Өлеңдер ✍️

  08.06.2025
  132


Автор: Самрат Құскенов

Баз кешу

 



Емдемей, жүректің сыз-жарасын да,
Өмірім, жылмен өтіп барасың ба?!
Жырымды оқитын мың оқырманның
Сырымды ұғар жан жоқ арасында.



Өзімді елдің бәрі мақтағанмен,
Сөзімді әділдік деп жақтағанмен.
Ішкі жан дүниемді кім түсінер,
Еңбегім үмітімді ақтағанмен.



Үңілсем ақиқаттың парағына,
Таздар жүр құмар жұрттың тарағына.
"Русская водка" болып көңілдесім,
Орыстың салынбайын арағына.



Ұнайтын елге өсек, жиын еді,
Бұлардан азапталған миым еді.
Ақын боп жүру құрмет болғанымен,
Ақын боп ғұмыр кешу қиын еді.



Құдайым, абырой бер шашылмайтын,
Шабыт бер, бетауы жоқ жазылмайтын.
Өлең боп жеткенімен ойым менің,
Құпиям бар ешкімге ашылмайтын.



Ашатын адам әлі табылмады,
Ауызым күйсе-дағы жабылмады.
Сырт көзге күліп жүрген Самраттың
Жұмбағына бір жауап табылмады...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу