Әңгімелер ✍️
Қайта оралған қуаныш
Шілденің бұл шағында мақта алқабынан басқа тірі атаулыға жақпайтын күн аптабы қарт жүргізушіге сезілер емес.
Жанында отырған Ертай Алматыда жүріп шілде қаһарын ұмытқандай еді. Міне енді институтты тәмамдап туған ауылына келеді.Өзіне ең жақын жандарды көруге асығады. Көлік үнінің ырғағына қосыла тәтті ойға батады. Енді сол жарастығын бұзғандай ,әйнекке шағылыса түскен күн сәулесі мазасын алды. Көлік ішіне қапырық кеңінен құлаш жайған екен, маңдайынан аққан терді сүртпестен-ақ оң жағындағы әйнекті барынша ашып қойды. Салқын самал есті. Қалай шыдап отыр дегендей жүргізушіге болмашы көз салды да, көйлегінің жаға түймесін ағытып, солға қайтарған ұзындау қара шашын оң жағынан ескен желмен қайтарып алды. Қыр мұрнын шиырып, қайта ойға батты. Кенет бүкіл дүние көз алдында айналып бара жатты.Қас қағым сәтте көлік жолдан шығып екі дүркін аударылды.
Ауруханаға түсіп, бір күннен соң есін жиған Ертай оң аяғына қатты зақым келгенін білді. Ертай ұзақ емделді. Ауруханада Айжан есімді медбике қызбен танысты.
Жергілікті дәрігерлердің жасаған ем-домынан соң ауруханадан шыққан Ертай аяғын бұрынғыдай тең баса алмады. Тағы емделуге жоқшылық қол байлады. Өмірдің осылай аяқ астынан, қара бұлтты көктей түнеріп кеткеніне жаны күйзелді. Өзін бейне бір елсіз түнде адасқандай сезінді. «Бір жетіден соң қайта келіп алып кетемін, үйдегілердің қал-жайын білсем болғаны»-деп болашақ қалыңдығы Гүлзатпен қоштасқан еді. Бұл сырын енді анасынан жасырды. Бәрі көрген түстей. Алматыға қайтып бармады, Гүлзатқа хат та жазбады. Күндер ескен желдей өте берді.
Күздің жайма-шуақ күні еді. Мақта науқаны. Іске жарардың бәрі алқапта. Бұл жолы да жұмыс таппай орталықтан келген Ертай түскі шайдың үстіне түсті. Үй шатырына өрмелеп өскен жүзімнің көлеңкесінде дастархан жазып қарт анасы мен үлкен жеңгесі отырған.
-Шайға кел, мырзаға - деді жеңгесі. Ертай анасының қасына отырды.
Анасы мен жеңгесі ортаға алып: «Осылай жүре бересің бе? Қашан үйленесің?»-деп сұрақтың астына алды. Ойына Гүлзат келді, бірақ белгісіз бір үрей жолатпады ол жанға. Ертай жауап қатпай, жеңіл күрсінді де тұрып кетті.
* * *
Көп ұзамай ана тілеуі де келді. Ауыр халінде жанына медеу болған ақ халатты ақ құсын қолына қондырды. Бірақ, Ертай мен Айжан арасындағы сүйіспеншілік көпке ұзамады. Ерлі-зайыптылар арасы ашыла бастады. Айжан қоймаған соң, аудан орталығына барып, пәтер жалдап та тұрды. Айжан ауруханадағы жұмысына қайта орналасты. Келе-келе Айжанның жұмыстан кешігіп келуі жиіледі. Соның бірі бүгін. Көктемнің жылы күні. Көкте жымыңдаған жұлдыздар да, толған ай да Ертайдың мына масқарасын жұрттың бәріне жария еткісі келіп, ерекше сәуле беріп тұрғандай. Ертайдың бойындағы күдік ұлғайды, еңсесін ұйқысыздық биледі, айналып темекісін будақтатады, жетім баладай терезеге үңіледі. Кенет көліктің тоқтағандағы үні естілді. Ертай қабырға сағатына қарады, сағат тілі үшке таяпты...
Он екі ай отасқан жарының осынша төмен түскендігі Ертайдың сәске әлетіндегі шықтай ғана сезімін ерітті. Біраздан бері «кетемін, ажырасамын»- деп жүрген Айжан таңертең киімдерін жиыстырды да біржолата кетіп тынды. Бақай есеппен күйеуге тигенін білетін Ертай «қал» деп айтпады. Осылай қиюы қашқан шағын жанұя күйреді.
* * *
Ертай көп ұзамай Алматыға барды. Бес жыл экономика саласында текке оқымаған екен, банкке жұмысқа орналасты. Бұл салада сауатты Ертайдың қызметте беделі асты. Жұмыстан қолы сәл босай қалса терезеге телміреді, қаланы қоршаған ақ басты тауға қарап ойға кетеді. «Бұл күндері қайда жүр екенсің? Мені сұм алдамшыдай көріп басқа жанмен бақытыңа жеттің бе? Мүмкін мені күтіп жүрген боларсың, қайтсем де табуым керек сені». Бірақ жолығудың жолын таппай дал болады. Алғашқыда іздемек те болған, дәті бармады.
Арада жыл өтті. Қыркүйектің нұрлы таңы болатын. Ертайдың бұл шақта қызметі өскен. Өз бөлмесінде шұқшиып қағаз ақтарып отырған. Біреу есік қақты. Жалт қараған Ертайдың қайтарылған ұзын шашы маңдайын жапты. Дабырлай сөйлеп есікті ашып кірген шамасы қырық-қырық бес жастағы қара торы, дөңгелек жүзді банк ісінің меңгерушісі Жанәділ еді. Жанында қою қара шашы иығына төгілген, сүмбіл көздері жәутеңдеп , қайқы кірпіктерін қағып, бір сұлу тұр. Ертайда ес жоқ. Таңдана қараған Жанәділ:
-Немене сәлемдесуді ұмытқансың ба ,Ертай?- деді. Жауап болмаған соң амалсыз күліп алды да, Ертайдың иығынан түртіп қалды . Сонда ғана:
-Амансыз ба , аға?-деді тілі жаңа шыққан баладай.
-Ауырып жүрген жоқсың ба?
-Жоқ ,ә?- деді де, орындық ұсынды.
-Жарайды,-жанындағы сұлу енді есіне түскендей.
- Міне, саған көмекші де келді, қабыл ал. Медеу ауданына қарасты орта мектептерге қаржы бөлетін есепші - Гүлзат Жандосқызы.
Гүлзатта да үн жоқ, ақшыл жүзі қызарып Ертайға қарап өз көзіне өзі сене алмай тұр .Бір нәрсені сезе қойған Жанәділ :
-Ал, енді мен барайын, өздерің таныса берерсіңдер,-деді де,екеуіне кезек-кезек қулана қарап, шығып кетті.
Ертай басынан өткеннің бәрін айтты, кешірім де сұрады. Ертайдың бір кездегі сөнген үміт оты қайта тұтанды. Арада үш жыл өтіп, екі ғашық осылай кездесті. Қол созған егіз жүректер қайта табысты...
Б&Б / Бозбала мен Бойжеткен газеті, №4(58).2004
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇