21.04.2025
  187


Автор: Нұрлан Бекмырзаұлы

Қысқы кездесу

                            


 


 


 


        Бүгінгі  қар  қыс  басталғалы  бірінші. Дегенмен   едәуір   қалың  түсіпті, жердің  жүзі   аппақ , тазалықтың  нышаны  секілді. Айлы  түн, қатарын  түзген  жұлдыздар  бәрі-бәрі  жарасымды –ақ. Назым  екеуміздің  әңгімеміз  де   жарасып  келеді. Кинотеатрдан  қайтқан  бетіміз, әңгімеміз   әлгінде  ғана  көрген  «Титаник» фильмі. Әңгімешіл  көрінейін  дегендей  сайрап  келем.  Бесіктей  тербетілген  мұхит, айсберг, суға  кеткен  кеме, тақтай  үстінде  жатқан  қыз,  сіресіп  қатып  қалған  жансыз  Джек  көп  ұзамай  қарысқан   суық  қолдары  қыз  қолынан  тайып  тұңғиыққа  кетеді. Назымның  үйіне  жетіп  те   қалған  екенбіз. Кенет, өзімді  сол  Джектің  орнында  сезінгендей  болдым, жол  жиегіндегі  суға толы шұқырды көрмегенім-ай.


        Қолымнан  ұстап  Назым  тұр. Су  белімнен  асқан  екен. Міне,  енді  малмандай  су  болып  он  градус  суықта  мен  тұрмын.


        Иә, ыңғайсыз  жағдай  деп   осыны  айт, мұхит  болса  бір  сәрі. Қатты  қысылдым, күлкім  де  келді, екі  бетіме  қан  жүгіріп  қызарып  кеттім. Назым  күлкіден  жарылуға  сәл-ақ  тұр,  бірақ  неге  екенін  білмеймін  күлмеді.


         «Тезірек  үйіңе  қайт»  дегені  есімде. Анасына  айта  алмай  тұрған  баладай  әлгінде  жинаған  суымды  сорғалатып  әлі   тұрмын.  Амал  қанша , Назыммен  қоштастым  да, үйге  қайттым.


          Енді  түс  қайта  кір  жуып  отырған  жеңгем  есіме  түсті. Бар  шалбарымды  жуып  қойған  болатын.  Бүгін  күндікке  қар  жауып  тұрды. Міне,  осы  оймен  шылқ-шылқ   басып  үйге  де  жеттім. Назым  үйімен  біздің  үйдің  арасы  жиырма  минуттық  жол, он  градустық  ызғар  қойсын  ба?  Аяқ   киімімнен   бастап  былғары  курткама  дейін   кәдімгідей  қырауланып  мұз  боп  қатыпты. Үйдегілердің  көзіне  көрінбеуге   тырысып  мысық   табандап, бөлмеме  ендім. Әй, қайдам, жеңгемнің  сұңғыла  көзіне  іліктім, білем. Киімімді  шештім  де, батарейкаға  жая  салдым. Өзім  көрпенің  ішіне  сүңгіп  кеттім. Жылына   алмай  жатырмын, тістерім  өксігін  баса  алмай   тұрған  баладай  сарт-сұрт  соғып  қояды. Енді  жылындым-ау  дегенде : «Ақжігіт, тұра  ғой, қонақтар  келді»,- деген  жеңгемнің  үні  тым  жағымсыз  естілді.


      Қазір  тұрмасам  түрлі  ойға  кетеді  бұлар  дедім  де, әлгі  мұз  шалбарымды  қолыма  алдым. Ол  енді  жылы  батарейкада  шылқыған  суға  айналыпты, амал  жоқ, киіп  алдым.


       Осындайда  қонақ  келмесі  бар  ма, мұхиттан  жүзіп  шыққан  Джек  болып   қонақтармен  амандасуға  мен  де шықтым.  


 


                                                                                         1999 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу