21.04.2025
  159


Автор: Нұрлан Бекмырзаұлы

Алыстан  ұшқан ұшақ

 


 


 


         Базардың  ың-шыңы  қызған  кез.Қанат  қолындағы  тілдей  қағазға  жазылған  тізімге  қараған  сайын,  алынатын  азық-түлік  мөлшерін  қысқартыңқырап  алуға  тырысты.Онысы,біраздан   бері  алтыға  жаңа  толған  ұлының   «үшкүш  боләм,көке  үлкен  үшақ  аліп  белші» деген  қылықты  бұйымтайын  осы  жолы  орындағысы келгені.


           «Істеп  жатқан  жұмысым  болса, жұртқа  ұқсап  айлық  алсам  ойыншық  дегені  не тәйірі,жә, осы  күніме  де шүкір.Мақта  науқаны  да  жақын  қалды,аз-кем  ашықсақ  ашығармыз, баланың  бақытынан  артық  не  бар?»-деп  ойлаған  Қанаттың  бауыр  еті  елжіреп  ойыншық  сататын  жаққа  тартты.


-Мынау  ұшағыңыздың  бағасы  қанша екен?-деді   Қанат  сатушы  қызға .


-Бес жүз  теңге.


-Сәл  түспейсіз  бе?


-Немене,балаңызға  қимайсыз  ба?-деді  сатушы  жұлып  алғандай.


 Қанат  қолайсызданып  қалды,  сөйтті де  үндемей  әдемі  ойыншық  ұшақты  сатып алды.Қанат  баласының  өтінішін  орындай  алғанына,  өзін  нағыз  әке  сезініп  іштей  қуанып  келеді.Үйіне  дейін  жеткізетін  жеңіл  көлік  қайда  енді,сөмкесі  болса  ауыр,ауыл  тұсынан  өтетін  автобусқа  мінуге  тура келді,ар  жағы  жан  нәсіп.


        Қанат  автобусқа  мінді.Жүгін жайғастырып болып  қолайлы  орын  қарай  бергенінде  құлашын  жайып  өзіне  қарап  томпаңдап  жүгіріп келе  жатқан  алты-жеті  жасар  сүйкімді  баланы  көрді.Арт жағымда  әкесі тұрған  болар деп  шетке  ысырылып  еді,әлгі  жеткіншек  «көке» деп  бұны  кеп  құшақтай алды.Қанаттың  тізесінен  қысып,құшақтап  алған  бала  еңкілдеп  жылады,ересектерше  тіл  қатып,сағынғандығын, көп  күткендігін  айтып  жатты.Жұрт  назары  екеуіне  ауды,кейбіреулері  әке  мен  баланың  табысқанын  қуаныш  көріп  отырса,кейбіреулерінің  ойы  сан-саққа  жүгіріп, ойларына  жан  бітіріп,түрлі  жорамал  жасағандар  да болды. «Тірідей  жетім етіп  қалай  қидың»деген  секілді  көзқарастар  Қанаттың  тұс-тұсынан  қадалғандай  болды. «Алыс  сапардан  оралған  ба,қалай?» деп түк  түсінбей ,әке  мен  бала  арасындағы  махаббатты  ғана  көріп  отырғандар  да  бар.Қанат  қойнын  ашып  баланы  бауырына  басты.Сол  сәтте  жанына келіп  қалған  алпыстан  асқан  сары  жүзді  әйелді  байқамай  қалды.Қанат  сасқалақтап:


-Сіздің  немереңіз бе еді? Сірә,балаңызға  ұқсаймын-ау  деймін,алыс  жолға  кетіп  пе  еді?-деді.


-Әжейдің  көзіне  жас  үйіріліп:


-Ә,шырағым,-деп  айтарға  сөз  таппады.Қанаттың  бауырынан  тартып  көріп  еді,бала  икемге  келмеді.Енді  әжей  сөз желісін  ұзартқысы  келмеген  райынан  қайтқандай  Қанатқа  ымдап  арт  жақтағы өзінің  орнына  шақырды.Қанат:


-Жылама,балақай, міне, мен  қасыңдамын,-деді де  жайғасқан  әжейдің  қасына  отырды.


-Аты  кім  еді  өзінің?,-деді  әжейдің  құлағына.


-Жанбота,-деді  әжей де  сыбырлап.Бұл  кезде  Жанбота  олжаға  кенелгендей  көңілденіп,күйгелек  күйге  түсті.Қанаттың  тізесіне  қонып ап, жеңсіз  көйлегінің  түймелерін  бір  ағытып,бір  түймелеп  артық  сөйлеп  қойсам  қайта  кетіп  қала ма дегендей  үнсіз  отырды.Дәл қазір  дүниеде  Жанботадан  бақытты бала  жоқ  еді.Қанатқа  қадалған  мұңсыз  көздері  наз  айтқандай.


        Балажанды  Қанат  Жанботаны  тез  үйіріп  әкетті.Әжей  әңгімені  арыдан  тартуға  уақыт  аздығын  білді  ме,сөздің  түп  мәніне   тоқталды:


-Боташым-ұлымның  емес,қызымның  тұңғышы.Сен  шынында да  күйеу балама  ұқсайды екенсің,-деді  Қанаттың  бетіне  бажайлап  қарап  алып.


-Бір  жыл болды,көшеден,балалармен  ойнап  келеді де әкесін  сұрайды.Бір  түрлі  қуыстанып, бір  бұрышта  шоқиып  отыруды  шығарды.Қой, ішқұсада  өліп  қала ма  деп,әкесінің  суретін  көрсетіп,«алысқа  кеткен, жақында  келеді» ,деп  алдап қойғанмын. Өзі  анасына суық. Маған  бауыр  басқан.Әкем  қашан  келедімен  жүр.


-Ажырасып  кетті  ме  екеуі? Баласын  қалай  қиды  екен?-деді  Қанат  түсін  суытып.


-Күйеу  балада  тұрған  ештеңе  жоқ,бәрі  қызымның  мінезінен,олар Жанбота  екіге  толар-толмаста айырылысты.Әкесі де  содан  бері  ат  ізін  салмады,қазіргі  әйелінен  қаймыға  ма, оның  үстіне  қызым   да  қарсы  болып   тұрып  алды.


-Анасы  үйде  ме?-деді  Қанат.


-Күйеуге  шықты  ғой,алып кетем  деп еді,бермедім, бөтеннің  көзіне  түрткі  болғанша, нағашы  жұртында  өскені  дұрыс  болар дедім.Жарығым  ғой  бұл  менің,-деді де Жанботаның  басынан сипады.Жанбота  әжесіне:


-Әже,қарашы,көкемнің  маған  қандай  ұшақ  әкелгенін,-деді  ойыншығын  көкке  сермеп.


       Бұл  кезде  Қанаттың  түсетін уақыты да келген  еді.Қанат  Жанботаны  әжесімен  қалдырудың  амалын  қарастырды.


-Боташ,сен  қазір  әжеңмен  үйге  бар.Мен  ертең  сені  алып  кетемін,жарай  ма?-деді Қанат.Жанботада  үн  жоқ,Қанаттың  мойнына  қолдарын  айқастырып  қапсыра  құшақтап  алған.Әрі-бері  алдады,болмады.Автобус  та аялдамға келіп тоқтады.Әжесі  Жанботаны  күшпен  өзіне  тартып  алды.Жанбота   қиғылық  салды,тықыршып  шыдамады,өкси  жылады.Автобус  ішінің  қисыны кетті. Жанботаның  зары  жолаушылардың  жүректерін  тілімдеп  жатты.Немересін  көндіре  алмаған   әжейдің  абыржығаны  сонша, қуарған  ақ  шүберектей  болып  кетті.Жанбота  әжесінен  босанғанда  автобус  қозғалған еді.Жанбота  автобус  ішінде  ерсілі-қарсылы  жүгірді,әр  әйнектен  сығалады.Арт  жақтағы  әйнекті  ұрғылып,қалып  бара  жатқан  Қанатқа   «көке»  деумен  болды.Жаңа  ғана  Қанаттың  сыйлаған  ұшағымен  көптен   тосқан  бақытының бір  сәтке  ғана  қонып,қайта  ұшып  кеткеніне  сенбеді,өзін  қор  тұтты.


       Қанат   автобустан  түскенімен  қия  баспастан  тұрып  қалды.Мүсәпір  күйге  түсті.Іші  бақытқа  толы  ұшақтардың    қаншама  балалардың  қолдарына  қонбай  ұшып  жүргенін  ойлап,  іштей  күйзелді.   


 


    Жас  Қазақ           №44 (209) 5.11.2004




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу