Өлеңдер ✍️

  20.11.2025
  71


Автор: Омархан Алтынбекұлы

Күзгі мұң

 


Кірбің түсті көңіліме бүгін де,
Дертін тапшы өміріме үңілде.
Күзгі нөсер жұбатқандай аймалап,
Дегендей-ақ бұл әлемнен түңілме.


Байыбына бара алмадық біз ненің?
Сөгілгенін көргім келмей іргемнің.
Жапырақсыз қалған күзгі ағаштай,
Бұл күндері қалғандай құр сүлдерім.


Кінәм бар ма?
Қателестім қай жерден,
Сазгерлігім ақындық пен сай келген.
Бәлкім мені мойындауды жөн көрмес,
Өзгелерді аспандағы ай көрген.


Танысқан күз шыға қоймас тіпті естен,
Сырласу мен іштегіні бүкпестен.
Қалай ғана кірбің түсті араға?
Біздер едік қол алысып серттескен.


Сол бір кездер өте шықты сағымдай,
Уақыт шіркін ештеңеге бағынбай.
Бұл күндері көңілімді мұң басты,
Жүрегімді емдейтін жан табылмай.


Сыртым күліп жүргенім мен ішім дерт,
Жан дүнием алай-дүлей жанған өрт.
Бәрі жалған болғаны ма?
сол күзгі,
Қайда кетті "Құран" ұстап берген серт.


Жеткізе алмай жүрмін мүмкін, сөзбенен,
Мақсатыңды түсінбедім көздеген.
Бәрінен де жанға қатты батқаны,
Мені төмен санағаның өзгеден.


Бәлкім олар биік шығар менен де,
Тағдырымның тартқан сыйын көрем де.
Қалай ғана өзгереді адамдар?!
Сенбеуші едім сезім соқыр дегенге.


Биік жандар бар шығар ау серттен де,
Арамыздан күзгі ызғар өткен бе?
Сезімімді аяқ асты таптамай,
Көз жіберіп ойлан бір сәт өткенге.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу