Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  195


Автор: Самрат Құскенов

ПАСЫҚ АДАМ

 



Жүрегі қаласа да адамдықты,
Кеудесі үйір қылған надандықты.
Өзі бір салт-дәстүрден тыс қалса да,
Өзгеге дәріптеген адалдықты.



Оңбаған, ит қылатын айналасын,
Пендеден кей шақта сырт айналасың.
Күн нұрын шашып жанды жылытқанмен,
Түн болса, жеткізеді ай наласын.



Білмедім, арсыздар не қыртады екен,
Арлының жағасын да жыртады екен.
Ғашықтық жүрегіңе от салса да,
Пасықтық кісілікті құртады екен.



Алланы ауызынан тастамайтын,
Адамның ісін мүлде растамайтын.
Сигені мен тышқанын есепке алмай,
Шаруаны пасық адам бастамайтын.



Шындықты қоғам тасқа қашамайды,
Шабытсыз еңбегің де асамайды,
Пасықтар түсінбейді, шын мұсылман
Бергеннің жарнамасын жасамайды.



Құрметсіз қалам ба деп елеңдейтін,
Еңбегін сіңірмеген ерен дейтін.
Жадыңа тоқи алсаң, рухы – асқақ,
Адамның ғана ойы тереңдейтін.



Қор болар, атақ-даңққа ғашық адам,
Зор болар ізденуге асық адам.
Жүрегі кішірейген боқ дүние деп,
Рухани нәр бермейді пасық адам...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу