Өлеңдер ✍️
Туысқанның керегі жоқ
Жасқанамын туысыма баруға,
Айналған соң бәрі «суық қаруға».
Берер кезде шегінгендер он қадам,
Ұмтылады өздеріне алуға.
Жанашыр боп іздемеген өзіңді,
Бауыр дейді бақырайтып көзіңді.
Туысқанның керегі жоқ ешқашан
Елемеген жүрекжарды сөзіңді.
Тура айтсаң, «Сөйлеме, – деп, – бетімен!»
Өкпе-реніш айтып кетер шетінен.
Сөздің мәнін білмеген соң өздері,
Пайдалана алмас ойды ретімен.
Қатты айтсаң, бірден алып жағаңнан,
Айыратын халық берген бағаңнан.
Туған жаттай көрінетін бір сәтте,
Әңгімелер басталғанда «Саған»-нан.
Қан бір шығар, жаның басқа бірақ та,
Туыс үшін жана бермес шырақ та.
Бет жыртысып, қырғи қабақ болғанша,
Жүрген дұрыс туысыңнан жырақта.
Біздің мекен бола қоймас ғарыштан,
Ішімізде ойнаған соң арыстан.
Маймөңкелеп, жалған күле алмасаң,
Туысқанмен сыйласқан жөн алыстан...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇