Өлеңдер ✍️

  20.11.2025
  57


Автор: Омархан Алтынбекұлы

Қараша қаз

 


Қараша қаз, көлді айналып қаңқылдап,
Айдынына, қона алмастан мұз қатқан.
Ауа - райы, кетті бірден салқындап,
Қыстан хабар бергендей-ме күзгі аспан?


Жылы жаққа, ұшқан құспен бірге ұшпай,
Қимадың ба, туып өскен жеріңді?.
Қамысыңды қорғайсың- ау, қызғыштай,
Әкетердей, біреу сенің көліңді.


Қиқулайсың, қамысыңды айналып,
Көкірегіңді басқандай ма тамшы мұң?
Сені атуға, келе жатқан сайланып,
Сезбейсің ау, мылтығын да аңшының.


Қаңқылдайсың серігіңді іздейсің,
Жүрегіңді торлағандай қайғы мұң.
Сонда да сен, күдеріңді үзбейсің,
Саған енді пана болмас айдының.


Қараша қаз өз серігін іздеді,
Қарамастан көзден аққан тамшыға.
Қарауылға ілінгенін сезбеді,
Шүріппені басып қалды аңшы да.


Оқ даусынан жаңғырығып күзгі аспан,
Дір еткізді қамыс басын тілгілеп.
Құлап бара жатты айдынға мұз қатқан,
Бір қаңқ етіп, қоштасқандай соңғы рет.


Тағдыр солай, тұрды сенің жолыңда,
Қып-қызыл боп, қанға бөкті қар әппақ.
Жылы жаққа, кете алмаған сорың ба,
Қанжыға да, кете бардың салақтап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу