Өлеңдер ✍️

  27.02.2025
  139


Автор: Еркін Оралбайұлы

АҢШЫ ӘҢГІМЕСІ

 


 


Аңға шығып бір олжа іздегенім,


Қасқыр алу кездессе көздегенім.


Жолым болмай жүргелі біраз болған,


Арлан, күшік атпақпын кез келгенін.


   


Жеңіл олжа қолыма түспейтіндей,


Бұрын оңай алушы ем күш келтірмей.


Қасқыр алмай қайтпасқа серт бергендей,


Үйге қайтпай тау кездім үш күн түней.


 


Қой тастардан үйілген қорым болып,


Інін таптым қасқырдың жолым болып.


Ойнап жүрген көрсем де күшіктерді,


Күтіп жаттым арланның жолын торып.


 


Тас артында мен жаттым кеме қолтық,


Келе жатты бір арлан желе-жортып.


Жат иісті сезсе де тура тартты,


Тайсалар емес арлан менен қорқып.


 


Дем шығармай кезеніп қатып қалдым,


Қақ жүректің тұсынан атып салдым.


Оңай олжа тапқанға есім шығып,


Күшіктерін бір-бірден атып алдым.


  


... Түстен шошып таң ата оянғанмын,


Таң шапаққа сезгендей боялғанын.


Кіші ұлымның көргенде жоқ екенін,


Бір жамандық ойламай қоя алмадым.


 


Бөрі мойнын мен жаққа жайлап бұрды,


Балам менің қасында ойнап тұрды.


Арланы мен күшіктері кегі үшін,


Қасқыр маған осылай айла құрды.


   


Сезбей тұр ғой ештеме балдырғаным,


Менің кінəм қауіпке қалдырғаным.


Тиіспеші балама, кешірші деп,


Мен ішімнен қасқырға жалбырандым.


 


Болып тұрдым шығардай құлқын жаным,


Жанарында көрдім мен мұң тұрғанын.


Күшіктерін бейкүнә атып алып,


Кеше мені түсіндім антұрғанын.


   


Сол қасқырмен көзіміз түйіскенде,


Қандай қайғы түсіндім күй кешкенді.


Адамзаттай қатыгез емеспін деп,


Жүре берді балама тиіспеді.


 


Тағдыр мені бір сәтте алаң қылдың,


Көріп бала қуандым амандығын.


Түз тағысы дəлелдеп кетті маған,


Адамдардың қасқырдан жамандығын.


   


Қолға мылтық сол күннен ұстамағам,


Адамдарды аң атқан қоштамағам.


Өз баламдай тым жақын көрінеді,


Жердегі аң, аспанда құс та маған.


 


Еркін Оралбайұлы  7.11.2017




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу