Өлеңдер ✍️

  29.03.2021
  303


Автор: Саят Әбенов

Бала кезім

Бала кезді сағындым бала күнді,
Ойын ойнап кезетін дала, қырды.
Күннің көзі сүйетін маңдайымнан,
Құмның өзі сүйетін табанымды.

Сол шақ екен Тəңірдің сыйы бізге,
Жүрген,шіркін, уайымсыз күйіміз де.
Шешеміздің дауысы естілмесе,
Қайтпайтын ек топ бала үйімізге.

Қызығына ойынның бататынбыз,
Балғын шақтың бал дəмін тататынбыз.
Бар жұмысты сол күні тыңдырғандай,
Пеш түбінде қорылдап жататынбыз.

Кешегінің шаршауы, мысы қалып,
Оянған соң баяғы ісің анық.
Ойын қуып қайтадан кететізбіз,
Апыл-ғұпыл айранды ішіп алып.

Солай-солай өтті күн, өтті кезім,
Келмесіне қайтадан жетті көзім.
Есейген соң елеусіз тағдырымды,
Қала жаққа құшақтап кетті сезім.

Бала күнгі өмірін желдей ескен,
Шығармаған жан бар ма мендей естен.
Қаладағы аяймын балаларды,
Біздер көрген қызықты көрмей өскен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу