Әңгімелер ✍️
БОЛАШАҚТЫ БОЛЖАҒАН АДАМ
Табиғатта, болмыста кейде бір адам санасынан тыс, айғақтауы қиын құбылыстар болып жатады. Белгісіз бір жағдайлардың яки күштердің ырқымен болатын-мыс сол оқиғалар мен құбылыстарға ғылыми түсінік беру оңай емес. Түрлі наным-сенімдерден бе немесе табиғи заңдылықтардан ба, әйтеуір тарих мұндай құбылыстар мен солардың боларын бірнеше ондаған жылдар бұрын дәлме-дәл болжап кеткен сәуегейлерді біледі.
Біздің қазақ тұрмысында да емші-тәуіптер, бақсы-балгерлер неше түрлі көріпкерлер яки жауырыншылар болғаны белгілі. Олар өзге адамдарға оғаш оқиғаларды бастан өткеріп, аспан әлемімен тілдесіп, жұлдыздармен хабарласып, сәуегейлік жасағанын жоққа шығара алмаймыз. Айталық, атақты Қобыланды батыр жырында әйелі Құртқа батырдың алдағы тағдырын дәлме-дәл болжап, Тайбурылдың тағдырын, Қобыландының Көбіктіге тұтқын болатындығын нақ айтып береді ғой. Елес беру аян беру сияқты құбылыстардың кейбірінің өмірде нақты көрініс тауып жататындығын қалайша түсіндіруге болады?
Әрине, аңыз-ертегілердегі, жаңағыдай жырлардағы сәуегейлікті ойлау жемісі, қиялдау әсері десек те – оларда шындық та болып жататындығын жоққа шығара алмаймыз. Қазір – бұрынғы идеологиялық қыспақтар шеңберінен тыс осындай оқиғалар туралы айтылып, жазылып жатқандарға тиым алынған кезде – расында да таңдай қағарлық ғаламат дүниелерге көз жеткізіп жүрміз.
Осы орайда XVI ғасырдың атақты астрологы, әйгілі емші Мишель Нострадамустың сәуегейлігіне бас иесің. Өйткені ол өзінің болжамдарын 3797 жылға дейінгі мерзімге дейін айтып кеткен екен.
Ендеше, Мишель Нострадамус кім? Ол қандай сәуегейлік айтқан? Оның қандай көріпкелдігі бүгінде анық айғақталып отыр? Оның өмірбаяны қандай? деген сауалдар өздігінен-ақ туады.
Нострадамус туралы жазылған деректер аса көп емес. Ол 1503 жылғы 14 желтоқсанда француздың Сан-Реми деген шағын қалашығында дүниеге келеді. Оның өз атасы да, нағашы атасы да дәрігер, емшілер екен. Тіпті аталарының бірі король Ренэнің кеңесшісі де болыпты. Екі атасы да халыққа сыйлы, өз ортасының құрметіне бөленген адамдар да болады.
1525 жылы Нострадамустың дәрігерлікке оқып жүрген студент кезінде ол тұратын Провансе мекенін оба жайлап кетеді. Студент Нострадамус одан емдеудің өзінше жолын табады. Ақыры тұрғындарды емдеудің өзінше жолын табады. Ақыры тұрғындарды емдеуде оның жолы болады. Сөйтіп, Мишель Нострадамус халықтың сүйіктісіне айналады.
Содан 20 жыл өткенде оба науқасы қайта жайлағанда Эй қаласының кеңесі Нострадамусты обамен күреске шақырады. Осы сырқатпен күреске арнап ол бірнеше кітаптар жазады. Оларда дәрі-дәрмек даярлаудың даярлаудың жолдары атап көрсетіледі.
Мишель Нострадамус 47 жасынан бастап сәуегейлік кітаптарын жазуға кіріседі. Осындай жеті кітабы 1555 жылы Лионда басылып шығады.
Бұл көріпкелдігінің табысы таңдай қақтырарлықтай болады. Оның кітаптары Францияда, Англияда, әсіресе Голландияда бірнеше ондаған данамен басылады. Енді Францияның түпкір-түкпірінен Нострадамусты іздеп келіп, ақыл-кеңес алушылар аяғы басылмайды. Тіпті Францияның сол кездегі королі Генрих екінші мен оның әйелі Екатерина Мединни Мишельді қонаққа шақырып, құрмет көрсетеді.
Нострадамустың өлең жолдарымен жазылған төрт тармақты сәуегейлік анықтамалары 1558 жылы жаңадан 300 тармақ қосылып, жарыққа шығады. Осы көріпкелдік жырлардың бірінде Мишель Нострадамус Генрих екіншінің өлімін бір жыл бұрын нақты атап көрсеткен екен. Ал оқиға былай болады. 1559 жылғы 1-ші шілде күні Генрихтың қызы Елизавета мен қарындасы бірдей тұрмысқа шығатын той болады. Осы тойда король Бастилия жанында батырлар сайысын өткізеді. Күн бата корольдің қарындасын алып отырған күйеу баласы Савоя кнәзі сайысты қойсақ қайтеді деп ұсыныс айтса да жеңіс қызығына қызып алған король бас тартады.
Генрих жас граф Монгомериді сайысқа шақырады. Сол ұрыс кезінде сайыстан әлденеше мәрте бас тартқан жас граф корольді найзамен бастан ұрғанда ұшы сынып корольдің оң көзіне кіреді. Сол жарадан Генрих екінші өледі. Бұл оқиғаны күні бұрын Мишель Нострадамус мынадай өлең жолдарында жазыпты.
Сайыс болар сол жерде қосарысқан,
Сақа ерді өлтірер жас арыстан.
Солай келер біріне тозақ деген,
Оң көзі ағып, өледі ол азаппенен.
(Аударған З. Ә.)
Осы сайыс жайында жазып кеткен епископ Троа дегеннің айғағынша ұрысқан екеуі арыстан кейпінде киініп шыққан екен. Демек Нострадамус осыған дейін анық жазып берген.
Оның ендігі бір сәуегейлігі мынадай: бірде науқас адамды емдеуге келген оны Флоренваль деген алпауыт қонаққа шақырады. Нострадамустың сәуегейлігіне сенбейтін Флоренваль оны өз көзімен сынау үшін жолда жайылып жүрген қара және ақ торайдың тағдыры қалай болады деп сұрайды.
- Қарасын біз жейміз, ал ақ торайды қасқыр жеп кетеді, - дейді көріпкел. Алпауыт аспазына ақ торайды сойып, дастарханға қоюға тапсырады. Алайда мосыда тұрған ақ торайды аспаз ас үйден шығып кеткен кезде асыранды бөлтірік жеп кетеді. Аспаз амалсыз қара торайды сойып әкеледі. Нострадамусты састырмақшы болған алпауыт миығынан күліп отырып, бетіне баспақшы болады.
- Басқаша болуы мүмкін емес! – дейді сәуегей.
Алпауыт аспаздан сұраса, ол нақ болған жайды айтып береді.
Әрине, мұны кездейсоқтыққа жатқызуға болады. Алайда Нострадамус Еуропа тарихының көптеген келелі, кесек оқиғаларын нақпа-нақ айтып кеткенін қалайша мойындамасқа?! Мысалы, ол Наполеон Бонапарттың 1799 жылы үкімет басына келіп, он төрт жыл император болатындығын содан 244 жыл бұрын, өз кітабының 13-ші тармағында дәлме-дәл көрсетіпті. Сөйтіп, бұл мерзім 1799 жылдың аяғы мен 1814 жылдың басын қамтиды. Ол сондай-ақ Париж коммунасының жеңісін де, жеңілісін де нақты болжайды. Басқа да тарихи оқиғаларға байланысты сәуегейліктері дәл келіп отырған.
Мишель Нострадамус 1566 жылғы 2 шілде күні 63 жасында дүниеден өткен.
Нострадамус сәуегейлігі жайында жазылған кітаптарға сенсек, ол өзі өмір сүрген XVI ғасырда Еуропа тарихының болашағын нақ болжаған екен. Ол комета бұрын белгісіз сырқаттардың жеті түрін жерге әкеледі депті. Сөйтіп бүгінгі ғалымдар мұны нақты анықтап, мойындап отырған көрінеді. Атап айтқанда, 1981 жылы Галлей кометасы Күн жүйесі шеңберіне кіріп, СПИД сырқаты тарады. 1985 жылы Т-лейкоз сырқаты табылды. Медицина ғылымы дал болып шеше алмай отырған жаңа сырқаттар табылып жатқаны жайында шет ел баспасөзі жазып, Нострадамус сәуегейлігін мойындау үстінде.
Осы уақытқа дейін Нострадамус көрегендігінің 95 проценті дәлме-дәл өмірде қайталанғандығын атап көрсетеді ғалымдар. Ол сәуегейлікті бастаған 1555 жылдан 3797 жыл аралығын 2242 жыл мерзімге болжапты. Сөйтіп, 3797 жылы ақырзаман болады деумен тәмамдайды. Жоғарыда Наполеон жайлы айтқанын оқығанда таңдай қақпауға болмайды. Оның «әулие Елена» аралында тұтқындалатынын да алдын ала айтқан.
Міне, солай болашақтың бәрін көр,
Таққа отырар қарапайым жауынгер.
Осынау бір өрт лаулаған заманда,
Бар Еуропа түсер осы табанға.
Өмірінің бітер былай дерегі;
Ақыры ол бір аралда өледі!
(Аударған З. Ә.).
Біз өмір сүріп отырған жиырмасыншы ғасыр жайлы ұлы сәуегей былай дейді:
Қатыгез де, тажалды осы ғасырға,
Екі соғыс лаулап өтер расында.
Болар анық өрттің лаулап жанғаны,
Пенделерің танымайды алланы.
М. Нострадамус дүниенің төрт бұрышында болатын көптеген оқиғаларды күні бұрын болжап берген екен. Мысалы, ол АҚШ-тың 1776 жылы тәуелсіздік алатынын, 1773 жылы әуе шары жасалатынын, 1812 жылы Наполеонның жеңілетінін және Мәскеудің өртелетінін, 1826 жылы алғашқы теміржол салынатынын, 1867 жылы қопарғыш зат (динамит) жасалатынын, 1876 жылы телефонды ойлап шығаратынын, 1912-1913 жылдары Балқан соғысы болатынын, 1917 жылы Ресейдегі Қазан төңкерісі жасалатынын, 1932 жылы Гитлердің үкімет басына келетінін, 1936-1939 жылдардағы Испаниядағы соғысын, 1939 жылы екінші дүниежүзілік соғыстың басталатынын, 1945 жылы атом бомбасы ойлап шығарылатынын, адам баласының 1961 жылы тұңғыш рет космос әлеміне ұшатынын, 1969 жылы американдықтардың Айға қонатынын күні бұрын болжап берген.
1992 жылы Симферополь қаласында басылып шыққан «Нострадамус – болашақты болжау» атты кітапшада мынадай қызықты жайлар баяндалады. Онда Ресейдің болашағына барлау бар. 1992 жылы – мешін жылы – түрлі әрекеттерге, қимылдарға толы болады. Алайда нәтижесі мардымсыз. 1993 – Тауық жылы – әскери төңкеріс қаупі туады. Қара күштер демократия мен сөз бостандығын басып тастайды. Бұл жолы сөзі көп, ісі аз сөзуар адамдар қоғамды әрітартпа, берітартпаға салып, қажытып тынады. 1994 жылы – Ит жылы – түрлі саяси қақтығыстар болып тұрады. Әйтеуір тұрмыс жақсарады деген дәме өлмейді.
Нострадамус алыс болашақты да болжайды. 2032 жылы Англияның, Голландияның, Данияның, Финляндияның жағалауындағы жерлерді су басып қалады, бұл 2050-2060 жылдарға дейін созылады делінген оның жазбаларында. Содан соң су қайтады дейді.
М. Нострадамустың болжамдарын дәлме-дәл келтірудің өзі кейбіреулердің жүрегін мұздатуы мүмкін. Бірақ ұлы астролог жұлдыздар тізбегін (гороскопты) «оқи отыра» көптеген болжамдарын айтқанда келесі мыңжылдықтардағы адамдардар тағдыры қызықты болып көрінетіндігін ескертеміз. Олардың бәрін, әрине, біз көре алмаймыз. Оған ғұмырымыз жетпейді ғой. Ал, 1999 жылы жетінші айда:
Аспаннан түсер ұлы қаһарлы әмір,
Жер беті сол әмірден көрер жәбір.
Кескілескен бір ауыр соғыс болып,
Аяғы жақсы бітіп, болар сабыр. (Аударған З. Ә.), - дейді. Мұны, аман болсақ, көруге жазар. Осы болжамның ғылыми анықтамасы мынадай. 1999 жылы тамыздың он бірінде күн тұтылады делініп тұр. Бұл Юлий күнтізбесі бойынша жетінші айға келіп тұр. Ал Нострадамус Юлий күнтізбесін пайдаланғаны белгілі.
Ғалымдардың айғақтауынша, ұлы соғыстар планеталар бір-біріне қарама-қарсы келгенде емес, бір бойлыққа түйіскенде болады екен. Мысалы, бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстар басталғанда барлық планеталар Қошқар және Шаян шоқжұлдыздарының бойына тоғысып, қатарласа орналасыпты.
Мишель Нострадамустың болжап кеткен оқиғаларын әрине, толық тізіп беру мүмкін емес. Оның қажеті де жоқ дейміз. Өйткені өзіне болашақ не сайлап қойғанын білсе мадам баласы, бәлки, үнемі үрейде жүрер еді. Сондықтан Нострадамустың болашақты сәуегейлікпен болжаған кітаптары жұрт көзінен таса етіліп, Париждің ұлттық кітапханасында қатаң сақталып келген.
Біз осы айтылғандарға илану керек дегенді зорлап ұсынбаймыз. Бірақ Максим Генин деген зерттеушінің 1938 жылы Париж – Ригада басылған «Нострадамус (Европа тарихының пайғамбары)» деген кітабында және 1992 жылы Симферопольде басылған Ностарадамус – болашақты болжау» атты кітапшада берілген қызықты деректерді тарқатып айтуды жөн санадық.
ЗЕЙНОЛЛА ӘКІМЖАНОВ
«Ленин туы» газеті. 14 қазан 1993 жыл. 3 бет.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇