Өлеңдер ✍️

  25.10.2025
  292


Автор: Тұрдыхан Айдарханұлы

Күзгі орманда

 


Іңкәр жүрек


Сезімдерге күпті ме ең?


Күптілігің сезімге,


Бір өзіңе жүк білем.


Қарағайлы қапталда,


Салқын дүние сағынышқа батқанда,


Сарғайып бір жапырақтай жүректер,


Күзгі орманда қауыштық біз күр-күрең.


Күреңітіп гүл өңің,


Сәл тартындың


Ұяңдығың білемін.


Сезім самал үп еткенде


үзілер,


Тағдыр көрдім тамыры жоқ


тағы бір,


Жапырақтың өрттей жанған


жүзінен.


Бұлақ әні тұнық ән,


Мөлдіреген жанарың ғой


Құнығам.


Ақ қайыңдар аппақ-аппақ ар сынды,


Бұлқынады бауырында


Нар шыңның.


Сиқырымен жанарымды мың арбап,


От сұлулар билеп тұрды сылаңдап.


Дерт енгендей,


Өртенгендей күллі әлем,


Алапат бір отқа барып шарпылдым.


Күзгі ауадан


Бал тыныщтық сіміріп,


Бүр жарғанда гүл махаббат


Тұрдым мен


Құдайыма сиынып.


Бара жатты батып күн,


Жүзіңде ойнап алқызыл


Бар сәулесі уақыттың,


Жанарыңда қалды бір сәт


Сыр ұйып.


Табиғаттың тұңғышындай


тұмса қыз,


өзің жайлы айтар талай


түн ертек.


Елесіңе жүегімді жылтамын.


Күзгі ормандай көңілімді мұң өртеп,


Мүмкін ғасыр өткенде,


Күңіреніп тағы бір күз жеткенде,


Көзің жайлы қиялдайды


Бір еркек.


 


 


 


 


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу