Өлеңдер ✍️

  31.10.2025
  38


Жанарыңның жаңбыры

"Жанарыңның жаңбыры"


Мен сені абайсызда ренжіттім бе,


Әлде біреу қолайсыздау сөйледі ме?


Мен сені өлердей боп сүйген едім,


Қоштасарда бетіме күлгенің не?


 


Бұл жалғанда кім ренжітті сені, қалқам?


Кек алмай, сен жымисаң — рахаттанам.


Қабағыңда қар жауса, тұра алмаймын,


Ал бір күлкің болардай жәннат маған.


 


Қыстың күні, аязында тоңбадың ба?


Сезімнің қысы суық болмады ма?


Өлеңіммен сені баурап құшақ ашып,


Жан сырыммен жылу бердім тамырыңа.


 


Сол бір қыста қос жанарың жымыңдаған,


Қоштасардай мәңгілік бір сырласынан.


Аңсарымнан болса да бөлек қалауым,


Қар көшкіні төніп тұр ғой қыр басынан.


 


Әлде күз бе екеумізді қақ айырған?


Кінәлі ме күзгі жаңбыр, ақ қайыңдар?


Жүрегімнің көрінбей тұр түгі мүлде,


Жауабыңды күте беріп сарғайғаннан.


 


Жаңбыр иісі саған да бара алды ма?


Алғашында тамшы болып сықырлаған,


Жер-жаһанды сілкіндіріп дауыл тұрған,


Бұл бірақ жаңбыр емес —


Сен едің ғой қоштасарда жылап тұрған.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу