Өлеңдер ✍️

  08.06.2025
  151


Автор: Самрат Құскенов

Қағаз жылқы

 



Тамашалап өнерпаздың концертін,
Тыңдайсың-ау шенеуніктің әр сертін.
Ел алдында қағып-қағып арқаңнан,
Күліп тұрып тапсырады конвертін.



Ол конвертің "Жылқы!" деп қол сермейді,
"Жомарт көкең" сөйлеп кеуде кернейді.
Көрермендер тараған соң ұмыт боп,
Ақырында ешкім де тай бермейді.



Осы жайдан қабырғаң да қайысқан,
Қоғам қашан өтіріктен айыққан.
Зейнолла ақын бір ауданнан тай алды,
Бас жүлдені олжалаған сайыста.



Бірақ, ол тай бұйырмады серіңе,
Сын болса да, өнерсүйер еліңе.
Байғұс ақын кетті бұны ұмытып,
Өкпелемей өзі туған жеріне.



Дүниеге құнықпаған ақының,
Руханиятқа жетелейді жақынын.
Ел намысын қорғау үшін барын сап,
Байқауларда қысып жүрді тақымын.



Конверттегі жылқы қалды жайына,
Қанағат деп елдің берген шайына.
Әкім ие боп алған шығар шіреніп,
Ақын ұтып әкеткен сол тайына.



Бұл - салт-дәстүр шежіредей жалғасты,
Аудан облыс болып бірден алмасты.
Мәртебелі қылып елге ақынды,
Жалған уәде дерт боп жанға жармасты.



Ақынына өзінше сый көрсеткен,
Шенділер-ай, босағаны төр еткен.
Есләм ақын жасап елу жылдығын,
Жылқы алып, айналасын шөл еткен.



Жіберді де әкім орынбасарын,
Жеткізеді жырдың нұрын шашарын.
Құдай берген ауыз айтып бір тайды,
Шенді көкең сезбестен от басарын:



- Есләм ақын - Қызылжардың мерейі,
Жырға қосқан Арғын, Уақ пен Керейін.
Елдің тойға шашуы деп біліңдер,
Конвертімді той иесіне берейін.



Ат мінгіздік ұлымызды бағалап,
Елеп үлкен екенін де ағалап.
Артық етпес мінгізсек те бір мәшін,
Халық жүрсе, әдебиетті жағалап,



- Деп шіреніп конверт берді елеңдеп,
Бұның жауапкершілігі тереңдеп.
Айтқыш ақын бетке басып ойланбай:
- Шаршадыңдар, қағаз жылқы берем деп.



Құдайым-ау, тиыла ма бұларың?
Сезбейсіңдер уәде құнын сұрарын.
Конверт беріп сытылады шенеунік,
Ойлап, мәңгі әкімдікте тұрарын.



- Деді Есләм, ел алдында састырып,
Биліктегі берекені қаштырып.
- Есағам-ау, қатырасың, бұның не?
Жылқыны өз қолымызбен тапсырып,



Апарамыз, - деп айтады қол беріп,
Өзінше боп ағасына жол беріп.
Айтқаны дәл келіп шыншыл ақынның,
Қалды аяқ-астынан серт өзгеріп.



Қағаз жылқы - шенеуніктің жақұты,
Қағаз жылқы - өнерлінің "бақыты"
Өтті қағаз жылқы жүріп арада,
Талай талант, шенділердің уақыты.



Алтынбек кеп қолын айға сермеді,
Әндерімен Қызылжарды тербеді.
Гастрольдік сапарына риза боп,
Концертіне бір "жағалы" келмеді.



Ел атынан бір кәсіпкер сөйледі,
Көркем сөзбен жомарттығы өрледі.
Шапан жауып арқасына әншінің,
"Жылқы берем!" деген анты төрледі.



"Айтылған сөз атылған оқ" емес пе?
Орындалып жеткен талай белеске.
Берген сертін бұзбай Дәстен диқаншы,
Құдай сөзі айналмады елеске.



Алматыға аттандырып құнанды,
Ел жадынан жоғалтады күмәнді.
Шенді құсап алдарқатып әншіні,
Ойы болған сейілтетін тұманды.



Жігіттігі құптамады онысын,
Ар-намысы қоршаған соң қонысын.
Құдай атқыр шенеуніктер қатарын
Қалыңдатпай көрсете алды тон ішін.



Сөйтіп, Дәстен мәрттігімен танылды,
Жайды адамгершілікпен тамырды.
Шенеуніктей құрғақ сөзбен қатырам
Деген жолдан ақ көңілі жаңылды.



Шенеуніктен артық еді кәсіпкер,
Құдай кәсіп еткендерге нәсіп бер.
Пейіліне қарап берсең, құлыңа,
Мейірім мен иман нұрын шашып бер.



Жаттай болып көрінетін ағаң да,
Өз ортаңнан алынбайды бағаң да.
Ақиқаттан бәрі теріс айналса,
Кір міндетті түрде тұрар жағаңда.



Мен де елдің құрметіне бөленем,
Шын жүректен шықса, тәнге өлең - ем.
Қара қылды қақ жаратын шындықпен,
Қараша жұрт сенің шыншыл төрең ем.



Дұрыс болар болған жайды жырлаған,
Оқыс жағдай сыз-жараңды тырнаған.
"Самрат, сен де тудың елдің бағына,
Байтал берем!" деген еді бір ағам.



Дарындар-ай, аңқау болған баладай,
Көңілдері кең болатын даладай.
Өз сөзіне қарсы шығып ант ұрған,
Өзгелерге болады ма дара Ай.



Байтал қайда? Аға қайда? Сертім-ай!
Орындалмай қалған уәде - дертім-ай.
Құлындаған шығар бәлкім, кім білсін?
Болжап жүрмін, көңіл күйін шертіп-ай.



Құрғақ сөздер жыбырлатты көмейді,
Тұңғышыңдай көрсетердей көпейді.
Жинап алсам, болатындай бір үйір,
Қағаздағы жылқыларым көбейді.



Айтқан сындар намысымды қайрасын,
Жазған жырлар бұлбұл болып сайрасын.
Атаса да Құдай берген ауыз тай,
Пенделік-ай, асыратын айласын.



Қанатымды қыран болып қағам да,
Талаптанып үміт отын жағам да.
Қотан дайын әкеп берсе байталын,
Қыста соғым керек еді маған да.



Ай, ағатай уәдесінде тұрмаған,
Кісілікке бетін мүлде бұрмаған.
Сасықтарға байтал түгіл, бас қайғы,
Бетсіздерге сенің ұятың ұрмаған.



Ұят болмайды берген антты талдаған,
Біз емеспіз өтірікті жалдаған.
Ақындарды болмаса да алдауға,
Құдайсыздар әдемілеп алдаған.



"Қағаз жылқы" өтті менің басымнан,
Өлең жазып жүргендіктен жасымнан.
Жылқы берем деп арқамнан қаққанмен,
Алаяқтар өтіп жатыр қасымнан.



Бапталған гүл күз жетсе де солмайды,
Бұл қоғамға көңілім еш толмайды.
Қағаз жылқы болғандықтан мінерім,
Қиялдамай жүрем десем, болмайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу