17.07.2025
  68


Автор: Зейнолла Әкімжанов

ЕЛІНЕ ЕРКЕЛЕГЕН ЕРІК ЕДІ

 



Өмірдің әр кезеңінде әдебиетте бір жас өркеннің тууы – заңды құбылыс. Бұл жас өркен бұлақтай бастау алып, түбінде арналы ірі дарияға айналуы да заман ақиқаты. Оған біздің әдебиетімізде ауыз толтырып айтарлық айғақтар жеткілікті. Мәселен, сексенінші жылдардың басында жас қаламын тербеткен бір шоғыр ақындар бүгіндері ұлттық әдебиетіміздің беткеұстарлары дерлік деңгейге жетті. Ұлықбек Есдәулетов, Есенғали Раушанов, Ғалым Жайлыбаев, Ерік Асқаров...
Осы жас толқынның ішіндегі өз үні, жыршылық қасиеті өзгелерден кем түспейтін дарынды ақын Ерік Асқаров бүгінде ердің жасы – елуге толып мерейтойын жыр кешімен өрнектеп,, ортамызда жасындай жарқыраған жарқын келбетімен, шабытты кейпімен жырларын әмсе ынтызар қауымға арнап берер еді. Әттең, өктемдігі зор өмір оны бұл күнге жеткізбей, бар болғаны қырық төрт жасында жалынды ақынды ажал құшағына тапсырды.
«Өлі риза болмай, тірі байымайды» демекші, тағдыр артында қалдырған соң, соған қоса осы бір аса дарынды ақын інімді жақын тартып, бауырыма балап, ол өмірден озғанша етене араласқандықтан, лайымда ұмытуға қимайтын асыл жүзін сағынған сайын көзіме елестететіндіктен, оның ақындық һәм адами қасиеттері хақында жылы лебізімді білдіруді парыз санадым.
Ерік елімізге ерте танылды. Тіпті, оқушы шағынан-ақ ортасынан оқшау дараланып, қазақ жырының жампоздары дерлік ақын ағаларының көзіне түсті.
«Өлең – өмір шындығы. Сол шындықты көңіл сарайына шымыр жеткізетін қуатты сөз, оралымды ой, тегеурінді түйін. Ерік өлеңдерінің өн бойынан осындай сипаттар көрінеді. Ол «Кірлеме, менің жүрегім» деген өлеңінде жүрегіне кір түсірмеу жөнінде айта келіп:
Беу, дүние, бір-ақ рет ғұмыр бердің,
Ендеше бір-ақ рет өлтір мені! – дейді. Ақын артының аппақ болуын, жүрегіне шаң-тозаң түспеуін тілеп, адал қалпында бір-ақ өлуді армандайды...
Асқаровты поэзия жолында асулы асқарлар күтіп тұр. Ақын сол асуларды алуға жинақылықпен, шымырлықпен, төзімділікпен белді бекем буып әзірленуі керек.
Алғашқы адым. Алғашқы сөз. Соңғы адым – соңғы сөзге дейін жол ұзақ, жеміс мол болғай!...»
Еріктің алғашқы қадамына ағалық тілегін айтқан ақиық Сырбай Мәуленов ақын ініміздің тұңғыш жыр жинағы – 1987 жылы жарияланған «Көгілдір» топтамасына осылай ақ батасын берген еді.
Ерік аға үмітін асқақтата ақтап, араға бір жыл салып, 1989 жылы Қазақстан Жазушылар одағының Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлығын иеленді.
Ол асқақтап, кеуде соғып кетпей, күні ертең осы жолды жалғай аларлық күш-қуат пен дарыннан дәмесін лүпілдеген шыншылдықпен жырына былайша арқау еткен:
«Шабытыма арта ма екен ел сенім,
Атыңдағы жүлдені алдым мен сенің.
Қынабынан суырылды семсерім,
Семсеріме артты ма екен ел сенім?!



Ақын едің елге татыр іргелі,
Елің кейде қадіріңді білмеді.
Тартуы ма, тәлкегі ме тағдырдың –
Берді маған атыңдағы жүлдені...»
Міне, нағыз шыншыл ақынның жүрекжарды сыры. Ұлы ақынның атындағы жүлдені алып, байрақты қолына ұстаған күннің өзінде ол – Ерік осы жүлденің үдесінен үнемі көріне алсам жарар еді деген үмітін жырмен жеткізеді. Бұл, бір жағынан, Сырбай сынды саңлақтың ақ батасын аттамай, ақындылық өсуін айғақтағаны болса, екіншіден, Еріктің поэзияға адалдығын аңғартатын ұраны еді ғой.
Ерік – өлеңді өкпелетпеген ақын. Ол жүрдім-бардым жырмен әуестенбегенін мен бір адамдай білуші едім. Еңбекқорлығына куәмін. Үнемі ой үстінде, қашанда жыр қамында өзін-өзі шабыт шырмауына бұғаулап, әзілдеп, ойнап-күлген сәттерінде де өлеңді жадынан шығармайтын.
Оны алғаш көрген 1983 жылдан бері ол дүниеден озған 2003 жылға дейін арамыз үзілмей, өнер мен өлең өлкесінде қатар қос тігіп, орда тіккен кездерден мен Ерік Мұхаммедхафизұлының табиғи талантын ерекше қастерлеп, мен – аға, ол – іні болып аса жақын араласып, отбасымызды айрықша қастерлейтін сыйластық пейілмен күн кештік. Ол Қызылжарға келген сайын шаңырағыма бас сұқпай, еліктей еркелеп құшағыма кірмей кетпейтін. Алматыда, Көкшетауда, Астанада тұрған күндерінде хабарласпай қалсақ, ортамызда бір орны толмастай олқылық пайда болғандай көрінуші еді.
Бір жылы – қыстың көзі қырауда – Алматыдан жеткен қалпы:
- Аға, сізге арнайы келдім. Атамекенімді көрсетейін. Ел-жұртымда аунап-қунап қайтсақ, - дегесін көңілін қимай, арнайы демалыс алып, қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданындағы Дүйсеке ауылына келгенбіз. Марқұм анасы, қарындасы Салтанатпен бірге Ерік екеуімізді құрақ ұшып қарсы алып, кейін апасы Жұмабикенің үйінде марқұм айтыскер ақын, өлең жолындағы парторгтік қызметін құрбан еткен, партияға мүшелік билетін кейін өткізген сарабдал азамат – Возвышен ауданындағы «Қарағанды» кеңшарында тұрған Ғабдолла Қожабаевпен бірге естен әсте шықпайтын күндерді өткерген едік.
Сол сапарда мен өзімнен сегіз жас кіші Еріктің ересен білімдарлығын, ақындық талантын, жалпы адами табиғатын әбден танып-біліп, біртуар қасиетіне бас идім.
Еріктің дарынды болмауға хақысы жоқ екен. Әкесі Мұхаммедхафиз Асқаров марқұм білімдар, ескілікті асыл сөздің аққан бұлағы, танымал да тарлан құймақұлақ болғанына ел аузындағы әңгімелерден қанықтым. Ол кісінің қарындасы қазақтың белгілі ақыны Әмина Шалабаева – Еріктің ең жанашыр ұстазы болғанын да сол әңгімелерден ұқтым. Соған қоса, жас Ерік Мағжанды көзі көрген, кейін ол жайында қаймықпай айтып, жай саң ақынды білгендерді жайындай жұтып жатқан күндердің өізнде көлеңкеге қашпай, күнгейге ұмтылған Хамза Абдуллиннің дәрісін тыңдаған екен. Соның айғағындай, Ерік әлі ақталмаған Мағжанның «Батыр Баянын» Хамзадан естіп алып, жатқа айтатын еді-ау. Бүтіндей бір дастанды демі таусылмай, жалындата оқығанда айызың қанатын. Ол соған қоса Мағжанның «Оқжетпестің қиясында», «Қорқыттың қобызы» дастандарын білетін.
- Әкем марқұм Мағжан жырларын Құрандай қастерлеуші еді. Тек мені бірдеңеге соқ бола ма деп қорқып отыратын. Бірақ, қояр да қоймай, қолқалап отырып жатқа айтқызушы еді, - дейтін еді Ерік.
Қаршадайынан қаламға жармасқан баланың жолын аңғарған әкесі Ерікті жастайынан бәсіреге мінгізіп, ер жігіттің жолын ашпақ ниетпен Алматыға жіберіпті. Әмина апайының тәлім-тәрбиесімен жетілген жас қыранның балақ жүні ерте түсіп, жыр аспанында еркін қанат қақты.
Қаншалықты талантты бола тұра, Ерік жыр жинақтарын ағыл-тегіл шығаруға асыққан жоқ. Ал осы бір құмарлық қолынан келіп-ақ тұр еді ғой. Әсіресе, 1985-1986 жылдары «Жазушы» баспасында редактор яки 1988-1991 жылдары Жазушылар одағы әдеби қорының директоры қызметтерін атқарған кезінде осындай игілікке қолы жетіп-ақ тұрғанда да ол ашкөзденбеді, адамдық ынсап, қанағат сияқты қасиеттерді ұлықтай білді.
Иә, Ерік жастай танылды және игілер мен жайсаңдардың жанынан табылды. Әдебиетіміздің ақсақалдары һәм олардың ізін басқандар Ерік Асқаровты жақсы білді, жақсы көрді, сыйлады, бауырларына тартты. Осының бәріне Ерік өзгеше бір қисынсыз жолдармен емес, жағымды мінезімен, жақсы да жаңылдырмайтын ілтипатымен, ал ең бастысы – өнерімен, табиғаты, бөлек өлеңдерімен қол жеткізді.
Мен білетін Ерікті ел де біледі. Мәселен, оны айтсаң айыз қанатын айтыскерлік өнерімен шыққан даңқын Алаштың өзі, сондай-ақ Алаш әлемін қадір тұтатын өзге әлем де таныс болды. Ерік жастайынан айтыскерлікпен даңқы шығып, қазақтың осынау бір ұлы өнерінде өшпейтін даңғыл салды. Әселхан Қалыбекова, Қонысбай Әбілов, Әсия Беркенова, Жадыра Құтжанова, Айтақын Бұлғақов, Шымболат Ділдебаев, Ермек Омаров, Манап Көкенов сияқты от ауызды, орақ тілді ақындар Ерікке есе жіберген сәттер әсте ұмытылмайды. Сондықтан да, Ерік өмірден озғаннан кейін қазақтың айтыскер ақындар қауымдастығы оның атындағы жүлдені ұйымдастырды.
Еріктің осы бір өнерпаздық қырларының астарында ертеден алған білімінің бастаулары барын аңғардық. Ол 1978 жылы, небары он тоғыз жасында Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театрының актерлік студиясын бітірген. Мұның өзі оның сахналық шеберлігін шыңдауға жол ашса, кейін 1983 жылы Алматының театр және көркемсурет институтын тамамдауына жол салып берген. Осы арқылы ақын, айтыскерр Асқаров драматург болып шыңдалып шықты. Соның арқасында жап-жас Ерік «Біржан сал», «Қызыл қала – Қызылжар» сияқты пьесалар жазды. Осының нәтижесінде қазақ сахнагерлері тамаша сахналық туындылардың қатары көбейе түскенін сезді. Әсіресе, Біржан сынды саңлақтың тұлғасын сомдағаны айрықша асқақ еді. Мұны Сәкен Жүнісов ризашылықпен айтатын.
Расында да, Ерік жай ғана өлеңшіл, ұйқасшыл ақын емес. Оның әр сөзі, әрбір жыр жолы үлкен ізденістің жемісі болатын. Жоғарыда айтқанымдай, Ерік ерекше еңбекқор еді. Тегі, оған бұл қасиетті Әмина апайы мен Хамза ағайы сіңіріп кетсе керек. Жастайынан өлең қазанында қайнағаны сезіледі. Соның жемісін ол ең бір сүйкімді жырларында тамаша айғақтап кетті. Маған 2001 жылы Астанада кездескенде тарту еткен «Қазақстан ғасыры» атты жаңа жыр жинағында(өкінішке орай, көзі тірісінде жарық көрген соңғы кітабы еді) «Аса жақсы көретін асыл ағамыз Зейноллаға зор құрметпен!» деп қолтаңбасын жазып, ел болашағына арнаған поэмаларының жазылу арнасы туралы біршама сырларды толғап, бойын баурап алған ойларын ақтарған.
Сыршыл, шыншыл, дарынды да даласындай кең бейіл Ерік ерке еді. Оны бәріміз жақын тартып, жақсы көрдік, азаматқа тән асыл мінездеріне тәнті болдық. Ол өмірден небары қырық төрт жасында, талантының нұры шалқып тұрған шабытты шағында өте шықты. Аққан жұлдыздай жарқ етті. Алайда сәулесі түнгі аспанда жарқыраған, нұрлы күйінде өтті өмірден. Оны жерлеген 2003 жылғы шілденің қаралы күнінде Астанаға Алаш даласының қиыр-қиырынан жиналған ел-жұрт жанарларын ағыл-тегілмен аспанмен жуды.
Марқұмның қырқын Астанада жерлестері болып, облыс басшылығының демеушілігімен қазақ әдебиеті мен өнерінің игілерін тоғыстырып өткізіп, рухына тәу еттік.
Жақында марқұмның сүйікті жары Нәсіпжан үйге телефон шалып:
- Аға, Астана жұртшылығы, Еріктің дос-жарандары ақпанның он сегізінде бас қоспақ. Осы күні дұға беріледі. Соған орай екі томдық жинағы әзірленді, - деп қуантқанда Еріктей еркесін есінен шығармаған ел азаматтарына ризашылығым шексіз болды. Ерік осындай құрметке лайық еді ғой...



ЗЕЙНОЛЛА ӘКІМЖАНОВ



«Солтүстік Қазақстан» газеті. 9 ақпан 2009 жыл. 5 бет.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу