Эсселер ✍️
ЕКІ ЖИРЕН
1958 жылдың қысы.
Саратовтың қар жамылған орманды алқабы артта қап, “Москва- Алма-ты” жүйрік поезы иен жазыққа көсілте салды. Москвада екінші онкүндікті зор абыроймен дуылдата өткізіп, қайтып келе жатқан қазақстандықтардың қуанышында шек жоқ десе де болғандай еді. Олардың бәрі мәз еді, мол сүйініш құшағында еді. Бірін-бірі ардақтап, сөздері, күлкілері, әзіл-қалжың, ықылас- пейілі бір-біріне бек жарасып, мерейлері тасыды.
Әр купенің дастарханы жиылмады. Әр купеде рюмкелер сыңғырлап, ән әуелеп, күй шалқыды.
Әлгінде Саратовтан шыға бергенде Шәкен Аймановтың купесіне ән-би ансамблінің бір топ қыз-жігіттері келген-ді. Олар атақты актердің “Совет Одағының халық артисі” атағына ие болған қуанышын құттықтап, оның әр әзіліне шектері түйілгенше күліп, еме-жарқын еркінсіп, тамашалап отырды. Поезд түк… түк… түк етіп, жыландай иіріліп, бел-белесті орап, бір са-
рынмен тербетіп келе жатты.
Шәкен біресе Алдаркөсе хикаяларын айтып, мәз қылса, сол күлкісі тиылмай, тағы бірде бір әзіл әндерді еске түсірді. Шәкенге еркелігі өтетін Суат Әбусейітов: –Аға, әлгі бір ән бар ғой, – деп жымың-жымың етті, – “Омырауда он түйме” дейтін ән…
Шәкен көзін сығырайта күлімсіреп: – Мына Шұбаттың дәмесін қара, ә, Түйенің қымызы, – деді, қуақыланып.
– Аға, менің атым – Суат қой… Суат! Мыналар енді мені “Шұбат” дейді. Бір есерлері “Айран” дейді. Тағы біреулері “Ашыған көже” дейді. Осыңыз дұрыс па?
Шәкен шегі қата күліп, бетін басты. Қыз-жігіттің бәрі қолдарын шапақ-тап, шуылдап кетті. Шәкен екі алақанының арасынан Суатқа жіпсие қарап: – Сен – әншісің. Мөлдіреген лириксің. Ашық, жарқын үнді, қуатты тенор-сың. Осы болмысыңмен әнді жан рахаты қылып, тебірене айтсаң – Суатсың! Оның болмай жатса, Шұбат емессің, үш-төрт күн тұрып қалған іртік-іртік Айрансың! Мысалы, мен сенің даусыңа “келеді” деген әнді берсем, оны сен қожыратсаң – Ашыған көжесің! Ха-ха-ха! Сен екуіміз өскен Баян жа-ғынан шалапай әнші тууы тиіс емес.
Суат не дерін білмей ақсары жүзі алқызыл нұрмен дуылдады. Сықылық-таған күлкілер… біреулер көзін сүртіп, күбірлеп: “Шұбат… Айран… Ашы-ған көже” деп, ықылық ата булықты. Суат кәдімгідей қызараңдады.
Бір кезде Шәкен күлкісін жиып ала қойды. Орнынан түрегеп, терезені тө-мен сырғытып, жайлап ашты да: – Ептеп желдетіп алайық, – деп, коридор-ға шығуға ыңғай білдірді. Отырғандар: – Сол дұрыс болар, Шәкен аға, “таза ауа кірсін” – десіп ілесе түрегелді.
Бәрі коридорға шықты. Біреулері өзді-өзі сөйлесіп, енді біреулері тамбур-ға барып, шылым шекті. Сөйтті де бәрі Шәкеннің қасына қайта жиналды. Кеткісі жоқ. Шәкен қарлы далаға қарап, біраз тұрды. Көзі ойға тұнды.
Сәлден соң Шәкен: – ішке кірейік, – деді.
Бәрі жайғасып отырысты. Шәкеннің аузына қарады. Шәкен терезеден да-лаға ойлана көз салған күйі: – Бәрі әзіл ғой, қарақтарым. Біздің Суат сырлы сезімді, есті әнші. Өз әнін таңдай біледі. Ол әншінің үлкен қасиеті ғой. Өресіз әншіні Абай: “Өнерсіз шатылған жігітке сән бе екен?” деді. Рашид Мұсабаев екеуі қандай әдемі дуэт. Небір жайсаң, шуақты, лебті әннің бағын ашты. Кеше Москва сахналарында берілген концерттерде қазақ әнін жай-натты ғой, бұл шіркіндер! Көрдіңдер оны. Айтыңдаршы, ағайынды Ришад, Мүсілім Абуллиндерден кейінгі бір сүйкімді дуэт осылар емес пе? Осылар! Мен енді Суат сұраған әнді айтып берейін. Ол өзі о бастан Ертіс бойын-дағы елдерде көбірек айтылып, одан Қарқаралыға асып, Жетісуға жетіп, Қаратаудың етегін жағалап кеткен ән. Осы жерлерді аралап жүріп, әннің бала күнімнен білетін сөзі біздің Баянаула төңірегінде ғана қаз-қалпында сақталғанын байқадым. Үлкендердің айтуынша, кезінде мұны Шама, Жа-рылғапберлі, Берікбол, Бүркітбайдың Мұстафасы секілді әншілер тарат-қан. Сөзіне мән берсеңдер, біздің көшпелі ел сұлу табиғат төрінде роман-тикалық ғұмыр кешкен сері көңілді ел екендігіне таң-тамаша боласыңдар.
Міне, сол сайран өмірдің шуақты әні… қазір… қазір…
Шәкен сәл жөткірініп, су ұрттады. Сөйтті де екі иығын қомдай көтеріп: Жай түскенмен күркіреп, тау құламас,
Мен сендікпін, жетекте, аулыңа қаш. Мен де өзіңдей біреудің нәуетегі,
Балапандай шайқа да баурыңа бас, – деп лекілдете бастай беріп, қайыр-маға үзілдіре ілігіп, мырс етіп, кілт тоқтады. Екі бүйірін басып, шегі қата түйілді. Шәкен жасқа булыққан көзін орамалымен сүртіп: – Мына қыз ба-лалар шыға тұрсын, – деді, осы сөзді әрең айтып.
Биші қыздар қымсына күлімсіреп, коридорға шықты. Шәкеннің көзінде күлкі нұры кілкілдеп:
Омырауда он түйме қатар-қатар,
Ағытқанша түймеңді таң да атар, паһ! паһ! Қандай сурет, а?! – деп, күректей жалпақ алақанымен екі санын алма-езек шапақтады да, сол шал-қыған күйі көзі жайнап:
Сен ар жақта, қалқатай, мен бер жақта,
Сүт бетіне кілегей қашан қатар, – деп осы сөздерге елжірей толқып, бар дүниені ұмытқандай шырайы кірді, – Ауыл… алқақотан отырған боз үйлер. Бәрі алақанның аясында. Селтеңдеп жүрген біреу көзге бірден шалынады. Қызды ауыл, қымызды ауыл. Жігіттің қызбен тілдесуі қиямет. Оған бар көз қадалады. Түннің бір уағына дейін кемпір-шал ұйықтамайды. Иттердің де үні өшпейді. Қызға “келем” деген сөзі бар. Арада жеңгесі жүр сыпылдап. Асық көңілді ынтызар жігіт құмарлық оты күйдіріп, түннің бір уағында же-теді-ау, ақыры. Қыз да өліп-өшіп, күтіп отыр. Аһ ұра ұмтылған жігіттің құшағына кіреді де кетеді. Сол сәтте жігіттің есі шығып, тағаттан айыры-луы… қыз түймесі ағытылып біткенше дігірлеп, өліп кете жаздауы… о, оны тек елестетіп көр. Осы сурет “Шәпибаяу” әнінде де бар ғой. Қыз көркіне таңғалған жігіт:
Ахау, қайран жар-ай, Қайран жар-ай!
Бөде үй, бөде үй арман-ай! – демей ме? “Бөде” деген сөз – бөлек, оңаша, оқшау, жеке, дара деген ұғым. Осыны білмейтін біздің белгілі әншілеріміз “бәдави”, “бәдәуи” деп соға береді. Осыған Жүсекең мен Бекен Жылыс-баев, біздің Кәукен жыны келіп,күйіп-піседі. Жә, бұл өзі бөлек әңгіме, әлгі он түймесін ағытып болмаған қызды айтсайшы, паһ! паһ!
Суат та күлім қағып: –Қайырманы айтыңыз, Шәкен аға, –деп болар емес.
Жігіттер желпініп, ыржалақтай бастады. Желігіп алған Суат: – Сіз айтпа-саңыз, қайырманы өзім айтам!– деді.
Шәкен күлкіден қызыл жиектеніп қызарған көзін саусағының ұшымен басып: – Сол қайырманы өзің айтшы, Суатжан, – деп өз сөзін өзі қоштап, бас изеді.
Суат бәріне көз қыдырта бір қарап өтті де, жарты дауыспен әннің әлгі шумағынан бастап, қайырмаға келген тұста екі беті жыбырлап, кілт үзді. Жігіттердің бірі бүйірінен түртіп: – Айт! –деді.
Суат күлкі қысқан күйі Шәкенге жасқана қарап, басын шайқады. Шәкен көзі шатынап, жұдырығын түйіп: – Бол, тез!– деді, өзі де өз күлкісін зорға тежеп.
Суат алақанымен екі көзін көлегейлеп: Ахау, сарқыз,
Піскен дарбыз, Дарбызыңның қызылын,
Маған жарғыз-ай! – деп, селкілдеді. Жігіттердің екі езуі екі құлағында…
Шәкен әлденені еске алған жанша өз-өзінен мөлдіреп, терезеден аппақ далаға кірпік қақпай қадалды. Қабағының астына мұң көлеңкесі түсті. Сол мізбақпаған ойлы күйі: – Араларыңда нота жазатын музыканттарың бар ма? – деді.
– Міне, аға, мына жігіт баянист, – деді, Суат бағаналы бері сыпайы ғана үндемей отырған қызылшырайлы жігітке бұрылып.
Шәкен: – Жақсы, – деді, жай ғана.
Түк… түк…. түк… поезд торғын желек жамылған қара орманға жанаса бере саябырлай ілбіп, жайлап кеп тоқтады. Орман іші жыпырлаған қара-торғай. Шықылықтап үн салады. Шәкен олардан көз айырмай, реңі суына беріп, сабындай бұзылды. Жүрегі ұйып:
Бірге өскен кішкентайдан сәулем едің,
Айрылдым қапияда сенен не ғып? – деген жолдарды күрсіне қайталады. Көз алдында беталды құла түзге сарыла қараған Ақан сері…
Дүние-ай, қызыл-жасыл кімді алдадың, Сен берген ризықтан құр қалмадым. Дәуренді мендей сүрген кім бар екен,
Сонда да қызығыңа бір қанбадым, – дейтін Ақан сері түнек түндей тү-неріп тұр. Шәкен де сынып барады. Төңірегі құлазып, жайнаған дүниені көріп отыр, көрмей отыр.
Жігіттер “кетейік” дегендей бір-біріне ым қақты. Жайлап орындарынан тұрып: – Аға дем алсын, – десті де купеден шыға берді.
Шәкен: – Жақсы. Суат, мына баянист інім екеуің бөгеле тұрыңдар, – деді.
Жігіттер жөн-жөніне кетті. Шәкеннің қасында Суат Әбусейітов пен бая-нист жігіт қана қалды.
Бір кезде әлі де іштей қобалжулы Шәкен:– Алматыны қай толқыннан та-буға болады, а? – деп стол үстінде тұрған спидоланы бұрап көрді.
Қысқа толқынға түсіп еді, қазақ радиосының бірінші программасы екен. Концерт беріліп жатыр. Диктор “Енді сіздер, Ғарифолла Құрманғалиевтің орындауында “Екі жирен” әнін тыңдаңыздар” – деді.
Іле “Екі жирен” кербез керіліп, созалаңдай көтерілді. Шәкен Суатқа жалт қарады. Суат та оған үнсіз қадалды.
– Бұл не, Суат, а? Биоток? Мен дәл осы сәтте “Екі жирен” әнін ойлап отырдым. О, құдая тоба, осындай да сәйкестік болады екен! Ғарекемді қара… Ғарекем, қай вагонда еді, Суат?
– Сегізінші вагонда.
– Өзі тыңдап отыр ма екен, а? Қане, жігіттер осы әнге зейін салайық-шы, – деді, Шәкен спидоланың үнін көтеріңкіреп, – Жүсекеңнен үйренген “Екі жирен”… жалғыз осы ән бе, тегі – “Қарғаш”, “Қанапияның әні”, “Бая-науыл”, “Сырымбет”, тағы бір әндер бар. Жүсекең қазымыр ғой, Ғарекеңе “Арқаның әнін айтсаң, жөндеп айт!” дей беріпті, сонда бір жолы Ғарекең де шыдай алмай: “Басқасын қозғамай-ақ қояйын, оу, Жүсеке, өзің мен ай-тып жүрген “Айнамкөз”, “Зәуреш”, “Паң көйлек” әндерін айтып көрдің бе, тегі, а?” депті. Жүсекең сөзден тосылып, ләм-мим демепті. Оның есесіне Жүсекеңнің: “Арқаның әнінде мына Құрманғалиевтің не шаруасы бар?” деп бүлінетін Манарбек Ержановқа: “Үні биік. Арқа әндері кеңдікті, асқақ-тықты қалайды. Осылайша шырқай берсін!” деп Ғарекеңді ардақтап, қор-ғаштаған сөзін естідім де. Міне, сол Ғарекең “Екі жиренді” асық көңілдің құмарлығы етіп, қалай-қалай паһ дегізеді, а!
Кең тыныс алып, әуелете шырқап жатты Ғарекең…
Шәкең Ғарекеңнің найзағайдай жарқ ете түсетін отты жанарын күлімсі-реп елестетті. Өзі өскен жасыл дала, Баянауланың таңғажайып көркем тау-ларын көрді. Мақпал түндерде төсінде алтын Ай қалқыған Жасыбай көлі керіліп жатты. Кәусары көз жасындай мөлт-мөлт еткен Айманбұлақ… атасы Айман отыратын бал бұлақ қой, бұл… тәңірдің өзі қолымен қоя салғандай бейнелі тастар, қарлығаш қанатындай жайылған қарағай – шырша, өз-өзінен билеп тұрған қайыңдар… тауларды етектеп, белден-бел асып, бұралаңдап кетіп бара жатқан көш жолы… жер қайысқан жылқы шетінде: “Көшкенде жылқы айдаймын даламенен” деп шалқыта ән салған жылқышылар үні ер-тегі дүниесіндей есін алды. Қиялы сумаң қағып ұзап барады… ұзап барады.
Ән паң сезіммен көтерілетін қайырмаға келгенде, Шәкеңнің ақсары жүзінің қаны қашты. Қабағын кірбің шалды.
“Екі жирен” бітті. Концерт те тамам болды. Шәкен жеңіл күрсінді. Купе іші тым-тырыс. Әркім өз ойымен әлек. Көздерінің астымен Шәкенге ұрлана қарап қояды. Шәкен санамен сарғайды.
– Шіркін өмір…
Шәкен терезеден көз алмай, осылай деді. Поезд орнынан қозғалды.
Шәкен: – Суат, сен осы “Екі жиренді” білесің, – деді, сабырлы, үяң үн-мен.
– Білем.
– Әриене, “Екі жиренді” білесің, Суат.
Шәкен өз ойымен өзі боп, тағы да терезеден қар жамылған далаға көз сал-ды. Ыңылдады. “Екі жиренді” бір түрлі бұзып айтып отырғандай сезілді.
– “Екі жиреннің” екінші түрі де бар. – Екінші түрі дейсіз бе?
– Иә.
Шәкен күйбеңдеп, столдың астындағы сөмкесінен бүйірі шығыңқы, ал-тын жалатқан аққұманды алды.
– Қазір шай ішеміз. Мейізбен. Мен сендерге “Екі жиреннің” екінші түрін айтып берем. Суат жасың, кіші ғой, қайнаған су әкелші. Шайды өзім дем-деймін.
Ендігі бір сәтте бұлар иісі көкірек жарған ақбұйра шайды ішіп, жүздері нұрланып , жайбарақат қана отырды.
Шәкен қозғалақтап:
– Әуелі “Екі жиреннің” бірінші түрінің сөзін еске салайын, – деді де қо-ңырлатып әндете берді:
Көшкенде жылқы айдаймын аламенен, Ауылыңа барушы едім, даламенен. Түскенде сен есіме, беу, қарағым, Сағынып сарғаямын санаменен.
Ахау, екі жирен, жалын түйген, Жалғанда ғашығымсың жаным сүйген.
Бұл – ләззаты мол сағыныш… енді екінші шумағы: Ей, құрбым, сөз сөйлейін, көрген жайдан,
Айтпаймын күдер үз деп ақ сұңқардан, – деп үмітке толы күдіксіз көңілдің риясыз сырын қозғап кеп:
Көңілімде еш дауалық болмаған соң, Бойымда толып жатыр арыз, арман, – дейді.
Бұл – тыпыршып, тағатсыз соққан албырт жүректің ерке назы. Үздіге ұм-сынған көңілдің тәтті аңсауы ғана. Бор кемік сезімнен ада. Ләззатты сырмен аялап, жан тебірентеді.
– Ал, екінші түріне келейін: Ғизатлу, хат жазамын, сәулем саған, Самарқау осы күні көңіл шабан. Мұғаллақ екі дүние бірінде жоқ,
Дариға-ай, осыменен өтті-ау, заман!.. Мұң… ауыр мұң! Ән емес, романс көтеретін жүк. Сүйіктісі көзіне көрінеді, көрінбейді. Болжаусыз күндер өтіп жатады. Мысын құртқан шарасыздық!
“Ғизатлу”… осы сөздің қайдан шығып жатқанын айтайын: Ғабит Мүсіре-повтың “Ақан сері – Ақтоқты” пьесасында Ақан серінің ролін ойнай баста-ғанда композитордың өлеңдеріне көп үңілдім. Ақындығы терең. Тұңғиық ойлары шымырлап, тым алыстан… алыстан қайырылады. Махаббат ләзза-тын Ақан серідей жырлаған композитор кем де кем шығар. Шерлі жүрегі-нен сырлы сезім кәусары ағылады. Махаббаттан опа таппаған Бетховеннің баянсыз арманының жыры болған “Айлы сонатасын” тыңдағандай хал ке-шем. Бетховен өз шәкірті Джульетта Гвиччардидің түлкі бұлаңға салған алдамшы қылығына жыны келіп жүрсе де, оның сол құбылмалы жүзін құ-дайдың құтты күні “көрсем екен” деп, жүрегінің лүпілін “Айлы сонатасы-на” мөлдіретіп түсірді ғой. Ақан сері де қолы жетпеген сүйіктісін шуақты лиризммен әлпештейді. Оған кінәрат жұқтырмайды. Не деген бекзат қа-сиет, бұл!
Ғизатлу, жаздым сәлем, перизатқа, Қимаймын, сені, қалқам, басқа жатқа, Аршын төс, алма мойын, ей, перизат,
Оқыңыз зейін салып, осы хатқа, – десе, тағы бір дел-сал күйде жүрген сәтінде:
Құрметті, сөз жазамын, раушаныңа, Кез болдың бір талапкер дер шағыма.. Тимеген жүген, құрық асау керім,
Жүрмісің , Иран бағы шарбағында, – деп, сырттай үздігіп, таң-тамаша болады. Асығы түгел, бір пешенелі жан.
Көрдіңдер ме, Ақан сері “ғизатлуды” “құрметті” деп те алған. Е, “Бибі-ғайшаға” деген өлеңі де есімде:
Құрметлу, хат жазамын, асыл затқа, Сөзімді айтатұғын жаздым хатқа. Жарқыным, тәккаппарлық жасамаңыз,
Алыңыз бұл сөзімді ілтипатқа… Ақан сері “құрметтіні” бұл жерде “құр-метлу” деп отыр. Түптеп келгенде – ғизатлу, құрметті, құрметлу – бәрі бір сөз. “Екі жиреннің” екінші түрінде Ақан серінің осы үлгісі бар.
– Ал, “Мұғаллақ екі дүние бірінде жоқ,” дегені не, аға? – деді, мына сөзге қызыға ден қойған Суат.
– Мұғаллақ – “дел-сал” деген сөз. Араб сөзі. Мекке, Мәдина жағында тәңірдің көктен түсірген бір қара тасы бар білем. Ол жер мен көктің ара-сында қисайынқырап тұратын көрінеді. Сол тасты “Мұғаллақ” дейді екен. Өзім, әрине, көргем жоқ. Алланың әміріне қалай шүбә келтіресің. “Мұғал-лақ” сөзі діни қиссалар шығаратын терең білімді ақындарымыздан тарап-ты. Осы сөзді Көкшетау мешітінің имамы Науан-Қазірет көп айтқан деседі. “Екі жирен” әніндегі “Мұғаллақ” сөзі келетін жолды – “Дел-сал” боп, екі дүние бірінде жоқ, дариға-ай, осыменен өтті-ау заман” деп айтса да болады. Жігіттер бір ғұлама қариядан сыр тыңдап отырғандай өзге дүниенің бәрін
ұмытты. Құмарлық, іңкәрлік, пәк сезім әлдиледі оларды.
Поезд Қазақстанның ормансыз шаңқиған ашық даласында тоқтаусыз зау-лап келеді.
Шәкен тағы да шай алдырып, оны тағы да өзі демдеді. Бәрі ұйып отырып шай ішті. Бұларды ешкім мазаламады.
Поезд бірте-бірте баяулап кеп, бір шағын станцияға жақындай бергенде: – Суат, сен осы әнге мықтап зейін сал. Үйретейін саған, – деп Шәкен әнді қоңыр үнімен жайлап қана бастады. Суат оған іштей қосылды.
Суат қасындағы баянист жігітке ым қақты. Ол оны, түсінді де: – Шәкен аға, мен қазір… ғафу етіңіз, – деп купеден ақырын шыға берді.
Баянист өз купесіне барып, баянын әкелді. Өзі ілкімді екен, ән тактысы-на бірден берілді. Баянның сырлы үнінде “Екі жиреннің” жүрек сыздатқан екінші түрі…
Поезд үстінде ән алғаш рет нотаға түсті. Шәкен қасын қияқтай керіп, жүзінен нұры төгіліп:
– Апырай, оқыған балаларға дауа жоқ екен-ау, ә? Сүйкей салып еді, “Екі жирен” шыға келді. Паһ! Паһ! Лүпілдеген жүрегіңнен, лыпылдаған сауса-ғыңнан айналайын! – деп жер-көкке симай масаттанды, – айналайын, есімің кім?
Баянист сыпайы ғана езу тартып: – Ораз, – деді.
Суат қоңыр көзіне шуақты күлкі үйіріліп: –Аға, әнді үйренген мен… сон-да мен қайда қалдым? – деді, өкпелеген баладай бұртиып.
Шәкен де Суатқа қуақылана сүзіліп: – Шұбат… Түйенің қымызы, сен мына құмырсқадай шұбырған ирек-ирек нотаға жан бітір. Тірілт! Тұнып тұрған мұңды әуез. Мұның тұңғиық сырына ену оңай емес, Шұбат. Қиямет іс! Оның ендігі бағы – сенің қолыңда. Бар үміт өзіңде, Шұбат! – деп қаласы бұзылмаған аппақ тісін жарқырата күлді.
Алматыға жеткенше Шәкеннің купесінде “Екі жиреннің” толғаулы сазы толастаған жоқ.
Поезд екінші Алматы вокзалына тоқтап, жұрт бір-бірімен дуылдаса қош-тасып, жөн-жөніне кетіп жатқанда Шәкен:
– Суатжан, “Екі жиренді” үйрендің, бірақ, әлі де түзететін жері бар. Уа-қыт тауып, келіп жүр, маған. Ұмытпа осыны! – деді, маңдайынан иіскеп.
*** Арада күндер өтіп жатты.
Шәкен Суатты күтпеген жерде талай рет кездестірді. Көбіне киностудия-да. Қат-қабат тірлік арасында Суатты тыңдап та жүрді. Тыңдаған сайын: “Кел… тағы да кел,” дей берді. Суат та еркінсіді: “Гонорарым, аға…” дейді күмілжи еркелеп. Шәкен қолына қандай ақша түссе де ойланбастан ұстата салады. Суат осыған дәндеп алды.
Бірде түс мезгілі… қасында сейіл құрып, құтырып жүрген жолдастары бар, Суат киностудияға келді.
Суат келгенде Шәкен кабинетінде бір орыс жігітімен шахмат ойнап отыр екен. Шәкен басын көтермеген күйі:
– Ә, Шұбат… Түйенің қымызы, айта бер, шаруаңды? – деп, мырс етті. Суат не дерін білмей, қипақтап біраз тұрды.
– Сенің неге келгеніңді білемін, Шұбат…. – деп тағы күлді Шәкен. Сөйтті де қалтасына қолын салып, шахмат тақтасынан көз айырмай: – Он
сом жете ме, Шұбат? Мә, – деді.
Жымың ете түскен Суат: – Аға, мұныңыз… – деп азырқанды.
Шәкен Суатқа жалт қарап: – Е, сіз – бүгінде еңбек сіңірген артист екенсіз ғой. Категорияңыз көтерілген. Дұрыс… дұрыс… ставкаңыз жоғары. Мә, жиырма бес! – деп тағы бір он бес сом ақшаны ұсына бергенде: – Жо-жоқ! Тұра тұр, мен саған алдыңғы күні телефон соғып “Екі жиреннің” қайырма-сына көп шүйілдім. Бар ауырлық осы қайырмада екенін айттым. Ең соңғы нотасын тұңғиыққа батыра бер, деп едім. Солай еттің бе? Шыныңды айт! – деді.
Суат “Ахау” деп басталатын қайырманы дәрменсіз аңсау секілді ыңыл-дап берді. Шәкен үндемеді. Қолындағы ақшасын беріп жатып: – Осылай… әлі де сыздата бер, – деді.
Шәкеннен аларын алса да, Суат маңдайынан тері бұрқ ете түсіп, кинос-тудиядан ойланып шықты.
Сол түні “Екі жиреннің” қайырмасы Суаттың ұйқысын қашырды. Қыстың ұзақ талмалы түнінде тебірене дөңбекшіп, кірпік ілмеді. Суат ақыры соңғы нотаны жетер жеріне жеткізіп тынғандай сезінді. Ән уһілеп барып бітті. Пианист Кацманның да діттегені осы еді.
Осындай да беймаза түн болады екен…
***
Күн шыңылтыр аяз еді. Суат ымырт үйіріле бере Шәкеннің үйіне келді. Кірген бойда: – Ассалаумағалейкүм, аға , – деді.
– Ә, Шұбатпысың… Түйенің қымызы кел, – деді Шәкен.
Үй іші қаракөлеңке. Шәкен бөлменің қақ ортасында кең креслоға молы-нан түсіп, екі аяғын созып жіберіп, шалқайыңқырап, домбыра шертіп отыр. Өзінің жаны сүйер “Қосбасары”… алдында әшекейлі аққұман, қаймақ құй-ған сырлы тостаған… сырлы кесе… үнді шайының иісі көкірек жарады.
– Жеңгең театрға кетіп, шайды өзім демдеп, шахматтан ауырған басты жазып отырған жай бар. Қане, отыр, – деп Шәкен домбырасын жанына сү-йеп қоя салды да, шай құйды.
Екеуі үнсіз отырып шай ішті.
Шай ішіліп болған соң, Шәкен орнынан тұрып барып, терезе пердесін түсіріп, шамдарды жақты. Ыңылдады. Үні қобалжулы. Іштей дауысын бір қалыпқа келтіре алмай “Екі жиреннің” ырғағын быж-тыж ғып қожыратып жіберді. Сосын Шәкен сол аңырған күйі креслоға қайта кеп отырды.
– Қане, Суат, айтып көрші… Суат қысылды.
– Домбыраға қосыласың ба?
Суат басын шайқады да, әнді жарты дауысымен бастай берді. Домбыра жайына қалды. Шәкен сағатына қарады да отырды. Бір кезде ән де бітті. Әннің соңғы нотасы ентіктіріп тастады. “Үш жарым минут… бір шумағы… ұзақ ән екен-ау”, деді Шәкен ішінен.
Шәкен түрегелді. Қабағында кірбің.
Шәкен терезе алдына барды. Сыртқа қарап біраз тұрды. Үнсіз кеп ыдыс – аяқты жинады. Сосын құдды бір музей аралап жүрген алаңсыз жандай жазу столында жатқан бір кітаптарға үңілді. Этажерка полкасындағы от-тықтарын, кездіктерін, қаламсаптарын, тағы бір ұсақ-түйек бірдемелерді ұс-тап көріп, әлденеге таңдай қағып, осы үйде өзінен басқа тірі пенде жоқтай өзімен-өзі боп кетті. Суатты ұмытты. Суатта үн жоқ. Шәкен төргі бөлмеге кірді де ұзақ кідірді. Бір мезгілде қолында бір ескілеу пластинка бар, қай-та шықты. Оны бұрышта тұрған радиолаға апарып салды. Жүсіпбек Ақан серінің “Мақпалын” үзілдірді.
Ән біткенде Шәкен бір сәт ойланып қалды да, Суаттың жанына кеп, иы-ғына қолын салып: –Сезіммен… тек қана сезіммен! Онсыз ән түкке тұрмай-ды…. өмір де бос дүние тек. Осы күндері сен “Екі жиренмен” әлексің. Ән ә дегеннен күпті көңілдің сарылтқан сырын сыздықтата шығарады. Мұндағы “ахаудың” өзі бірінші түріндегіден әлдеқайда басыңқы, мұңды. Бірақ, сен оны тым салбыратып, жасытып жібердің. Ақан серінің уыты керек. Қай-нап жатқан жігер, ол. Соны сездір. Жақсы үйренгенсің. Бірақ, өзіңнен өзің қаусама; Ақан серідей шерменде жүректің дертіне шыдамасақ өмір сүріп, ғашық боп керегі не? Мен әнші емеспін. Мен саған көп нәрсеге ынтық боп, көп нәрседен түңілген жүрегімнің лүпілін ғана жеткізіп тұрмын, – деді.
Шәкен “Екі жиренді” іштей ыңылдап, ойы құлазып, әлде қайда ұзай берді. Суат қайтуға ыңғайланып, киіне бастады.
Шәкен мұндай сәтте жалғыздықты қалайды. Суат соны сезді де үн-түнсіз шығып кетті.
***
Алматыға көктем келді. Алатаудың боз мұнарға бөккен етегі құстар үніне тамылжып, жібек самал лыпылдап, хош иіс көкірек жарды. Наурыздың екінші жартысында Шәкен Москваға барып қайтты. Көңілді оралды. Өзі идея беріп, сценарий жаздырып, соны фильм етуді қуаттап, әлекке түсіп жүрген әуресінің бәрі ойдағыдай шешілді. Одақтық кинопрокаттағы мәсе-лелері де сәтті орындалды.
Сондай бір желпіністі күні киностудияда отырып “Екі жиренді” еске алды. Іле Суатқа телефон соқты. Суат пианист Кацманға кеткен екен. Кон-серваторияның телефонын тауып алды да, Кацманмен қолма-қол сөйлесті.
– О, Шәке, аман… аман, – деді сасқалақтап, күле сөйлеген Кацман, – нанайын ба, нанабайын ба, менімен маэстро Айманов сөйлесіп тұр, а? О, ғажап! Тәңір сиы…тәңір сиы, бұл!
– Рувим Соломонович, жүрек қалай?
– Әзірше соғып тұр.
– О, оған не жетсін! Тоқтатпаңыз, оны! Суат Әбусейітов екеуіңіздің “Екі жирен” әніне кіріскеніңіз жөн болды.
– Өте терең ән. Ән емес-ау, романс!
– Сізден осындай сөзді естісем бе, деп едім, рахмет, Рувим Соломонович! – Сізге де рахмет, Шәке! “Екі жирен” дайын. Тыңдай алатын уақытыңыз
бар ма?
– Қашан?
– Қалауыңыз білсін, Шәке. Суат менің қасымда отыр.
– Онда, бүгін біздің үйде… келістік пе, Рувим Соломонович! Мен үйге ертерек қайтам. Бүгін шахмат ойнамаймын. Тең келетін жан табылмай тұр, – деп Шәкен қарқылдап күлді.
– Жақсы, Шәке. Жақсы…
– Телефонды Суатқа беріңізші… – Мә, Суат.
– Шұбат! Түйенің қымызы… сәлемет пе? – Ассалаумағалейкүм, аға!
– Сен былай ет: Рувим Соломоновичті ертіп, кешке қарай біздің үйге кел. Мақұл ма?
– Айтсаңыз болды, аға.
Кешінде бұлар Шәукеннің үйінде бас қосты.
“Екі жиренге” бар өмірін беруге дайын Шәкен әнді тыңдар алдында “Осылар қалай шығарар екен?” деп қобалжыды. Өзімен-өзі іштей арпалыс-ты. Сол толқу үстінде: – Рувим Соломонович, қазақ сезімге ұстамды жұрт. Қызбалықты керек етпейді, бұл ән, – деді.
Бұл – мықты ескерту еді. Кацман елпілдеген кішіпейіл жан, балаша қал-бақтап, Шәкеннің сөзін бас изеп, құптады. Суат үнсіз.
Шай ішілді.
Тер басқан соң, Шәкен терезені ашып тастады. Кацман пианиноға отырды.
Шәкен пианиноға сүйеніп тұрды. Кацман клавишке төне түсіп, “Екі жи-реннің” алғашқы аккордын мап-майда етіп тере бергенде, Суат кең тыныс алып:
Ғизатлу, хат жазамын, сәулем саған, Самарқау осы күні көңіл шабан. Мұғаллақ екі дүние бірінде жоқ,
Дариға-ай, осыменен өтті-ау заман, – деп әр сөзді тұңғиықтан тартып, шымырлата шығарды. Соңғы екі жолда шаршаулы көңілдің дәрменсіз дітін білдіріп, ауыр қайырмаға уһілеп жетті. Кацман әр нотаға езіле шүйілді.
Шәкеннің тұла бойы құсеттеніп тітіркеніп кетті. “Неткен ән, құдай-ау?!” Өткен күндер қызығын еске салып, уһілеткен бір аңсау… сол аңсаудың қуа-тымен шамырқана әл жиып, қайғы мен қуанышты бірдей көтеретін мойы-мас жанның жүрек лүпілі. “Екі жирен” Шәкеннің толқыған көңіліне каусар бұлақтай құйылып, оны көгілдір мұнар тұмшалаған таңғажайып ертегі дүниесінің төрінен бір-ақ шығарды. Оның қиялы зымыраған күйі Баянау-ланы шарлап, Жасыбай көлінің ақ айдынын құшты; одан өзінің кіндік қаны тамған жері-Айманбұлақ басында қыз-бозбала жиылып, алтыбақан тепкен базарлы шағымен табыстырды; махаббат пен арманды ол алғаш рет осы жерде сезіп пе еді, тәңір-ау? Лебінен жалын атқан, солқылдаған бозбала... көрші ауылдардан сауық іздеп келген қыз-жігіттің арасында қос бұрымы жер сызған, аппақ манардай аршынтөс, мөлдіреген бір қаракөз… оны көр-ген сәтте өзін-өзі ұмытып, ессіз көңілмен сүюі… қыздың да кет -әрі болмай құлай берілуі… қалың ши мен қаңқиған тастардың арасына жасырынып, оқшау кетуі… осының бәрі тәңірге мың мәртебе жалынсаң да қайталанбас романтикалық бір ғажайып ғұмыр екен. Сол сәулесінен қалай ғана көзжа-зып қалған…қалай?
Күнделікті өзі араласып жүрген тірлікте бағзы біреулермен бола беретін бақастық, кезбастық, айы оңынан туған сәттілігі… дәйім өрепкіте беретін мансап, атақ, даңқ… біреуге жасаған опығы, кейде ақылға бой бермей орынсыз күйдіріп-жандыратын алдамшы сезім әлегі, о, дәл осы сәтте мұ-ның бәрінен жерінді, бәрінен безінді, Шәкен. Бар кінараттан тап-таза бір бейкүнә мұңлық. Әннің:
Қарағым, айналайын , меһірбаным, Көрмеді еш рахат сенсіз жаным. Қапыда айырылсам, сәулем, сенен,
Жалғанда екі бірдей болмас мәнім, – дейтін сөзі жүрек қылын діріл қақты-рып, ол бейне бір алдында жайнаған шоқты қолымен ұстап алатын алаңсыз, ойсыз сәби секілді мөлдіреді де отырды. Көзі жасаурады. Әннің соңғы ак-корды талмаусырап барып біткенде Шәкеннің күрсінісін Кацман да, Суат та сезді. Шәкеннің көз алды сағымдай бұлдырады. Бір бос дүние… махаббат пен үміті өбектеген бейкүнә кезі көз талдырып, тым алыста бұлдырайды.
Осыдан үш жыл бұрын… маужыраған мамырдың алғашқы күндері Шә-кен демалысқа шыққан еді. Арқаны… мамыр қымызын сағынып, Қара-ғандыға келді. Мұнда дос-жарандары көп. Екі-үш күн сол жайсаңдардың ортасында “надо расслабиться” деп шашылып-төгіліп сейіл құрды.
Бір күні Шәкен “Шахтатресте” инженер боп істейтін құрдасы Сейітті өзі орналасқан “Қарағанды” қонақ үйне шақырып алды да: –Осы жолы Баянау-лаға да барсам ба, деген ойым бар еді, сабындай бұзылдым. Қарқаралыны, “Шайтанкөлді” көргім келеді. Кент тауында есімді алады. Мұның бәрі кө-кейімде жүрген болашақ фильм түсірілетін чудо жерлер ғой, – деді.
Сері көңілді жайраңдаған Сейіт Шәкеннің бұл сөзіне елпілдеп: – Мә-дидің “Атыңнан айналайын, Қарқаралы” дейтін керемет жері ғой, ол! – деп желпілдеді, – машина да дайын. Су жаңа “Газ – 69”. Тау-тасқа сал, бәріне жарайды.
Шәкен бұл сөзге көңілі көншіп, желпіне түсті. Бұларға Жомарт деген жолдасы қосылды.
Сөйтіп, бұлар ертеңінде күн көтеріле бере жолға шықты. Рульде Сейіттің өзі.
Жол үстінде әр қилы әңгіменің басы қайырылды. Шәкен ауық-ауық ақы-рын күбірлеп:
Мұғаллақ екі дүние бірінде жоқ,
Дариғай, осыменен өтті-ау заман, – деп ыңылдай берді.
Сергек сезімді Сейіт: – Неткен ауыр ән, – деп басын шайқады, – айта бер-меші, адамды езіп тастайды екен.
– Сөзі де мұңды, – деді Жомарт та.
Шәкен бұл сөздерді естіді, естімеді, сағым ойнаған көк жасыл далаға сарыла, сарғая қарады.
Бұлар Ульяновск селосынан өтіп, Шилі өзенінің жағасына кеп тоқтады. Сейіттің қимылы тез, Жомартқа ым қағып, машинаның ішіндегі қара сөм-кені алды да: – Дастарқан жай, – деп жепілдетті.
Шәкен жағасында қоғасы мүлгіген қара суды жағалап, көп жылқы байыр-қалап жатқан қалың шиге қарады да тұрды.
Сәлден соң үшеуі дастархан басында қазы-қарта, сүр ет жеп, рюмке қа-ғыстырды. Шәкеннің қоңыр көзінен тұнжыраған ой арылмады.
Ендігі бір сәтте бұлар “Карбышев” совхозынан өтіп бара жатты. Сейіт пен Жомарт жаңа әлгінде ғана Қарағандыда жүзі жайраң қаққан Шәкеннің көңілінде ойда жоқта, не боп кеткенін біле алмай іштей аң-таң. Біразға дейін үшеуі де бір мылқау үнсіздіктің құрсауына шырмалды. Шәкенге ете-не Сейіттің өзі ләм-мим деп жақ ашпады. Бір кезде жолдың оң жағында тұрған бір жас қыз көрінді. Шәкен Сейітке жалт қарап: – Айдалада жалғыз өзі… тоқтат! – деді, әлі сол дел-сал күйде, қабағын кіржитіп.
Машина қыздың қасына кеп, лып тоқтады. Қыз селк ете сескеніп, кейін шегінді. Еліктің лағындай мөлдіреп, үлпілдеп тұр. Қап-қара қос бұрымы жер сызған аққұба қыз… үстінде майда гүлі көз тұндырған ақсары көй-лек… Шәкен бірдеме деуге тілі келмей, қызға кірпік қақпай қадалды да қал-ды. Қыз қымсынып, ақжүзі алмадай албырады. Сейіт: – Қайда барасың, айналайын – деді.
– Қарқаралыға, – деп, ұяла тіл қатты. – Отыра ғой, қалқам, – деді Шәкен.
Қыз машинаға отырды. Жол үстінде Шәкен қилы-қилы ойға шомды. Жү-рек түкпірінде “О, құдая тоба, кімді көрдім?” деген сөз. Көз алдында Ай-манбұлақ түні… айдың да толықсып толған шағы. Қыз-жігіт шуылдасып, тығылыспақ ойнап жүр. Шәкен “Бері… бері жүр!” деп, Ажар қызды қалың шидің ішіне жетектей қашты…
Таңғажайып бір елес! “О, құдая тоба, мен кімді көріп отырмын? Апыр-ай, ә… қандай ұқсас!” деп ет-жүрегі езіліп барады. Қыздан ұяң үнмен жөн сұрады: –Атың кім, қалқам?
– Сұлушаш.
– Студентсің бе?
– Иә. Қарағанды мединститутында бірінші курста оқимын. – Оның қай факультеті?
– Педиатор факультеті.
– Қазір сабақ кезі емес пе?
– Ертең демалыс. Бір күнге сұранғам . Үйді сағынып кеттім. Сөйткенше болған жоқ, қыз: – Аға, мен келдім, – деді. Шәкен аң-таң күйде: – А? – деді.
Сейіт: – Қалай… Қарқаралыға әлі оншақты шақырым бар емес пе? – деп, қызға бұрылды.
Қыз күлімсірей қысылып: – Анау… оң жақтағы шоқ қарағайдың түбінде біздің үй отыр. Әні… жылқылар жүр, – деді.
Шәкен қыз нұсқаған жаққа қарап: – үйіңде қымыз бар ма, қалқам? – деді. – Бар.
– Сейіт, бұра ғой, машинаны. Қымыз ішейік, – деді, Шәкен жайбарақат қана.
Машина даланың шоқырақтаған жолында шаңды бұрқыратып, шоқ қара-ғайдың шетінде тұрған ақбоз үйдің алдына кеп тоқтай қалды. Бұлар маши-надан түсіп жатқанда үйден қос бұрымы көлеңдеген ақ көйлекті әйел шыға бергені сол еді, қызы қарлығаштай қанатын жайып: – Мама, – деп құшақтай алды.
– Балапаным… балапаным!
Шәкен үсті-басын қағынып: – Сәлеметсіз бе? – деп, әйелге ізетпен бас ие амандасты.
Қасы қияқтай қиылған, ажарлы аққұба әйел Шәкенге ойлана қадалды. Сейіт пен Жомарт та қалбалақтай амандасты.
– Үйге кіріңіздер…
Бұлар үйге кіріп, төрге шығып, жайғасып отырды. Үйдің жиһзына, ке-реге, уығы, шаңырағына… жүкаяқтың үстіне текшелеп жиған көрпе-жас-тыққа… шымылдыққа қызығып, таңырқай бас шайқасты. Сейіт: – Хандар түсетін боз үй ғой, құдай-ау! – деп таңдайын қақты.
Шәкен жүрегі дірілдеп бір түсініксіз күйге түсті. Тағы да іштей: “Құдай-ау, кімге келдім… кімді көрдім?” деді, осы сөзді зорға айтқандай қиналып. Толықсыған сұлу әйел қызы екеуі ортаға дөңгелек стол қойып, дастархан мәзірін жасады. Әйел сондай сабырлы, Шәкен көріп отыр, көрмей отыр, қайыңдай аппақ білегінде қос білезігі сыңғырлап, қоңыр сабадан үлкен ша-раға иісі бұрқыраған қымыз құйды. Өрнегі әсем имек ожаумен аспандата сапырды. Қонақтар сырлы тостағанда бетінде майы жүзген мамыр қымы-
зын мейірлене сімірді.
Шәкеннің іші алай-түлей…көзінің астымен әйелге бір, қызға бір қарап қояды. Бұлыңғыр елес…
Сейіт қозғалақтап: –Жеңгей, жалғыз үй отырсыздар ғой, – деді, суыртпақ-тап сөз бастап.
– Жалғыз емеспіз, бір белдің астында тағы екі-үш үй бар. Осы уақта бие байлап, шығатын жайлауымыз ғой.
– Жылда солай ма? – Иә.
– Отағасыңыз…?
– Ол кісі – дәрігер. Машинамыз бар, Қарқаралы, міне, иек астында тиіп тұр, барып-кеп істейді.
– Шіркін, Қарқаралы! Саф ауа! Кәусар бұлақ! Бал қымыз! Адам осын-дай жерде алтайы қызыл түлкідей құлпырып жүреді ғой, жеңгей, а? Біз қалада тұрамыз. Қала бізді құртатын болды. Қарағандының қара түтіні… ол аз десеңіз Теміртаудың көк түтіні… соның бәрін жұтамыз…
Әйел сыпайы ғана күлімсіреді. Шәкен дәл осы сәтте әйелдің қарабұлақтай тұнған ойлы жанарына көз түйістірді. Жүрегінде: “Мен – Ажармын! Сол Ажармын!” деген сөз шымм ете түсті. Іле: –Қымыз іш, Шәкен, – деді, әйел.
Сейіт пен Жомарт бір-біріне жалт қарады. Шәкен: – Ішіп отырмын, Ажар! – деді, үні білінер-білінбес қана.
Екі жігіт үнсіз тынды. Қыз шешесіне бір, Шәкенге бір қарады. Аң-таң. Ол да ойланып, мөлдірей қалды.
– Бұл үй саған таныс екен ғой, Шәкен…
Шәкен Сейіттің бұл сөзін естімеген жанша: – Қане, қозғалайық, – деді. Бәрі тысқа шықты. Қыз дастарханды жинай бастады.
Сейіт пен Жомарт жалбызы мен қоғасы ырғалған бұлақ басында бес-алты құлын байланған желіге қарай бұрылды. Әйел Шәкенмен бірге машинаға жақындай беріп: – Жарық дүниеде жүр екенбіз есен-сау… тәңірдің бұл рахымына да ризамын, Шәкен! – деді, жасаураған жанары тостағанға тұн-дырған қара шайдай мөлдіреп, – Айманбұлақ басындағы сол айлы түндер… алтыбақан тептік. Ақсүйек… тығылыспақ ойнадық. Қандай ессіз едік, сонда. Тұнжыр көкте қалқыған алтын Ай… жымыңдасқан сансыз жұлдыз арасында жүргендей болушы едік. Сен балапан мұртың жаңа ғана тебіндеген бозбала едің… қолыңнан Абайдың кітабы түспейтін-ді.Бәріміз сенің аузыңа қарайтынбыз. Жас жүрегің лүпілдеп, Пушкиннің “Евгений Онегині-нен” таңғажайып шумақтар оқушы едің… біз оны бар жанымызды салып, өліп-өшіп жаттаушы едік. Иә, ол кезде біз алаңсыз едік. Ойсыз едік. Желегі желпілдеген топ қыздың ішінде сенің ойлы жанарың маған ғана қадалушы еді. Мен соған мәз едім. Ал, бір күні… білмей қалдым, ойда жоқта көзден ғайып болдың. Бәрі де өң мен түс...
Елжіреген жас емес пе ем, Еппен айтсаң жұбатып. Мен қызыққа мас емес пе ем,
Кетсең еді жұбатып, – дейтін Татьяна сөзін әлі ұмытқам жоқ, Шәкен, ұмытқам жоқ!
Өлмей әрең тірі қалдым,
Қатты батты тырнағың, – дейтін жері де есімде. Солай күн кешіп, дел-сал боп жүріп, сонда да болса сенің амандығыңды тіледім, Шәкен! Жылдар өтті, жылыстап… Актерсың… режиссерсың… атағың аспандаған сайын алыстай бердің, Шәкен! Тәңірдің бұл еркіне не дейін, міне, тап қазір жанымда тұрсың, алыссың, бірақ…
Шәкен іштей қаусады. Ақтеректей тіп-тік кеуде қоғадай иіліп, жүрегі тілім-тілім боп талықсыды. Басын көтере алмады. Жердің тесігі болса түсіп-ақ кетер еді, сілесі қатты, мысы құрып.
– Жолың түскенде келіп, қымыз ішіп тұр, Шәкен…
Шәкен иығы салбырап, сүйретіліп барып, машинаға отырды. Былай шыға бере бір-екі белден асқан соң Шәкен: – Машинаны оңға бұр, Сейіт! Әне бір жартастың түбіне қарай, – деді.
Машина жолсыз жермен қиқалақтап, Шәкен нұсқаған жартастың түбіне келді. Шәкен: – Жомарт, аш коньякті! – деп, машинадан түсті.
Шәкен коньякті сегіз қырлы стаканға лықылдата құйғызып, көзін жұмып бір-ақ тартты да: – Кеттік! – деді.
Жол үстінде Шәкен өзі ойнаған Ақан серінің: Бірге өскен кішкентайдан сәулем едің ,
Айырылдым қапияда сенен не ғып? – деп тұнжыраған кейпін көрді. Бар өмірі бір бос дүние…
Шәкен сол жолы Қарқаралыға жердің үстімен барып, астымен қайтты… “Екі жиреннің “ екінші түрі, бақса, дәйім жүрегіндегі осы құпия сырды
қозғай береді екен. О, дариға… тәңірге жалынсаң да, жалбарынсаң да орала ма, сол бір шақ… сол бір шақ!
Шәкен көкірегінде күрсініс лебі уһілетіп, артына бұрылды да: – Рувим Соломонович, осы да жетеді. Суат, отыр айналайын, – деді үні дірілдеп.
Кацман мен Суат көздерінің астымен біріне-бірі қарасты. Ойға тұнған жа-нарларында “не дер екен?” деген сауал бұлдырады.
– Енді радиоға жаздырыңдар. Дәл осы күйінде! – деді Шәкен.
– Ән емес, романс… тіпті, ария десе де болады! – деп Кацман іштегі толғанысын жасыра алмай, желпіне сөйледі.
Төмен тұқиып, жабырқаған Шәкен жайлап басын көтергенде кірпігінде жалғыз тамшы жылт-жылт етті. Көзіне Ажардан басқа түк көрінген жоқ.
Суат: – Аға, – дей бергенде Шәкен де селт ете ес жиып: – Ә, Суатым, жүрегіңнен сенің! Кухняға баршы. Жеңгең мына Қаскелең, Ұзынағаш жа-ғында гастрольде жүр. Біздің үй, өзің білесің, қолғанатқа зар. Жеңгеңнің бір пісірген еті бір аптаға жетеді. Сендер келетін болған соң қазы-қарта,жал-жаяны жарқыратып, турап та қойғам. Сонау Көкшетаудан бір қадірлес достарымыз тұздалған саңырауқұлақ та жіберіпті. Зәкоске де дайын. Армян коньягі бар. Шампан да бар. Сен бәрін әкел де, мына столдың үстін жайнат, Суатжан! – деп Шәкен өзін-өзі қамшылап, зорға түзелді.
Тек қана “Екі жирен” бе, Шәкен дастархан басында Біржан салдың “Ға-шығым”әнін… Ақан серінің “Қараторғайын”, Естайдың “Хорланын” баян-сыз махаббат жыры ғып, түннің бір уағына дейін жүректі ұйытқан сыр ғып шертті…
***
Сол сұқбаттан кейін көп ұзаған жоқ, Суат Әбусейітов “Екі жиренді” ра-диоға жаздырды.
Ән алғаш рет эфирден берілетін күні Суат Шәкеннің үйінде отырды. Тағы да екеуі ғана. Дастархан жасаулы тұр. Екеуі ептеп коньяк ішті. Шә-кен: – Әртістердің үйі осы. Мен де әртіс. Жеңгең де әртіс. Сен де әртіссің. Бірақ, бір айырмамыз – сенің келіншегің дәйім үйде ғой. Отбасын көңірсі-теді де отырады. Сен концертіңді бересің… гастроліңе шығасың… бір күні үйіңе тау қопарғандай пұлданып-тұлданып, шаршап-шалдығып келесің… жүзі жайнап, келін қарсы алады. Емін-еркін жуынып-шайынып, келіннің хош иісі бұрқыраған ақбұйра шайын ішіп, балаларыңды құшып-сүйіп,“өз үйім-өлең төсегім” деп рахаттанасың. Ал, біздің хал… осы “Екі жиреннің” тұсында екі рет келдің. Екеуінде де жеңгең үйде болмай шықты. Өзімізше шүйіркелесеміз, енді, – деді, сағатына әлсін-әлсін қарап қойып.
Күткен сәтте: “Жаңадан жазылып алынған әндер” атты концерт те бас-талды. “Екі жирен” концерттің ең соңында берілді. Рувим Кацман ойнаған аккомпономент ә дегеннен тереңнен қозғалды. Шәкеннің көңілі ел көшкен жайлаудың сары жұртындай сарғайды. Осы күнге дейін жан баласы біл-мейтін тұңғыш махаббатынан қапияда қалай көз жазып қалғанын… оны “ұмыттым” десе де ұмытылмағанын сезіп, салы суға кетті. Солай біраз мұ-ңая салбырап, ішінен “осындай ән шығару үшін адамға қандай ғана жүрек бітеді?” деп ойлады. Сағатына әлсін-әлсін көз қиығын салған Шәкен “алты жарым минут… не жеті он бес? Не деген ұзақ ән!” деп таңғалды. Фортепиа-но клавишын арманды жүректің талмаусыратқан солығы етіп сорғалатқан Кацманға, үні элегиялық сырға толы Суатқа дән риза. Ән орындалып біт-кенде Шәкен құла түздегі балбал тастай мүлгіді. Үй іші де үнсіз тынды. Осы бір мылқау сәтті шылдыр ете қалған телефон үні бұзды. Шәкен салғырт көңілмен сүйретіле барып, трубканы көтерді де тыңдап тұрып: –Әуре бол-маңдар, сендер түкке жарамайсыңдар, мейлі оның жабыл, Аймановты жеңе алмайсыңдар. Шахматты қойыңдар. Одан да сиырдың артын жуып, мал та-быңдар, уақытты текке өткізбей. Москвадан келетін гроссмейстрді күтіп жүрген жайым бар. Мені мазаламаңдар, түге! Ха! Ха! Ха!-деп Шәкен үйді басына көтере күліп, әб-сәтте түзелді. Сол жадыраған күйі дастархан шеті-не кеп отырды. Бір-екі рет рюмка соғыстырды. Екеуі мәз. Шәкен Суатты аялады. Еркелетті. Орындап жүрген біраз әндерін тілі жеткенше мақтады. Соның ішінде Сыдық Мұхамеджановтың:
Алматының бозғұлт тұман түнінде,
Көп тұрып ек жасыл терек түбінде, – деп басталатын жібектей есілген сырлы романсын ыңылдап көріп, оны Суатқа айтқызып, жаны рахат тап-ты. Суат та желпініп, көңілі өсті. Екеуінің әңгімесі бек жарасты. Шәкен шешіле сөйледі:
– Екі жиренді” елуінші жылдардың орта кезінде Тоқбай жаздырған-ды. – Тоқбай дейсіз бе?
– Иә. Ол ақсақал балалайкамен айтатын-ды. – Балалайкамен?
– Иә. Сол Тоқбай Павлодар облысының Бесқарағай деген жерінен… руы Бәсентин. Жас кезім ғой, оны ертеде Семейде бір думанның үстінде… одан кейін елге барып жүргенде Ертіс бойынан көрдім. Соңғы рет Алматыда Жүсіпбек Елебековтың үйінде жүздестім. Бойы аласа, қамшыдай қатқан секпіл бет сары шал. Біреуге кең, біреуге кем дүние… тағдырдың қысас-тығын көп көрді, Тоқбай. Өзі байдың баласы екен, кешегі кәнпеске кезінде бар мал-жаны тәркіленіпті. Одан ашаршылық… алты баласы, әйелі өлген. Жаратылысынан берік, мықты, көмбіс жан әндетіп жүріп, көкірегіндегі осы қайғы-шерге жасымапты, мойымапты. Өмірдің шырғалаң жолы оны әр қия-ға салыпты. Күнкөріс, кәсіп іздеу тауқыметімен көршілес орыс қалаларын кезіп кетіпті. Бірнеше жыл Барнауылда тірлік етіпті. Бір жолы ит күйбеңмен пәтерден пәтерге көшіп жүріп, абайсызда домбырасын сындырып алыпты. Өзі талантты жан, амал жоқ, орыс балалайкасын үйреніпті. Осы балалай-ка үнімен өзінің кейбір әндерін орыстың қалалық әндері…тіпті, романс секілді ғып тартып, мүлде өзгертіп жіберіпті. Сөйтіп, ол бағзы бір әндердің вариантын жасапты. Тоқбай жөнінде білетін сырым осы, Суат. Тоқбай ра-диоға “Екі жиренді” балалайкамен жаздырды… Осы екінші түрін Тоқбай-дан бұрын дәл осылай ешкім толғаған жоқ!
О, “Екі жиреннің” бұл түрін Жүсекеңнен тыңдасаң… неткен сезім, шегі жоқ, оның. Тоқбайдың өз аузынан үйреніп, оған өзгеше бір құдірет берген. Жүсекең оны осы күнге дейін радиоға қалай жаздырмай жүр… таңғалам.
– Бұл жайды бұрын неге айтпадыңыз, аға? – деді Суат ыңғайсыздана қозғалақтап.
– Жүсекеңнің білетінін о баста айтқанымда сен бүйтіп жеріне жеткізіп – бе-йопа махаббаттың өмір бойы уһілететін романсы ғып, орындай да алмас едің!
Суат ақсары жүзі дуылдап, көзі жасаурап, қымсына күлімсіреді.
***
Бір күндері “Екі жиреннің” екінші түрі үлкен симфонияға желі боп тар-тылды. Оны композитор Теміржан Базарбаев жазды. Шәкен бұл симфония-ны әр кез сүйсіне тыңдап жүрді. “Екі жирен” жөнінде оның көңілі әлі де тынған жоқ еді. ”Найзатас” фильміне музыка жазған композитор Сыдық Мұхамеджанов “Екі жиренді” терең тебіреніспен лейтмотив етіп толғаған-да Шәкен бір ұлы арманы орындалғандай шабыты тасып, осы фильмде өзі керемет ойнады. Бұл-Шәкеннің соңғы ролі…
Тәңір иесі мейірімін төгіп, мейірлі ғып жаратқан Шәкеннің жан сезімі, ақыл-парасаты, дүниені кең шолатын кемел ойы, мұқалмас жігері, кейде тағдыр қысастығынан сынып жүрсе де сыртын бермейтін қажыр-қайраты, қара тасты жібітер ыстық лебі, суынған жүректің қанын тасытар құштарлы-ғы… ұмсындырып қойған құпия махаббаты қалыпты, “Екі жиренде”.
***
Мен “Екі жирен” хикаясын жазу үстінде Жүсіпбек Елебековпен әлдене-ше рет сырластым. Көбіне телефонмен. “Екі жирен”… Тоқбай… Шәкен жайлы суыртпақтап сұраймын. Жүсекең артық сөзге жоқ, кірпияз, так-кабар жан. Ыңғайын табу қиын. Бірдемені “оқыс айтып қалмайын” деп,
жығыла сөйлеймін. “Екі жиренді” “радиоға жазғызыңызшы”, деп қиыла өтінемін. Жүсекең естіп тұр, естімей тұр, оған селт етпейді де. Телефонда ұзақ үнсіздік… осы үнсіздіктің сұсы басады, жүйкемді құртады. Жүсекең бірдеңе дегісі келеді, бірақ, ашыла алмайды. Бөгеле береді. Осыған таңға-лам. Түкке түсінбеймін. Кейде: “Қандай кер мінез, қиын адам” деп ренжіген де сәттерім болды.
Сөйтіп жүргенде бір күні Жүсекең өзі телефон соқты: – “Екі жиренді” жаздырсам ба, деп едім…
Тағы үнсіздік.
– “Екі жирен” өте қиын ән. Бұл әнді көбіне өзіммен – өзім отырғанда ай-там… және Шәкен қозғаушы еді, мені. Жүрегімді ұйытып жүрген бір жайды аян етейін: Сол күні мен бір жұмыспен өзіміздің драмтеатрға бардым. Қабиба жеңгең театрда істейді ғой, екеуіміз бір мәселемен бір кісіге жолықтық. Әңгі-меміз біткен соң мен үйге қарай бет алдым. Театрдың алдынан шыға бергенім сол еді, Шәкен… ой, айналайын, Шәкенім-ай, үнемі асығыс – үсігіс жүретін әдеті, алдымнан жарқ ете қалғаны. Мені көрген сәтте: “О, ассалаумағалей-күм, Жүсекем!” деп құшағын жая ұмтылды. Мені құшып-сүйіп: “Жүсеке, уақытым тар. Билет қолда. Москваға ұшам. “Атаманның ақырын” алып бара жатырмын. Жүсеке, көкейімді тесіп жүрген бір аманатым-Тоқбай жасаған “Екі жирен”. Радиоға жаздырыңызшы, Жүсеке, құдай үшін. Ал, сау болыңыз, Жүсеке, асығыспын!” дей бергенде мен де дір-дір етіп, Шәкеннің алпамса-дай кеудесіне жабысып қаппын, мүлде. Көзімде жас. “Мақұл! Болады!” дей бердім, аузыма басқа сөз түспей. Арада екі-үш күн өтті ме, өтпеді ме, Моск-вадан жаманат хабар естідік. Москвада оқыс опат бопты, қайран Шәкен…
Сол сапар… мына опасыз жалғанда Шәкенмен соңғы рет қоштасқан екем. Осылай деді де Жүсекең тағы үнсіз түйіліп: – Ертеде радиокомитеттің Кеңес Үсебаев деген бастығы болды. Мен музыка редакциясының көр-кемдік кеңесінің мүшесімін. Кеңестің бір отырысына әлгі Үсебаевтың өзі қатысты. Кісіге онша сүйкімі жоқ, нағыз партократтың өзі. Екі сөзінің бірін-де “ЦК” дейді де отырады. Сол күнгі мәжілісте елдің бір белгісіз әншісі орындаған Иманжүсіптің “Ерейментау”, “Сармойын” әнін тыңдадық. Мен іштей: “Есіл Иманжүсіп… тірі екенсің ғой… тірі екенсің!” деп іштей жы-лап отырдым. Енді әрқайсымыз пікір айтуымыз керек, сол сәтте Үсебаев қабағы кіртиіп, өз-өзінен тыжырынып: “Сендер кімді дәріптеп отырсыңдар, бұл Иманжүсіп дегенің “халық жауы” ғой!” деп бұрқ ете түсті. Бір пенде тіс жарып, үнін шығармады. Бір кезде мен шыдай алмадым: “Иманжүсіп ақталған. Ақталған қағазын көрдім.” дедім. Үсебаев көзі шатынап: “Бізге радиода насихатталсын, деген нұсқау болған жоқ, сондықтан, бұл әндерді бере алмаймыз,” деді. Көп сөздің керегі не, Үсебаевпен түс шайысып қал-дым. Орнымнан тұрдым да: “Өз көлеңкеңнен өзің қорыққан Үсебаев жол-дас, мына көркемдік кеңесіңді өзің басқара бер.” дедім де кеттім де қал-дым. Содан, міне, жиырма жылдай радионың есігін ашқам жоқ. Сен мені дәйім радиоға шақырасың, ал, мен барғым келмей үнсіз бөлелемін, кеп. Үсебаевпен арадағы әлгі бір келеңсіз жағдай есімнен кетпейді. Енді сол пендешілігімді қоя тұрайын, Шәкендей есіл ердің “Екі жиренді” аманат етіп
тапсырған тілегін орындайын, енді.
Жүсекеңнің мына сөзі біраз жайдың сырын ашып, мені желпіндіріп тас-тады.
1974-жыл. Маусым айының алтыншы жұлдызы. Жүсекең студияға келіп, “Екі жиренді” жаздырды. Дыбыс режиссеры Меркен Баятақовты еркелете өбектеп, ізетіне риза боп, өз үнін өзі ойлана тыңдады да: – Дұрыс, – деді, көзі жасаурап.
“Екі жиреннің” қуатымен сол күні Жүсекең “Бесқарагер”, “Смет”, “Қос барабан” сияқты сирек орындалатын әндерді… тіпті, еш уақытта айтып көрмеген “Зәурешті” әлі де болса қуаты қайта қоймаған ашық, таза, өткір де толғаулы үнімен тебірене жаздырды. Сол жолы он төрт ән пленкаға түсті!
Концерттік студиядан шығып, қоштасар сәтте:
– Жүсеке, машинаға отырыңыз, үйге дейін апарып салайық, – деп ілти-пат көрсетіп едік: – Рахмет… рахмет! Мен жаяу қайтайын, – деді.
Сыртынан қарадым да, тұрдым, жетпістегі қарт әнші қолында домбыра-сы, бойы тіп-тік, ойлана басып, кетіп бара жатты.
***
Жүсекең “Екі жиренді” жаздырған соң, режиссерім Ізбас Абдуллин екеуіміз бұл ән жөнінде жазылған новелламды музыкамен көркемдеудің қамына кірістік. Фонотекада Теміржан Базарбаевтың “Екі жиренді” өзек еткен симфониясы, Сыдық Мұхамеджановтың Шәкен түсірген “Найза-тас” фильміне “Екі жиренді” лейтмотив етіп жазған музыкасы бар. Және “Екі жиреннің” бірінші түрін шырқаған Жүсекеңнің, Ғарекеңнің үні бар. Соның бәрін новелланың баяндалу ығытына орай дәл беруіміз керек. Сол ой үстінде жүргенімізде, бір күні Сыдық Мұхамеджанов телефон соғып: – Бүгін түсте “Жаңадан жазылып алынған әндер” атты концерт берілді. Жүсекең “Екі жиреннің” екінші түрін орындады. Тоқбай әнші жасаған нұс-қа. 1954-1955-жылдары радионың музыка редакциясында редактор боп қызмет еттім. Бір күні Жүсекең қолында балалайкасы бар шынашақтай қа-рияны ертіп келді. “Бұл кісі Тоқбай есімді әйдік әнші” деп таныстырды. Әндерін тыңдадық. Бас редактор қуана құптап: “Сыдық, бүгін студия бос. Тоқаңды өзің ертіп апар да, әндерін түгел жазып ал” деді. Біз Тоқбайдың балалайка сүйемелімен орындаған тоғыз әнін қызығып отырып пленкаға түсірдік. Ішінде ең көрнектісі – “Екі жирен”. Фонотеканы ыждағатпен қараңдаршы, Тоқбайдың сол тоғыз әні бар болуы керек – деді.
Мына сөзге елең ете қуанып, фонотекаға бардым. Оның қат-қат журнал-дарының ішінен Тоқбай жаздырған әндерді лезде таптым. Бірақ, әр әнінің тұсында “размагничено” деген сөзді оқып, жүрегім мұздап қоя берді. Тоқ-бай жаздырған сол тоғыз ән түгел өшіріліпті. Не дерсің… не дерсің, бұл сорақылыққа?!
Осы жайды айтып, телефон соққанымда Сыдық Мұхамеджанов үні шық-пай күрсініп, трубканы орнына қоя салды.
Сол күні жұмыс аяғында Сыдық тағы да телефон шалып: – Тоқбайдың сол әндерін неге өшіріпті? – деді, шаршаулы, кейісті үнмен.
– Фонотекдағылар “магнитопленка жетіспейді” деді. Сол үшін өшіріліпті, – дедім.
– Бұл не, сонда? Мешеулік пе, өресіздік пе? – деп Сыдық өз сөзіне өзі булықты, – ненің не екенін білмейтін сволочьтар! Әнді де, әншіні де өлті-реміз, өстіп.
Осы ашудан соң Сыдық уһілеп тұрып былай деді: – Саған айтуға ұмы-тып кетіппін, сол Тоқбаймен сөйлестім ғой, мен, “Екі жиреннің” екінші түріне қызығып. Тоқбай – бай баласы. Уызына жарып, бұланай боп өскен жігіт дүррі. Семей мен Керекудің арасында серілік құрып, бұлғақтап бақ-қан әнші. Қызға көз сала бастаған албырт шағында Керекудің төңірегінде отырған елде әндетіп жүріп, бір қызойнақта Қырмызы есімді бойжеткен-мен танысады. Махаббат оты тұтанады. Қырмызы да байдың қызы екен. Тоқбай Керекумен екі ортаны жол қылып, күн-түн демей, жортады да жүреді. Қырмызымен кездесуі жиілейді. “Ел құлағы елу”, Тоқбайдың бұл машақатын қыз әкесі естіп, біледі. “Қызға қырық үйден тыю” деген тағы бар. Қыз абыройын ойлаған жеңгелері оны қызғыштай қорып, бір қадым тысқары шығармай, қыр соңына көлеңке боп ілеседі. Қыздың атастырылған жігіті бар екен, қалыңдығының бұл сыбысы оған да аян болады. Осындай бір күндерде Тоқбай қызға жасырын хат жіберіп, алып қашуды ойласты-рады. Қыз келіседі. Бірақ, бөгеле береді. Ал, бір күні қыз ұзатылып кетеді. Тоқбай жер соғып қалады. Қапалы күндер өтіп жатады. Ел іші гулеген сөз, Қырмызының барған жері жайсыз боп шығады. Қырмызы торға түскен тоты, бұл сұмдықтан қалай құтыларын білмей зар жылайды. Дәл осы кезде Тоқбайдың әке-шешесі апыл-ғұпыл әрекет қып, бәтуаласып жүрген жеріне сөз салып, күштеп үйлендіре қояды.
Тоқбайдың қызықсыз өмірі басталады. Кеше ғана иен даланы басына көтеріп, әуелете шалқытатын “Екі жирен” әні енді сол сәулелі шуағынан айырылып, бірте-бірте сары санамен сарғайтып, жүрегінің түбіне махаббат-тың шер күйігі боп құйылып түседі.
Міне, Жүсіпбек пен Шәкенді, мені толғандыратын “Екі жиреннің” екінші түрін жасаған Тоқбайдың арманды хикаясы осы!..
Сыдық шерткен осы әңгімеден кейін бір күйініш, бір сүйініш үстінде “Екі жирен” новелласын эфирден бердік. Новелланың бас кезінде Суат, соңында Жүсекең орындады, “Екі жиренді”.
Кейін бұл новелла жайлы жазылған хаттардың шегі болмады.
Музыка мен музыканттар туралы толғаған кезекті бір кітабымды “Екі жирен” деп атадым. Ол 1976-жылы “Жалын” баспасынан жарық көрді. Бұл кітап Жазушылар Одағының жыл қортындысына арналған жиналысында мақтауға ілікті. Белгілі әдебиетші, профессор Мырзатай Серғалиев кең тол-ғап жазған сол баяндама “Жалын” журналында мақала боп жарияланды. “Екі жиреннің” игі әсері ме, мен Жазушылар Одағына мүшелікке қабыл-дандым.
“Екі жиреннің” шапағаты мен үшін осылай болды.
***
1992-жылдың он жетінші қыркүйегі. Семейдің Мақаншы ауданында атақты Әсет әншінің мерей тойы өтіп жатты. Ол үш күнге созылды. Сол күндердің бірінде әнші Мәдениет Ешекеев “Екі жиреннің” бірінші түрін шырқады. Жүсекеңше мөлдіретті. Қасымда отырған белгілі әдебиетші – ғалым Қайым Мұхамедханов жаймен ғана: – Жүсіпбек Аймауытовтың әні ғой, – деді.
Мен іштей “Жоқ, олай емес” деген сөзді айта алмай, ізет сақтадым. Қайым ақсақал сөзін жалғады да: –Жиырмасыншы жылдардың басы ғой, елде аш-тық нәубеті басталды. “Помгол”, яғни, “ашыққандарға көмек” деген комис-сия құрылды. Жүсіпбек Аймауытов сондай бір помголдың жетекшісі бо-лып, Қарқаралы, Семей жағынан қырық мыңдай ірі қараны жинап, ашығып жатқан Қостанай, Торғайға айдайды. Сол ұзақ та азапты жолда Жүсіпбек қасында бір жолдасы бар, ол өзі әнші білем, екеуі қосылып “Екі жиренді”:
Ахау, Кәмила, Кәйкен, Құдашам Жәйкен,
Күлмейсің, ойнамайсың сені қайтем, – деп сызылтады екен. Кейін мен осы әншіге жолықтым, өзінің ептеп ақындығы да бар екен. Осы әнді өз аузынан тыңдағанымда: “Жүсіпбек Аймауытов ағамыздың әні ғой” деді.
Сол күндерде Аймауытов “Помголдың малын сатып жіберді… пәреге берді” деген жаламен тергеуде жүрді. Бұл – 1923-жылдардан басталған қырсық. Ақыры 1926-жылы Аймауытовқа сот болды” Қазақ тілі” газетінде Аймауытовтың “Жауап” деген мақаласы жариланды. Әйтеуір, әупірімдеп зорға құтылды.
Біз осы оқиғалардан кейін “Екі жирен” әнін Аймауытовтың әні деп айта бастадық, – деді.
Бұл сөзді дастархан басында дуылдасқан біраз жұрт естіді. Менің үнсіз түйілген сыңайымды сезді ме, Қайым ақсақал: – Илья, сенің пікірің қалай? – деді.
Мен: – “Екі жирен” Біржан сал, Ақан сері заманының әні, – дедім, зорға күлімсіреп.
Қайым ақсақал үндемеді.
Сол жылы күзде Ғылым Академиясының сарайында авторлық кешім өтті. Концертім біткен соң дуылдаса құттықтаған жандардың арасында Қа-йым ақсақал да жібектей сызылып кеп, қолымды алып: – Ильяжан, мен өз өмірімде екі рет қателік жібердім. Біріншісі – Ақан серінің “Әудемжерін” – Көкбайдікі, деп мақала жаздым, екіншісі – “Екі жиренді” Жүсіпбек Ай-мауытовтың әні, деп дәріптедім. Осы екі әннің екі тауқыметі маған оңай боп жүрген жоқ. “Әудемжер” үшін Жайық Бектұров пен Сәкен Жүнісіптен біраз көрешекті көрдім. Екеуі көлдей ғып хат жазыпты, маған. Ақан сері елі-нен де жанға тиер біраз хат алдым. Күнде қасымда жүрген Борис Григорь-евич Ерзаковичтің “Это ошибка” деген сыпайы сөзінің өзі жүрегіме ауыр тиді. Менікі – қателік екен.
Аймауытовтың бір жинағында “Әнші” деген әңгіме бар. О, құдая тоба, талай нәрсеге көз майын тауысып жүріп, осы әңгіме назарыма ілікпепті, мүлде. Әлде ұмыттым ба, білмеймін… Аймауытовтың осы әңгімесіне үңілші, жаным. Сонда өз қателігімді өзге емес, Аймауытовтың өзі жөнде-генін білесің, жаным, – деп арыла, таусыла сөйледі.
Соның ертеңінде Жүсіпбек Аймауытовтың кітабынан “Әнші” деп атала-тын әңгіменің орта тұсында: “Осы “Екі жиренді” елдің аузынан бала күнім-де естіп едім. Енді байқасам әжептәуір ән екен. Қандай жаңа әніңнен кем емес. Оңдап түзеген соң, жұрт қағып әкетті…” деген сөзді оқыдым. Әңгі-менің кейіпкері – Әмірхан әнші осылай дейді. Аймауытов “Екі жирен” – “менің әнім еді” деп отырған жоқ, “елдің әні” дейді.
Аймауытов кейіпкерінің осы сөзі “Аймауытовтың әні – “Екі жирен” деп көкитін бағзы біреулердің (“Өнер” баспасынан жарық көрген екі томдық ән жинағында “Екі жирен” – Жүсіпбек Аймауытовтікі делінді. Құрастырған Жәнібек Кәрменов.) долбарларын теріске шығарды.
“Екі жирен” – Біржан сал мен Ақан серідей ән сұңқарлары өмір сүрген кезеңнің классикалық әні! Оның иесі – халық! Халық әні, ол!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇