18.11.2025
  239


Автор: Назерке Батырханова

Өмірлік сабақ

Азамат сол күні жұмыстан шаршап шыққан. Қара күздің суық желі қаланың қақ ортасында адамды бір тоңдырып, бір тоңазытып алады. Үйге жеткенше ойы сан-саққа жүгіріп, "Ертеңгі ашық сабағым қалай өтер екен ?" деп уайымдап келе жатқан. Лифтіге кіре бергенде телефоны безілдеп қоя берді. Бейтаныс нөмір. Әдетте ондай нөмірлерге жауап бермейтін, бірақ ішкі түйсігі "көтер" дегендей болды. 


 


— Сәлеметсіз бе, Азамат Батырханов? — деді тұтқаның арғы жағында анық, сенімді дауыс.


— Иә, тыңдап тұрмын.


— Бұл – банктің қауіпсіздік қызметі. Сіздің атыңыздан күдікті транзакция жасалды. Ақшаңызды біреу шешіп алмақ. Тез арада картаны бұғаттауымыз керек. Қазір сізге код жібереміз… 


 


Азамат бірден елең ете қалды. Басында күдік пайда болғанымен, дауыс тым нанымды шыққандықтан, ол ойланып үлгермей, автоматты түрде кодты күтті. Телефонға келген хабарламаны ашып, дауыстап кодты оқыды. 


 


Оператор болса асықтырып:


— "Тез! Әйтпесе қаражатыңыз жоғалады! "—деп дауысы қатқылдана түсті. 


 


Бір минуттан кейін телефон тағы безілдеді. Бұл жолы банк нөмірі емес, шынайы банк қосымшасынан хабарлама келді:"Есеп шотыңыздан 480 000 теңге шешілді." 


 


Жүрегі зу етіп, тізесі босап кеткендей болды. Лифт тоқтағанын да, есіктің ашылғанын да байқамай, қолындағы телефонын қайта-қайта қарап:


— Мен… мен не істедім?.. — деп күбірледі.


Үйге кірген соң жағдайды түсінгендей болды. Қолындағы телефон қалтырап тұр. Бір сәтте өзіне ашуланып:


"Неге сендім? Неге тексермедім? Бұл банктің шын нөмірі ме еді?"


Бірақ уақыт кері қайтпайды. 


 


Ол банкке дереу хабарласты. Нағыз оператор:


— Біз сізден ешқашан SMS код сұрамаймыз. Бұл – алаяқтардың әрекеті. Ақшаны қайтару қиын, бірақ бізге  өтініш қалдырыңыз, тексеру жүргіземіз, — деді. 


 


Азаматтың жүрегі одан сайын ауырып кетті. Терезеден далаға қарап отырды. Құлаған жапырақтар желмен ұшып жатыр. Ол да дәл солай, өзі еңбек етіп  ақшасын көз алдында жел айдап әкеткендей сезінді. 


 


Кеудесін өкініш, ашу, қорқыныш, өзіне деген реніш кернеді. Бұл — жай ғана ақшаның жоғалуы емес еді. Бұл — адамдарға деген сенімнің азаюы еді.


Ертеңіне Азамат жұмысқа барғанда әріптестері оның жүзі салмақтана түскенін байқады. Жағдайды естігенде көпшілігі таңырқап:


— Азамат, банктер ешқашан код сұрамайды ғой!


— Соңғы кезде алаяқтар көбейді, абай болу керек еді…


— Бейтаныс қоңырауға сенбеу керек, — деді. 


 


Сол күні кешке ол жұмыстан кейін үйге ертерек қайтып бара жатып, анасына қоңырау шалды.


— Анашым, сізге біреу банк деп хабарласса, ештеңе айтпаңыз. Кодты да, картаны да бермеңіз.


Анасы таңырқап:


— Ой, балам, не болды өзі?


— Ештеңе емес… Өзіңіз сақ болсаңыз болды. 


 


Азамат біреуге ескертіп жатқанда ішінен "өзім де  осы қателікті тағы қайталасам ше?"деген ой мазалады. 


 


Ол сол күннен бастап әрбір қоңырауды, әрбір хабарламаны тексеретін болды: нөмірді интернеттен іздеп көреді, банкке өзі қайта хабарласады, ақпаратты нақтыламай ештеңеге сенбейді. Өз-өзін кінәлаудан гөрі, басына түскен жағдайдан сабақ алу  керек екенін түсінді. 


 


Уақыт өте келе банк тергеуі де аяқталды. Алаяқтардың шотының бір бөлігі ғана бұғатталғаны туралы хабар келді. Азамат барлық ақшасын қайтара алмаса да, ең маңызды нәрсені түсінді:


Бір рет шалыс басу бізге өмірлік сабақ болады .Тек келесі де қайталамау керек. 


 


Қала көшесіндегі шамдар жанып, адамдар әрқайсысы өз тіршілігіне асығып бара жатты. Азамат та солардың арасында келе жатып, телефонына көз тастады.


Бүгін тағы да бейтаныс нөмір қоңырау шалып тұр. 


 


Бірақ бұл жолы ол асықпады. Терең тыныс алып , тұтқаны басып қойды да күлімсіреді:


— Мен енді сенбеймін.


Батырханова Назерке Ертайқызы 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу