21.04.2025
  164


Автор: Нұрлан Бекмырзаұлы

Үзілмей қалған тамшы жас

                            


 


    


       Қыстың тұманды кеші болатын. Екі күн бойы толассыз жауған қар мен жаңбырдан  қала көшелері көк мұзға айналған.Сапар өзіне ерекше таныс көшемен көлігін баяу жүріске салып, жанында отырған Жазираға әңгіме айтып отырған. Жазира мен Сапардың отасқандарына екі апта болған.Бүгін қаланың шетінде тұратын ағасы тамаққа шақырған. Екеуінің қонақтан қайтқан беті.


      Жазира Сапардың телефонын ақтарып  отырып Сапардың мойнына асылып түскен бейтаныс қыздың суретін көрді. Бір сәт үнсіздіктен соң:


  -Мына сұлу кім? Ұмыта алмай жүрсің бе?-деді  түрі бұзылып. Сапардың жүзіне анықтап қарап алды да:


-Суретін өшірмегеніңе қарағанда қимай жүрген сияқтысың ғой,-деді.


Сапар жаны қалмай:


-Ту-у, олай ойламашы енді,-дей бергені сол,ашуға булыққан Жазира  тосын мінез көрсетті.


-Бұзықсың, тұрақсыз,-деп Сапардың бетінен алды.


-Сабыр етші енді,түсіндірейін,-дейді Сапар.


-Керегі жоқ, бәрін де түсіндім.


      Сол сәтте құрбысынікінен көңілсіз қайтқан Дариға ой мен мұңның шыңырауына түсіп,сырғасын жоғалтқандай басын төмен салып көшені кесіп аяңдай берген.Сол жағынан тиген қатты соққыны сезбей де қалды.


      Сапар көзіне ыстық басылған көше қиылысына жақын жерден шырамытқан адам сұлбасын көрген еді, Жазираның көңілін аулаймын деп тежегіш пен газды шатастырды.


      Сапар көліктен тускен бойда өзінің екі ұшты құрбаны Дариғаны тез таныды. Сасқалақтап жақын барды да, тізерлеп отыра кетті. Ыңырсып, жанталасып жатқан Дариғаның үсті-басын қаққылап, әлсіз денені икемге алып басын көтерді.Дариғаның бетін жапқан ұзын бұйра шаштарын дірілдеген саусақтарымен тарамдай берді.Бұлт арасынан шыққан күндей ашаң жүзі солғын тартып бара жатыр екен.Тана көздері бұрынғыдай нәркес қарай алмады,реніштің сызы,қуаныштың лебі байқалмады, «осы көлігің тағы да бізді табыстырды» дегендей Сапарға ұзақ қадалды.


      Иә,расында да Сапар мен Дариғаның махаббатына себепші осы темір тұлпар еді.Осыдан алты ай бұрын университетке құжат  тапсырып қайтқан Дариға бағдаршамға назар аудармай, жолдан жүгіріп өтпек болғанда, Сапар тежегішін уақытылы басып үлгерген. Қорқып қалған Дариғаны үйіне жеткізіп салған.Сол сәттен бастап махаббаттың ұшқыны алауға айналған. Дариға Сапарға шексіз сенді. Жанындай сүйді, екі күн көрмесе кәдімгідей мазасызданатын.


      Дариға қос қарашағы жаралы маралдың көзіндей  мөлдіреп, Сапардың тізесіне басын сүйеп:


-Сені «басқаға үйленді» дейді,өт-ір-ік деші, ол мені ал-да-ды ғой,иә?- құрбысын айтады,-Енді ұзақ кетпейсің,иә,-деді қиылып.


     Тағы бірдеңе айтқысы келді,оқталды,айта алмады.


     Жеңіл жөткірінгенде нәзік емеурінінен жылымыш қан ақты.


     Дариға көзін Сапарға қадаған күйі үнсіз үзіліп жүре берді.Жансыз көзінде бір тамшы жас үзілмей қалып қойды.Ол –балауса Дариғаның үлкен қуанышына сақтаған көз жасы еді.


 


                                                                                                 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу