Әңгімелер ✍️
Әкенің үнсіз кеткен көз жасы
Біздің үйдің ауласы үлкен емес еді. Бірақ бала көңіліне ол — тұтас бір әлем болатын. Таңертең күннің алғашқы сәулесі терезеден сығалап кіріп, еденге алтын жолақ түсіретін. Сол жолақтың үстімен жалаңаяқ жүгіріп өткенде, өмір бізге тек жарықтан ғана тұратындай көрінетін.
Біз алты ағайынды едік. Бес қыз, бір ұл. Ұл, екі қыздан кейінгі. Үйдің ішіндегі күлкі ешқашан үзілмейтін. Біріміз жыласақ, екіншіміз жұбататынбыз. Бір табақ бауырсаққа таласып отырып, соңында бәрібір бөлісіп жейтінбіз. Сол бауырсақтың иісі әлі күнге дейін есімде — анамның алақанының иісі сияқты.
Кешкілік әкем жұмыстан келетін. Есіктің сықыры естілгенде, бәріміз жапырлап алдынан шығатынбыз. Әкем шаршап тұрса да, бізді құшағына бір-бірден көтеріп алатын. Сол құшақ — біздің ең қауіпсіз мекеніміз еді.Әкеміз көңілді кезде, үнемі
— Кім бірінші өлең айтады? — деп, жақсы ән айтқанымызға тиын таратып, анам екеуі біздің жарыса, шатасып, күліп, қайта бастап ән орындауымызға күліп отыратын. Ата-ананың қосарлана жымиып күліп отырғандары үйдің іргесін кеңейтіп жіберетіндей еді.
Жазда ауладағы теректің көлеңкесінде су шашып ойнайтынбыз.Кейде бір-бірімізбен келісе алмай төбелесіп те қалатынбыз. Сонда анам терезеден қарап тұрып:
— Ауырып қалмаңдар! Қазір әкелерің үстеріңді, ана төбелескендеріңді көрсе ұрысады— деп дауыстайтын. Бірақ даусының ішінде қорқыныш емес, мейірім болатын.Анамыз әрдайым, әкемізді айтып қорқытатын. Бірақ әкеміздің қатал емес, мейірімді екенін, өсіп ес кіргенде бірақ білдік.
Қыста терезеге қырау түсіп, сыртта боран ұлыса да, біздің үй жылы еді. Пештің үстінде шәугім қайнап, шайдың буы аспанға көтеріліп,кейде біз анамның жаймасынан қалған жайма бөлінділерін сол пештің үстіне қойып, қытырлақ нан жасап жейтінбіз. Көбінесе әкем, сол пештің түбінде отырып бізге ертегі айтатын. Әкемнің айтқан ертегілерінде жамандықтар үнемі жеңілетін. Біз соған шын өмірдегідей сенетінбіз.
Ағам өзі үйленгенше үнемі біздің қорғанымыз болды. Кішкентай кезде біз оның соңынан еріп, «ағатай, ағатай» деп жүгіргенде, ол бізге үлкен адамдай көрінетін. Көшеде жығылып қалсақ, не біреуден таяқ жеп қалсақ үнемі бізді үш қарындасын қорғап, екі әпкесін бөтен жігіттерден қызғанып қамқор болып жүретін біз үшін әлемдегі жалғыз батырдай еді. Сол кезде ешкімнің жүрегі ауырмаған. Ешкім ешкімнен именбеген. Ешкімнің көзі жасқа толмаған. Біздің үйде сол кездерде тек қана мәңгі ажырамайтындай үміт қана болатын. Үйдің төбесіне қарасаң – үміт сол ұлдың атымен өрілетіндей. Әкемнің маңдай тері – соның болашағына құйылатындай. Анамның дұғасы – соның жолына төселетіндей.
Ал біз… Біз сол дұғаның шетінде қалған көлеңкелер сияқты едік. Бірақ ешқашан қарсы болмадық. Себебі қазақы үйде ұл – шаңырақ. Қыз – кететін жолаушы. Біз кететінімізді біліп өстік. Ал әкем сол шаңыраққа сеніп өмір сүрді.
Ағам мектепті бітірген соң, заңгер мамандығы бойынша қалаға ақылы оқуға кетті. Оқуын бітірген соң Қызылорданың қызына үйленіп еді, бірақ некесі сәтсіз шығып, бір қызымен ажырасып, кейіннен Жетісу облысы, Жаркент қаласының қызымен бас қосты. Үйленген соң әке-шешеміздің қолында көп тұрмай, қалада жұмыс жасаймын деп әйелімен Алматыға кетті. Әкем, бізді аяқтандырайын деп, жарты өмірі сыртта өтіп, қарапайым шопыр қызметінде жүріп жинаған ақшасына, балам қиналмасын деп Алматыдан екі бөлмелі пәтер алып берді. Басында уақытша тұрып кейін келеді деп үміттенген. Анам, бала күтімімен үйде отырған жан. Ата-анам жалғыз ұлымыз ғой деп, үлкен той жасады. Сол тойда әкемнің иығы тік тұрды. Ол сол күні өзін жеңген адамдай сезінді.
Бірақ мен қазір ойлаймын…, Сол күні ол жеңбеген. Сол күні ол соңғы рет бақытты болған екен. Бәрі жай-жай сөзбен, сыбырмен басталды. Жеңгемнің жымиған күлкісінің астында ызғарлы бір суық бар еді. Біз оны кеш түсіндік.
Сіңлім грантпен қалаға оқуға түсіп, сол ағамның үйіне барды. Барғаннан жеңгеміз жақтырмай, ағамызға сіңлімді жамандап бір жылға да жеткізбей ағамызға ұрыстырып үйінен қуып шықты. Сол кезде ағамыз, өз қарындасына,
-Сен неге жеңгеңе көмектеспейсің сабақтан келген кезде? Неге, үйдегі жағдайды қыздарға айтып қосып жеткізесің? Бір-бірлеріңе қосылып алып өсек айтқанды қойыңдар қыздармен. Оның үстіне суларды да бейберекет ағызып шығынын көбейтіп жіберіпсің? Ағамның үйі екен деп оңды солды шаша берме! Қалада бәрі қымбат. Мен бір айлығымды қайда жұмсаймын? Сен қыздармен бөлек тұр. Сол кезде түсінесің деп айтыпты. Немесе, ағамның жағдайы жылайтындай жағдай емес. Жеңгеміздің асытына қымбат көлік алып беріп қойған. Бір туған бауырлар деген ешқашан бір-біріне шығын болмауы керек емес пе? Бұл жағдайдың ешқайсысын әке-шешемізге білдіртпедік. Тек қыздармен тұрғысы келіп шықты деп алдай салдық. Сіңлім қалаға оқуға түскен күні әкемнің жүзі жарық болып «Ағасының үйінде тұрады, жат болмайды» деп қуанған болатын. Біз үшін ағамыздың үйі іштей — өз үйіміздің жалғасы сияқты көрінетін. Жеңгеміздің сөзі жұмсақ сияқты көрінгенмен, әр сөзінің астарында мазақ жататын. Сол үйде тұрып жүрген кезде сіңлім бір күні ас үйде телефонмен менімен сөйлесіп тұрғанда, жеңгем кіріп келіп арғы жақтан,
— Үйдің ішін бүкіл ауылға жариялап отырсың ба? — деген салқын дауысын есіттім. Сол күні сіңлім оңашада маған жарылып жылады. Сөйтсек оған дейін жеңгем ағамыз үйде жоқ кезде, тамақтарын тығып қойып, нан жегізбей, үй шаруасын, туалет ваннасын қайта-қайта жуғызып, тыным бергізбей, арасында -адам ішкен-жегенін ақтау керек деген сияқты ауыр сөздерін айтып, қаншама зұлымдық мінезін көрсетіп, ағамыз кешке жұмыстан келген кезде өтірік күліп, екіжүзділік жасап жүреді екен. Сіңлім өз ағасының үйінде жалтаңдап бізбен сыбырлап сөйлеседі екен.
Бір күні анам, ауырып жүрген үлкен әпкемді алып екеуі қалаға емделуге барған. Анам немерелерін сағынып, пакетін толтырып немерелеріме деп тәттілерін, сыйлықтарын көтеріп барыпты. Үйге кіргенде жеңгем жүзін қатуландырып, әпкеме қарап,
— Қазір карантин. Балаларға ауыру жұқтырасыз. Ренжімеңіз, біздің балалар тез қабылдайды деп, дастарханға жақындатпай, қуып шығыпты. Өз баламның үйі деп қуанып барған Анам, келінінің қылығына ештеме айта алмай, мазасы болмай тұрған қызын емханаға да көрсетпей келінінің, -апа сіз қала беріңіз үйде деп тілінің ұшымен көңілсіз айтқан сөзеріне қарамай әпкеме еріп жолға артқа қарай шығып кеткен. Анам, жол бойында автобуста терезеге қарап үнсіз отырып,қолындағы дорбасын қысып ұстап үнсіз жылап қайтыпты. Себебі дорбада немерелеріне алып барған кәмпиттері, сыйлық сауғалары бар еді. Сол кәмпиттер ашылмай қайтты. Ең ауыры, сол жағдай ағамның көз алдында болғаны.
Бірде күйеуім қалада жұмыспен жүрген кезде мен,
-ағамның үйіне кіріп жағдайларын біле шықшы. Қуанып қалады деп барғызған болатынмын. Куйеуім өзі жүк көлігі бар. Сол жолы европадан әр қайсысы екі мың-үш мың доллар тұратын кілемдер алып барған екен Алматыға. Сол кілемнің біреуін алып барғысы келіп, қайсысын аларын білмей,
-жеңгейдің өзі ертең келіп таңдап алар деп, түнделетіп ағамның үйіне өзі тәттілерін ғана көтеріп кіріп барған кезде, арғы бөлмеден жеңгеміз,
— Неге ол түн жарымда келеді? Баратын жері болмаса қонақ ұйге барсын. Бұл қонақ үй емес әркім келіп қонақтайтын деп сөйлеп жатқан дауысын есітіп, қайырласпай үнсіз шығып кеткен екен!
Күйеуім маған айтып жатқанда, даусы дірілдеп, таңдана жеткізді. Ал менің ішімде намыс пен қорлық араласып, бір уыс тасқа айналды.
Бауыр дегенде бәрібір бүйірің тартып тұрады ғой. Бірде, бір мерекеде ауылдан бәріміз жиналып бардық. Ол кезде әкем тірі. Енді ауырып жүрген кезі.Ол ұлын қатты көргісі келді.Үйге кірдік. Балалар жүгіріп шықпады. Жеңгем салқын ғана амандасты. Ағам асығыс шала амандасып,
— Менде уақыт аз,жұмысқа кетуім керек — деген кезде, әкем баласының жүзіне ұзақ қарады. Сол қарастың ішінде сағыныш та, үміт те, кешірім де бар еді.Ағам, сондада әкеге мейірленген жоқ. Жұмысына асығып кетіп қалды. Қонуға барған болатынбыз. Сол жағдайдан кейін әкем жәй ғана анама қарап,
— Адам өз үйінде бөтен болмауы керек еді… — деді де, бір шәйімізді дұрыс ішпестен қайта жолға шығып кеттік.
Мен әкемнің ол сөзін өмір бойы ұмытпаймын. Әке-шешеміз өздері алып берген пәтерден қуылып шыққанда, мен олардың жүзін көрдім. Әкем ештеңе демеді. Тек иығы бұрынғыдан сәл еңкейіп кеткендей болды.
Ер адамның сынғаны айқайдан емес, үнсіздіктен білінеді екен.Сол күні әкемнің кеудесіне қанжар қадалған күн екенін кейін білдік. Анамызбен үнемі байланыста болдық. Әкем сол күндерден кейін өзгере бастағанын, дастархан басында өзінен-өзі сөйлейтінді шығарғанын, терезеге қарап үнсіз ұзақ отыратын болғанын біліп отырдық. Анам бір күні,-әкеңнің мазасы болмай қалды деген соң, қыздар үйге жетіп бардық. Сонда әкем бізге
— Адамның жүрегі сынғанда дыбыс шықпайды екен ә? – деді. Мен жылағым келді. Бірақ, ешқайсымыз да ештеме дей алмадық. Емханаға жатқыздық. Дәрігерлер емнің диагнозын таппай «белгісіз» деді. Біз қыздар білдік. Тағы да ештеме дей алмадық!
Ол аурудың аты – қорлық еді. Ол диагноз – баланың салқын қабағы еді. Ауруханадағы ақ қабырғалар әкемнің өңін жұтып қойғандай, әкем бұрынғыдан да бозарып кетті. Біз – қыздары – жанындамыз. Қолын ұстаймыз. Тамақ ішкіземіз. Киімін ауыстырамыз.
Бір күні медбике:
— Баласы жоқ па? Неге ұлы болса келіп қарамайды? Әкелерің болса да, қыз балаға ер адамның киімін ауыстыру, ары-бері орнынан қозғалту ыңғайсыз әрі ауыр. Өзі қызметте болса, тым болмаса келіні үйдің ыстық тамағын жеткізіп тұрмайды ма? Үйдің тамағына жетпей ғой – деді.
Менің ішім тағы да тас талқан болды. Әке тірі тұрғанда өзін жетім сезінсе одан ауыр жаза жоқ сияқты қорландым. Әке, бір кезде үйдің тірегі, балаларының асқар тауы болған адам. Енді аурухананың тар төсегінде, тынысы үзіліп-үзіліп, өмір мен өлімнің арасында жатыр. Үнемі қасында қолғабыс етіп жүрген анамыз, ол кісі де іштей тынып жүргенін біліп жүрміз. Жыласа дауыстап жылай алмайды. Өйткені оның көз жасы – үміттің соңғы жібін үзетіндей. Сондықтан ол тек көзінің жиегінен аққан жасын орамалымен білдіртпей сүртіп қояды.
Палата іші тым-тырыс. Тек аппараттың әлсіз дыбысы…
Әкенің ауыр демі…
Және әр демнің арасында бір ғана сөз:
— Ұлым… келді ме? Немрелерім келді ма деп қана жатты. Баласымен немерелерін құшағына қысып, маңдайларынан иіскегісі келіп жатқанын білеміз.
-Келіп қалады дегеннен басқа жауап айта алмаймыз. Болды ол ұлыңды ұмыт деп айтайын десек, айтуға тіл бармайды. Біз қыздар, біріміз аяғын уқалап, біріміз көрпесін түзеп, біріміз дәрісін беріп, біріміз маңдайын сүртіп отырмыз. Әкеміздің саусақтары әлсін-әлсін біздің қолымызды іздеп, сипап қояды. Сол қолдардың жылуынан әкем өзін әлі де тірі екенін сезетіндей.
Ал әкенің жалғыз ұлы ағамыз, кезінде ең үлкен мақтанышы болған,
«менің тұяғым, менің атымды жалғайтын» деп еркелеткен ұлы еді. Ол жоқ! Хабарлассақ,- сендер барсыңдар ғой. Мен жұмыстан босай алмаймын. Ақша жібердім ғой дейді. Ал әкем ақша сұрап жатқан жоқ еді.
Ол тек ұлының «Әке» деген дауысын естігісі келген. Сол күні кешкісін әкенің жағдайы нашарлап, аппараттардың дыбысы жиілеп, дәрігерлер жүгіріп кірді. Әкем көзін әрең ашып тағы да,
— Ұлым деп сыбырлай сөйледі
Сол сәтте анамыз шыдай алмай, әкемнің қолын бетіне басып:
— Келеді… келеді! Балаңды емес, өз денсаулығыңды күтші — деп жылады. Бірақ есік ашылған жоқ.
Түн ортасында әкенің демі сирей бастап, соңғы рет көзін ашып, есік жаққа қарады.
Бәлкім, соңғы үміт…
Соңғы күтім…
Есік сол күйі ашылмады.
…Сол түні әкеміз ұлын күткен күйі кетті. Ал ұл ертеңінде жаназаға, адамдармен, қара киіммен келді. Анамыз оған қарамады.
Біз де ештеңе дей алмадық. Өйткені кейбір әрекеттер — кешірілмейді.
Кейбір күтулер — қабірге бірге кетеді.
Ал әкеміздің соңғы сөзі…
— Ұлым… немерелерім, ғана болып қалды.
Ол кеткен күні аспан сұр еді. Жел соқты. Үйдің іші босап қалғандай болды. Бірақ ең қорқыныштысы үй емес, анамның жүзі босап кетті. Жетісі, қырықы, жүзі, жылы барлық асында біз қыздар барлық шығынды өзіміз көтеріп, өзіміз қызмет жасап өткіздік. Ал ағам, бір айлығын да толық бере алмады. Әйелі екеуі қонақтардан жарты сағат бұрын келіп, қонақтардан жарты сағаттан кейін жұмыстарын сылтау етіп кетіп жүрді. Ағам қалада білдей тергеуші қызметін атқарады. Жақында отставкаға шығады. Ал жеңгем, осы күнге дейін бір келіндік міндетін дұрыс атқарған емес. Өз төркіні десе, ит-мысығының туған күндеріне дейін қалдырмай көтеріліп барады. Ақылын айтатын шешесі де оңбаған! Ертең сенде сол сияқты ене боласың деп ақылын айтса болады ғой?! Жоқ, айта алмайды. Әкем қайтпай тұрып, екі жыл алдын әжеміз қайтты. Әжеміз қайтпай тұрып, жеңгем соңғы үш-төрт жылында әжемнің зейнет ақы алатын картасын,
-саған ол не керегі бар? Мен, бұрынғы әйелінің қызына алимент төлеуім керек деп, әжемнен тартып алғанын ешкімге білдіртпей ұстап жүріпті. Әжем, үйдегілер сол картаға бола ұрысып қалмасын деп ешкімге айтпай келген екен. Соңғы кезде төсек тартып жатып қалған кезде, біз әжемізден,
- әже, зейнет ақыңды қашан алатын едің? Саған біраз қажетті заттарды қаладан алып келіп қою керек деп сұраған кезде бірақ білдік. Себебі жеңгеміз, ағамыздың екінші әйелі болғаннан кейін бұлда кетіп қалмасын деген қорқыныштарын пайдаланып, өзінің жетесіздігін ары қарай жүзеге асырып жүрген.
Қазір әкемнің қайтқанына да екі жыл болып қалды. Анам шаңырақта кешегі күнге дейін, баласының алып кетемін дегеніне бой бермей, келінінің мінезінен именіп жалғыз тұрып жүрді. Біз алып кетейін десек намыстанды. Көбінесе жақын жерде тұратын әпкем және сіңлім анама қарайласып тұрды. Соңында күйеу балалардан, құдалардан ұялды ма, амалсыз ұлының қолына кетті. Себебі анамыз, бізге,
-қайта-қайта келе бермеңдер. Құдалардан ұят болады. Күйеу балалармен ренжісіп қалмаңдар. Үйдің жанында ағайындарым бар ғой деп жиі айтатын. Қазіргі таңда немерелерінің ортасында. Хабарласып тұрамыз. Ана жүрегі – кешірімді ғой. Баласын, немерелерін ауызынан тастамайды.
Жақында аға жеңгем екеуі ауылға үйге келіпті дегенді есітіп, ауылға, қара шаңыраққа көшіп келеді ма екен деген үмітпен қуанып қалдық. Сөйтсек, үйді ағам өз атына аудартып алып кетіпті. Анда-санда барып әпкеммен сіңлім үйді тазалап тұрғанға, қыздар үйді сатып бөліп алады деп қорыққан шығар? Себебі жеңгеміз, келін болып түскен кезде-ақ бізге,
-мына үйде меніңде үлесім бар деп өзінің ішкі ойын білдіріп қойған болатын. Сол үй онсыз да соларға қалатын еді ғой. Біздің әр қайсымыздың өз отбасымыз, өз шаңырағымыз бар. Бізге, дүние емес, ағамыздың қамқорлығы, мейірімі ғана қажет еді. Соңғы кезде түнде ұйықтай алмай жүрмін. Желдің әр гуілінде әкемнің күрсінісі бар сияқты. Қараңғылықта оның еңкейген иығы көрінетіндей. Кейде, «Неге біз сөйлемедік? Неге әділетті талап етпедік? Неге қорықтық?» Онсызда қыздар жақсы атты болған жоқпыз. Жеңгеміз ағамызға,
-ана бес жалмауыздарың бар ғой деп айтқанын, өз көзімізбен көріп, құлағымызбен есіткенбіз. Мен ағаммен ашып сөйлескенде тым болмағанда әкем, разы болып кетер ма еді деп өкінемін. Біз бауырдан айырылып қаламыз деп қорқып жүргенде, әкемізден айырылып қалдық.
Егер осыны оқып отырған адам бар болса…Бүгін ата-анаңызға, бауырларыңызға барыңыз.Үнсіз отырғанын көрсеңіз — қасына отырыңыз. Қолын ұстаңыз. Құшағына кіріңіз не құшағыңызға алыңыз. Қалауларын сұрап, сол қалауларына жетуіне әрекет жасаңыз. Себебі бір күні ол орын бос қалады. Сонда сіз кешірім сұрайтын, сүйенетін иық таба алмай қаласыз. Біз ата-анамызды, бауырларымызды ренжіткен сайын, олардың реніші арқылы
өз болашағымызды жаралайды екенбіз. Менің әкемнің жүрегі үнсіз сынды.
Балалық шақ — адамға берілген ең таза уақыт екен.Онда күдік,есеп жоқ.
Онда тек сенім бар еді. Біз әкемізді мәңгі тірі болатын сияқты көрдік. Анамызды мәңгі мейірімді сияқты сезіндік. Үйімізді мәңгі берекелі сияқты көрдік. Сол тәтті күндер бізді ешқашан тастап кетпейтіндей еді.
Қазір сол шақты ойлап, бүгінгі күнімізбен салыстырсам, жүрегім сыздайды. Балалық бақыттарымыз, әкемнің күлкісінде,
анамның бауырсағының иісінде, ауладағы теректің сыбдырында қалып қойғандай. Балалық шақтың тәттілігі — оның қайтып келмейтінінде шығар. Бірақ ол жүректен ешқашан өшпейді.
Ағамыз бізді қуған жоқ шығар. Бірақ қорғаған да жоқ.Үлкендер не айтса да қате айтпайды екен. Келін жақсы болса төрің толады, жаман болса көрің қазылады деп айтушы еді. Сол рас екен. Жақында ғана есіттік, жеңгеміздің анасы инсульт алып, бет-ауызы қисайып, тілі күрмеленіп төсек тартып қалыпты. Ал жеңгеміз сол анасына қатынап жүріп, өзі көлігімен жол апатына түсіп, рульге қысылып қалып, бауыры кішкене езіліп, бірнеше күні өзі емханаға жатып шығып, қазір үйінде күтініп жатыр екен. Жағдайы өте ауыр дейді. Анам, сол құдағиы кезінде қаншама ауыр сөздер айтып, келіні ағамыз үйде жоқ кезде анамызды қаншама аш қалдырып, үйде ыстық су жоқ деп өзін жуындырмай, киім-кешегін жуып бермей, ауырып мазасы болмай қалған кездерінде емханаға апарып көрсетпек түгілі, дәріханадан керекті дәрілерін әкеліп бермей қинап, жылатқанына қарамай, мүлдем ештеме болмағандай, құдағиының, келінінің жағдайын уайымдап, тезірек жазылып кетсе екен деп тілеуін тілеп отыр. Біз жеңгеміздің көңіл-күйін сұрап барғымыз-ақ келеді, бірақ, қанша рет сол үйден қуып шыққаны еске түссе, тағы да сол жағдайлар қайталанады ма деген оймен тартынып қаламыз.
Сондықтан адамдар, не жасаса да, жауабын бұл жалғаннан алмай кетпейтінін түсінсе екен деймін!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇