Өлеңдер ✍️
МҰРАЖАЙ
О, тарихи-өлкетану мұражайы сөзден мүсін тұрғызып,
Асқақталдың, теріскейдің өткеніне экскурсия жүргізіп.
Өзің жайлы жиі айтамын өңірдің бір азаматы ретінде,
Қызылжарлық меймандардың бағытталған бетін саған бұрғызып.
Кірсек, төрт мың жылдық, мұздық дәуіріңмен палеонтология залына,
Адамзатты сый-құрметпен қаратасың даланың құс, малына.
Атбасардың мәдениеті, Иманбұрлық, Есілімді жағалап,
Құндылықтар жиылғандай Бектеңіз бен Байқараның маңына.
Ғалымдардың айтуымен жеткендіктен сан ғасырдың мұңды үні,
Археология естіртеді ерте заман бұлағының сылдырын.
Ақтау – скиф-сарматтардың мекендеген жері болған қалашық,
Уақыт өзі көрсетіп тұр ұрпақ үшін баға жетпес құндыны.
Дулығаны айналдыра жазып қойған ата-баба дұғасын
оқығанда бұрынғының кір шалмаған ақ ниетін ұғасың.
Өгіз турдың мүйізінен тоқылған тақ – болыстың қолтаңбасы,
Күн мен айдың аманында тарихыңды енді кімнен бұғасың?
Петропавл қаласының ең алғашқы елтаңбасы жарқырап,
Сыр бергендей сауда орны – Қызылжар боп тұрғаныңды талқылап.
Заманында көпестердің пайдаланған дүниелерін көрсетіп,
Сал-серілер қазынасын саралаған ой дариясы сарқырап.
Түкпіріңде Самрат сүйген қыз бейнесі жасырынып тұрғанмен,
Әрбір залың рухани нәр берген ұлт деп жанып-өшкен тұлғаңмен.
Тізіп жер-су атауларын жазған «Қырғыз аймағының картасы»,
Тең тарихын білмегеннің маңдайынан шарт еткізіп ұрғанмен.
Игібайдың домбырасы жүрегімді тебірентпей қоймаған,
Ахметжанның жыр жинағы алпыс екі тамырымда ойнаған.
Мәртебесі биік «Ұлпан» романының қолжазбасы төріңде
Сарғайса да, Ғабеңдердің қатарынан тастайтындай ой маған.
Ұлы Отан соғысында от кешкен соң елім деген еріміз,
Арғы атамнан аманат боп қалған жоқ па ұланғайыр жеріміз?
Аруақтарға тағзым етіп, балалық сый көрсеткенім емес пе?
Қазынаңды насихаттау жұмысыңа сіңсе, төккен теріміз.
Тәуелсіздік жылдарынан заманауи тақырыбың басталған,
Бейбітшілік, татулық пен тыныштықта мән жатқаны расталған.
Мемлекеттің абыройын асқақтат деп арайланған шұғылаң,
Нұрлы жырлар хикмет толы кеудемізде тоқылып ап жасталған.
Деректерің қазағым деп атойлаған арқамды да қоздырған,
Мәдениетте атымызды зиялылар сапынан да оздырған.
Ақымақтар: «Мұражайда шау тартқан шал, зейнеткерлер жүр», - десе,
Академик болғысы кеп ұмтылғандар қабырғаңды тоздырған.
Он үш залың мәліметті үйіп-төгіп биіктеткен өремді,
Оған дәлел бұрқыратып жазған зерттеу жұмыстарым көлемді.
Руханияттан құлдырасам ойланбастан өзіңе кеп, еркелеп,
Жаным қалмай қопарамын жәдігерге тұнып тұрған сөреңді.
Мұражайға барып қызмет істейтіндер – өз ісіне жауапты,
Келгендердің алғысымен кітапшаға жазып жүрген сауапты.
Есі барлар жанталасып, жәдігермен тілдесуге асықса,
Ессіз қалған жандар іздеп табам дейді ғаламтордан сауатты.
Мұражайы жоқ қоғамда адам шығу мүмкін емес зеректі,
Ғылымыңда не қызық бар? Таба алмасаң түйсігіңе керекті.
Тарихыма қызыққаным соншалықты айтайын жұрт күлсе де,
Шіркін, көпес диванына жатып алып кемірсем ғой деректі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇