Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  147


Автор: Самрат Құскенов

ҚАРА ЖАМБАС

 



Ақ қызды еркелетіп өлеңімен,
Ақындар биіктеген өренімен.
Сал-сері өткен талай «Жамбас сипар»,
Жүрмеген пенделіктің көлемімен.



Сүйгендер, шіркін, қалай дараланбас?
Сүйгені үшін жүрек жараланбас.
Уайымға айналған соң шын махаббат,
Ойымнан еш шықпай жүр қара жамбас.



Қиялмен өткізіліп күніміз де,
Қияға жетпей қойды үніміз де.
Жұп болып қаламыз ба ел аузында,
Сыр тұнып біздің «Мың бір түнімізде»?



Білерсің менің жолдан танбасымды,
Байламай қанжығама жамбасыңды.
Алаулап сезім өрттеп кеудемізді,
Ақылға жолатпадым жан басымды.



Төріме шығарсам да кей ағымды,
Нәзігім, бәсеңдетпес ширағыңды.
Саныңды сипалаумен шектелмеймін,
Саламын әдемілеп сирағымды.



Таңың да қара түннен тасталады,
Көз емес, қарашықтан жас тамады.
Жақсылық атаулының барлығы да,
Қарадан аяқталмай, басталады.



Қараны жек көреді санасыздар,
Рухани тұрғысынан панасыздар.
Ренжіме, ақ қыз, қара жамбас десем,
Жұлдыздай қараңғыда жанамыз да...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу