22.11.2025
  210


Автор: Назерке Батырханова

Ата-ана қадірі

Ауылдың сыртындағы ескілеу, бірақ жылулығы жоғалмаған бір шағын үйде Қайсар деген бала ата-анасымен бірге тұратын. Әкесі – таңның атысы, күннің батысы тынбай еңбек ететін, қарапайым ұсталық кәсіптен нәпақа табатын жан. Анасы – үй шаруасындағы әйел. 


 


Бірақ соңғы бір жылда Қайсар мүлдем өзгеріп кетті. Әке-шешесінің айтқанын тыңдамайтын, сабаққа баруға да ерінетін. Жолы болмай қалса — ата-анасын кінәлап: 


 


— Өздеріңше ақыл айтқышсыңдар, — деп ашуланып та алатын. 


 


Бір сәттік болмашы өкпе-наз ата-анасының жасаған жақсылығын ұмытуға әкеліп соқтыратын. 


 


Анасы осындай оқиға орын алған сайын ашуға булықпай, жылы жауап беретін: 


 


— Балам, біз саған дұшпан емеспіз. Аман-есен өссең болды, — дейтін жымиып. 


 


Ал Қайсар кейде тіпті: 


 


— Әйтеуір бәріне араласасыңдар! Не істесем де өзім білем! — деп қаттырақ сөйлеп қалатын. 


 


Күздің суығы енді басталған шақ. Бір күні Қайсар достарымен қалаға барамын деп, үйдегілерге ескертпестен шығып кетті. Қалтасындағы аз ғана ақшасы жеткілікті болар деп ойлаған. Бірақ кешке қарай қар түсіп, жел үдеп, жол қатынасы қиындап кетті. Достары ерте тарасып, Қайсар қала көшесінде жалғыз қалып қойды. 


 


Қолындағы ақшасы жетпей, автобусқа отыра алмады. Суық тұла бойын қалтыратты. Үйіндеғілерге хабарласайын десе, телефонның қуаты әлдеқашан таусылып қалған. Сол сәтте ғана ол әкесінің пеш жағып қоятын әдетін, анасының жылы шай дайындап тосатын сәттерін есіне алды. Бірақ өкінуден ешқандай пайда жоқ еді. 


 


Қараңғылық қоюлана бастағанда көшеде келе жатқан қарт адам Қайсардың дірілдеп тұрғанын байқап тоқтады. 


 


— Балам, дін-амансың ба? — деді жылы үнмен. 


 


— Жоқ... Үйге жете алмай қалдым, — деді Қайсар қысылып. 


 


Қарт кісі оны қасына ертіп, жолда кетіп бара жатқан көлікті тоқтатып, ауыл жаққа баратын бір машина тауып берді. Іші жылы көлікке отырған Қайсар терезеден далаға қарап отырып, өз-өзіне іштей қатты ұялды. 


 


Үйіне оралғанда түн жарымы болып еді. Есікті ашқан сәтте анасының алаңдап тұрған көздерін көріп, беті ұяттан қызарып кетті. Әкесі үнсіз ғана оның үстіндегі қарды қағып, иығына жылы көрпеше жапты. 


 


— Бастысы, дін-амансың... — деді анасы көз жасын сүртіп. 


 


Сол сәтте Қайсар шыдамады. Әке-шешесін құшақтап: 


 


— Кешіріңіздер... Мен сіздерді бағаламаған екенмін. Сіздерден қымбат ештеңе жоқ, — деді даусы дірілдеп. 


 


Анасы басынан сипады: 


 


— Балам, бізге жалғыз-ақ нәрсе керек: сенің амандығың. 


 


Ал әкесі жай ғана: 


 


— Түсінгеніңе шүкір, — деді. 


 


Сол түннен кейін Қайсар бұрынғы әдетін тастады. Үйге көмектесетін болды, сабаққа да жауапкершілікпен қарай бастады. Әке-шешесінің әрбір сөзінің артында шынайы жанашырлық, әрбір әрекетінің артында көзден таса мейірім бар екенін енді ғана сезінді. 


 


Адам кейде ең жақындарын жоғалтып ала жаздағанда ғана қадірін түсінеді. Ал Қайсар шалыс баспай тұрғанда ерте түсінді. Ең бастысы — тым кеш болмай тұрғанда қателігін мойындай алды.


Батырханова Назерке Ертайқызы 


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу