Өлеңдер ✍️
ДОС ПЕН ЖАУ
Дос кім? Жау кім?
Айыра алмай келеміз,
Ескерілмей қалғандықтан телеміз.
Сын айтқанды беттен алып, сыпыртып,
Мақтағанға төрден орын береміз.
Сынамай ма, өскеніңді қалаған?
Мәртебеңді ырысына балаған.
Ақ ниетін ұқпаған соң шын досты
Айналасы иттей көріп талаған.
Кемшілігің қайнатады сорыңды,
Руханиятпен байытпасаң қорыңды.
Ата жауың күле қарап бетіңе,
Арамдықпен қазады кеп орыңды.
Мақтап-мақтап құртқан кезде көзіңді,
Бір-ақ сәтте жоғалтасың өзіңді.
Дос кім? Жау кім?
Анықталған уақытта,
Бостан босқа шығындама сөзіңді.
Шеше алмай басыңдағы дауыңды,
Ерте алмайсың бас көз болып қауымды.
Жылаттың деп сыртқа теппей досыңды,
Ал, ойыңа іштен шығар жауыңды.
Молшылыққа толмаса да уысым,
Орындата алмаймын мен қу ісін.
Самрат едім, адалдықты ту етіп,
Досы түгіл, аямаған туысын!
Содан болар достан көрі, көп қасым,
Тек ел емес, хан да сөзге тоқтасын.
Сый керек жоқ, қояр жалғыз талабым:
Барлығы өз құндылығын жоқтасын...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇