Өлеңдер ✍️
АРУ ЖАН
Орындалып мерекенің жарлығы,
Байқалады жомарттықтың нарлығы.
Қыс кетпестен, «Сегізінші наурыз!», – деп,
Гүл іздейді жігіттердің барлығы.
Өліп-талып жасанды гүл тергендер,
Романтик боп көрінгісі келгендер.
Бүр жармаған жауқазыннан сыр ұғып,
Бос қиялдың жетегіне ергендер.
Қырдан іздеп түймедақтың иісін,
Бал сезімнің айта алмаған тиісін.
Өз болмысын көрсетуге ұялғаннан,
Жүйелеп жүр жасандылық жиісін.
Гүл сыйлауға менің дәтім бармайды,
Қазымұр деп ел де сөзбен қармайды.
Омбы қардан жаңа ғана көз ашқан,
Бәйшешегім әлі бүршік жармайды.
Әлем, бағын, табиғаттың заңына,
Нұр тұндырған арайланған таңына.
Әрекетің жасап жүрген көзбояу
Ауыр тиіп кетер ару жанына.
Шынайы бол, адалдықты баптайсың,
Әйтпегенде ақ көңілді таптайсың.
Ару жанның өзі сұлу гүлден де,
Одан артық әдемілік таппайсың.
Көктем өзі айғақтайды сөзімді,
Күн маужырап шешіп берген бөзімді.
Ару жаннан асқан көркем, әсемдік
көрсем, ойып тастаймын-ау көзімді...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇