Өлеңдер ✍️

  21.07.2021
  131


Автор: Анар Шамшадинова

Аман тұрса туған ел

Сөздер емес, сезімдер дәптерімді,
Айналдырып махаббат майданына.
Мұң аймалап отырған сәттерімді,
Айырбастай алмаймын тойларыңа.
Адамдарды тіршілік құл еткенде,
Кілттеніп ап отырам ойларыммен.
Терезеден жып-жылы күн өткенде,
Мойын бұрып, қайыңдар бойларымен.
Сыбырлайды, сөйлей ме жапырақтар,
Сап-сары боп өкінбей тұрғанына.
Мен асыр сап ойнаған атыраптар,
Шалқыса ғой, батса ғой жыр балына.
Далам менің! Мен сенсіз табылмаймын,
Сенсіз менің бұлыңғыр бағытым да.
Бақыт іздеп, ел кезіп сабылмаймын,
Бар бақытым тек қана шабытымда.
Туған елім! Сен аман тұрсаң болды,
Батасынсыз елімнің қыр баспаңдар.
Көздерімді жол жаққа бұрсам болды,
Мұндалайды тумаған жыр-дастандар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу