Өлеңдер ✍️

  26.05.2025
  151


Автор: Самрат Құскенов

КІСІЛІК ПЕН ИТТІК

 



Сырымды ашып, ағымнан жарыламын,
Ауыр ойдан осылай арыламын.
Құпия ұстай алмайтын өзің барда,
Қауесеттен қаймығып, тарыламын.



Өйткені, сен өсектеп таратасың,
Шатпағымды тақпаққа жаратасың.
Кісілікті өлтіріп абайламай,
Айналаңды өзіңе қаратасың.



Досым, айтшы, мен бе едім бақталасың?
Сұрай қалсам, өтірік ақталасың.
Сыртымнан тон пішесің, пыш-пыш етіп,
Сөйтіп ит боп жадымда сақталасың.



Иттігіңе көз жұмып, қарай салдым,
Көкірекке рухани сарай салдым.
Чаттан чатқа таратқан жарнамалап,
Қара пиар ісіңнен арай алдым.



Біл, қисынсыз жерге қол сұққаныңды,
Ақ тілекті ішіңе бұққаныңды.
Досым, әр кез тілеймін шын жүректен,
Адамдықтың шарттарын ұққаныңды.



Көрген құсап тірімде үйігімді,
Баса алмаймын іштегі күйігімді.
Көлеңкемде қаласың ақырында,
Аласартам десең де биігімді.



Табиғаттың заңына бағынасың,
Бүгініңді ертең-ақ сағынасың.
Шатастырма ең арзан күлкі үшін,
Кісілік пен иттіктің мағынасын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу