06.07.2025
  127


Туған жер — тұнған сағыныш

 


Туған жер — тұнған сағыныш


 


 


Адам баласы қай жерде жүрсе де, жүрегімен туған жеріне байлаулы. Уақыт өтеді, өмір өзгереді, адамдар алыстайды, бірақ туған жерге деген махаббат ешқашан сөнбейді. Бұл — менің өмірімде өзім сезініп жүрген, шынайы ақиқат.


 


Мен ауылда туып-өстім. Сол жерде алғаш рет аспанға қарап армандадым, алғаш рет сүріндім, алғаш рет бақытты болдым. Ауыл — менің балалығымның бесігі, өмірге алғаш қадам басқан қасиетті мекен. Қазір қаланың қақ ортасында жүрсем де, жан-дүнием сол баяғы самал желі соққан кең далада, қыстағы от жағылған қараша үйде, ошақ басындағы әжемнің бауырсағы мен иісі аңқыған шайында қалып қойғандай.


 


Таң атқанда тау етегінен шыққан күннің шапағы, қой бағып жүрген баланың қуанышты үні, ауылдың шаң басқан жолдары мені ешқашан бей-жай қалдырмайды. Қаладағы жасанды жарық пен шудан шаршап келгенде, көзімді жұмып, сол ауылды көз алдыма елестетем. Сол кезде жүрегім сәл де болса тынышталып, көңілім орнына түскендей болады.


 


Ауылда өткен күндерім — менің ең шынайы, ең бақытты шақтарым. Әр сәті естен кетпейді. Қолымнан шығып кеткен көбелекті қуалап жүгіргенім, жаңбырдан кейінгі лай суды кешіп ойнағаным, жазда шөп жинап, күзде қозы баққан күндерім — бәрі-бәрі жүрегімнің бір бұрышында сақтаулы.


 


Қазір уақыт басқа. Ауылдан алыста жүрмін. Бірақ туған жерге деген махаббат күннен-күнге күшейіп бара жатқандай. Адам баласы алыстаған сайын аңсай бастайды екен. Көз көрмеген сайын жүрек сағына түседі. Мүмкін, сол үшін де туған жер ешқашан ұмытылмайды.


 


Мен үшін туған жер — тек туған топырақ емес, ол менің естелігім, тамырым, тағдырым. Ауылымды ойласам, жаным жай тауып, өзімді қайта тапқандай боламын. Болашақта қандай биікке шықсам да, қай елге барсам да, қай тілді сөйлесем де, мен әрдайым қазақтың кең даласында туып-өскен ауыл баласымын. Бұл менің ең үлкен мақтанышым




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу