Әңгімелер ✍️
Жан жарасы
Аудандық кітапханада бөлім басқаратын Гүлжамал табалдырықтан аттаған сәтте-ақ бұрын-соңды ел-жұртты елеңдетпеген жағдайдың болғанын аңғарды. Айнала түсініксіз әңгімелер, тосын сөздер... Айтатындары – Алматыдағы жастардың бой көрсетуі, сан-саққа жүгірген қаңқу сөздер. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс – мұны айырып жатқан жан жоқ.
«Алматы... Жастар... Алаңға шыққан... Нашақорлар... Маскүнемдер...». Әйтеуір тұтас бір оқиғаны суреттеп беруге дәрменсіз әңгіменің сұлбасы осы.
Оқиғаның анық-қанығын бір білсе, аудандық атқару комитетінде төрағаның орынбасары болып істейтін жұбай Жақсылық білер еді. Ойы он саққа жүгіріп, жанын жегідей жегені – Алматыда соңғы курста оқитын сүйікті ұлы Ермектің жайы.
Қыстың қамшы сабындай келте күні тез батып, айналаны қараңғылық тұмшалап алған. Бес жаны бар отбасының өзіне қыруар кең даладай көрінетін үйіне сыймай, есікке елеңдеп, музыка мектебіндегі сабағынан кеш оралатын кенже қызы Сәулені тосты. Бала болса да ес емес пе. Жақсылық қызметінен оралғанша, үй жандары қосылғанша серік болар еді, ол да орала қоймады.
Түннің бір уағында Жақсылық та келді. Естіген сұмдығы дене түршіктіреді. Алматыда жастар наразылық шеруіне шығыпты. Ол бәрін аудандық партия комитетінің жедел отырысынан аңғарып келген. Бюро шақырылған. Бәріне жедел тапсырма берілген. Болған оқиғаны жергілікті мекемелерде адамдарға түсіндіріп, қазақтың басбұзар, бүлікшіл, нашақор, маскүнем жастарының республиканың жаңа басшылығын тағайындаған орталық комитет пленумының шешіміне наразылығын айыптауға тиіс.
Аудан орталығынан тысқары шығатын жолдардың бәріне қатаң күзет қойылуы керек. Осындағы қауіпті деген қазақтардың бәрін тізімге алып, милицияның қадағалауына қоятын болды. Осының бәрі Жақсылыққа жүктелді. Клуб, мәдениет үйлері сияқты мекемелердегі концерттердің бәрі, жаңа жыл алдындағы мерекелік шаралар тамырынан қиылып, өткізілмеуі керек.
Екеуара, естерін жия келіп, қатты қорыққандары Алматыдағы Ермектің жағдайы болды.
Жақсылық Алматыдағы ағайындарына телефон шалмаққа ниеттенсе де байланыс үзіліп қалған екен. Бір, екі күн емес, осындай байланыс апта бойы хабар алдыруға мұрша бермеді. Хабарласарлық өзге жол жоқ. Телеграмма соғып болмайды. Алматыға аяқасты аттануға себеп те жоқ. Оның үстіне ауданның бірінші басшысы ежелден қазақ десе жүрегі жібімейтін адам еді, қазір құтырған бурадай есіріп алды. Күн сайын сағаттап жиын өткізіп, екі сөзінің бірінде қазақты іліп-шалып, отырған қара көздердің жанын тап сол жерде жаһаннамға жіберердей зіркілдеуді әдетке айналдырды.
«Қуырдақтың көкесі түйе сойғанда болады» дегеннің кебін кейін көрді. «Желтоқсан оқиғасына Жақсылықтың Ермегі де қатысыпты» деген қаңқу естілді.
Бұрыннан сең соққан балықтай есеңгіреген Гүлжамал мен Жақсылық жұрт бетіне қараудан қалды. Еркек аты бар емес пе, Алматыға аттанып, жағдайды анықтайын десе, қызметінен босатар емес. Күні-түні дамыл таппай, оңтүстікке елеңдеген ата-ана мүлде жүдеп-жадап кетті. Алдымен, отыз екі жыл ешбір кінәратсыз қызмет атқарған Гүлжамал орнынан босап қалды.
- Сізбен бұдан былайғы жерде қызмет істей алмаймыз. Орын тауып алыңыз, - деп сызданған бастығы есікті нұсқағасында шағынар адамы қалмағанын сезген ол үнсіз шығып кеткен.
Осы кепті Жақсылық та киді. Аудандық партия комитетінің бюросында «Нашақор, бүлікшіл, маскүнем» бала тәрбиелегені үшін және оны қоғамға білдірмеген жымысқылығы үшін ауыр айып арқалап, соған қоса «ұлтшыл» деген айдар алып жұмыстан ол да қуылды...
Бауыр етінен ардақты не бар? Қызмет те, дәулет те қолдың кірі емес пе. Бала аман болса екен. Осы бір жанын жегідей жеген оймен ұйықтап, сол оймен оянатын болды. Бір-біріне көздері қаныққалы аттай отыз жылдан асқан екеуі осы дүниеде бәдәуйдей баз кешіп, Сахараның шөлін айлап кезуге бар. Тек бала аман болса екен.
Сонымен, Алматыға жеткен Жақсылық немере қарындасының үйіне келгенде оқиғаға бірақ қанықты. Ермек аман екен. Соған тәуба қылды. Тек, ісі ұзақ қаралатын түрі бар. Алматының көшесінде жүріп болмайды. Жым-жырт. Бейнебір жылан жалмап кеткендей. Адамдардың өң-түсінде – үрей. Бір-біріне секеммен қарайды. Бұрын институтта бірге оқыған, құлын-тайдай тебіскен бір-екі досына хабарласпақ болып еді. «Үйде болмаймыз», «Уақыт тығыз еді», - дегендей сырғытпа сылтауларды айтып, маңдарына жолата қоймады.
Әйтеуір, тірі жан емес пе, екі ай немере қарындасының үйінде жатып, ананы-мынаны салып, Ермекпен екі мәрте тілдесуге ғана шамасы келді.
Аудан орталығында туып, орыс мектебінде оқыған Ермек қазақ тіліне, әдет-ғұрпына жетік емес-ті. Көбіне орыс балаларымен ойнап, орыстың діліне жақын тұратын. Бірақ, есейе келе, Алматыда өзімен теңдес қазақ балаларының арасына түскенде өзінің ұлтынан, әсіресе, тілі мен ділінен қаншалықты алшақтап кеткенін сезіп, намыстанушы еді. Қазақ жігіттерімен үнемі араласып, осындағы мәдени кештерге ықыласы ауған сайын бала кезіндегі олқылықтарын өзі де сезе түсті. Орысы ормандай солтүстік өңірдегі өткен күндерін санасының өсе түскен сынымен өлшеп, өткеннің олқылығынан арылуға іштей бекінген. Кітапханада көбірек отырып, театрларға жиірек барып, өзінің арман еткен жолына берік ден қойған жас ұлтының игілікті деген қасиеттерін сүйе түсті.
Спортқа бейім екендігін танытып, тұлға-бітіміне сай жақсы нәтижелерге де жетісіп қалған. Әсіресе, суға жүзуге ерекше машықтанды. Тіпті, спорт шебері атағын да алды.
- Біз Новосибирскіге жарысқа баруға тиіспіз. Елу метрге екі адам шығады. Соның бірі сенсің, - деп бапкері Илья Иванович бұған сенім артатынын сездірген.
Нақ сол оқиға болар күні кешкілік бұл жүзу бассейніне келген. Жан-тәсілім жаттығулармен біраз уақыт өтіп кеткен.
Тысқа енді шыққанда Алматының ерте түсетін қою қараңғылығы тұмшалап, көше шамдарының жарығында ұшқындаған қар ұлпалары көз қарықтырады. Осы уақытта қаланың орталық көшелерінен жан ұшыраған айғайлар, өкіріп-бақырған дауыстар, милиция машиналарының құлақты шыңылдатқан дабылдары, солдаттардың жерді оярдай екпінмен жүгірген аяқ дүрсілдері бүкіл көшелерді дүрмекке бөлеп, миллионға тарта тұрғыны бар қаланы басқа бір жаққа, мысалы, мынау айнала қоршап тұрған зілмауыр таулардың аржағына көтеріп бара жатқандай еді.
Түкке түсінбеген Ермек топтың шетіне ілескені сол еді, өрт сөндіретін машиналардың ішінен атып-атып шыққан солдаттар айналадағы жұртшылықты бас-көзге қарамай төпелеп, әйел-еркек демей соққыға жығып жатқанын көрді.
Сол уақытта он-он екі жасар қызын жетектеп жанұшырып келе жатқан қазақ келіншегін солдаттардың біреуі шалып құлатты. Сол жерде бүйірден тепкілей жөнелді. Келіншек ащы айғаймен атып тұрып, қызына ұмтылды. Солдаттың екіншісі қызды шашынан сүйрей жөнелді. Байғұс бала жан дауысы шығып «мамалап» бақырғанда адамның құйқасы шымырлайды.
Иығына артқан сөмкесін айдалаға қалай лақтырып жібергенін білмеген Ермек жүгірген қалпы келіншекті сүйрелеп бара жатқан екі солдатқа жетіп келіп, байғұсты жұлып алды. Өлі мен тірінің арасындағы сорлы қызының атын айтып «Жанна», «Жанналап!», бақырып жатыр.
Солдаттың бірі Ермекке тұра ұмтылып іштен теппекші болды. Қайратты жігіт емес пе, оның үстіне екі метрге жақын бойы бар тұлғалы Ермек солдатты мұрттай ұшырды. Екіншісіне де осының кебін кигізді.
Өлім халінде жатқан келіншекті көтеріп тұрғызбақ болып еңкейгені сол еді, соққының астында қалды.
Ақыры, тергеудің қолына мықтап іліккен Ермектің айтқан уәжі ешкімді иландыра алмады. «Сенің қалтаңнан анаша табылды. Куәлар бар» деген тергеуші сөзі айғақтың бастысы болды. Ақтық сөзін айтып, қанша ақталса да оқиғаға қатысқаны, солдаттарды соққыға жыққаны айыптың үлкені болып, ісі сотқа түсті.
Жендеттердің қолынан опат болған бүлдіршін мен келіншектің жайы ешкімді толғандырмады. Тіпті олар өмірде бар адам ба, әлде жай бір хайуан ба, ешкім оны қаперіне алмады. Опат болған жүздеген, мыңдаған адамдарды ауызға алмай жатқанда, Ермек араша түспек болған екі бейбақты кім елесін?! Бапкері Илья Ивановичқа үміт артып, жаттығудан шыққанымды сол көрді деген дәмеде болып еді, оны соттың маңына жолатпады ма екен әлде өзінің батылы бармады ма – бұл уәжі кәдеге аспай қалды.
Әуре-сарсаңмен тура бес ай өтті. Тергеудің қыспағында осыншама уақыт шеңгелденіп, жамандық атаулыны өңінде көрмеген жас бір күннің ішінде қартайғандай, тағдырының былайғы күндері не боларын білмей зар болды. Жазықсыз екені бір аллаға ғана аян.
Жақсылық күні кеше құлдыраңдап ойнақтаған ұлының есейіп қалғанын аңғарды. Әсіресе, «Сүйікті, ата-анам! Жазғыра көрмеңіздер... Мен мұнда жатып көп ойланып, көп толғандым. Қылығыма күйіндім де, сіздерге өшпес қиянат жасадым ба деп те налыдым. Әттең! Әттең! Өздеріңіз баулыған адалдық пен әділдік жолын кесіп өте алмадым. Өмірбақи қарыздармын. Кешіріңіздер...»
Әлгі жолдардың жүгі Жақсылықтың жүрегін тас-талқан еткендей болды. Алайда, бұл өмір ақиқаты еді ғой.
Қойшы, уақыт та өтті. Жалғанда өзіңнің жазықсыздығыңды айғақтай алмағаннан асқан азап бар ма? Бар азабы бейкүнә жандарды өлім тырнағынан арашаламақ болған Ермек бес жыл мерзімді арқалап, түрмеден бір-ақ шықты.
Елдегі Гүлжамал да, Жақсылық та жер болып, қызметтен қуылып, жұрт көзіне қараудан қалды. Бұрынғы елім деп атқарған еңбек жылдары рәсуа болып, аудан орталығындағы бір мекемеге хат тіркеуші қызметіне зорға кірген Гүлжамал соған тәуба етті. Алдынан талай ағайын тауы шағылмай шығатын Жақсылық аудандық астық қабылдау торабында таразы өлшеуші деген орынды зорға тапты.
Міне, енді бес жыл кесімді мерзімін өтеп қайтқан Ермектің өзі күнінен бұрын қартайып, отаулы болған. Содан бері де өткен күндердің ызғары жүрегін қарып, желтоқсан айы келген сайын жаны түршігеді. Сонда көз алдына жазықсыз сотталған жылдары емес, сонау бір ызғарлы түнде шам түбінде қан-жоса болып жатқан бейкүнә қыз бен солдаттар тепкілеп жүрген келіншек елестей береді...
«Солтүстік Қазақстан» газеті. 16 желтоқсан 2005 жыл. 8-9 бет.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇