Өлеңдер ✍️

  29.05.2025
  789


Автор: Самрат Құскенов

"Уақыт емші"

 



Мен уақытты емші деп ойлағанмын,
Шын бақытты еншілеп бойлағанмын.
Жазылмайтын дертіме шипалы деп,
Жыласам да, шат күліп тойлағанмын.



Қуанышты сәт маған "Кел!" демеді,
Жұбаныш боп қолтықтан ел демеді.
Жер қойнына анамды тапсырған соң,
Уақыт сәби жүрегін емдемеді.



Мені "Шиқ-шиқ күледі!" деп жазалайды,
Жөн-жосықсыз сұрақпен мазалайды.
Қара түнек бойынан сейілсін деп
Күлкі кейде жанымды тазалайды.



Шыңның тілін біледі өрлегендер,
Көресінді көреді өлмегендер.
Уақыт емші деп бір сәт топшылайды,
Сүйгенінен айрылып көрмегендер.



Қарақұстан кеткендей періп біреу,
Құлап жатсам болмайды елім-тіреу.
Ұлы жүрек қасірет үшін соғар,
Хал жағдайын білмейді келіп біреу.



Білсең, уақыт дәрігер емес еді,
Шынын айтсақ, кім бізбен кеңеседі.
Ұмытылмас қайғыны тежеп қойып,
Ұмытқандай шаттану елес еді.
Білсең, уақыт дәрігер емес еді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу