Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  157


Автор: Самрат Құскенов

БАР МЕН ЖОҚ

 



Бұл күннің кетері бар, келері жоқ,
Бәрінің алары бар, берері жоқ.
Білімді көрінуге тырысқанмен,
Ешкімнің үлгі тұтып ерері жоқ.



Бүгіннің баласы бар, данасы жоқ,
Таланттың үй алатын шамасы жоқ.
Жүрсе де тәлімгердің алдын көріп,
Шәкірттің ұлтты сүйер санасы жоқ.



Дәл қазір залымдар көп, дарындар жоқ,
Тарихты зерделейтін ғалымдар жоқ.
Шықса да жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар,
Шынымен руханиятта салымдар жоқ.



Қоғамнан таба алмайсың керегіңді,
Толтырмай құрғақ оймен зерегіңді.
Айтыста бірін-бірі мазақтайтын
Ақындар қажет етпес дерегіңді.



Ал, енді керек емес зат қаптады,
Өзіңді еш ілгері аттатпады.
Түйткіл боп материалдық құндылықтар,
Рухани дүниелерді жаттатпады.



Жұртыңды Абайларша тағы сына,
Ойсыздың ілінсең де «қағысына»
Айрылып ата дәстүр-салтымыздан,
Батыстың ердік өмір ағысына.



Бар мен жоқ қан қып екі ұртымызды,
Төндірді басқа қара бұлтымызды.
Жүргенде бар мен жоқтың арасында,
Жоғалтып алмайықшы ұлтымызды




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу