Эсселер ✍️

  06.05.2026
  34


Автор:  Ілия Жақанов

ЖАЛМҰҚАН – АҚТОҚТЫ БАЯНЫ

 


 


1980-жылдың желтоқсан айының соңғы күндерінде Біржан Салдың 150 жылдығы қарсаңында Көкшетауға келіп, қазақтың классикалық әнінің ұлы атасының аңызға айналған ғажайып өмірін зерттей бастадым. Осы жұмыс-тың үстінде Ақан Сері жайында да қым-қиғаш сырлар қозғалды; әсіресе, оның Ақтоқтымен байланысты беймаза тағдыры, бұрын тек «жағымсыз кейіпкер» ретінде датталып келген Жалмұқанның азаматтық келбеті таң-тамаша ғып ашыла түсті; оның біз білмейтін беймәлім жайлары көп екен. «Қарауылдың Жақсылық атасы күні бүгінге дейін Ақан Сері мен Ақтоқты оқиғасын намыс қылады. Бұл елдің адамдарымен ол жөнінде сөйлесу оңай


емес, ыңғайға келе бермейді.


Ертеде осы Қызылағашта Ғабит Мүсіреповтың «Ақан Сері-Ақтоқты» пьесасы қойылады дегенде қариялар өре түрегеліп: «Асылымызды қор-ламаңдар! Жалмұқан мен Ақтоқтының өміріне дақ салмаңдар, бүйтіп! Өніп – өсіп отырған жазықсыз әулеттің бала-шағаларының көңіліне қаяу түсірмеңдер! Осы келген беттеріңмен тайып тұрыңдар! Бізге жалған сөз керек емес!» деп артистерді қабылдамай, қуып шығыпты. Мен үшін бұл сөз Ақтоты-Жалмұқан ауылына баратын жолдың үстіне жатып алған арыстан секілді бір сұмдық сұс боп, Көкшетауға тиіп-ақ тұрған Қызылағашқа еш мойын бұрғызбады. Бірақ, ел сөзіне ден қойсам, Жалмұқан – негізі жары-ған, қуса жететін, қашса құтылатын, айдарынан жел ескен кесек бітімді, өрісі де, өресі де кең, аршынды, алапат адам. Ал, айт айтпа, Ақтоқты есімі әнде аңыз боп қалып қойды. Ол Ақан Серінің:


Ой, қалқа, тілің тәтті, лебің балдай, Қаламқас, ителгі көз, жазық маңдай, Түсінде Бағылан патша ғашық болып,


Секілді сүйген сұлу Күләндамдай, – дейтін «Ақтоқтының сыйпаты» әнінде, Ақтоқты Айға бітсе сендей көрік,


Жатпас па таулар балқып, тастар еріп. Тамақтан үлбіреген бір иіскетсең,


Кетер ед бойдан қуат, ойдан ерік, – дейтін «Ақтоқты» әнінің бірінші түрінде: Ақтоқты,кеткенің бе, шыныңменен,


Тар жерде бал беруші ең тіліңменен. Кез болдық дарияның қайраңына,


Зарланып ән шырқаймын үнімменен, деп келетін екінші түрінде, Қорқамын шымылдықтың құруынан,


Бір жаман қолын сұғып тұруынан, Жалғанда қыздан сорлы жан бар ма, екен,


Айырылып кете барар руынан, – дейтін «Ақтоқтының аужары» әнінде, Манар таудың басында қайың, арша,


 


Оң жағында әкемнің болам қанша, Сүйген жармен кете алмай арманда боп,


Өмір шіркін өткені осылайша, – деп шер төккен «Ақтоқтының зары» әнінде Ақтоқтымен болған махаббат хикаясы, міне, осы бес әнде осылай-ша шертіледі. Бес ән!


Ақан Сері Ақтоқтыдай сұлулық періштесін сүйді. Ол анық. Өйтпесе осындай керемет әндер шығар ма, еді? Бірақ, бұл тағдыр Ақтоқтының маңдайына тағы бір асыл арыс – Жалмұқандай ерді жазған еді. Ол содан айнымады. Ал, оны Жалмұқанға ұзатылар сәт – қызойнақ үстінде Ақан Серінің алып қашуы ессіз махаббаттың көзі тұнып кеткен жанкешті әрекеті еді. Жолы жіңішке, дәрменсіз қыз не істесін? Елдің намысты азаматтары араласпаса Ақан Серімен кете барар еді. Жеме-жемге келгенде шырқыра-ған Ақтоқты Жалмұқаннан айырылмайтынын айтқанда, бұл сөзге сенерін, сенбесін білмей қаны қарайған Ақан Сері: «Басыңды Сарымида кесіп ал-сам!..» деп амалсыз тосылып, тағы да тағдыр тәлкегіне түседі. Жүрегін ұйытқан осы мұңнан ол өмір бақи айыққан жоқ. Көрдіңіз бе, тәңір ісін – бір Ақтоқтыны екі жігіт дүррі – Ақан Сері мен Жалмұқан сүйді. Екеуінің де сүюге қақысы бар. Сол үшін екеуі де жазықты емес. Ол – екі жүректің әмірі! Екі жүректің әрекеті! Екі жүректің қалауы!


Күндердің күнінде Жалмұқанның бір аяқ асқа алғысыз сорлы боп, қол-дан жасалған әдебиетте «жағымсыз кейіпкер» атануы кімнің каперіне кел-ген? Жалмұқан сондай бейбақ па, еді?


1999-жылдың қараша, желтоқсан айларында Көкшетауда Шоқан Уәли-ханов атындағы университетте екі рет болып, ректор, физика ғылымының докторы, профессор Абай Айтмұхамедов есімді жан-жақты білімпаз аза-маттың тілегімен «Сал, серілер мектебін» ұйымдастырдық. Студенттердің арасында әдебиетке зерек жастарды зерттеушілік өнерге баулуды мақсат еттік. Бұған ғалымдар, оқытушылар мен талантты жастар қатты қызықты.


2000-жылдың маусым айының он сегізі күні мен қасымда белгілі әнші (Қайрат Байбосыновтың шәкірті) Ербол Айтбаев бар, Көкшетауға келдім. Университетте сал, серілерге арналған ғылыми конференция, әдеби музы-калы кеш өткіздік. Міне, осы кеште сал, серілердің өмірінен жарты жыл ішінде қыруар дерек жиған ұстаздар, студенттер жасаған баяндамалар мен әңгімелерде, жазылған курс жұмыстарында Жалмұқан – Ақтоқтының көп құпиясы жарқырап тұрып ашылып, бұған өзіміз де тебірене таңғалдық.


Ертеңінде ректор Абай Айтмұқамедов өзі басқарып, Талғат, Аманжол сияқты ұстаздар қоса жүріп, Көкшетау ауданындағы Қызылағаш ауылына қарай жол тарттық. Бұл жан-жақты жарақталған (видеокамера,магнитофон, диктофон, фото-аппаратуралар) фольклорлық экспедиция еді. Жолшыбай машина ішінде Ербол күндей күркіреген кең тынысты жарқын үнімен Ақан Серінің «Мақпал», «Сырымбет», «Шәмшіқамар», «Ақтоқты» әндерін ай-тып, қиялымызды сан-саққа жүгіртті.


Әр қилы ойға салған Ақан сері әнінің әсерімен Қызылағашқа қалай жетіп қалғанымызды байқамадық та. Бір ауылдың тұсынан өте бергенде жол екі айырылды. Қайсысына түсерімізді білмей дағдарып тұрғанда бір қызыл «Ауди» кезіге кетті. Біз сәлемдесіп, жол сұрай бергеніміз сол еді: – О, Илья аға! – деп еңгезердей екі жігіт машинадан шыға келді.


Біз де машинадан түсе қалдық. Бойы теректей тіп-тік, қараторы, құс мұ-рынды, қыран көз, сымбатты жігіт: – Ағалар, жол болсын, мен Жалмұқан-нан туған Уәлидің баласы Жәменнің ұлы Балташ деген ініңіз болам. Ал,мына шашы тікірейген дәу сарының есімі – Ибрагим. Өзі мұғалім. Баты-раш-Қотыраштың тұқымы. Біз Жалмұқан атамыз бен Ақтоқты әжемізге күмбез тұрғызамыз, деп, Көкшетау мен екі ортада шапқылап жүрген жайда едік. Ал, енді тәңір иіп, үлкен жолдың үстінде кездестік. Әні, сонау орман-ды алқаптың төріндегі ауыл – біздің Қызылағаш. Ауылға кеп тұрсыздар, жүріңіздер. Жалмұқан мен Ақтоқты әулетімен танысасыздар…


Қыз бұрымындай бұраңдаған қара жолда зырғытып отырып, көк белес-ке шықтық та тоқтай қалдық. Жан-жаққа көз салдық. Мүлгіген көк орман. Шоқ-шоқ қайың. Қызылды-жасылды толқыған көк майса. Лып-лып еткен жібек самал даланың хош иісін желпиді. Төбемізде аққудың мамық төсін-дей ақша бұлттар қалқиды. Біздің оператор жігітіміз табиғаттың осы бір қайталанбас ғажап көрінісін видеоға түсіріп жатқанда Балташ: – Ақтоқты әжемізді өзінің бұланай ұлы Жалмұқанға атастырып, келін ғып түсірген Сүтемген бай дейтін бабамыздың атақонысы осы жер. Тағдырдың небір қоқайын көрсек те Қызылағаштағы жылы орынымыз суыған жоқ. Осы жерде о бастан тамыр жайып, өніп-өсіп келеміз. Ал, ендігі әңгіме ауылда болсын, ағалар, – деді.


Біз әб-сәтте ауылға да келдік. Машинамыз кең қақпалы сәулетті үйдің алдына кеп тоқтағанда қимылы тез, елгезек Балташ: – Бұл – біздің әулеттің қара шаңырағы, Жалмұқанның Сұлтан дейтін баласының ұлы Сабыр аға-мыздың үйі. Міне, ағамыздың өзі де алдымыздан шықты. Қане, төрлетіңіз-дер! – деп бәйек бола ізет көрсетті.


Жалмұқан мен Ақтоқты баяны осы үйде шертілді.


Ақтоқтының келін боп түскен жері – Жақсылық елі. Бұл – жамырасып жатқан әнші ел қалың Қарауылдың іргелі атасы.


Енді шежірені таратып көрейік: Қарауылдан Жақсылық, Жақсылықтан Есенбай, Есенбайдан Баян, Баяннан Қожамбет, Қожамбеттен Жалмырза, Жалмырзадан Сәмен, Сәменнен Сүтемген.


Әріден бақ-дәулеті үзілмей келе жатқан жуан тұғыр, сіңірлі тұқымның айбарлысы, арыстаны осы Сүтемген бай. Бай болғанда да пешенесі жазық, пейілі кең, «алаған қолым береген», дейтін құрығы ұзын, діттеген жері-нен тауы шағылып көрмеген, ұйымы мығым, берекелі жан болған. Кейбір дүниеқоңыз көр пенделер сияқты сасық ырыспен емес, көшелі кісілігімен күллі Арқаға даңқы жеткен адам. «Менмін» деген ірілер Сүтемгенмен құда, сүйек жақын, ілік – шатыс болуды көздеген. Оның ақ ордасында ел ардақтаған шешендер мен көсем сөзді билер, әнші-ақындар кеңес құрған. Арқаны әнмен қырған Біржан Сал да кезінде осы Қызылағашты дүбірлете шалқыған. Сүтемгеннің дарқандығы, үлгілі жолы балаларына дарыған.


Сүтемген екі әйел алған. Екінші әйелі – Науан, қырғыздың қызы екен. Осы Науаннан – Бекен мен Жалмұқан туады. Бекеннен ұрпақ жоқ.


Жалмұқан, Ақтоқтыдан – Тоқмұқамбет (Тоқан), Уәлиахмет (Уәли), Әбу-сапия, Мұқамбетқали (ел жайлауға шыққанда туған соң Жайлау атанып кеткен), Сұлтанахмет және Майра, Қанипа. Бес ұл, екі қыз. Майра ұзаты-лайын деп оң жақта отырғанда кенет қайтыс боп кетеді де оның орнына Қанипа ұзатылады.


Сүтемгеннің бар дәулетін Жалмұқан ұстаған. Ол «бай баласымын» деп шолжыңдап, ойына не келсе соны істеп, ағыл-тегіл ырысты рәсуа қылып, текке шашпаған. Қарағайдан әшекейлеп үйлер салдырып, ішін көз жауын алған жиһаздармен безендіріп, орыс қалаларына сауда керуенін жүргізіп, ауылға өрелі мәдениеттің қалпын енгізген. Арғы аталарынан жалғасқан имандылық қасиетті қастерлеп баққан. Медіресе салдырып, діни кітап-тар жиып, терең білімді молдалар ұстап, балаларды алланың ақ жолына, ізеттілік пен ізгілікке, ақ-адал еңбекке тәрбиелеген. Ішкені мас, жегені тоқ тоғышарларша шіренбей, мал-жанын баққан қарапайым жандарға жылы қа-бақпен қарап, олардың тұрмыс-тіршілігіне сәулесін түсіріп, сол бейнеттің ішінде білек сыбанып, өзі бірге жүрген. Кем-кетік, жоқ-жітіктерге қол ұшын беріп, балаларын медіресеге оқытқан.


Жалмұқанның алапат істері көп. Соның бірі – орыстар Сырымбет өңіріне дендеп кіріп, қаймағы шайқалмаған елді атақонысынан айырып, жан -жа-ғын жыландай жалмап, Ақтоқтының дәулетті әкесі Бақтыбайды да өз жері-нен ығыстырғанда Жалмұқан осы бір ашкөз, құтсыз «қарашекпендермен» талмай сілкілеседі. Ақыры орыс өктемдігі басым боп, Бақтыбай ежелгі мекенінен айырылады. Жалмұқан қайныатасының мал-жанын шығасын шығармай, ырғалтып-жырғалтып өзінің осы Қызылағашына әкеліп орнық-тырыпты. Бір-біріне ылайық Сүтемген мен Бақтыбай құдалық ибасы жара-сып, бал жаласып ғұмыр кешіпті.


Ақтоқтының Жалмұқанмен баянды өмірі Жақсылық еліне ерекше көрік берген. Ақтоқты есік аттаған күннен бастап, атасы Сүтемген, енесі Науан ажарына ақылы сай келінінің пейіліне көңілі толып, Жалмұқан екеуіне бар тауқыметтің екі шылбыр, бір тізгінін ұстатыпты.


Ақтоқты нәзік сезімді, ән мен жырға зерделі, оң қолынан өнері тамған іс-кер, шаруаға тиянақты, өте сабырлы, көпшіл, дастарханы кең, ықпалды әйел болған. Ол Жалмұқанның жанды-жақты тірлігіне дем беріп, оның кейбір қызба мінезін әдеппен, еппен басып, сабасына түсіріп отырған.


Жалмұқанның бітім-болмысында тектілік пен бекзаттық қасиеттің лебі жалындап, ұрып тұрған. Ол – бір сөзді, кесек турайтын берен, намысқа кү-йер жерде өзін отқа салып жіберер көзсіз ер. Сенсе өлердей сенеді. Кетіссе енді қайтып мойынын бұрмай, қатты кетеді. Әрі-сәрі бұлтаң тірлікке жоқ. Екі сөйлеген алаяқты маңына жолатпаған. Сол ірілігінен болу керек, сол кездерде Арқада серілікпен емін-еркін бұлғақтаған Иманжүсіп пен Балуан Шолақтар Жалмұқанмен жиі араласып, оған көп үйірілген.


Бір хан базарда жал-құйрығы жер сызған, төрт аяғы діңгектей жуан, арқасы тақтайдай жазық қара айғырдың үстінде шірене сөйлеген дөйдің Иманжүсіп екенін біліп, Жалмұқан атының артынан жайлап келіп, құшақ-қа толар құйрығын оң білегіне орап жіберіп, үн-түнсіз тұрады. Бір мезетте Иманжүсіп жүретін болып, атын тебіне бергенде, аты орнынан мізбақпайды. Иманжүсіп сасқалақтап, артына жалт қарайды. Атын табжылтпай тұрған қызыл шырайлы, отты көз, сом тұлғалы еңселі ерді көреді. Жұрт «Жалмұ-қан! Жалмұқан!» деп айқай салады. Кейін осы оқиғаны ел «сонда пілдей атты тырп еткізбеген Жалмұқанның саптама етігінің қалыңдығы бір елі ке-летін былғары табаны жиырылып қалған екен» деп гулете аңыз қылған.


Жалмұқанның көп жойқын істерінің тағы бірі… Қызылағаштың жан-жағын орыстар алды. Өрісі тарылды. Жалмұқанның жер қайысқан жылқы-сы орыстардың егініне түсіп кете береді. Ол қым-қиғаш жанжал.Төбелес. Сондай бір шатақтың үстінде елдің жиырма шақты жігіті қызыл ала қан болып, орыстардан таяқ жеп, жылқыларды ала алмай қайтады. Жалмұқан «өз елім, өз жерімде бүйтіп қор болғанша!» деп орыстардың қатар жатқан екі-үш деревнясына жалғыз өзі барып, жігіттерін аттың бауырына алып, бықбырт тигендей қиратып салып, жылқыларды аман-есен шұрқыратып, айдап әкеледі. Бірақ, орыстардың ақылды, мейірбан адамдарымен мәмілесі жарасып, ұсталары мен шеберлерін қатты қадірлеген. Қыс болса орыстар-ға жасатып алған тройканы, жаз болса қоңырауы сыңғырлаған фаэтонды мінген. Есті орыстар Жалмұқанды – қатты сыйлаған.


Ел іші қашанда той-думан. Жалмұқан мен Ақтоқты сол жиындарға сал-танатты түрде сән түзеп барған. Сонда олардың қасында әнші – ақындары, саятшылары мен атбегілері, палуандары, мешкейлері мен жүйріктері қоса жүрген. Өз елі Жақсылық Қарауылдың екі жас серісі – Үкілі Ыбырай мен Бейсенбайдың Оспанын Жалмұқан: «шырқасаң Біржан Сал мен Ақан Сері-дей шырқа!» деп дәйім көтермелеп, еркелете шалқытқан.


Ел Жалмұқан мен Ақан Серінің арасындағы риясыз сыйластықты осы күнге дейін жыр қылады. Кезінде Ақан Серінің төңірегіндегі пысықайлар, не Жалмұқанға қырын қарайтын іші тар бейбақтар ел арасына тарап кет-кен әндегі:


Қорқамын шымылдықтың құруынан,


Бір жаман қолын сұғып тұруынан… – деген сөзді көп құтыртып, екі арыстың қадірлестігіне қылау түсіру үшін отқа май құйып, өсек-аяңды қарша боратқан. Жалмұқан: «ол ән Ақан серінің жан ашуы ғой, күйінген жан не демейді» деп қана тынған.


Жалмұқан Көкше еліндегі келелі-келелі жиындарда, ас-тойларда игі -жақсылардың ортасында Ақан Серімен дәмдес боп, терезесі тең жүрген. Ақан Серінің жері – Кеңащы мен Көлденең Қаратал, Қоскөл. Жалмұқанның жері осы – Қызылағаш. Арасы қырық-елу шықырым ғана. «Ә!» дегені естілетін әудемжер. Аралас-құралас ел. Рас, Жалмұқан мен Ақтоқты бас қосқан алғашқы жылдарда Ақан Сері жүрегін тілім-тілім еткен арманын ұмыта алмаған. Ақтоқтыға аңсары ауып, талай рет келіпті де. Ақтоқты бол-са, өз өмірін шайқағысы келмей: «Ақан, енді тұнығымды лайламасаң бола-ды» десе, Жалмұқан: «О, серім кел… кел! Әніңді сағындық. Жат масайрап, осы ауылда. Мауқыңды бас, серім!» деп Ақан Серіні аттан түсіріп алып, ел -жұртты таңғалдыра құрмет көрсетіп, Қызылағашты әнге бөлеген. Күндіз әнмен дуылдасса, жұлдызы самсаған айлы түндерде төсекті                                       көгалдың үстіне салдырып, Ақтоқты үшеуі қатар жатқан. Ақан сері Жалмұқанның осы ісіне сенерін-сенбесін білмей, келе-келе бұл ауылға келуін тоқтатқан. Әлмеғайып Жалмұқанмен кездесе қалса әңгімелесуден тартынып, кінәлі адамдай пүшайман боп, ыңғайсыз күйге түскен. Жалмұқан болса Ақанды шын көңілмен ылғи ауылына шақырған. Ел ішінде Ақан Серіге неше түрлі өсек таңып, ақылға сиымсыз лақап таратып жүрген сусылдаған желбуаздар-ды Жалмұқан: «Шулаңдар. Гулеңдер. Ақан Серінің бір әнінің садағасы боп кететін өңшең қиқым. Пәни жалғаннан бәріміз де өтерміз. Кімнің артын-да не қаларын бір алланың өзі білер. Ал, Ақан Серіде өлмейтін ән бар. Ол мәңгі тірі.» деп қағып тастайды екен.


Жалмұқан мен Ақтоқты орыс шеберлеріне оюлап салдырған ағаш үйде сәнді, салтанатты тұрмыс құрып, бес ұл, екі қызын әлпештеп өсірген. Шетінен бағылан дерлік балаларының ең үлкені Тоқмұқамбет (Тоқан) Көк-ше елінің сол кездегі ғұламасы Науан қазіреттің алдынан дәріс алып, сөзі дуалы терең молда боп шықты. Тектілігі мен пәктігіне кінәрат жұқтырма-ды. Сол себепті жұрт оны әулие тұтты.


Жалмұқанның Жайлау деген ұлы жөнінде мына бір жайды айта кеткен жөн: Жалмұқанның есік пен төрдей атақты бір қара айғыры болады. Оны ол қыста дәйім қасқыр соғуға мінген. Осы Жайлау (Мұқанбетқали) бір күні ешкімге айтпастан сол жесірлік айғырмен Көкшетаудағы Науан қазыретке тартып отырады. Сонда «мынаған не болған?» десіп күңкілдескен ағайын-дарына Жалмұқан: «хақ жолына түскен баланы кінәламаңдар, түге! Тәңір қолдасын. Жайлау ақылсыз емес, былқ етпеңдер. Қара айғырды сатып, пұл қылады. Ол оған біраз уақытқа нәпақа. Сүтекемнің немересі тарықпай-ды. Жайлауым Науан қазіреттей данаға шәкірт болса, құдай ісін оңдады де» деп баласының осы тірлігін теріс көрмеген. Сүйініш еткен. Жайлау да әке сенімін ақтап, елге ғұлама молда боп оралған.


Жеті атасынан сарқылмай жеткен мол ырысты Сүтемген қалай күрпіл-детіп ұстаса, Жалмұқан оны сабасынан бір елі төмендетпеді. Осы мал-жан, бақ-дәулеттің ықтиятты, қажырлы иесі етіп Сұлтан деген баласын баулы-ды. Кеңес өкіметі келгенше Жалмұқанның бес ұлы дүркіреген бес ауыл еді. Айбары да зор еді. Кедей-кепшік, кем-кетікке қайырымы да мол еді.


Кеңес өкіметі келе сала барды да, жоқты да күйдіргідей күйдіріп өтті. Жалмұқанның мал-жаны таланып, кәнпескенің талапайына ілікті. Жалмұ-қан мен Ақтоқты бас сауғалап, олай-бұлай қашты. Тіпті, айласы құрығанда өздерімен «тамыр» орыстардың тауық қорасына тығылды. Кейде ауылды төңіректеп жасырынып жүргендерін сезіп қалған шолақ белсенділер оларға ит қосып қуды. Тоқан мен Жайлауын «молда» деп қудалады. Бірақ, есті жұрт оларды қиянатқа қимай, өздері арашалап алды. Бұлардың үй-жайла-ры тәркіленіп, қоймаға, кеңсеге айналды. Жалмұқан мен Ақтоқтының сәу-летті үйін мектеп етті.


Қызыл қырғын әлегін әкелген өкіметтің усойқы саясаты осы бүліншілік-пен бейкүнә елді әбден тұралатып, отыз екінші жылдың азалы ашаршылы-ғына бір-ақ тіреді. Көкше елі баудай түсіп, қырылды.


Сол қасіретті жылдың қазан айында Жалмұқан мен Ақтоқты арып-ашып, әбден титықтап, ауыл шетіндегі Сұраған қыстауында                                                                                              иесі өлген бір боз үйді паналайды. Орыстардан алған азығы түгел таусылады. Тіске басып, талшық етер ешнәрсе қалмайды. Екеуі өзегі талып, қаңырығы түтеп, көздері қарауытып, әлден айырылады.


Бұлардың осында екенін біреулерден естіп білген Тоқан мен Жайлау жан ұшырып, жетіп келеді. Бәрі бір-бірімен көрісіп, жыласып-сықтасады. Сөй-лесуге әл жоқ. Тек нұры тайған шүңірек көздері бір-біріне үнсіз сүзіліп, қаны қашқан жүздерінен жас сорғалайды. Ес жиған бір сәтте Ақтоқты екі ұлына «шыға тұрыңдар» деп ишарат білдіреді. Тоқан мен Жайлау сырт-қа шыққан соң аяғын зорға басқан Ақтоқты төрге екі ақ жайма жаяды. Жалмұқанның сақал мұртын әдемілеп басып, аяқ-қолының тырнақтарын алып, жуындырады. Сөйтіп, Ақ жаймаға арулап жатқызады. Сонан соң өзі жуынып-шайынып, ақ селеудей селдіреген ақ шашын салалап тарап, өз бо-йын өзі сылап, екінші ақ жаймаға келіп өзі жатады. Әуелі Жалмұқан көз жұмады. Сәлден соң опасыз жалғаннан айдай сұлу Ақтоқты өтеді.


Тоқан мен Жайлау түн жамылып, әкесі мен шешесін ауыл іргесіндегі ескі қорымға әкеп жерлейді. Екеуінің басына самаурындай екі сары тасты белгі етіп қояды. Бітті енді, күні кеше ғана Көкше жұртына аңыз болған дулы өмірдің тірлік үні!


Бұл – Жалмұқан мен Ақтоқтының жұртқа белгісіз тылсым хикаясының тек елесі ғана.


Сұлтанның баласы Сабырдың үйінде жылдар бойы көкіректерінде шер -шемен боп қатқан осы құсаны ақтарған немере-шөберелері, Ақтоқты әжесінің емшегін емген, қазір жетпістегі Шайнұр апай, Жайлаудың ұлы – Ғұмар, Жәменнің ұлы – Балташ, осы әулеттің басқа да адамдары көп жайдың бетін ашып берді. Сөз арасында осы тұқымның бір өнерпаз баласы Бо-раш Ақан Серінің «Сырымбет», «Қараторғай», « Балқадиша», «Әудемжер», «Майда қоңыр» әндеріне қоса менің «Еділ-Жайығымды» толқыта шырқа-ды. Үй иесі – менімен түйдей жасты Сабыр:


– «Еділ-Жайықты» айтса Бибігүл Төлегенова, Қайрат Байбосынов айт-сын. Және Батыс жақта Александр деген орыс жігіті айтсын! Баяғыда Ақан серілер осы Қызылағашта әндетіп жүргенде соңында желкілдеген қыз- қырқын, жас арулар, жігіт-желеңдер жүреді екен, лек-лек боп. Ел-жұрт дүбірлеп, оларды бар сый-сияпатымен көккғе көтеріп, қарсы алады екен. Ал, мына заманда мен мына Ілекеңе не сый-құрмет көрсете алам? Жалмұқан атам секілді сондай топты дүбірлетіп, Ілекеңнің қасына жинай алам ба? Ой, құдай-ай, бір ғазиз басынан талай қасіретті өткерсе де бұл мешеулікті көрмей кеткен Ақан Серілер бақытты екен:


Дәуренді мендей сүрген кім бар екен,


Сонда да қызығыңа бір қанбадым, – дейді ғой, қайран сабаз!


Біз пендешілік оймен әжеміз Ақтоқтыға ғашық болған Ақан Серінің жігіттік ісін намыс көреміз. Адам деген құдайына қарап, тәуба қылу керек, егер Ақтоқтыны ән сұңқары Ақан Сері алып кетсе, намыстың көкесі сонда болар еді. Ақтоқты біздің әулетке бұйырды ғой. Иншалла, Ақан Сері әннің пірі болса, Жалмұқан жігіт сұлтаны! Жаңа біздің мына Бораш Ақан Сері әндерін әуелеткенде қандай адам баласы Ақан Сері мен Жалмұқанның ара-сына араздық пен қызғаныштың отын жаға алады деген ойға келдім, – деп толқи сөйлеп, көзінде жас кілкілдеді.


Осы жайға тебірене қалған Абай Айтмұхамбетов маған ойлана қарап:


– Сіз бүгін Ақан сері мен Жалмұқан әулетін қайта қауыштырып, жыл-дар бойы оңалмай келе жатқан пендешілік наз-наланы тарқатып, ағайын арасын жарастырып, әділеттің шын, тура сөзін айтқыздыңыз. Не көрмеген халықпыз... бүлінген тарихты жөндеу қандай қиямет еді. Оның ішінде әде-биеттегі қолдан жасалған «жағымсыз кейіпкерлердің» тағдыры... – деді.


Шай үстінде Жалмұқан мен Ақтоқтының ұлдары тағы да көз алдымыздан өтті – ең үлкен ұлы Тоқан жетпіс тоғыз жасында қайтқан. Әкесімен бірге кәнпескеге іліккен Сұлтан айдалып, Қиялы деген жерде қуғында жүрген. Ол кісі 1983 – жылы сексен жеті жасында дүние салды.


Жайлауға 1986-жылы тоқсан жеті жасында уақыт жетті. Сұлтанның бәйбішесі – Ғайнижамал. Бұл кісінің құрсағынан – осы көзі мөлдіреген Шайнұр апа, және Сабыр туған.


Бізге ғайыбынан кездесіп, осы ауылға алып келген мына Балташтың ата-сы Уәли кезінде Сұлтанмен қатар жүріп, орыс қалаларында сауда – саттық жасап, жан-жақтан білікті молдаларды әкеліп, балаларды оқытып, медре-се үшін зәулім үйлер салдырған. Өзі сал, серілерге үйір боп, өнерге құлай беріліп, өз қолымен скрипка да жасаған. Бірақ, ерте қайтқан. Әрқайсысы бір -бір тұлға, бір-бір бітім! Кейбірінің көп ісі ұмытылған. Ескерусіз, елеусіз қалған. Осының бәр-бәрі сел-сел әңгіме боп, Ақан Сері… Жалмұқан мен Ақтоқты, олардың осы бес ұлы, екі қызының аруағына құран оқылды.


Көкшетауға қайтар шақта ауыл шетіндегі ескі қорымға барып, екі төм-пешік боп қатар жатқан Жалмұқан мен Ақтоқтының басына дұға жасадық. Екі бейіттің қасына түсіре бастаған қызыл кірпіштерді көрсеткен шөбересі Балташ:


 


 


 


– Ақан Серінің күмбезін «огнеупорный» кірпіштен салған. Жалмұқан атам мен Ақтоқты әжеме де сондай мықты кірпіштен күмбез орнатамыз, – деді. Біз:


– Ниет қабыл болсын! – деп хош айтысып, жолға шықтық.


Күн еңкейіп кіші бесіннің самалды лебі білінгенде «Мәдениет» ауылы-ның іргесіндегі Ақан Сері күмбезіне келіп, дұға қылдық. Одан Сарыкөл мен Қоскөлдің жағасын жағалап, Ерболға Ақан Сері әндерін айтқызып, бағанағы шертілген көп тарихты тағы бір еске түсірдік. Бұл жер Ақан серінің көз алдында қырмызы гүлдей құлпырған Сырымбет сұлуларының ішінде қара басы «қыз патшасы» дерлік Ақтоқтының өшпес әнге айналып, аңызға іліккен жері.


Біз ат басын Көкшетауға бұрғанда жол бойы жүрегімді Ақан серінің арманды шері толқытты да отырды.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу