Өлеңдер ✍️
КҮЛУ МЕН ЖЫЛАУ
Ел неге жаман ойға қанысады?
Жақсымын деп шетінен жаңылады.
Күй кешсе, білмесе де білгендей боп,
Білгенмен танып тұрып танысады.
Хайуандар, мәнсіз өмір сүретіндер,
Білгір боп, рахаттанып жүретіндер.
Күлетін дүниеге жылайтындар,
Жылайтын дүниеге күлетіндер.
Тіліне тиек етіп «былайды» да,
Бұл орта аңғармайды шырайды да.
Үстінен жезөкшенің күлген көкем
Қызының күйін көрсе жылайды ма?
Қаптады «Мен», – деп кеуде кернегендер,
Соңынан еш жақсы сөз ермегендер.
Ұрыны аңыз қылып шиқылдайды,
Ұлына дұрыс тәрбие бермегендер.
Сүйенбей данышпанның нақылына
Айналды адам заман пақырына.
Біреудің киіміне қарайтындар
Ешқашан мән бермейді ақылыңа.
Көбейді қиялдап ой қуатындар,
Қулыққа белді бекем буатындар
Үйіне кіріс болсын демейді екен,
Халқының баласы боп туатындар.
Бір Алла қолдап білек түргеніңді,
Ел айтсын түзу жолда жүргеніңді.
Өзіңе екі есе қайтармасын,
Жылаған бейшараға күлгеніңді.
Біреуге қиянат іс істемейік,
Мықтының артынан піш-піш демейік.
Орнымен күліп-жылау – үлкен бақыт,
Бағасын білмей, бармақ тістемейік.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇