20.11.2025
  179


Автор: Назерке Батырханова

Үмітпен өткен күндер

Айдос пен Марал үшін таң әрдайым үнсіз басталады. Тек бұл үнсіздікті  ас үйдегі сағаттың тықылы мен  анда-санда сөйлесетін ересектердің дауысы ғана бұзып тұрғандай. 


 


Үш жастағы ұлы — Нұрсұлтан — дүние есігін ашқалы бері  бір сөз айтпады. Тіпті “ана”, “әке” деген қарапайым сөздердің өзін ауызына алған емес. Әрбір таң, әрбір кеш осы үнсіздікпен басталып, осы үнсіздікпен аяқталады. 


 


Марал ұлының қолынан жетектеп, бөлме ішінде жүріп келе жатып, тағы да бір рет еріндерін қимылдатып көрсетті. 


 


— “А”...- деп айтшы, жаным… “А”… — деді күлімсіреп. 


 


Бала анасының   қимылына қызыққандай болып қарап тұрады, бірақ дыбыс шығармайды. Тек жанарынан   бір белгісіз мұң сезіледі.  Кей сәтте ол дыбыс шығарғысы келгендей ернін жыбырлатады, бірақ онысынан ештеңе шықпайды. 


 


Марал мұны көрген сайын жүрегі езілердей  болып кетеді. Бірақ баласының көзіндегі жалындаған үміт пен мейірім оты оған қайта күш береді. 


 


Айдос әр кеш сайын ұлына сөйлеп үйретуді дағдыға айналдырған. 


 


— Қане, батырым, кел әңгіме айтайық ? — дейді күліп. 


 


Бала әкесінің жанына жайғасып ,үнсіз тыңдап отырады: әкесінің дауысы оған түсініксіз әлем секілді. Бірақ ол сол дыбысты жақсы көретінін көзқарасымен білдіреді. 


 


Айдос сол сәтте іштей: “Бір күні осы бала да былдырлап сөйлеп кетеді… Бір күні…” — деп өзіне рух береді. Бірақ ол күннің қаншалықты жақын екені беймәлім. 


 


Әр сенбі күні олар қаладағы логопедке барады. Барған сайын дәрігер әдеттегі сөзін қайталайды: 


 


— Шаршамаңыздар. Мұндай балалардың тілі кеш шығады. Кейде төртте, кейде бесте. Ең бастысы — үміт үзбеу. 


 


Марал басын изейді. Ал Айдос бірнәрсені дұрыс істемей жүргендей, өкініш сезімімен ауыр күрсінеді. Үйге қайтып бара жатқан жолда  терезеден сыртқа қарап, ойға шомылып кетеді. 


 


— Неге менің балам сөйлемейді? — дейді ол 


 


Ал Марал оған қарап:


— Біз оны сөздері үшін емес, бар болғаны үшін жақсы көреміз ғой, — деп сыбырлайды. 


 


Айдос басын изегенімен, санасын шарлаған сұрақ,  жауапқа қанағаттанбағандай. 


 


Күндер өтіп жатты. Көктем келді. Үйдің ауласындағы алма ағашы бүршік жарып, айнала түрлі түске бояла бастады. Бір күні далада ойнап жүрген Нұрсұлтан құстың даусын тыңдап, кенеттен бір дыбыс шығарды. 


 


— “А…” — деді әлсіз ғана. 


 


Марал бұл дыбысты ести сала, көз жасына ие бола алмай қалды. 


 


— Айдос! Айдос, келші, — деді ол дауысы дірілдеп. 


 


Айдос сыртқа жүгіре шықты. 


- Балам,қанекей жанағы айтқаныңды қайталашы. 


 


— “А…” 


 


Өте әлсіз, өте қысқа, бірақ тірі дыбыс. Қараңғы түннің артыннан күн пайда болғандай. 


 


Айдос баласын құшақтап алып, қуаныштан көзі  жасқа толды. 


 


— Батыр… сөйлегеніңе шүкір… 


 


Бірақ олар мұның тек бастамасы екенін білді. Бұл әлі сөз емес, тек дыбыс. Бірақ әрбір дыбыс — бір үлкен жеңіс. 


 


Осы сәттен бастап, Маралдың да, Айдостың да өмірінде жаңа серпіліс пайда болды . Олар енді бұрынғыдай күйзелмеді. Енді әр күн — үміттің жаңа сатысы болды. 


 


Айлар өтті. Нұрсұлтан әлі толық сөйлемесе де, бұрынғыдан жиірек дыбыс шығаратын болды. Әр дыбыс — ата-анасының жүрегін тербететін ән сияқты. Ал Марал күнделік жаза бастады. 


 


“Бүгін Нұрсұлтан тағы “а” деді. Бәлкім ертең “ә” дер. Бір күні “ана” дер. Сол күнді күтемін. Бірақ күте жүріп те, оны дәл бүгінгі күйінде жақсы көремін.”


 


 


 


Айдос ұлын велосипедке отырғызып, күнде серуендейтін. Баласы жол бойындағы ағаштарды көрсетіп, дыбыс шығарғысы келгендей қолын сермеп қояды. 


 


Айдос оған күлімсіреп қарайды: 


 


— Сен сөйлей алмасаң да, жүрегің сөйлеп тұр, жаным. 


 


Шынымен де, Нұрсұлтанның сөйлегенінен де маңыздысы — оның көзқарасы еді. Сол көзқарастан Айдос та, Марал да мейірім, сенім, жылулық көретін. 


 


Бір кеште Марал мен Айдос баласын ұйықтатып болған соң, ұзақ отырып әңгімелесті. Шамның жарығы екеуінің де жүзіне шағылысып тұрды. 


 


— Марал… кейде шаршап кетем. Бірақ бүгін ол дыбыс шығарғанда… білмеймін. Қуаныш деген осы шығар, — деді Айдос. 


 


— Мен де шаршаймын. Бірақ біз жалғыз емеспіз. Нұрсұлтан бізді таңдады. Демек біз оған лайықпыз, — деді Марал күлімдеп. 


 


Айдос әйелінің қолын қысып қойды. 


 


— Бір күні ол бізге “әке”, “ана” дейді. Мен соған сенемін. 


 


— Мен де, — деді Марал. 


 


Екеуі терезеге қарады. Төбеде ай жарығын айналаға шашып тұр. Үй іші тыныш. Бірақ бұл үнсіздік — бұрынғы үнсіздік емес. Бұл — үміттің үнсіздігі. 


 


Жылдар өтер, Нұрсұлтан мүмкін ертең, мүмкін бір жылдан кейін, мүмкін бес жасында — бірақ сөзсіз сөйлеп кетеді. Бірақ сол күн жеткенше ата-анасы үшін әр минут, әр үнсіздік, әр күлкі — баға жетпес қымбат сәт.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу