Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  150


Автор: Самрат Құскенов

ӨЗІҢМЕН ӨЗІҢ АЛЫС

 



Жаныңды жұрттың сөзі мазалайды,
Артыңды өсекшілер қазалайды.
Тәуелді болма, көптің пікіріне,
Бойыңды арың ғана тазалайды.



Тобыр жүр бір-бірінің мінін теріп,
Шұңқырға қол жетпейтін шыңын теліп.
«Жоқ, жоқ!», – деп ысырап пен бәсекеге
түсетін халыққа тұр жыным келіп.



Дүние деп елдің бәрі шырылдайды,
Жүлде деп көп ақыным ырылдайды.
Ғылымға ұмтылыңдар десем-дағы,
Барлығы желаяқтай зырылдайды.



Айфонын ауыстырып жарысатын
Қатардан кім бар екен қалысатын?
Сол топтың ішінен жан таппай келем,
Архивті қопаруға барысатын.



Боққа да мансап үшін кіретіндер,
Құлаққа кеспені де ілетіндер.
Біреуді ғайбаттамас ешқашанда
Еліне сөз тиерін білетіндер.



Тербетсе бесігіңді ана жыры,
Ішіңе шоқ тастайды дана сыры.
Өзіне сыншы бола білген жандар,
Ұлтының болған нағыз жанашыры.



Шынымды айтсам да, міз бақпайсыңдар,
Есігін кісіліктің қақпайсыңдар.
Өзіңмен өзің алыс, елде нең бар?
Құдайға қауысетпен жақпайсыңдар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу