Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  171


Автор: Самрат Құскенов

Журналистік қызмет

Марғасқа Мағжандар іргетасын қалаған «Бостандық туы», қазіргі «Солтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетіне орналасып, талабы таудай журналистика саласына Алланың қалауымен, көптің қолдауымен, елдің тілегімен қадам басып, бүгін алғашқы жұмыс күнімді өткіздім. Облыстың қарашаңырағы саналатын редакцияда алысқа шаппай, әулетіміздің шежіресін тартқатсам, Қазақстанның Халық жазушысы Сафуан Шаймерденов, Малдыбай Қоқыбаев пен Мырзахмет Әкімжанов, арқалы ақын Зейнолла Әкімжанов, Самат Есмағилардан кейін Көбен қарттың тілшіліктегі тоқтап қалған тіршілігіне жан бітіріп, ұрпақ сабақтастығын алға тартып, журналистік қызметімді бастадым. Алла абыройын берсін. Қазақстанның құр­метті журналисі болмасам да, руханияттың дамуына зор үлес қосуға барымды саламын.



Автор сөзі



Журналист боп тірлік кешу – құлау, тұру, жүгіру,
Өсекшілер айтып жүрген қауесетке түкіру.



Сыртқы көзге көрінсе де, жұлдыздай боп жарқырау,
Негізгісі өткен, бүгін, келешекті талқылау.



Журналистік қызмет мүлдем кешірмейді шаланы,
Зерделейсің өзіңе еш қатысы жоқ саланы.



Бірдей ұнай алмайсың да билік пенен халыққа,
Қараңғыдан шығармайды ұмтылсаң да, жарыққа.



Ойы – ұшқыр, сөзі – көркем, туындысы – мәңгілік,
Өзі өлсе де, қолтаңбасы тұрар әр кез жаңғырып.



Өткеніңді қазбалайды, өшкеніңді жандырып,
Оқырманын таңғажайып деректерге қандырып.



Есте жүр деп өлілерді разы қылып жүргендер –
Тірілермен тіл табыса алмай өмір сүргендер.



Шығармалар жинағы боп қалған алтын қазына
Иесі көзі тірісінде айта алмайды базына.



Жан дүниесін ұқтыра алмай баз кештірген тіршілік –
Таң сәресін руханияттан ішкізетін тілшілік.



Тарихта тек қалам, қағаз ұстағандар өлмеген,
Бұны бірақ түсінбейді ой толғатып көрмеген.



Журналист-ай, ешқашан да орындалмас дегені,
Қайраткерлік – істегені, құйқа ғана – жегені...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу