Өлеңдер ✍️
ҰЙҚЫЛЫ КӨЗБЕН ЖҮРГЕН ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ
(21 қыркүйектен бастап Қазақстандағы барлық кинотеатрларда «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі көрсетіліп жатқанда Петропавлдағы төрт кино театрында берілмегенде туған ой).
«Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,
Қарағым, енді жату жарамас-ты».
МІРЖАҚЫП ДУЛАТҰЛЫ
Мәдениет солтүстікте дамымады,
«Білгіштер» білгішсініп жаңылады.
Баласы заманға сай жүремін деп,
Жат түгіл әкесін де танымады.
Ұлтымыз қорланса да, байыптымыз,
Ұрпақтың ертеңі үшін айыптымыз.
Тарихтың бағасына жете алмаған,
Біз өлім жазасына лайықтымыз.
Ақымақ болғандықтан данамыз да,
Сападан айырылды жаңамыз да.
Міржақып Дулатұлы, кешір бізді,
Ақаулық тұрақтады санамызда.
Өмірдің мәні қалып қиымызда,
Жоғалды арға деген сыйымыз да.
Театрдың лентасынан не іздейміз,
Ештеңе болмаған соң миымызда.
Жүрген соң итақайдың ғаламында,
Иттіктің серік еттік қаламын да.
Тарихи туындыдан биік болды,
«Жүгірмек», «Байдың қызын аламын» да.
Өткізіп қараңғыда күнімізді,
Ғаламтор әлдилейді түнімізді.
Билігі жоқ биліктен қайыр күтіп,
Қорқамыз шығаруға үнімізді.
Кинолар көрсетіліп мағынасыз,
Эфирдің тәртібіне бағынамыз.
Ұйқылы көзбен жүрген қазақ халқы,
Бір күні қалар алтын қазынасыз.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇