Өлеңдер ✍️
Құрмет туралы сөз
Япыр-ай, достар,
Жан жүрегінде гүл көктеп
Өседі екен,
Отанын сені құрметтеп,
Белгісін тақса,
Көтеріп мерей асырып,
Сыбырлайды екен
Санаң әрнені міндеттеп.
Баршаға аян,
Құрметтеуді ешкім ескеріп
Алмайды сұрап,
Тұрса да көңілі хош көріп.
Төгілген терді,
Талапты тандап жағалап,
Қуантады екен
Бірде ерте, бірде кеш келіп.
Пәндашылықпен
Жүретіндер де көп құр өктеп,
Асығып жастай
Орнамады деп құрмет кеп.
Ойласақ, достар,
Өз түйгенімді айтайын
Құрметті адам
Жинай ма деймін тірнектеп.
Несіне оны
Санайын тізіп, түгендеп,
Қалыпқа құйып
Қойды дейсіздер кім өңдеп.
Өренді танып
Ысырап қылмай өзіңді
Ұстаудан сірә,
Басталады-ау жүгендеп.
Сезілмей бары
Кешеді ғұмыр қанша өмір,
Өтемей парыз
Көшеді қанша жансебіл.
Еленбей кеткен
Таулар бар қанша шың, шынар,
Тәрізді мынау
Қоғамға бөгде жанша бір.
Кейде көз жұмғаннан соң
Келетіні де бар құрметтің,
Демейді тергеп
Кім едің, қандай күйде өттің.
Қолда бар алтын,
Қадірін білмей асылды,
Танымадық деп
Өкінетініміз де бар күйреп тым.
Батар күн сынды
еңкейген, достар, шағында,
Ажарың солған,
самайдың мынау ағында,
Құрметті болу
абайлап ұстар ең нәзік
Қадірі бөлек,
бірақ сол аумалы қалпындағы
бағың да!
Сыбырлап санаң:
«Ұстай білу бар осыны...»
(Ең жанашырлық
осы ма деймін дос үні)
Көстеңдеп аяқ,
жабылмай ауыз, жантаңбай
Болғаннан абзал
ажалдың келген тосыны.
Өмірде, достар,
Құрмет әрі аз, әрі көп.
Аздың аларлық,
Көптің көрерлік мәні көп.
Құрмет пе деймін
Ұлы Абай айтқан сонада
Жүре алсаңыз
бес асыл істің бәрі боп.
Солай, достарым,
ақ самайлылар көбейіп,
Әмісе алға
жетелер жолдар кеңейіп,
Бейбіт күн ayмай,
береке-бірлік, ырыс асып,
Ел жұртымызбен
құрметті бола берейік!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter