Өлеңдер ✍️

  27.02.2025
  391


Автор: Жанар Әбсадық

Ұмыту

 


 


…Қара түнге,


қап-қара қабырғаға


Қауіпсіздеу бейнеңді қағып қойып,


Қызық-қызық сыр айтамын,


тыңдашы:


«Лапылдаған жан отымды,


Ақ параққа сіңдіріп


Хат жаздым да саған арнап,


Отқа бердім – ол отты өртеп жіберді.


(Қызғылт-күлгін күлі қалды соңында).


Тамшылаған тағатымды,


Сабырымды сусыған


өрдім-дағы талдап-талдап,


Желге бердім – желді ұшырып үдерді,


(Жалғыз талы жылап қалды қолымда).


Түнді жарып жұлдыз ақты,


жолақ ізін қалдырып.


Жел қуалап жаным кетті,


көзім қалды қарлығып.


Соны ұмыттым – сені ұмыттым


сәлден кейін мәңгілік.


Содан кейін,


құлағымды тас бітеп,


шыңғырғанын теректің,


өксігенін жылғаның,


күрсінгенін үкінің


Естімедім.


Есімде тек


өзегімді жас бітеп,


ұзақ-ұзақ күлімсіреп тұрғаным».


Қою қара керегеге,


қанық бояу паң түнге,


суық керім суретіңді іліп қойып,


солай қатал сыр айтамын,


сені еріксіз мұңайтамын…


…бұлай жансыз тұрмашы?!.


 


 


***


 


Құла дүзде құм кешіп,


Жапан шөлді пана еткен,


Жаутаңдаған жайранның


Жалқылығын жар еткен,


Жай таба алмас жанымның


Жанарынан тала өпкен,


Мақпал түннің шырайын


Қарашықтай қара еткен,


Тәңір, сенен айналдым!


 


 


***


 


Түннің тілін түсінем деп,


Түпсіз дертке тап болдым.


Бақ-бақ мұңым жүр адасып,


Арасында бақ-сордың.


Ақбөкеннің баласындай,


Үркіп қашты үмітім.


Жайсыз өзен жағасындай


Мазасызбын күні-түн.


 


 


***


 


Түнде сені жоғалттым – Түс секілді,


Көзімді ашып қараймын – Күз секілді.


Күз секілді, айналам адасушы


өзін-өзі алдаған біз секілді.


Жоқсың сен,


Бірақ жоқтың түбіндесің.


Сөз емессің,


алайда тілімдесің.


Оңтүстіктен жел соқса жылы-жылы,


Жаның емес, жапырақ дірілдесін.


 


 


***


 


Өзімді де өзгені де ұнатпай


өзгелерге жауабы жоқ сұрақтай


жұбата алмай, жылыта алмай ешкімді


желді күні жана алмаған шырақтай


Жауа алмаған Алматының бұлтындай,


Ашылмаған жүрегімнің құлпындай.


Алатауға қарай-қарай қамығып,


Жанарымда жалғыз тамшы іркілді-ай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу