Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  227


Автор: Самрат Құскенов

ЖҮРЕК ИЕСІН ІЗДЕП ӘБДЕН ШАРШАДЫ

Кім түсінсін жан дүниемді, сырымды?
Бәрі ойдан құрап алған ырымды.
Тағдырыма айналмаған махаббат,
Жаздыртып жүр жүрекжарды жырымды.



Кей сәттерде жалғыздықтан жалығып,
Шабыт мінез көрсетеді сарығып.
Бақыттан бас айналатын күн туар,
Құтқа көңіл тойып, көзім қарығып.



Әттең, жүрек ауырады, сыздайды,
Ит тірлікке қарап жаным мұздайды.
Сенімімді жоғалтса да жылт еткен
Ай сәулесі үмітімді тұздайды.



Бірақ, көңіл қосатын жан іздеген,
Жұптасқанды жөн санаймыз біз деген.
Жүрек иесін іздеп әбден шаршады,
Ізім-ғайым жоғалған ба қыз деген?



Шарасызбын, от тұрса да қанымда,
Арай төгіп атпай қойды таңым да.
Ақылына сай қыз таппай келемін,
Әдемілер қаптаса да маңымда.



Құдай, шіркін, жаратса да дарынды,
Мінезіміз болғанменен арынды.
Тіл табыса алмай келем бір жанмен,
Құшағыма қашан басам жарымды?



Сүйгеніммен баспасам да мауқымды,
Талай шаруа тындырғанмын ауқымды.
Айтсам, өмір өткелдерін саралап,
Оқиғалар тізбектелген сауқымды.



Кеткім кеп жүр сиқы қашқан өңірден,
Көңілім су ішпеген соң көңілден.
Заңғар болып қалу үшін тарихта,
Өз орнымды тапсам ғой бұл өмірден.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу