Өлеңдер ✍️

  30.10.2021
  332


Автор: Серік Сағынтай

Бір кісі

Құйрығын бұтқа тығып ап,
Маңқ етіп үрді қырт төбет.
Зарланып қайда ұлымақ —
Ұлығанды ұғар жұрт керек.
Ымырттан туған қара кіс,
Түн мынау мылқау түнексіп.
Үзілермен боп тарамыс,
Сыңқ етті іштен бір өксіп.
Қырқаға қарай сырғыды,
Дәрмені қашып санадан,
Күркенің күшік тұрғыны
Қалтырай қорқып даладан.
Түнекке көзін қарытты,
Алыстан аңдап ауылды.
Ақтық рет сүйіп жарықты,
Арс етті — жүрек жарылды!
Қажыған жүрек қалт тынып,
Сылқ етті жерге талақ тән.
Түн жатыр көзін тарс жұмып,
О-дағы өз мұңын шала ұққан.
Неге кеп өмір, неге өтті?!
Алдың — тар, жалған, артың — зар.
Осылай өлмек керек-ті,
Жұртта қап кеткен қаңқулар...



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу