Өлеңдер ✍️
Мағжан алаңы
Бір тарих бар,
Жүректе сызы қалған,
Алдаспаны асылды үзіп алған.
Айналайын уақыттың ақтығынан,
Айналайын артында ізі бардан.
Оқасы жоқ
"Ақиқат - кеш!" дегені,
"Кеш!" дегендер ұтпаған ештеңені.
Қуанышпен бір күнде қауыштырған
Қандай бақыт асылдың өшпегені.
Алашы үшін
Айналып жазалыға,
Көмілгенде тарихтың тозаңына.
Жұмағы емес, шыдаған тозағына
Оралғаны бақыт қой қазанына.
Өтеу беріп тартылған
Сыйға балдай,
Маржандарды оңбаспыз жинап алмай.
Алашына ол жанын садаға етсе -
Не болыпты бір алаң қимағандай.
Жарасады-ау бұл алаң
Ұлы адамға,
Енді Мағжан бейнесі тұрады онда.
Жүрегінде толқындап ақық өлең
Дана Мағжан жүргендей бұл алаңда.
Көне тарих,
Шаң басқан ізіңменен
Әділеттің сарыны үзілмеген.
Ұлы Мағжан оралды Алашына
Жаңғырумен жүрегі, жүзінде өлең.
Қазақ асыл -
Мағжандай данасымен,
Мағжан асыл - аяулы Алашымен.
Ғасырларға мәңгілік аты қалар
Армандаған Алаштың баласымен.
Көтергендей
Бір көне ғасыр иық,
Бөгеледі талай жан басына ұйып.
Ұлы Мағжан аруағы мысын басып,
Тізе бүгер алдында басын иіп.
Жүрегіме бір алау
Лапылдады,
Қуаныштан тұрғандай атылғалы.
Қызылжарда алаң бар,
Алаш ұлы,
Аялаған Мағжанның атындағы!
ЗЕЙНОЛЛА ӘКІМЖАНОВ
"ЖЕРҰЙЫҚ" ӨЛЕҢДЕР ЖИНАҒЫ. 1993 ЖЫЛ. 112-БЕТ
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇