Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  157


Автор: Самрат Құскенов

Қаңтардың естелігі

 



Кездерден шаршап жүрмін керісетін,
Сәті де түспей қойды келісетін.
"Қаңтардың естелігін" жазба, жүрек,
(Жыласаң, көз жасынан бет ісетін).



Бұл өмір қызық шығар жалғанымен,
Кетпейді көз алдымнан қар қанымен.
Аузыма алғым келмей тұр Қаңтарды
Тарихта таңбаланып қалғанымен.



Көңілім кеше ғана есіл еді,
Ал, бүгін қайтып енді есіреді?
Ай-күннің аманында араңдадық,
Бабамның рухы қалай кешіреді?



Дос, бауыр, аға жатты табытында,
Салмады жақынына сабытын да.
Төрт жасар балам қалды оққа ұшып,
Пәк сезім тулап іңкәр шабытында.



Елімді Алла алсын назарына,
Куәгер қылып дүние базарына.
Өтетін шеру "Еске алу!" болып,
Барайық құрбандардың мазарына.



Бүгінді ертеңіміз саралайды,
Батырын уақыт өзі даралайды.
Қаралы Қаңтар ойдан шықпаған соң,
Жаралы Жүрек қызға қарамайды.



Қайтейін өз ортамның алаларын,
Қиратқан Отанымның қалаларын.
"Қаңтардың естелігін" оқыған соң,
Тергейді мені "Не?" деп балаларым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу