Өлеңдер ✍️
ИТ ТҮЙСІГІ
Қызық бір ой: адам тойса, уайым-қайғысы азаяды. Жатқанды, демалғанды ұнатып тұрады. Ал ит ше? Қарны тойса, атадан мирас болып келе жатқан өз міндеті – күзет міндеті есіне түсіп, мазасы кете бастайды.
Сафуан Шаймерденовтің «Ит ашуы» повесінен
Иттік, иттік, сыймай тұр ақылыма,
Құлақ түрсек, қоғамның нақылына.
Адам өзі үрейін қолдан жасап,
Мойынсұнған «заманның ақырына».
Адам еркін өзі емес, заман алды,
Ми жоқ, қарым-қабілет тамамдалды.
Адамшылық жақсыға жапсырылып,
Не себепті ит атын жаман алды?
Әділдік пе? Дұрыстап ойласаңдар,
Бетсіздік қой, тағдырмен ойнасаңдар.
Зұлымдық та, қастық та адамдардан,
Тура қарап, шындыққа бойласаңдар.
Қызыл сөзбен жаныңды жаралайды.
Әр ізіңді ғайбаттап, саралайды.
Жақынының бетіне күле қарап,
Қаппаса да, тілімен қаралайды.
Қарын тойса, мән бермес өткеніне,
Күздің жүгін арта сап көктеміне.
Демалады жанына рахат тауып,
Айналдырып жалғанды өктеміне.
Ал, біз болсақ, ешкімді даттамадық,
Жұрттың ала жібінен аттамадық.
Алаяқ боп өтірік көлгірситін
Көптің баяндамасын жаттамадық.
Құт-береке табамыз киемізден,
Құн төлетпей қой, түйе, биемізден.
Адам құсап қолайлы жағдай тауып,
Қашан теріс айналдық иемізден?
Тыңдаңдаршы, өсектеп үретіндер,
Бір-бірінің мініне күлетіндер.
Қастандықты саналы түрде жасап,
Санасыздың күйімен жүретіндер.
Әттең, жаза алмаймыз хатымызды,
Мүмкіндік жоқ айтуға датымызды.
Тұрлаусыздық, малғұндық көрген кезде,
Былғамаңдар ит деген атымызды.
Өз-өзімді далада жанығанмын,
Қанағат деп үйшікте дамығанмын.
Үш күн тамақ бергенді есте сақтап,
Иістен он жыл өтсе де танығанмын.
Адам болса, бергенді ақтамайды,
Алса, мүлдем есінде сақтамайды.
Арамдықтан ісі алға баспаған соң
Бірін-бірі көре алмай, мақтамайды.
Қызық – мастық дәурені, тойлайтыны,
Көзге түспес, ақиқат бойлайтыны.
Пенделігін иттікке алмастырып,
Опасыздық, сатқындық – ойлайтыны.
Айтыңдаршы, біреуді қорладық па?
Жігітіңдей қызыңды зорладық па?
Зиян емес, тигізген пайдам еді,
Ақылы жоқ үшін біз сорладық па?
Сендер құсап, хат танып тумағанбыз,
Іш – лас, сыртты ысқылап жумағанбыз.
Жаласақ та, ол да өз табанымыз,
Не жесек те, боқ дүние қумағанбыз.
Үріп-үріп, арсылдап аттанамын,
Екі аяқты хайуаннан сақтанамын.
Болмысынан айнымай келе жатқан
Адалды ит десеңдер, шаттанамын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇