреп тақымға ала бергенде, Әзбергеннің желкесінен Бұлыш қона түсті. Лабақ ахунның түйесі үркіп өзі шеттеп шығып кеткен, Оның сөзін ешкім елеп тыңдап жатқан жоқ. Шаңыт аралас қым-қуыт аласапыран. Жаяу халық, ішінде Хансұлу да бар, үріккен қойдай серпіліп анадай жерге барып іркіліп бұрылып қарап тұрды. Асан бәлшебек, Сұржекей, Бұқабай мелиса, Шеге, Ждақайлар қолдары арттарына байлаулы, аузы-бастары қан-қан болып жерде жатты. Енді үрпиген қалың нөкердің алдында, жаяу алысып жүрген Бұлыш пен Әзберген еді. Өзінен бойы да биік, әлпеті де зор Әзбергенмен Бұлыштың айқасын дос та, дұшпан да бірауық қаңтарылып, қызыға тамашалап қалғандай. Бітіспес бір-біріне әзелден өш, түздің ызалы екі тағысы андаусызда жолығып қалып өліспей беріспес жекпе-жекке шыққандай. Шын басшының тағдыры да қазір осыңда шешілетіндей. Екеуі де өлермен, киімдері дал-дүл айрылып жалаң бас алысады. Өңкиген алпауыт тұрықты Әзбергенді, қайың денелі, қабыландай шапшаң Бұлыш айналдырып әкеп бір кезде қалың нөкердің алдына былғап ұрды. Жұрт гу етті. Омырылған теректей етбетінен сұлаған Әзбергеннің қолын жауырына сындыра қайырып арқасына қонжиып мініп алған Бұлыш:


— Әкел жіпті! — деп ақырды дағдарған топқа қарап.


Біреу аттың шылбырын лақтырды. Әзбергеннің қос қолын арқасына байлап болған Бұлыш енді оны әлгі жатқандарға қарай сүйреді. Тура Асан бәлшебектің қасына сүйреп әкелді.


— Әп-бәрекелді! — дей береді Лабақ ахун.


— Шешіңдер қолдарын! — деп жекіді Бұлыш жігіттерге.


Өзі Асан бәлшебектің байлауын шешіп жатыр. Мотан,


Шотан, Қапан бастаған бір топ айқай салды.


— Дұшпанды неге босатамыз?


— Босатпау керек!


— Ат көтіне байлау керек!


— Көздерін жою керек! —- десе, Бүлыштың ісін қолдаған мол нөпір дауыс:


— Бұлыштікі жөн!


— Өкіметпен жаулықтың керегі жоқ!


— Біз банды емеспіз!


— Басымызға тыныштық керек! — десіп айқай салды.


Лабақ ахун да:


— Бұлыш баламдікі жөн! Ақылмен іс қылмақ лазым! — деп жатыр көзін жұма тақуа кейіпке еніп.


Қолдары босатылып ұсқындары қашып орындарынан тұрған өкімет адамдарының алдарына әкеліп аттарын көлденең тартты жігіттер.


— Қаруларын да беріндер! — деп Бүлыш сұсын қадады


Мажан балаларына қарап. Бұлыштан ғана емес көпшіліктен қаймыққан Мажан балалары өкімет адамдарынан әлгінде тартып алған бесатар, нагаңдарын өздеріне қайтарды. Асаңда да, Сұржекейде де, Бұқабайда да, Шегеде де, Ждақайда үн жоқ. Қаруларын алып, үсті-бастарын реттеп ат беліне қонып жатыр. Жел гулеп соғып тұр. Ышқынып азынап ысқырады. Қара арғымағына мінгесін Бұлыш Асанға қарап:


— Асеке! — деп дауыстады. — "Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді" деген. Сол айтқан келді. Бір ақымақтың кесірінен біз міне қарабет болулы. Жолымыз енді екі айрылулы...


— Рас айтасың! — деді Асан бәлшебек бетінің қанын сүрткіштеп. — Жолымыздың екі айрылғаны рас. Біз қайттық, ендеше!


Асан бәлшебек атын тебініп қалды. Бес атты саудырап бөлініп шыға келді. Құйрық жалы желбіреген сары айғырдың үстіндегі Шегеден, кетіп бара жатқан Шегеден көз алмай топ арасынан Хансұлу қарайды. Қыздың бүгін байқағаны Шеге өзгерген, өскен. Бұрынғы бала Шеге емес. Құйрық, жалы желге желбіреген сары айғырдың үстіндегі Шеге кенет жалт бұрылып кейін қарады. Топ ішінен назары Хансұлуға түсті. Хансұлу да көз алмай қараумен тұр еді... Бірақ Шегелер ұзай берді.


2


"Өкімет адамдарының'" қарасы үзілісімен ауыл опай-топай үйлерін жығуға кірісті. Бала жылап, ит үріп, түйе бақырып азан-қазан болып жатыр. Бұл кезде Лабақ ахун Әзберген мәселесін де бір жәйлі еткен. Әзбергеннің қолын шештіріп Шотан, Мотан, Қапандарды да шақырып алып ер-азаматтардың көзінше ақ сақалын саумалап тұрып пәтуа айтқан. "Уай, Әзберген ұғлым, бүгін біз Бұлышты басшы сайлап баталастық. Сен батаны бұздың. Арамызға іріткі салдың! Көнсең осы, көнбесең жөнінді тап дейміз. Көп тілегі осы!" деп айтты. Әзберген түнеріп ұзақ тұрып бір кезде: "Айып бізден, ахун бауа!" деді кінәсін мойнына алып. Көпшілік Әзбергеннің кінәсін кешті.


Шай қайнатым уақыт ішінде дауылмен араласып дүрліккен ауыл жүктерін түйелерге артып та тастады.


Ақ түйесіне мініп алған Лабақ ахун:


— Ал, Жаппар Ием, жар болғай! Жорытқанда жолымыз, Қыдыр ата жолдасымыз болғай! Тарт, балам! — деді дауысы саңқылдап.


Бұлыш қара арғымағын текіректетіп жолға түсті. Соңынан тізіліп салқар көш қозғалды.


Көзді буған қым-қиғаш шаңыт әлі ұлып соғып тұр. Көп сексеуілді, арагідік жайдақ құмсақ адырмен күнбатысты шекеге ала отырып, кіші бесін шамасында бір ескі молаға тұмсық тіреді. Ойпаңнан басталып шағын төбе үсті түгел жауып жатқан өңшең төрт құлақты бейіттер. Саздан, қара тастан аралас соғылған. Қасқайып қарап тұрған төртқұлақ тамдар. "Барак ата", "Барақ ата" бейіті деген күбір қашты көшті жағалап. Жағын қызыл орамалмен байлап алған Хансұлу бір топ атты қыз-келіншектердің арасында тұрған. Лабақ ахун бас болып ер-азаматтар домаланып аттан түсе бастады. Жұрттың айтуынша, анау төбе басына таман тұрған кәрі сексеуілдің түбіндегі төрт құлақты мола — Барақ атанікі, одан төмен ойпаңдағы төрт құлақты тас бейіт оның баласы Асаудікі. Ерліктері жырға, аттары аңызға айналып кеткен әкелі-балалы батырлардың бейіттерін Хансұлудың көріп тұрғаны осы. Жырда айтылатын бүкіл уақиғалар көз алдыңда тіріліп, елестеп, жүрегі лүпіл қақты.


Жұрт аруақты бабаның бейітіне жүз беріп тізе бүгіп, бас ие мүлгиді. Лабақ ахун қалың көпшіліктің алдында, жел өтінде ақ сақалы желбіреп отырып әндетіп құран оқыды. Ахунның қазіргі аят оқысы бөлек. Сазды үнін шырқай созып боз інгендей боздап, аруанадай зарлайды. Құлак түбінен ысқырған жел, бас шұлғыған бұта түгел баянсыз мезгілдей жүйткіген опасыз тірліктен хабар бергендей шал үніне үндесіп жадау сыңсиды. Аяттың орта тұсында ахун үні бүзылып қалтырап сала берді. Шал орамалымен көзін сүртті. Сол-ақ екен, қаптап отырған қалың жұрт әйелі, еркегі бар түгел бырсылдап жылауға көшсін.


— Қош, бабам! Қош! Қош! — деп көз жасын сыға отырып ахун аятын аяқтағанда, бордай езіліп отырған жұрт енселерін көтере алмай бірауық қыбырсыз қалды. Кіндік қаны тамған жер — ата жұртпен ауыл осылай жаназаға жиналғандай жылап-сықтап қоштасты.


Батар Күнді бағытқа алып көш тағы салдыртып кетті. Алыс жол, алды қараңғы сапар алдында аңырап дауыс еткен әйелдер жағының да үндері бірсін-бірсін толастап акыры көкірек айыра күрсініспен тыншыды. Жас, кәрі, қатын-қалаш енді неге де болса белді бекем буған түрлері бар. Түйенің итің ырғағы ғана жұртты бір қалыпты тербеп келеді.


Түнде қалың сексеуіл арасына түйелерін шөгеріп, таң саз бергенше көз шырымын алып ауыл елең-аланмен тағы көтерілді. Күн шыға Сам құмының кедір-бұдыр бұйраттарын артқа салып, көш Үстірттің жылмиған тегіс айқай жазығына шықты. Толас таппастай көрінген жел де Алланың әмірімен тыйылып көкжиек далиып кеңіп сала берді. Көліктің белін суыту үшін ғана түсте, кеште байыздағаны болмаса ауыл іркілместен үдере тартады. Қауіптері — артта. Қуғын келіп қалама дейді. Жалтақтап, жауды ылғи осылайша желкеден күтіп келе жатқанда, үшінші күн дегенде жау тура мандай тұстан шықты. Үстірттің тақтай жазығы таусылып, енді бытпылдық құмға келіп кірген еді. Төңіректің бұтасы да іріленіп, өзгеріп сала берді. Қоянсүйек, дүзген, нарселеу тәрізді құм бұталары кезіге бастады.


Келе жатқандары ескі керуен жолы еді. Қазылып төмен түсіп кеткен. Күн нарттай қызарып алыс жал құмдардың басына қона берген шама. Ер-азаматтар бөлек топ болып көштен оқ бойы алда келе жатқан. Алдағы, көлденеңдеп шөккен нардай дүңкіс жотаны айналып өткелі келе жатқан. Сөйткенше, тұмсықтың тасасынан саудырап үркердей бір топ атты шыға келді. Өңшең мылтық асынған сеңсең бөрікті салт атты түрікпендер.


Жүрегі зу етті Хансұлудың. "Қазір атыс, у-шу қырғын басталады. Өкіметтен қашып жүргеңде енді баспашыға жем болдық".


— Иә, Барақ ата! Иә, Бекет ата! — деп шулап қоя берді көш.


Хансұлу да пірлерге жалбарынды.


Көшті көріп түрікпендер аттарының басын тартып тұра қалды.


Көш те іркілген. Елді тонап, қыз-келіншектерін олжа ғып алып кететін аты шулы жауды Хансұлу көзбен көріп тұрғаны осы.


Түрікпендер қиястап жолдан шығып қозғала берді. Әлдене деп қауқылдасқан үндеріне шейін естілді. Өнбойы мұздап сала берді Хансұлудың.


Бұлыш бастаған ер-азаматтар дағдарып тұр. Олар да әккі жаудың мына қылығын ұға алмай дағдарғандай. Бірақ бәрінің көзі қапталдай берген жауда. Шекпендерінің белін қатармен шарт буған түрікпен жігіттері қаз мойын сәйгүліктерін текіректетіп айналып өтіп барады. Бәрінің де бөктерген қоржындары бар. Көшке көз қиықтарын салып өтіп барады. Түйенің пысқырғанынан басқа дыбыс білінбейді. Зар жақ әйелдерге шейін жым болған. Баланың да, кәрінің де көзі — түрікпендерде. Түрікпендердің алдында алааяқ жарау торы үстінде өзінен бөркі үлкен, кішкентай қабасақал кісі барады. Тіп-тік отырысына қарағанда осы нөкердің басшысына ұқсайды.


"Шынымен бір оқ атпай-ақ өткені ме?" деп, Хансұлу


тізгінді қысып қарысып қалған уысын әрең жазып, төңірегіне қарады. Жұртта өң-түс жоқ. Есеңгірегендей қалыпта. Сөйткенше, көш тағы дүр ете түсті. Тағы түгел жау жаққа қарады. Қараса, нөкерлерін алға оздырып жіберіп әлгі алааяқ торы мінген қабасақал көлденендеп тұр екен. Әлдене деп қол бұлғады. Көшке қарап айқайлады. Көп үзамай ауыл азаматтарының арасынан Бұлыш жалғыз шығып әлгі түрікпенге карай жорта жөнелді.


— Жасаған-ау, бұнысы несі?


— Тағы не тапты? — деп әлгі зар жақ әйелдер сарнап қоя берді.


Бұлыш көп тәжікелеспеді. Екеуі де ат үстінде тұрып шолақ ғана тіл қатысты. Содан кейін қабасақал түрікпен нөкерлерінің ізінен желе шауып кетті де, Бұлыш кейін бұрылды. Лабақ ахун бас болып, жұрт назары түгел қара арғымағын шапшаң аяндатып келе жатқан шойын қара жігіт Бұлышта. Бұлыш түсі қатулы. Анадайдан-ақ қамшысын алға сілтеп:


— Тарта беріңдер!— деді. Дауысы қайратты, өжет үкімдей, жұртты жігерлендіріп жіберді.


Көшпен қатар келе жатқан қыз-келіншек тобына Бұлыш хабары жеткен жоқ. Бұлыш түрікпенмен болған әңгімені алдымен ер-азаматтар құлағына тигізді. Көп ұзамай ол хабар әйелдер тобына да жетті.


— Қайдан келіп, қайда бара жатқан көш бұл?— депті түрікпен.


— Өкіметтен қашып Ауған асып барулымыз!— деп жауап береді Бұлыш.


— Өкіметтен қашпау керек, өкіметпен алысу керек, — депті түрікпен.


— Өкіметпен алысар шама бізде жок, — депті Бұлыш.


— Сізде жоқ болса, бізде бар. Шағыл деген құдыққа қарай бұр көшті! Өкіметің көп ұзамай сол құдықтың басында жерленер,— депті түрікпен.


— Бізге әмір етпеңіз, жолаушы! Бұл ауылдың әлі өз еркі өзінде!— депті Бұлыш.


— Әй, қазақ, өкіметтің құрығынан құтылғанмен Ханжөнейттің құрығынан құтылмассың! — деп түрікпен атын тебініп қалыпты. Болған әңгіме осы. Бұл әңгіменің астары жұрттың үрейіне үрей қосты. "Енді өкшеңе жалғыз ғана өкімет емес, тағы бір көкжал — Ханжөнейттің баспашылары да түсті десеңші" деп, көпті көрген кәрілер жағы қапа шекті.


Жол жүрген сайын ұшы-қиыры жоқ біріне-бірі мінгескен жал-жал құмдарға бойлап кіре берді. Тап-таза сусыма құмдар оңында да, солында да қалып барады. Сарғайып, алтын шашақтанып қураған құм селеулер. Құмаршық, дүзгендер. Жантақтар. О заманда бұ заман мал тұяғы тимеген, иесіз қу медиен шөл дала. Күн де қайтадан ысыған. Таңдай құрғатып, қаталатып, бетті жалындай шарпып құм аптабы еседі. Көшкен ауыл енді түн баласында ұйықтарда төбе басына қарауыл қоятын болды. Жолда кездескен бір-екі құдықтан ауылдың мал-жаны түгел қанып су іше алмай тарығып келе жатқанда суы мол бір құдықтың үстінен түсті. Саршейіт деген құдық екен. Төңірегінің түйе жайылатын жантағы да мол. Жұрт жүктерін түсіріп, көлік малды суарып, түгел сол жантаққа жіберді. Ауыл кешті осында батырып, таңғы салқынмен жүруді ұйғарды.


3


Құрамында еріктілер, халық милициясы аралас елу кісі жасағы бар Апанас бастаған отряд қашқан ауылды ескі керуен жолымен қуып келеді. Күн демей, түн демей отрядты алып келе жатқан — Асан Айтжанов. Түрікпеннің Қарақұмына кіргеннен кейін үшінші күн бесін шамасында Асан Айгжановтың көзі жұрттан бұрын алыста құм арасында қылт еткен түйенің мойнын шалып қалды. Отряд сайдан шыға берген. Сайға қайта шегінді.


— Мал көрінді. Ауылға жеттік! — деді Асан бәлшебек дүрбісін оңтайлай берген Апанасқа. Апанас дүрбімен алысқа шұқшиып біраз қарады.


Апанас Ждақай мен Шегені шақырып алып бөлек сөйлесті.


— Анау тау құм басында карауыл түр. Жалғыз адам, — деді Апанас таза қазақша сөйлеп. — Сіздер отрядтағы ең саналы жастарсыздар. Революция атынан бұйрық етемін! Сол қарауылдың дымын шығармай қолға түсіресіздер! Шамаларың келгенінше қолға тірі түсіріңдер! Біз ауылды ұйқыда жатқан таң қараңғысында басып қалуымыз керек. Өйтпеген күнде олар атқа отырып қарсыласып кетсе қан төгіс болады. Ұқтыңдар ма?


Отряд командирінің алдында әскерше тіп-тік тұрған екі бала жігіт, көздері жайнап:


— Ұқтық, жолдас командир!— деп қосарласып жауап берді.


— Бұл сіздердің алғашқы жауынгерлік тапсырмаларың!


Бұлжытпай орындайсыздар деп сенемін! Көп үзамай Ай да туады. Төңірек анық көрінетін болады. Қарауылды қолға түсірген минутында сол төбенің үстінде бой көрсетіп қол бұлғап белгі бересіздер! — деді Апанас.


Командирден бұйрықты алғаннан кейін Шеге мен Ждақай сай-сайды қуалап бұқпақтап алға жылжыды. Әлі тұтасқан қою қараңғы. Селтигеннің бәрі жолыңды тосқан жау сияқты. Екеуінің де жүректері дүрсілдеп кеуделеріне сияр емес.


Былайырак шыққан соң Ждақай сыбыр етті:


— Қасқа бала, қасқиған деген осы...


— Қорқып келесің бе? — деді Шеге мырс етіп.


— Қорықпай... еңгезердей біреу келіп қазір желкеңе қона кетсе не істейсің...


— Жалғыз қарауылдан басқасы ұйқыда... Қорқа берме!!


Аяқ астында сытырлаған шөп.


— Ойбай, сытырлатпа!— дейді Шеге сыбырлап Ждақайға ұрсып.


Екеуінің де көзі түйе өркешіндей үшбүрыштанып аспанға шаншылған құмтөбенің ұшар басында қарауытып тұрған кісі сүлбасыңда. Екеуінде — екі бесатар. Екі сапы пышақ. Болғаны сол. Еңкеңдеп, бүкең-бүкең жортады. Ай тумай тұрып бітіргеңдері — сол қарауыл төбенің иек астына жетті. Басы күрдек үйдей дөңгеленген дүзгеннің тасасында етпеттеп жатыр.


Қарауыл иығында шошайған мылтығы, төбе басында қалқиып әлі тұр. Болмашы қозғалып дүниенің төрт бұрышына сонау биіктен бұрылып қарап қояды.


— Бұл әкеңнің... бүйтіп тұра берсе манайлатпас... — деді Ждақай күйініп.


— ... Күту керек. Әлі уақыт көп таңға шейін, — деп сыбырлады Шеге.


Құмды аймақтың бедері айқындалып қараңғы сұйылып, ұзамай дүниенің бір бұрышында жарты күлше нандай қызарып Ай да туды.


Ждақай Шегені нұқып қалып, иегімен төбе басын нұсқады. Шеге бұта тасасынан ақырын мойнын созып қараса, қарауыл мылтығын құшақтап малдас құрып отырыпты.


— Құдай берді... — деді Ждақай асығыс сыбырлап. — Отырғаны дұрыс болды. "Тынығайын" деді ғой қасқа.


Шеге аспан төріне қарай ысырылған Айға, Ай сәулесі себездеген құм өлкесінің таңғажайып келбетіне карап тамсанды. Түс тәрізді. Жалаң аяқ жүгіргің келеді сол ұлпа құм бетімен. Хансұлу екеуі неге, сөйтіп, осынау Ай астындағы айдаланы кезіп кетпейді?


Қарауылға қарап қойып бұта түбінде бұққан Ждақайдың да іште бұққан өз арманы бар. Ол — Балқия, орта бойлы дембелше келген ақ сарының әдемісі Балқия. Көзі жабайы мысықтың көзіңдей жайнаған сұлу Балқия.


- Ждақай, — деп сыбыр етті Шеге. Қиялға шомып отырған Ждақай селк етті.


— Анау калғып отыр... шамасы.


Ай аспан төріне жуықтаған түн ортасы мезгіл болыпты. Бойды тітіркетіп, селеу басын қозғап түн түкпірінен салқын самал суырылып еседі.


Бұлар төбе басында мойыны салбырап отырған қарауылға біраз тесіле карады. Қарауыл шынында қалғып отырғанға ұқсайды.


Екеуі сәл шегініп төбенің етегіне түсіп бүкендеп айналып жүріп кетті. Бір тәуірі, бүйірлі құмның басындағы кісіге етегі көрінбейді екен. Бұлар құмды ық жағынан айналып өтіп қарауылдың ту желке тұсынан құм төбеге өрмелей бастады. Кесірткедей жер бауырлап жылжиды. Бұл тұстан төбенің батыс ойпаңында Ай сәулесі түсіп тұрған ауқымы тай шаптырымдай алаңда шоғырланған ауыл сұлбасы шалынады. Үйлерін тікпеген екен. Керегеден есекарқа, күрке қалқитқан. Ерттеулі, қаңтарулы аттар тұр.


Еңбектеп, сусыма құмның жотасына да шықты. Алдын ала келісіп алған. Егер қарауыл оянып кеткен жағдайда Ждақай пышақ лақтырады. Тым жақын болса барысша атылып барып Шеге қарауылдың аузын бітеуге тиіс. Қалайда мылтық атпайды.


Қарауыл жас жігіт іспетті. Үстінде — түйе жүн қақпа шекпен. Белінде — жалпақ белдік. Белдікте — оқты қатар. Басыңда — дөңгелек бөрік. Мылтыкқа мандайын сүйеп ұйықтап отыр. Бір нәрсе айтқысы кеп қапталында еңбектеген Ждақай Шегенің құлағына еңкейді.


— Құдай біледі. Мынау Рысбек... — деді Ждақай,


Шегенің құлағына. Шеге ананың түріне жалт қарады.


— Кет әрі... — деді. Көзінде үрей.


"Соның өзі" дегендей Ждақай бас изеді. Екеуі бір ауық арқасы дүңкиіп отырған сұлбаға зәрелері ұшып тосылып қадала қарады.


Шегенің көз алдына Мажанның жылқысын бағатын жетім бала сопақ сары Рысбек кеп тұра қалды. Қара күшке бар, бірақ су жүректеу момын бала еді Рысбек.


Тірі ұстайық... өлтіріп алмайык сорлыны, — деді Шеге алдынан көз айырмай.


— Ұстатса... — деді Ждақай еңбектей түсіп. Енді екеуі де дымдарын шығармай жылжыды. Ұйықтап отырған қарулы Рысбекпен аралық тым жақын қалған еді. Тымық түн ішінен әредікте бұта сатыр-сұтыр ете түседі. Құм тіршілігі белгі беріп қояды. Бұлар ұйықтап отырған Рысбектің қорылын естігенде біріне-бірі қарап бас шайқады. Ұлпа сусыма құмға тіреген қол, тізелері малтығып Рысбектің ту сыртынан таяй берді. Сөйткенше, бұлар күтпеген тосын жәйт болды. Табан астынан жақын селеу арасы дүсірлеп кетті де, қоянның "биқ!", "биқ!" деп шыңғырған үні тымық түнді ап-ащы тіліп өтті.


— А?! А?! — деп қолын сермеп алақтап орнынан ыршып тұра берді Рысбек. Бірақ ту арқадан келіп қалған қауіпті әлі көрген жоқ еді. Дәл осы сәтте Ждақай да, Шеге де тісін басқан қасқырдай секіріп кеп ұзын бойлы Рысбектің арқасына жармаса кетті. Шегенің мылтығы әлгі секірген жерде қалған. Ұмтылған сәтте екі қолын созып еді. Әйтеуір, көздеген жеріне қолы ілікті. Рысбектің қоңқиған мұрны мен аузына алақаны тигенін біледі. Енді бір сәтте жанұшырып айқайлайын деп бұлқына берген жігітті екеуі бүктеп астыға салып тыпырлатып басып алды. Шегенің уысы қатты еді. Қос қолы Рысбектің аузында. Ждақайға жалт қарады. Бұл ұзынтұра жігіттің басына шапшығанда дембелше бойлы Ждақай белінен ала кеткен. Қазір құлаған жігіттің кеудесіне қонжиып мініп алған. Шеге жалт қарағанда Ждақай оң қолындағы сапыны Айға жарқ еткізіп Рысбектің ішіне ұрды. Шеге "Өй!" деп ышқынып қалды, бірақ тамағы құрғап кеткен бе, үні шықпады. Бұның үні шықпаса да, дауысын Ждақай есітті. Үшінші рет жоғары көтере берген пышақты қолын Рысбектің ішіне сілтей алмады. Екі жүзді болат ақ сапы тот басқан темірдей қарауытып тұр екен. Ждақайдың да, Шегенің де назары — қанды сапыда.


Екеуінің астындағы Рысбек біресе жиырылып, біресе созылып жан кеше алмай жатты.


Шеге Рысбектің аузын тұмшалаған қолын жұлып алып ыршып кетіп, екі-үш адым аулақ барып тұрды.


Әлгі қояндар тағы да шыңғырып биқылдады. Бұ жолы үндері бір төбенің астынан, алысырақтан естілді.


Шеге өлгелі жатқан Рысбектің көзіне түскісі келмеді. Естен айрылғаңдай мең-зең сілейген Шегеге қазір аспан айналып жерге түссе де бәрібір еді. Қазір анау ұйқыдағы ауыл оянып бұларды қоршап алып атып тастаса да орынды тәрізді. Әлден уақта Ждақай келіп жанына тізе бүкті.


— Бітті, — деді. Өкінішпен айтты. Ждақайға деген әлгі ашу-ызадан діңкесі құрып құр сүлдері отырған Шеге:


- Неге өйттің? — деді ақырын ғана.


— Болар іс болды. Пышақты қалай ұрып жібергенімді білмеймін... — деп Ждақай ұнжырғасы түсіп төмен қарады.


Таң алагеуім тартып келе жатты. Бойды тітіркетіп әлдеқайдан ескен тоңазық самал бар.


Шеге буыны дірілдеп тұрды орнынан. Алдымен өлікке қарады. Рысбек басын шығысқа беріп құм үстінде шалқасынан жатыр. Басы жалаң бас. Бөрігі домалап кеткен. Бәрігі сонау етекте ноқаттай қарауытып жатыр.


Ждақай қойын қалтасынан боз орамал шығарып таң астына қарай бұлғады.


4


Күллі ауыл түяқ серіппей үйқыға шомғанда Ай астында боз шапаны, ақ сәлдесі қылаңытып шошайып жалғыз Лабақ ахун отырған. Аяттың ара-арасында саусағы жорғалап таспиқ санап кетеді. Көзі жұмулы, көңілі ұйыған. Қанша отырғанын білмейді, әйтеуір жаздың қысқа түні сұйыла бастаған шамада ахун буын-буыны күтірлеп жайнамазын жинап түрегелді. Кейін бұрыла бергені сол, көзі қарауыл бала тұрған төбеге түсті. Төбе үсті жым-жылас. Шал байғүс өз көзіне өзі сенбей шұқшиып кеп қарады. Рас. Төбе үсті бос түр.


— Бұлыш! Ай, Бұлыш!— деп сарнай берді шал қалбалақтап. Бұйыққан тыныштықты шайқағандай шал үні.


Мылтықтарын басына жастап киімшең жатқан ауыл еркектері күркелерінен ытып-ытып шыға келді.


— Аттан! Аттан! — деп ақырды Бұлыш ойнақшыған арғымақ аттың беліне қарғып міне беріп.


Таң астына карай тұра шапқан Бұлышка ілесіп ауыл ер-азаматы қаһарлы қосынға айналып дүсірлете жөнелді. Сөйткенше, алдарынан, таң астынан мылтық шанқ етті. Бытпылдық құмға кіре берген қосын ат басын іркіп шоғырлана қалды. Құм арасында бекінген әскер барып көрді. Сол тараптан айқай естілді.


— Тоқтандар! Кәні, нақақ қан төккілерің келмесе қаруды тастаңдар! Қаруды тастаңдар! — деген айқай таңғы ауаны жаңғырықтырды.


Бұл айқайды шапанының шалғайы далақтап мылтық атылған майдан шебіне қарай жүгіріп келе жатқан Лабақ ахунның кәрі құлағы да шалды. Ызы-шу, қым-қуыт күркелерін жығып түйелеріне жүк артып жатқан қатын-қалаш.


-Иә, Бекет ата! — деп сарнап бебеу қақты ахун байғұс.


— Иә, Барақ ата! — деп дауыстаған әйел үндері құйқа шымырлатады.


— Бас иіп келгенге кешірім бар! — деп жатыр ана жақтан естілген өктем дауыс.


— Тапқан екенсің алдайтын ақымақты! — деп жатыр жігіттер.


— Жігіттер! Бой тасаландар! — деген Бұлыштың айқайы шықты. Жұрт селеулі томпақ қыратты тасалап аттарынан домаланып түсе бастады. Төбе тасасынан тарс-тұрс мылтық ата бастады.


— Бұлыш! Ай, Бұлыш мерген! Мен — Апанаспын! Сөзіме құлақ сал! Қарсыласпа, жұртты бекер қырма! Өз еріктеріңмен беріліңдер! Ант етемін! Жазаламаймыз! Елге қайтарамыз!


Апанастың ұсынысына жауап ретінде шаңқылдап екі-үш жерден мылтық атылды. Бірақ Апанас тараптан оған қарсы оқ жаумады. Жігіттер отрядтың бұл қылығына таң қалды. Бірақ отряд қайта-қайта айқайлап "қаруды тастап, соғыспай берілуін" талап етті. Жігіттер одан сайын ызаға булыға түсті.


— Ай, балаларым-ай... ай, балаларым-ай!.. — деп аса таяғы қолында, анадай жерде зарлап сақалын саумалап ахун тұр.


— Бауа, оққа ұшасыз! Бұғыңыз! — деген айқай-ұйқайға мән берер емес. Ауызында — дұға. Көзінде — жас. Отряд оқ атпаса да бекер жатпаған екен. Кенет жігіттердің оң жақ және сол жақ бүйірінен қырқа астынан:


— Тұс-тұстан қоршалдыңдар! Екі жаққа екі пулемет қойылды!


— Кәні, қаруды тастаңдар! — деген айқайлар ереуілдеп кетті.


— Бұлыш аға, қарсыласпаңдар! Бұлыш аға! — деген Шегенің айқайы шықты. — Бұлыш аға! Текке қырасыз елді! Текке қырасыз!


— Атқа... атқа отырыңдар!.. — деп бұйырды Бұлыш.


Бұлыштың да оңайлықпен беріспек ойы жоқ еді. Сөйткенше, сыртын орап бұқбақтап жүгірген екі әскердің төбесі қылт етті. Бұлыш сығаламай басып салды. Алдыңғысы шортан балықтай шоршып-ақ түсті. Екіншісі де бір жігіттің оғынан сеспей катты. Сөйткенше:


— Атыңдар! — деген каһарлы бұйрыққа іле-шала қос бүйірден қос пулемет сақылдап қоя берді. Сол-ақ екен, төрт-бес жігіт аттарынан сыпырылып қала берді. Аттарға оқ тиіп, шыңғырып, шапшыды. Көзді ашып-жұмғанша иесіз аттар ойнап шыға келді. Пулеметтер сақылдап жатыр. Ию-кию. Айқай-шу. Әркім енді өз басымен кайғы болған зобалаң сәт туды. Қардай бораған оққа кім қарсы тұрсын. Бұлыштың жігіттері бытпылдақ құмға бет алды. Құмға желдіртіп бытырап кашқан көш те кіріп бара жатты.


Ұрыс болған майданның дәл кіндік ортасында әлгі жігіттер бекінген қырқа үстінде қалқиып таң шапағына малынып ақ жалаудай ақ шапаны желбіреп ахун байғүс тұр. Қолында — таяғы. Ауызында — дұға. Қыршынынан қиылып жатқан жастарды өз көзімен көріп тұр. Қардай бораған жау оғы абжыланша ысқырып, аш бөріше ұлып шарқ ұрады ауада. Шал Құдайдан өлім тіледі.


— Иә, тәңірім, жібер ажал оғыңды! Жібер ажал оғыңды мына кәрі қақбасқа! Бұны көзім көргенше күмрә неге болмадым?! Күмрә неге болмадым! — деп сарнайды. Көз жасы сақалын жуды. Әй, бәсе! Түн үйқысы төрт бөлініп бір нәрсеге өрекпіп еді-ау жүрегі. Соны неге үқпады бұ қақбас?! Неге аттан салып ауылды түнде көшірмеді?


О, алжыған! Обалына қалдың елдің! Обалына қалдың?


Шал таяғымен жерді түйгіштеді. Күңіренді, күйреді. Енді біруақ құм арасынан елу шақты салт атты әскер дүркіреп шығып, қашқан көштің соңынан лап қойды.


Төбе басында сарнап тұрған ахунды ешкім елеп іркілген жоқ. Жан-жағынан қиқулап ағып өтіп жатыр. Бордай езіліп боздап тұрды ахун байғүс. Әлден уақытта ес жиып төңірегін шолса құдық маңы ойпат қаңырап бос қалыпты. Оққа ұшқан ат өлімтіктерінің үстіне қарға, құзғын жинала бастапты. Әріректе құм етегінде иесіз жылқылар жүр жайылып.


Ыңырсыған, ыңыранған дыбысты шалды құлағы. Мойнын созып сайға қарады. О, Жасаған Ие! Сайда жатқан бір өліктің басын сүйеп мықшындап жатқан екі кісінің жотасын көрді. Өліктердің арасында жаны шықпаған жаралылар да болғаны-ау.


Шал асатаяғы қолында кең адымдап төбеден түсіп келеді. Әлгі екеудің біреуі егделеу орыс екен. Екіншісі — жас қазақ жігіті. Ак матамен жаралының кеудесін шандып жатыр. Бұны көріп, орыс тілі бұралып:


— А, ақсақал, салам! — деді. Жаралыны тани кетті ахун.


Асан бәлшебек. Жарасы ауыр сияқты. Ыңырси береді.


— Су! Су! — дейді. Докторға көмектесіп жүрген жас жігіт брезент қалтадан Асанның аузына су тамызды. Жаралы Асанның көзі жақындай бере тоқтаған ахунға түсті. Басын шайқай берді. Сөйлесуге тілі келмеді. Өлім аузында жатқан Асанға одан әрі қарауға ахунның дәті жетпеді.


Басын шайқай берді ахун. Бет алды жүріп кетті күңіреніп. Бұ тірліктен безіп өмірді тәрк етіп дүние кезіп лағып кеткісі келді байғұстың.


— О, Жаратқан! О, Жаратқан! — деп сарнап кетіп барады. Қаңғып өлуге кетіп барады. Ендігі лайығы бұл қақбасқа сол қаңғып өлген.


Ойпаңның батыс тұсынан құм арасынан шұбатылып көш шықты. Алқа-салқа көш. Жылап-сықтаған қатын-қалаш дауысы. Көшпен қабаттасып жапырлаған жаяулар, оған іле-шала топырлаған аттылар. Жүк артқан түйелер, айдаған мал ойпаңға нөпірлеп шаңытып құлады. Ахун көшке қарсы келеді.


Апанастың бұйрығымен содан көш кешке дейін құдық басыңда іркілді. Оққа ұшқандардың ішінде біреудің баласы, біреудің әкесі, біреудің бауыры табылып, онсыз да жүрегі жаралы ауыл у-шу азалы дауыс көтерді.


Отряд та со күні түсте қаза болған Асан бәлшебекті және екі жауынгерді, оққа ұшқан ауыл адамдарымен, жерге берді. Аспанға үш дүркін мылтық атып, отряд кешке дейін аза тұтты.


Күн ысуы қайтты-ау деген шамада көш жолға шықты. Кешегі келген іздерімен кейін елге бет түзеді. Көштің дені әйел, бала-шаға, кемпір-сампыр. Қаруларын тапсырып өз еркімен беріліп бала-шағасының қасында келе жатқан ер-азаматтар да жоқ емес.


Мана, көш қаша бытырап құмға кіргенде бір жалғыз үйлі көш жылға-жылғаны қуалап бөлек кеткен. Бұл көш Балқиянікі еді. Қуғын-сүргінді көріп қалған ер мінезді келіншек, әйтеуір, отрядтың құрығынан құтылса, Бұлыштың оны қалайда тауып аларына көзі жеткен. Бұлыш жігіттері өкшелеген жаудың бетін аудару үшін қиястап қаша ұрыс салған. Отряд олардан гөрі айлалы болып шықты. Негізгі күшін Бұлыш нөкерлерін қуалауға қалдырып, бір тобы бөліне шауып көшті қайтарды. Көш қолға түскеннен кейін отрядтың негізгі күші де атысты доғарды.


Қарсыласқанмен, саны да, қару-жарағы да бұлардан әлдеқайда басым отрядтан жеңіліс табатынына көздері анық жеткен ауыл азаматтары сол арада іштей іруге айналды.


Айқай, дау, керіс басталды. Егер Бұлыш басу айтпағанда өзара ұстаса кетуге де бар еді ашынған жұрт. Бүгінгі өлім-жітімді көрген Бұлыш енді іштей шұғыл шешімге келген-ді. Ізіне ерген жұртқа соны жария етті.


— Күші басым жауға салып обалдарыңа қалулымын, жігіттер! — деді Бұлыш иіріліп тұрған нөкеріне. — Енді ұрынсақ қатын-бала көз жасына қалулымыз. Мен сендердің қатындарыңды — жесір, балаларыңды — жетім еткім келмейді. Жігіттер! Бәрің де осы жерден түгел кейін қайтыңдар! Сөз осы! Мен әрі қарай жалғыз кетулімін!


Ат үстінде қаздиып отырған сіреңке қара Бұлыштың түсі түтігіп, көзі қанталап кеткен еді. Бесатарын алдына көлденең ұстаған. Басқаны күтсе де жұрт Бұлыштан дәл бұндайды күтпеген тәрізді. Сең сокқандай теңселіп кетті.


— Менің қайтар жолым кесулі. Мен не көрсем де алдымнан көрулімін. Әмірім — енді бала-шағаларыңа қосылындар! Батам осы. Енді ізіме ергеніңді атамын! — деді Бұлыш атының басын бұра беріп.


— Мәссаған!


— Ау, бізді енді... кімге тапсырғаныңыз, Бұлыш аға!?


— Апанасқа! — деді Бұлыш атының басын бұрып. —


Ол әділ орыс. Айтқан сөзінде тұрады. Кешіреді.


Бұлыш қара қасқа арғымағының басын Балқияның көшіне қарай бұрды.


Жұрт аңтарылып тұрып қалған. Көп ұзамай дау, керіс қайта басталды. Жартысы көштен қалмайтын болды да, жартысы Кеңес өкіметінің қас дұшпаны Әзбергеннің аузына қарады, Сөйтіп, нөкер екіге бөлінді. Үшінші бөлік боп Бұлыш пен Балқия кетті. Бұлыштың жалғыз үйлі шолақ көші сонау көз ұшында қылт етіп қабақтан әрі асқанша біраз жігіттер жалтақ-жалтақ қараумен болды.


Бұлыштың не ойлағаны, қайда бет алғаны көпшілік үшін жұмбақ болып қалды.


5


Көшті алып келе жатқан отряд ұшы-қиырсыз құм мұхитынан екінші күні де шыға алмады. Екінші күні де құм арасында түнеді. Ай әлі тумаған. Сары күздің май тоңғысыз түні. Қоянсүйек бұталары арасына кіріп іркілген ауыл жұрты бұ кезде ұйқыға бас қойган. Оларды қоршап, бөлек-бөлек боп отряд жатыр. Ал отрядтың сыртында тұс-тұсқа қарауыл қойылған. Соның бірі — Шеге. Көзін жұмса көз алдына Рысбек келе қалады. Құм үстінде болған уақиғаны бір сәтке ұмыта алар емес. Ұйықтай алмай екі жағы суалып, көзі кіртиіп кеткен. Содан бері Ждақайды көрсе ит көрген мысықтай жиырылады. Опат болған Асан-ды ойлайды. Өлім туралы түңғыш рет сарылып көп ойланды Шеге. Мана Лабақ ахун Апанастың өтінішімен жұртқа уағыз айтқан. Көңілін көптен торлаған қасіреттің қара бұлты содан нөсерлеп кеп берген. Жұрт бір сәтке атыс-шабыс ауыртпалықты ұмытып шалдың боздау қоңыр әуеніне тербелген. Шеге көз жасын тыя алмай құм ішіне жалғыз кетіп жылады. Жер бетінде бұның мұңын ұғар жан қалмағандай қатты жалғызсырады. Бұны бір түсінсе жалғыз Хансұлу түсінетін сияқтанды. Хансұлумен оңаша сөйлесуді көздеді. Реті келді. Жұрт кешкі асқа қамданып, сапырылысып жатқан кезде бір қаға берісте Хансұлуға бір ауыз тіл қатып, "Түнде күзетте тұрамын. Сені күтемін" деп қалды.


Көп ұзамай Ай туатын сыңайы байқалып, төңірек бозаруға айналды. Жұрт — ұйқыда. Бұл — күзетте. Қыз әлі жоқ. Шеге осы сапарда, әсіресе, кешелі-бүгін Апанасқа таң қалды. Жол-жөнекей таң намазы, бесін намазы кездерінде түйесін шөгере сап жайнамазын құм үстіне төсеп құбылаға бет бұрған Лабақ ахуңды байқап қалса болды, Апанас шапшаң бұйрық етіп көшті іркеді. Әскерді де іркеді. Сөйтіп, Лабақ ахунның және оны төңіректеп сәждеге бас қойған жұртшылықтың намазы аяқталғанша бүкіл елді иіріп күттіріп қояды. Тәртіп сақтатады. Содан Лабақ ахун бастаған ауылдың үлкен-кішілерінің Апанасқа деген көзқарасы күрт өзгерді. "Орыс та болса, бір иманды жан екен!" деп, қариялар отряд командиріне ілтипатпен қарады. Ждақай бастаған кейбір жастар ғана "Мынасы несі командиріміздің, молдаға табынып..." — деп күңкілдеді. Сұржекей сияқтылар Апанасқа: "Бұныңыз қалай, Афанасий Васильевич? Бандиттерді бүйтіп неге құрметтейсіз?" — деп наразылық та білдірді. Апанастың жауабы біреу: "Халықты құрметтеу керек, дәстүрді сыйлау керек", — дейді.


Шеге селк етті. Қараңғы ішінен бір тысыр сезілгендей. Қарауытып, майда басып бір сұлба таяп келеді. Үңіліп қарады. Хансұлу! Рас, соның өзі! Шегенің тілі байланып, тандайы құрғады. Ал енді кайтті?


Майда басып жақындай берген қыз іркілді. Соның өзі. Талдырмаштау сопайған Хансұлу. Шеге қолындағы бесатар да осы сәт шамадан тыс ауырлап кеткендей. Ұстауға ебедейсіз. Өзі де сөлекет қозғалып сөлең етіп, үнсіз тұрған қызға қарай аяқ басты.


Төбеде далиған жұлдызды аспан, табан астында шалқар құм жатқанын жөне сол жалпақ әлем қазір ұйқыда екенін шапшаң ойдан өткізді.


— Хансұлу! — деді дауысы жарықшақтанып, сыбырлағандай. Кісі есітердей емес еді. Бірақ Хансұлу есітті.


— Мен ғой!.. — деді. Үнінен жұмсақ ілтипат сезілгендей.


Шеге қызға жақын келді. Тоқтады. Қыз иығына жұқа шапанын жамылып шыққан екен. Жағасынан бүріп ұстап, бұған төменнен қайқы кірпігі түріліп сүзіле қарап тұр. Қара көлеңке түн де болса Шеге қыздың тік қадалған ағы ақ, аласы ала үлкен сұлу жанарын көрді. Алдында қол жетер жерде тұр Хансұлу. Түн жұлдызы тұрғандай алдында.


Қыз сәл миық тартты. Соңда ғана Шеге өзінің қисынсыз көп тұрып қалғанын байқады. Жүрегімен алысып:


— Жүр... қыр үстіне шығайық! — деді. Қыз бұны үнсіз қоштап қатар қозғалды. Шегенің жүрегі кеудесіне сияр емес.


Жүйрік сезімі дүниені шарлайды. Аяқ астында құрғақ шөп тысыры. Тыныштыққа құлақ түріп жан құйынымен алысады Шеге. Төбеде далиып аспан, шаңытып Құс жолы, төменде кең медиен құм жатыр. Сарғайып сағынған ғашығына не демек? "Неге шақырдың?" десе, не деп жауап катпақ?


Маңдайы жарқырап үр қызындай аяғын ерініп басып келеді Хансұлу.


Төбеге шыққасын да екеуі сол бір ыңғайсыз тұйық қалыпты бұза алмай, бедері айқындала бастаған түнгі құм өлкесіне сәл тосылып іркіліп, назар қыдыртты.


— Отырайық! — деді Шеге күрсініп, иығынан мылтығын сыпырып, ұлпа құмға тізе бүге беріп. Түн аспанының шығыс қапталы ағарып Ай шапағы мол біліне бастаған еді. Жүзін сол тұсқа беріп жанына кеп Хансұлу да жайғасты.


— Ай туып келеді,— деді қыз қиялға шомғандай.


Мұңайып айтты.


— Қазір Ай туғасын... керемет болады құм арасы!— деп іліп әкетті Шеге. — Айлы түн астыңда құм аралап көрдің бе?


Хансұлу тандайын қақты. "Жоқ" дегені.


— Біздің жақтағы Айлы түн бір басқа, мына түн бір басқа... — деп бастады әңгімесін Шеге. Құм бетіне әлденені сызып қырын отырған қыз күлімсіреп әлсін-әлсін жас жігіттің ұшқын атқан жанарына, әңгіме айтқан кездегі өзгеше құлпырған дидарына көз қиығын салып қояды.


Қыз бұрылып қарады.


— Шеге! Одан да... елге барғасын өкімет бізді не істейді, соны айтшы!


— Апанас айтты емес пе? Түк те істемейді. Артельге кіресіздер... Жаңаша өмір сүресіздер...


— Сол-ақ па? Кісінің сенгісі келмейді. Апанастың айтқанының бәрі рас болса...


— Апанас нағыз революционер,— деді Шеге бұ жерде өзінің саяси көзқарасының биік екенін танытқысы келгендей. — Апанас айтса, өтірік айтпайды.


— Сен де ребелсенерсің бе?..— деді Хансұлу.


— ...Кеңес өкіметі үшін күрескендердің бәрі революционер! — деді Шеге. Деді де кенет түйіліп, ойланып қалды. Өз жан сарайына өзі құлақ түргендей жанында бір түйткіл бар. Оны қалай айтар? Оның бетін қайтіп ашар?!


Хансұлу жігітке көзін төңкеріп бір шекесінен қарады. Күлімсіреп жігіттің Ай сәулесі түсіп тұрған қиық мұртты балаң жүзіне шамалы назар ірікті.


Шеге тағы да күрсініп жүзін бұрып қызға карады. Қыздың жұмсақ нұрланған көзіне көзі түсті. Назарын тайдырды. Хансұлудың жанарынан жылы шуақты ғүмырында тұңғыш байқауы еді. Төбесінде шаңытып — Құс жолы, табанында байтақ құм жатқаны түсті есіне. Ойласа, сол әндей шырқаған даңғыраған кең ғаламның кіндік ортасыңда Айдың сүт нұрына шомылып отыр екеуі. Қан аққан жаралы жүрегінің басына шым-шымдап шипалы бақыт тамшысы тамғандай қыбыр ете алмады Шеге. Жан түкпіріне сәуле сеуіп көкірек қуысында рауандап таң атқандай. Тынысы тарылып, жүрегі дабылдап құбылып қайта түлегендей.


— Сұлу!..— деді.


Қыз Ай астындағы ертек дүниесіндей қылаңытып жатқан құм бұйраттарға үнсіз назар жібереді.


Шеге қол созды Хансұлуға. Түңғиықтан алып шықшы деп жалбарынғандай қалпы. Қыздың бұрым ұшынан ұстап көрді. Жүрегі аласүрып кеудесіне сыймай барады... Қыз шашынан бір нәзік иіс, әтір иісі сезіледі. Сол тәтті жұпардан жұта бергісі келеді Шегенің. Екеуі де бір ауық тілдері байланғандай үнсіз қалды. Шеге Хансұлудың қолынан ұстады. Өз батылдығына өзі таңырқады. Қыздың сүйрік саусақтары алақанында... Хансұлу, сөйткенше, тітіркеніп ығысып қалды. Жәудірей қарап, қолын ақырын еппен сусытып босатып алды. Арман құсының әлгінде ғана уысында болғанын зерделеп үлгерді Шеге.


— Кеттім, — деді, шапанының өңірін қос қолдап қымтап тоңазығандай тітіркенген бойжеткен. Бақыттан басы айналған Шеге:


— Отырсай! — деп жалынды қыздың енді іркілмесін біле тұра.


— Жоқ...— деді қыз. Жымия қарап бас шайқап тұр.


Қыз қылығына табына түсті Шеге. Осы сәттің шындығына сенер емес.


Шеге теңселіп орнынан тұрды. Жібек шапан жамылған сұңғақ бойлы қыз майда басып, көлеңкедей жылжып кетіп барады. "Мен сендікпін" деп бара жатқандай ұзай берген сұлбасы.


Түн. Аспан төрінде жүзген Ай. Төбе басында состиып тұрған Шеге. Көкірегін кернеген қуаныштан, бақыттан басы айналып теңселіп тұр.


ЖАҢА ӨМІР


1


Ел шетіне кіргеннен бастап Хансұлудың таңырқауы көбейді. Бұлар қуғын-сүргінмен жүрген жыл ішінде ел сиқы қатты өзгерген. Бұрынғы, әр төбенің астында бес-он үйден, балгердің құмалағындай шашылып жататын ауылдар азайыпты. Оның есесіне құдық, бұлақ бастарында мол шоғырланып, желбіретіп қызыл жалау көтеріп, сапырылысып кірпіш құйып, қабырға қалап жатқан жұрт. Бұл ауылдар баяғы көп айтылатын "жаңа өмірге" қарай жүйткіп кетіп қалған. Шегенің айтуынша ауыл жиналып Жылыбұлақ басына қонған. Серіктікке ұйысқан. Енді ауыл "Жаңа жол" деп аталады.


Хансұлудың көзіне тастақ төбе етегінде мыңғырған қала тұрғандай көрінді. Сары беткей төсінде халық жыбырлап, той өтіп жатқандай. Өткен жыл ішінде дүние таза өзгеріп кеткендей.


Хансұлудың есіл-дерті тезірек әке-шешесін көру.


Назары — ауылдан шеттеу тұрған ақ боз үйде. Танып келеді өз үйін. Бұрқ етіп көзіне жас келді.


— Ай, қасқалдақ, жаса кәллектеп! Қарашы Шеге, мектепті қасқайтып салып тастапты! Әй, маладес, Қозбағар! - деп Ждақай ат үстінде едіреңдеп айқайлап ұшып кете жаздады.


Хансұлудың есіне Шеге айтқан әңгіме оралды. Жаңа ауылға Қозбағар басқарма болыпты. Баяғы жаман Қозбағар, сөйтіп, елге тұтқа болған. Осының бәріне Хансұлу сенер-сенбесін білмейді.


Жақындай келе ауыл бедері айқындалды. Бұлақты жағалай тізіле қонған елу шақты уй.


Ауыл жұртшылығы жұмыстарын тоқтатып, иттерді шулатып жақындай берген шолақ көшке самсап қарап тұр. Бір қатын жай тұрғанша Торқа кемпірді сөйлеткісі кеп:


— Шешей-ау, көзайдын, кім десек қашып кеткен келініңіз екен ғой келе жатқан! — деді дауысын саңқылдатып жұртқа есіттіре.


— Әдірамқалсын... "келін" болмай, "құлақтың" қызын!! Баламнан аулақ, о несі түге! — деп Торқа кемпір тұрған жерінде тулады.


Шағын көш ауыл шетінде іркілді. Бала-шаға алдарынан жүгіріп шықса да, үлкендер жағы қарсы алуға асығар емес. Шеге Қозбағарды көріп тұрса да:


— Ау, басқарма қайда? Басқарма!? — деп дауыстады әдейі.


Сүйменшотпен жерді төмпештеп жатқан Қозбағар маңдай терін жеңіне сүртіп, тіктелді.


— Ау, жолдас! Мына еліңді қарсы ал! — деп Шеге жанын қуырып барады. Қомпиған Қозбағар қолайсыз күйге түсіп, көшке қарай аяндады. Сол-ақ екен, Торқа кемпір:


— Әй!— деді.— Қаншама қатынжанды болсаң да қайт кейін!


— Апа-ау... міндетім ғой...


— Дәл "міндетіңнің" ішіне сиейін... сенің! Қайт! Қайт деген соң! — деп шақ-шақ етті шешесі.- Ойбай, бұндай ынжықты көрсем көзім шықсын!


Торқа кемпір отыра қалып сары беткейдің құрғақ топырағын жұдырықтады. - Апа! — деді инабатпен адуын кемпірдің жанына келіп еңкейген Шеге. — Апа, сабыр етіңіз! "Құлак", "банды" деген сөздерді аңдап айтыңыз! Бұл үйлер біздің ауылға ГПУ-дің бұйрығымен келіп отыр. Астанавит откошовкі прказібайт табарыш Сталин, —деді Шеге дауысын қатайтып, әдейі орысшалап. — От соңдай саясат!


— Ойбұй! — деп Торқа кемпір түйелерге қарай тұра жүгірді. — Ойбұй, жамалдатқыр, емізіп қойды-ау ботасын!


Ай, шу!


Жұрт қыран-топан.


Шынашақтай кемпір шаңдаққа қарай жүйткіп барады. Хансұлу да күлді. Даукес кемпірді бір ауыз сөзбен қашырған Шегенің тапқырлығына іштей құлай риза болды.


2


Жалғыз көш құм ішін көп шарлады. Алғаш арттан қуғын-сүргін бола ма деп бет алды қашты. Қуғын-сүргін болмады. Содан бағытын шығысқа таман өзгертіп күн-түн демей үдере тартты. Жал-жал құмдар таусылмады. Екі күн жүріп үшінші күні дегенде құм арасында бір жасыл жантақты, шырмауықты шұқырға кезікті. Кідірді. Жүктерін түсіріп, екі түйе, бір ботаны тұсап жантаққа жіберді. Екі көлік аттың да ер-тұрмандарын сыпырды. Көштегі адам саны да екеу еді. Бір еркек, бір әйел. Еркегі малды жайғап жүргенде, әйелі от түтетіп су қайнатты. Екеуінде де үн жоқ. Екі кереге басын қосып жіберіп лезде есекарқа күрке жасады. Сосын, сол қуыс күркеде шүңкиіп отырып шай ішті. Ыстық шайдан мандайлары жіпсіп, терлегеннен кейін ғана еркегіне тіл бітті:


— Сен үйді тіге бер! Шаңырағын көтеріп берейін! Мен құдық қазулы... — деді.


— Ух, рахат-ай, көсіліп отырып шай ұрттайтын да күн туады екен ғой,— деп шайға қанған ақсары келіншек жігітіне еркелеп, мысықтай керіліп көрпеше үстіне құлай берді. Маужырап есінеп мол сәулелі тарғыл көзін бір ашып, бір жұмды. Бұл Балқия еді. Жігіті — Бұлыш. Елді шулатып етегінен ұстаған Бұлышы.


Көзін ашса да, жұмса да көретіні — Бұлыш. Шойын қара Бұлыш. Түсі қалай сұсты болса, жаны сондай жұмсақ Бұлыш. Бүкіл жарық дүниеден жалғыз өзін ғана таңдап алып, өмірдің өзге қызығын тәрк еткен. Балқияға да осыдан артық өмірдің керегі жоқ, Тек Бұлыш аман болсын.


— Қимылдайық. Аттар шөлден қатты. Жатуға болмас,— деді Бұлыш жанында бұратылып жатқан келіншегінің назын іштей ұната отырса дағы. Кірпігін айқастырып сәл миық тартып жатқан келіншегі көзін ашты. Жабайы мысықтың көзіндей...


Жігіт жүрегі дүрсіл қақты. Келіншегінің мықынына көз тастады. Күркенің аңырайған есігінен төңіректі білеулеп қоршап тұрған орасан жайқын құм әлеміне көз жіберді. Піскен нандай қызғыш құм жалдардан жоғарыда далиған зеңгір аспан. Түпсіз тұңғиық аспан. Сілтідей тұнған тыныштық. Көптен ұмыт болған жанға жайлы тыныштық. Әлдеқайдан шегіртке шырылы естіледі. Пыр-пыр пысқырады аттары.


Балқия есінеп тағы да керілді. Жалаң аяқ жатқан. Кестелі етек ақ көйлектің етегінен толық ақ балтыры жаркырап шығып жатыр. Ұндай таза сусыма құмға жалаң өкшесі тиіп жатыр. Жігіттің басына қаны шапшыды. Жүрегі аласұрып иығындағы шекпенін шеше беріп Балқияның жүзіне назары іркілді. Ерні сәл-пәл шөліркей ашылып дидары масаурай қалған. Ақ ұлпа бұғағы тұрымтайдың тамағындай бүлкілдейді. Бұлыш еңкейер-еңкейместен Балқия қарсы ұмтылды. Келіншектің тегеурінді құшағы жігіттің қабырғасын қаусатып жібере жаздады. Екеуі тар күркеге сыймай жалаң құм үстіне шығып кетті.


Күз аспаны биік, тұңғиық. Қанатын кең жайған тыныштық. Шегірткенің шырылы әлдилеп тұр әлемді.


Түс ауа Бұлыш пен Балқия тірлік қамына кірісті. Балкия үй тігіп, Бұлыш ойпаңнан құдық қазып жатты.


Құдық біткеннен кейін қақпан, мылтығын алып Бұлыш кішкентайынан үйренген кәсібі аң аулауға шықты.


3


Бүгінде ел іші аласапыран. Кеш болса жиналыс. Қызыл кеңірдек айтыс. Біреу "құлақ", біреу "құйыршық", біреу "бадырақ" боп жарғыласады да жатады. Ел кезген өкіл. Өкілге қарап аузын ашқан надан халық.


Шегелер қашқан елді қуып жеткенде Жылыбұлақта қалған ауылдың соңғы көрген өкілі баяғы Бұқабай мелиса еді. Бұқабай бұ кезде "Бұқа" деген лақапқа ие болған. Сол "Бұқа" мелисалықты қойып, ендігі жерде елге жол сілтейтін өкіл болып жүр.


Ауыл арсы-гүрсі кірпіш құйып жатқан. Намаздыгер, намазшам шамасында Хантөрткіл төбе түстан солбырайған бір жалғыз атты сопайып көрінді. Өкіл екені білінді. Бұрынғы өкілдер арсы-гүрсі екпіндетіп, құйындатып келуші еді. Мынау ат үстінде қалғып келе жатқандай. "Ал бала, жүгір алдынан! Мынау дәл "Бұқаның" өзі..." деді, жолға қарап түрған Шәріп, ешкі сақалын умаждай түсіп.


Қозбағардың түсі қашып кетті. Шыбын жанын қоярға жер таппай бебеу қақты. Сүріне аттап өкілдің алдынан шықты. Қайкы бел, кәрі жирен үстінде бүгінде үрген местей орасан семірген кілбік көз, қабан желке Бұқабай отыр. Көзі тарс жұмулы. Шынымен ұйықтап келе жатқаны ма? Екі иығынан дем алып жүгіріп жеткен Қозбағар байғұстың ол сәлемін де алған жоқ. Бірақ оны арсынатын Қозбағар емес. Дөкей қонақтың шылауына оратылып "ағалап", жайылып жастық, иіліп төсек болды. Бұқабай онан ары ыңыранды. Керіліп созылды.


— Бала, жиналысты, сходу өткізейік,— деді, аттан бөксесін әрең сүйреп түсіп жатып. Бұрынғы Бұқабай Бұқабай ма? Өкіл болғалы мінезі көрінеу өзгерген. Бала күннен көз көріп өскен Қозбағарды танымайтын кісідей ерін ұшымен әрең сөйлеседі. Ыңыраньп сараң сөйлеп Қозбағар пақырдың жанын қас-қабақпенен-ақ қуырып барады.


— Жақсы! Жарайд, Бүке! — деп Қозбағар ышқынып тұра жүгірді елді жинауға.


Бұқабай темекі шегіп түтінін бұрқыратып шалқайып тұр.


— Так, жолдастар! Жеке меншік! — деп сөз бастады жұрт жиналғасын Бұқабай. — Қазіргі біздің қас жауымыз, жолдастар, жеке меншік! Жеке меншігі көп адам — бай-құлақ! Жеке меншігі шағын адам — орташа. Ал жеке меншігі жоқ адам қас батырақтың өзі! От так! Сәтсәлізмді кім жасайды? Сол батырақ-кедей жасайды. Түсіндік пе? От так!Тәртіп солай!


Алғы қатарда отырған Шәріп алақанын шапаттап:


— Әп, бәрекелді! Қандырдың-ау құлағымның құрышын, Пай! Пай! — деп айқайлап ұшып кете жаздады. — Қайран жаңа заманның жастары-ай! Жаса! Бас! Аяма!


— Та-ак! Сөйтіп, едриттімат жеке меншікті жоймай біз алға баса алмаймыз! Калашников солай деген. Түсіндік пе?


Жойылсын жеке меншік! "Сенікі-менікі" болмасын!


Жасасын кәллектип!


Жұрт жапа-тармағай қол соқты.


Өкіл суық демін бір алып, көлдей орамалмен тершіген жалпақ шекесін сүртті. Жанында отырған Қозбағарға еңкейді:


— Бала, бір шай ішетін мезгіл болды-ау деймін!


Қозбағар үшып тұрып жаңа өмірге бет бүрған '"Жаңа Жол» аулының атынан мазмұнды сөзі үшін өкілге үлкен алғыс айтты. "Ақыл-кеңес, нүсқауларыңызды бұлжытпай орындаймыз" деді.


Оңаша қалғаннан кейін өкіл Қозбағарды қолтықтап:


— Ал бала, енді бір... дастарқаны кеңдеу үйге баста! — деді.


Қозбағар ойланып қалды. Өкіл бүйірден нұқып қойды . —Бойжеткен қызы бар үй болсын!... — деп бырс-бырс күлді.


Қозбағар тықыршып тершіп кетті. Желкесін сипап ойлана қалып бір кезде "Жүріңіз" деді. Жұмаш деген орташа шаруа бар еді. Үйінде бойжеткен Нарқыз деген қызы да бар. Жұрт ірілігіне қарап "Нарқыз" атап кеткен. Қызы бойжеткесін бе, әйтеуір, келді-кетті қонаққа Жұмаш үйі бейілді еді. Өкілді Қозбағар ауыл арасымен солай бастады.


Жұмаштың үйіне келді. Жұмаш ақ құбаша арық кісі, қолтығында жалтыр қарын бала, қалбақтап орнынан тұра берді. Төрге Нарқыз көрпеше жайды. Бүгін кірпіш құйып еді. Сондағы жұмыс киімін шешпеген екен. Етік, шалбары өзі ірі кісіге жараспай-ақ тұр. Өкіл қабағы кіртиіп үрке қарап отырды қызға. Бір қаға берісте Қозбағарға қарап еді. "Бұдан басқа үй таппадың ба?" дегендей реніші сезілді көзінен. Күмпиген Қозбағар қаңбақтай қозғалақтап кетті.


Самауырды алып сыртқа шығьп кеткен Нарқыз біршама уақыттан кейін үйге қайта кірді. Үстінде төгілген қызыл ала шыт көйлек. Белі тырсиған қоңыр мақпал қамзол. Өңірі малынған моншақ. Білегі толған білезік. Өзі жуыньп, таранған.


"Бұқа" үй иесінің әңгімесін тарс ұмытып қызға қадалды. Түсі жылыды. Кеудесіне жан кірді. "Бұқа" көп ұзамай ыржалақтап күле бастады. Қозбағардың жүрегі орнына түсті.


"Бұқа" осы үйде түнеп, таңертең оны Қозбағар шығарып салуға келетін болып тарасты.


Жұмаш дегенің бір жылауық сорықайнаған екен. Кеш бойы шаруашылығын айтып, жағдайын айтып мезі қылды. Бұқабай қайтсін, қонақ болған соң лажсыз тыңдады. Бүгінде алым-салықты айтып жыламай отырған үй бар ма? Оған еті үйренген Бұқабайдың.


Шашбауы сылдырап-гүлдіреп Нарқыз төсек салу қамына кіріскенде, Бұқабай серпіліп қатты қуанып кетті. Әйелдер төсек сала бастағанда қонақ сыртқа шыға тұру лазым. Бүқабай бұлты бар қараңғы түнде сыртқа шыққан бойда "ух" деп, көкірегін кере салқын ауа жүтты.


Қынама бел қамзолды, сәл бойшаңдау, сәл ірілеу, бірақ аяқ, қолы балғадай құлын денелі бойжеткен қыздың әсем тұлғасы көз алдынан кетпей тұрып алды. Өзі неткен тәрбиелі. Күн ұзақ тіс жарып бір сөз айтпады-ау.


Шам сөніп тас қаранғы үйде тыныштық орнады. Сыртқа шығып кеткен Нарқыз біраздан кейін оралды. Есікті ішінен ілдірді. Шолпысы сылдырап үйдің оң жағындағы салынулы төсекке жақындады. Кішкентай інісінің қасына жатуға ыңғайланды. Үйдің сол жағында әке-шешесі жатыр. Қонақ Бұқабай жалғыз өзі — төрде, ортада. Үй іші тас қараңғы болғанмен, Бұқабай үшін дүние жап-жарық тәрізді. Тас қараңғы үйде сырт киімін шешінген құлын мүсінді қыздың сүлбасын шырамытады. Жүрегі кеудесіне сыймай өрекпіп, танауға жеткен нәзік әтір иісінен таза мас болғандай Бұқабай. Қыз жып беріп төсегіне кіріп жатып қалды. Не қимыл, не дыбыс жоқ. Тынысы да сезілмей қалды. Бұқабайды өстіп жазалайын дегендей.


Ауылдың о жақ, бұ жағынан иттер үріп қойып, ақыры олардың да жағына құм құйылды,


Мұрны шуылдап отағасы мен әйелі тәтті ұйқы құшағына енгендей. Қыз бейне өліп қалғандай жым-жырт. Дәу де болса демін ішіне тартып Бұқабайды күтіп жатыр. Жаным-ай, неткен ақылды. Жылдай жылжып бір сағат әрең өтті. Қыздың әке-шешесі ұйқы арасында сандырақтады. Енді ұрып жатсаң да оянбас. Киіз үйдің жыртығынан сынық айнадай түнгі аспан көрінеді. Бұлт ыдыраған-ау.


Бұл кезде Бұқабай талай тәтті қиялдарға шомып, қол созым жерде қимылсыз жатқан қызды енді құшақтап құшпаса, бұл өмірде зәредей мағына қалмайтынына көзі жеткен. Сондықтан төсегінен шығып, қыз төсегіне таман төрттағандап жылжыды. Ойын билеген арманы баяу тыныстап шалқасынан жатыр. Беті бері қарай бұрулы, бір бұрымы жастықтан түсіп кеткен. Білезікті, сақиналы сол қолы көрпе сыртында болмашы көтеріліп басылған кеуде үстінде. Жақындап үңіле қарап, не істерін білмей шоқиып жүрелеп отырды жігіт. Содан кейін қыздың қолын ұстады. Ып-ыстық екен. Оянсын деп қысыңқырады. Қыз оянды. Басын көтерді. Қолын тартты. Шошына қарағанын болжады Бұқабай.


— Не керек... сізге?! — деді қыз. Сөз саптасы қатаңдау. Абыржып қалды Бұқабай. Асау ма деп қалды. Манадан бергі ыстық сезіміне салқын су шарпығандай.


— Мен ғой бұл... шошымаңыз!.. — деді дауысы дірілдеп.Масқара-ай, дырдай өкіл Бұқабайдың дірілдегені несі?


— Сіз болсаңыз қайтем? Орныңызға барыңыз!


— Нарқыз! Сізге айтпақ сөзім... бар. Өзіңіз бойжеткелі осы бүгін көрдім... Көрдім де ұнаттым... Менің мақсатым сізді тәлкек қылу емес... Сіз қаласаңыз... Қаласаңыз өмірлік жар ету...


— Ол ой қашан кірді басыңызға?!


— Ол ой... бұрыннан да бар ғой... Бүгін сізді көргесін... анық шештім... — деп абдырады Бұқабай.


— ... Асықпаңыз... ойыңыз пісе тұрсын... шыдаңыз... Өмір бойы өкініп жүрерсіз... әйтпесе... — деді қыз. Дауысында әзілі де, кекесіні де қоса байқалды. Бұны Бұқабай қыздың беті бері қарағандығы деп ұқты. Енді тек уәдені көлитіп ең болмаса құшақтап, сүйіп бір шер тарқату керек.


— Құрбым, шыным осы... Бір қызды бақытты етуге


Бұқабайдың құдіреті жетеді. Тек мені бетімнен қақпаңыз!


— Беттен қақпағанда не істе дейсіз?


— Түк те істеме, қалқам! Осылай монтиып отырсаң болғаны... — деп Бұқабай қапсырып құшақтай алды қызды.


Қыз қапелімде мойнын олай бір, бұлай бір бұрғаны болмаса,тырп ете алмай қалды.


— Ғашығым! ... Жаным! — деп, қабан желке Бұқабай Нарқызды ұмар-жұмар бауырына басып мойыннан, алқымнан өліп-өшіп сүйе бастады. Шөлдеп ындыны кеуіп қалғандай.


— Жіберіңіз! — деді Нарқыз сыбырлап. Бұқабай одан бетер екілене түсті.


— Мен аламын... Үйленемін... — деп бастырмалата сыбырлап жанталасып қызды жастыққа құлатып омырау астына салды. Бір ғажабы қыз айқайлар емес. Үнсіз қарсыласып бұны кеудеден итеріп көтеріп барады. Қолдары неткен қарулы. Оң қолымен Бұқабайды иектен тіреген. Бұқабай енді төсімен қыздың толық омырауын езгілейін деп қанша ұмтылса да иектен тіреген тегеурінді білек бұның басын шалқайтып кейін қайырып барады. Ендігі жерде екеуі үнсіз қасарысып тіреседі. Білекке білек айқасып калған. Қыз біртіндеп бұны кеудесінен ысырған сайын Бұқабайды намыс өртеп барады. Ойпырм-ай, бір қызға әлі келмегені ме? Ызаланып басын шайқап қалды. Қыз қолы иегінен тайып кетті де, Бұқабай екпінімен алға құлады. Қыз бұлқып төсектен шығып кетті. Бұқабай белден күшақтай алды. Бұқабайдың аяғы ербең етіп былқ еткен бірдеңені басып кетті. Бала шар етті. Қызды төсекке қарай тарта берген Бұқабайдың маңдайына елдене сарт етті. Көзінің оты шықты. Сол күйі өз төсегіне секірді. Бала жылап қараңғы үйді басына көтерді.


Нарқыз інісін жұбатып жатыр.


— Не болды, Нарқыз? — деп шешесі оянды.


— Ештеме емес... — деп шолақ жауап берді қыз.


...Қозбағар байғұстың түнімен кірпігі ілінбеді. Таң қараңғысымен ақырын тысқа шықты. Назары еріксіз Жұмаш үйіне ауды. Өкілдің қайқы бел жирені үй сыртында байлаулы тұрған еді. Қараса ат орнында жоқ. Зәресі зәр түбіне кетті Қозбағардың. Құрыды деген осы. Жұмаш үйіне қарай бүлкілдеп жүгірді Қозбағар. Кенет, қалт тоқтады. Қараса сонау ауыл алдындағы қабаққа тырмысып атын қамшылап ентелеп біреу барады. Қозбағар шүқшия кеп қарады. Қараса сол, өкілдің өзі! Атын қамшылап зытқып барады. Сол күні жұмыс басында Жұмаш бүған:


— Үйге қонақ әкелгеніңе қарсылығым жоқ, інім... бірақ... Бірақ... сен кешегідей үйге "бұка" әкелгенді қой, — деді. Қозбағар ұяттан жерге кіріп кете жаздады.


4


...Соңғы күндері Шеге үйге түн баласы кешеуілдеп келуін жиілетті.


Шам сөнген шақ. Жайбасқанның ірге жағында жатқан Шәріп көзі іліне берген еді, күңгірлеген бір үннен оянып кетті. Жайбасқан екен.


— Сен осы не ойлап жүрсің? Балаң болса ержетті...— дейді. Үйқысы шайдай ашылған Шәріп шоқша сақалын тұтамдап жаман үйдің жыртығынан жылтыраған жұлдыздарға қарап ойланды.


— Е, комсомол болғасын, қайдан білейік... өзі білер деп жүргенбіз де... — деді.


Жайбасқан күрсінді.


— Балаң ендеше бүлдіріп жүр. Өзі білгені сол болса...— деді.


Шәріп жастықтан басын жұлып алды, Жайбасқанға қарап ажырайды. Жайбасқан:


— ... Ана ұрғашымен байланысып жүрген көрінеді.


Торқа апамыз кеп бүгін тағы бұрқылдап кетті, — деді.


— Ой, кіспүрыш-ай, кіспүрыш! — деп Шәріп баласынан түңіліп басын шайқай берді. — Осы кіспүрыш бір нөрсені бүлдірмей неғып жүр деп ем-ау өзім де! Тура ойлағаным келді... Қайда өзі? Әй, кіспүрыш, қайда жатсың!


— Жоқ үйде. Жоқ, міне түннің біруағы болды.


...Елсіз жазыққа шығып қос атты сыдыртып келеді. Темірқазыкты маңдайға алып соқтырта тартады. Екеуі де үнсіз. Ғұмырында бұңдай көңілді сапарды көрген емес Хансұлу. Бойын ағарып атқан мына таңдай уыз сезім билейді. Көз алдында керіліп оянған кер дала келбетіне сұқтанып қарайды. Неткен кең, неткен ғажайып дүние. Қылт етіп айтақырдан сызып киіктер қашады. "Пырр" етіп аяқ астынан бұлдырық ұшады.


Күн шыға шөпке жабысқан боз қырау еріп жылт-жылт етіп ат шашасын жуа бастады. Сәскеге таман бірырғақ жүрістен Хансұлуды ұйқы қыса бастады.


— Қой, ұйқың келсе, дем алайық, ат шалдырайық! — деді Шеге. Хансұлу қарсы болмады. Елсіз бір жарқабақтың күнгей бетіне іркіліп, шөбі от сайтабанға аттарды шідерледі. Қараған ығына көрпеше төсеп, қоржынды басқа жастап, екеуі киімшең қисайып көз шырымын алуды ойлады. "Ұйықтайық, көз ілдірейік" десті. Бірақ әлгінде есінете берген ұйқы, жатқасын шайдай ашылды. Шеге тас қып құшақтап алды қалыңдығын. Хансұлу үстінде белін үзілдіріп түрмемен ораған қырмызы қамзол, зәгран шалбар, сымдай созылып жатыр еді. Жігіт құшағынан босағысы кеп қайқы кірпігі дір етіп қабақ шытты.


— Сұлу! — деді Шеге күліп. — Сұлу!


"Сұлу" үндемеді. Сүзіле кеп қарады.


— Бүгіннен бастап екеуміз енді ерлі-зайыптымыз!


— Оны кім айтты саған? — деді, "Сұлу" кекеткендей.


— Мен айттым.


— "Ерлі-зайыпты" деп некесі қиылған жандарды айтады! Есінде болсын!


Шеге сөзден жеңілді. Ұйқы келмегеннен кейін екеуі атқа қайта қонды.


5


Хансұлу мен Шегенің аудан орталығы Нарқамыстағы ерлі-зайыпты өмірлері ерекше тату-тәтті басталды. Шеге мекеменің жылқысын бағады. Кешкісін келіншегі екеуі ликбезде оқиды. Бірін-бірі жарты күн көрмесе сағыныштан өле жаздайды. Хансұлу өзіне беймағлүм жаңа Шегені көргендей. Ер-азаматқа тән асыл қасиеттің бәрі осы Шегенің бойынан табылғандай.


Ал, Шегеде тіпті жан жоқ. Дүниедегі ең сұлу көп жұлдыздың ішіндегі жарқыраған Шолпанын алғанына мәз. Аты аңызға айналған Хансұлу — Шегенің жары! Бірақ не үйі, не күйі жоқ екенін ойлай бастаса болды, берекесі кете бастайды.Бұлар пәтер жалдаған. Хансұлуды үй, күйі, қызметі бар, қалаша шаш қайырған бір суқиттың көзіне түсіп қала ма деп қауіптенеді Шеге. Аудан басшылары мінетін жылқыларды бағады. Өріске кетсе, қашан үйге жетіп Хансұлудың әсем түлғасын өз көзімен көргенше көңілі көншімейді. Басына сан-сапалақ ойлар кіреді.


Бүгін ауылдың өзен жағынан келді. Аспан сірескен бұлт. Кеш ерте үйірілген. Өрістен мал қайтып, ауыл іші апақ-сапақ қарбалас. Есік алдында Хансұлу көрінбейді. Шеге жылқыны қораға қамап тастап үйге қарай беттеді. Жаяу. Аяғында ауыр етік. Үстінде қалың күпі. Белін қайыспен буған. Жел қаққан өңі түтіккен, тұнжыраңқы. Керең кемпірдің жыпырайған тамы ауылдың өзен жақ шеті еді де, бұл қазір соның төмен қора жағынан келе жатты. Үйдің ар жағы — көше. Кенет, сол көшеде, үй тасасында тұрған мәшиненің тұмсығын көрді. Мәшиненің есігіне жақындап еңкейген Хансұлуды көзі шалды. Шеге қалт тоқтап ес жиып үлгіргенше, мәшине ішінен бір жігіттің басы қылт етіп Хансұлуды қолтығынан көтеріп ішке тартты.


Шеге тұрған жерінде сілейді де қалды. Бір сәтке құлағы тас бітелгендей. Беті дуылдап кетті. Бұрын-сонды бастан кешпеген бір дүлей сезім жан-жүйкесін өрттей шарпыды. Санасына у боп құйылды. Сөйткенше, гүр етіп мәшине қозғалды. Әлгі сезім улаған Шегеге Хансұлу қазір дүниедегі ең ақымақ, дүниедегі ең жеңілтек "шүйкебас" боп көрінді. Осындай шүйкебасқа үйленген дүниедегі ең ақымақ еркек те өзі боп көрінді. Төбесіне аспан құлап түсіп, аяқ асты жер жылжығандай. Осы оймен ауызғы үйге, одан солбырайып ішке кірді. Сорайып пеш жанында іркілді. Үйдің бір бүрышын бөліп тұрған қызыл ала батсайы шымылдыққа қарады. Осы шымылдық іші, жалғыз-ақ төсек сиятын ұжмақ ұядай еді. Сағынышты ыстық құшақтары жалындап қауышатын, небір шырын сөздер айтылып, сезім шәрбатынан ұрттап, бақыттан талай басы айналған жар төсегі еді. Енді соны өрт шалғандай. Ақ сезімі алданғандай. Ыңыранып қиналып жаны ауырды. Алашаның бір шетіне сылқ түсіп отыра кетті. Жаралы болған жыртқыш аңдай ызалы ыңыранады. Сөйтіп отырғаңда шоланға екпіндеп біреу кірді. Іле есікті ашты.


— Шеге! — деп, мәз-мейрам, екі беті балбырап жанып үйге Хансұлу кірді. Көңілді. Әрине, оқыған жігіт қолтығынан ұстағасын көңілденбей қайтсін. Шегеде үн жоқ, тырсиып отыр.


— Шеге, қызық болды! Мәшинеге міндім... — деп елеуреп саңқылдап күліп, хабарын айта бастады Хансұлу.


Бөлме іші алакөлеңке еді. Хансұлу Шегенің түтіккен түрін байқай қоймаса керек.


— "Ә" деп қозғалған кезде, қорыққанымнан бір селтиген темірді ұстай алыппын. "Болмайды!" деп баж етті Ибрагим.Құрысын, сөйтсем, ол әлгі мәшинені жүргізетін темір екен. Қайдан білейін. Ибрагимнің күлкіден ішек-сілесі катты.


"Ибрагим" деп тұрғаны Калашниковтің мәшинесын айдайтын қала модысымен шаш қайырған татар жігіті. Білмейтіні жоқ, пысық. Белгілі болды сыңғырлаған күлкіңнің төркіні. Өзіне мәшине де, Ибрагим де ұнап қалса керек. Мал баққаннан басқа білері жоқ Шегені қайтсін.


— Шеге, не болды? Неге үндемей отырсың?! — деп


Хансұлу бір кезде бұның алдына кеп жүресінен отыра қап бетіне үңілді. Күліп қарайды. Күлгені бұны табалағаңдай болды. Шапалакпен жақтан осып кеп жіберді. Шегенің қолы қатты еді. Шапалақ шарт ете түсті. Хансұлу шалқалап барып екі қолымен жер тіреді. Үй іші күңгірт болса да Хансұлудың жарқ ете қалған көзін көрді. Оң жағын басып бүк түсіп бүгіле берді. Бір кезде шарасынан шыға ашу бүріккен отты көзін оқша қадап:


— Не болды? — деді жан дауысы шырқырап шығып.


— Білмейсің бе, не болғанын? — деп қарсы ақырды Шеге.


— Білмеймін!.. Білмеймін!.. — деп ышқынып жіберді


Хансұлу. Сөйтті де, үйден ытқып шыга жөнелді. Жәй кеткен жоқ. "Жынды!" деп, есікті тарс жауып кетті. Үйге кіріп келе жатқан керең кемпірмен тар шоланда қақтығысып қалды.


— Көтек! Құдай зекет! — деп, шошып кеткен кемпір алақтап есік алдында сәл бөгелді. Содан кейін ішке кірді. Үй іші қараңғы еді.


— Ибай-ау, Құдай зекет, бұларың не... шам жақпағандарың?.. — деп қайран қалды кемпір. — Балам-ау, бұларың не? — деп, пеш жанында күйбелендеп сіреңке іздеуге кірісті.


Шеге үнсіз. Осы сәт қараңғы бөлме іші тар қапастай көрінді. Тұра ұмтылды бұл да сыртқа. Есік алдына шыға келсе ымырт үйіріліпті. Ызғарлы желеміктеу мазасыз түн. Көрші-қолаң қораларына малдарын қамап болып, әрқайсысы жылы ошақ бастарында саябыр тапқан шақ. Сыртта жалғыз ғана Шеге. Осы үйдің ала күшігі Шегенің мұңына ортақтасқандай қасына келді. Құйрық бұлғақтатты. Кемпірдің жыңғыл шарбағының төңірегінде ешкім көзге шалынбады. Шеге Хансұлуды іздеді. Бірақ келіншегі жым-жылас жоқ. Жігі айрылып қақыраған дүние одан сайын қақырай түскендей.


Ойы құйындай ұйытқып не істеп, не қойғанын білмейді. Бір кезде қараса, солбырайып шарбақты орап өтіп өзенге беттеп келеді екен. Ала күшік жігіттің мүшкіл халін түсінгендей селтең қағып қасында келеді. Ұйытқыған жан құйыны кем-кемдеп толас тапқан шамада бүгінгі уақиғаны ақыл таразысына салып ойлай бастады.


Шеге кенет іркіліп аспанға қарады. Төбені бүркеген түн. Ауыр бұлт бар. Іркілген себебі басына бір сұмдық ой келді. "Ешкім де емеспін мен. Революционер де емеспін. Комсомол да емеспін. Жаңашыл жас та емеспін. Ескілікпен айқасқаны рас, бірақ, одан жаңашыл да болып жарытпаған... Бір байғүс жандайшаппын..." деген сұмдық ой келді. "Ие, жандайшап!", "Жандайшап!". Бұны алдыңғы қатарлы жас деп ізіне ерген Хансұлуды аяп кетті. Жанын өкініш оты шабақтады.


— Хансұлу! — деп дауыстап, бүлкілдеп жүгіре түсті.


Отыра қап үңілді. Түк көрінбейді. Әлде таныс келіншектерінің бірінің үйіне кетті ме екен? Он шақты күннен бері Хансұлу қоймада, тұқым тазалайтын бригадада істеп жүрген. Әй, бірақ өйтуге түн жамылып баруға намысы жібере қоймас. Жүгіре басып кемпірдің қорасын, шарбағын, үй сыртын тағы бір айналып шықты.


— Хансұлу! — деп сұңқ ете қалады. Қатты дауыстауға естіп қойса жұрттан ұят. Үй төңірегінен таба алмай өзен сайға қарай бүлкілдеді. Күшігі де ереуілдеп үріп шәуілдеп қалмай келеді. Бұ жолы өзеннің тура жағасына дейін барды.


Ойы сан-саққа жүгіреді. Кім біледі. Өмірде мандайынан жан шертіп көрмеген Пахраддиннің еркебұлан қызы ашу үстінде суға секіріп кетті ме?


Отырып қарауытып жатқан су бетіне үңілді. Жым-жылас. Тым-тырыс.


— Хансұлу! — деп тағы дауыс шығарды. Мелшиген түн. Мелшиген өзен аңғары. Қоймалжың қараңғы Хансұлуды жұтып қойғандай. Әлде өзеннен өтіп ап елге тартты ма екен?


Төңірегінде селтеңдеп жүрген күшіктің дауысы өше қалған. Бір кезде өзеннің жоғарғы жағынан үргені естілді күшіктің. Әне-міне дегенше арсалаңдап жүгіріп жетті. Көрінеу қуанып , құйрық бұлғап, аяғына оралды да, дереу келген жағына қарай қайта жүгірді. Шеге соңынан жүгірді. Құмсақ болушы еді жағалауда. Құмсақтың дәл ортасында шоқиып отырған кісі тұлғасын көрді. Жақындай түссе ақ жаулығы қылаңытып теріс қарап отырған Хансұлу! Бетін құбылаға беріп, намаз оқыған молдадай шоқиып отыр. Келіншегінің табылғанына қуанып кетті Шеге. Ақырын келіп жанына тізе бүкті. Жағаға шылп-шылп соғып Жем жатыр. Аздап уіл жел бар. Екеуінде де үн жоқ. Ала күшік "ауф" деп қояды, бұларға қарап жалтаңдап.


— Сұлу! — деді Шеге тілі әлден уақытта әрең шешіліп. Хансұлу былқ етпеді. Түн ішіне қарап бездиіп отыра берді.


— Жә, айып менен... — деді Шеге. Хансұлу тас керең.


— Үйге барайық. Тоңған шығарсың! — деді Шеге. Осы арада келіншегіне тіл бітті.


— Жаның ашымай-ақ қойсын! — деді жұлып алғандай.


— Отыра береміз бе, сонда, құла дүзде?!


— Кетемін!.. Сенімен тұрмаймын!


— Түн ішінде ме?.. Ертең кетерсің... күн шыққасын!


Хансұлу тырсиып отыр. Дыбыс жоқ.


— Біреудің мәшинесіне мініп... жаулығың желпілдеп баратсың... Бұны қалай түсіндік?!


Сол-ақ екен, Хансұлу дүрсе қоя берді.


— Өзің емес пе едің "Әйел мен еркек тең!" деп, "Слабода!" деп айқайлап жүрген? Мәшинеге мінгенің үшін мен сені соқсам қайтер едің?


Шеге "ымм" деп тосылып біраз отырды. Хансұлудың айтқаны шындық еді. Насихаттаңқырап жіберген "тендігі" бүйтіп бір күні өз шекесіне тиер деп ойламаған ғой. Жаман қиналды, не дерін білмей ызалана бастады. - Ал неге үндемейсің? — деді Хансұлу әдейі қажап.


Шеге бұрқ етті.


— Сен! Сен!— деді. — Менің әйелімсің бе, әлде сол... "слабоданың" әйелісің бе? Соны айтшы, сен?!


— Сенің, әрине.


— Ендеше сөзді доғар! — деді Шеге. Хансұлу жасқанғаңдай үнсіз қалды. Содан екеуі тымырайысып ұзақ отырды. Ала күшік "бұлардың ұрыстары қашан бітеді?" дегендей құмға иек төсеп жатып алған.


Ауыл жақтан кемпірдің:


— Хансұлу! Шеге! — деген айқайы шықты. Сүйретіліп екеуі де орындарынан тұрды. Үн-түнсіз үйге қарай жүрді.


Ала күшік қуанып кетіп шауып ала жөнеді ауылға қарай.


ДҮРБЕЛЕҢ


1


Арттан қуған ызғу жел бар. Бүрсең қақтыра айдап келеді. Нарқамыстан шығып сонау Хантөрткілге қарай беттеген іркіс-тіркіс атты, түйелі жолаушылар. Теріскейге жота беріп соқтырта тартады. Топ соңында шабдар бестісін тепеңдетіп Жорға Күрең келеді. Бүгінгі конференция Жорға Күреңге ұнамады. Калашников тұрып: "Қулақтарды тап ретінде жоямыз!" деді. Баяғыдан бері жойғандары аздай-ақ. "Көшпелі ауылдарды отырықшыландыруды бір аптаның ішінде аяқтаймыз! Жаппай коллективке кіреміз. Жеке шаруаны аластаймыз! Көшпелі ауылды аудан болсақ та, бұл науқанды отырықшы орталық аудандардан ерте бітіреміз!" деп ұран тастады.


Шәріп сияқтылар ду қол шапалақтап елірді.


— Дұрыс! Дұрыс! Тездету керек!


— Несіне үш жыл күте тұрамыз!— деп шолақ белсенділер қомпаңдасты.


Жорға Күрең тасада отырып мырс күлді. Аузымен орақ орған мына пысықтарға күлді.


Конференцияның аяғында бұларды Апанас шақырып алып "Жаңа жол" серіктігіне басқарма болып комсомол мүшесі Қаспақов Шеге барады" деп хабарлады. Ол ол ма, "Алжасқан бала" бұныңмен сол жерде тізе қағыстыра отырып партияға кіретін өтінішін де жазды. Осының бәрі Аланастың қолдауымен болып жатқанын бұл білді.


Арттан қуған ызғу жел. Аспанда сірескен бұлт. Бақырауық жарбайын майпаң-майпаң желдіріп тымағының құлағы желпілдеп алда Шәріп барады. Келін, баласы қасында. Көңілі хош. Әндетеді. Оның дауысы саңқылдап естілген сайын іштей жиырыла түсіп, сырттай езу, күлкісін жимай жымсия күліп Жорға келеді.


2


Бүкіл ауыл бүгін Шәріптің үйінде. Хансұлудың ең бақытты күні бүгін. Шеге екеуінің тойы. Тойдан кейін, арадан күн өтіп те үлгерген жоқ, ел тірлігі тағы да бықпырт тигендей бөрлікті. Ел аралап өкілдер жосыды. Ауылды дүрліктіріп жандайшап белсенділер жүйткіді. Бәрінің аузында уәделесіп қойғандай бір-екі ауыз сөз.


— Құлақты жою керек!


— Жүз процент коллектив болу керек!


— Сірөгі бір жеті! Жоспар осы!


— Көнсең — сол! Көнбесең — көндіреміз!


Қайсымыз "құлақ" боп кетер екенбіз деп жұрт үрпиді."Жасаған ие!" деп, кемпір-шалдар Аллаға жалбарынды.


"Жаңа жолға" қызыл іңір әлетінде дүрсілдеп құла ат мінген батық мұрын, бітік көз гүжбан қара келіп түсе берді. Қыстың қара дауылындай екпінді. Атының шылауына жармасып бәйек қағып ауылнай Күрең жүр. Өкіл — баяғы Бұқабай. Әншейінде ат белінде қалбиып отырып қалғып келе жататын Бұқабай бұл жолы шапшаң. Бұйрығы шалт. Өңі өрт сөндіргендей...


— Давай, ауылнай жолдас, елді жина! Сходу, Тез! — деп дігір салды.


Жорға Күрең:


— Ау, Бүке-ау, алдымен үйге кіріп дегеңдей... дәм татып дегендей... — деп дағдылы мәймөңкесіне баса берген-ді.


— Кәкой дәм?! — деп арс етті Бұқабай бұқа көзін алартып. — Давай елді жина! Уақыт жоқ балтай-шалтайға!


"Бұқаның" томырылған мына түрінен қатты шошыған Жорға Күрең:


— Дүрыс... Сіздікі дүрыс! — деп, үйіне қарай тұра жүгірді. — Ждақай! Шық далаға!


Маңдайында "Асан Айтжанов атындағы мектеп" деген жазуы бар кірпіш үйдің алдына жұрт жиналып жатыр,


Төрде қызыл мата жабылған столды құшақтап томырылып Бұқабай отыр. Ұбап-шұбап мектепке кіріп жатқан халықка қабағының астынан түнеріп қарайды. "Жинал!" дегенде жинала қоймайтын осынау тәртіпсіз надан елге жыны қозып жарылғалы отыр. Өйткені, Бұқабай шаршаулы еді. Екі күн болды жарғақ құлағы жастыққа тимей шабуылмен жүр. Соны бүл ел түсіне ме? Түсіну қайда. Түсінбек тұрмақ үстіңнен арыз жазады... "Арақ ішті", "Қызымызды оятты" деп. "Ау, ішпейтін болсам, жемейтін болсам, күн-түн демей шапқылап менікі не? Ау, "қыз оятсам" жаспын, жас кезінде қыз оятпаған қазақ бар ма екен?" Бұқабай осылай ойлайды.


Мектепке ел лықа толды. Алабажыр көп жұрттың ішінен Бұқабайдың көзі бір тал шыбықтай бұралған сұлу келіншекке түсіп отыр. Бетінің ұшы албырап, қызарып, кірпігін көтергенде, алыстан бейне бір түн жүлдызы шүғыла бергендей. Хансұлу екен атақты. Баяғы Нарқызды да танып отыр. Сол уақиға еске түскен сайын бір түрлі жәбірленіп, жер болып қалады. Қазір де түсі қабарып "Жиналысты аш давай" деп, Жорға Күреңді тақымдап дігір салды. Сол түні тұмсығына Нарқыздың ауыр жұдырығы сарт ете түскені өлсе есінен кетер ме? Бұқабай Игенсартов өмірінде бұндай қорлықты көрді ме екен...


— Жолдастар! Тынышталыңдар! "Жаңа жол" ауылының жалпы жиналысын ашылсын деймін! Ал, ағайын, енді жиылысымыздың төрағасын, басқарушысын сайлайық! — деді, Жорға Күрең жұртқа жымсиып күле қарап.


Алдыңғы қатарда отырған Ждақай орнынан қарғып тұрды.


— Үсынысым бар!


— Айт!


— Жиналыстың төрағасы болып ауылнай жолдастың өзі сайлансын. Қалған екі мүшесіне серіктік бастығы Қаспақов


Шеге мен белсенді кедейіміздің бірі Қауқашты ұсынамын, — деді Ждақай.


— Ал, Қауқаш! Төрле! Заман сенікі!


— Дүрілдет жиналысты! — деген дабырлар естілді.


— Әйелдерді де көтерейік! Бір әйел сайлансын прездөмге!— деп куңк етті өкіл.


— Жолдастар! Ұсыныс бар! Біз бір мәселені үмытып барады екенбіз. Ол — әйел мәселесі. Біз әйел жолдастарды да ұмытпауымыз керек! Шеге тұра тұрсын, одан да оның орнына бір әйел сайлансын!


— Ендеше, оның орнына Хансұлу сайлансын! — деп, Ждақай тағы атып тұрды орнынан.


— Е, несі бар, болсын!


— Көтек, жас емес пе? — деп қалды бір кемпір.


— Қайта, сол жасты көтеру керек! Саясат солай!


— Ал енді осы жолдастар сайлансын дегендерің қолдарынды көтеріңдер!


Жұрт жапа-тармағай қолдарын көтерді. Жалғыз ғана Торқа кемпір қолын көтермей тымырайып түйіліп қалды. Бұқабай Торқа кемпірді иегімен нұсқап Жорға Күреңге:


— Әне бір кісі қолын көтермеді... — деді.


— Жеңеше! Сіз неғып бүйректен сирақ шығарып отырсыз?! Оу, жеңеше!— деп, дауысын әндете созып жымысқы күлді Күрең. Бір адамның бұра тартканына іші қуанып тұрған еді.


Торқа кемпір шолтаң етіп түрегелді. Жұрттың гу-гуі сап тыйылып, бәрі шүйкедей сары кемпірге қадалды.


— Адыра қалсын, қарсымын! Ал түге... — деді Торқа кемпір қолын шолтаң еткізіп.


— Ойбай, жеңешекеу!.. — деп, қиқылдап біраз күлді Жорға Күрең. — Соны енді... ашып айтпайсың ба?..


— ... Не айтатыны бар, жаңағы төрге отыратынның бірі Хансұлу ма?


— Ие, Хансұлу.


— Сәбетски бласт бар ма осы елде, әлде жок па?


— Ойбай, бар!.. "Жоқ" деп кім айтты?


— Әй, сен күлме өйтіп! Сәбетски бласт бар болса, бай-құлақтың қызын жиылыстың төріне шығар деген заң бар ма, сен соны айт! О несі кеп ыржалақтағаны...


Осы жерде Бұқабай манаурап басын көтерді.


— Кім ол Хансұлу деген жолдас? Көрінсін! — деді әдейі танымағансып, танауынан сөйлеп.


Жұрт жапа-тармағай бұрылып кейін қарады. Қыз-келіншектердің ден ортасынца бой жасырып отырган Хансұлу ұяттан қысылып бетінің оты шықты. — Тұр келін! Көрін жұртқа! — деп қалды Шырылдауық Шәріп, астына су шыққандай қыбыжықтап.


Хансұлу ұяла созаландап орнынан түрегелді. Өңінде ұят оты мен кейіс оты қоса шарпысқандай.


Бұқабай жас келіншекке назар ірікті де, жанындағы Жорға Күреңге еңкейді. Жорға Күрең елге қарап:


— Кәне, жаңағы аты аталған жолдастар төрге шығыңдар!


Келін бала, сен де шық! Біз жеке адамдардың емес, көпшіліктің пікіріне құлаймыз! Тәртіп солай! — деді дауысын әдейі саңқылдатып.


Торқа кемпірді жеңіп шыққанына Хансұлу іштей қуанып-ақ кетті. Рұқсат өтінгендей ата-енесіне жәутеңдеп еді, Шәріп елп етіп:


— Бар, қарағым, бар! Көптің қалауы ғой, — деді, Жайбасқан да бас изеп жатыр. Шолпысы күлдіреп-сылдырап Хансұлу төрге қарай ұяла басып келеді. Әсіресе, кілбиіп қараған Бұқабай өкілдің жабысқақ назарынан қашып құтыла алмай келеді. Содан аулағырақ отырайын деп еді, Жорға Күрең қақпакылдап әкеліп дәл соның қасына отырғызды. Қасына сылдырап-күлдіреп келіп кербез сұлу жас келіншек отырғанда ап-ауыр Бұқабай қопаңдап кетті. Дәл, сол бүйіріне сән-салтанатымен, бүлбүл бағымен келіп үжмақ қонғандай жүрегі лүп-лүп соқты. Жас сұлудың хош жұпары танауына ұрып таза мас болуға айналды. Бір сәтке мына дабыра науқан, жиылып отырған елді ұмытып, ойын Хансұлу билеп алды.


— Сөз өкіл жолдас Игенсартовқа беріледі, — дегенде ғана үстіне мұздай су құйып жібергендей тітіркеніп, есін жиды. Түрегелді. Түсіне ызғар жинап, толған жұртқа кілбиіп әукесі салбырап сүзіле қарады.


— Так-так... — деді кібіртіктеп. — Жолдастар, так, кешегі өткен конференциядан сіздер хабардарсыздар. Онда болған әңгіменің шет-жағасын мына ауылнай жолдас, сонсын анау серіктік бастығы Қаспақов Шеге жолдас сіздерге жеткізген шығар. Сондықтан мен сіздерге мәселенің тоқ етерін айтамын. Та-ак, былай. Бұл наукан серьезный науқан. Политический значениесі өте күшті. Бүгін біз атам заманнан еңбекші халықтың қанын сүлікше сорып келген боржойлардың тамырына балта шабамыз. Құлақ контралардың көзін құртамыз. Оларға біз "Давай қомшаңды көтер!" "Тайып тұр, арамыздан. Тәртіп солай!" дейміз. Сөйтіп, ел ішін бай- құлақтан жым-жылас тазартамыз. Түсіндіндер ме?


— Түсіндік! Түсіндік!


— Ол кім сонда боржайымыз?


— Әй, Алла-ай, өзің сақтай гөр! — деген дауыстар естілді.


— Ә, от, мәселе қайда жатыр. "Боржойымыз кім" дедік пе? Бәсе, со боржой кім? — деп ежірейді аңдаған жұртқа қарап Бұқабай. — Оны сіз бен біз табуымыз керек. Тауып тамырына балта шабуымыз керек! От так! Тәртіп солай!


Сол үшін жиналып отырмыз, жолдастар!


— Астапыралла! Құдай зекет!


— Тағы не таптық, Жаратқан!


— Сақтай гөр, Жасаған ием! — деген дауыстар молайып, жұрт тіксініп шоши бастады. Абыр-сабыр, гу-гу.


— Оу, бір боржойды өткен жылы құртқан жоқ па едік?— деп, ұзынтұра Уәп дыбыс берді, екі ұрты бүлкілдеп.


— Бұ қайсың, тұрып сөйле! — деді Жорға Күрең жақтырмай.


— Өкіл жолдастан сұрайын дегенім ғой, — деп намаздігердің көлеңкесіндей созылып түрегелді Уәп. — Оу, өткен жылы Мажан байды кәмпеске еттік. Боржойдың көзін құрттық дедік. Сонда қалай, ол өзі боржой дегеніміз жыл сайын балалап тұратын нәрсе ме?


— Мынауың кім еді? — деді Бұқабай жиіркенгеңдей Уәпты танауымен нұсқап. Күрең шыр ете түсті.


— Әй, сен... Уә-ке! Шатпа тілдің керегі не осы?! Одан да жөнге көш!


— Жоқ, менікі қалжың емес! — деп, көзі текенің көзіндей ежірейтіп, ышқынып кетті Уәп. — Оу, менің білгім келсе несі айып? Өкілді осы, біздей наданның көзін ашсын деп жіберетін болар аудан. Ал, енді нақа үн шығарма десендер, қойдық...


— Бұл жолдастың пәмилесі кім? — деді өкіл.


— Жартыбасов.


— Жолдас Жартыбасов! Та-ак, осы ауылда қанша түтін бар?


— Түтін бе? Түтін қырықтан асады.


— Соның нешеуі серіктікке кірмей отыр?


— Бес үй ғой. Жұртқа мәлім.


— Так... так... Жартыбасов, тоқта енді! — деді Бұқабай саусағын шошаңдатып. — Соның бірі ана отырған Пахраддин. Так, солай ғой, табарыш?!


Алыстау көпшіліктің тасасында отырған Пахраддин қозғалақтап қалды. Жұрт назары солай ауды.


— Пахраддин Николай заманында би болды — раз! Ірі демесек те кәдімгідей дәулетті болды — два! Есігінде жалшы ұстады — три! Өтірік деңізші! Өкілдің сұрауына ешкім дыбыс шығармады.


— Пахраддин кеңес тілегіндегі кісі болса баяғыда-ақ серіктікке жазылар еді. Так? Әлде не так?!


— Өкіл жолдас! — деп артқы қатардан Пахраддин бой көтерді. Басында құндыз бөрік, үстінде кең елтірі ішік.


— Өкіл жолдас! Сіз, асасы, өйтіп партия саясатына қайшы келмеңіз!.. Партия саясаты бұлай болмауға керек!


— Так... так, неге олай дедіңіз! — Бұқабай сүзіле қарап қамауға түскен қабандай тықыршып кетті. Кілбік көзі жылтырап тұр.


— Кәллективке кірмесек те кәзит оқитынымыз бар, өкіл мырза! Кәллективке кіру, кірмеу кісінің өз еркі деп Сталин айтқан. Мен серіктікке кірмегенім үшін, асасы, кінәлі бола алмаспын!


— Зәкүншілін өзінің... пәдумаеш... — деп танауының астынан күңк етті Бұқабай түнеріп, ашуға тығылып. — Жарайды, Пахраддин жолдас, сен серіктікке кірмегенің үшін кінәлі емессің дейік, ал, сенің кәмпескеге дейін үш жүзден аса майда малыңның, жүзден аса ірі қараңның болғаны және жалшы үстағаның өтірік пе?


— "Жалшы" деп түрғаның малшы болуға керек,


асасы...— деді Пахраддин дауысы саңқылдап. — Ал, малшы деп түрғаның, сірә, Қозбағар болуға керек. Түн жамылып отырмыз. Мен ешкімді "малымды бақ" деп зорлағаным жоқ. Өтірік десе мына Уәп пен Торқаның көзі отыр, айтсын! Кешегі 21-дің аштығында жуан жіңішкеріп, жіңішке үзілді. Бала-шағасын жетектеп осы Уәп пен Торқа қанғуға айналды. "Өле жегенше бөле жейік" дедік, асасы. Ауылдан бір адамды шашау шығармадық. Жаяуға көлік, жалаңашқа тон, ашқа ас бергіздік. Шүкір Алла, соның арқасында түндігі жабылып, түтіні өшкен үй болған жоқ аулымызда.


— Рас.


— Рас. Би ағаның осы айтқанының бәрі рас, — деп жатты халайық тұс-тұстан.


— Ал, енді малымды үш-төрт жыл Қозбағар баққан шығар. Бақса сол ішкен-жегенінің өтемі болар, асасы. Оған мен неге айыптымын? Ағайын, тәңірдің тал түсіңде қиянатқа қиятындай менен не жамандық көріп едіңдер? Әділет болуға керек! — деп, әрең іркілді Пахраддин.


— Әб... бәрекелді! Сөз-ақ! — деп, елден бүрын сұңқ етті Шәріп.


— Рас!


— Дұрыс, Би ағанікі!


— Тынышталыңдар! Дабырламаңдар! — деп безек қақты жиылыс басқарушы Жорға Күрең.


Көпшіліктің назары енді Бұқабайга ауды. Бұқабай бар ашуын жанындағы ауылнайдан алып жатқан сияқты. Танауы делдиіп кетіпті. Пахраддинге шақшырайды.


— Сен... сен Пахраддин жолдас! Сен... не істеп отырғаныңды білесің бе?— деп сұқ саусағын шошайтты. — Сен іске мешайт жасап отырсың! Жиылысқа іріткі салдың! Бұл — сабатаж! Бұл — боржойлардың ісі. Сен боржой болмасаң бүйтіп жиылысты бұзбас едің. Көрдіңдер ме, от так, жолдастар! Бұл науқанның ең гәлеуный значениесі — ішіміздегі осындай іріткі салғыш боржайларды аластау. Олар жаңа өмірдің іргесін қалауға мешайт жасайды. Сондықтан бай-құлақ, қожа-молда тәрізді шорт-морттарды түгел аластауымыз керек! Тәртіп солай! От так, жолдастар!


Жұрт тықыршып қобалжып қалды.


— От так! Калашников жолдас бастаған аудан қызметкерлері үстеме міндет алды. "Артта қалған шалғай аудан болсақ та, құлақты аластау науқанын біз бір жетіде бітіреміз, жаппай коллекгив болу жоспарын үш жылда емес, үш айда орындаймыз" деп. Бұл жолдастар, үлкен төңкеріс! Ауыл өмірін түп-тамырымен өзгертеміз. Үш ай ішінде жаппай отырықшылыққа көшіп, түгел коллектив болып жаңа өмірге жаппай бет аламыз. Ескі өмірдің тамырына сөйтіп, біржолата балта шабамыз. От так, жолдастар!


Осы арада Ждақай едірендеп ыршып тұрып шарт-шұрт қол соқты. Оған біреулер ілесті.


— Әй, жарадың! Бас! Аяма! — деп Шәріп те шырқай созып үн қосып жіберді.


— От так, жолдастар! Социализм алға отарбамен зымырап барады, сәулетті өмірге қарай. Біз, тездетпесек, оған түйемен салпақтап жете алмаймыз!


— Жете алмаймыз! Зымырау керек бізге де! Зымырау керек! — деп жұдырығын көтере сілтеп айқай салды Ждақай.


— Ал, давай, мен болдым, енді кедей-батырақтарға сөз берейік, — деп Бұқабай орнына отырды.


Ждақай сөйледі. Көзінен де, сөзінен де ұшқын ата, от шаша сөйледі. - Өкіл жолдастың айтқанының бәрі рас. Патша құлап


Кеңес өкіметінің орныққанына аттай он екі жыл болды.


Дүниенің бәрі өзгеріп жатыр. Қалалар, зауыттар, темір жолдар салынып жатыр. Ал, осы біз неге қасқайып өзгермейміз?Бітіргеніміз қалқитып бір мектеп салдық. Жертөле қаздық. Адамның күлкісін келтіріп. Өкілдің айтқаны ып-ырас. Атасы нәлет, үш жылда емес, боламыз үш айда коллектив! Несі бар! Болғысы келмейтіндерді болдырамыз!


— Жолдас! Тоқтай түр! Так, саған бір сұрақ! — деді Бұқабай. — Бұрыннан бар ақпарға сүйене отырып мен бұл ауылдан екі-үш құлақтың тізбесін жасадым. Оның бірінші орнында — анау Хантөрткілде отырған Құлатай, үшінші орнында Жұмаш тұр.


Жұрт тағы да гуілдеп толқып кетті. Арт жақта отырған Жұмаш деген кісі, баяғы Нарқыздың әкесі шырылдап ұшып түрегелді.


— Әй, інім... "Жұмаш құлақ" дедің бе? Сен шатасып тұрған жоқсың ба, осы?!


— Пәмилең Қойбасов па?


— Қойбасов болса несі бар?! Орташа десең бір жөн. Бұның қып-қызыл жала, інім! Сенбесең әне, қорада тұр, малымды сана! Ау, бұ не бұл?!


— Так, сенің қорандағы малың 30 қой, 6 ешкі, тайлағымен қосқаңда 3 түйе, 1 ат. Так? — деді Бұқабай Жұмашқа сүзіле қарап.


— Ешкінің біреуін жақында сойып жедік. Қалғаны бесеу,— деп безектеді Жұмаш.


— Так, тоқта! Доңызтаудағы қарындасыңның малына қосып қойған боталы інгенің бар. Так! — деді Бұқабай, Жұмаш бебеу қаққан сайын жаны кіре түсіп.


— Қосып қойғаным емес, сүтсіз отырғасын басыбайлы берген малым! — деп күйіп-пісті Жұмаш байғұс.


— Ол өтірігіңе біз сенбедік, табарыш! Қорандағы малға сол боталы інгенді қосып есептедік. Сонда сіз орташадан өтіп, "құлақ" дәрежесіне жеттіңіз!


— Бұныңыз әділет емес! Жала! Ол інгенді менің атыма жазғаныңыз — жала жапқаныңыз!... Жұрттың ағайын-туысқа берген малын түгендей беретін болсаңыз, онда, осы отырғанның бәрін зерттеңіз!.. — деді әлжуаз арық Жүмаш қолын сермеп шырқырап.


— Жұмеке, ойбай, жұртта неңіз бар?!


— Өзгені іліктірмей сөйлеңіз! — десіп, көпшілік шу-шу етті. Бейшара Жұмаш қапелімде жүнделген тауықтай болды.


Жанындағы Нарқыздың өңі шүберекгей қуарып, ішінен өкіл "Бұқаға" лағынет айтып отыр еді.


Сөз алуға ешкімнің дәті бармады. Осы арада Жорға Күрең Бұқабайға ақыл қосты. Әрі елге естірте дауысын мипаздап созып:


— Осы ортамызда жаңадан бастық болған Шеге бар емес пе? Соның бүгін дауысы неге шықпайды? Бұндай қызу науқан үстінде бастық болғасын сөйлеуі керек! — деп, жымсия күлді.


— Е, тыңдайық, сөйлесін! — десті көпшілік. Жорғаның жымсиған күлкісінің астарын сезген Шәріптің ызадан қаны қайнап кетті. "Әй, арам! Әй, әзәзіл! Сайқалдануын... Аңдығаның мен ғой сенің!"


Шеге орнынан тұрғанда ине шаншар жер жоқ, кісіге лықа толы мектеп іші сілтідей тынды. Хансұлудың жан дүниесі аласұрды. Қазір бүлінеді. Бұ дүние ойран болады. Шыға қашқысы келді, мына бірін-бірі талап жатқан жиыннан. Кісінің қоры болып әкесі отыр. Шеге тұр, екі оттың ортасыңда. Шеге! Хансұлу еңдігі калған жалғыз сенімі, тірегі Шегеге қарады.


— Өкіл жолдас айтқандай, бұ науқанның саяси маңызы үлкен екені рас... — деді Шеге ширығып, өткір көзі оттай жанып. — Құлақтарды тап ретінде жою саясатын қолдаймыз! Мен де қолдаймын!


Жорға Күрең мәз болып отыр.


— Шеге, сен мынаны айтшы! — деп, алға итініп, жымсия күлді. — Сен мынаны айтшы! Пахраддин құлақ па, жоқ па? Соны айтшы?


Жорға Күрең жымсиып күліп, насаттанып шалқайып отырды.


Хансұлудың беті ду жанды. Шеге Жорға Күреңге жалт қарап, ашулы жанарымен атып жіберердей:


— Құлақ! Ал, құлақ! Сол ма еді естімегіңіз? — деп ышқынып қалды.


Ары қарай дүние жыңылдап бара жатты. Тыныш отырған жиылыс жел соққандай теңселіп, шайқалғандай. Біреу-біреуге ұмтылып ілінісе кеткендей. Хансұлу көзін жұмды,


— Әй, әй, Жорға!.. Сен... сен өйтіп арандатпа! Арандатпа!— деп шырқырап, төрге қарай айқайлап ұмтылып Шәріп барады. Біреудің аяғын басып, біреудің бөркін ұшырып, отырғандарды қыран жапқандай шулатып барады. Президиумның алдына ышқынып тұра қалып, өзінен үлкен тымағын жерге былғап ұрды. Жер шаңы бұрқ етті.Бұқабай селк етті. Жорғаның да түсі күреңітіп кетті. Шәріпке де керегі сол еді.


— Сен... сенің істеп отырғаның қастандық! Жаулық!


Сен... сен науқанды арқаға таңып, кедей-кембағалдың қанын соруға кірістің! Орташаны құлақ қылып жатсың!


Сенің таптық пердеңді ашайын, ендеше! Сен... Сен тап жауымыз Мажан байдың базарға мал айдайтын саудагерісің! Ал! Ал, саған шындық керек болса! — деп жалаң бас, шекетамыры шоттиып кеткен Шәріп Жорға Күреңге қарап шақ-шақ етті.


— Дұрыс! Дұрыс айтады.


— Міне, сөздің турасы!


— Ауылнайда әділет жоқ!


— Жолдас Қаспақов! Сіз жиылысты бұздыңыз! Сіз іріткі салдыңыз! — деп столын тоқпақтады өкіл.


Жұрт шулап кетті.


— Әділет емес!


— Құтырғанын қойсын ауылнай! Қойсын!


— Атасының көрін! Қан боламыз, қоймайды екен! — деп білек сыбанып Қиқымбай тәрізді қисықтар едіреңдеп төбелес тілеп атып-атып тұрды.


— Қаспақов! Бұның барып тұрған сабатаж! Сабатаж!! — деп бурадай бұрқыраған Бұқабайдың иегінің астына Шәріп ызғып жетіп барды. Өзі шынашақтай болғанмен, Шәріптің айбаты жаман еді. Қадалған жерінен қан алар шақар еді. Шеке тамыры шоттиып, қып-қызыл боп сасық күзенше шақ-шақ етті. - Тұт-ақ! Өй, жаман Игенсарттың баласы! Сен бе, мені қорқытатын? Әукең салбырап андығаның қыз-келіншек, ішкенің арақ, сөйтіп жүріп сен бе маған зәкүн үйрететін?!


Мына қаптаған кедейді ізіңе салмай тұрғанда жөнінді тап, шатпай! От солай! Ойының келген екен сенің Шәріппен!


— Шәкеңдікі дұрыс!


— Өкімет кедейдікі!


— Қайтпа, кедей! — деп, әзіл-шыны аралас жұрт дүрлігіп қиқу салды.


— Е, енді, белсенді кедей айтпағанда кім айтады?


Жердегі тымағын алып қағып-сілкіп, басына милықтата киді де, Шәріп енді басын тіп-тік ұстап есікке беттеді.


— Оу, Шәке, отырыңыз! Жиылыс біткен жоқ! — деген Жорға Күреңнің мәймөңкесінен кейін Шәріптің тіптен дәрежесі көтеріліп кетті.


Күреңге пысқырып та қарамай қолды бір-ақ сілтеді. Есікті сарт жауып шығып жүре берді.


— Е, бәсе... — десті жүрт.


— Сиязыңды көрген адам қорықсын ба жиылысыңнан?!


Шәріп кеткесін көп үзамай Пахраддин мен Құлатайды құлақ қып, Жүмашты орташалығында қаддырып, жиылыс тарқады.


3


Сырт тас қараңғы, түн желкем. Көкесінің әлгінде жиылыстан сусып шығып кеткенін байқап қалған Хансұлу ауыл шетіне қарай сүріне аттап келеді. Бүкіл ойы — әкесі. Ел көзінде жер болған әкесінің, қор болған әкесінің тезірек қасына жетуге асығады. Ызғырық аязды қатқыл жел бетті қарып ішік шалғайын кеулеп суық далаға қарай итереді. "Құлақ! Құлақ!" деді-ау Шеге. Бар сенгені, бар тірегі — Шеге! Ол сөйдеді. Өзге жұрт не демесін. Хансұлу мен көкесінің жылт еткен жалғыз үміті Шеге еді. Ол сөнді. Жалғыз тірегі Шеге еді. Ол сынды. Опырылып үстінен аспан құлағандай. Жер жылжығандай... Дүние не боп барады? Не боп барады? Төңіректегі иттің үргені, желдің ысылы емес естіп келе жатқаны. Естіп келе жатқаны "бүлінді", "ойран болды" деген өз үні, аласапыран өз ойы.


Ауылдан шеткері жалғыз үйдің ашық түндігінен от сәулесі байқалады. Хансұлу кеудесінен итерген есірік желмен алыса жүріп сипалап есікті ашты. Ішке аттады.Үй іші жарық. Ортада гүрлеп жанған от. Отқа мандайын беріп төрде бүк түсіп әкесі отыр. Оң жақта шешесі отыр. Айтылар сөз айтылып, енді екеуара тоңторыс бір үнсіз хал орнағандай. Сырға бәйбіше де, Пахраддин де бейуақта жалғыз кеп есік ашқан қызына шошына, серпіле қарады.


Ақ бөкебайы мойнына лықсып, жалаң бас тұр Хансұлу. Көзінде үрей. Әкесіне бір, шешесіне бір қарайды. Гүрілдеп жанған от. Үйдің туырлығын сабалап, сыртта ұлыған жел. Аңтарылып бір-біріне қараған үшеу. Қорқынышты ертектен кейін тылсым түнге құлақ түріп үрейлене қалған балалардай. Әлден уақытта шешесі көсеуді алып от шоғын ысыра беріп:


— Сұлужан! Былай шық!.. — деп тіл қатты.


Әкесі еңсесі түсіп отқа үңілген түйық қалпына түсті.


Хансұлу ұмтылып кеп шешесін құшақтай алды. Құшақтай алды да, солқ-солқ жылады.


Пахраддин қабағын шытынды. Бірақ қыбыр етпеді. Үндемеді.


Сырға бәйбіше көсеу ұстаған оң қолымен оттың шоғын қағыстыра отырып, сол қолымен қызын басынан сипады. Хансұлу қашан өксігін басқанша не әкесі, не шешесі тіс жармады.


Есік тықырлап, іле ашылып үйге тағы біреу кірді. Құтжолдың үрмеуіне қарағанда ауыл-үйдің кісісі сияқты. Үйдегілер үрпиісіп бастарын көтерді. Шеге екен. Кірді де есік алдында состиып тұрып қалды. Назары — Хансұлуда. Хансұлудың көзі домбығып, ісіп кеткен. Ашулы. Отты.


Шеге не дерін білмей дағдарып аяқ үстінде теңселді.


— Сені... іздеп жүрсем... — деп күмілжіді.


— Іздемей-ақ қой! — деді Хансұлу көзі жарқ етіп. Оған қарауға Шегенің дәті шыдамады. Танау астынан түсініксіздеу міңгірлеп тенселе түрып, есікке бұрылды. Ауыр киіз есікті серпіп ашып шығып кетті. Үй ішінде тағы зілдей тыныштық орнады.


Отқа қарап көкірегін қорғасындай ой басып мүлгіген Пахраддин. Қасын керіп сабырлы сыр бүккен Сырға бәйбіше. Шегенің ту сыртынан сүзіле қарап қалған Хансұлу. Тысырлап зулап жанған от. Туырлықты ұрғылап сыртта азынаған жел. Қабағы түйіліп келе жатқан бір жаманат хабаршысындай ұлып, сарнап дүниені құлазытады. Береке қашырады.


— Сұлужан! Қой! Үйіңе бар! — деп ысырылып орнынан тұрды бір мезгідде Сырға бәйбіше. Болыскей кереуетке төсек салуға кірісті. — Бармаймын. Барғым да келмейді, — деп Хансұлу тағы да торсаң етті.


Пахраддин жұмулы көзін ашты. Еңсесін көтерді. Аларып кеп карады қызына. Іш толқынын әрең іріккен ашу бар назарында. Хансұлу әке жүзіне тіке қарауға бата алмай жасқанып, ығысып қалды. Тағы да шешесі килікті.


— Қой, өйдеме! — деді ақылгөй үнмен қызына. —


Сіздерді ешкім зорлап қосқан жоқ. Біз үшін ұрыспай-ақ қойыңдар! Шегеде не кінә бар дейсің! Заманнан шығар. Бар! Үйіңе бар!


Хансұлу назарымен жер шүқып үндемей отыра берді. Көпті көрген сабырлы Сырға бәйбіше келіп қызының басынан сипап, арқасынан қағып біршама жібітіп алды да, содан кейін үйіне шығарып салды.


Хансұлу отауына кірсе, Шеге теріс қарап жатып калыпты. Ошақтағы тезектің шоғы сөнуге жақын. Өлімсіреп жылтырайды. Бөлек жатуға төсек жоқ. Лажсыз, Шегенің от жағын ала төсекке кіріп теріс қарап қисайды. Шеге ұйықтамапты. Күрсіне береді. Хансұлу да қалың ойға шомды. Көз алдынан бүгінгі оқиға тізбектеліп өтті. Бәрін кешіруге болар еді. Бірақ көкесін, бүкіл ел ағасы көкесін Шегенің "құлақ!" деп айқайлағанын қалай кешірер? Ызасы қалай келмесін. Бұны оңашада "күйдім-сүйдім" деп үздігіп, енді іске келгенде, қимылға келгенде турашыл комсомол бола қалуын... Жақтап бір ауыз сөз айта алмауын... Жақтай алмағанымен тұрмай, "құлақ!" деп айқайлауын, шаршы топтың көзінше.


Хансұлу Шегені осы сәт жаудан жаман жек көріп жатты.


Шеге күрсініп шалқасынан аударылып жатты. Көзін ашып алды. Үй іші тас қараңғы. Сырт жел. Азынап тұр. Ойы да сол тұлдырсыз түнгі медиен кезген ызғырықтай жүйткиді. Кеудесін қысқан бір ыза. Сол қордаланған ызаны кімге төгерін білмейді. Турасын айтқаны үшін бұл неге кінәлі болды? Әлде, "құлақтың" қызын алған өзі ме кінәлі? Әлде бұны қақпақылдап отқа итерген Жорға ма кінәлі? Әлде, дәулетті болғаны үшін Пахраддин бе кінәлі? Әлде, шындықтың емес, әкесінің жағына шығып алған Хансұлу ма кінәлі? Кім кінәлі осы сорға? Кім кінәлі осы топалаңға? Кім кінәлі?


4


Апта бойы Үстірт үстіндегі қалың ел дүрлігумен болды. Күндіз-түні жиылыс. Ат белінен түспей оңды-солды шапқылаған өкілдер.


«Жаңа жолдан» шығып бел асып сырдаң жазықпен Нарқамысқа тартатын жалғыз аяқ жолменен бүлкекетеп жаяу желіп Пахраддин келеді.Соңында атты мелиса – Сұржекей. Күн ашық.Сәске түс.Үп еткен жел жоқ.Алыс-жақынның бәрі алақанға салғандай жадырап айқын көрінеді.


Таңғы шайын ішіп бола бергені еді. Аспаннан түскені де белгісіз, жерден шыққаны да белгісіз Сұржекей кіріп келді. Түсі өрт сөндіргендей. "Ауданға жүресің!" деді, сәлем жоқ, сауқат жоқ. Сырғаның зәресі ұшып кеткен. Бұл ажырайып қарады мелисаға. "Бол, тез!" деді Сұржекей дорба аузы томпайып. "Ау, інім, жайша ма?" "Барғасын көресің! Алға түс!" Сөзі осы болды.


Пахраддин үн-түнсіз, шапанын жүре киіп есікке беттеді. Сырға әлдене деп жатты. "Көлігімді әкелейін!" деп еді. "Жоқ! — деп ақырды мелиса,— жаяу жүресің!"


Міне содан бүлкілдеумен келеді. Сәл аянга басса "марш!" деп, көкжелкеден ақырады Сұржекей. Қолында қамшы. Ұруы да мүмкін ғой. Мелисаның аты мелиса. 18-ші жылы мына Ойыл жақта ірі байларды далада атып та тастады ғой. Терлеп келеді Пахраддин. Борша-борша терлеп келеді. Иығында — қоржын. Қоржыны ауыр емес. Сырға байғүс асығыс-үсігіс, орамалға орап нан ба, бұның іш киімі ме, қоржынға бір нәрселерді тығып жатқан. Ырс-ырс етіп желіп келеді Пахраддин.


Ат үстіндегі Сұржекейде үн жоқ. Пахраддин ырсылдап деміккен сайын, қиналған сайын жаны рақаттанып келеді. "Мен жетім кезімде Есенейдің қойын жалаң аяқ баққанмын. Күнде өстіп жүгіріп жүріп баққанмын. Көзімнен жасым тамшылап жүріп баққанмын. Сонда сендер шалқайып ат үстінде бара жатушы едіңдер. Қой шетінде көз жасын жұтып тұрған қаршадай балаға көз қиықтарыңды да салмаушы едіндер. Еңді еңкілдендер сол жетім Жекейдің алдында. Сұржекей Пахраддиннің шып-шып тер шыққан желкесіне қарап келе жатып жыны қозып кетті.


Атты тебініп қалды, Пахраддинді омыраулатып. Ат ыршып кеткенде, жақын келе жатқан Пахраддинді омырауымен қағып өтті. Пахраддин етпетінен құлады.


Ыршып текіректеп алға шыққан атының басын тартып Сұржекей бұрылып, құлап түскен Пахраддинге қарады.


Пахраддин екі қолымен жер тіреп '"тфә, тфә" деп, аузына кіріп кеткен топырақты түкіріп, жеңімен бетінің шаңын сүрткіштеп түрегеле берген екен.


Сұржекей атының басын тартып көлденеңдеп тұр. Көзі де, құлағы да Пахраддинде. Не дер екен дейді.


Қоржынын жерге қойып Пахраддин қалкиып түрегелді. Үсті-басын сілкіштеді. Әлі бір туралап қараған жоқ Сұржекейдің бетіне.


Сұржекей қанын ішіне тартып сұрланып алған. Үндемейді. Көзін оқтай қадайды.


— Інім! — деді, бір кезде Пахраддин. үсті-басын реттеп болғаннан кейін тіктеліп. — Асасы, осы мені қинап қайтесің? Сірә, түбі бір өлім гой. Бүйтіп ит қорлық көріп ертең сасық түрмеде өлгенше, мен осы кең даламда-ақ жатайын да! Тілегім сол өзіңнен! Ат та, мені осы жерге тастап кет, қарағым!


Сұржекей тырс етіп дыбыс шығармады. Үн-түнсіз атынан түсті. Атын тұсады. Наганды қолына алды. Асықпай аударып-төңкеріп қарап шүріппесін қайтарды.


— Дұрыс, сөйт, інім! Ағаңның бір тілегін орында! — деп Пахраддин бес-алты қадам жерге барып, сабаны қалың ұйысқан алақандай алаңға өтіп, Сұржекейге бір қырын беріп тұрды.


Сұржекей дорба аузын томпайтып, қоңыз мұрты жыбыр етіп бір кезде наган ұстаған қолын көтерді. Пахраддиннің құлақ шекесін нысанаға алды.


Бір сәтке жым-жырт тыныштық орнады.


Мелисаның атына шейін құлағын тікірейтіп одырайып қарап қалған.


Пахраддиннің көкірегіне түк қорқыныш кірген жоқ. "Қорлықпен өткен өмірден, көсіліп жатар көр артық" деп Абай айтпақшы, бүйткен өмірден шынында да "көсіліп жатар көр артық" еді. Назары сонау алыста, жайпақ далада қарауытып көлденең көсіліп бұлдыраган Қаражон кезінде. Соның арғы жағында қалған ауылды, Сырға байғүс бен қызын ойлап тұр. Әсіресе, көз алдында Сырға. Соның шырқырап жылаған дауысы құлағына жеткендей. Байғұс Сырғасы, Құдай косқан жалғыз қосағы, сол сорлайтын болды ғой. Бұның түгі де кетпес, өлер де кетер.


Әлдекайдан аспан тұстан молдаторғай құйқылжиды. Жусан арасынан шегірткенің шырылы естіліп тұр. Әне "тарс" етер, міне "тарс" етер деп, сіресіп күтумен тұр Пахраддин. Мылтық атылмағаннан кейін жауына бұрылып қараса, әлдеқашан бұны ұмытып ауызы томпайып махорка орауға кірісіп кетіпті. Наганын кабурге салып қойған. Бұнда ісі жоқ. Жайбарақат.


Құлағының шыңылдап, жүрегі аласүрып тұрғанын сонда сезді Пахраддин. Сіресіп, ширыққан буын-буыны тарқатылған жіптей босап болбырап қоя берді. Сылқ түсіп отыра кетті. Дәл құмырсқаның жолағының жанына отырыпты. Ерсілі-қарсылы жүйткіген құмырскалар, е, Жасаған Ие, дәл сол баяғы қалпымен өмірде түк болмағандай сапырылысып жатыр. Мына қозғалыс, мына күйбің тіршілік Пахраддин әлгінде өліп кеткенде де түк бүлк етпей, сол баяғы ескі арнасымен жылжи береді екен де, асасы. О, опасыз жалғаншы!


5


Құдай оңдап Нарқамыстың көшесінде кездейсоқ Апанастың көзіне түспегенде, Пахраддиннің осы тұңғиыққа кеткені кеткен екен. "Арыстыбайлардың" арасында балшық илеп, кірпіш құйып жатқан Пахраддинді көшеден өте берген Апанас көріп қалады. Тани кетеді. Кабинетіне барады да, дереу Сүржекейге тапсырма беріп, түс қайта Пахраддинді РИК-ке шақыртады.


Балшыққа түсіп кірпіш құйып, түрмеде жатып екі күннің ішінде әпшері қашып жадап-жүдеп қалған Пахраддин, РИК кеңсесіне мелиса бұны неге алып келе жатқанын түсінбеді. Тек есікті ашып төрде столды "құшақтап" отырған шүңкиген арық Апанасты көргеңде ғана, көзі жарқ еткендей болды. Шүңкиген арық мосқал Апанасты Пахраддин құшақтап көрісті. Көзіне жас айналды. Патша қысымымен оныншы жылдары Темірге аударылып келіп мүғалімдікпен айналысқан Апанас қазақ арасын жақсы білетін. Енді ісіне Апанас араласқаннан кейін жағдайы оңғарылатынын сезді.


Пахраддинді тындап болып Апанас бөлме ішін кезіп біраз теңселіп жүріп алды. Айтқаны мынау болды:


— Е, достым Пахраддин... Мәселе тек Бұқабай, Сұржекейлерге ғана тіреліп тұрса... жарасы жеңіл ғой. Мәселе оларда болмай тұр ғой...


Орындыққа отырған Пахраддин ошарыла бұрылып Апанастың аузына қарады. Апанас сөзін жалғады.


— Төңірек толған жау. Мемлекетте күш жок. Күш болуы үшін завод керек. Техника керек. Оны салу үшін нан керек, ет керек жүмысшыға. Ет пен нан кулакта. Кулактан сатып алуға мемлекетте ақша жоқ. Не істеу керек? Кулакты тап ретінде жойып, соның астығын, малын алу керек.


— Ау, сонда бәрін жиып-теріп өкіметке беріп кулак


аштан өле ма?


— Во... во... Совет өкіметі де аштан өлгісі келмейді. Ешкімнің де аштан өлгісі келмейді...


Бұл Пахрадцин үшін тосын жаңалық еді. Зәресі үшып, түсі бұзылып сұлық отыр.


Апанас бөлме ішін кезіп әлі теңселіп жүр.


— Ащы да болса ақиқат осы... Пахраддин достым...Өкіметке астық керек, ет керек... Бүл ситуация шамалы уақытта өзгереді деп айта алмаймын. "Аша түяқ қалмасын,


Голощекин заңына қарсы тұру болмасын" деген тақпақтың шығуы бекер емес. Басы артық астық пен малды өкімет алады. Кім болмасын, қазір қолында малы, азығы бар шаруаның үстінен бұлт арыла қоймас... — деп, Апанас


дағдарып ойланып тұрды.


— Қолымнан келер жақсылығым — қалаған жағыңа жер аударуға рұқсат қағаз берейін... Қолымнан келері сол ғана... — деді Апанас күрсініп.


...Сол қағазды алып Пахраддин босап "Жаңа жолға" келді. Қағаздағы Апанастың қолын көріп, Жорға желкесін қасыды. Коллективке түсіп кеткен Шойынқараны Жорға бәрібір қайтармады. Оның есесіне қоғамдық малдан екі жуас түйе берді көшуге. Дұшпанына бас игісі келмей Пахраддин де көп қажап сұрай алмады Шойынқараны. Сөйтіп, қарашаның 29-ы күні сәске түсте жесір әйелдің көшіндей қиқиып Пахраддиннің шолақ көші ауылдан шеттеп шыға берді. Пахраддинмен бірге көшкен Бұлыштың шешесі Дәу апа ғана болды.


— Сізге рұқсат жоқ көшуге, Дәу апа! Ол үшін қағаз керек ауданнан! Қағаз! — деп еді Жорға Күрең.


— Әй, Күрең! — деді Дәу апа, зор ашық дауысы


саңқылдап. — Қағаз керек болса саған керек шығар... Маған керегі жоқ ондайыңның! Осы жасыма шейін қағазсыз-ақ күнелткем!.. Енді, ешкінің жасындай жасым қалғанда... алатын Құдай мені сол қағазсыз-ақ алар!..


Сүйекті, ірі, ер пішінді қара кемпірдің осылай дерін білген Жорға Күрең. Біле тұра әдейі айтқан жұрт естісін деп. Кеңес ағасы ретіндегі міндетінен құтылды ғой. Жорға Күреңге керегі сол-ақ еді.


Ауыл-үйдің бас көтергені қазір сыртта. Пахраддин көшінің маңында. Би ағаны сыйлайтын жұртшылық қоштасып қалуға шыққан. Жүк артқан түйелері орындарынан тұра бастағанда, әйелдер жағы жапырылысып қоштасып, жылап-сықтауға кірісті. Дәу апаны кемпірлер алма-кезек құшақтап "Қандай-қандай күн болады, көре алмай кетсек бақыл бол!" десіп, аңырап, әндетіп жұрттың топсасын босатты. Жаулық ұшымен көзін сүрткіштеп тұрған


Торқа кемпір шойнандап келіп "Тұз-дәміңді талай татып ек, тілім тисе кеше гөр!" деп сұңқылдап кеп Пахраддинді құшақтағанда кәрілер жағы кемсеңдеп:


— Ой-хой, дүние-ай! Көзі қимайды да... Бірге өскеннің аты бір өскен ғой, — десті.


Көш іркіліп түр. Қара күз аспаны бұлыңғыр. Қара сұр дала қыбыр ете алмай құлақ түреді зарлы үндерге. Хансұлу "Апалап" жас балаша еңкілдеді, шешесін құшақтап. Сырға бәйбіше екі иығы бүлкілдеп үнсіз жас төкті.


Пахраддин буынып-тартынып қалың киініп алған. Үн жоқ. Ел қалып барады. Жер қалып барады. Қазығын айналып балпаң-балпаң басқан Шойынқара қалып барады. Іші ит жыртқандай. Мұрты қырауланып, қабағы түйіліп тұр. Алыс жол, жат жұрт, қатал тағдырмен беттесуге ширығып бекінген түрі байқалады. Кешелі-бүгін ата қоныстан ірге бөлеріне анық көзі жеткелі бері жанының ескі жарасы қайта сыздаған. Жалғыздығын ойлаған. Осындай басына іс түскеңде ізіне ерер ұл болмай, құйрық-жалсыз сымпиғаннан жаман нәрсе жоқ екен. Соған көзі жетті. Баяғы шешектен кеткен титтей қарашықтары Әли, Қалилары тірі болғанда ғой, бүгінде бүйтіп жалғыздық көріп жабықпас еді. Төңірегі толып тұрар еді. Сұм тағдыр-ай...


Қызы келіп "көкелеп" ботадай боздап құшақтағаңда Пахраддиннің кең иығы дір-дір етті.


Шәріп:


— Ай! Ай! Қойындар! Қарақалпақ деген мына тұрған жер емес пе?! Бұларың не, түгел боздап?! Пай, пай, біздің ауылдың қатындары-ай!.. — деп қатындарға басу айтып жортақ қағып дызаттап жүр.


Пахраддин көшімен "Жаңа жол" осылай қоштасты.


Боз қыраулы жүдеу созылған бос алап. Сұлық түсіп көлденең көсілген жондар. Қызуы жоқ, сонау қиян шет көкжиектен жадау сығалаған Күн.


Солай қарай бір шолақ көш барады. Қылтиып бүлыңғыр көкжиекке сіңіп барады.


ЗОБАЛАҢ


1


Соңғы кездері Шәріптің қуанышында шек жоқ. Қалай куанбасын. Етікші деп етектен тартып жатқан ешкім жоқ. Жалғыз жауы Жорға еді. Оның да ақылы кірсе керек. Бас иіп өзі келді. Ауыл арасында беделі одан сайын өсе түсті Шәкеңнің. Тағы бір қуанышы — жалғыз ұлы Шегесі. Тпә, тпә, осы жаман немесі соңғы кезде көзге түсіп жүр. Әсіресе, кәмөнес болғаннан кейін есейіп кеткендей. Сөзі де, жүріс-тұрысы да салмақты. Пыт, жаман неме, кімге тартқан өзі! Соңғы кезде Тентексайды байлап, бөгет жасаймыз, Сарыжазыққа су жіберіп жайқалтып егін егеміз дегенді тауып алыпты.


Сонымен, сайдың екі жағына өтіп екі топ тұра қалып кетпен сілтеді.


— Қи-и! Жабыл кедей, жабыл! — деп Шәріп жұрттың делебесін қоздыра ұрандап қояды.


Сөйткенше, бір қызыл көйлекті қыз бала ауылдан шығып бұларға қарай тұра жүгірді. Көйлегінің етегі делеңдеп ұшып келеді.


— Біздің Гүлжан емес пе жүгіріп келе жатқан? — деді Шәріп, қолымен көзін көлегейлеп, шұқшиып.


— Ай, ай, не болды?!


— Ағамды... ағамды... екі мелиса шақырып жатыр! Тез келсін деп жатыр! — деп шіңгірледі анадайдан тұлымшағы желпілдеген Гүлжан. "Ағасы" — Шеге.


— Мелиса дейсің бе? — Шәріп қайталап сұрады.


— Мелиса! Екі мелиса! — деді Гүлжан. — Біреуі Қозбағар ағам. Оның да қылышы бар. Ағамды тез келсін деп жатыр.


Шеге үйге жеткенше әрі ойлап, бері ойлап өкімет алдында не кінәсінің барын біле алмады. Сонда да, жүрегі құрғыр секем алып қалтыранып есікті ашты. Аяғына оратылған қара күшікті итеріп тастады. Бірден көзі төр алдында құс көпшікгі шынтақтап шалжиып жатқан нәшәндік мелиса Сұржекейге түсті. Сырлы тостағаннан сыздықтатып айран жұтқан Сұржекей бұның кіргенін көзі шалса да айылын жимады. Одан төмендеу қомпиып Қозбағар отыр. Үстінде — мелиса форма.


Қозбағар мелисаның оқуында еді осы қыста. Бітірген екен ғой. Өзіне бірақ мелиса форма жараспай тұр.


— Ассалаумағалейкум! — деді Шеге. Қозбағар қалбақтап түрегеп бұған қол беріп амаңдасты. Шұбат құйып отырған шешесі жалтақтап екеуінің бетіне қарады. Сұржекей басын сәл тіктеп қол ұшын ғана ұсынды. Қол ұшы сұп-суық екен. Сұржекейдің сазарған өңі анау қабырғаға сүйеулі қылыш, мылтықтардың сұсындай ызғарлы.


Бұл тізе бүкті. Үй ішінде тыныштық орнады. Бұл қалыпты бұзуға Сұржекейдің ғана хұқы бар еді. Жұрт соның аузына қарады. Сұржекей әдейі сол ауыр күйді соза түсіп, тостағанды кейін асықпай ысырып дастарқанның шетін қайырды. Орамалмен ернін сүртті. Содан кейін Шегеге қарады.


— Жолдас Қаспақов... ауданға жүресің... Жинал! — деді.


Әңгіменің шамамен осылай боларын іштей әлгінде есіктен бас сұққанда-ақ сезген Шеге.


— Ауданға дейсіз бе? Жарайды... — деді бұл.


Сұржекей енді Қозбағарға жүзін бұрды. Қомпиған


Қозбағар жылан арбаған көжектей тыпыршып кетті. Бастығына бір, Шегеге бір жалтақтап шекесі тершіп:


— ... Шеге, — деді дауысы божырап. — Мәселе былай...


Жайбаскан мен Шеге Қозбағардың аузынан тағы бір сұмдықты есіткелі құлақ түрді.


— ...Мәселе былай... факті бар. Пахраддин құлақтың алтын-күмісі осы сіздің үйде тығулы көрінеді. Күйеу баласы болғандықтан сізге тапсырып кетіпті деген арыз бар. Соны тексеруге келдік...


— Не дейді жазған Құдай! "Алтын-күмісі" несі?! — деді Жайбасқан.


— ... Тексеріңдер! Тексеріндер! — деді Шеге өңі сәл қуқыл тартып.


— Апа, ендеше кебеже, тендердің аузын ашыңыз! — деді Қозбағар желкесін сипап.


— О, жазған Құдай, тағы не таптық?! — деп, Жайбасқан кебеже, теңдердің үстіндегі көрпелерді лақтыра бастады.


Алдымен қара кебежені ашты. Кездеме, мата, киім-кешектен өзге нәрсе шықпады қара кебежеден. Қасындағы теңнің де аузын шешті. Бір қалы кілем мен текемет бар еді онда. Бойжетіп қалған Балжанның жасауы еді, Жайбаскан қамдап жүрген. Мелисалардың іздеген алтын, күмісі одан да шықпады. Енді сыртын өрнектеп ақ киізбен қаптаған жалғыз темір сандық қалды ашылмаған.


— Ана сандықты неге ашпайсыз! — деді Сұржекей, қоңыз мұрты жыбыр етіп, аузын томпайтып.


— Ибай, ол келіннің сандығы! Кілті менде жоқ! — деді Жайбасқан бет бақтырмай.


- Келіндерің қайда ол? — деді Сүржекей, аузын томпайтып.


— Жұмыста. Бөгет салып жатыр.


— Давай! — деді Сұржекей Қозбағарға. — Давай, алып кел!


Қозбағар есікке ұмтылған, сол арада одан бұрын есіктің өзі ашылды. Екіқабат Хансұлудың бойы көрінді. Хансұлу астан-кестені шығып жатқан үй ішіне қарап, аңырып тұрып қалды.


— Мінеки, өзі де келді. Келін, кел, сандығыңды ашшы! Мына жүрттың бір іздегені бар көрінеді! — деді Жайбасқан дауысы қобалжып.


Хансұлу екі аттап ішке кіріп тағы іркілді. Әлі ештеңені ұға алмай тұр.


— Кілтін әкел сандықтың! — деді Шеге шырт ашуланып.


Сонда ғана Хансұлу селк етіп ес жиғандай арқасында жатқан шолпысын бір ырғап алдына түсірді. Шашбауынан кілтті шешіп алып енесіне берді. Жайбаскан әшекейлі ақ киізбен қапталған сандықтың кілтін тетікке сала алмай:


— Ит жегір! — деп сілкіп, түйгіштеп әрең ашты сандықты. — Ал көріңдер, түге!


— Давай, давай тексер! — деп, Сұржекей тартыншақтап тұрған Қозбағарға иек қақты. Қозбағардың мұрын ұшы тершіп қоя берді. Өңі алабұртып ұялды, әйелдің затын ақтаруға. Бірақ бұйрықтың аты бұйрық, сандықтың бетінде жатқан Хансұлудың жаз киетін қос етек ақ көйлегінен бастап, орамал, бешпет, қамзол, іш киімдеріне дейін қопсытып шығарып текеметтің үстіне тастай бастады.


Сұржекей шылымын бұрқыратып шеткерірек теңнің үстіңде қайқайып отыр. Екі көзі — сандықта. Кенет Қозбағар сандықтың түбінен кішкене, алтын жалаткан ағаш құтыны суырып алды. Хансұлу ышқынып калды.


— Тиме! — деп шыр етті.


Сол арада Сұржекей шіреніп орнынан тұрды. Шылымы бір езуінде.


— Бері әкел! — деді. Қозбағардың қолындағы құтыны өзі алды. Салмақтап көрді.


— Хм... Бұның кілті қайда? — деді, танауының астындағы қоңыз мұрты жыбыр етіп. — Кілті жоқ оның! Оны қайтесіз? — деді Хансұлу жұлып алғандай.


Сұржекей құтыны құлағына тақап сілікті. Әлденеге көзі жеткендей аузы томпайды, мұрты тағы жыбырлады. Содан кейін құтыны басына көтерді де, жерге тартып ұрды.


— Аһ! — деп қалды Хансұлу, бетін басып. "Әлдеқандай күн болады, әлдеқандай заман болады. Қысылсаң керегіңе жарар" деп, көшерде шешесі тастап кеткен асыл тас, алтын, күмістен соққан зергерлік бұйымдар еді. "Ешкімге көрсетпе!" деп еді. Содан, бұл Шегеге де көрсетпей сақтап жүрген.


Құтының быт-шыты шықты. Текемет үстінде асыл тасты күміс алқалар, алтын, күміс білезіктер, сақина, жүзіктер, мойынға тағатын толып жатқан моншақтар, Мекалайдың басы бар күміс теңгелер шашылып жатты.


Бір шылымы езуінде, жүрелеп отырған Сұржекей ап-ауыр алтын білезікті алақанына салып салмақтап көрді. Басын шайқады. Танауынан осқырынып күңк етті:


— Коммунистпін дейді еще...


— Ініңіздің жазығы жоқ, аға! — деп без-без етіп бетін басып отыра қалды Хансұлу. — Ол білмейді! Мен... Мен...


Қозбағар бастығының айтуымен текемет үстінде шашылып жатқан әлгі асыл бұйымдарды жинап теріп, былғары сөмкеге салды.


Шеге тілден айрылған адамдай. Өң жоқ, түс жоқ.


— Қаспақов!.. Кеттік! — деді Сұржекей, шылымы езуінде.


Шеге жейдесін ауыстырды. Бастық болғаннан кейін алған драп пиджагін киді. Шешесінің "Айран іш, ең болмаса!" деп бәйек болғанына қарамады. Документтерін қалтасына салды да, үйден шығып жүре берді, бір ауыз тіл қатпастан түнеріп барып мелисаның арбасына отырды.


Шешесі ізінен апыл-ғүпыл ере шығып ораулы бір нәрсені әкеп қойнына тықты. Нан екен.


— Шу! — деді, делбе ұстаған Қозбағар. Арбаға жегілген қос айғыр ауыздығын сүзіп дүсірлей жөнелді, "Жаңа жол" аулының бала-шағасы, кемпір-семпірі түгел сыртта. Андап қарап тұр. Анау Тентексайды бөгеп жатқан жұрт та қарай қалыпты жұмыстарын іркіп. Ауылға қарай қалбақтап жүгіріп Шәріп байғұс келеді. Әлдене деп айқайлап шырылдайды.


Оны тек Жайбасқан ғана естіп тұр. Арқыраған қос айғыр жеккен мелисалар қаперіне де ілер емес. Шаңдатып теріскейге қарай құйғытып барады.


— Құдай, не жаздық? Не жаздық? — деп күңіренді қапелімде ғаріп болған Жайбасқан. Үйінен алтын шығып талайдың басы кетіп жатқан заман емес пе?


Ойламаған жерден өстіп, Шәріптің от басының ойраны шықты.


2


Шегелер аудан орталығына түс ауа жетті. Апанас бұны кабинетінде күтіп отыр екен.


— Ал мынау не? — деді, ә дегеннен латын әрпімен жазылған табақтай хатты алдына қоя беріп. Шеге қағазды қолына алды. "Арыз" делініпті. Калашниковтың атына жазылыпты.


— Оқы! Оқы! — деді Апанас. Өзі орнынан тұрып, махорка орауға кірісті.


Шеге бөркін стол үстіне койып арыздың әрбір әрпіне үңілді. Шегені бүге-шігесіне дейін жақсы білетін адам жазыпты кім болса да. Мәселені әріден қозғапты. Шегенің Хансұлуға үйленуінен бастапты. "Таптық көзқарасы бұлыңғыр, былқылдақ болғандықтан Кеңес өкіметінің тап жауы, Пахраддин құлақтың қызын алды, сөйтіп, боржоймен ауыз жаласты" депті. "Соңғылықта таптық пердесін ашқан Бұлыш бандиттің, сөйтіп, бажасы болды" депті, Бұлыштың өлген әйелі Әйтіштің Пахраддинге қарындас болып келетінін көрсетіп. "Шегенің Бұлыш бандыға іші бұратынын Мажанның кәмпескесінде тамам жұрт көрген" депті "28-ші жылы Пахраддин кәмпескеленгеңде өкіметке алтын-күміс өткізген жоқ. Өкіметке бермеген алтын-күмісін туған күйеу баласы Шегеге өткізді деген кәуесет бар. Жолдас, аудандық секретарь! Әлдеқашан жоғарыда көрсетілгендей, тап жауларымызбен ауыз жаласып партия жолынан ауытқып, Тротскі жолына түсіп алған Қаспақов сынды оңшылдардың таптық бет-пердесін ашатын мезгіл жетті" депті. Астында "Бір топ белсенді кедейлер" деп қол қойыпты.


Шеге хатты оқып болып басын көтерді. Апанасқа қарады.


— Ал кім жазған дейсің бұны? — деді Апанас бұрылып.


— Күрең... Күрең болар, — деді Шеге. -Мен де солай ойлаймын.


— Бірақ жазуы онікі емес, Афанасий Васильиевич!


Апанас қолын сілтеді.


— Ой-й, жазғыштар табылады ғой. Одан да сен қазір бюрода қалай жауап беретінінді ойлан. Бүгін қаралатын мәселенің бірі — сенің мәселең. Жарай ма, ойлан! — деп,


Апанас Шегенің қолындағы "домалақ" арызды алып есікке беттеді.


Шегеден бұрын Калашниковтің кабинетіне бес-алты кісі кірді. Олардың ішінде Шеге танитындардан — аудандық комсомол хатшысы, мейіздей қатқан арық қара қыз Нұрила, аудандық прокурор Сұранышев, Сұржекей бар. Қалғандарын білмейді. Аздасын есіктен Сұржекей басын қылтитты:


— Кір! — деді.


Калашниковтың алдында ұзынша столдың екі жағын ала отырған бір қауым кісі Шегеге жапа-тармағай қарады. Кейбір көздер ажырайып тесіле қарады.


Сталиннің үлкен суретінің астында отырған Калашников шашы тікірейіп есіктен кіре тоқтаған Шегеге шаршаулы назар ірікті. Қаламсаптың ұшымен қабырғаға жақын тұрған орындықты нұсқады. "Отыр!" дегені еді.


Шеге отырды.


— Читайте!1 — деді Калашников, манағы табақтай арызды Нұриланың қолына ұстатып. Нұрила орнынан ыршып тұрып дауысы саңқылдап арызды әп-заматта оқып шықты.


"... Қаспақов сынды оңшылдардың таптық бет-пердесін ашатын мезгіл жетті" деп барып бір-ақ іркілді. Кең бөлме ішінде біруақ зіл тыныштық орнады.


Калашников Сұржекейге иек қақты.


— Ну-ка!1 — деді. Сұржекей газетке ораулы нәрсені столдың үстіне қойды да, орауын ашты. Шегенің беті ду жанды. Стол үстіңде жайнаған алтын-күміс бұйымдар. Ұяттан, намыстан, нақақ жаладан өртенді, жанды, зығырданы қайнады.


— Это — анонимка! — деді Калашников, хатты көрсетіп, —А это... факты!..


Орысшаға шорқак, Шеге одан әрі Калашниковтың не дегенінің бірін түсінсе, бірін түсінбеді. Әйтеуір, бұны ондырмай төпеп жатқанын білді. Бір кезде, Калашниковтің тік қабағы астындағы тұздай көзі бұған қадалды. Шегенің жүрегі суылдап қоя берді, Өн-бойына сұп-суык, үрей жүгірді.


— Орныңнан тұр! — деді Нұрила хатшының сөзін қазақшалап.


Шеге түрегелді, аяқ буыны қалтырап. Көздер бұған тағы да жапа-тармағай қадалды.


— Мына арызға байланысты не айтасың деп отыр сенен Семен Харитонович! — деді Нұрила тағы да.


Шеге өзіне сөз соншалықты шапшаң тиеді ғой деп күтпеп еді. Терезеге қарады.


Кіші бесінге еңкейген мұнарт Күн. Неге екені белгісіз, көзіне Хансұлу елестеді. "Жаңа жолда" ол да осы Күнге қарап күтіп отырғандай елестеді.


— Хат — жала,— деді Шеге.— Оны жазған белсенді кедейлер емес! Оны жазған сол "белсенді" деген атты жамылып жүрген кісі. "Бұлышты қорғады" дейді. Бұлышты қорғасам мен, бандит болмай тұрған кезінде қорғадым. Қате жолға түспесін дедім. -Құлақтың қызын алғаның да өтірік пе? — деді


Сұранышов желкесін беріп теріс қарап отырған күйі жіңішке дауысы ызыңдап.


— Рас... Өтірік емес, — деді Шеге дүңк етіп. Шегенің сөзін Нұрила қолма-қол Калашниковке аударып отырды.


— Сонда, тап жауымызбен ауыз жаласқаның емей немене? — деді әйел дауысты Сұранышов.


— Кешіріңіз! — деді сол арада Апанас тықыршып, Сұранышовтың сөзін бөліп, Калашниковке қарап. — Разрешите!


— Мен ешкіммен ауыз жаласқаным жоқ! — деді Шеге дауысы шығыңқырап. — Құлақтың қызын алсам да, құлақпен ауыз жаласқаным жоқ! Сіз өйтіп жала жаппаңыз!


Калашников тықыршыған Апанасты ишарамен тоқтатты.


— Әй, сен өзің неменеге қызарақтайсың? Кімді ақымақ қылғың келеді? — деп, ап-ащы дауысты Сұранышов Шегеге қарай жалт бұрылды. — Немене, мына алтын, күміс, үйіңнен шыққан, бұл да жала ма?


— Во, во! — деді өңкиген Калашников, орындығын сықырлатып серпіле түсіп. — Что ты скажешь, насчет этого! Это — факты, товарищ Қаспақов!


Шеге осы арада тосылып қалды. Сөзіне ешкім сенбейтін тәрізденді, қалай айтса да.


— Бұл нәрселерді, Құдай ақына, мен көрген де емеспін, білген де емеспін. Милиция келіп сандықты ашқанда ғана көрдім. Келіншегім жасырып келіпті менен, — деді дауысы бәсеңсіп, қоңырланып.


Сұранышов мырс күлді, осы арада басын шайқап. Мына асау жігіттің сөзінің божырап, өзінің қобырағанын көріп көңілденген еді.


Калашников Апанасқа қарады.


— Пожалуйста! — деді.


Афанасий Васильевич құлшынып түрегелді орнынан.


— Семен Харитонович! Дорогие товарищи! — деп бастады сөзін Афанасий Васильевич, Шегеге жалтақ-жалтақ қарап тұрып. Апанас сөзін орысша сөйледі. Шеге толық тусінбесе де оның не айтып жатқанын болжады. Мен Шегені жақсы білем дейді Апанас. Жауынгер ретінде өткен жылы бандымен айқаста көзге түскен, ер жүрек жауынгер деп жатқаны байқалады. Кеңес ісіне шын берілген жас деп айтып жатыр.


— Афанасий Васильевич! — деп бір бүйірден қойып қалды, кенет Калашников. — Это мы знаем... Вы лучше скажите...


Шеге одан ары Калашниковтың не дегенін тағы түсінбей қалды. Нұриласы құрғыр да Калашников пен Апанастың арасындағы болған қақтығысты аудармай тым-тырыс отырып алды. Калашниковтың тегеуріні қаттылау. Апанас әлгі жорғасынан жаңылыңқырап қалды. Стол үстінде жатқан алтын, күміске қарап кібіртіктеңкіреп қалды. Шеге доспейіл Апанастың бұл үшін отқа түсіп жеңіліс тауып тұрғанына бір қорланса, орысша айтылып жатқан пікірлерге жете түсіне алмағанына екі қорланды.


Апанастың сөзін Калашников тағы бөлді.


— Я Вас понимаю. Это вы дали ему рекомендацию в партию. И вы обязаны защищать его... Но, товарищи! — деп, гүрілдеп орнынан тұрып кетті Калашников.


Серейген ұзын борбай. Дауысы да зор. Суырылып қызу сөйлеп кеп берді. Енді әлгіден бергі әңгіменің бәрі түкке татымай қалғандай. Тіпті, Шегенің көзінде құдіретті кісі саналатын Апанастың өзі бір тұтам боп шүңкиіп шөгіп кеткендей. Қалған жұрт Калашниковтың ауызына қарап, әрбір сөзін қылғытып "жұтып", бас шүлғысады.


— Но, где наша партийная принципиальность! — деп, гүркіреп айқайлады бір кезде жұдырығын жүре түйіп сөйлеген Калашников, тура Апанастың тұсына келіп іркіліп.


Апанас қозғалақтап жөткірінді. Әлдене дегісі келгендей, бірақ Калашников кең адымдап барып орнына шұғыл отырды да:


— Товарищи! Вы прекрасно знаете, что по всей стране идет чистка партии... — деді. Деді де сәл үнсіздіктен кейін қаламсабын Шегеге қарай шошайтты.


— ... От таких сорняков... — деді. — Хорошо, что он у нас пока кандидат. Иначе бы он нас, дорогой Афанасий Васильивич, — деп, тағы созып кетті. Ол сөйлеген сайын Шеге өзінің кінәсі ауырлап бара жатқанын сезді. "Опозорил бы4" деген сөзді де есітті. Калашников сөйлеген сайын бұл өзін қараптан-қарап отырып құбыжыққа айналып бара жатқандай сезінді. "Шыннан да бүлдірген екенмін ғой..." деген өкініш тырнады жанын. "Бүлдірген екенмін ғой... Әйтпесе, мына бірінші хатшы бұнша ашуланбас еді ғой..."


Басын көтерсе тағы біреу сөйлеп тұр. Сұранышов. Күлдібадам орысшасымен төпеп тұр Шегені.


Шеге мәселенің бүны партия қатарынан шығару жайлы болып жатқанын ұқты. Соңғы сөйлеушілер бір ауыздан "шығару керек" деп жатқанын ұқты.


Шеге Калашников өзіне қарап сөйлей бастағаннан-ақ орнынан тұрған. Бірақ, бірінші хатшының сөзінің соңғы жағын ұқпай қалды. Осы арада мейіздей қатқан Нұрила тақылдап қоя берді.


— Партиядан шығарылдың, жұмыстан шығарылдың, түсіндің бе? Енді заң алдындағы ақ, қараңды шешу үшін ісің тергеу орындарына берілетін болды.


Қос қолдап бөркін мыжғылап сопайып тұрған Шегенің жүзі ду-ду жанды. Күн қаққан, жел каққан шекесінен, самайынан тері ақты.


— Жүр! — деп қалды Сұржекей күңк етіп. Сол дауыс Шегені есікке қарай жалт бұрды. Сұржекейдің дорба ауызы томпиып, қоңыз мұрты жыбыр-жыбыр етті. Бұған "Алға түс!" дегендей иек қақты. Мелисанын алдына түсіп дәлізбен емпеңдеп келеді. Етігі еденге рабайсыз дүрсілдейді. ''Арыстыбай" болған деген осы екен ғой. Есіне баяғы Әзберген түсті. Мелиса еңкілдетіп айдап бара жатқанда бұлар бүкіл ауыл боп сыртынан қарап тұрып еді-ау.


Көшеге шыққасын таныс біреу кездесіп қалмаса екен деп тіледі. Сұржекей ту желкеден "Олай жүр", "Бұлай жүр!" деп, бұйрықты беріп келеді. Ауылдың ортасындағы жалғыз көшеге түскен. "Мелисахана" көшенің аргы шетінде еді, сонда апарып қамайын дегені ғой. Жан-жакқа қараса, жарықтық ерте көктемнің иісі аңқып, қырқа, сайлар түлегелі жатыр. Жемнің жағасының көгі көтеріліп те қалыпты.Әлдеқайдан үйіріліп самал еседі. Сонау мандай алдында нарттай қызарып Күн еңкейіп барады қабаққа.


Өткен жылы Хансұлу екеуі түрған керең кемпірдің үйінін түсына да келіп калды. Таныс аула. Таныс қора. Жыпырайған балшық үй. Жүрегі шымырлады. Естен кетпес қызық күндер екен-ау! Бірде ұрысып, бірде табысып жүргендерінің өзі қызык, екен-ау!


"Мелисахана" төбесі қаңылтыр ұзынша барақ үй. Сонда жеткесін Сұржекей "арыстыбай" Шегені Қозбағарға тапсырды. Қозбағар Шегеден көзін ала қашып өз-өзінен абыржъш құты қашты. Қолында бір бума кілт, үйді айналып қомпаңдап Шегені алып жүрді.


— Сотқа дейін жатады екенсің... — деді, үнінен Шеге үшін қиналатынын сездіріп.


— Солай... — деді Шеге, болған іске көнгендей. Бала күннен бірге өскен мына Қозбағардың мелиса болса да мінезі өзгермепті. Сол, баяғы Шегенің бетіне келмей жасқанып өскен қалпы. Тіптен, қалындығы Хансұлу кашып кетіп, одан кейін Шегенің жары болғанда да Қозбағар күйінен өзгермеген. Кішкентайдан Шегені жақсы көріп, оның әділетшіл мінезіне тәнті болып өскен қалпынан танбаған.


Шеге Қозбағардың сол айнымас адал пейілін жақсы біледі.


Оның мына тұста, Шеге ұсталар тұста қысылатын себебін де түсінеді.


— Тергеуші таныс жігіт еді... Сөйлесіп көремін... — деді тағы сәлден кейін Қозбағар.


Шеге үндемеді. Бірақ өзінің қаншалықты мүшкіл халге түскенін сезді. Іштей үнсіз қорланды.


Қозбағар барақтың екінші басындағы темір құрсаулы ауыр есікті екі кілтпен ашты, Есік ашылғанда алакөлеңке іш жақтан ызғар лебі аңқып тұрды. Шөп төселген екен еденге. Алакөлеңке бұрышта жатқан кісілердің сұлбасы байқалады.


— Осында... жата тұрасың!.. — деді Қозбағар тағы да өз-өзінен қысылыс тауып.


— Жарайд... — деді Шеге ішке аттап ене беріп. Оң жақта жалғыз терезе бар екен. Оның өзі торлаулы. Желке тұсынан қарап тұрған Қозбағар сықырлатып ауыр есікті жапты. Жердің астына түскендей ап-ауыр меңіреу тыныштық орнады. Қараңғы бұрышта жатқан адамдар бастарын қалқитты. Ұйқыларын әрең ашып қараңғы түкпірден тесіле қарады. Ін түбінен қараган жыртқыштардай. Денесі түршікті.


Жерге төселген қалың селеу төсек үстінен тізе бүгер орын көздеді. Терезенің алдынан орын сайлап сылқ түсіп отыра кетті. Шөп төсек тысырлады.


— Өй! — деп бір жалпақ бет қара дәл қарсы алдына кеп жүрелей берді. Азуы ақсиып, бітік көзі жұмылып күледі.


Бір кездегі мелиса, соңғылықта өкіл болып кеткен атақты Бұқабай.


— Өй! — деп келсаптай қолымен бұны иықтан дүрс еткізді. — Шеге! Жолдас Қаспақов! Бұнда неғып жүрсің?


Шеге ызалы көкжалдай езу тартып:


— Бұнда неғып жүруші еді? — деді кекесінмен.


— "Асыра сілтеу" ме?


— Жоқ, — деді Шеге. — "Ауыз жаласу".


— "Құлақтың қызын алдың" дейді ғой, баяғы.


— Солай дейді.


Келсаптай алақанымен иықтан дүрс еткізіп тағы періп қалып Бұқабай тіктеліп қарқ-қарқ күлді. Бүкіл семіз денесі де селкілдеп өзімен бірге "күлді". Жалаң етіне сырма күпі киген екен. Қарны жылтырап көрініп тұр.


— Нешауа. Жасыма! — деді Бұкабай еңді сабасына түсіп, Шегені мүсіркегенсіп. — "Нелер келіп, не кетпес ер жігіттің басына". Атасына нәлет, мені де екі-үш күн болды осында тығып койғалы. "Асыра сілтедің" дейді. Бәрі қырт осындағы басшылардың. Біресе, "план давай, план давай!" деді. "Жүз прәсент! Ойбай, жүз прәсент!" деп жанымызды қуырды, Калашников бас болып, Тұра келе шаптық. Қарап жатқан елге қасқырша тидік. Піркәздің аты піркәз. Көнбегенді көндірдік. "Жүз прәсент кәллектип боласың" деп. Надан халық саясатқа түсінді ме? Бытырап қашты. Бірі Иран кетті. Бірі — Ауған кетті. Бірі Қалпаққа қашты. Енді оған кім бинауат? Тағы да Бұқабай бинауат! От кебенемат!


Бұқабай ашудан бұрқ-сарқ қайнап бір орында бәйек таба алмай онды-солды зыр қақты.


— От кебенемат! Қалай да Бұқабай бинауат! Ол бола қоймас. Ерегіскесін мен арызданам!.. Ана жаққа арызданам!!! — деп, Бұқабай бұның алдына кеп шабынып тұра қап, айқайлап аспанға саусағын шошайтты.Сөйлеп тұрған Бұқабай кілт тыйылып Шегеге иек қақты. Терезені нүсқады.


— Әкең келді ғой!


Шеге терезеге бүрылса бөркі жыпырайып әйнектен ішке үңіле қарап әкесі тұр. Шеге бой тіктеп үлгергенше қапалақтап әлдеқайда жүгіріп те кетті. Тірсегі майысып есік алдындағы мелисаға қарай жортақтап барады екен. Аулада бақырауық жарбай тұр, торанғылға байлаулы. Әкесі таңертең іздерінен тура шапқан екен ғой.


Қозбағар есікті ашып Шегені әкесімен кездестіруге сыртқа шығарды. Ымырт үйіріліпті сыртта.


Шәріп байғұс бір күннің ішінде өңі солып, жағы суалып жүдеген баласын көріп, жүрек еті езіліп, құшақтап бауырына басты. Көз жасы бырт-бырт үзілді. Ары қарай еш нәрсе дей алмай теріс айналды.


- Тергеу болады. Сот шешеді... енді қалғанын, — деді Шеге.


— Ал, сүйінші! — деді көкесі. — Келін босанды.


Түгелхан деген бір жаман немелі болдық!


Лып етіп бетіне қаны тепті Шегенің. Екі езуі екі құлағына жетті.


— Басымыз түгел болсын деп атын Түгелхан қойдық.


- Көке,бұлар мені босатпайтын сияқты... Жауапқа Хансұлуды да тартатын сияқты...


Шәріп шошып кетті.


— Көке! — деді, Шеге. — Әке-шешесіне апарып таста Хансұлуды!.. Басқа амал жоқ.


— Ау, ертеңгі сотқа... сонда мен...


— Жоқ, көке! — деді Шеге. — Ауылға қайт!.. Басқа салғанды көрерміз.


Содан, Шәкең бақырауық жарбайдың беліне отырып ауылға қайта шапты.Ертесіне бөпесімен Хансұлуды алып жолға шықты.


Түн қараңғысы сұйылып алагеуім тарта бастаған шама. Алып дала көкжиегі сәл-пәл білініп алысқа шақырып алдарында жол жатыр. Ескі керуен жолы. Сарғая бастаған таңғы аспанның шекесінде жарқырап Шолпан тұр. Сол жұлдызды оң иыққа алып итінген бір ат, бір түйелі жолаушылар. Түйе үстінде — Хансұлу. Құндақтаулы баласы бауырында түйе жүрісіне ырғала түсіп отыр. Жанары боталап, ұйқысынан енді ояна бастаған кең дүниеге назар салады.


Алда жол жатыр. Ұлы Үстіртті басып өтіп, сонау итарқасы қияндағы Бесқалаға, қарақалпақ, түрікпен елдеріне алып баратын ұзақ жол.


Осылайша бөпесін құшақтап Шегесіз қалған Хансұлудың аумалы-төкпелі жылдардағы ұзақ та шырғалаң сапары басталды.


Қ¥М АРАСЫНДА


1


Ай сүттей жарық. Түннің бір уағы. Ай нұрын ұрымтал құм қойнауда ұйқыға бөккен бір қауым ауылға құйып тұр.


Сол таңғажайып кең дүниеге жал құм басында тұрып жалғыз адам назар салады. Ұйқыдағы ауылды, ұйқыдағы жалпақ әлемді жалғыз күзеткен сақшыдай шошайып төбе басында, Ай астында тұр. Бұл жалғыз жан кең иығына жібек шапанын желбегей жамылған көкірегі қаяулы Пахраддин еді.


"Қарақалпақ жақтың тәртібі босаңдау екен" деп, баяғы ен даладағы еркіндіктерін аңсап келген көшпенділердің алдынан бұ жерден тағы да "кәлектипке кіріңдер" деген үгіт-насихат шықты. "Енді не істейміз?" деп ауыл ақсақалдары дағдарып отырғанда, ақ түйесін желдіртіп қыс алдыңда Әмударияны жағалап жер іздеп кеткен Лабақ ахун оралды сапардан. Лабақ ахун бұл сапарында Хорезмнен, өзбек, түрікпен, тәжік елінен қазаққа қоныс теберлік жер кездестіре алмай жылыстай-жылыстай Ауғанстанға жетіпті. Ауғанстанның бергі шетінде отырған кешегі төңкерістен қашқан түрікпен обаларында болыпты. Баяғыша малын бағып, отын жағып, етек-жеңі кең жатқан елді көріпті. Лабақ ахун саңқылдаған ашық әуезді дауысымен осылай әңгімені жырдай төккенде тыңдаған жұрттың аузынан сілекейі ақты.


Оқыған, тоқығаны бар, заманында би болып алдынан топ таратқан көзі ашық, көкірегі ояу ел азаматы Пахраддиннің аузына қарады бәрі. Пахраддин болса тұжырымды ештеңе айтпай жұртты тыңдады, жұртқа құлақ түрді. Құлағы — сөзде, көзі— әріпте. Өзі соңғы төрт-бес жылдан бері жинап-теріп жазып жүрген шежірелеріне үңілді. Сөйтіп жүргенде сонау қиянда қалған елден — Оймауыттан Хансұлу келді атасымен, жарты ай жол жүріп арып-ашып.


Қудалау көріп қолына қызы келгеннен кейін-ақ Пахраддин еңсесін көтерді. Күрт өзгерді. Шежіре дәптерлерін жинап, қара қалтаға салып кереге басына іліп қойды. Ауыл алды құмсақ төбе үстіне Лабақ ахун бастаған кәрия ер-азаматтарды жинады. Жұрт, не айтар екен деп енді мұртын ширатып отырған Пахраддиннің аузына қарады. Бұлыш сияқты жастар сес беріп:


— Би ағаң айтсын!


— Би ағаңды тыңдайық! — десті. Айтудың құмында бой тасалаған бұл құрама ауылға осы қыс аяғыңда Балқиясымен келіп жалғыз үйлі Бұлыш та қосылған. Сөйтіп шешесімен табысқан.


Пахраддин көп созбады. Төбе басында түн жамылып дөңгеленіп отырған жас-кәрісі аралас бір шоғыр қауымға қарап еңсесін көтеріп:


— Ал ағайын... онда ақсарбасты шалуға керек... Құдай жолына, боз ала таңнан! — деді.


— Аумин! — деп, ақ сақалды, ақ шашты аққудай Лабақ ахун бет сипады.


— Аумин! — деп, гу ете түскен жұрт бет сипап ниет етіп сөз байласты. Сонымен талай күнгі кеңестің түйіні жасалып,таңертеңмен қимылдайтын болып жұрт төбе басынан тарасқан.


Жалғыз Пахраддин ғана құм үстінде бөгелеңдеп тұрып қалған. Еркіне салса бір табан аттап шығар ма еді ел арасынан. "Иранға көшейік" деп Әзберген, "Түркияға көшейік" деп Ермағамбет үгіттегенде былқ етпеген Пахраддин енді Ауғанға өзі тартты-ау. Беу, дүние-ай! Сұрқай заман, сұм тағдыр-ай.


Ай сәулесі сықырлауық есіктің саңылауынан, түрулі босағадан үй ішіне еніп тұр. Кең төсекте керіліп жатып ұйықтайтын күндер жоқ. Пахраддин мен Сырға бүгін түн көз ілмеді.


— ... Қызыңа ауыз салған өкімет... Енді тыныш қоймауға керек... — дейді Пахраддин. — Құрық салуға керек мойнымызға.


— Құрысын... көшсек көшейік. Абақтыдан тәуір шығар... жат жұрт демесең... — деп, Сырға да қолдап, қостап қояды.


Әлден уақытта бөпесі жылап Хансұлу оянды. Бесікке сүйене отырып баласын емізді.


— Сұлужан! ... — деді Сырға бәйбіше шымылдықтың бұрышын ысырып.


— Ау, апа!


— Хабарың бар ма? Көшкелі жатырмыз ғой!


— Ауғанға ма? — деді, жұлып алғандай Хансұлу. —


Мен ше? Мен қайтем?! — деп қалды Хансұлу ышқынып.


Үй ішін өрт шалып, қапас қапырыққа толғандай.


— Балам-ай, сабыр етші! — деді дауысы дірілдеп Сырға, төсегінен ысырылып шыға беріп.


Хансұлу тұншығып жылап та жіберді, бесікке маңдайын сүйеп. Оған баласы қосылып "іңгәлап" үйдің ішін еп-сәтте азан-қазан етті.


— О, пәруардіга-арр! — деп күңіреніп, Пахраддин сыртқа сусып шығып кетті. Ай батыс аспанға қарай жантайып, сәулесі солғын тартыпты. Шығыстан таң саз беріпті. Құмандарын ұстап сыртқа шыққан бірлі-жарым шалдар қараң-құраң көрінеді. Ауыл алдындағы құм төбенің үстінде шошайып біреу отыр. "Кім?" деп қараса, басында ақ сәлдесі таңға қарап жүгініп отырған Лабақ ахун!


Үй ішінен Сырғаның үні шалыңды:


— Қайт дейсің енді, қайт дейсің? — деді шарасыз күй танытып. Пахраддин шыдамады. Үй сыртына таяу келіп, тамағын кенеді де:


— Әй! — деді, бұл сөзін бәйбішесіне арнағаны еді. — "Қайтемізің не сенің?! Одан да шетірек көшіп бұ жақтағы жағдайдың аңысын аңдаймыз демейсің бе? "Ауған" дегенмен ол сонша жаһаннам емес. Ел іші тынышталғасын қайта көшерміз! Тым құрыса, өзінді әкеліп тастармыз демейсің бе? Солай деуге керек қой!


Салмақты әке сөзіне кім ден қоймаған. Үйдегілер де бірауық толас тауып тыншығандай болды.


Таң астынан Лабақ ахунның азан шақырған әуезді үні шарықтады.


— Аш-шадан, ла-иллаһул, ил-Алла!


— Аш-шадан, ла-иллаһул, ил-ал-ла-ау!


Шыныдайын таза ауада мақамды әуен күллі өлкеге тарап түрды.


Көкжиектен бас жарып Күн көрінгенде ауыл көші де тізіліп қоңыраулатып ойпаңнан шыға берді. Таңды сол бүйірге ала отырып көш түстікке маңдай түзеді. Көш алдында үркердей топ атты — Лабақ ахун, Пахраддин бастаған ауылдың ер-азаматтары.


Жез қоңыраулары күңгірлеп маң-маң басқан нар түйелердің үстінде ақ жаулықтары кекірейген кемпірлер.


Жолдың бірінші күні дегенде бұлар құм арасыңда ақбас, жантақ, шырмауығы қалың өскен ойпаңға түнеді. Жүктерін жайратып тастап ас-суларын ішкеннен кейін ауыл шырт ұйқы құшағына енген. Анадай жерде бір шоғыр топ боп күйсеп түйелер жатыр. Ауылдың арка тұсындағы раңды, селеулі сайға арқандалған жылкы малдар ғана анда-санда пысқырынып жайылады. Салдыртқан ұзақ жолдан байғұс иттер де шаршағанға ұқсайды. Жақтары семіп, жұмсақ құм баурайында көсіліп жатып ұйықтайды.


Ояу Бұлыш соның бәріне үнсіз назар жібереді.


Елден безіп бұл екі қыс құм арасында қаңғыды. Елсізде жүріп Балқия екеуінің шекпеген бейнеті жоқ. Аштық, жалаңаштықты да сауды бастан. Содан "Жалғыз жүріп жол тапқанша, ауылыңмен адас" деп, Айтудың құмына ойдан, қырдан жиналып жатқан осы ауылдың үстіне Балқиясымен бұ да келді. Ақылшы аға Пахраддинге, аңыраған шешесіне қосылып, бүгінде төрт құбыласы түгелденгеңдей еді Бұлыштың. Ендігі жерде тағдыр алдан не тосса да осы Пахраддин тәрізді азаматпен, ахун тәрізді көпті көрген кәриямен бірге болып, бірге көруге бекінді. Шалдардың маслихаттаса келе баяғыдай кең жаткан қоныс іздеп Ауғанға қарай бет алғанын да мақұл тапты.


Өстіп, әр нәрсені ойлап жатып Бұлыш түн ортасы ауа көзі ілініп кеткен екен. Шуылдап қоя берген иттің дауысынан шошып оянды. Киімшең жаткан қалпы, алас-қапас ырғып тұрды орнынан. Жастык астындағы бесатарын ала түрегелді. Ұйыған тан қаранғысы. Еш нәрсені анық байқап болмайды.


— Ойбай, жау!


— Жау тиді! — деген қатындардың ап-ащы айкай-ұйқайы шықты иттің шуына араласа. Желіде жаткан түйелер өре үркіп, екі-үш атты кісінің алдында шоғырланып жөңкіп барады.


— Атқа!


— Атқа жүгіріндер! — деп Пахраддин тұра айкай салды. Сөйткенше, үріп тұрған иттердің иек астынан құм шағылдың арасынан шаңқ-шұңқ мылтық атылды -Ойбай!


— Ойбай! — десіп, қатын-қалаш шуылдасып арқа тұстағы сайға қарай қашты.


— Сайға! Сайға құлаңдар түгел! — деді Пахраддин шолақ бұйрык етіп. Аласапыранның ішінен:


— Бұлыш! — деген Балқияның ышқынған дауысы жетті құлағына. Бірақ қарайлайтын мезгіл емес еді. Жеңіл шекпенді жалаң бас, жалаң аяқ Бұлыш қараңғыға сүңги жүгіріп барып ербиген бір бұта тасасынан жауға қарап мылтық атты. Қоралы түйені қуалап ызғып шауып жүрген бір шөгерме бөріктіні аттан ұшырып түсірді. Төңірек ызы-шу, қым-қуыт. Бала-шағамен қоса көрпесін бүркеніп қашып бара жатқан еркектер де көрінеді. Қарсы бетте селеулі бұйрат тасасында тығылған жау "тарс та тарс" оқ жаудырды. Жүгіріп ырсылдап Пахраддин келді. Жалаң бас.


— Бұлыш! Кейін шегін! Жұрттың бәрі сайға түсіп кетті!


Жалғыз қалдық! — деді ырсылдап.


— Аттар қайда, Би аға! Атқа жүгіріңіз! Ат керек! — деді


Бұлыш түйені айдап бара жатқан екінші атты кісіні нысанаға ала беріп. Тағы гүрс етті мылтығы. Алақтап сайға қарай ұмтыла берген Пахраддин осы арада артына жалт қараса түйе қуалаған дұшпанның тағы бірі ат жалын құшқан екен.


— Я, Алла! — деді Пахраддин, қараңғы сайға қарай бүлкілдей түсіп. — Я, паруардігер!


Жолында алакөлеңке, ию-қиюдъщ арасында "Я, Барақ!", "Я, Барақ" деп сұңқылдап, тірі аруақтай қалқиып Лабақ ахун тұр. Үстінде — боз шапаны, басында — ақ сәлдесі, қолында — асатаяғы, аузында — дүғасы, тұс-тұстан жауған оқтың ортасында ұзарып, ақ жалаудай желбіреп тұр. Сайға түсіп кеткен ауылдың жаман-жәутік еркектері енді қайырылып жата қалып жауға қарсы мылтық ата бастапты. Жан-жақтан атылған оқ-дәрінің иісі сасиды. Дүние азан-қазан. Қыңсылаған ит. Үркіп жүрген қой-ешкі.


— Ахун бауа! Сайға түсіңіз! Сайға! — деді Пахраддин дауыстап, еңкеңдеп жақыңдай беріп. Шал аса таяғын көтеріп шолтаң еткізді. Пахраддинге "Жолыңнан қалма!" деген ишарасы еді. Қараңғы сайға ауыр денесін әрең алып жүгіріп Пахраддиннің құлай бергені сол, сайтабандағы алажабыр сапырылысқан көп халықты аралап әжептарқы айқайлап, сүріне аттап далақтап келе жатқан Қиқымбайды көрді.


— Ат жоқ! Ойбай, аттар жоқ! Би аға, ойбай, аттарды айдап кетіпті. — Ай, қырсық шалды-ау! Қырсық шалды-ау бізді! — деп, әншейінде тау қозғалғанда қозғалмайтын Пахраддин зар иледі. Шарасыздықтан не істерін білмей тықыршып кетті. Не қолында мылтық жоқ. Мылтық болғанда да атып келістіре алатын жан емес қой Пахраддин. Шыдап тұра алмай қаптаған жаудың өтінде жалғыз қалған Бұлышты ойлап кейін қарай тұра ұмтылды. "Оққа ұшам-ау" деген қорқыныш жоқ, сірә, жүрегінде.


...Бұлыш бұта-бұтаның тасасымен бүкеңдеп тура желкесінен келіп қалған еңгезердей жаудан бейхабар еді. Тізерлей отырып дүзген тасасынан тағы да оқ атқалы ұмсына бергенде құлақ түбінен мылтық гүрс етіп оң иығына бір соққы тигенін сезді. Мылтығы ұшып түсті. Ұшып түскен мылтығына жармасып, еңкейе беріп жалт бұрылды. Үстіне төніп келген Әзбергенді көрді. Әзберген "Әкеңнің!.." деп, бесатардың дүмімен құлаштап сілтеді. Бұлыш тек басын жасқап үлгерді. Мылтықтың ауыр дүмі сол иықтан тиді. Жан ұшыра ыршыды. Қайдан келгенін білмейді, тура алдынан Мажанның Мотаны шыға келіп қылыш сермеді. Одан кейін серпілем дегенде дәл қарақұстан әлдене "сақ" етті. Көз алдында бір оттың жарқ еткенін біледі, одан әрі не болғанын білмейді. Дүние түгелімен қап-қара тамүқ түнге сүңгіді.


Бұлыш жатқан жерде үш-төрт кісінің сүлбасы қараң-құраң үймелескенін көріп Пахраддин қалт тоқтады. Бұлыштың қолға түскенін сезді. Қанша айтқанмен жан тәтті ғой. Бұта тасалап отыра қалды Пахраддин. Сөйткенше:


— Бұлыш! Бұлыш! — деген жан түршігерлік әйел дауысы шықты. Қараса, сай тұстан көкала түтінді қақ жара зымырап Балқия келеді. Жалаң аяқ, жалаң бас. Жаулығы қолында, антұрғанның жүйрігін, шашы жайылъш, балтыры жарқылдап зымғап келеді.


— Қашты! Жау қашты! — деп, сайдан мылтығы бар ауыл еркектері де өре шықты.


Бұ кез таң қараңғысы сұйылып, шығыс көкжиек мүлдем бозарып, құмды өлке бедері көзге айқын шалына бастаған шақ еді. Шағыл арасынан суырылып шығып, 20—30 аттылы бұлардың үрейін алып желе-жортып бел асып бара жатты. Оқ жетер жер емес.


— Бұлыш! Ойбай, Бұлыш! — деп ышкынған Балқия табаны жарқылдап жанынан құстай ұшып өтті.


Буын-буыны дірілдеп бұта тасасынан Пахраддин да бой тіктеп "Сорладық қой!" "Сорладық" деп күңіреніп, Балқияның соңынан бүлкілдей жүгірді. Бұлыш құлаған бұта түбіне жеткенде Балқия ойбайлап шырқырады да қалды.


Бүлкілдеп келе жатқан Пахраддиннің көзі жұмылып, жұмылған көзінен жасы ыршыды. Аяқ буыны қалтырап енді жүгіре алсашы.


— Боздағым-ай! Азаматым-ай! — деп еңкілдей берді.


Балқияның "ойбайы" ағарып атқан таңның құйқа тамырын шымырлатты. Оған сай тараптан аңырап жүгірген Дәу апаның боздау дауысы қосылды.


Етпетінен жер құшып сұлап жатқан Бұлыштың жанына Пахраддин де жетті ырсылдап, екі иығынан дем алып. Алдымен байқағаны — көл-көсір қан Бұлыштың төңірегі. Шашын жайып Бұлыштың үстіне құлай зар илеген Балқияны қос қолдап жұлып алып былай тастады да, дереу Бүлыштың жарасына үңілді. Қарақұсы оңбай опырылыпты. Сол иығы шабылыпты. Оң жауырынын күл-талқан етіп оқ тиіпті.


— Боздағым-ай! Боздағым! — деп күңіренген Пахраддин көз жасы бұршақтай жүріп Бұлыштың денесін аударып шалқасынан жатқызды да, шапанын шешіп алып өліктің бетін жапты. Қабағын түйіп тістеніп қалыпты Бұлыш.


Пахраддин енді байқады — Бұлыштың оң қолы жоқ, білегінен шауып түсірген сияқты қылышпен. Атаңа нәлеттер, неге өйтті екен? Әлде саусақтары қарысып қалып, мылтығын алу үшін шапты ма екен қолын?


Аңырап, боздап Дәу апа жетті бір кезде. Улап-шулап қатын-қалаш, ауыл жұрты жетті топырлап. Сол-ақ екен, Балқия ағарып атқан таңның астына қарай тұра қашты. Етінен ет кесіп алғандай құлын дауысы шығып зар қақсап безіп барады құла дүзге қарай. Жалаң аяқ, жалаң бас, ақ табаны жаркылдап зытып барады.


— Құлыным! Ой-бо-ой, үзілді ғой жұлыным!— деген Дәу апаның зор қаралы дауысы таңғы аспанға әуелеп көтерілді.


Хансұлуда ес жоқ, түс жоқ. Боп-боз боп қалтырап мына табан астында ойраны шыққан тірлікке шошып қарайды. Ұлардай шулаған халық. Тоналған ауылдың жұртында сеңдей соғылысқан қозы-лақ, қой-ешкі. Елеуреп қыңсылай үрген иттер. Ауылдың айбаты мен сәніндей нарлар жоқ. Аттар да жоқ.


Жау жақтан екі кісі шығын болған екен. Бірі — құм етекте жер қауып құлаған Мажанның Қапаны да, екіншісі — шөгерме бөрікті жас түрікпен жігіт.


Бұлышты түс қайта ауылдың құбыла жағындағы дүзгенді төбе үстіне апарып жалғыз жерледі.


Бұлыш өлімі күллі ауылдың қабырғасын қайыстырып, сансыратып жіберді. Ауылдың жас-кәрісі түгел егілді. Байғұс Балқия қайта-қайта талып қала берді есін жоғалтып. Дәу апа қос қолдап белін таянып, теңселіп отырып боздаумен болды. Бір күнде шашы ағарып, шөгіп кеткендей көрінді ер пішінді кәрі ана.


Ауыл ойламаған жерден жауға шабылып, көлік, малдан айрылғаннан кейін ендігі жердегі тірлік жоспары да күрт өзгерді. Төрт-бес жігіт ауылдың құбыла жағынан Бұлыштың көрін қазып жатқанда, бір топ кісі сайланып шығып, сай табаннан құдық қазып жатты. Ауылдың кешегі бет алысы — алыс Ауғанстанға әзір көшпейтіні енді балаға шейін аян болды. "Өлгенмен бірге өлу жоқ" жол дағдысымен Бұлышты тездетіп жерге бергеннен кейін: " Үйлеріңді тігіндер, осында отыратын болыппыз, әзірше" деген жарлық тарады, қатын-қалаш арасына үлкендер тарапынан. Содан жьлап-сықтау азайып, жұрт жүктерін жайратып шешіп, кереге жаятын орын тегістеп, шаңырақ көтеріп, абыр-сабьгр үйлерін қалқита бастады. Жалғыз ғана Балқия ес жия алмады. Қоянсүйекіің көлеңкесінде біресе талып, біресе "Бұлыш!", "Бұлыш!" деп сандырақтап бұралып жата берді. Басын сүйеп Хансұлу отырды.


Дәу апа күңіреніп жүріп шүңкиген шұрық тесік үйінің керегесін керді. Ағайын-туыс жиылып қара жамылған кәрі анаға көмектесіп шаңырағын көтерісіп уықтарын байлап беріп жатты.


Кешкісін ауылдың бас көтерген бес-он ақсақал-қарасақалы Пахраддиннің ақ боз үйінің көлеңкесіне кең текемет жайдырып алқа-қотан отырып жалпақ маслихат құрды.


— Жолымызды байлап арғы жаққа жібермей тұрған Құдайдың ісі шығар! — деп, бүгінгі болған хикметты кәрілер жағы түгел Құдайдан көрді. "Ал еңдігі тіршілік не болмақ?!" деген сауалға тірелді, содан кейінгі сөз жүйесі.


— Қолда бар ақша, алтын-күмісті түгел жинап, базар шығып, мал алып, ілекерлеп сол бұрынғы алған бағытымызбен Ауғанға қарай жылжи берсек қайтеді,— деген пікір шығып еді, оған қалғандары дүрсе қоя берді.


— Ау, штанымызға дейін сатып, Ауған жеткенде не абырой таппақпыз?! Жалаң бұт келген ауылдың кімге қадірі болмақ?! — десті есі барлары.


Бұл кеңестің тұсында Лабақ ахун көзін тарс жұмып басы салбырап, ерні күбірлеп, тасфиқ санап, бейтарап отырды. Мәжіліс Ай туа тарқады. Пахраддин бас болып ертесіне төрт-бес кісі осы тұстан Қоңыраттан гөрі жақындау түрікпеннің Көне-Үргеніш шәріне жол тартатын болды. Колхоз, артель дегенге кірмей, уақытша көлік алып келісім шартпенен істейтін кәсіп іздейтін болды.


Төңірек сағым жортқан, құйын кезген қызылқия шөл. Тек жеті сайын сексеуіл тиеп осы ауылдың түйелі керуені ғана сағымға сіңіп көкжиек асып бара жатады. Жеті сайын сол керуен ғана тырнадай тізіліп сағымнан шығып келе жатады. Алыста қалған шулы өмірден хабар әкелсе солар ғана әкеледі. Түйе үстінде жарбиып отырған қалашылар. Жол соғып, қаталап шөлдеп келе жатқан түрлері бар. Қызыл нардың үстінде көкесі — Пахраддин.


— Көтек, анау артқы түйенің үстіңдегі кісі шырылдауық қайнағаға ұқсайды ғой!


— Жасаған ием-ау! Шәріп қой мына келе жатқан?


Хансұлу өз көзіне өзі сенбеді. Қалашылардың соңын ала баяғы бақырауық жарбайымен атасы келеді. Өзі тұрқы кішкентай кісі ғой. Жапалақтай жарбиып отыр түйе үстінде. Лабақ ахун Шәріпті Дәу апаның үйіне алып кірді. Дәу апа боздап біраз жоқтау айтты. Шалдар құран оқып, бет сипасты. Үйде Балқия жоқ еді. "Қолында қапшығы бар, мана бір әзірде тезек теруге кеткен" десті қатындар. Хансұлу тысқа самаурын алып шықты. Самаурынға от сала жүріп ішке құлақ түреді. Шегенің хабарын айтар ма екен деп. Шалдар, кемпірлер қауқылдасып әрқайсысы өз керегін сұрап Шәріпті ортаға алып жатыр.


— Құда, Шегеден не хабар бар? — деген шешесінің үні естілді. Хансұлу жүгіре басып кеп босағаға құлақ түре қалған. Осы арада атасы:


— Келін! Ау, келін, қайдасың? — деп дауыстады үйден.


Хансұлу үй толы үлкендерден ұялып, қырындай қозғалып ішке кірді. Атасы төрде Түгелханды алдына алып басынан емірене иіскеп малдас құрып отыр екен,


— Отыр, айналайын! — деді. — Аман жүрсің бе?


Шәріп сөйдеді де дауысы бұзылып жанқалтасынан орамалын алып көзіне апарды.


— Шеге де аман... орысятқа барыпты. Хаты келді. Ор деген қаладан. Мынау хаты!


Шәріп мыж-мыж болған үшбұрыш қағазды Хансұлуға ұсынды. Одан әрі сөйлей алмай сықсындап жылап көз жасы алдында отырған немересінің басына тамды. Оны көріп Хансұлу да бордай езілді.


Шай үстінде Қиқымбай қисық:


— Уай, Шәке, айтпақшы кәллекгібіңіздің ахуалы нешік, гүділдігүтпан? — деп сауал қойды Шәріпке. Ыстық шайдан тұқшыңдап терлеп-тепшіп сораптай берген Шәкең кекшең етіп басын жұлып алды. Сауал қойған кісі тілінің қотыры бар таңқы танау Қиқымбай қисыққа бағжаң етіп бір қарады. Еңсесін көтеріп


аузына қараған шаршы топқа назарын тастап өтті. Қиқымбай қисық дегенмен шиқанға тиер сауал беріпті. Маңдайының терін сүртті Шәкең. Тісі ауырғаңдай қабақ шытып:


— Несін сұрайсың, кәллектиптің атаңа нелет Жорға түбіне жетті ғой, жетті, — деді.


— Ал?! Ие?? Сонда қалай, тарап кетті ме, "Жаңажол"?


— Тарамағаны бар болсын... күйі кеткен соң... — деді Шәріп. — Елде мал қалған жоқ. Тартып алды, "Аша түяқ қалмасын, Голощекин заңына қарсы тұру болмасын" деп ұран салып өкілдер. "Салық" дегеннің Жорға күнде бір түрін ойлап табады. Малды бітіргеннен кейін енді "тері-терсек, жүн-жұрқа, бақай-тұяқ тапсыр" дегенді шығарды әнеугүні. Берсең бергенің. Бермесең сенен жаман адам жоқ. "Жау да" сенсің, "контр да" сенсің. Қит етсең "'түрмеге тығам" деп зіркілдейді. Қазір "Жаңа жолда" 16-ақ үй қалды. Жұрт кәллектиптен тағы қашып жатыр. Айтары жоқ...


— Ойпырмо-ой?!


— Аллам сақтағай! — деп ел күңіренш, толқып кетті.


— ... Сіздерге өтірік, маған шын, — деп Шәріп жалғастырды әңгімесін. — Анау тұрған жаман жарбай ма? Ендеше, жалғыз сол, біздің үйде мал атаулыдан қалган. Оны алған күні аштан қырылатын шығармыз.


Қиқымбай қисық жылтыр қара көсе иегін уқалай отырып:


— Ау, сонда бүл, гүділдігүтпан, өкімет саясаты ма, өлде бері жағындағы Жорға тәрізділердің асыра сілтеп жүргені ме? — деді.


— Қайдан білейін... жоғарыдағылар "шаш ал" десе төменгілердің «бас алатын» әдеті емес пе?!.. Әйтеуір, тонап жатыр ғой... — деп, Шәріп тағы да көз жасын сүртті.


- Е-е-е... — десіп, мұңайып қалды жұрт.


Алыс жолдан қаталап шөлдеп келген Шәріп шайға қайта бас қойды. Бірауық шыны аяқтың сыңғыры ғана естіліп, үй ішінде аз-кем тыныштық орнады.


Қиқымбай қисық мырс күлді. Бір тал қыл бітпеген қара жылтыр көсе иегін сипап қойды. Сөз бағып отырғандар елең етіп Қиқымбайға күлімсірей қарады.


— Е, сіздікі, Шәке, бері жақтың әңгімесі екен ғой, гүділдігүтпан, ары жақтың әңгімесін айта ма деп отырсам...—деді.


Шәріп түсінбей Қиқымбайға тағы да ажырайып қарады.


— Ендеше мен сізге... Шәке, бір қызық айтайын, тындаңыз! — деді Қиқымбай қисық, жұртқа естірте дауысын саңқылдатып. Жұртқа қызық керек. Емініп, ынтыға түсті.


— Гүділдігүтпан, жақыңда Голощекин Сталинге барыпты дейді, гүділдігүтпан, мына ми далада аңдай өрген көшпенді халықты кәллектипке кіргізе алмай шаршадым деп...Сталин бір тауықты ауланың ішіне жіберіп "ал ұста!" депті Голощекинге. Голощекин олай қуып, былай қуып тауықты ұстай алмапты. Күн суық екен. Сталин тауықтың жүнін жұлдырып аула ішіне қайта жіберген екен, жүні жүлынған тауық Голощекинге өзі келіп тығылыпты. "Қазақты қолға ұстаудың тәсілін енді түсіңдің бе? депті Сталин. "Түсіндім" депті Голощекин.


— Қасқа, біздің Қиекең де білгіш-ау, әңгімені тек әріден қозғайды!


— Ойбай, бері жағыңды неғылсын Қиекең. Бері жағыңның әңгімесін Байтақ та біледі, — десіп, шайға терлеген жұрт гу-гу етеді.


— Заман ақыр жақындағанда һәммә йер йүзінде емге тұяқ қалмайды деп жазылған-дүр, кітапта, — деп сөз қозғады Лабақ ахун, тосыннан.


Жұрт күлкіні тыйып Лабақ ахунның аузына қарады.


— Ұшқан құс, жортқан аң, судағы балық һәммәсі һарап болмақ. Соңда, мұсылман баласы, лекин, бұта басында ілініп қалған бір шөкім жүнді көрсе соны отқа тұтатып иісінен ләззат алар болмақ. Баяғы мыңғырған мал айдаған күндерін сөйтіп еске алар болмақ... деп жазылған-дүр...


Лабақ ахун жұрттың зәресін ұшырып Адам ұрпағының жер бетіндегі ұзақ тірлігінің зауал шағы — Ақырзаман туралы құдды көзбен көріп келгендей әңгіме шертті.


Дәу апаның жыртық үйіне жиналған қауым бір етті жеп жұлдыз көріне тарқады.Пахраддин Шәріппен оңаша қалды.


- Құда! Шойынқарадан не хабар?- деді Пахраддин үні бәсең, сақтықпен.


- Естіген жоқ па едің?! Шойынқара кәллектипке түскеннен кейін көрінгеннің тақымында кетті. Ақыры Ждақай жәркөлеш түбіне жетті.


- Қалай сонда?! - деді Пахраддин тамағы құрғап, үні жарықшақтанып.


- Сол... Қыста малшыларға отын керек деп Барақ ата басындағы киелі сексеуілге тиіседі...арқан байлап нарға тарттырады...Нар содан мерт болды...


Пахраддин үн-түнсіз бас шайқай берді.


- Қайран...Шойынқара!!!- деді күңірене теңселіп - Түйе малдың төресі еді ғой... Әттең...


Ертесіне Шәріп құлқын сәріден бақырауык жарбайының беліне отырып елге қайта жүріп кетті. 1931 жылдың жазы еді бұл.


4


Сұмдықтың көкесі келесі жылы көктемде басталды.Сонау Қыр үстіндегі Қарымбеттің сорынан Қоңыраттың базарына есекпен тұз тасуды кәсіп еткен ауыл еркектері үй жүзін, бала-шаға жүзін айлап көрмейтін.


Жұтаған ауылдан алдымен ит кетеді екен. Тышқан аулап дала кезіп кетті ит біткен. Дәу апа бастаған қатын-қалаш жиылып қыр басында мойны салбырап күн үзын намаз оқумен отырған Лабақ ахунның алдына келді. Тірі аруақтай қуарған ахун бет сипап халайық пікіріне құлақ тосты. Дәу апа арқасына жабысып ұйықтап жатқан немересін түсірместен, сәл еңкейіп тұрған қалпы сөз қозғады.


— Қайнаға-ау, не ойлағаныңыз бар? Бір тіршілік жасау керек шығар. Ау, жаман айтпай жақсы жоқ, күтіп отырған ер-азаматымыз келмеген күнде не істейміз? Өлеміз бе осылай?


— Осы бүгін түн шыдайық! Еншалла, бір хабар болар...— деді ахун тақуа кейіпке еніп, сақалын тарамдай түсіп.


Түн желкемдеу болды. Айсыз. Тас қараңғы. Ауыл жатып қалған. Тынымсыз жел қозғап жабық сытырлайды. Кейде желдің екпінімен шаңырақ, уық сықырлап, үй құлайтындай кісінің зәресін ұшырады. Ұйықтап жатқан Түгелханын қымтай түсіп гуілдеген, ысылдаған, сыңсыған, ұлыған сырт дүниеге демін ішіне тартып, құлақ түреді Хансұлу. Ұйтқыған желмен бірге қосыла шауып мына дәрменсіз ауылды аралап небір қорқау құбыжықтар жүйткитіндей. Жиналып келіп іргені тіміскілейтіндей. Борбайдан тартып жейтін өлімтік іздеп үй арасын кезетіндей. Саңылаудан сығалап мына ұйықтап жатқан қаршадай ұлына көз тігетіндей. Көз алдына жан түршігер суреттер елестеп Хансұлудан ұйқы қашты.


Сөйткенше, ірге жақ дүсірлеп коя бергені.


— Апа! — деп ыршып кетті Хансұлу.


— Бісміллә! Бісміллә! Не болды? — деп, шешесі басын көтерді. - Ух, іргеде бір нәрсе жүр!


— Тышқан да, Құдай, не болушы еді?!.. — Шешесі оттық тұтатып іргені айналып қарады.


— Тышқан дағы... — деді есінеп.


Ұлының шүңкиген бет-әлпетіне назары іркіліп, бір сәт жүрегі езіліп кетті Хансұлудың. Көз шарасы жасқа толды. Күшіктің мұрны, қасы, маңдайы, о, Жасаған ие, әкесінен аусайшы! Көрпеден шығып жатқан кіп-кішкентай аяғына еңкейіп жыбырлаған майда башайларынан сүйді еміреніп.


Түндік бауларды тысырлатып жел сыртта толассыз гуілдейді. Ағып жатқан көшкіндей. Соның табанында нәрестесін құшақтап бір уыс боп бүрісіп бұл жатыр. Қалғып барады екен әлден уақытта. Тағы да тысыр оятты. Қараса, шешесі тұрып оттық тұтатып жатыр.


— О, не, апа! — деді.


— Әкең келді ғой! — деп, шешесі барып есікті ашты.


Үйге мол шидем күпілі әкесі кірді. Үнсіз, бөркінің астынан жағын орамалмен байлап алыпты, тісі ауырған кісідей. Жүзі түтігіп домбығып іскенге ұқсайды. Етігі шаң-шаң.


— Көкесі, аман келдіндер ме? — деп, шешесі бәйек болып әкесінің қолындағы қоржынды алды.


— Келдік қой... — деді әкесі әрең сөйлеп, қабағын


шытып.


— Көп кешіктіңдер ғой... — деді шешесі. Әкесі сөйлеуге зауқы жоқ, басы ауырып тұрғанға ұқсайды.


Сырға шалының отыра қалып, етігін тартты. Пахраддин сөзін үзіп-үзіп, қабақ шыта отырып хабарын айтты.


— Тұзымыз өтпей, өтсе де ол-пүл алуға жетпей... айналып қалдық. Бидай тұрмақ жүгерінің өзі қат базарда. Кіләсі 2 сомға көтерілді. Тұз сатып мандытпайтын болғаннан кейін, әнеугі тай-тұяқты өткіздім, бір өзбекке, 3 кілә жүгеріге. Анау қоржындағы сол, — деп, Пахраддин демі дірілдеп шекесін ұстады. Сырға лып түрегеп барып ерінің басын уқалады.


— Қыр елі шұбырып, қалаға құйылып жатыр... . Аш-жалаңаш... Өлім-жітім көп...


Хансұлу қара шәйнекке су құя бастап еді, әкесі шай қойдыртпады, жатып дем аламын деп. Сырға төсекті кеңейтіп салды. Пахраддин ескірген шидем күпісін шешіп жатып:


— Асасы, азанмен қозғалармыз... —- деді. — Жағаға карай... Заманның түрі жаман...


Сырға ерінің басын сүйеп жастыққа жатқызды. Шамды сөндірді.


Хансұлу әкесінің «қозғалармыз» дегеніне таңырқады.


Әкесі таңертең үйдің ортасына от жақтырып, тонға оранып, маңдайын отқа бере отырып терлеп шай ішті. Сөйтіп отырғанда Лабақ ахун кірді. Қолында асатаяқ. Сөзге сараң. Төрге шығып, ерні күбірлеп әлдебір батаны шапшаң оқыды да көзін жұмып бет сипады. Ақ сақалын тарамдап біраз үнсіз отырды. Ой-қиялы дүниені шарлап жүргендей. Пахраддин де үнсіз, еңсесі салынып тонға оранған күйі Сырға бәйбіше құйған ыстық шайдан сораптап отыр.


— Ә-ә-ә, — деп, ахун іште булыққан ойын сыртқа шығарғандай көзі жұмулы қалпы бас изеді. — Кейін қарай қайтудан басқа амал қалмады де?!


— Қалмады, — деді Пахраддин.


— Ә-ә-ә, — деп, жауапқа қанған Лабақ ахун, ұзақ бас шұлғыды. Содан кейін, қалай келсе дәл солай, қолында асатаяғы, басында ақ сәлдесі, ұзын боз шапанының етегі жер сызып, тік басып есікке беттеді.


Бұ кезде көрші-қолаң сыртқа шыға бастаса керек. Әңгіме, дабыр, қатындардың шаңқылдаған үні, жылаған бала дауыстары естіле бастады сырттан.


— Бұ Құдайдың күні де не жаумады, не қоймады... —деп, Сырға бәйбіше ашық түндікке, аспанға қарады. Таң атса да жел әлі басылмаған еді, аспан таза емес, шағырмақ тартып тұр. Пахраддин кесесін төңкеріп, сүлгімен терін сүрте отырып:


— ... Тек керек нәрселерді алыңдар! Көрпе-төсек, қазан- табақ, киім-кешек дегендей. Қалғаны қалсын. Бір есекке не сыймақ? Ана дорбаны алып берші, — деді, Хансұлуға керегенің басын нұсқап. Керегенің басында қара мақпал дорба ілулі тұрған. Дорба ішінде Пахраддиннің өзі қолымен талай жыл жазып толтырған ескі шежіре дәптерлері бартұғын.


Ол дәптерлердің ішіне не жазылған? Ол жайлы Пахраддиннің ең жақын деген адамдары да білмейтін. Жазатайым: "Мынауыңыз не?" деп сұраған жанға "Шежіре ғой, тарих қой..." деп, қысқа ғана жауап қайыратын.


Әкесінің сол қара дорбасын Хансұлу кереге басынан алып берді. Пахраддин асықпай сарғайып кеткен дәптер беттерін парақтап үнсіз толғанып біраз отырды. Ала қоржынға кесе-аяғын орастырып тыққыштап жатқан Сырға, көрпе-төсекті жинауға кіріскен Хансұлу да отағасының мына аласапыран таңда ала қағазға үңіле қалғанын оғаш көріп жалтақтай береді, "Бұнысы несі?" дегендей.


Араб әрпімен әдемілеп жазылған ақ сары парақтарды аударыстырып, төңкерістіріп отырды да, Пахраддин, кенет, дәптерді ортасынан "дар" еткізіп айырды. Қақ айырылған дәптерді додасын шығарып жыртты да, ошақтағы отқа бір-ақ атты. Қағаз лау етті.


Хансұлу да, Сырға да тұрған жерлерінде сілейді де қалды.


Аздасын Пахраддин тысқа шықты. Дала ызғыған жел. Жаяу шаңыт іргенің құмын суырып, онсыз да қиюы қашқан тірліктің ұсқынын кетіріп-ақ тұр. Ауыл арасы сапырылысқан қатын, бала-шаға. Түйіншек, кәкір-шүкірлерін сыртқа шығарып жол жүруге қамданған қым-қиғаш қарбалас. Бұл көшудің кескін-келбеті бұл елдің бұрынғы көшулерінен бөлектеу. Бұл көшу — көшу емес, көтергенді қолға алып үй-орман, жиған-тергенді айдалаға тастап босу еді. Ыпындары кеткен кәрі-құртаң, аш-жалаңаш бала-шағаның кеспірлері нашар. Кеше қала жақтан келген бұл ауылдың Пахраддин бастаған ер-азаматтары тарығып отырған қатын, бала-шағаларына бұл шұбырындының сыр-сипатын жұмсартыңқырап айтқан. Сонау дария бойында Алматыдан өкілдер келіп жатыр-мыс. Мақсаттары — осы ауыл тәрізді коллективке кірмей ата жұрттан ауып кеткен, ашаршылыққа ұрынған бөлшек-бөлшек ауылдарды жинау-мыс. Дария бойына жинап кемеге салып сонау кеңбайтақ қазақ жеріне қайтару-мыс. "Көшпелі елдің атамекеннен безініп тұс-тұсқа бытырып кетуі — жергілікті белсенділердің асыра сілтеуінен, коллектив жөніндегі партия саясатын бұрмалауынан" деп Сталин Гәләшөкінді қатты сынға алыпты-мыс. Содан Қазақстан өкіметі өкілдер жіберіп, Қытайға, Иран, Ауғанға, көршілес орыс, езбек, қырғыз, түрікпен, қарақалпақ жеріне лықсып жатқан ауылдарды ірку, кейін қайтару мақсатында-мыс.


Үй-орманын, жиған-тергенін жапан дүзде қалдыратын сәт туғанда қатындар жағынан ши шыға бастады.


Бұндайда Қиқымбайдың үйіңдегі Қатира келіннің "көш бастайтын" әдеті ғой. Есектің үстіне сыймай жатқан түйіншектерін түйгіштеп:


— Осы біздің еркектерде бас жоқ, түге! — деп бастап, соңын айқайға ұластырған еді бір кезде. — Бүйтіп қайта күйсейтініміз бар, әу баста неміз бар еді кәллектиптен қашып? Ау, сірә, қайтып баратынымыз бар, ел ішінде неге отыра бермедік, түге?


— ...Өшір үніңді, атаңа нәлет! Өшір! — деп жатты


Қиқымбай әйеліне тап-тап беріп.


Қатира келіннің әлгі айқайы Пахраддинге ғана айтылған қарғыстай, лағынеттей еді. Сұр жебедей жанына қадалып етінен өтіп, сүйегіне бір-ақ жетті. Одан арғы ауыл арасының у-шуына құлақ тоспады. Ұяттан беті өртеніп, салпы етек қатынның шайпау тілі жанына қамшыдай батып, иттей қорланды. Сырға мен Хансұлу сыртқа шығарған қос қапшық, көрпе-төсекті бір меңіреу халде жүріп есекке тендеді. Азық-түлік, аяқ-табақ салынған ала қоржынды да салды. Сұр есектің арқасы сонымен сықап толып қалып еді. Бұдан артық нәстенің сыймайтынын көре тұра әйелі мен қызы күйбеңдеп үйден шығар емес. Оларға салсаң тіпті нәрсе тастағысы жоқ. Пахраддинді бір ыза буып тұр. Талайдан қақпақылдап әкеп осы тығырыққа таяған тағдыр сұрқылтайға ма, әлде кеш қимылдаймын деп кеңірдегінен тұзаққа ілініп тұрған өзіне ме, әлде болған істі тек біреуден көретін Қатира тәрізділерге ме, әйтеуір, бір бунаған ыза бар. Шарасыздық ызасы. Осы кезде Пахраддиннің өңі қабарып, сақал-шашы түгел қырау шалғандай еді. Әйелі мен кызы оны аңғарған жоқ. Ана нәрсені бір ұстап, мына нәрсені бір ұстап үйге кіріп-шығып жүйткіп жүр. Сөйткенше, Сырға бәйбіше:


— Ой-бүй-и, көкесі-ау! Қазанды ұмытып барады екенбіз ғой! — деп, есік алды жер ошақтағы дәу қазанға қарай ұмтылды. Қызы да жүгіріп барып үлкен қара қазанның бір жақ құлағынан ұстады. Пахраддин дәу қазанды көтеріп дедектеп келе жатқан әйелі мен қызына қарап шатынап тұр. "Қазанды таста!" деп айтуға тілі барар емес. "Алайық!" деуге сұр есектің арқасына сыяр емес.


— Сыймас... — деп, сыпайы айтып еді, әйелі мен қызы естімеді. Қара қазанды тұқшындап көтеріп әкеле берді жанына.


Сол-ақ екен талағы тарс айрылды Пахраддиннің:


— Таста!!! Сыймайды! — деп ышқынып дауысы шығып кетті. Пахраддин "Пахраддин" болғалы осы шығар бала- шағаға айқайлап тұрғаны. Қызы мен әйелі шошып кетіп, қара қазанды түсіріп алды қолдарынан. Өңдері қашып кеткен. Пахраддин түсі түтігіп, теріс бұрылды. "О, шұнақ Құдай! Шұнақ Құдай! Көрсетпегенің осы ма еді? Осы ма еді маған!" деп іштей күңіреніп, бұлыңғыр лайсаң көкжиекке қарап жыларман боп өксік атты Пахраддин. Бірақ, көзінен жас шықпады. Тұл дүниедей бұ да қаңсып қалыпты. Құлағыңда — ысылдаған жел.


— Болындар! — деді, өзі не істерін білмей әуре-сарсаң сенделіп.


Біраз жұрт есектерін алдына салып айдап, ұбырынып-шұбырынып жолға шығып та барады. Қырық жамау жұпыны үйінен байғұс Дәу апа шыға алмай жүр айналсоқтап. Құлақ тосса үйінің ішінде сампылдап ол да біреуді тілдеп жүр. Көліксіз үйдің бірі осы Дәу апанікі еді.


— Әкел ана Дәу апаның жүгін! — деп, Хансұлуды жұмсады. Дәу апа екі-ақ түйіншек нәрсе алған екен жолға. Бірінде кішкентай қазаны бары байқалады. Сол екі түйіншекті салды сүр есектің беліне. Дәу апа үйіне қайта кіріп кеткен, бір кезде дауысы шықты саңқылдаған:


— Қасқа Құдай, менің сорыма бұ қатынды да ауыртып қойды ғой!.. Енді қайттім?! — деп, үйінен шығып келеді. Ізінен немересі жылап жүгіріп қалмай келеді.


— Пахраддин-ау, енді не істедім? Ана ауыш келінім жүретін емес. Жәй айтсам түсінбейді. Қатты айтсам жылайды. Енді қайттім, тақа?!


Пахраддин Хансұлу мен Сырғаға бұрылды.


— Алдастырып алып шығындар? — деді.


Шашы бұрқырап керегені тас қып құшақтап теріс қарап бүрісіп отыр екен үйінде Балқия. Есіктен кірген Хансұлу мен Сырғаны көріп одан бетер жиырыла түсті. Үстінде жыртық иық ескі көйлек. Хансұлу: "Мен сөйлесіп көрейінші..." деп, Дәу апаны, шешесін сыртқа шығарып жіберіп үйде оңаша қалды. Балқияның қасына келіп тізе бүкті:


— Балқия, — деп, иығына ақырын қол салып еді, Балқия дір етіп, жалт бұрылды. Көзінде сана жоқ. Танымай тұр.


— Хансұлумын ғой мен!


Балқия енді есіктің маңдайшасына қадала қарады. Хансұлу бешпетінің қалтасынан айна, тарақ алып алдына қойды. Айна, тараққа назары ауды Балқияның. Бұрын да өстіп алдаусыратып, талай рет басын жуып беріп, шашын тарап жүрген ғой.


— Әкел... шашыңды тарап берейін! — деді Хансұлу Балқияның енді икемге көнетінін сезіп.


Аздасын Хансұлу Балқияны қолынан жетектеп үйден алып шықты. Бұл кезде, бұлардан басқа тірі жан жоқ, ауыл құлазып қаңырап бос қалған еді. Иесіз қалған үйлердің арасында шаң борасын сумаң қағып күлді ұшырып, қағаздарды қуалайды.


Шұбырып, жаяу-жалпылап бел асып бара жатқан жұрттың артын ала бір топ болып жүк тиелген сүр есектің соңына еріп, Пахраддин, Дәу апа, Сырға, Балқия, Хансұлулар қозғалды.


Шұбырған қауым мен ауыл арасында бір топ ит селтең қағады. Тышқан аулап қаңғып кетіп, қайтып келген ауыл иттері. Адамдардың тайлы-тұяғы қалмай ауылды тастап әдцеқайда бет алғанын көріп бү пақырлар дал. Не істерлерін білмей жұрт соңынан бүлк-бүлк ере түседі де, іле тоқтап, шоқиып отырып, қалып бара жатқан ауылға қарап қыңсылайды. Ұлиды.


Шаң суырған желге қырындай қозғалып келеді Пахраддин. Бұта біткенді теңселтіп өтіп жатқан ұлы көшкін тозаңға әлдебір гуіл қосылып бүкіл дүние зор күңіреніп тұрғандай. Бір хикмет, әлемді астан-кестен етер бір хикмет бас көтеріп келе жатқандай. Күн көзін кіреукелеген шаң перде, мына жарық әлемді көлеңкелеуге бет бұрған. Аспан қызыл мұнарттанып Қиямет-қайым хабаршысындай азынау жел сарнайды. Түзде қалған ұядай иесіз қаңырап қалып бара жатқан үйлерге, жұртта қалған иесіз жетім ауылға қарауға Пахраддиннің дәті шыдар емес. Енді не де болса көзді жұмып, алға, тек алға тарта беру керек еді.


Әйелдер жақтарын жаулықпен таңып алған.


Ауылдан шыққан жол алғашқы көлденең құмшағыл белге көтеріліп әрі асар тұста, алдарақта, ауыр қозғалып демігіп келе жатқан мол денелі Пахраддин маңдай терін сүрткіштеп сәл іркілді. Бірақ кейін қарамады. Түйілген, әлі сол тұйық қалпы.


Ізіне ерген әйел, бала-шаға осы жерде түгел бұрылып, лажсыз кейін қарады.


Орасан шалқар ойдым-ойдым құм өлкесінің ортасында аядай алаңға үрке ұйлығыса сығылыса отырған ауыл. Есік, түндіктері жабулы томпиған қоңыр үйлер, тападай тал түсте жетім қалған жазықсыз үйлер. Шаңыт дауыл бүркеп алған ауыл үстін.


Балқиядан басқа әйел біткеннің бәрі бырсылдап жылауға кірісті. Сырға бейбішенің көзіне кең бүйірлі ақ боз үйі мен есік алдында ноқаттай қарауытып қалып бара жатқан қара қазаны, әсіресе, оттай басылды. Ыстық жасы бетін жуып, дауыс етуге Пахраддиннен қорқып жаулық ұшын тістелеп үнсіз егілді.


Дүзген, қараған бастарын жұлқылап толассыз боздаған жел сарыны Пахраддинге бір сәт аспан асты, жер үстін керелеген әйел зарына ұқсап кетті. Содан тұла бойы түршікті. Көздерін жаспен шылап, бырсылдап жылауға кіріскен мына төрт-бес әйелдің бетіне туралап қарай алмады. Қолындағы жыңғыл шыбықпен:


— Шу! — деп, құлағы салпиып мүлги қалған үлкен сұр есектің сауырынан ызаланып тартып-тартып жіберді.


ҒАРАСАТ МАЙДАНЫ


1


Аспанда Күн тұтылғандай. Лабақ ахун көп айтатын "ғарасат майданы" басталғандай. Көзі жас, көңілі пәс Хансұлу құмсақ жолменен ілбіп келеді. Арқасында — бөпесі. Артта, бел астында моладай қаңырап ауыл қалды. Алда — шаң буып мұнартқан беймағлүм көкжиек. Белгісіз тағдыр. Бұлар жаяу-жалпылап шұбырып келеді. Алыстан, арқа тұстан жұртта қалған иттердің созылтып ұлыған үндері естіледі. Жаманат хабаршысындай аспан астын құлазытып күңірене ұлиды. Хансұлу енді бұрылып кейін қарауға жүрегі дауаламады.


Сәскеге көтерілген Күн көзі шағырмақтанады. Шөл даланың әр тұсынан шаңыт бұрқылдайды. Бұта біткен боздап уіл салады. Көзге қиыршық құм ұрады. Жалпақ дүние бір уыс, тарылып тұр. Бір ғаламат қалайда басталды. Жүрегі қалтырап қорқып келеді Хансұлу.


Құмайт шағыл аралап ирелендеген аяқ жолменен үздік-создық шұбырған ел. Жыңғылды алаптан өте бергенде жол жиегінде біреудің ағаш сандығы калды ауызы аңқиып. Жақындай бере таныды, Күлзипаның қара кебежесі екен, әспеттеп төрінде сақтап жүрген.


Жол шетінде жатқан әшекейлі сүйекті қара кебежеге бұлар бір-бір қарады да, жұмған ауыздарын ашпастан өте берді. Не әкесінде, не шешесінде, не Дәу апада тіл қатуға деген құлық болмады. Жалғыз ғана, арқасындағы Түгелхан шыдамады, сұқ саусағын шошайтып:


— Ап! Ап! — деп, кебежені көрсетті.


Хансұлу соң білді. Күлзипаның кәрі әкесі бар еді, ауызы ұрадай опырылған. Сол шал жүре алмапты. Күлзипа сол әкесін есекке мінгізіп, қара кебежесін лақтырған екен.


Ұзақ жүруге шама қайда, іркіс-тіркіс шұбырған жұрт түске таман жолшыбай кездескен шоқ жыңғылдың арасына кіріп ығын паналап шоғырланып іркілді. Жүктерін түсіріп, төңіректен шөпшек жиып, бықсытып әр жерден от түтетті. Шәугім-шәйнектеріне су толтырып отқа қойды. Жұрттың соңын ала жеткен Хансұлулар да іркілді. Жыңғылдың түбіне жүк түсіріп, ықтасынға алаша жайды. Әр бұтаның түбінде түстенгелі жатқан бір үйлі жан. Ескі дағдымен түскі ас қамына кірісіп жатыр. Айтудың құмында отырғаңда Хансұлу сығандардың тобырын көргені бар-ды. Қазіргі мына шұбырған елдің жыңғыл арасына кеп түстеніп жатқан кейіптері дәл сол сығандардан аумай қалыпты.


Қыз-келіншек, қатындар жер- жерден бықсытып от жағып, шәугім көтеріп жатса да танауға бәрібір ет иісі, сорпа иісі келмейді. Содан болуы керек, қатындардың шаңқылдап бала-шағаға ұрысқан ащы үндері жиі естіледі.


— Қағынды келгір, әрі тұр, отқа түсеме-ай мына қояншық! — деп жатыр Қатира ошақ басына емінген балаларын қарғап-сілеп.


— О, шұнақ Құдай! Шұнақ Құдай! — деп бір қатын зарланып, Құдайды қарғыстың астына алып жатыр.


Желкем күн ашық аспан астында Хансұлу жайған шағын дастарқанды қоршап, екі үйдің төрт-бес жаны қуырылған жүгері, зағра нан, ақ су шайға апақ-жапақ бас қоя берген. Сөйткенше Дәу апа дауысы дірілдеп:


— Ойбүй, жазған-ай! — деді. Сөйтсе, бөлек-бөлек дастарқан басында отырып қалған жұртшылықты аралап, қолында тостағаны бар бір бала келеді екен. Майлыбай мүсәпір деген бар еді. Қой аузынан шөп алмас, момын еді. Бала-шағасы тоғыз ба, он ба, көп болатын. Ас-суы таусылатын реті бар еді пақырдың. Қайыр сұрап келе жатқан соның баласы екен.


Әркім дастарқанынан бір нәрсе шымшып алып баланың созған тостағанына салып жатты. Кейбіреулер көзін алартатын болуы керек, бала жылыстап өте береді. Қолында жамаулы тостағаны бар, жалаң аяқ, жалаң бас, бұтындағы дамбалы өрім-өрім, он екілер шамасындағы ер бала бұлардың жанына келді. Жазған баланың назары төменшіктеп, кісінің бетіне тура қарай алмайды. Төмен қарап тостағанын созып тұр.


— Ау, жақындау керек! — деді Пахраддин, дастарқан үстінен бір уыс қуырылған жүгеріні ұсына беріп. Бала үрке басып жақындады. Пахраддин тостағанға үңіліп қарады. Тостағанға Хансұлудың да көзі түсті. Баланың бүкіл ауылдан манадан бері жиған тары, жүгерісі бір уысқа да жетпейді екен.


— Манадан жиғаның осы-ақ па?— деді Пахраддин, танауы шуылдап өз көзіне өзі сенбегендей.


Бала бас изеді.


Пахраддин Сырғаның тізесінің астында жатқан шүберек қалтадан және бір уыстай жүгері алып, баланың тостағанына тастады. Бала ұстап алатындай шапшаң бұрылып бүлкілдей жөнеді. Сырға шаршаулы назарын отағасыға қадап, сәл қабақ шытқандай болды.


Пахрадцин бәйбішесін түсінді. Түсінді де шарасыз күй кешіп:


— Е-е! Е-е -е!!! — деп, ауыр бір күрсінді. Еңсесі күрт түсіп ойға кетті.


— Әнеки, тағы келеді, таратып бер, енді мына қалған бір уыс бидайды да!.. — деді Сырға. Ақырын айтса да күйініп айтты. Пахраддин басын көтерді. Қараса жетім қозылардай жан-жақтан өріп келе жатқан өңшең жоқ-жітік балалар.


— Ей, қарақтарым! Қайда келесіндер ентелеп, түге?! — деп қалды зор дауысты Дәу апа. Балалар үрпиісіп тоқтай қалды.


— Келіңдер! Келіңдер! — деді Пахраддин. Дауысы қатқыл.


— Көкесі-ау!.. — дей беріп еді Сырға, Пахрадцин:


— Жә, доғар! Өлсек бірге өлдік! Осы нәрестелердің жанынан артық емес менің жаным! — деді ширығып.


Әңгіме осымен бітті. Пахраддин әр баланың жайған алақанына бір-бір шөкім бидай салып жатты.


Осы жұртта Күлзипаның кәрі әкесі үзілді. Үн шығармай тез жерледі оны ел. Түс ауа тағы шұбырды.


... Хансұлудың бір қорыққан адамы Балқия еді. Бұрынғы күйіне басса, кез келген уақытта, басы ауған жаққа тұрып жүре беруі керек еді. Жоқ, Балқия өйтпеді. Жетекке ерген ботадай томпаңдап қалмай келеді қатардан. Жат қылығы болмағаннан кейін Дәу апа да, Хансұлу да оны аңдуды қойды. Бірақ, қызықты қараңғы түскесін көрсетті Балқия.


Іркіс-тіркіс шұбырған ел түс қайтқасын да екі-үш бел асқан. Кеш түсе қойселеуі молдау құмсақ бір шагылды қоналқыға таңдап іркілді. Есектерді жайылсын деп селеуге арқандап, өздері шөпшек жинап от жағып, жүктен ықтасын жасады. Айсыз қою қараңғы түнде шағылдың тұс-тұсынан от лапылдап, адам қыбырлап төбе үсті пері қонғандай құжынап жатты.


— Ойбүй! — деді бір кезде от жанында отырған Дәу апа орнынан түрегеле беріп. — Құдай безгелдек, келін қайда әлгі?!


Бұлар жүктерді шешіп жұмсақ құмның үстіне төсек жайып күйбеңдеп жүргеңде Балқия жандарыңда сияқты еді.


— Балқия! — деп дауыстады Дәу апа. — Балқия-ау-ууу?!


Тым-тырыс. Пахраддин бастап бәрі түгел өре түрегедді. Оттан қашықтап түн ішіне таман барып, бәрі қосылып: "Балқия! Балқия!" деп, айқайға басты.


Аспан бұлтты. Көзге түртсе көргісіз қараңғы. Хансұлу отыра қалып үңілді көкжиекке. Не көп, жан-жақта бұталы шағылдар көп. Кенет түн түкпірінен сықылықтаған әйел күлкісі шықты. Хансұлудың тұла бойы түршігіп кетті.


— Мына жақта! — деп, әкесі далпылдап тұра жүгірді түн ішіне қарай. Әлгі есалаң күлкіден кейін Хансұлу қостан көп ұзауға қорықты. Пахраддинмен бірге ауыл еркектері де кетті дүрсілдеп жүгіріп.


Балқияны қуған кісілердің айқайы түн ішіне қарай кем-кемдеп ұзай берді.


Хансұлу шешесі екеуі түн жамылып бірауық тұрып, кейін қайтты. Түнгі даланы бастарына көтеріп, қанша айқайлағанмен бұл түні Балқия таптыртпады. Таң сәулесі жерге түсісімен сұр есектің беліне отырып Пахраддин Балқияны іздеп кетті. "Ашыққан елді іркуге болмас, алға қозғала беріндер!" деп тапсырды Лабақ ахунға. Дәу апа, Хансұлу, Сырға бәйбіше жүктерімен осы шағылдьщ басында күтетін болды Пахраддинді.


Пахраддин із кесіп әлектеніп жатпады. Кешегі келген жолға түсіп ескі жұртқа қарай тартты. Көп ұзамай жерге жарық түсті. Күн шықты. Таң алдында ғана сәл-пәл сіркіреп өткен жаңбырдың иісі бұрқырайды. Топырақ, жас шөп иісі кеңсірікті жарып барады. Сендей соғылысып алажабыр бұлт көшіп жатыр аспанда. Жалғыз аяқ жолга көп ұзамай Балқияның да ізі келіп қосылды. Балқия жолменен жалаң аяқ ызғып тартып отырыпты. Тіптен кідірмепті. Бүлкілдеп жүгіріпті әлсін-әлсін. Пахраддин да аямады есекті. Ызғытып айдап отырды. Содан екінді әлетінде ғана жақындады кешегі ауыл маңында іркіліп өтетін көлденең белге. Оған шықса ескі жұртта қалған ауыл көрінеді.


Сұр есек мамырлап құмсақ белге тырмысып шығып келеді. Осы арада Пахраддинді бір сезім биледі. Күтпеген сезім. Ол — жұртта қалған ауылға қараудан сескенген, белгісіз үрей еді. Қайта айналып келмеуі керек еді жұртқа, қаңырап қалған қара шаңырағын көрмеуі керек еді.


Есегі, сөйтсе, асудың үстіне де шығыпты. Есектің аты есек емес пе, иесіз ауылға қарап құлағын тікірейтіп ал кеп ақырсын.


Құм арасы қазан шұқыр ойпаңда үйректің жұмыртқасындай томпиған қоңыр үйлер. Есектің дүниені көшірген дауысынан кейін сыртқа адам қара жүгіріп шығатындай қарай қалды Пахраддин. Бірақ, ауыл селт етпеді. Жабулы есіктер жабулы күйінде тұра берді. Қаңғыбас құйын ғана шайқақтап жер ошақтардың күлін көкке ұшырып, ауылды аралап өтіп барады.


Шағыл төбенің басындағы Бұлыштың томпайған жалғыз моласына қарай бұрды есегін. Жан-жағы да қоршалмай, басына қадау ағаш шаншылған жалғыз ғана төмпешік боп жатыр баяғы Бұлыш. Есіл Бұлыш.


— Боздағым-ай! Есіл азаматым-ай! — деді есегінен түсе берген Пахраддин. — Сен бар екенсің ғой! Сен жатыр екенсің ғой!


Пахраддин жүресінен отыра қалып көз жасы бетін жуа отырып, аят оқуға кірісті.


Жануар сұр есек иесінің мына тосын халін түсінбей құлағы салпиып тұра берді.


Әлден уақытта Пахраддин көзін сүртіп тізесінің құмын қаққыштап орнынан түрегелді. Байқаса, моланың төңірегінде Балқияның жалаң аяқ ізі жатыр. "Өй, антүрған-ай!" деп еңсесін тіктеп таң қалып жан-жағына көз жіберді. Кенет көзі анадай жерде шоқ дүзгеннің тасасынан сығалап түрған келіншекті шалып қалды. Сол-ақ екен, Балқия жалт берді.


— Балқия! Өй! Қашпа! Өй! — деп, Пахраддин тұра ұмтылды кеп.


Балқия байғұс қобырап тарқатылып кеткен шашы арқасында лықсып, ақ табаны жарқылдап зытып барады, тап-таза құм бетімен. Үстінде өрім-өрім ескі бөз көйлек, Тәңір алғырдың тоқ балтыры жарқ-жүрқ етеді.


— Ай! Хай! Ұрып кеткен, тоқта! — деп аяғында етігі, үстінде шапаны жүгіре алмай қорбаңдап келеді Пахраддин.


"Тәңір алғыр, жабайы болып кеткен бе, киіктей жүйткуін!"


Балқия артына жалтақ-жалтақ қарап қойып қайқайып тартып барады. — Балқия! Сәл кідірші, айналайын! Балқия! — деп айқайлап келеді Пахраддин. Бірақ, жалаң аяқ есалаң келіншек сөйткенше қыр асып та кетті. Пахраддин жүгіре алмады. Демікпесі ұстап ырсылдап қалды. Кеудесін әрең сүйреп сусыма құм төбеге де көтерілді-ау итшілеп. Қайда, бұл кезде Балқияның әлдеқашан қарасы батқан-ды.


— Қап, мына бейбақтың азабы-ай! — деді, төбе үстінде іркіліп, ұшы-қиырсыз шалқар құм әлеміне көз жіберіп тұрып. Қайда қарасаң да жал-жал құмдар.


Балқияның ізіне түсіп сөлпектеп жүгіріп және бір төбеге шықты.


— Бұ қараң батқырдың қарасы қайда батты? — деді күйініп. Сөйтіп тұрғанда есегі ақырды, манағы қалған тұстан. Бұрылып қараса, тұсаулы есегі ары қарай шапшып секіріп қашып барады. Оның ізінен ит пе, қасқыр ма, әйтеуір, бір қос көлеңке тақымдап қуып барады. Бұл ес жиып үлгіргенше, есегі сол ытырынып қашқан күйі ойпаңға құлап көрінбей кетті.


Пахраддин есеңгіреп сәл түрды. "Қасқыр!" деген ой сап етті басына. Сол-ақ екен, тұла бойы мұздап қоя берді. Сөйтсе, байғұс есек мана ақырамын деп басына пәлені шақырған екен ғой. Түу, атаңа нәлет, енді көрмегені осы еді! Балқия болса құрыды құм арасына тастай батып, судай сіңіп. Өзінің тұрысы мынау сөлпиіп. Бұ кезде қос қасқыр сұр есектің кеудесін үңгіп жеп жатқан да болар. Есекті жайғап болып, атойлап қос қасқыр сайдан шыға келсе не істемек? Пахраддин ауылға қарай елпең қақты.


Ырсылдап борша-борша терлеп қоя берді. Бойынан әл кеткендей. Үйлерге дейін жүгіре алатын шамасы жоқ. Жөнді ас ішпегендіктен болар, көз алды қарауыта береді. Аяғы да ап-ауыр, ырқына әрең көнеді.


Ауыл отырған ойпаңға құлады. Қаңырап жетімсіреп тұрған үйлер. Қылт еткен тірлік нышаны жоқ. Жым-жырт тыныштық. Жалғыз-ақ өзінің аяқ дүрсілі дүниені көшіріп келеді.


Шетте тұрған Қиқымбайдың үйінің есік алдына ырсылдап жақындай бергені сол еді, кенет іргеден тоқтыдай бір нәрсе ытқып шығып бажылдап тұра келе қашты. Түу, атаңа нәлет, балпақ тышқан! Өмірінде бұйтіп қорықпаған шығар. Иманы тас төбесінен шықты. Үйдің іргесінен шырқырап шығып және екі-үшеуі безді. Аяғының буыны ұстасыншы енді. Тышқан жайлап кеткен мына иесіз үйге кіру, қасқырдан да қорқынышты еді. Көзіне тер құйылып, басы айналып теңселіп Дәу апаның жұлым үйіне қарай өте беріп аяқ астындағы жер ошаққа түсіп кетіп оңбай құлады. Қолымен жер таянып түрегеле беріп, басына бір ой келді. "Біткен жерім осы екен" деген. Шалғайының күлін қағып буын-буыны қалтырап әрең тіктеліп Дәу апаның қауашадай үйіне қарай тәлтіректеп аяқ басты. Одан сәл әрі есік, түндігі тұмшалаулы өз үйі. Есік алдында төңкеріліп жатқан дәу қара қазанның төңірегін тышқан қазып тастапты. Жоқ, өз үйіне өлсе жолағысы келмеді. Дәу апаның үйінің есігі сыртынан байланбапты. Ашық есікті ашып, ішке бас сұғуға келгенде Пахраддин тағы жүрексінді. Үй ішінде әлгіндей азынаған балпақ тышқандар толып жүргендей елестеді. Найсап, неткен жиіркенішті мақұлықтар еді!.. Ақыры, лажсыз ішке бас сұқты. Қаракөлеңке үй ішіңде еш нәрсе байқалмайды. Сәл тұрып ішке кірді. Көзін жұмып теңселіп біраз тұрды үй ортасында. Ес жинады. Қаракөлеңкеге көзі үйреніп үй ішіне назар қыдыртты. Тірілей молаға кіргендей түршікті жаны. Адам кеткен үйде не жылу, не ұсқын болсын. Әйтеуір, қаңқиып тұрған бір қуыс.


Төрде алашаның үстінде қырық құрау ескі көрпеше қалыпты. Сықырлауық есікті іштен ілдіріп әлгі көрпешенің шаңын сілкіп төрге қайта төседі. Соның үстіне отырды. Шаршаған, әлсіреген денесі ұйып, тыныш демалыс аңсайды. "Тынығайын, көп ұзамай Күн батар, атасына нәлет, таң азанда-ақ жүрермін" деді ойы. Сыртқа құлақ түріп қалжырап жатып көзі ілініп кеткенін де байқамады.


...Түннің біруағында оянды. Тұла бойы тоңазып қалған екен. Түндіктің жыртығынан жайнап жұлдыздар көрінді. Үй іші қараңғы. Бірақ жүрегі, неге екені белгісіз, дүрс-дүрс соғады. Қорқыныш бар бойында. Қартаяйын дегені ме, қорқа бергені несі? Сол-ақ екен, назары көлеңке ұйыған есік тұсқа іркілді, Жабық есіктің арғы жағында әлдене жасырынып тұрған сияқтанды. Пыс-пыс тыныс алғанын анық шалды құлағы. Дереу төңірегін қарманды. Түнде шешіп жатқан етігі ілінді қолына. Есіктің бармақ сыйғандай саңылауынан бұған қарап бақшиған жалғыз көзді көріп қалды. Содан:


— Ай! — деп, ақырып айбат шегіп, қолындагы сыңар етікті есікке қарай жіберсін. Есік жақ сатыр-сұтыр етті.Бұны аңдыған жын ба, пері ме, әйтеуір, бір пәле апыл-ғұпыл тұра келе қашты.


— Айт! — деп, тағы ақырды Пахраддин бұ жолы орнынан ыршып түрегеп. Мақұлықтың аяқ дүрсілі ұзап бара жатты кем-кемдеп. — Астапыралла! Я, пірлерім!.. — деп, Пахраддин жатқа білетін аяттарын бірінен кейін бірін шұбыртып жатыр. Ұйықтау қайда енді? Тар үйдің ішінде теңселіп көрер таңды көзбен атырды. Құлқын сәріден тысқа шығып дәрет алды. Есік алдында отырып таң намазын оқыды. Жүруге халі бар сияқтаңды. Қолына таяқ алды.


Төңірек ала көлеңкелене бастағанда иесіз ауылдан жаяулатып жолға шықты.


Пахраддиннің жолын тосып айдалада қалған Хансұлу, Дәу апа, Сырға бәйбіше екі түн ұдай ұйқы көрмеді. Шағыл құмның басына от жақты. Айқайлады. Пахраддин адасып жүр ме деп.


— Адыра қалғыр, осының бәрі ана қаншықтың әлегі! Өлсе өрем қапсын, неміз бар еді соны іздетіп?!.. — деп, күйінеді Дәу апа ашық үні саңқылдап.


Сырғада үн жоқ. Иығына ішігін жамылып отқа қарап тұнжырап отырады да қояды. Ауыл, үйді тастап шұбырған күннен бері төңірек дүниеден бөлініп өзінше бір тұңғиық қалыпқа түсіп жүр еді. Бұрыннан да сөзге сараң, тілі майда, жұмсақ мінез шешесі соңғы күндері, тек, көлеңкедей қозғалып жүргені болмаса, үндеуден, сөйлеуден мүлдем қалғандай еді.


Күн көтеріле Хансұлу жақын маңай шағылдарды аралап көсік қазды. Жуа терді. Осындай тіске басатын нәрселер болмаса қалта түбінде қалған азғантай бидай, жүгеріні бұлар бір-ақ күнде жеп бітетін түрлері бар еді.


Құмжуаны жұлып ауызына салды Хансұлу. Қуат кеткен бойына ол да болса едәуір нәр, едәуір жұғын. Ал, көсік дегеніңіз, кәдімгідей ас. Соны іздеймін деп Хансұлу шағыл аралап қостан ұзаңқырап кеткен екен. Әлден уақытта қыр астынан Дәу апаның айқайы шықты. Хансұлу етегіне сүріне аттап төбе басына ұмтылды. Дәу апа таң саз берісімен ескі жұртқа қарай жүріп кеткен.


Қырқаға шықса Күн астынан ақ жаулығын бұлғайды Дәу апа. Шақырып тұр.


Хансұлу жүгіріп келеді. Көкесінен бір белгі болған ғой.


Қырқаның күнгей баурайында керіскідей созылып біреу жатыр, шалқасынан түсіп. Қасында жаулығы қарқарадай боп Дәу апа отыр. Қарасұр шапанынан таныды жатқан кісіні — көкесі. Хансұлу жақындай бергенде басын көтерді. Пахраддин сырқаттанып қалыпты. Беті-аузы ісініп, көзі жасаурап, гүрк-гүрк жөтеле береді. Дәу апа мен Хансұлу екі жағынан сүйемелдеп қосқа әрең жеткізді.


— От жағындар! — деді Пахраддин.


Отты лаулатып жағып, суды қайнатып алаша керіп қалқа еткен қос ішінде дереу дастарқан жайылды. Пахраддиннің ерні жарылып тобарсып кеткен. Бір кезде тұз салған ақ су шайдан тіктеліп отырып ұрттады. Зағра нан, қуырылған бидай, жүгеріден шымшып алып аузына салды.


— Оуф! — деп қояды Пахраддин, ыстық шайдан ұрттаған сайын.


— Я, Алла!


— Я, Барақ ата! Я, Бекет ата! — деп Дәу апа аруақты сарнап шақырып отыр.


Пахраддинде үн жоқ. Көрпені бүркеніп алып мандайы жіпсіп ақ су шайдан сораптай береді. Сораптай береді.


Түске таянған көктем Күні шақырайып шекені шағып барады. Аспан тараптан молдаторғай құйқылжиды. Айнала ызыңдаған шыбын-шіркей. Босаң топырақ құм көгі ерте көтерілетін әдеті. Қайда қарасаң да қаулап өскен көк раң, жантақ, мия, түйетабан, қойселеу, ақшатау. Алыс-жақын ой, қырлардың арасында мөлдіреп кілкіп тұнған көгілдір ауа. Дала жарықтық құлпырып жатыр. Табиғаттың мына мамыражай қалпына назар жіберіп демі дірілдеп күрсінді Хансұлу.


Қуырылған бидайды қытырлатып, ақ су шайды үнсіз отырып ұзақ ішкен Пахраддин ақ тер, көк тер терлеп, аздасын көзін жұмып сұлық жатты. Сырға бәйбіше жік-жапар боп Пахраддинді қымтаумен жүр.


— Ау! — деді бір кезде Пахраддин.


— Не? — деді Сырға елп етіп.


— Тіске басатыннан не қалды?


Сырға үндемеді. Кішкентай қара шүберек қалтаны қоржыннан алып Пахраддиннің алдына тастады. Қолдағы кішкентай бидайды тал түсте жұртқа үлестіріп берген әпенді еріне не десін.


— Осы-ақ па? — деді Пахраддин.


Сырға тағы да тіс жармады. Теріс қарап отыр.


— Ым... м, — деп, сағы сынып калды Пахраддиннің.Көзін жұмып сәл-кем үнсіз жатты. Ойланды. Әйелдер отағасыдан бір лебіз күткендей түгел тым-тырыс.


— Су қанша қалды? — деді Пахраддин.


— Жарты мес... -Дәу апа! — деді Пахрадцин, қымтанып жатқан қалпы.


— Айта бер! — деді Дәу апа.


— Дәу апа! Былай етуге керек! Мен бүгін... асасы, жүре алмаспын... Ал сіздер, Хансұлу екеулерің жүре берулерің керек! Іркілуге болмас... Менің қасымда... Сырға қалсын. Аман жүрсек, жетерміз іздеріңнен! Суды торсықтарға құйып екіге бөліндер! Жүгеріден бір қос уыс тастаңдар! Қалғанын алыңдар! Көтергендеріңше көрпе-жастық, киім алыңдар! Ал, қимылдандар!


— Бөлінбей-ақ, бірге болсақ қайтеді, көке?! — дей беріп еді Хансұлу, Пахраддин:


— Болды! Сөз қысқа! Қозғалыңдар! — деп кесіп тастады.


Манадан үнсіз отырған Сырға бәйбіше теріс қарап көзінің жасын сықты. Дәу апа:


— Інімдікі жөн ғой, қарақтарым!.. — деп, бет әжімі қалыңдап күңірене күрсінді.


Содан Хансұлу мен Дәу апа екеуі екі баланы жетектеп жолға шықты. Дәу апаның иығында — ала қоржын. Хансұлудың қолында — су құйған торсық, киім-кешек.


Иен дала. Селеулі шағыл басында шошайып қалып бара жатқан әке-шешесіне жалтақ-жалтақ қараумен Хансұлу кетіп барады. Дүние бұлдырап көздің ыстық жасымен жидіп еріп үгітіліп көк жиектер қорғасындай балқып, төңірек көлкіген сұйыққа айналғандай осы сәт. Аспан асты, жер үсті Хансұлудың шарасыз тұншығуға айналған ғаріп халіне қарап қаңтарылып тұрғандай. Тірлік доғарылғандай. Жапырақтай жалғыз жүрегі қасірет айдынында малтыған Хансұлу басқа ұрған балықтай дал. Еш нәрсені ұқпай, әйтеуір, бір сергелдең далбаса күйде кеудесін сүйретіп келеді. Өмір кәдуілгі көктемнің қызыл суындай жайыла ақкандай. Ештеңе ұға алмайды, ештеңе байыптай алмайды. Бар білетіні — жетегінде томпандап келе жатқан құлыншағы, бөпесі. Бар білетіні — содан айрылып қалмау. Білегінен қыса түседі ұлының.


Біраз ұзап шыққанша баласының да, өзінің де көздері жастан құрғамады.


Қолында ұзын сырық таяғы, иығында ауыр қоржын, еңкендеп тартып келеді жалғыз аяқ жолменен Дәу апа. Үн жоқ, іштей түйіліп тістеніп алған. Әлден уақта:


— Е-е, балам-ай, "болған іске болат бол" деген. Аллам душар қылмасын... де! Бұдан да зорын көрген, мына аддыңда келе жатқан бейбақ апаң!.. — деді Дәу апа зор қоңыр дауысы күңіреніп. Жалғыз аяқ жол біресе құмсақ шағылды аралап ирелеңдеп, біресе тегіс сортаңға шығады. Жүрген сайын жантақты, ақбасты, жыңғылды, шилі алаңдар кездесе бастады. Алдан саяқ өскен биік тораңғыл ағаштары көрінді. Құм аймағы артта қалғаны байқалады.


Кіші бесін шамасында, балалар нан сұрап қыңқылдауға кірісті.


Жол екі жағы жыңғылды, шилі, ажырығы қалың сортаңмен келе жатқан. Лүп еткен леп жоқ. Кісі бойы жыңғыл арасы бұйығы тыныш ықтасын.


Дәу апа иығындағы ала қоржынын ажырық үстіне тастап, ұйып қалған белін жазып, тіктелді.


— Ал, балам, кәне, не бар, шеш түйіншегіңді! — деді.


Мана түсте жүрерде Сырға ас-суды өз қолымен екіге бөлген-ді. Дәу апа ол кезде араласпай сырт беріп күйбеңцеп жүрген-ді.


Хансұлу жарты күлше зағра нан мен қос уыстай қуырылған бидай түйілген орамал түйіншегін шешіп Дәу апаның алдына қойды. Нанды көріп балалар тамсанып ұмтыла беріп еді, Дәу апа:


— Тәк! Тәк! Сәл сабыр етіндер! — деді. Күс-күс қолын созып, алдымен шаршы орамалдың жиырығын жазып кеңірек жайды. Арбиған саусақтарымен орамал үстіндегі шөкім бидайды бірнеше топқа бөлді.


— Сәл, сәл, сабыр етіңдер, балақайларым! — деп танауынан сөйлеп, бидайды алдымен төрт, одан кейін сегіз, одан кейін он екіге бөлді. Құмалақ ашып отырған балгердей.Хансұлу да, балалар да Дәу апаның не істеп отырғанын түсінбеді.


— ...Асып кетсе, Қоңыратқа дейін екі түнерміз... ымм... Мынауың былай, — деп, қабырғасымен кеңесіп отырған Дәу апа, енді қалған жарты күлше нанды да ортасынан сындырып, екіге бөлді. Нанның иісі танауды қытықтап барады. Хансұлудың аузынан сілекейі шұбырды. Дәу апа екі бөлінген жарты күлшені және екі рет сындырып төртке бөлді. Балалардың қолына бір-бірден жапырақтай ғана нанды ұстатты.


— Балаларым, өстіп жеткізбесек болмас, жол ұзақ.


Шыдаңдар! — деді Дәу апа. Піскен кызыл бидайдан Хансұлу аузына салды. Қатты бидай емес, тандайына бейне бір сары май түскендей тұшынды. Іш-дүниесі қасқырша ұлып қатты ашыққанын осы сәт сезінді Хансұлу. Зағра нан, піскен бидайдың иісі танауын жарып барады-ау. Жарып барады.Дәу апа орамалды жинады. Жақсылап түйді. Бәрінің көзі сол түйіншекте. Түйіншекті Дәу апа қоржынға ықтияттап өз қолымен салды. Содан кейін, жүктерін иыққа алып жолға түсті. Жол жыңғылды алаптан шығып дүзгенді, қарағанды құмсақ адырларды аралап ирелеңдеп алға тарта берді.


3


Түс көріп жатыр Пахраддин.


Ел іші бұзылмаған баяғы кездер екен дейді. Көл жағалай қонған өңшең ақ шағала үйлер. Ауыл іші құжынаған адам. Той ма, мереке ме, әйтеуір бір қуанышты күн. Жұрттың бәрі Пахраддиннің аузына қарайды. Жұрттың бәрінің құрметтегені Пахраддин. Пахраддин билік айтуға тиіс екен дейді. Сөйлеуге тиіс екен дейді. Тәйірі, шаршы топ алдында сөйлеуден, сірә, Пахраддин қашқан ба? Бүгін әңгімені әріден бастағысы кеп жиылған дүйім қауымды көзбен шолады. Бүгін әңгімені тіптен әріден бастамақ. Мынау алаш ұранды халықтың ата тегі жайлы, түп тамыры жайлы сөз қозғамақ. Тегін білмегеннен тексіз шығады. Талай жыл шежіре ақтарғаны содан емес пе? Соны көкірекке түйген көкірегінде сайрап бұлбұл оянғаңдай, ағарып таң атқандай. Жағын ашса көмейден күмбірлеп сөз ақтарылардай, оқыс бір шабыт үстінде тамағын кенеп, халқына жүзін бұрып енді... еңді тіл шеше бергенде... оянды да кетті.


Шалқасынан жатқан Пахраддин басын сәл көтеріп төңірегіне қарады. Ми далада ашық аспан астында жатқан қалпына сенер-сенбесін білмегендей бір әуре-сарсаң күй кешіп отыр. Құй сен, құй сенбе, жанбасында — қара жер, төбесінде — жұлдызы жылтырай бастаған алқара көк кешкі аспан төніп келеді. Әттеген-ай! Түсі болып шықты-ау әлгінің бәрі. Бір жағынан — түс әсерінен арыла алмай, екіншіден — мына шындыққа, кескіні суық өмір шындығына көңдіге алмай біраз есенгіреп отырды. Тері қайтып, бойы әлдеқашан тоңазып қалған екен.


"Уф" деп күрсініп, басын жастыққа қайта қойды. Ұйқысы шайдай ашылды. Бүгінгі күннің суреттері, тіптен, үй-орманын тастап қалаға қарай шұбырғаннан бергі уақиғалардың бәрі көз алдынан тізбек-тізбек өтті. Тағдыр шіркін бұны ілгерілі-кейінді дірдектетіп, қуалап айдай жүріп, ақыры міне, жапан дүздегі қайдағы бір құмсак, жайдақ төбе басына әкеп тастапты. О, паруардігер! Анау-мынау емес, алпыс жылға тарта созылған бұл фәнидегі сапарының соңы төбе басы болғаны ма? Бұ не жатыс? Жүргенде не бітірмек? Барғанда қайда бармақ? Барар жері, басар тауы қайсы!?


Шырағдандай сирек жұлдыздары жылтырап далиған қаракөк аспанға қарайды. Сол баяғы атам заманнан таныс зеңгір көк, таныс жұлдыздар. Пахраддиннің бала кезінде сол қалпы еді, әлі сол қалпы. Түк өзгермепті. Бұл неткен кеңістік? Бұ неткен меңіреу әлем? Мынау жер бетін құмырсқаша шимайлап, шым-шытыр тағдыр соқпақтары жатыр шатысып, ию-қию араласып, шиеленісіп. О, паруардігер! Соны шешемін деп, соны бір қалыпқа келтіремін деп кісі ғүмыры өтеді арпалысумен. Қанша бас қурап, қанша шаш ағарады. Бейне өзі жерді тіреп тұрғаңдай, бейне өзі мәңгі сол жер бетінде алшаң басатындай тойымсыз, қанағатсыз кісі арманы әлемді шарлайды. Құлқынның да қомағайлығында шек жоқ. Талай бас соның құлы болып-ақ қурайды. Соның қанағатын толтырамын деп оңды-солға соқтығады. Алдайды. Арбайды. Иіледі, бүгіледі. Жағынады. Жалбарынады.


Тыныш ымырт қараңғысында жұлдызды алқара көк аспанға қарап осылай ой кешеді Пахраддин. Ойын бір көлденең тысыр бөліп жіберді. Мынау жым-жырт кешкі өлкеде өзінен басқа тірлік барын ұмытып кеткен екен Пахраддин. Тіксініп, тұла бойы түршікті. Кебісі сырпылдап біреу жақындап келеді.


— Сырға, сенсің бе? — деді дауысы бір түрлі алабұртып.


— Мен ғой, — деді Сырға әлсіреп, әрең ғана дыбыс


білдіріп.


Пахраддин бәйбішесінің үнінен шошыды. Үлкен күйзеліс үнін есіткендей құлағы.


— ... Қайда жүрсің... жаным-ау! — Лықсып көмейіне тығылған бір ыстық толқынды ерең ірікті.


— Жуа тердім. Сен ұйықтасын дедім.


"Алла-ай, Алла-ай!" деп, ет-бауыры езіліп кетті Пахраддиннің. Жасаурай қалған көзін төңкеріп, бәйбішесіне ұзақ қарады. Сырға жаулығын жагына орап алыпты. Иығындағы жуа салған ескі кенеп дорбаны алып, ақырын жерге қойып жатыр. Өзінде үн жоқ. Баяу, биязы қозғалады. Жүрегі шымырлады Пахраддиннің. Жан дүниесі алай-дүлей болды. "О, кер заман! Кер заман!!!" — деп іштей күңіреніп кетті. Мына Сырға аяғын керіліп басатын кербездің өзі емес пе еді?! О, кер заман, көрмегенді көрсеттің-ау, сен заман! Қайран Сырға! Әйел затының падишасы — Сырға! Қыз күніңде сені жұрт бейіштен үзіліп түскен гүл ме деуші еді. Сәніңді, салтанатыңды көрген, сыңғырлаған күлкіңді естіген жан қараптан-қарап тұрып, шырын жаннан кешкендей еді. Сені қолға түсіру көктегі жұлдызды көксегенмен тең еді. Саған бас қосқанда Пахраддин аспанның гауһар жұлдызын алақанына қондырғандай байтақ сахарадағы жалғыз бақытты жігіт өзі болып еді. Содан бері мінеки өзіңмен талай сәулелі жылдары бірге өтіпті. Сенің жанарыңның, жаныңның шұғыласы мынау сұрқай тірлігіне жарығын түсірумен келген. Қайран кермиығым, кербезім! Керілген кер маралым! Кенеп дорбаны иығыңа салғанынды көргенше, Пахраддиннің шыққыр көзі неге шықпайды!


Пахраддин жаралы арыстандай ыңыранып, бұлықсып күрсін атты.


— Не болды, көкесі? — деп, Сырға лып етіп отыра қалды қасына. Үздігіп мөлдіреп қарайды кеп бүған. Өзі көлеңкедей әрең қозғалып жүрсе де аяйтыны Пахраддин. Қайран Сырға, асылым-ай, аяулым-ай! Сөйткен қосағың, тәңірдей табынып жүрген азаматың не көрсетті саған? Не әуселе керсетті? Иығыңа кенеп дорба ілгізіп жуа тергізгені ме көрсеткені?


— Уһ! — деп, көкірегі қарс айрылып кетті Пахраддиннің. Дөңбекпііп кетті.


— Бісміллә! Бісміллө! — деп, үстіне түсіп жыламсырап бебеу қақты Сырға. — Көкесі, не болды?!


— Уһ, Алла-ай! Не жазығым бар еді?! Уһ! — деп, ышқынып жастықтан басын жұлып алды Пахраддин. Екі иығынан дем алып, дір-дір етіп, көзден жасы бұршақтап кеп берді.


— Қай қылығымнан жаздым! Не қиянатым болды адам баласына! Не жазығым бар еді?


— Бісміллә! Бісміллө! — деп, зәресі ұшып кеткен Сырға зар илеп Пахраддинді құшақтай алды. — Не болды, сабыр етші, көкесі!


Сырға ерінің кең иығынан қапсыра құшақтап, ашылып қалған омырауын қымтап әлек.


— ... Асасы, маған лағынет неге айтпайсың?! Мен...қарабет болдым ғой... кешегі қаңғыған дүйім ел алдында... сенің алдыңда... бала-шаға алдында... сенің обалыңа, жұрттың обалына қалдым... мен.


— Көкесі, қойшы енді... Құдайдың ісі шығар...


Пахраддин Сырғаның сезіне жұбанғандай, байыз тауып ойланғандай болды. Сырға оны жұбатып отыр.


— ... Елді көшірсең... мал-жанына жайлы қоныс іздедің... Жамандық ойлаған нең бар? Көшпеген жұрттың да көріп отырған әуселесі белгілі ғой...


— Білмеймін... "Қырсық бір айналдырса шыр айналдырадының" кері ме. Әйтеуір, бір шырғалаңнан шыға алмай-ақ қойдық қой... Ақыры, мынау... тозғынға түскеніміз...


Содан кейін екеуі жайдақ төбе басында түн жамыла отырып ұзақ ойға шомды.


— Ел дейсің-ау... Сол елің қайда қазір? Жапан дүзде шойырылып отырған сені неге сол елің қазір іздемейді? Ауызыңдағыны жырып берген жұртың неге сені іздемейді?— деді Сырға ашынып.


Пахраддин таң қалды. Сөзге сараң, өмірде үні шықпайтын Сырғаның, міне, тұңғыш рет ашынып сөйлегенінің куәсі болып отыр. Айтып отырғанының бәрі рас. Бірақ, Пахрадцин кешегі шұбырған елден Сырға тәрізді қайырым, жәрдем дәме етіп иегі қышымас еді. Өзгеге қарайламақ тұрмақ, ол жазғандар өз бастарын аман алып ел шетіне жетсе екен. Сөйтіп, өкіметтің назарына ілігіп, әйтеуір, аштық зұлматтың құрығынан құтылса екен.


— Бәйбіше! — деді Пахраддин бір кезде.


— Ау! — деді Сырға.


— Қозғалайық!


— Шамаң бар ма жүре алатын? — деп, қуанып сұрады Сырға.


— Бар-ау деймін...


4


Кісі арып-ашқанда қарға адым жер мұң болатын әдеті ғой. Ертесіне түске таман тіптен естен тануға айналды Хансұлу. Жапырақтап үзіп беріп үнемдегенмен нан да бітті. Баласы нан сұрап қақсағанда алғаш жын қағып кетермін деген. Бірақ оған да көнді. Еті үйренді. Балалар қақылдап-қақылдап ақыры, нәтиже шықпағасын олар да тыншықты. Біресе арқалап, біресе жаяу жетелейді баласын. Балапанды жемдегендей ауық-ауық аузына бидай салып қояды. Бала соны талмап жатып, кейде арқасыңда ұйықтап та кетеді. Өз өзегі талып, көзінің алды қарауытса дагы сылпытып келеді. Әйтеуір, сылпытып келеді. Алдында таяғы тырсылдап, өңкендеп адымдаған Дәу апа. Дәу апа... Япыр-ау, бұ неткен қажырлы кісі. Шаршағаннан, қалжырағаннан Хансұлудың кейде тізесі бүгіліп-бүгіліп кетеді. Сондайда отыра кетейін десе Дәу ападан қорқады. Дәу апаның түсі өрт сөндіргендей ызбарлы. Іштей ширыққан, жаныққан қолбасшыдай айбатты. Шаршағанын айтуға Хансұлу сескенеді.


"Жас басыңмен бұ не, тақа, қамырдай езіліп! Кәне қимылда, бас аяғыңды!" деп тастауы ықтимал. Өмірінде кісіден сөз естіп көрмеген Хансұлуды намыс қамшылай түседі. Жас басымен жетпіске келген кемпірден кем соққысы келмейді. Бір жағынан, арқасына жабысқан қаршадай нәрестесін ойлағанда кеудесінде жан барда қыбырлай беру керек екенін біледі. Божырауға, босауға хақы жоқ еді Хансұлудың.


— Балам, шаршадың ба? — деп қояды Дәу апа. Үн қатуға шама жоқ Хансұлуда. Дыбыс қатпайды.


— Жә, шыда, қазір дем аламыз! — дейді тағы да Дәу апа жұбатып.


Жиде, тораңғыл, тал өскен үлкен бір ұзынша аңғар сайдың шетіне жетіп іркілді түске таяу. Жар басына қоржынын қойды Дәу апа. Хансұлу арқасында ұйықтап жатқан баласын жерге түсірді. Байғұс балада үн жоқ. Әлсірегенге ұқсайды. Екі баланы жерге көрпеше төсеп соның үстіне отырғызды. Алдарына орамал жайып, орамал үстіне азғана бидай шашты. Балалар бидайды балапанша шұқып теріп жеуге кірісті. Бәрінде де үн жоқ. Дәу апа да, Хансұлу да қытыр-қытыр шайнайды бидайды. Жарықтық қуырылған қызыл бидайдың иісі-ай. Дәмі балдай ериді таңдайда. Арандары ашылып өңіреңдеп жалмап барады дастарқаңдағы бидайды, түйіріне дейін теріп жеп. Әсіресе, екі бала шүйкілдеп өліп барады.


— Жә, болды! Қанағат! — деп, Дәу апа орамалды жинады. Екі бала еріндерін жалап, жұтынып жәутең қақты.


Баласының түріне одан әрі қарауға дәті жетпей, көзіне жас айналып назарын шөл далаға бұрды Хансұлу. Аспан таза, ашық. Жазғытұрғы жалпак, әлемге Күн нұрын риясыз төгіп тұр. Көгеріп, түлеп жатқан қырлар, сайлар, алыс-жақын көк сағым көлкіген алаптар.


Тұла бойы зіл тартып, шаршаған Хансұлу отырған жерінде қоржынды жастанып қисайды. Сол-ақ екен, күллі денесі маужырап ештеңені ойлатпай ұйқы шақырды. "Ух" деп, жаны жай тауып күрсінді.


5


Пахраддин мен бәйбішесі түнделетіп біраз қозғалды. Аспанды бұлт бүркеп, аяқ жолдарын әрең көріп қана отырды. Түн ортасына таман бұлар бір кең айтақырға келіп тірелді де, соқпақ жолдан адасып қалды. Бірақ, іркілмеді. Келе жатқан бағыттарын өзгертпей ілби берді. Шығыстан таң сібірлей бастаған шамада қалың раң өскен үй орнындай тегіс көк шөптің үстіне көрпеше төсеп жатып дем алды. Күн жерден тұсау бойы көтеріле қоржынды иыққа салып, тағы алға қарай қозғалған.


Сәскеге таман қарағанды, тырбық дүзгенді, көк шөбі тұнып тұрған құмайт шағылға кезікті. Осы жерде Пахраддин ойланып іркілді.


— О, не көкесі? — деді, діңкелеп әрең келе жатқан Сырға.


Пахраддин сонау алыс, сағым кілки бастаған көкжиекке екі оқтылау ойланып кеп қарайды.


— Ух, — деп Сырға жұмсақ құмға отыра кетті.


— Ымм... о, паруардігер? — деп, жалпақ алақанымен мұртын сылап тұрып дағдарды Пахраддин. — Менің шамалауымша бұ кезде біз "Есек өлгеннен" өтіп Жиделі сайдың о жақ, бұ жағында жүруіміз керек еді. Ендігі жерде бағытымызда мынандай құм шағыл кездеспеуі керек еді...бұ қалай?! Астапыралла!


Сырға бәйбіше сөйлесуге шама жоқ, отырған жерінде басын қоржынға сүйеп көзін жұмған. Пахраддин өз көзіне өзі сенбей биігірек бір төбешікке шығып тағы назар жіберді, сағым тола бастаған төңірек атырапқа. Уай, әттеген-ай. Түнделетіп бекер жүрген екен. Жарыкта болса ғой, соқпақ жолдан шығар ма еді. Тіптен, жолсызбен жүрген күннің өзінде де бұншалықты бағыттан көп ауытқымауы керек еді. Бұған не көрінді адасып? Әлде мана таң алдында көз шырымын алып оянғанда, басы айналып басқа жаққа жүріп кетті ме екен? Ұқса бұйырмасын. Сырғаға не дейді енді? Қай бетімен айтады "адастық" деп? Жетпегені осы еді енді...


6


Хансұлулар "Ел қарасын көреміз-ау" деген үміттен күдер үзе бастаған. Жол жеткізетін емес. Әбден титыктады.


— Балам, — деді алда келе жатқан Дәу апа. Бұл — мезгіл кіші бесінге таяған шама еді. Айнала кісі бойын жасырғандай қалың жыңғыл, тал, ши. Соның арасымен ирелендеп жалғыз аяқ соқпақ қашады.


— Балам, көріп келесің бе? Ел шетіне де жетіппіз-ау!


Хансұлу еңсесін көтерді. Оң қапталда, әудем жерде қабырғалары жартылай құлаған ескі кесек там тұр. Одан әрігеректе де қалқиған сыңар қабырғалар байқалады. Және сәл жүргеннен кейін Дәу апа:


— Естіп келесің бе? — деді. Тоқтап тың тыңдады.


Хансұлу да іркіліп құлақ түрді. Есектің ақырғаны естіледі алыстан.


Күн ұясына еңкейген шамада қозыкөш жерде түтіні шүйкеленіп иірілген қала көрінді. Қоңырат деген қала.


Жыңғыл арасындағы бұлтиған шағын бір төбешікке шығып қарап тұр бұлар. Аштықтан, жол азабынан итсілікпесі шығып аяқ үстінде әрең тұрған Хансұлуға Қоңырат о шеті мен бұ шеті көз жеткісіз үлкен шаһардай боп елестеді. Біріне-бірі мінгескен үйлері де көп сияқты. Әйтеуір, көзге тығыз, жыпырлап көрінеді. Ғұмырында қала көрмеген Хансұлуға анау көрінген кесек үйлі Қоңырат қыры-сыры беймағлұм бір жат дүниедей.


— Қала дегенмен... бізді онда құшақ жайып күтіп отырған жан жоқ, балам! — деді Дәу апа, қабақ шытып, арқасында ұйықтап жатқан немересін әлдилегендей теңселе түсіп. "Бәсе, — деді іштей Хансұлу. — Бәсе, осылай боларын сезген. Сонда бұлар танымайтын калаға итініп неменеге сонша асықты?"


— Бейтаныс қала ғой... түнде кірмей-ақ қоялық... ұры-қары, аш-арық көп дейді ғой, — деді Дәу апа, батыс жаққа мойын бұра беріп. — Балам, мына тұрған зират — "Дәуіт ата" зираты. Басыңда кісі түнейтін жері бар. Сонда барайық!


"Дәуіт ата" зираты Үстірттің бергі бір мүйісінің үстінде екен. Төрт құлақты бейіттер батар Күннің жалқын нұрына малынып тұр.


— Балам, хабарың бар ма, жоқ па, білмеймін?..— деп, әңгіме бастады Дәу апа. — Мына алдымыздағы зират жарықтық қасиетті бабамыз Дәуіт батырдікі. Барақ, Барақтан — Асау, Асаудан — Дәуіт туған ғой. Барақ батырдың аруағы өзінен кейін ұлы Асауға, Асаудан кейін осы немересі Дәуітке дарыған дейді. Аруағына бас иіп барайық басына!


Жалбарынайық... — Дәу апаның дауысы дірілдеп сөзінің соңын жұтып үнсіз қалды.


Кімге мұңын шағарын білмей келе жатқан Хансұлуға үнай кетті мына ақыл. Бұның қасіретіне құлақ түрер әулие-әнбиелер бар болса, Хансұлуда оларға айтар мұң-зар аз емес-ті.


Жайдақ төбе үстіңде екен Дәуіт ата зираты. Көз байлана жетті. Ою-өрнекті сандық тастармен қоршалған төрт құлақты бейіттердің сән-салтанаты бірінен-бірі асады. Меңіреу ымырт қараңғысына еніп бара жатқан қойымшылық маңайы жан үріккендей зіл тыныштық.


Төбенің батыс жақ құлай берісінде төбесі шым сылақ, қоңыр кесек үй тұр. Дәу апаның айтқаны рас болып шықты. Есігін күрекпен тірей салған иесіз үй. Мінәжат етуші келім-кетім жұртқа арналып салынған үй. Балаларды жерге түсіріп, иықтан жүктерін алып Хансұлу да, Дәу апа да "ух" деп, белдерін жазды. Балалар да төңірекке қарап аң-таң.


— Балаларым! Көрдіңдер ме? Үйге келдік... — деп кояды Дәу апа балаларды алдаркатып. Дәу апа есікке тіреулі тұрған күректі ала бергені сол еді, маңдайша тұс сатыр-сұтыр ете қалды.


Құс екен. Қанаты сусылдап қараңғыға сүңгіп жоғалды.


— Тфә! Тфә! Жүректеріңе түкіріндер, қорықсандар! —деді Дәу апа.


Тіреулі күректі алғаннан кейін сықырлауық есік шыңғыра шиқылдап ашылды. Үңірейген каранғы ішке кіруге Дәу апаның да жасқанып тұрған қалпы бар.


— Е, садағаң кетейін... — деп қояды Дәу апа. — Осы әулиенің өзінің киелі құсы бар деуші еді. Сол екен ғой әлгі жарықтық.


Дәу апа дегенмен жүректі кісі. "Бісміллә!" деп, қараңғы үйдің табалдырығын жалғыз аттады. Жан дүниесіңде үміт пен күдік шарқ ұрып, екі баланы білегінен ұстап шеттеңкіреп тұр Хансұлу. Сыртта жел көтеріле бастаған. Аспанды жапқан бұлт бар. Жауын жауып кетпесе неғылсын... Дәу апа шырт еткізіп оттык тұтатып қараңғы жайдың ішін ала көлеңке жарық етті. Іле-шала кемпірдің:


— Е, садағаң кетейін! Бесе! — деген қош көңіл үні естілді. — Хансұлу, балам, бері кел!


Хансұлудың жүрегі лүпілдеп кетті. Құдды жаюлы дастарқан, мол тағамның үстінен шыққандай Дәу апаның дауысы ширақ шығып еді. Балаларды сүйрей-мүйрей есікке ұмтылды. Бірақ, ала көлеңке үй ішінде босаға тұста май шамға от тұтатып сопайып тұрған Дәу ападан басқа назарға еш нәрсе ілінер емес. Хансұлудың назары дастарқанды, нанды іздегіштейді.


— Көрдің бе, балам, майшамды?! — деді Дәу апа, жарық түскен иесіз бөлме ішіне ол да енді айнала қарап. Төрде қамыс төсеніш үстінде ескі текемет жатыр. Босаға жақта қазан, тұтқыш, құман тұр. Дәу апа "Бісміллө!" деп, қазанның қақпағын ашты. Үңіліп қарады.


— Міне, су бар екен, балам! — деді, дауысы ширап.


Хансұлудың күткені бірақ басқа еді. Нан бар ма, сол еді білгісі келгені. Есеңгіреген күйі тек нанды іздейді. "Нан" деген ғажайып үнді естігісі келеді.


Дәу апа үй ішіне үрпиіп үнсіз назар қыдыртқан Хансұлудың, көздері жаутаң қаққан нәрестелердің нені іздеп, нені көздегенін түсініп-ақ тұр. Өзі де көлеңкесімен қоса ербеңдеп тінтіп жүр бөлме ішін. Іздеп жүр. Балалардан маза кетті.


— Әже, ол не, нан ба? — Едігенің таңдайы тақ-тақ етеді.


— Ой, балаларым, кәне, сәл шыдандар! Қазір отты жағып, өйдейт, шайды қайнатамыз! Өйдөйт, ыстық шай ішеміз! —деп, кенет, Дәу апа дауысы самбырлап бала-шағаға қайрат бере, жігер бере сөйледі. Өзі құманды алып сүріне аттап сыртқа беттеді.


Бидай салынған кішкентай қалтаның ырқы Дәу апада болатын. Дәу апа айтпайды қанша ас қалғанын. Үнемдеп келеді әйтеуір. Хансұлудың шамалауынша бүгін бидай бітуге тиісті. Шайға Дәу апа не бергелі отыр, о жағы жұмбақ. Дәу апаның ажарына қараса үміт оты жылтырай түседі. Қазір дастарқанға Дәу апа қалайда бір жейтін дәм тауып қоятын тәрізді.


Отта тұрған қара құман, ақыры, сақырлап қайнай бастады.


— Қайнады ғой! — деді Хансұлу.


— Қайнады, — деді Дәу апа. — Сен құманды ішке алып кіре бер.


Хансұлу қара құманды тұтқышпен көтеріп ішке беттеді. Бірақ, Хансұлуға керегі қара құман емес еді. Анталап отырған балалардың аузына қазір не тауып салады Дәу апа! Сол еді андығаны. Буы бұрқыраған ыстық қара құманды көтеріп бара жатып ошақ жақта айналсоқтаған Дәу апаға жалтақ-жалтақ қарай кетіп барады. Қараңғыда жанған отты айналып Дәу апа әлдене іздейтін тәрізді.


Хансұлу буы бұрқыраған қара құманды алып үйге кіргізді. Иықтарына күпі, бешпет жамылып, ұяда отырған балапандардай екі бала шүйкілдеп қоя берді.


— Нан!


— Нан!


— Шыдаңдар! Шыдаңдар! — деп, жаны қуырылып ышқынды Хансұлу, есікке қайырыла қарап. Дәу апа тезірек бір амалын таппаса мына екі бала бұны түтіп жейтін түрлері бар. Балаларды алдарқатайын деп, кесе алып дастарқанға қойды. Тұз қалтадан бір шымшым тұз алып құманға тастады.


Сыртта әлдене "дүрс", "дүрс" етті. Балалар есікке жалтақтады. Дастарқанға қоятын енді еш нәрсе болмағасын Хансұлу бір сәтке лажсыз дағдарып қалды. Аш нәрестелерге қарауға беті шыдамай, бір қырын есікке бұрыла отырды.


Есік алдын орап жел есті. Іле кір-кір жаулығы қарқарадай боп еңкейіп, ішке Дәу апа кіріп келе жатты. Дәу апаның қолында бір ораулы шүберек. "Ия, Алла!" деп, Хансұлу көзін жұмғанда дүние теңселіп кеткендей болды. Балалар мойындарын созып ұшып кете жаздады.


Дәу апа дастарқанның бұрышына кеп тізе бүкті.


— Бісміллә! Мінеки,— деді ескі сұр шүберекті жаза беріп. Хансұлудың көзіне бөлшектелген ақ кесек құрт оттай басылды.


— Таңдайларыңа салып талмап сорсаңдар бұдан өткен ас жоқ. Тек асықпандар! — деп, Дәу апа әрқайсысының қолына бармақ басындай құрттан ұстатты.


Балалар құртқа бас салды. Қақала-шашала шайдан да ұрттап жатыр.


— Асықпаңдар!


— Сорып ішіңдер!


Тілінің астында жатқан бармақ басындай тастай қатты құртты ақ су шаймен қоса талмап отыр Хансұлу. Жарықтық болмашы тұз қатқан ыстық шай таңдайында еріген құрттың сүт дәмін бүкіл тұла бойына жайып таратып, күллі алпыс екі тамырына жол тартқандай. Мандайы жіпсіп қоя берді. Көзі жарқ етіп ашылып, санасына бір сәуле құйылғандай. Хансұлу осы кезге дейін мынадай дәмді құртты көрмеп еді. Бейне таңдайына майлы шырын сүт құйылып жатқандай. Бейне таңдайына Бейіс тағамы тамып жатқандай.


Шым-шымдап бойға ас нәрі жүгіре бастағаннан-ақ, енді шаршағандары сезіліп, сүйектері ауырлап отырған жерлерінде қисая кеткілері кеп маужырай бастады.


Дәу апа бір кезде барып есікті жапты. Бармағын сорып ұйқыға кіріскен бөпесін құшақтап Хансұлу текеметтің үстінде ұзынынан түсіп сұлық жатыр. Кірпігі айқаса береді. Денесі қорғасындай зілмауырланып бір шырын масаң күйге көшіп барады ақыл-санасы. Қайдан келш, қайда жатқанын, ертеңгі күні не болады, о жағын ойлаудан қалған.


7


Көзін ашса босаға тұсы, төбесі күйе-күйе болған қаңыраған ескі жайдың ішінде жатыр шалқасынан. Таңғы салқын жайлап алған бөлме ішін. Оң жағында бүрісіп тоңып Түгелхан жатыр, аштан бұралып. Киімі кір-кір. Оған тығылып Едіге жатыр. Оның ұсқыны Түгелханнан да әрі. Байғұс балаға қарауға аяйсың, Дәу апа орнында жоқ.


Сыртқа шықса Дәу апа Дәуіт ата мазарының алдында тұқшиып, шарт жүгініп құран оқып отыр екен. Қасына барып Хансұлу да тізе бүкті. Екеуі сарғайып келе жатқан таңға жүз беріп ата-баба аруағына сиынды.


Аздасын бет сипап орындарынан тұрды.


Екеуінің де назарлары төбе үстінен бейне алақанға салғандай ап-айкын көрініп жатқан әудем жердегі Қоңырат қаласына қадалды. Қала әлі ұйқыдан ояна қоймаған. Бірақ, тұс-тұсынан тауықтар шақырып жатыр. Бір-біріне иін тіресе быжынаған кесек үйлер. Қарауытқан шоқ-шоқ тұт ағаштары.


Қалаға дейінгі аралық тегіс. Айқыш-ұйқыш аяқ жолдар көрінеді. Ақ теңбілденіп тақыр жатыр.


— Ал, балам, бір Аллаға сиынып, қимылдайық! — деді Дәу апа таң астында жатқан қаладан көз алмай. — Біз барғанша таң да атып, Күн де шығар...


Содан ұйқылы-ояу, балаларды арқалап, жүктерін қолға ұстап екеуі алагеуім таңменен қыбырлап қозғалып кетті қалаға қарай.


Әудем жердегі қалаға жеткенше көкжиектен шашырап Күн де шықты. Әр жерден селтеңдеген адам қара көрініп, қаланың қыбыр-қыбыр тірлігі басталғаңдай. Иті үріп, сиыры мөңіреп, есегі ақырады. Көшеде ерсілі-қарсылы жаяулар. Есек жеккен жаман арбасын сықырлатып әне бір шөгерме бөрікті өлмелі шал шөп алып келеді. Орипек жамылған бір тобыр қыз-келіншек, иықтарыңда кетпендері, шуылдасып қаладан шығып барады. Бригат болса керек жұмысқа беттеген.


— Ал, балаларым, мінеки, Қоңыратқа да келдік. Қазір базарға да барамыз. Кәнеки, енді өздерің жүре қойыңдар!—деп, Дәу апа балаларды көңілдендіріп, жерге түсіріп жаяу жүргізіп қойды. Балалар көрінген нәрсеге бір қарап аздап та болса жұбанып, жетекке еріп келеді. Түнде жауған жаңбырдан жер бусанып жылы топырақ иісі шығады.


Жан-жағы дуал тар көшеге келіп кіре берді. Бейне бір ертек дүниесіне енгендей қатты әсерленді Хансұлу. Үйлердің бәрі кесек дуалдың ар жағында. Көрінбейді. Түтіндері шығып жатыр ошақтарынан. "Қала дегеніміз осы екен ғой!" дейді, Хансұлу іштей үркініп. Дәу апа бір рет Қоңыраттың базарында болған екен, ертеректе. Ғұмырыңца қала көрмеген Хансұлу көшеге кірісімен-ақ басы айналғандай. Дәу апа болмаса мәңгіріп тұрып қалатын түрі бар. Орипек орамал жамылған әне біреулер қалпақтың әйелдері ғой. Ал, мынау басына шапан бүркеніп беті-аузын тұмшалап алған өзбек келіншектері болар, сірә.


Өстіп, әр нәрсеге бір алақтап келе жатқанда бұрқ етіп, піскен нанның иісі шықты қаптал тұстан. Жасаған ие-ау, тура оттан енді суырған піскен нан иісі, танауды жарып барады.


— Нан?!


— Апа, нан?! — деп, балалар жамырап қоя берді. Нанның иісі келген тарапта дуалдың ішінен түтін будақтап жатыр екен. Балаларда ес жоқ. Жемге ұмтылған арық қойдай топырласып сол үйдің есігіне қарай жүгірді. Дәу апа артта қалды. Мана аяқтарын әрең көтеріп келе жатқан балалар енді жетім қозыдай томпаңдап шауып барады қақпаға қарай.


Есікке Едіге бұрын жетті. Бала есіктің саңылауынан сығалады. Есіктің саңылауынан ішке Хансұлу да үңілді.Қателеспепті. Есікке жақын тұста орипегін жамылған қалпақтың бір келіншегі еңкейіп, тандырдан нан алып жатыр.Жап-жалпақ тандыр нанды оттан суырып, жердегі ағаш табаққа салды.


— Нан!


— Апа, нан! — деп, шүйкілдеп қоя берді, балалар.


Осы кезде Дәу апа:


— Былай тұрыңдар! — деп, келіп есікті тарс-тұрс ұрды.-—Осы үй ме анық нан жауып жатқан?


— Осы үй, — деді Хансұлу.


— Әне! Әне! — деп, іш жақты нұсқады Едіге. Сөйткенше есік те ашылды. Орипек орамалды әлгі сұңғақ бойлы қара сұр келіншек есікті жартылай ашып бұларға таңырқай қарады.


— Балам, мүсылман баласы екенсің?! Наныңнан сат бізге!— деді Дәу апа, келіншектің қолына мыж-мыж болған қағаз ақшаны ұстата беріп. Келіншек алаканындағы ақшаға бір, көзі жәутендеген балаларға бір қарап бөгелеңдей берген.


Дәу апаның:


— Құдай үшін, балам! Сата ғой наныңнан! — деген жалбарынышты үні шығып кетті.


-Яхшы! — деп, келіншек бұрылды да, әлгі табақтың бетіндегі орамалын сыпырып үстінен бір тандыр нан алды.


— Балаларым, жүріндер! Сыртқа шығайық! — деп, нанды алған Дәу апа, сыртқа беттеді. Опыр-топыр бәрі сыртқа ұмтылды. Шыға салысымен Дәу апа қоржынын жерге қойып дөңгелек жұқа тандыр нанды екіге, іле төртке бөлді.


— Маған!


— Маған! — десіп, шүйкілдейді балалар. Оңды-солды ағылған жұртта шаруасы жоқ. Бұлар енді дуалдың түбіне жүктерді қойып отыра қалып жұмсақ нанды ауызға бұрап соғып жатыр. Осы дуал түбінде отырып жеген мына ыстық нанның дәмі тандайында өмір бақи қалар-ау деген ой кірмеп еді Хансұлудың басына. Бұндай хош иісті дәмді нанды Хансұлу бұрын-соңды жеп көрмеген сияқты. Тіске тиісімен жұмсақ нан таңдайында өзінен-өзі еріп бара жатқандай. Осы кезге дейін өмірдің бір ақиқатын түсінбей келгеніне таң. Қызыл бидайдың наны дастарқанда жатса, тіршіліктің өзге тауқыметі тауқымет емес екен ғой! О, Жасаған Ие! Өмірдің осы ақиқатын бұрын неге түсінбеген?!


Балалар әлгі алақандай нанға тоймай қалып еріндерін жалап, жалмаңдап тағы қыңқылдайды. Хансұлу да, Дәу апа да қолдарындағы нанның қалғанын балаларға берді. — Қой, балам, қимылдайық! — деді Дәу апа.


Жүктерді иыққа қағып салып көшені бойлап қозғалып кетті. Анда-санда "Базар қайда?" деп қарсы кездескен жұрттан сұрастырып қояды. Көше ирек-ирек. Тар. Есек мініп митыңдап бара жатқан біреу. Базарға қарай ағылған жұрт.


Біреу ешкісін сүйреп, біреу қойын айдайды. Қаланың ішіне ұзап кірген сайын әр түрлі иіс-қоныс молайғандай. Өздері сияқты, арып азған қыр қазақтары көріне бастады. Балаларына қайыр сұратып қойып өздері дуалға арқа сүйеп әрең отырғандар көп. Сұлап жатқандары да көрінеді.


Ағылған жұртпен қабаттасып, ақыры, базар алаңына да келіп кірді-ау. Абыр-жабыр әңгіме. Ығы-жығы адам. Біреу сатып жатыр. Біреу алып жатыр.


Балаларының қолынан жетектеп құжынаған елдің арасымен келеді бұлар.


— Алыңыз! Түшпәра! Түшпәра алыңыз!


— Қатық бар! Айран! Бері келіңіз!


— Ыстық самса! Ыстық самса!


— Зағра нан! Зағра нан ал!


Едіге мен Түгелхан самса сатқан әйелдің жанынан кегежектеп өтер емес.


— Әже! Нан!


— Ал, балаларым, әжелеріңнің ақшасы әлгінде біткен! - деді Дәу апа, балаларға айтқан боп Хансұлуға естірте.Хансұлу түсіне қойды Дәу апаның нені мегзеп тұрғанын. "Ақшаң болса сауатын жер келді" дегені.


Құлағындағы алтын сырғасы мен қолындағы жалпақ күміс білезіктен басқа Хансұлуда нәрсе жоқ еді. Дәу апаны шеткерірек шығарып құлағындағы сырғасын шешіп қолына ұстатты.


— Апа! Осыны сатыңыз! Нан-пан алайық! — деді.


— Ақша жоқ па еді? — деді Дәу апа, күректей алақанында жылтыраған алтын сырғаға қарап. Іле:


— Жүр! Енді бұның бәсін білейік, қанша тұрады екен!— деп, Дәу апа жайма базарға қарай жол бастады.


— Құдай сәтін беріп, бүгін базар күнге тап келгенімізді қарашы! — деп қояды Дәу апа. — Жан-жағыңа қарай жүр, таныс біреу кездесіп қалар!


Базардың бір шетінде түйелерін шөгеріп қойып отын сатып жатқан түйежүн шекпенді, елтірі бөрікті қыр қазақтарын Дәу апа танымады. Дәу апа жақындап жөн сұрап еді, ернінде бұлтиған насыбайы бар ала көз шермек сары:


— Қошай атам-ау, сол ауыл шіждей ме едіңіждей? Құмның ішінде башпашы шапқан? Қошай атам-ау, ол ауыл шөйтіп аштыққа ұшыйады деңіш? Шеше! Шіж ол туыштарыныжды жағадан іждеңіж! Алматыдан өкіл келіп жатый, Ашылбеков деген. Ол шондай ауылдайды жинап жатый, кемемен алып кеткелі жатый. Шолай, шеше!


— Ай, інім, жағалауынды біз қалай табамыз? Соны айт сен! — деді Дәу апа.


— Қошай атам-ау, міне тиіп түй! Былай жүйе бейіндей! Суға байашындай, көп үжамай! — деді, шүлжің шермек сары көзі бақырайып.


Сөйткенше арт жақтан шаң-шұң айқай шықты.


— Мелиса шақырың! Бай-бай!


— Мелиса! — деген байбалам үн естілді.


Хансұлу шүлжің қазақтың аузына қарап тұрған кезде Едігеден айырылып қалыпты. Жаңа ғана қасында тұрған.


Базардың шетіндегі шаң-шүң айкайдың ортасында бір бала көрінеді. Самса сатушы әйел әлгі баланы білекген ұстап алыпты.


— Ойбай, менің балам ғой анау! — деп, Дәу апа тұра ұмтылды. — Кызым-ау, қалай айырылып қалдың?


Хансұлу да қоса жүгірді.


Самса сатушы әйел Едігені білектен ұстап тұр. Төңірегі үймелеген кісі.


— Ұстатыш керек!


— Тапсырыш керек мелисаға!


— Шундақлар көбейіп кетті! — деп, бір томпақ саудагер қолын ербендетеді. Қорқып кеткен Едіге шырылдап тұр жылап.


— Адыра қалғыр. Әй, жібер баланы! — деп ұмтылып келеді Дәу апа, қалың жұртты жарып.


— Тапсырыш керек мелисаға, шундақларны! — деп


байбалам салып, әлгі томпақ қарын саудагер мұрты ербиіп, Дәу апаның алдын кес-кестеді.


— Адыра қалғыр, былай тұр жолымнан! — деді


еңгезердей Дәу апа, томпақ қарын саудагерге төніп келіп, төбесінен еңкейіп.


— Яқ! Яқ! Болмиды. Мелиса! Мелиса! — деп, томпақ қарын саудагер Дәу апаны өңменінен итерді. Сол-ақ екен, қаһарына мінген Дәу апа:


— Мә саған "мелиса!" — деп, кестапандай жұдырықпен томпақ қарын саудагерді құлақ шекеден қонжитты. Томпақ қарын саудагер төрттағандап ұшып түсті. Сәлдесі домалап кетті. Көріп тұрған халық қыран-топан күлкіге батты. Самса сатушы әйел қара кемпірдің екпінінен қорыққаннан Едігені


босата салды. Едіге бақырып кеп әжесінің кең құшағына тығылды.


— Қой! Қой! Құлдық етейін, жылама! — деп жатыр Дәу апа немересін көтеріп бауырына басып.


— Вай, бұ қырады, ә! — деп, сәлдесін қаққылап тұрегеле берді таяқ жеген саудагер, қып-қызыл боп.


— Мелиса қайда бұ, вай! — деп бажылдаумен тұр самса сатушы әйел.


— Мында! Мен боламын "мелиса!" — деп, топ ішінен қара былғары кепкалы, қара былғары плащты орта бойлы бір сары кісі алға шыға берді.


Самса сатушы әйел өзіне туралап келе жатқан оқыған төрені көріп сасқалақтап қалды.


— Қанша самсаңызды жеді бала? — деді, әлгі кісі қалтасына қолын сұға беріп.


— Бітта! Біттасын жеді, — деді әйел қаймыжықтап.


— Мінеки, ақшаңыз! — деді кісі. — Және сегізін беріңіз!


Қолына ақша тиген самса сатушы әйел тұқшыңдап алдында тұрған өкімет адамының өтінішін орыңдауға кірісті.


Кісінің соңында екі қызыләскері бар екен. Олар да жақындады. Кісі сегіз самсаны кәзитке орап алды да, Дәу апаның құшағында өксігін баса алмай тұрған баланың қолына ұстатты. Жұрт аң-таң. Дәу апа да, Хансұлу да аң-таң.


— Бері жүріңіз, апа! — деді кісі, базардан шығатын есікке қарай жол бастай беріп. Әлгі екі қызыләскердің бірі —Дәу апаның, бірі — Хансұлудың жүгін қолынан алды.


— Апа, қай жақтансың? — деп, былғары плащты кісі сыр тартты Дәу ападан.


— Е, балам-ай, қай жақтан дерің бар ма бұл апаңның?! Кезінде кәлектиптен қаштық. Сөйтіп жүргенде баспашыға тоналдық. Ақырында жұтап, қаңғып жүрген бейбақтар боламыз! — деді Дәу апа.


— Бәсе... біз де солай шығар деп топшылап едік... —деді, былғары плащты, толықша, қой көзді сары кісі. —Былай, апа! Қазір, мына жігіттер сіздерді жағаға алып барады. Ас та, баспана да бәрі сонда бар. Қарсы емессіз ғой!


— Қалқам-ау, неге қарсы болайық! Ас берсеңдер, баспана берсендер неге қарсы болайық?!


Көшеде ат жеккен екі арба тұр екен. Соның біріне бұларды отырғызды. Делбеге қызыләскердің бірі отырды. Мұрты енді тебіндеп келе жатқан жап-жас жігіт екен. Дәу апа да, Хансұлу да арбаға мінгеннен кейін әлгі "өкімет адамы" берген самсаға қол ұрды. Қашан самса ораған кәзит босағанша бұларда үн болмады. Бір кезде бойға нәр тарап ес жиған Дәу апа делбеде отырған қызыләскер баладан там-тұмдатып сыр тартты.


— Балам, әлгі төреңіздің ныспы кім болды?


Қызыләскер мырс күлді.


— Шеше, ол "төреңіз" Абдолла Асылбеков деген Каз.ЦИК-тің секретары. Алматыдан келген, — деді.


Арба бұл кезде қаланың арқа тұсындағы сортаң жазыққа шыға беріп еді.


— Садағаң кетейін... кім болса о болсын, әйтеуір бір иман жүзді бала екен өзі, — деді Дәу апа.


Қызылөскер:


— Кешегі асыра сілтеудің кезінде, апа, өздерің сияқты жан-жаққа қашқандар көп болды қазак жерінен. Бүгінде де аштықтан шұбырып кетіп жатыр елден, жерден. Соларды жинап елге көшіруге келдік,— деді тағы да.


— Е, жөн екен, балам! — деді Дәу апа бас изеп, риза болып.


Жан-жаққа Күн сәулесі мол түсіп тұрған алаптарға, жыңғылды тоғайларға, тегістеп тастаған егінжайларға, тұт ағаштарының арасына жасырынған балшық үйлерге қазір Хансұлу өзгеше бір өміршең көзбен қарайды. Әлгінде базарда, бір түпсіз тұңғиыққа түскен екенбіз ғой, адам болудан қалған екенбіз ғой деп аспанын мәңгі түнек басқандай жүнжіп еді жаны. Бір күшті құдірет келіп сол құлдырап құрдымға кетіп бара жатқан жерлерінен суырып алғандай, тұңғиықтан жарық дүниеге алып шыққандай қазір.


Дәу апа қызыләскерден жағадағы елдің ішіңде "Пәленше деген бар ма, түгенше деген бар ма?" деп жөн сұрап еді, қызыләскер айтқан кісілерін танымайтын болып шықты.


Көкжиекпен астасып жатқан сұрғылт тегістік шалынды көзге.


— Қайсы, жарықтық Әмудариямыз сонда анау ма? — деп шұқшияды алға қарап Дәу апа. Дәу апаның да,


Хансұлудың да Әмударияны тұңғыш көруі еді бұл. Балалар:


— Ол не? — десіп, арбадан бастарын қылтитты. Хансұлу:


— Апа, бүл дария неге сұп-сұр? — деп таңырқады.


— Арнасына сыймай аққандықтан шығар лайытып жатқаны.


Алыс көкжиекпен түнере тұтасып жатқан орасан жойқын дария бұларды ә дегеннен сұсымен сескентті. Лайытып, көбіктеніп жал-жал толқындары аунап төңкеріліп, арнасына сыймай толықсыған дарияны жаны бар су екен дерсіз. Сол суға, құдіретті жойқын күш иесіне тіке қарауға дәтің шыдамайды. Бойына бір түрлі үрей шапқандай Хансұлудың.


— Апа, мана сіз саудагерлермен шайқасты бастаған кезіңізде мен біреуді көрдім топ ішінде... — деді Хансұлу. Дәу апа Хансұлуға қадады көзін.


— Қолында таяғы бар Лабак ахунды көрдім топ ішінде.Тура, әпенді, түрі.


— Е, балам-ай, болса болар... "Тұрымтай тұсына, балапан басына" кеткен заман ғой... Оған таң қалатыны жоқ... —деді Дәу апа, бет әжімі қалыңдап ауыр күрсініп. —- Сен оны айтасың... Әлгі базарда мен бір сұмдықты көрдім ғой... Қыз баласын саудаға салып тұрған аш байғұс ата-ананы көзім көрді ғой... Өзіміз сияқты қырдың қазактары...


Дәу апа одан әрі сөйлей алмады. Тілін жұтып Хансұлу да үнсіз қалды...


Жағада от түтетіп, қостанып жатқан алабажыр бір қауым ел көрінді. Жаулықтары ағарып арасында әйелдер жүр.Бұттары сидаңдап балалар жүр. Қаратал, шігілдік, бояуы қалың өскен жағаның тегістеу алаңқайына орныққан бір қауым ел. Екі-үш жұлым үй көрінеді. Он шақты қоңыр брезент шатыр тұр. Бес-алты жерде от түтеп, мосыға шәугім, шелектер ілініп қойылыпты. Түс әлеті кезі еді. Шамасы, жұрт ас қамына кірісіп жатса керек. Қатындар от басында күйбеңдеп әлденені турастырып, еркектер отын бұтарлап от жағып жүр.


Алдымен бұлардың арбасын балалар қоршап алды. Одан кейін жұмыстарын тастап әйелдер жүгірді.


— Ойбай, Дәу апа ғой мына келген?!


— Аман жеттіндер ме? — деді шуылдасып.


— Өздерің де амансыңдар ма? — деп, Дәу апа түсіп


жатыр арбадан. Назарлары төмен, сүдіндері жоқ еркектер де біртіндеп жақындады.


— Ойбай-ау, би қайнағалар қайда?


— Балқия табылды ма? — деп, сұрақты жаудырып жатыр әйелдер үсті-үстіне.


— Е, қарақтарым-ай, жетпіске жетсек те бұл фәниде


көрмегеніміз көп екен. Несін сұрайсыз, көрдік кой көресіні.Ух, — деп, қапсағай тұлғалы Дәу апа белін жазып, қабак шытып ауыр күрсінді. — Анау... біздің "қаншықты" іздеймін деп Пахраддин сырқаттанып жолда қалды. Сырғасы қасында.Мына екі баламен біз де әйтеуір, итшілеп Қоңыратқа жеттік-ау. Несін сұрайсыз, абырой болганда, Құдай оңдап мына өкімет балаларға ұшырасып...


Содан ашық аспан астына алаша, сырмақ төселіп қадірлі қонақ болып бұлар төрде отырды. Бұларды қоршай кемпір-шалдар жайғасты. Қатын-қалаш дастарқан жайды ортаға. Күлзипа қуырылған бидай төкті дастарқанға. Қатира шақпақ қантты пышақтың қырымен ұрғылап жатыр.


Хансұлу қарап отырса жағадағы халықтың ішінде бұл танымайтын да біраз қожалық бар екен. Дастарқан басына олар келген жоқ. Өздерінше бөлек-бөлек топ болып от түтетіп, қазан көтеріп дербес тіршілік етіп жатыр. Және құлағы шалғаны Қатираның шешесі аштан ісіп өліпті жолда. Біраз бала шығын болыпты. Ішінде — Майлыбай мүсәпірдщ үш баласы бар. Бұлардан екі-үш күн бұрын келген өз ауылдастарының да кәдімгідей райы өзгеріп қалған. Едәуір ес жиып тойынып, тыныққан сыңайы бар. Сөйлеген дауыстары да қаттырақ шығады. Әнгімелерінің де түрі бөлектеу. Өздері кешеден Арал тараптан келетін кемені күтулі екен. Сол кеме енді бүгін келер дейді. Алматыдан келген өкіл бұларды сол кемеге тиеп, теңіз арқылы пойыз аяғына әкетеді-мыс. Содан, жер түбіндегі Әулиеата деген қалаға дейін тартады-мыс. Әулиеатадан түсіріп сол төңіректегі колхоздарға бөледі-міс.


— Ей, жарайды да. Әйтеуір аш қылмаса болды да! — деп, кемпір, шалдар шүкірана етті.


Астан соң Дәу апа қисайып жатып дем алды. Хансұлу екі баланы ертіп, өзен жаққа барды. Жаға кісі бойы тік жарлауыт екен. Су төменде шылпытъш жағаны ұрып жатыр. Ағыстың екпіні жақыннан қарағанда кісі шошырлық. Көз алмай тұрсаң бас айналғаңдай. Әредік-әредікте шұқыр иірімденіп, лайытып жөңкілген мол су. Балалар лақтырған жоңқаны шырқ көбелек айналдырып әкетеді. "Бұл неткен құдірет. Бұл неткен мол су?" деп, жар басында таңырқаумен тұр Хансұлу. Ту, алыс жағада бір қайық көрінеді. Қайық үстіңде шошайған екі кісі. Соған қарап отырып көз жасы бұрқ етті. Әке-шешесі түсті есіне. Құла дүзде қалған қос мұңдар! Күндері не болды екен? Тірі ме екен? Әлде... әлде бір бұтаның түбіңде қарға-құзғынға жем болып жатыр ма екен? Не болды екен? О, арсыз тіршілік! Әлгінде ғана бұл өз жұмырына жұғын барғанға мәз болды-ау. Дүниені ұмытып, есіл-дерті дастарқанның үстіндегі дәм болды-ау. Со кезде ғой, жарты жолда қалған байғұс әкесі мен шешесі миына кіріп те шыққан жоқ. Мінеки, енді есіне алды, әбден қарны тойып болғасын... О, арсыз тіршілік! Айтпақшы, бұған не көрінді? Әке-шешесін тастап қайда барады? Әке-шешесінің өлі-тірісін білмей тұрып жер түбіндегі Әулиеатаға қалай кетпек?


— Апа, енді қайттік? — деді Хансұлу, абдырап, дегбірі кетіп.


— Сабыр... сабыр ет, балам! — деді Дәу апа қабақ шытып ойланып. Алыс көкжиекке еңкейген Күнге сығырайып қарап тұрды Дәу апа. Қайратты, жігерлі, өмірде көрмегені жоқ Дәу апа бұл жерден де бір жол тауып шығатын тәрізді Хансұлуға.


Өстіп тұрғанда қозы-лақша жар басында ойнап жүрген балалар тағы да шуылдап қоя берді:


— Кеме! Кеме келе жатыр!!!


— Алақай! Кеме! Кеме! — десіп.


Кеме балалардың қуанышына орай жауап бергендей алыстан үн қатты, Жар басындағы балалар одан бетер дуылдап мәз болып қалды.


Дарияның төменгі жағынан түтіні будақтап қарауытып кеме келеді. Дәу апаны қайдам, Хансұлудың тұңғыш көруі еді кемені. Көз ала алмай қарайды. Дарияның ағысына қарсы жүзіп кеме жақындай түсті. Бұл кемеге отырды бітті, әке-шешесін, Шегені енді қайтып көре алмайтындай көрінді Хансұлуға. Жер түбіне шығандап кететіндей. Әулиеата қайда, біреу қайда?


— Апа, мен кемеге мінбеймін... — деді.


— Балам-ай, мен де соны ойлап тұрмын.


8


Қараңғы түсе кемеге отыру басталды. Бұл кеменің шын аты "Баржа" екен. Қарауытып түнеріп көлбеп тұр жағада. Ішіне ауыл-аймағыңмен, бота-тайлағыңмен кірсең де тарлық етер түрі жоқ.


Асылбеков басқарған қызыләскерлер алдымен кеменің үстіне шығып аралап көрді. Сөйтіп жүргенде ымырт жабылды. Жұрт бұ кезде жағада жүктерін буып-түйіп, балаларын қолға ұстап өкілдің бұйрығын күтіп тұрды.


Заттарын буып-түйіп жол жүретін адам тәрізденіп Дәу апа мен Хансұлу да қамданған. Шындығында бұлар абыр-сабыр қараңғыны пайдаланып қалың бұтаға қойып кетуді көздеп тұр. Ақыры реті келді. Жұрт дабырлап тұрғанда:


— Ал, мініңдер! — деген бұйрық болды. Содан көпшілік бірін-бірі басқылап кеме мен жарлауытты жалғап тұрған ағаш баспалдаққа қарай таласа-тармаса ұмтылсын.


Қызыләскер айқай салды. Оны тындайтын халық па, у да шу, опыр да топыр. Кеменің ішінен қараң-құраң етіп және екі-үш кісі жүгіріп келді. Қара қойдай топырлап ішке ұмтылған жұрттың алдын кес-кестеді.


— Тәртіп сақтаңдар! — деген айқай ерең естіледі мол нөпір ызы-шудың арасынан. "Бүгін кемеге сыймай қалғандарды келесі кемеге қалдырады екен. Ол келесі кеме отырғандарды суық жаққа әкетеді екен" деген қауесет тарап кеткен мана.


Қазір елдің бірін-бірі басқылап, басқа, көзге қарамай кемеге таласа-тармаса мініп жатқан себебі содан-ды.


— Ал, балам, осыдан ыңғайлы сәт тумас! — деді Дәу апа.


Содан екеуі ығысып шеттей беріп түнерген қалың бұтаның арасына қойды да кетті. Ақ жаулықтарын қоржынга тыкқан, кешкі ымыртта ағарып көзге шалынбасын деп. Балалар — арқасында, түйіншектер — қолдарында, қалың шігілдік, боянның арасымен тартып барады, сарғайған шапағы бар батысты бетке алып. Іздерінен біреу қуып келе жатқандай. Жортақтап, бүлкектеп бұтасы қалың, бұдыры көп жолсызбен сүріне аттап келеді. Үн жоқ. Жаңа бір өзірде, Едіге:


— Әже, неге мінбедік... кемеге? — деп қыңқылдап еді. Дәу апа:


— Өшір үніңді! — деп, бір перді құйрықтан. Балалар да, жүк те ауыр, көтеріп қашуға, ақ тер, көк терлері шығып ырсылдап қалды Дәу апа да, Хансұлу да. Енді құтылдық-ау деген шамада алда келе жатқан Дәу апа "Ух!" деп іркілді. Тоқтаған жерлері кісі бойы қалың боянның арасы еді.


Балаларды, жүкті жерге түсіріп екі иықтан дем алып тұр ырсылдап. Бұрылып соңдарына қарайды, терлерін сүртіп. Боянның тасасынан не көрінсін. Аулақ қалған жаға тараптан сол ызы-шу, қым-қуыт кемеге мініп жатқан жұрттың дабыры жетіп тұр.


— Мәссаған! — деді, түнеріп түн басқан төменгі ағыс жаққа бұрылған Дәу апа. — Жалт ойнап келеді, адыра қалғыр, жауын жауып кетер ме екен?


Сөйткенше, арқа түстан жел гулеп бұта бастарын сыбдырлатып шайқап өтті.


Хансұлу өкпесін соғып ентігіп отыр. Жүрегі кеудесіне сыймай дүрсіл қағады. Көзіне құйылған ащы терін қайта-қайта сүртеді. Алдында тәлтиіп тұрған кішкенгай Түгелінің басынан сипай береді. Шегені айтам-ау, Хансұлу мен мына Түгелхан қазір түн жамылып қалың бұта арасында бұғып отырғанын білмейді-ау. Баласы мен жарының дауыл қуған қаңбақша дірдектеп жүргенін білмейді-ау. Шеге! Қайда екенсің? Алыссың-ау! Жете алмай жүрсің-ау! Бұл тағдыр сірә көрісуге жазса жарар еді... Осы айрылғанымыз айрылған, сен дүниенің бір бұрышында, бұлар бір бұрышында қаңғып кетпесе жарар еді... Сондай бір сұмдық ой келді басына. Жаны түршікті. Мына бұта бастарын теңсеген жел уілі сол мазасыз ызғар ойға қозғау салғандай. Мына тірліктің опасыз бейнесінен хабар бергендей. Сұсы жаман шындықты сыбырлап айтқандай.


Дәу апа екеуінің, ендігі мақсаты — Қоңыратқа жетіп Пахраддиннің ескі тамыры Шамұрат деген қалпақтың үйін тауып алу еді.


Қараңғы әбден қоюлады. Бұлар жүріп келеді. Аяқ асты көзге еміс-еміс шалынады. Қуалай соққан жел бар. Күн жауатынға ұқсайды. Манадан, көкжиектің ар жағында күн күркіреп келе жатқан. Кенет, тура көк желке тұстан аспан шатыр-шұтыр етті. Оңбай шошыды бұлар.


— Бісміллә!


— Бісміллә!


— Қап, қалаға жетпей жаңбырдың астында қалатын болдық-ау! — деді Хансұлу, иығында қапшық, еңкендеп.


— Неғылар дейсің, балам! Жазғытұрдың жаңбыры ғой...— деді Дәу апа.


Майда құрақ өскен тақырлау сортаң жерменен келеді. Құрақ судырлап аяқты қағады.


— Балам, әне бір қарауытқанды көріп келесің бе? Жассың ғой, қарашы, неге ұқсайды өзі? — деп, Дәу апа алға еңкейіп көкжиекке көз тікті. Жаңбыр да тамшылай берген бұ кезде.


Қалтаны иығынан түсіріп Хансұлу да отыра қалып батыс көкжиекке шұқшиды.


— Ағаш тұр қауқиған... Қасында құлаған қабырға ма, бір нәрсе көрінеді...


— Дұрыс... — деді Дәу апа. — Неде болса сол қалқиған нәрсені паналайық... Балаларды жауратып алармыз.


Қайта қозғалды әлгі белгіге бет түзеп. Дәу апа жол қысқарсын деп бір әңгіме бастады.


— Е-ей, балам-ай, жаңбыр дейсің бе, қар дейсің бе, жоқшылық дейсің бе, токшылық дейсің бе, бұл апаң көрмеген не қалды дейсің бұ дүниеде. Иен далада талай жападан-жалғыз түнеп те шыққан бұл апаң!


Дәу апаның әңгімесі біткенше түн жамылып түнерген ағашқа да жақындады. Ағашқа таяу балшык үйдің құлаған қабырғасы. Бұлар тұт ағаштың түбіне тығылып, бұ кезде сабалап жауып берген жаңбырдан бой тасалады. Өздерінің үстеріне көрпешелерді жамылып, балаларды күпіге орап бауырларына қысты.


Күн тағы да бірер рет дүниені дүңгірлетті де, соң біржола тынышталды. Содан суылдап жылы жаңбыр күйсын кеп. Жапырақтар, бұта бастары — төңірек түгел қыбырлап, сыбырлап сыбдыр қақты. Жаңбырдың ғажайып иісі бұрқырады. Құдіретті жаратылыс үніне ден қойып бірауық бәрі қыбырсыз үнсіз қалған. Жаңбыр толастар емес. Әлден уақта балалар ашығып нан сұрады. Сол бүркеніп отырған күйі бәрі құнжындасып бидайдың нанынан ауызға бұрап соғып отыр. Балалар қарындары тойғасын қалғи бастады.


Хансұлу баласын күпіге орап, бауырына қысып жатты. Тұттың жапырағы қанша қалың болғанмен, бір кезде тысырлап үстеріне тамшы тамды. Көрпеше су болуға айналды. Хансұлу ұйықтап қалған Түгелін бауырына қымтап қыса түсті.


— Қалайсың! — деп қояды бұған арқасын беріп немересін бүкіл денесімен жауып жатқан Дәу апа.


— Тамшы тама бастады, — деді Хансұлу.


— Шыдайық! Жерге жарық түссін. Сосын қимылдармыз. Оған шейін мүмкін, жаңбыр да басылар. Көз шырымыңды ал!


Итсілікпесі шығып шаршаған Хансұлудың көзі ілініп кеткен екен. Бір кезде тура жауырын ортасынан құйылған мұздай судан тітіркеніп оянды. Түрегеп малмандай су болған көрпешені сілікті. Көйлегінің етегі, он иығы, жауырыны су болыпты. Жаңбыр саябырлай бастаған. Баласын қымтаңқырап, балапанын бауырына басқан тауықтай үстін ылғалдан көлегейлеп қайта жатты. Киімінен өткен ылғалдан денесі түршігіп, қайтып көзі ілінбеді. Дәу апа ұйықтап жатып солықтап құрғақ өксіді. "Құлыным!" деп қалды. Көкірегі қарс айырыла "аһ" ұрды. Қайран Дәу апа! Қасіретіңнің бәрін ішке жиып жүрген болдың-ау! Бұлышынды жоқтап жатсың-ау, байғұс ана!


Хансұлу тым-тырыс жатыр. Дәу апа жаулығын тартып, көзін сүртіп, орнынан тұрды. Бұ кез төңірек тұс айқындала бастаған шақ еді. Жаңбыр да толастаған. Дәу апа жөткірініп:


— Хансұлу! — деді ақырын.


— Ау! — деді Хансұлу басын көтеріп.


— Қимылдайық, балам!


Таң атып калыпты. Жүктерін буып-түйіп ұйқылы-ояу балаларын арқалап алып, аздасын жүріп те кетті. Жер балшық. Шөп ылғал. Күн шыға көлденең үлкен сайға жолықты. Ары жағында қала да көрініп тұр.


— Су жүріп кеткен бе, балам-ау? — деп таңырқады Дәу апа. Мәссаған, лайытып жаңбырдың суы ағып жатыр сайменен, кіші-гірім өзендей.


— Ымм... адыра қалғыр... Су кешетін болдық-ау! — деді Дәу апа.


Не десін Хансұлу. Үндемеді. Аздап басы ауырып, еті ысып келе жатқанын айтпады. Топырақ, қоқым аралас аққан лай судың жағасына жеткесін көк тырбық ажырықтың үстіне жүктерін қойып, етіктерін шешті. Ұйқыдан енді оянған балалар айналаға жалтақтап таңырқаңды. Баласы арқасында, жүктерін, етіктерін қолға ұстап жалаң аяқ Дәу апа суға бастап түсті.


— Бісміллә! — деп, қою лайсаң кешті Дәу апа. Су ені он бес қадамдай-ақ жер. Дәу апа ортасына таман барды.


Хансұлу бір қолымен етегін көтеріп қырындай қозғалып, лай суға бұл да аяғын батырды. Су тастай екен. Тура мидан шықты. Үн шығармай еңкейіп еппен басып балтырдан келетін мұздай суды жалаң аяқ кешіп келеді. Жұмсақ табанына су астының қиыршық тасы батады. Қабағын шытып тістенеді. Судың ызғары етігінен өтіп, сүйегіне жетті. Акыры жағаға да шықты. Жағаның құмын басқан кезде табанының біртүрлі жаны жоқ сияқтанды. Қоржынның үстіне отыра қалып аяғын кептірді. Сүртті. Шұлғауын орап жылы етігін кигесін барып қана аяғына жан енгендей болды. Бұ жақ бет жерінің "миы шығып" жатқан балшық екен. Сайдан шыға алсашы, жүкпенен. Арқасында бала. Дәу апа балшыққа қарайтын емес, тайған сайын:


— О, адыра қалғыр, тақа! — деп қарғанып, немересін сүйрей-сүйрей, қолымен жер таянып сай кенересіне жақындап қалды.


Қайта-қайта тайып құлап Дәу апаның қиналғанын көріп Хансұлу сайдан шығатын басқа жылға көздеді. Судың ағысына таман бұрыла түсіп бір шағын жылғамен сайдан шығуға ыңғайланды. Бұл жылғадан да су жүріп өткен екен. Көк өскіндердің үстімен аттап басып өрге тырмысты Хансұлу. Арқасында — баласы. Қырқаға шығып алған Дәу апа:


— Балам! Ау, қайдасың? — деп, қақылдап дауыстап тұр.


Хансұлу екі бүктетіліп алға басқан аяғы кері кетіп сары балшығы иленіп етікті ұстаған баураймен өрлеп келеді. Кей жерде қолымен жер таяп төрттағандайды. Көзіне тері құйылып аяқ астын әзер-әзер көреді. Көз алды карауытып дым көрмей, басы айналып тұрып қалады кейде.


— Апа, қара! — деді, бір кезде арқасындағы баласы.


— О, не? — деп, бұл теңселіп тұр. Көзіне құйылған ащы терін сүртті.Бір топ қарға дүрр көтеріліп әрегірек барып қонды.


— Әне! Әне! — деді Түгелхан. Оң жағына қарай назары түскені сол, жүрегі су етті. Үйілген балшық төбешіктің астынан қатар-қатар тізілген адам аяқтары шығып жатыр.


Хансұлу сіресіп қатты да қалды. Бір жағын жаңбыр суы шайып кеткен топырақ астынан ырсиып жалаңаш кісі аяқтары шығып жатыр. Дені шілпиген бала аяқтары. Әйелдің аяғы да көрінеді, балтыры толықтау. Шала көмілген аштар екенін көріп тұр. Бір баланың домаланған басы жатыр.Көзін үңірейтіп қарға шұқып тастапты.


— Өліп қалған ғой, — деді Түгел. Сонда барып Хансұлу есін жыйды. Тұла бойы дірілдеп енді аяғын көтере алсашы.Еңбектеп өрмеледі.


Иттің азабын көріп, ақыры, қыркаға да көтерілді. Хансұлудың қос шекесі солқ-солқ етеді. Қара терге малшынды. Жаны көзіне көрінді. Қаланың бергі тұсында қалың тұттың арасында жалғыз там үй көрінеді. Бір сең- сең бөрікті шал қой-қозысын өргізіп жүр. Түрікпен болар, үстінде қызғыш шапаны.


— Апа, басым... шығып барады, — деді Хансұлу, өң жоқ, түс жоқ көзіне тері құйылып.


Дәу апа бұның маңдайын ұстап көрді.


— Ойбұй, етің күйіп тұр ғой...


Дәу апа бұны жүктің қасында қалдырып, өзі көгалда қой шетінде таяғына сүйеніп калқиып тұрған түрікпен шалға қарай беттеді. Біраздан кейін сеңсең бөрікті шал бұлардың жүгін өзі көтеріп үйіне қарай бастап алып жүрді. Хансұлу мең-зең. Бір баспана болса, тек құлағалы келеді.


Есік алдында шағын тоқал там бар екен. Ас үй тәрізді. Сонда кіргізді бұларды шал. Жерде қоғадан тоқыған шыпта жатыр. Басында гуппалы қызыл жаулықты кемпір келіп, алаша төседі әлгі шыпта үстіне.


— Пешті қыздырайық? — деді Дәу апа.


— Хава, хава, гыздырыш керек! Гыздырыш герек өйни!— деп, шал Дәу апаны мақұлдай кетті.


Пеш жағылды. Үй қызды. Дәу апа жез легенге ысыған су құйып "Аяғыңды мал!" деп, Хансұлудың қасына қойды. Аяғын ыстық суға малып көзін жұмып бұл біраз отырды. Хансұлуға осының бәрі көрген түстей. Судың ыстығы шым-шымдап бойға тарады. Төңірегіндегі күбір-күбір әңгіменің бірін естісе бірін естімейді. Шал үлкен бір тонмен үстін жапты. Кемпірдің аты Огултәч әже екен. Огултәч әже кесемен, ерітілген азғана қойдың құйрық майын әкелді, аяғын сылауға. Дәу апа әлгі маймен Хансұлудың аяғын тізесіне дейін сылады. Аздасын Огултәч әже май қатқан ыстық сүт әкелді. Оттың қызуынан ба, әлде ыстық сүт ішкесін бе, Хансұлудың мандайынан тері бұрқ етті.


— Енді тырп етпей жат! — деп, Дәу апа бұның үсті-басын түгел қымтады. Киімнің бәрін үстіне үйіп тастады.


— Мен Шамұратты тауып алайын!.. Сен жат, қимылдама!— деді.


Хансұлу бас изеді. Жүктерді қалдырып, балаларды ертіп Дәу апа қалаға кетті. Хансұлудың жатқан жері пешке жақын, іші-сыртын саз балшықпен сылаған тауық кетегіндей, төбесі аласа тап-тар ас үй. Ішінен от жаққаннан кейін қыз-қыз қайнады. Хансұлу қара су боп терлей бастады. Огултәч әже кіріп-шығып жүріп:


— Гызым, хал нечик? — деп қояды.


Сырттан Қақабай ата да бұның жағдайын ауық-ауық кемпірінен сұрап қояды. Түрікпен тілін түсінбесе де мына ұлты басқа екі кәрінің мол шуақты пейілін сезеді. Ішкен сүт, жанған оттан да бөлегірек шипа — мейірім сәулесі жан түкпіріне жарық түсіргендей.


Таңертең кеткен Дәу апа кешкісін бір-ақ оралды қаладан.


— Балам-ай, жолымыз болады екен! — деп, ер пішінді еңгезердей Дәу апа ас үйдің есігінен екі бүктеліп сөйлей кірді.—Шамұратты тауып алдым. "Шамүрат" десем базардағы саудагерлердің бәрі біледі екен. Үйін де, жұмысын да көрсетіп жіберді. Содан екі баламды жетектеп үйіне барсам Шамұратым отыр төрде, садағаң кетейін. Ал, балам, бас қалай?


Хансұлу тауықтың жас сорпасын ішкенін, үй иелерінің зор қонақжайлық көрсеткенін айтты.


— Шамұратым бір пысық пәле екен... — деп Дәу апа әңгімесін жалғады. — Мені ертіп "КПУ" дегеніне алып барды. Олар түгел жазып алды Пахраддиннің, Сырғаның, Балқияның аты-жөнін, жас шамасын, табылса хабарлаймыз деп. Сөйтіп, Шамұраттың арқасында, балам, ол шаруаны бір жайғадық. Одан соң Шамұратым енді менің жағдайымды да бір жақты етуге кірісті. "Інтірнат" дегеніне алып барды. Өзі сонда "забхоз" дей ме, бір қызметті істейді екен. "Інтірнатында" жоқ-жітік, жетім балалар толы екен. Өңшең қыр қазағының балалары. Солардың асханасында ыдыс-аяқ жуатын болып істей тұр деді маған. Тамақтарың тоқ болады деді. "Е, жарайды" дедім. Сол "інтірнаттың" отын жинайтын қорасынан баламыз екеумізге бір қоналқалық орын да тауып берді, садағаң кетейін. "Бала-шағаңның рахатын көр! Маған істеген жақсылығьщ Құдайдан қайтсын!" дедім. Осы, міне, кешке дейін айналып қалған себебіміз. Құдай сақтасын, аштан бұралып жатқандар көп екен көшеде... Бәрі өзіміз сияқты қырдың елі...


— Көкемдер жете алмағаны-ау, — деп күрсінді Хансұлу, балшық сылақты ас үйдің қарауытқан ыс тебесіне қарап жатып.


— Қайткенде не лаж бар?..— деп, Дәу апа да қамықты, өлі-тірісі белгісіз Пахраддин, Сырға жайын ойлап. Бірауық алакөлеңке ас үйдің ішін зілмауыр тыныштық басты. Үнсіз налып отыр екеуі. Сыртта тауықтар қыт-қыттайды. Екі бала ойнап жүр есік алдында.


9


Дүзген түбінде әлі құрып талықсып жаткан Сырға көзін ашса Пахраддин келіп отыр екен жанына. Сырға ыңырсып қозғалды. Сексеуілдің шырпысындай жіңішке әлсіз саусақтарын дірілдетіп ауа қармап әлдене іздеді. Неде болса тіске басатын нәрсе іздеді. Жұмырына жартымды нәр қонбағалы қанша заман. Біліп болмайды. Күннің, түннің есебінен жаңылған Сырға. Сағыздай созылып бітпейтін бір бейнет мезгіл. Бар үміті — Пахраддинде. Пахраддин тірі тұрғанда Сырға бүйтіп бейнет шекпеуге керек еді. Өмірде білмейтіні жоқ, қолынан келмейтіні жоқ асқар таудай отағасының шынымен-ақ жол таба алмай шағылды айналып шырғалғаны ма? Сырға көрген Пахраддин бүйтіп ойламаған жерден дәрменсіз күйге түспеуге керек еді. Қой бастаған ай мүйізді серкедей ел бастаған Пахраддин емес пе? Не болды? Неге сонша бұ тығырақтан шыға алмады?


Сырға, бұған сырт беріп отырған ерінің жауырынына қарады. Еңсесі түсіп отыр ерінің. Үстінде жалаң ақ жейде. Басында қара тақия. Сақал, шашының ағы қалыңдаған. Сұрайтын несі бар. Шарасы таусылып отыр.


— Көкесі!.. — деді Сырға, жатқан күйі. Пахраддин қыбыр етпеді. Жел ғана сақал-шашын, көйлек етегін үлбірете үрлеп қояды. Шыбын-шіркейдің ызыңынан өзге дыбыс естілмейді. Күн тал түс. Төңірек тұс әуірлеп ысып тұр.Алыстан орағытып бұлаңдап құйын өтіп барады.


Сырға арық әлсіз қолын созып ерінің арқасынан сипады.


— Адасқанымыз ба?


Пахраддин жауап қатпай, беті шалбарланып алыс көкжиекке шаршап құлазып қарады. Шағыл төбенің үстінен жарты әлем көрінеді. Сағым кілкіп жатқан ойқыл-шойқыл шөл дала. Бірақ, қылт еткен тірлік белгісі жоқ.


— Аспан ашық қой бүгін... Жұлдызға қарап қозғалармыз... кешкісін... — деді әлден уақта Пахраддин Сырғаны жұбауратып. Ерінің үнінен сөне берген үміт оты қайта тұтанғандай. Пахраддин айтты — бітті. Оның сөзіне өмірде шүбә келтіріп көрген жан емес қой Сырға. Үміт үзбеді тірліктен.


Шайқақтап билеп алыстай берген жалғыз құйыннан көз алмай тебіренеді Пахраддин. Жанына у себіліп күрсінеді. Алдамшы... жалған дүние... Бұның да басынан өткені-ау... Өткені-ау... Бір күнгідей болған жоқ. Кеп-кеше еді. Бала боп тайға шапқаны, жігіт боп ат жалын тартып мінгені, түн баласы үйқы көрмей қызды ауылды торығаны, соның бәрі кеп-кеше еді. Одан беріде есі кірді, ел қамын ойлады. Әділет қуды, дау-шарға араласты. Би атанды. Ірілік емес, бірлік іздеді. О да бір заман екен-ау. Киіз туырлықты көшпендінің келмеске кеткен заманы екен-ау. Көрген түстей өтті кетті. Зым-қайым. Бәрін айт та бірін айт, басын ақ шалып жасы алпысқа таяған шағында бүйтіп аштан өлермін деп ойлап па еді Пахраддин?!... Ит -құзғынға жем болып далада көмусіз қалармын деп ойлап па еді... О, паруардігер, сонша итқорлықпен өлетіндей не жазығы бар еді бұның? Ең болмаса күнәсін біліп неге өлмейді? Не үшін, қай қылығы үшін бұндай зауалға тап келді? Қай қылығы үшін?


Өзегі талып өлім халінде отырған Пахраддиннің көкірегін осындай запыран ащы ойлар торлайды. Оқта-санда еңсесін көтеріп қаңырап сұлық жатқан жапан дүзге шаршаулы назар жібереді. Адам-қара көрінбес пе екен деп. Арқа тұсы бірсыдырғы тегіс сыңсыған раң, жусанды кең жасыл алап-ты. Арагідік сағымға қалқи жүзіп бұлтиған ақ селеулі құмайт шағылдар да кездеседі. Назары сондай бір шағылдан ысырылып өтіп күншығысқа қарай жылжи берген. Көк сағымы көлдей көлкіп бұлдыраған жайпақ жотаны қыдыра берген. Сол-ақ екен, я, паруардігер, көзіне сенсін бе, сенбесін бе, әлгі ұзыннан шұбап сұлық жатқан жотаның үстінде томпиған бір үй тұр. Сағымнан жартылай шығып үлкен ақ боз үй тұр. Пахраддин ал кеп шұқшисын. Жоқ, айна қатесі жоқ, ақ күмбез үй тұр. Астапыралла, бұ қашан келіп қонған үй? Жүрегі өрекпіп кетті Пахраддиннің.


— Бейбіше! — деді, қуанышын ірке алмай.


— А! — деді Сырға көзі жұмулы қалпы. .


— Бәйбіше, әне... Әне үй тұр.


— Не?..— деп, көзін ашты әлсіз Сырға.


— Әнеки... О құдірет! Үй тұр... Біздің үй!


Сырға көзін ашып, мойынын бұрды.


Бұ кезде Пахраддин тәлтіректеп тұрып кеткен еді орнынан. Есалаң жаңдай қолын алға созып, алыс көкжиектен көз алмай екі-үш аттай беріп іркілді.


— Әнеки! Ана белдің үстінде тұр! Біздің үй...


Сырға қолымен көзін көлегейлеп сығырайып кеп қарады, көлденең белге. Көзіне еш нәрсе түспеді. Дүниенің бәрі бұлдыр көк сағым. Көкжиек жидіп еріп бұлдырайды. Құбылып қыбырлайды.


Пахраддин тіктеліп теңселе тұрып буыны жоқ адамдай аяғын әрпіл-тәрпіл басып қозғалды.


— Қайсы? — деді Сырға сыбырлап.


Бірақ, дауысы шықпады. Пахраддин жейдесін жел кеулеп, жалаң аяқ қозғалып барады. Соқыр адамдай екі қолымен ауа қармап, біртүрлі ебедейсіз аттап басады. Осы сәт Пахраддин Сырғаның көзіне тәй-тәй басып бара жатқан бір үлкен сәбидей елестеді. "Құдайым-ау, құлайым-ау" деп қылпылдайды іші.


— Я, ата-баба! Я, Барақ! — деп әулие-әнбиелерге жалбарынып, құламауға әрекет етіп, қалт-құлт басып құм-баурайдан ойпаңға түсе берді Пахраддин. Тізесі құрмағырда әл жоқ. Салмағын ұстай алмай біресе оңға, біресе солға ауытқиды. Бірақ, кеудесінде жан барда іркілуге жоқ Пахраддин. Құласа да қайтпас, қажымас, ұрынып өлер. Бұ тірліктегі соңғы үміт, соңғы сәуледейін көз ұшында бұлындаған сол бір үйге жетпей шегінбес. «Төбе басында қалды, жалғыз қалды, Сырғаны құтқарыңдар!» дер. Соны айтып өлер. Сырғаны құтқарып өлер.


Жан-жағы қоянсүйек, дүзген, селеулі ойпаң алаңға түсті. Тегіс құмсақ бетінде иретілген қоңыз, кесіртке ізі. Жұмсақ құм бетінде Пахраддиннің де ойдым-ойдым ізі калып барады. Құм арасының мәңгі ұйыған зілмауыр тыныштығын Пахраддиннің жүрек дүрсілі, ырс-ырс еткен тынысы ғана үркітіп, серпілтіп келе жатқандай. Тым ауырлап кеткен кеудесін осы ойпаңнан алып шыға алар ма енді... Көзіне тері құйылып төңірек түнеріп, қарауытып кеткендей болады. Аш өзегі талғандықтан шығар... Санасы да божырап біртүрлі түс көргендей алмағайып кейіпте. Тандайы құрғап тілі аузына сыймай тобарсып ісінгендей. Соның бәріне қарайлатпай, тоқтатпай сүйрейді бір күш. Алаңнан шығар ернеуде дізерлеп қолымен жер тірей жүріп көтерілді қырқаға. Бой тіктеп көзіне құйылған терді сүртіп, назары әлгі сағым буған көлденең дөң үстіндегі ақшаңқан үйді іздеді. Көгілдір айдын судай көлкіп жатқан көк сағым. Үй зым-қайым жоқ, жер жұтып қойғандай. Астапыралла, елес болғаны ма? Пахраддин өз көзіне өзі сенбей тұр. Тағы да әрпіл-тәрпіл аттап әрегірек барып, тағы да бір төбешікке шығып назар салды. О, Жасаған Ие, не көрінген бұған, тал түсте алжасып?! Ауыл кайда әлгі? Әлгі ақ боз үй қайда?


Жым-жылас шөл дала қатыгез тағдырдай мелшиіп сазарып жатыр. Сағымға алданғаны-ау бұның. Оңбай алданды-ау. Өзін ғана емес, Сырға байғұсты да алдады-ау, о, алжыған!


Пахраддин бұрылып кейін қарады. Құмсақ төбе үстінде дүзген түбінде қалған Сырға көрінбеді. Басы қылтиып бұның соңынан қарап отырған тәрізді еді, жатып қалған-ау.


Көз алды қарауытып, басы айналып теңселіп кетті Пахраддин. Одан арғысын білмейді. Қанша мезгіл өткенін білмейді. Есі кіріп бір кезде көзін ашса Күн ыстығы қайтып, көлеңке басы ұзарып қалған екен. Бет-ауызы дуылдайды. Құмырсқаның жолағына құлаған екен, бет-аузын оңдырмай шағып тастапты. Еріндері көнектей ісік. Еңсесін көтеріп тіктеліп отырып ес жинады. Аштықтан да жаман шөл өртеп барады өзегін. Көзі көк шөпке түсті. Тырбық дүзгеннің әрегірек қалың раң, мияға араласа өскен жуа сабағы көзге оттай басылды. Бір тал жуа. Түрегеліп бару қайда. Оған әрекет те еткен жоқ. Шөп арасындағы тал жуаға қарай тырбаңдап еңбектеді Пахраддин. Жуадан назарын алмайды. Бұ жолы да елес болып кете ме деп қорқады. Жоқ, елес емес, қолына жуа сабағы ілікті. Жұлғанша шыдамай еңкейе құлап қарш-қарш шайнады. О, паруардігер! Тал жуаның өзінен-ақ кәдімгідей өмір нәрі тамғандай таңдайына. Құлшынып, ындыны ашылып, көк шөпті аралап еңбектеп келеді. Тағы да, тағы да қарш-қарш шайнағысы келеді, көк жуа сабағын. Ашқарақ назары аласұрып тағы да іздейді құм жуаны. Сөйтіп, еңбектеп, шашағын жайып сәукеленіп тұрған қоянсүйектің түбіне де жетті. Раңы тұнып тұрған үй орнындай алаңда, о, құдіреті күшті Құдайым, самсап тұрған мол жуаға кезікті. Ие, берейін десе бұ Жаратқан Иеңнің шапағаты мол ғой. Содан кіріссін шетінен Пахраддин. Төрттағандап жүріп алаңды аралап көк жуаны тіспен орып қарш-қарш шайнайды кеп. Осы сәт өзге дүние-тірлікгі түгел ұмытқан Пахраддин көксегені тек ылғалы бар жуа сабағын талмау. Бар білгені сол ғана. Көбірек талмау, көбірек жұту. Пахраддин сөйтті. Есі кіргенше көк жуадан орып асай берді. Есі кіргенде өзінің жуа емес, кәдімгі мал жейтін көк раңға жайылып жүргенін бірақ білді. Аузы толы қышқылтым шөп... Түкіріп тастады. Еңкейіп төрттағандап тұрған күйі көз жасы құм бетіне домалады. Адамға лайық ажалын қимайтындай не жазып еді бұ Құдайға? Не жазып еді? Шөп жеп, құрт-құмырсқаға жем боп, ит қорлықпен өлетіндей бұ Тәңірге?


— Мылқаусың... қатыгезсің безерген? Опасызсың, сұм жалған? Біресе бетінді, біресе көтіңді беріп құбыласың! "Бұқа" сынды, Күрең сынды сұқ иттерге сүйек салдың! Абалаттың, айтақтап! Ақыры жетіп тындың ба дегеніңе!? Жынға тойған иттерге қойдай қоңыр халықты тақымдатып, талатып, тырқыратып торғайдай тоздырдың ба? Жеттің бе, мақсатыңа? Жемсауың толды ма? Ыбылыс иектеген кер заман! Судың да сүрауы болар! Елдің обалы жібермес. Бала-шағаның көз жасы жібермес! Аяғыңнан шалар! Құдай алдында жауабын әлі берерсің, сен заман! Сұраусыз кетпес еш қылмыс... Сұраусыз кетпес! Кетпес! Кетпес!!! — деп қырқырап, тұмсығымен жер сүзе құлады Пахраддин. Әлдебір құдырет иесінің құлағына шалынар дегендей айқайламақ еді, бірақ кеуіп қалған аш өзегінен ысылдаған дыбыс қана шықты.


Естен танып сол жатқаннан мол жатып әлден уақытта санасы саңылауланып, шала-пұла ес жиды, Алдымен топырақ, жас шөптің иісін сезді. Кірпігін қозғап еді, тұмсығы жер сүзіп етпетінен жатыр. Бұл жатысының мәнісін түсінбеді. Өзегін өртеген шөл. Тілі тобарсып, желім болып қалғандай. Иегі астында жатқан көкөскін шөптен тістеп жұлды. Лабақ ахун елес берді. Лабақ ахунның үні келді құлағына:


— Айтқаным келіп, болжағаным болды ма? Тау тауға соғылар, теңіз ернеуінен шығар, мағрыптан бір от, машырықтан бір от көрінер дегенмін. Аспаннан Ғайса түсер, жерден Мәді шығар дегенмін. Адамзат ғарасат майданына жиналар. Сол жерде Құдайдың жүзін көрер. Құдай алдында һәмме адам ұлына Ұлы Сот болар дегенмін. Сол күнге жеттік, міне! Тілегіміз қабыл болды. Ақырды көзбен көрдік. Сен әлі де болса жалғаншыны қимай жатсың ба?! Көк шөп талмап тірлікті көксеп жатсың ба?! Ол райыңнан қайт! Қазір көз жұмсаң алдыңнан О Дүниенің нұрлы қақпасы ашылар! Мынау жалғаншы тірліктен көтеріліп мәңгілікке бет түзерсің! Сол үшін жеттім қасыңа. Жылынбайын деп жаһилдің жаққан отына, тәрк еттім һәмме тірлікті. Қиналма! Шыдам ет! Қалимаға келтір тіліңді! Алдымнан жарылқа деп тіле! Иман сұра Алладан!


Пахраддин ерні күбірлеп іштей дұға оқыды. Әлгі ашуланғаным, Құдайды кінәлағаным асылық болған екен деп ойлады. Кеше гөр, Жаппар Ием, деп жалбарынды.


Пахраддин кеудесін әзер қозғап ауырсынып күш жиып тіктеліп отырды. Басы айналғандай. Аспан қиялап төңкеріле бергеңдей. Жер жылжығандай. Бет-аузының құм-топырағын сүрткен де жоқ.


— Бауа, шұбырған ел ... ел не болды?— деп сұрады қиялындағы ахуннан.


— Өлгені өлді, қалғаны қалды, інім.


— Үстірт үстінде қалған ел-жұрттан не хабар?


— Істері бар болсын олардың. Жастары азған-дүр. Бейіт тынышын бұзған-дүр. Аруақты күңірентіп, содан елі тозған-дүр. Мешіттерді құлатып, сөйтіп Құдай атқан-дүр, Елін аштық жайлап, өздері тышқан аулап жеп, бытырап жөн-жөніне кеткен-дүр. Өздерімен кетпей кесапаты күллі адам баласына тиіп содан міне жер бетіне Қиямет-Қайым жеткен-дүр.


— Ехе-еее! — деп күңіренді Пахраддин. Басы салбырап төсіне құлаған. Мұқап, мұңайып екі бүктетіліп отыр. Аздан соң танау астынан күбірлеп сөйлей бастады. Өзімен-өзі тілдесті.


— ...Қарағай басын шортан шалды десеңші... Тұрымтай -тұсына, балапан басына кетті десеңші... Бәсе... бәсе... Күрең мен Сұржекей, Ждақай мен Қозбағар басқарған ел не оңсын... Басшысын таппаған ел азып, жолдасын таппаған ер азып... зүлмат өктеген екен ғой... О, Жасаған, осы күнді көргенше күмрә неге болмадым... Осы күнді көрсетіп қинау ма еді мақсатың? Бір емес, екі өлтіргің келген екен ғой...Өлтірмей-ақ өртегенің ғой Дозақ отына... Ажалыңды да аяғаның ғой. Пахраддиннің алпыс жыл жанын отқа қақтағаны аз болып па еді? Ыбылыспен, Сайтанмен, надандық, зүлымдықпен алпыс жыл айқасқаны аз болып па еді?.. Мынау фәниден өтерде енді... ең болмаса соңын күйретпей алсаң етті!!!...


Пахраддин енді бірде қараса еңбектеп келеді екен. Сөйлеп келеді екен. Қайда бара жатқанын ұмытып іркілді. Осы арада өзінің қайда бет алғаны есіне түсті Пахраддиннің. Құм шағыл басында қалған Сырғаға жеткісі келген екен.


Күн ұясына қонып төңірек маңайда көлеңке тұтаса бастаған шақ болыпты.


Құм шағыл басына қарай еңбектеп келеді Пахраддин. Шалбарының қалтасына салған екі тал жуасы бар. Сырғаны ойлауға тырысты. Өлген шығар. Ең болмаса ақтык сапарға аттанар алдында қасында да болмады-ау!.. Ит тағдыр-ай... ит тағдыр!


Итшілеп өрмелеп ақыры төбе басына да шықты. Күн де бұ кезде жалындап барып кешкі ұясына қона берген еді. Дүзген түбінде құм үстінде шалқасынан түсіп Сырға жатыр. Қимыл жоқ... Үстінде қырмызы торғын көйлегі, ақ жаулығымен мойыны, басы шандып ораулы.


— Сырға! — деді сыбырлап, бәйбішесінің жіңішке білегінен ұстай беріп Пахраддин. Сырға тірі екен, кірпігі қимылдады. Ортайып нұры азайғандай болған жанарыңда тілмен айтып, сөзбен жеткізе алмастық бір қасірет мұң бар. Шаршаулы, жадау назарын сәл төменшікгетті. Пахраддиннің қалтасына қарады. Пахраддин қос тал жуаны қолына ұстатты. Басын сүйеді. Сырғада салмақ қалмаған. Қаңбақтай. Әлжуаз, әлсіз саусақтарын жыбырлатып жуа сабағын дәрменсіз ұстағанмен қолын аузына апара алмады. Пахраддин жуаны өз қолымен Сырғаның аузына тыққыштады. Сырға ыңылдап асықпай талмады.


Қиян шөл құм шағыл басында бірін-бірі сүйеген қос ғаріп, қос мұңдар.


Кең шөлістан, сайын дала үстіне күміс жүлдызды ал-қара көк кешкі аспан қанатын кең жайып төңкеріліп келеді. Алыс көкжиек шеңберін тарылтып, күңгірт көлеңкеленіп, сай-салаға іңір қараңғысы ұйи бастаған.


Еңсені басқан бір ұлы тыныштық бүркеп келеді әлемді. Ымырт қараңғысымен қоса төңіректі түр-түсі белгісіз бір үрей жайлап келеді. Тысырсыз еппен ши бөрідей тіміскіленіп бұта-бұтаны тасалап, орағыта жақыңдап келеді. Жым-жырт, құлаққа ұрған танадай тыныштықты бұзып, әлден уақытта тура желке тұстан байғыз сұңқылдады. Пахраддиннің тізесіне басын қойып жатқан Сырға дір етті.


Пахраддиннің бойына да ызғар шапты. Қоянның көжегіндей бүрісіп жатқан Сырға әлдене деп сыбыр етті. Бұл құлақ тосты еңкейіп. Көзі жұмулы Сырғаның ерні болмашы ғана жыбырлады. Пахраддин құлақ тосып, еңкейе түсті. Бірақ, ести алмады. Сырға кірпігін әрең қозғады. Алыстан, өзге бір дүние түкпірінен қарады Пахраддинге. Айта алмай жатқан мол сырын, жан сырын үнсіз жанарымен паш еткісі келгендей. Соған шамасы келмей қиналғандай. Бақылдасқысы келе ме, кім білсін. Пахраддиннің көзіне жас айналып бәйбішесінің шүңкиген сопақтау бетіне үңіліп отыр. Үздігіп қиылып қарайды Сырға. Үнсіз, қимай қарайды. Бәйбішесінің кішкентай ашаң жүзін жалпақ алақанымен аймалады. Сырғаның көз құйыршығынан ыстық тамшы үзілді.


Қоянсүйек шақасына қонып отырған жұдырықтай жалғыз байғыз сұңқыл қақты. Қаңыраған елсіз кешкі өлкені сұңқыл үнге толтырып, одан бетер құлазытады. Жаманат шақырады.


Құм шағыл үстінде құшақтары айқасып жатқан екі адам. Төбеде — жұлдызы жайнап төңкерілген аспан. Төменде — түнерген алып Жер.


Байғыз қанаты сыпылдап, аздасын бет алды ұша жөнеді.


Құм басында қалған екеу осылай өтті дүниеден.


1982-1985 жж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу