Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  147


Автор: Самрат Құскенов

Кеш, балапан!

Көрсетіп мейірімнің шексіздігін,
Әкең жүр мойындамай етсіздігін.
Өзіңді ойыншықпен алдарқатып,
Өзінің жасырады тексіздігін.



Өтірік мерекемен алданасың,
Осылай боқ дүниеге жалданасың.
Ізденіп оқымаған әкең – дүлей,
Болмай ма айтса, елдің әр данасын.



Жөн шығар мейрамыңды тойлаған да,
Тәп-тәтті балалыққа бойлағанда.
Қазірден жеті атаңды айтқызбай ма?
Шынымен ертеңіңді ойлағанда.



Сен бізді кеш, балапан! Кінәліміз!
Тал болып егілгенмен шынарымыз.
Тегіміз сыртта қалып қояды екен,
Қыздарға оянғанда құмарымыз.



Өмірде мән жоқ, ізді сала алмасаң,
Сақталып ел есінде қала алмасаң.
Ойнастан туған ұлдан айырмаң не?
Әкеңнен шежіреңді ала алмасаң.



Жұртыңның болмасаң да хазіреті,
Тұлғаңды аялайтын ғасыр еді.
Ұрпақ боп жалғасқаның құт болғанмен,
Тегіңді білмеу – ұлттың қасіреті.



Айналам болғанымен қайырымды,
Тектілік жиғызбайды айырымды.
Биікті аласартып алмас едім,
Тегімен тәрбиелесем тайырымды.



Әкең жүр ертең жерге қарататын,
Тапқанын самал желге жарататын
Балапан, ойна да, күл, тегін білмес,
Түк білмей кемтар ұрпақ тарататын!



Өзіңе қарап ойды мазалаймыз,
Өлеңмен жан дүниені тазалаймыз.
Балапан, еш кінәң жоқ, тексіз болсаң,
Әкеңді қос дүниеде жазалаймыз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу